Дәнекер
20.10.2017
1664
0

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы, ф.ғ. докторы, профессор


Тіршіліктің мәжбүрлік заңына орай, пенде атаулы жаны жөргекке оралғаннан бастап, өз аманатын иесіне тапсырғанға дейінгі азды-көпті уақытта күн сайын бір нәрседен айырылып отырмақ. Кімнің қанша жоғалтқанын кім­ білсін, әйтеуір, «тұяғы бүтін тұлпардың, қанаты бүтін сұңқардың, қабағына кіреуке түспеген адамның» жоқтығы анық. Жоғалтқаныңның бәрі алтын болмас. Бірақ, ине екеш иненің өзі де жаныңа қат. Сол жіңішкелі-жуанды жіп сабақталмаған иненің көзі, жамамаған жыртығының орыны жан түкпіріңде үнемі үңірейіп тұрған күйінде өміріңді өткізесің. Жан жараңды өзің жалап, жатығын жазасың. Ал ел тағдырына қатысты жарықшақтарды тұлғалар ғана дәнекерлеп, қиюын қиыстырады.

Мұндай қиюы қашқан қисындар қазақ тарихында молынан ұшырасады. Тіпті, сол қиюы қашқан күйі ажырап, бара-бара алыс­тап, ақыры жатсынып тынған тағдырлы түйіндер аса мол. Оған бүгіннің өзінде үрімі үзілмеген, біз жүздескен ұлы найман қағана­тының ханы Таян ханның 21-ұрпағы бастат­қан бір қауым ел Ішкі Моңғолияда тұрады. Олар 262 мың жан санын құрайтын Найманши атты ауданда топтаса жиын отыр.Тарихы жеті ғасыр­лық алты қатпарлы «Найман ордасы» атты хан сарайын мұра­жайға айналдырып алған. Солардың «Найман мәдени орталығын» құрып, найман-моңғол жазуымен «Найман шежіресі», «Найман энциклопедиясы», «Найман жер аттарының тарихы», «Найман жыр-аңыздары», «Найман ән-күйлері», «Най­ман ауданының көркемөнер тарихы», «Найман көркемсөзі мен жазуы» сияқты танымды кітаптар мен жинақтар шығарып жатқанынан негізгі жұртымыз бейхабар. Ал осы Ішкі Моңғолияның атақты Құрымбел аймағында – жалайыр мен керейдің, қоңырат пен қыпшақтар­дың, Көкотта (Хохот) – оң­ғыт-уақтардың, алышын аймағында (Сарыө­зен мен Саржазықтың бойы) – алшындардың ұйыса отырғанын және олардың да сондай тектік нысандық бағытта зерттеулер жүргізуге ден қоятын ыңғай тынытып отырғанын көзіміз көрді.
Тегі бір, тарихы бір, мемлекеті бір, мүддесі ортақ біртұтас ұлыстың тағдыры қақ бөлініп, араға сегіз ғасыр өткенде бір-бірінен мүлдем мақұрым қалуының басты кілтипаны – бел­гілі бір дәрежеде басыңды бәйге тігетін тәуе­келді дәнекер тұлғалардың жетіспеуі. Тіпті бес ғасырдың төңірегінде бесігімізді кезектесе тербеткен, «үріккен ала тайдың кесірінен» іргеміз ажыраған Асан қайғы, Шалкиіз, Дос­пан­бет, Қазтуған жыраулардың мұрасы мен эпостардағы ноғайлы жұртын да жатырқап қалдық.
Қазіргі Ауғанстан мен Ирандағы, Ирак­тағы наймандар (олардың 24 мыңға жуығы өздерін тікелей Кетбұғаның тұқымымыз деп есептейтін көрінеді және қан құрамы Арғын тайпасымен бірдей түзілген қызылбастар мен қашқайлар), жалайырлар, қыпшақ мәмлүк­тері, Пәкістандағы моңғолдар атанған жа­лайыр­­лар мен қыпшақтар, қоңыраттар мен най­мандар енді басы қайырылмастай боп жаттанып кетті.
Міне, дер кезінде дәнекерленбесе, ұлттық ұйытқы да осылай іріп тынады екен. «Елге ел қосылса – құт, Елден ел ажырасса – жұт», «Беріспесең – алыспайсың, Барыспасаң – алыстайсың» – деген тарихи әрі тағдырлы тәмсіл содан қалыптасқан сияқты.
Сондай дәнекері үзіліп, арасы ажыраған, тіпті бір-біріне дұшпандық саясаттар жүр­гізген буырқанысты майдандарды да басынан кешірді. Соның кесірінен Қажығұмар Шаб­дан­ұлы сияқты дегдар азаматтарды жарты ғасыр түрмеде телмірткен шақтарды да қазақ жұрты басынан өткерді.
Қазақ – сол баяғы бір қазақ, тілі мен дәс­түрі бір, бірақ олар­дың тарихы екі түрлі жа­зыл­ды. Мұндай қисынсыздықтан әлі де толық арыла алмасақ та, қырғиқабақтың ықпалы әлсіреді, қыртысы жазылды. Бір жұбаныштысы және оның басты себебі, тура осын­дай талмалы тұста дәнекерлі тұлғалардың таным шымылдығын ашқан ұлттық сана иелерінің өмір сахнасына шығуы. Осындай тарихи саналарды сабақтастырып, ой да­мытуға себепкер болған сондай тұлғаның бірі – біз бүгін жылын беріп, қаралы жиынын са­налы саралауға айналдырып отырған жаны жәннәтта болғыр марқұм ағамыз Зейнолла Мүбәрәкұлы Сәнік.
Сонау сексенінші жылдардың ортасынан ауа атамекенге ат басын бұрған алғашқы аға жа­зушылар Айтқали Оспанов пен Зейнолла Сә­нік және ұлт қормалы Сұлтан Жанболат аға­ларымыз болды. Жазушылар одағының тапсыруымен сол кісілердің тізгінін ұстап, қырын көзден көлегейлеп, елімен барынша еркін танысуына мүмкіндік тудыруға ұмтыл­дық. Қазір шаңдатқан қара жолға айналған қарым-қатынас ауқымының ол тұста ернеуі тар, қыспағы мол, қысылтаяңы шаншулы е­д­і.
Соған қарамастан, қуаныш пен сүйініштен төгілген көз жасына малшынып жүріп санда­ған тағдырлардың шемен боп қатқан қасірет безінің ерігенінің куәсі болдық. Содан кейін үрдісі үзілмеген сол бір шын мәніндегі жан­кеш­тілердің қарасы молая берді. Кейіннен Жақ­сылық Сәмит, Армиябек, Тұрсынхан Қайыркенұлы, Алмас­бек Ахметбекұлы, Серік Қапшықбайұлы бұйдасын ұстаған құтты көшке ұласып, қазір тарихи отанында кеудесін тік ұстап, жерді нық басып жүргендердің ұзына саны жарты миллионға бет бұрды.
Ширек ғасырға жуық мерзім ішіндегі бұл қозғалыс саны жағынан да, сапасы тұрғысы­нан да ұлтымыздың тынысын кеңейтті, сана­сы мен дәстүрін жаңғыртты, көзқарас­та­ры­мыз­ға өзге­рістер енгізді, өрісімізді ұзартты. Әсіресе, мәдениет пен руханият саласындағы үлестері басым байқалды. Тарихымыз бұрлы­ғып, ойымыз тұтқырланып қалған сол бір булығу тұсында борлыққан өкпемізге таза ауа қосқандай болды.
Қазақ тарихынан Қаракерей Қабанбайдың аты өшпейтіні анық еді. Алайда талай тосқауыл мен күлтөбеге, күңкілге ұрынарымыз анық болатын. Сол алғашқы сапарының өзінде «Қаракерей Қабанбай» атты тарихи әфсанасы арқылы исі қазақтың санасын оятқан Зейнолла Сәніктің шағын кітапшасы­ның әсері ерекше болды. Бұрын жыр, дастан­ның, Бұқар жыраудың жырларының ішінде аты аталып өтетін қатардағы батырдан «хан батыры Қабанбай» атанып, күмәнсіз, кәдік пен күдіксіз ұлт киесіне айналды. Іле халық­тық қозғалысқа ұласып, үш жүз жылдық тор­қалы тойы өтті. Ондағы тарихи оқиғалар қайтадан ой саралауынан өтті.
Бұл ұлттық рухтың асқақтауы Абылайдың, Бөгенбайдың, Наурызбайдың, Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің, Райымбек әулиенің, Шақшақ Жәнібектің, Керей Жәнібектің, Байғозы батырдың, Кенесары-Наурызбайдың, Ақжолтай Ағыбайдың, Жанқожаның, тағы да басқа қасиетті тұлғалар­дың, сонымен қатар Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының батырларымен қоса Бөке, Зуха, қос Оспан, Сұлубай, Бүркітбай, Еңліхан, Баспай, Акпар, Ғани, Қалибек, Құ­са­йын тәйжі сияқты «ұмытылған», бірақ «азат­тық іздеген көш қаһармандарының бүр­келген шымылдығын ашты.
Отын өзі үрлеп, дем берген қозғалыстың ырқынан тыс қалмай «Баспай», «Демежан», «Тұғырыл хан», «Сергелдең» сияқты деректі әфсаналарды өмірге әкелді. Аталған ағалар мен інілер бас түзеген көштің алдыңғы қатар­лы толқындары Қазақстанның «Көк туын» желбірете әндетіп, Майра мен Шұғыла, Гүл­зира, «Қыздар-айдың» қыздары Айнұр мен Бақыт, Тілеубек мен Ерболат, ерлі-зайыпты Құрманбек пен Риза, Отанбектер әлем сахна­сын аралап кетті. Ақыт Үлімжі, Қажығұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Задахан Мыңбайұлы, Сұлтан Жанболат, Серік Қап­шықбай, Оразанбай Егеубай, Жұмабай Біләл, Жақып Мырзахан сияқты ағалардан бастап Шәміс Құмар, Асылхан Құсбегин қатарлы көкжалдар, Алмас Ахметбек пен Керім Елемеске, Ғалым мен Дукендерге дейінгі кек­се қаламгерлер қазір дүниежүзі қазақтары­ның арасындағы танымал тұлғаларға айнал­ды. Мен осылардың қатарында көне қытай тілінен қытайлардың өздерін оқытатын және оқытқан, бүгін отан тарихына ерекше үлес қосып, дербес ғылыми мектеп ашуға бет алған Бақыт Еженхан, Жалмұхан Ошан, Сағынтай Сұңғатайұлы, Нәбижан Мұхамет­хан­ұлы, Тұрсынхан Закенұлы, Қалбан Ынтыхан, Еркінжан Сіләмханұлы сияқты ға­лымдардың еңбек зейнеті мен бейнетін ерекше бағалаймын. Көпестік пен кәсіпкер­лігінің бағы жанғандар қаншама?!
Міне, қатулы шекараның қылауын алғаш тауып елге оралған ағаларымыздың, соның ішіндегі бірегейінің бірі Зейнолла Мүбәрәк­ұлының өткен өмір кешуін ежелдете еске ал­ғанымыздың өзінде осындай сардарлы ғұмыр ғибраты еске түседі. Бұл тарихи қоз­ғалыста әлі талай екшелер, ығыса-ығыса сығылысар, бастығар. Алайда елінің рухани тарихының өтпелі тұсындағы дәнекерлі бір қиыршық болып қаланған жандардың жан­кешті жауапкершілігі үнемі есте ұстауға тұрарлық еңбек.
Ғылым демекші, Зейнолла дегдардың өзім сүйінетін осындай азаматтық сипаттағы мінезімен қоса қадірлейтін бір пітінәм – ол кісінің қытай қолжазба мұраларындағы жалпы түркі жұртына, оның ішінде қазақ ру­ханиятына қатысты деректерді жинастырып қана қоймай, оны жинақы ғылыми пайыммен қалың жұртқа таныстыруы.
Біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы «Му тянь зының» жазбасындағы «Ғұн анасы­ның»:
Ақша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,
Асқар тау көрінеді мұнарланып.
Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,
Тау жолы көкжиектен барады асып.
Ақша бұлт болсам егер, айтам анық,
Келер ем осы араға қайта айналып.
Екінші нұсқасы:
Ақша бұлт көз ұшында бұлаң қағып,
Асқар тау шақырады мұнарланып.
Өзен бойлап, жартаспен жағаласып,
Көш жолы көкжиектен барады асып.
Болғанда ауылың алыс, ара қашық,
Таудан асқан бұлтпен араласып:
Келерсің, аман болса, қауырсының,
Тағы да қандырып бір көз сусынын, –
деген жолдармен тұңғыш рет Зейнолла аға­мыздың қолжазбасынан танысып, «Жұлдыз» журналына жариялап едім.
Бұл ізденістің соңы жиырма жылға созы­лып барып, «Көне қытай деректеріндегі тегі түркілік әдеби нұсқалар» деген найман, ар­ғын, қаңлы, керей, қыпшақ, қоңырат деп ру аттары жазыл­ған, уақыт мерзімі жыл қайыруы­мыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХVІІІ ғасырға дейінгі аралықты қамтитын 72 ақынның шығармасын жеке жинақ етіп шығарудың міндеті жүктелетінін ол кезде қайдан білейін.
Бұл деректерді оқыған адамның қызық­пауы, білуге ұмтылмауы мүмкін емес еді. Мы­салы, 1237-1295 жылдары өмір сүрген қаң­лы Баян ақынның «Қамшы» атты өлеңіндегі:
Ойқастап оңды-солды бастым қамшы,
Сорғалап тебінгіден ақты тамшы.
Семсердей болмаса да өткір жүзі,
Үш құлаш өрімінің ұзындығы,
Дойырды жібергенде бір иіріп,
Түменді бір кісідей тұрды үйіріп, –
деген жолдарды Абайға болмаса, Несіпбектің өзіне қайтып қиярсың.
Осындай қатпарлы руханияттың қыртыс­тарына көз сұғын қадатқан Зейнолла Сәніктің пайымды ғылыми, әдеби-зерттеу еңбектерінің маңызы ерекше. Бұл орайда арнайы дерек­тенуші мамандардың араласуын қажет ететін түйінді мәселелер де бар екені анық. Мұны ке­лер күннің еншісіне тиесілі пікір ретінде көп­­шіліктің есіне сала кетуді лайық сана­дық.
Осы ретте алдыңғы толқынның ерекше өмір майданынан өткенін және олардың көргендерінің өзінің энциклопедиялық мағ­лұматқа ие екенін баса назар аудара айтқан орынды. Өмірінің соңғы тынысымен жазылып, ыстық демі қалған «Қазақ этног­ра­фиясы» мен «Рухани этнография» атты кө­лемді еңбекті халықтық сипаты басым басылымның қатарына толық жатқызуға болады. Мұнда ғылыми, жазушылық, көркем, шежірешілік баяндаулардың барлық түрі тоғысқан, еркін әрі түсінікті тілмен жеткізіл­ген, мағлұматы мол қазыналы қормал туын­ды.
Білім мен пайым, өмірлік тәжірибе ас­та­сып, аталы сөзге айналған. Өзгені былай қой­ғанда, көз сусынын күнде қандырып жүр­ген киіз үйдің керегесіне қатысты – ерсі, балашық, сағанақ, желкөз кереге, торкөз ке­реге, иін, қар, қалам, тоғын, қаламдық, сы­қырлауық, дөдеге, жиек, таңдай өрнек, өрік кереге, таңғыш, шалғыш уық, салма деген атаулардың атын да және олардың міндетін де толық түсіне бермейтініміз анық.
Демек, қалам ұстағаннан бастап балалар әдебиеті мен халық ауыз әдебиетіне етене өмір сүрген Зекеңнің танымдық саласындағы ізденістерінің бір қомақты қорытындысы сияқты.
Иә, пенде атаулы күн сайын әр қымба­ты­ның бірін жоғалтумен өмір сүріп, өзі де бір күні ғайыпқа айналады. Алайда өзгеден гөрі адамға берген бақыттың бірі – белкүшің мен рухани күшіңнің артта қалған белгісі. Сол бел­гілеріне қарап өткенге – салауат жа­сай­мыз.
Бұл ретте жоғалтуынан қалдырған белгісі мен тапқан қымбаты басым болған Зейнолла Мүбәрәкұлының рухына ел атынан тағзым етеміз.
Қарыммен қамтылған шығармалар жинағы өзінің оқыр­мандарымен қайта қауышуға мүмкіндік алғаны – жазушы үшін ғана емес, жалпы рухани өмірдегі үлкен мәр­тебе. Осы басылым арқылы халқымыздың тарихи жолдарындағы тауқымет пен тағдыр соқпақтарын тағы да бір рет санада саралаудың орайы келгені анық. Жақсының сөзі өшпей, артында қалғаны қандай мәртебе. Сол мәртебеміз еселей арта берсін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір