Үміт Зұлхарова: Үштаған
20.10.2017
1733
1

МӘСЕЛЕ

 Қисық қаламын сайлап, қоғамдағы келеңсіз іс-әрекеттерді түйреп келе жатқан сатириктердің бірі –  Үміт Зұлхарова. Қаламы төселген, тілі үшкір де қышқыл, әзіл-оспағы орынды сықақшының бүгінгі тақырыбы – оқырманның да жүрек түпкірінде жатқан сөзі деген ойдамыз…

Басекең мінбеде тұрып, үлкен бір Мәселе қозғады. Мәселенің маңыздылығы сонша, естіген жұрт «не деген көрегендік!» деп, ауыз­дарын ашып тамсанды. Басекеңнің айналасындағылар Мәселені қолды-аяққа тұрғызбай талқылап, кезек-кезек жиналыс өткізіп, Мәселенің мән-жайын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру үшін кө­мекшілерін жан-жаққа аттан­дырды. Жер-жерлерде бұл Мәселе жайында салиқалы сөздер айтылып, ел ақса­қалдары осындай Мәселе көтеруге басы жеткен Басекең неткен көре­ген деген таңданыстарын жасыра алмай, ақ батасын үйіп-төкті.

Мәселе жайында бағыт-бағдары тек бастықтардың өзіне аян көлдей бір бағдарлама жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдары оны егжей-тег­жейлі талқылап, газет-журналдарда көлдей-көлдей мақалалар басылды. Телеарналар мен радиолар тек осы Мәселе төңірегінде түрлі-түрлі су жаңа бағдарламалар ашты.

Хо-ош, сонымен кезек күттірмес маңызды Мәселенің іс жүзіне енетін кезі де туды-ау ақыры. Бұйрықтарды сан-алуан түрлері қа­был­данып, Мәселе орын­басарлардың қа­рауына ұсынылып, орынбасарлар бөлім бастықтарына, бөлім бастықтары аймақтық басшыларға жөнелтті. Бірақ аймақтық бас­шы­лар бұл Мәселені қайта Жоғарыға жібе­ріп, олардың мақұл­да­уын күтті.

Мәселе қайта Жо­ға­рыға жол тартты. Жо­ғары Мәселені қарап-карап, мұның аймақтық басшылардың қа­рауынан аспайтын қа­ра­пайым Мәселе еке­ніне көз жеткізді. Дегенмен, аймақтық басшыларға қайта жөнелтілген Мәселені облыс басшысы мақұлдауы керек екен. Облыс басшысы болса аймақтық басшылардың растауынсыз мақұлдауға рұхсат бере алмайды екен.

КезеккүттірмесМәселеосылай ары-берікөпсандалды.

Иә-ә, Мәселе шынында маңызды-ақ болатын. Бірақ басекеңдер әне-міне деп сағыздай созып жүргенде орындалу мерзімі бітіп, маңыздылығын жойды да, басқа, одан да өзекті Мәселе алғашқының орнын алмастырды.

ЖАҢЫЛТПАШТАР

 Сәкең Бәкеңді ағалап,

Жалбақтайды жағалап.

Сәкеңе Бәкең бағалы-ақ.

Бәкеңе бұл жағады-ақ.

***

Пара берсем Есенге,

Жоғарылап, өсем бе?

Өсем бе, әлде өшем бе?

***

Табысын үйге тасыды,

Тасыды, миы ашыды.

Әйелі тоймай тасынды:

«Қалғанын қайда жасырдың?»

Деп әбден құтын қашырды.

***

Ақшаңды сайла,

Бастықты майла.

Асырып айла

Көңілді жайла.

***

Басекеңді жақтадым,

Мақтадым.

Сонда да жақпадым.

Бабын тіпті таппадым.

***

Бәкең бәрін бүлдіреді,

Бүлдіретінін кім біледі.

Білсе – орынбасары бір біледі.

***

Басекең орынынан жай құлдилар,

Былықтырған ісіне сай құлдилар.

***

Біреу біреуден дәмелі –

Күтеді сый-кәдені.

Дәмелінің көңілін кәде жұбата ма?

Кәдені әркім-ақ ұнатады, ә!

***

Көкеме келеке керек пе,

Береке керек пе?

***

Көкем қарпып қалды,

Қарпудан артық қалды.

Артығын тағы біреу артып алды.

***

Шенеунік жеп-жеп, шырайланды,

Шырайлы шенеунікті

Өзгелер шыр айналды.

***

Басекең бір іс бастады:

Бастады да, тастады.

***

Төкең Бөкеңді терістейді,

Бөкең Төкеңе беріспейді.

Ал Көкем екеуімен де келіспейді.

***

Басекеңнің басынан Тақ тайды,

Тақпен бірге бақ тайды.

Бақ пен тақ тайған соң

Басекеңді кім мақтайды?

Кім жақтайды?

Тек даттайды, даттайды.

***

Алаған қолдар бар,

Береген қолдар бар.

Алаған қолда – доллар бар.

«Берегенде» жоқ долларлар.

Долларды табатын жолдар бар.

***

Сөйлегенде «ағашка»,

Тайталаспа, жақ ашпа.

«Ағашканың» алдында

Абыройды «таза ұста»!

 

 МАҒЫНАСЫ МАЙЫСҚАН МАҚАЛДАР

***

Парақордың баласы теңгеден көзін алмайды.

***

Қазынадан ұрлаған қаржы сұрамас.

***

Таққа отырсаң таба біл,

Жыртығыңды жаба біл.

***

Алмасаң азапқа қаларсың.

 

***

Талаптыдан теңге артық.

 

***

Пара – оңай пұл болар,

Пара алмаған құл болар.

 

***

Бастық болсаң басынарсың,

Өсе беруге асығарсың.

***

Қазынадан қымқырғанның қарны ашпайды.

***

Жемқорды құлқыны асырар.

***

Жемқордан – үйрен,

Жей алмайтыннан – жирен.

***

Қуды қулығы құтқарар.

***

Бастық жоқта орынбасары басынар.

***

Параның дәмін татарсың,

Қызығына батарсың.

***

Бастықтың сырын білмесең

Емін-еркін жүрмес ең.

***

Опыра жеген орнын табар.

***

Қазынадан қымқырып көрмеген

«Тоқшылықтың» рахатын білмейді.

***

Лауазымыңнан не пайда,

Пайдасын білмесең.

Қулығыңнан не пайда,

Айласын білмесең.

***

Жарыместің қолынан жеу де келмейді.

***

Адал – пайдаға кенелмес,

Жемқормен терезесі теңелмес.

***

Дөкейдің сөзі дуалы.

***

Жемқорға жала жұқпас.

***

Үндемеген – жетеді,

Үн шығарған – «кетеді».

***

Құлқынын тойдырмасаң – құлағы естімейді.

***

«Адалмын» дейді,

Опырып жейді.

***

Болбыр бастық бордай тозар.

***

Екі шенеунік шекіссе – елдің соры.

***

Алаған қолдың амалы көп.

ПІКІРЛЕР1
Нағашыбай 18.11.2017 | 13:31

Жарайсың, Үміт — интеллектуал сықақшы! Сенің қолтаңбаң қашан да бөлек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір