Күзгі әуен
27.10.2017
2167
0

Алашапқын музыкадан шаршаған Алматылық жұрт күздің ортасына қарай қазақтың ән өнеріндегі қоңыр үнді қоңыр ұлы, дүлдүл әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев пен өзіне тән сыршыл дауыс иесі, эстрада әншісі Ұлту Қабаеваның «Күзгі әуен» атты концертін тамашалады.

Тыңдарман қауым Рамазан Стамғазиевті кешегі Жүсіпбек Еле­беков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, бер­тінгі Жәнібек Кәрменовтің, Қа­зақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың жолын жалғап, үнін жеткізуші ретінде жақ­сы таниды. Аспантау етегін­де өсіп Жетісу жеріне аты мәлім Темірболат Қасымов, Оразбай Мұхамедиев сынды әнші аға­ларының әнін тыңдап қанатын қом­дап, бүгінде Алаш аспа­нын­да ән болып қалықтаған Ра­мазан бұл жолы да домбыра ша­нағынан саз тамызып, жұм­сақ үнімен есті әнге шөлдеген ха­лықты тағы бір сусындатты. Арқаның даласындай тынысы кең Арқа әндері мен жанға жайлы Жетісу әндерін әуе­лет­кенде тыңдарман әнші дау­сының ырғағымен Алтай мен Атырау арасында қалықтады. Сах­надағы үлкен экраннан Мем­­лекеттік сыйлықтың лау­реаты, ақын Несіпбек Айтұлы мен Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері, сыншы Тұр­сын­жан Ша­пайдың «Дариға дәу­рен», «Ар­ман», «Сәуле ғұ­мыр» атты ән­дердің жазылу ба­рысы туралы айт­қанда Ра­мазан Стамғазиев үшеуінің ара­сындағы шығар­ма­шылық бай­ланысты кешегі Мұ­қағали Ма­қатаев, Нұрғиса Тілен­диев, Қа­зақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтардың шы­ғармашылық қарым-қаты­насы еріксіз ойға оралды.
«Ән – өлшеуіш,
Өлең – күміс,
Қоспаңыз мыс
Аралас.
Артық алу,
Не кем салу,
Қарпі қалу жарамас», – деп Шәкәрім айтқандай бұрынғы­дан өзге әнге лайық орындау­шы­­ның табылуы да әннің тағ­дырына әсер ететінін қауырт тірлікке шырмалып жүр­ген уақытта дәл осы кеш­тегідей сезінбейтініміз анық. Қарпі қалмаған, кем салынба­ған, артық алынбаған әннің тың­дар құлақтың құрышын қан­дырары тағы анық. Ақынын тапқан композиторды, сазынан адас­паған өлеңді, әншісін тап­қан әнді нақ бағалау үшін шы­ғармашылық одақтың үш мү­шесін де халық алдына шы­­ғарып тұру керек екен деген ой түй­дік.
Рамазан Стамғазиев «Аққу қаз әуелейді қалықтаған, Қай­тейін қанатым жоқ қалып ба­рам», – деп сырлы дауыспен әуе­лет­­кеткенде залдағы көрер­мен­нің әр­бірінің жан-дү­ние­сінде шыр­қалмай жүрген ән қалық­тап, тарқамай жүрген шер қоз­ғал­ғаны шүбәсіз.
Ән – сиқыр қы­лын шерткенде ұшпаған құс – жүрек қалмай, ешкімнің оны «жылатып алып қалғысы» келмегені анық.
Ән – сиқыр. Ән – тарих. Та­рих толқынының соққысы жүрегін шайлықтырған боз­дақ­тардың көңілі саз арқылы ән болып осы күнге жетті. Ән си­қыр­ға елітіп бір сәт жан түп­кірінде сақтаған сырларды қоз­ғаған Рамазан әнші енді бір­де әйгілі Қапез Байғабылұлы­ның «Қапездің қоштасуын» айтып кер заманның әлегін көз алдыңызға әкеледі. Бұл әнді естігенде кейінгі кезде қоғамда бірте-бірте орнығып бара жат­қан, «ән – көңіл көтеру құра­лы», деген түсінікке ада-күде қарсы шығасыз. Ендеше ән неге тарих болмасқа…
Ән – сағыныш, ән – сыр. Дом­быраның қоңыр үнін бү­гінгі күннің жақсы әніне қосып дәстүрлі эстрадаға ауысқан тұс­та сахнаға Ұлту Қабаева шы­ғады. Ақын Алмат Исәділдің сө­зіне жазылған композитор Ермек Елгезектің «Бойтұма­рым» әнін «Қайда жүрсем тас­та­­майтын мойнымдағы бойтұ­ма­рым», – деп әндеткенде сол зал­дағы көрерменнің әрқай­сысы өз сырын, өз сағынышын тағы бір парақтаған болар, бәл­кім. Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаеваның сахнаға ке­зек-кезек шығуы дәстүрлі қазақ әуені мен қазіргі заман әуенінің арасындағы диалог іспетті. Екеуін­де де сізге жақын үн, сіз­ге таныс дауыс, сізді баурайтын ырғақ, елітіп әкететінін саз бар. Кешегі мен бүгінгінің үйлесімі көзге оттай басылып, көңілге ор­нығады. Ал қос әншінің ара­да шәкірттерімен ән салуы қазақ ән өнеріндегі ұрпақ жал­ғастығын көрсетіп берді. Бұл – кешегі Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновтың жолын жалғаған Рамазананның да ізін басқан ұрпақтың осал емес екенін аңғартқандай.
Кеш соңында әншілердің Ес­кендір Хасанғалиевтің «Айым болып тудың ба?» әнін орындағаны ата мен әженің не­мереге деген сүйіспеншілігін жеткізген қазақы дәстүрдің жарасымды үлгісіндей. Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаева­ның үлкен сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай өткен кештің «Күзгі әуен» атты әнмен аяқталуы бағалай білгенге өмір күзінің де жемісті, берекелі бо­ла­тынын дәлелдегендей.

Н.САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір