ӘЛІПБИДІҢ АПОСТРОФТЫ ЖОБАСЫ ЖӨНІНДЕ

2
372 қаралды

Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты, әліппе зерттеуші


Жақында Елбасы мемлекеттік тілді латын жазуына көшіру жөнінде құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездескенін білесіздер. Топ жетекшілері Мемлекет басшысына қоғамдық талқылау барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген әліпби жобасын таныстырды. Ол жоба мынадай болатын.

Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл әліпби жобасы 9 әріптің шеке тұсына үтір қойылған апострофты жоба екен. Бұған байыппен зерт­тей-зерделей қарап отырып, тө­мен­­дегідей жақсы жақтарды бай­қадық.
Біріншіден, жобадағы барлық әріп тек латын әліпбиінен алын­ған, сырттан кірген бөтен әріп жоқ. Бұл жағынан алғанда нағыз ла­тынша әліпби екен.
Екіншіден, әліпби құрамына қазақ тілінің Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген 28(29) төл дыбысы төрт көзі түгел енген. Бұл – қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі басты назарда болды деген сөз.
Үшіншіден, тілімізде сырттан енген халықаралық ғылыми, тех­ни­калық терминдер мен басқа да кірме сөздер аз емес. Олармен бір­ге келген кірме дыбыстар да бар. Мы­на жоба сол дыбыстардың не­гіз­гілерін шетқақпай етпей, әліпби құрамына енгізген. Олар жаңа әліпбидің халықаралық терминдер мен шетелдік атауларды дұрыс бей­нелеу қабілетін арттырады.
Төртіншіден, казақ тілінің табиғатына жат, екі дыбысты білдіретін ё, ю, я, щ, ц сияқты әріп­­тер әліпби құрамына енгі­зіл­меген. Қажет болғанда олардың қызметін басқа дыбыстар мен әріптер де атқара алады. Тіліміз бұларға қатысты басы артық емле ережелерден де арылады. Біз са­намалап айтқан осы жағдайлар бұл нұсқаның оңды жақтары деп білеміз.
Ал енді әлі де ойлануды керек ететін жайттарды ортаға салайық. Ол үшін әуелі осы әліпбимен бір-екі мәтін жазып көрейікші. «Өң­шең әнші, биші, күйші жиналды. Әубәкір өлең айтты» деген екі сөйлем былай жазылды: «Оn’s’en’ a’ns’і, bi’s’і, ku’і’s’ilerji’naldy. A’y’ba’kir o’len’ ai’tty».
Енді Сәкеннің бір шумақ өле­ңін жазайық:
Көкшетау – кербез сұлу боян­баған,
Керіліп ұйқысынан оянбаған.
Айнаға алдындағы мәңгі қарап,
Өзінің көркіне өзі тоя алмаған.
Бұл жоба әліпбиімен былай жазылады:
Ko’ks’etay’ kerbez suly’ boi’anbag’an,
Kerilip ui’qysynan oi’anbag’an.
Ai’nag’a aldyndag’y ma’n’gi qarap,
O’zinin’ ko’rkine o’zi toi’a almag’an.
Біріншіден, бұл мәтіндерден әріп шекесіне қойылған үтір-дә­йек­­шелердің тым көптігі бай­қа­лады.
Екіншіден, олар өзінен кейінгі әріпті ары ығыстырып, сөз ішінде бірге жазылатын әріптерді жік-жікке бөледі. Бұл жағдай сөздің көр­кем жазылуына нұқсан кел­ті­ріп, мәтіннің көлемін де ұлғайтып жі­береді.
Үшіншіден, көп дәйекше қою жазу жылдамдығын да тежейді. Мы­салы, жаңағы 4 жол өлеңді жазғанда 20 дәйекше қоюға және қаламды қағаздан қайта-қайта үзуге тура келеді. Бұл – тежелген, сырап болған уақыт деген сөз.
Төртіншіден, біз дәйекшені екі дыбысты білдіретін бірдей екі әріп­ті бір-бірінен айыру үшін қойып отырмыз ғой. Бұл әліпбиде ла­тынның «Сс» әрпімен басқа ешбір дыбыс таңбаланған жоқ. Ендеше кирилдің [Чч] дыбысына теліген бұл әріпке дәйекше қою­дың не қажеті бар? Біздіңше, бұған дәйекше қажет емес.
Бесіншіден, [Hh] дыбысын Ахмет Байтұрсынұлы өз «Әлі­б-бійі­нің» құрамына енгізбеген. Бірақ «Бұл әріпті қазақ әліб-бійінен шығарғанда мұнымен жа­зылатын сөздер аз деп шыға­рылып еді. Аз болғанымен тілде бар дыбыс болған соң, жоқтығы сезілетін көрінеді» деп жазды. Сондықтан Ахаң қазақ тілінің «28+1» төл дыбысын анықтап берді деуге толық негіз бар. Ахаң айтқандай, «тілде бар дыбыс болғандықтан» және бүгінде ол кездегіден әлдеқайда көп қолда­ны­ла­тындықтан бұл дыбыс пен әріпті жобаға енгізу өте дұрыс болған. Бірақ ол «Хх» әрпінің орнына да жүреді дегендей көрсетіп, [Xx] дыбысы мен әрпін әліпби құрамынан шеттету дұрыс болмаған. Сауатты жұрт «h»-ны «х»-ның орнына қолданып, «хор», «хлор», «хан» сияқты сөздерді «һор», «һлор», «һан» дей қоймас.
Ұсыныстар.
1. Апострофты, яғни дәйекшені әріптің шеке тұсына қоймай, төбе тұсына қою. Сонда бірге жазыла­тын әріптердің жікке бөлінуі, мәтін көлемінің артуы болмайды әрі жазу көркемдігі де сақталады.
2. [Хх] дыбысы мен әрпін жаңа әліпби құрамына енгізу. Өйткені ол тілімізде, әсіресе термин сөз­дер­де (хром, хлор, хижра, хунта, т.б.) едәуір көп қолданылады. 2013 жылы шыққан «Қазақ сөздігінде» «х» әрпінен басталған 500-дей сөз тұр. Ол аз десеңіз, оның сөз ішінде (кітапхана), сөз соңында (тарих) келетіні тағы бар. Ол осы әліпби жобасына енген «Hh» мен «Чч»-дан ондаған есе көп қолданылады. «Хх»-ның орнына көп жағдайда «Ққ» мен «Hh»-ны қолдана алмай­мыз. Мысал үшін, хром, хлор, хи­кая терминдерін қрам, қлор, қи­кая немесе һрам, һлор, һикая деп қолдану қаттырақ айтқанда (кешіріңіздер), тілді бүлдіру болар еді. «Хх» әрпі туысқан өзбек, әзір­байжан, өзіміз ден қойып жүрген ағылшын әліпбилерінде де бар. Таңбасы латын әліпбиінде (Хх) дайын тұр. Оның әліпби құрамына енуінен жаңа әліпбиіміз тек қана ұтады, енбесе ұтылады.
3. №25 «С’c’» әрпі мен [ч] ды­бы­сын әліпби құрамынан алып тастау. Өйткені кірме [ч] дыбысы мен әрпі тілімізде тым сирек қол­данылады. Әлгінде айтқан «Қазақ сөздігінде» ч-дан басталатын 36 ғана сөз бар.
4. №24 [ш] дыбысын дәйекшелі «S’s’» әрпімен емес, латынның «Сс» әрпімен таңбалау. 1929 жылы қабылдаған латын әліпбиімізде және қазіргі көптеген ұсыныстарда осылай таңбаланған.
5. №31 [у] дыбысын дәйекшелі «Y’y’» әрпімен емес, төбесіне дәй­ек­ше қойылған « » әрпімен таң­балау. Бұлардың дыбысталуы жақын, кейде «v»-ның орнына «у»-ды қолданып та жүрміз ғой (Ев­ропа–Еуропа). Ауызекі сөзде Мос­кваны Маскуа деп айта береміз.
6. [Ыы] дыбысын латынның «Iі» әрпімен; [Іі] дыбысын «Іі» әрпімен; [Ии] дыбысын латынның «Yy» әрпімен, [Йй] дыбысын тө­бесіне дәйекше қойылған «Ýý»-мен таң­баласақ деген ой келеді.
Жоғарыда санамалап айтылған барлық ұсыныстар төмендегі әліп­би кестесінде анықтап көрсетілді.Латынша қазақ әліпбиінің біз сөз еткен нұсқасында 32 әріп ба­рын білесіздер. Оның 9-ы дәйек­шелі болатын. Ал мына кестеде 33 әріп бар. Олай болатын себебі: бір ды­бысқа бір әріп болсын деп, сөз ет­кен жобадағы бір-бір әріпке бай­ланған қос дыбыстарды ([и]мен[й] және [h] мен [х]) жеке-же­ке әріппен таңбаладық. Сонымен қатар тіліміз­де өте сирек қолда­ны­ла­тын кірме [ч] дыбысы мен әрпін әліпби құра­мына енгізбедік. Содан бұл кестеде әріп саны 33 болды. Тым көптігімен көзге түс­кен үтір-дәйекшелер де бір шама азайып, 9-дан 7-ге әрең түсті. Ол да болса жа­ман емес.
Біз бұл кестені жоба ретінде ұсынып отырған жоқпыз. Айтқан ойларымыз бен ұсыныстарымыз айқын көріну үшін беріп отырмыз. Біз ойлаған, біз күткен жоба көптеген диграфтарымен немесе апострофтарымен ерекшеленетін жоба емес, жақсы әліпби жөніндегі Ахмет Байтұрсынұлы өсиет еткен алты талапқа сай болуымен ерек­шеленетін жоба. Өкінішке қарай, ондай жобаны әлі көре алмай жүрміз. Уақыт болса аз қалды.

2 Пікір

  1. Өте жақсы бірәқ маған түсініксіз құрамында ц болған полиция, конституция, цех сөздері қалай жазылады

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.