Үштің бірі
20.10.2017
998
0

Күләш АХМЕТ,
филология ғылымының докторы,
Тұрсынбек Кәкішұлының жары


Тұрсекең, Тұрсынбек Кәкішұлы адам ретінде адал, екі сөйлемейтін, шыншыл, өте батыл, ал, ғалым ретінде білімі телегей теңіз еді. Әдебиет, мәдениет, тарихқа қатысты ол кісі еркін араласпайтын тақырып болмайтын. Сол азаматтық қасиетінің арқасында алған атағынан даңқы басым болды. Өз сөзімен айтсам, адал еңбекпен алатын атақтың бәрін алды, ал қулық-сұмдықпен, сайлаумен келетін атақтарға онша басын ауыртқан емес.

Тұрсекеңнің тұстастары – «өртеңге шық­қан ұрпақ». Алдыңғы буын аға­ла­рын, яғни, ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтының ақылы, білімі, санасы болып есептелетін интеллигенциясын дүркін-дүр­кін жүргізілген репрессия қоғадай жа­пырып кетті. Екінші дүниежүзілік со­ғыста да талай боздақ оққа ұшты. Осын­дай ауыр да азапты жылдарда жоқ­шылық пен таршылықты бастан кеше жү­ріп, ғылым жасауға қабілетті ұрпақ қа­лыптаса білді. Көбі оқи жүріп, жауап­ты қызмет атқарды. Оқулықтарды жаңа­ртты. Мерзімді басылымдарда істе­ді. Яғни, жастық желікті салмақты ой­ға айырбастады. Бірақ, заман талабы барлығына бірдей болғанымен, білімнің таяз-тереңдігі ғылымдағы құлаштарына әсер етпей қалмады. Ғалымдар да пен­деліктен кенде емес. Сол пенделіктің пер­десін екінің бірі түріп тастай ал­май­тыны, жаңадан қалыптасып келе жатқан интеллектуалды күштің айырмашылығы айқындала берді.
Тұрсекеңнің қазақ ғылымына, қа­зақ мәдениетіне қосқан үлесін тара­зы­ның бір басына, екінші басына еңбегінің мем­лекет тарапынан бағалануын қой­саңыз, біріншісі әлдеқайда басым. Ел тұлғаны алған атағымен емес, қоғамға сіңір­ген еңбегімен бағалайды. Таза тұл­ғаның іс-әрекеті ел аузында жүреді. Ақи­қаты аңыздай айтылады. Осы тұр­ғы­дан алғанда ғылымдағы таза еңбегі – өз көзімен көріп, қолымен ұстап ақ­тар­ған архивтері. Қазақ ғалымдарының ішінде Әлкей Марғұлан мен Тұрсынбек Кәкішевке архивтің қыр-сырын мең­геру­ден ілесуге талпынғандар болғаны­мен, тең келетіндер жоқ. Бұл – болашақ ұрпаққа үлгі, өнеге үшін өте қажет.
Тағы бір ерекшелігі – «ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруді» еш уа­қыт­та таңдамайтын. Ғылымдағы тақы­рып­тары тың. Ғылым тұрмақ, жол жүр­ген­де де бір жүрген жолмен қайта жүр­мейтін. Мен Тұрсекеңнің жолса­пар­ларының көптігінен көлік жүргізуді үй­рендім. Тұрсекеңнің бір жолмен екін­ші рет жүрмейтіндігінен талай адас­қа­нымыз бар.
Ешқандай еңбегін атақ үшін жаз­баған. Әйтпесе, «Қазақ әдебиеті сын­ы­ның тарихы» атты оқулығы (жоғары оқу орнына арналған) Ұлттық ғылым акаде­миясының академиктігін алуға әбден лайық еңбек. Оны үлкен де, кіші де, бә­рі біледі. Ең бастысы – мойындай­ды.
Қасиеті дегенде құдай берген мі­нездерінен тектілік төгіліп тұратын. Егер өзі кінәлі болып қалса, бес жасар баладан да кешірім сұрауға бар. Ал, өзі­нің айтқаны оң болса хан болсын, қара бол­сын айтқанынан қайтпайды. Ел бас­қарған азаматтарды шен-шекпеніне қа­рап емес, елге, ауылға жасаған қыз­ме­тін қадағалап, соған қарап баға бере­тін.
1957 жылы Сәкен ақталғанда Сә­кен­ді мақтап, Сәкенмен мақтанғандар көп болды. 6 томдық, 5 томдықтарын, «Тар жол, тайғақ кешуін» қайта-қайта шы­ғарып жатты. Бірақ, Алаш аза­мат­тары ақталған 1988 жылдың соңы, 1989 жылдың басынан бастап Тұрсекеңнің маңындағы «сәкентанушылар» қатары күрт сиреді. «Қалғандарының» өзі Сә­кенге күмәнмен қарады. Яғни, Сәкен туралы жазу-сызуларын сиретті. Сол тұста Сәкен рухының жанында жалғыз қалған – Тұрсекең.
Қазақ әдебиеттану ғылымында көп, жан-жақты зерттелген тұлға – Абай, Абай­дан соң – Сәкен. Бұл жерде мына нәрсеге айрықша мән беруіміз керек. Абайды жекелеп те, топ-топ болып та, инс­титут коллективі ұжымдасып та кі­тап шығарды. Ал, бір автор табан тай­дырмай әр қырынан зерттеп, бір тұлғаға он шақты кітап арналған қазақ мә­де­ниетінің тарихында Сәкен ғана.
Тұрсекеңді оқырман негізінен Сә­кен­танушы деп таниды. Танымалды­лы­ғын да Сәкенмен байланыстырады. Ме­нің көз алдымда Сәкенге қатысты жаз­ған үлкен еңбегі – «Мағжан-Сәкен» ғы­лыми эссесі. Бұл кітапты оқыған оқыр­ман қазақтың қос классик ақыны Мағ­жан мен Сәкеннің өнер бәсекесіне ғана қанығып қоймай, толғауы тоқсан тарау тарихтың қыр-сырының ішіне кіріп, небір айтулы азаматтармен бетпе-бет кездеседі. Ел аузындағы кейбір жел­дей ескен желсөздің аңызы мен ақи­қатының аражігін ажыратып, сұсты сұрақтың өзіне салмақты, сауатты жауап алады. Бұл – бір. Екіншіден, ХХ ға­сырдың басындағы қазақ зиялы­ларының қарым-қатынасын бірден-бір жақсы білетін автордың осы еңбекті жазу барысын бүге-шігесіне дейін баян­дауы тарихқа адал болуды ғана емес, тарихи фактілерді қайдан алып, қалай қол­дануды да үйретеді. Адал, шыншыл болуға баулиды.
Саяхатты көп адам әртүрлі мақсатта жа­сайды. Тұрсекең жүрген жерінде қа­зақты, қазақ ауылдарын іздейді. Егер ол артта қалып кетсе кері қайтып, тілдесіп, ауызба-ауыз сөйлеспей сапарын жал­ғас­тырмайды. Ол кісі үшін демалыстың кө­кесі – еңбек. Әсіресе, Омбы, Орын­бор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан архивтеріне таңертең кіргеннен қарауылмен бірге есікті жауып түнда бір-ақ шығатын.
Тұрсынбек Кәкішев – ұлы ұстаз! Оқу орнына кіріп-шығып, сағатына қарағыштап, ойы он сақта тұратындар қа­тарынан емес.
Қазақ әдебиеттану ғы­лымының басын құрайтын ең ал­ғашқы әдебиет теориясына арналған оқулық 1926 жылы жарық көрді. Авторы – Ахмет Байтұрсынов. Екінші қазақ әде­биетінің тарихы 1927 жылы шықты, оның авторы – Мұхтар Әуезов. Ал, қа­зақ әдебиеті сынының тарихы 1964 жыл­дан бастап КазГУ-де оқытыла бас­тап, кейін бағдарламасы жасалды, оқу­лығы, оқу құралы жазылды, осы жан­кешті еңбектердің автор – Тұрсынбек Кә­кішев. Сол бағдарлама негізінде бүкіл Қазақстанның филология, жур­на­лис­тика факультеті студенттері оқып жүр.
Жалпы қазақ әдебиеті сынының та­­рихы түркі жұртында алғашқылардың бірі, одан кейін әзірбайжандар жазды. Түр­кі тілдерінде түгенделмей отырған сын тарихын түрік ғалымдары Тұрсе­кең­мен кездескен Ыстамбұлдағы зерт­теу институтында айтты. Көмектесуді өтінді. Ғалым көмектесуге уәде бер­ген­діктен, оны атқару енді біздің міндетіміз. Бұл – бір.
Екіншіден, оқулықты құрастыратын авторлар болады да, оқулықты тыңға түрен салып жазатын авторлар болады. Тұрсекең сол тыңға түрен салған А.Бай­тұр­сынов, М.Әуезовтердің ізін жалғас­ты­рып, қазақ әдебиеттану ғылымы отауы­ның шаңырағын көтеріп тұрған үшеу­дің бірі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір