Көріксіз

0
344 қаралды

Юрий Казаков – Мәскеу қаласында жұмыскердің отбасында дүниеге келген. Жастық шағы Екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген қаламгер шығармашылығында адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, сезімі, таным-түсінігі шынайы суреттеледі. Оның «Сен түсіңде өксіп ұзақ жыладың…» атты әңгімесінде әкенің балаға деген сезімі, «Көк пен жасыл» шығармасында бозбаланың ғашықтығы шұрайлы тілмен бейнеленеді. Көзінің тірісінде-ақ әдеби ортаның құрметіне бөленген қаламгер қазақ жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен Тер» романын орыс тілінде сөйлеткен.


Юрий Казаков


Үйлену тойының әбден қызған шағы. Күйеу жігіт пен қалыңдық баяғыда-ақ басқа үйге кірген, ауыл­дағы қораздардың алды ша­қы­рып жатыр, сырнайшы ғана әдемі әуен төгуін тоқтатпады, би­легендердің дүбірлі дүрсіліне­н а­ғаш үй дірілдеп тұр, бес шамнан төгілген электр жарығы көзді қа­рық­тырардай жарқырайды және ыстығы бетке ұрады, терезелерге асылған балалардың өз қызығы өзінде.

Ішімдік молынан ішіліп, аста-төк тамақ түгелдей желінді, жас тө­гіліп, әндер шырқалды және бір­талай би биленді. Ара-тұра үс­телге жаңадан арақ қойылып, тіс­кебасар салына берді, гармон­шы­ны фоктроттар мен тан­го ­жа­­зылған патефон ауыстырды, ар­сыл мен гүрсіл– өкшелі таста­банның тарсылы және мәз-мейрам көңіл толастамады, осынша шу­дың бәрі көшеге естіліп, одан да арыға, ал­қап пен өзенге дейін же­тіп жатты, соған қарап, аймақ­тағы деревня­дағылар Подворьеде той болып жатқанын біліп отырды.

Бәрі қуанышқа кенеле түсті, тек Соняның жаны ауырып, жал­ғыз­сырай берді. Оның сүйір мұрны ішкен арақтан қызарып, басы айналды, осы кеште жұрттың бір-бірін ұнатқанына қызыққан қыз­дың нәзік жүрегі өзін ешкімнің көз­ге ілмейтініне,жігіттердің ға­шық болмайтынына және биге тірі жанның шақырмайтынына өрек­піп, кәдімгідей ауырды.

Аса әдемі еместігін білетін ол сүйегі ырсиған арық арқасынан ұял­ғаннан көпшілік би билеп, ән ай­татын және өзара ғашықтық ға­залын салатын бастаңғы,той атаулыға ендігәрі бармауға қанша уәде  бергенімен әрқашанда сөзінде тұра алмай, әлдебір бақыт­қа үміт артып, отырыстарға қадам баса­тын.

Бұдан жасырақ кезінде, кейіні­рек институтта оқып жүргенінде оған ешкім ғашық болмапты. Тіпті бір рет те үйіне шығарып салып, бір рет те сүймепті. Оқуды бітірген соң ол жұмыс істеу үшін деревняға келді де, оған басшылық мектептен бір бөлмені босатып берген-ді. Кештетіп дәптер тексеріп, кітап оқитын ол махаббат турасындағы өлеңдерді жаттап, киноға баратын, бірге оқыған құрбыларына ұзақ сонар хат жазатын және сағыныш­тың зарына салып, мұңаятын. Екі жылдың ішінде оның құрбылары түгелдей дерлік күйеуге тиіп кетті, осы уақыт ішінде оның бет-жүзі солғын тартып, жоны жұқарып шыға келді.

Енді, міне, осы жолы да оны күл­кі қылғандай үйлену тойына шақырыпты. Бұл жолы да әлдебір үмітпен келген ол тойда бақытты қалыңдықтың өңіне қызғана көз салды және өзгелерге қосылып, әлсіз дауыспен: «Ащы-ы!» – деп айқайлады. Шынында көкірегі: «Менің тойым ешқашан бол­май­ды-ау» – деген ойдан удай ашып отырды.

Оны қасындағылар қабағы түксиіңкі, сұлу кейіпті және қара көзді ветеринарлық фельдшер Николаймен таныстырды. Қатар отырғандықтан жігіт бойжеткенге құрмет көрсетпек болған. Соня оның бергенін түгелдей ішіп, жеп отырды және өзіне көрсетілген құрметке көзқараспен ризашылық білдіргендей еді. Қыздың көзқара­сы өзіне айқын әрі ғашықтық сезіміне толы секілді көрінді.

Бірақ Николайдың қабағы
од­ан ары түксие берді де ақыры қыз­ға көңіл аударуды мүлде тоқта­тып, үстелдің арғы бетіндегі әлде­біреу­мен сөйлесіп кетті. Сосын ол бұ­дан тіптен алыстап, ұзын қолы­мен ербеңдеп, қиқылдай шыңғы­рып, көп биледі, айналасына та­ңыр­қа­ған күйі алақ-жұлақ қарады, ақы­ры үстелге отырып, арақ ішті. Соңында ауыз үйге шығып кетті де қайтып оралмады.

Жалғыз қалған Соня енді бұ­рыш­та отырып, өз өмірі жайлы ойланды, айналасындағы риза әрі бақытты кейіптегі, мас, терге мал­шын­ған жандарға жек көре қарай берді. Өзінің осындай күйдегі кейпін аяй түсті.

Жақында ғана өзіне жарасатын, қара-көк түсті көйлек тіктірген болатын. Соны бәрі де мақтап, жа­ра­сатынын айтқан еді. Енді, міне, қара-көк  көйлек те көмек­тесе алмады, бәрі де сол бұрынғы қал­пына түсті…

Түнгі сағат үште назардан тыс қалған, бақытсыз Соня беті қызар­ған күйі сенекке шығып, одан ары шыға беріске қадам басты.

Үйлер қарайып көрінеді. Ауыл ұйқыда болатын, айнала тып-тыныш, тек той өтіп жатқан үйдің ашық терезесінен қараңғылыққа сырнайдың сыңси салған әуені, ащы айғай мен билеген аяқтардың гүрсілі төгіліп жатты. Терезеден түскен жарықтан жап-жасыл шөп­тесін атаулы сарғайып көрінеді.

Соняның иегі ызадан дірілдеп кетті.Ернін көгергенше тістеп алғанымен еш көмектеспеді. Есік жаппасынан шыққан күйі қараң­ғыда ағарып көрінген қайыңға дейін ә­рең жеткен күйі иығын ті­реп, еңіреп жылап жіберді.Еңкіл­деп жылағанына ұялғандай еді, біреу-міреу естіп қоймаса деп қо­рық­қан ол дыбысын шығармас үшін бет орамалын тістеп алды. Алай­да оны ести қоятын ешкім жоқ еді. Көзін тарс жұмып алған Соня өзіне: – «Жә, жетер! Болды, тоқтат! Басқа керек емес! Жүру ке­рек!» – деді. Жүргісі келген ол қайыңға сүйеніп орнынан тұра берді, бірақ аяғы өзіне бағынбай дұрыстап жүре алмады.

– Бұл кім-ей? – деп сұрады әлдекім зор дауыспен.

Демін ішіне тартқан Соня аузынан орамалын тез шығарып, бетін иығымен сүртіп үлгерді, со­сын қайыңға сүйенген күйі артына ұяла көз салды. Бұл Николай еді. Аяғы тәлтіректеген ол құлап қал­мас үшін қыздың иығынан ұстап алды. Қолы топыраққа әбден малшынған.

– А! – деді тілі күрмелген ол. – Сіз бе едіңіз? Мен… мына шар­баққа… кіріп… – Қисаңдаған ол қызға тақала түсті. – Үйлену тойына шақырады, оңбаған! – де­генді әрең айтты. – А! Өлтірем! Осымен бітті! Литрмен құтылмақ­шы өзі… Алдамақсың ғой, жексұ­рын! Бәрібір мені алдай алмай­сың!

Тісін шықырлатқан Николай әлдекімді боқтап жіберді.

– Сізге не болды? – деген қыз қорқып кетті. – Су ішесіз бе?

– Немене?.. Құсқым кеп тұр…

Тәлтіректеген күйі бұрышқа айналған жігітті Соня аяп кетті. Сенектен шелекпен су әкелген қыз оның басына құюға ыңғайлана берді. Үнсіз келіскен жігіт еңкейіп, басын суға тосты. Жуынған күйі әлденені былдырлап сөйлеген ол су болған басын салбыратып, отыра қалды. Жейдемен кіреберіс­ке жайғасқан оның пиджагын таза­лаған Соня:

– Жеңілдеп қалдыңыз ба? – деп ақырын сұрады. Бірақ көңі­лінде: «Әлдекім шығып қалып, бізді көріп қоймаса екен» деген ой сумаңдады.

– Аздап жеңілдедім… Сізді неге ертерек көрмегенмін? Мені мұнда бәрі біледі.

– Той-томалаққа сирек ке­лем.

– А! Сіз мектепте тұрасыз ғой?

– Иә, мектепте.

– Шығарып салайын, қаласа­ңыз?

Орнынан тұрған Николай пид­жагын киіп, басын сілкіді де су ішу үшін сенекке кірді.

– Сіз жаңа неге жыладыңыз? – деп сұрады ол қайтып келген соң. – Біреу ренжітті ме?

Қуаныштан Соняның жүрегі тарсылдап кетті.

– Жоқ, ешкім ренжіткен жоқ…

– Тиіссе маған айтыңыз! Сізді ренжіткен ондай оңбағанның қабырғасын сындырам! – Соня­ның қолын қолтығына ыңғайлаған Николай қызды жетелеген күйі топырақ көмген жолды кесіп өтіп, солға бұрылды. Сосын бақшаның тоқылған қоршауын жағалай жат­қан жалғызаяқ соқпаққа түсті. Мөлдіреген таңғы шықтан шөп атаулы дымқылданып жатыр.

Соняның қуаныштан жүрегі атқақтады. Өз-өзіне мүлде бөтен болып көрінген ол басын Ни­ко­лайдың иығына сүйегісі де келеді, алайда мұндай арсыз қалаудан ұялып та қалғандай. Сондықтан теңселген жігіт бұған тақала түс­кен­де жылдам ығыса береді.

– Сіз тіптен массыз ғой! – де­ген қыз жігітті ескі таныстарша жұмсақ қағытып қояды.

– Иә, саған! – Николай бетін алақанымен умаждай сүртті. – Қайдағы мастық?!.

Мектепке жеткен олар кірер есік­тің қалқасына көтерілді. Мұн­дай­да не істеу керектігін: ішке кіріп кетуді немесе тұра тұруды білмеген Соня әбден абдырады. Басында рахмет айтып, үйге кіріп кеткісі келген, бірақ: «Жігіт ренжіп қалар» деген оймен тежелді.

Қайтадан масайған Николай ентіге дем алып, Соняның қолы­нан ұстады.

– Бірдеңе айтсаңызшы, – деді қараңғыда ағараңдаған жүзін көк­ке салған қыз.

– Не айтары бар дейсіз?.. – деп қы­рылдай жауап қатқан жігіт құша­ғындағы қызды аямай қысып, дымқыл ернімен құшып алды.

– Жіберіңіз! – деп сыбырлады бұлқынған қыз. – Жіберіңіз!

– Тыныш! – сыбырлаған жігіт сенектің қараңғы тұсына ығысты. – Тыныш! Не болды, не, ақымақ қыз!

Қабырғаға арқасын тіреген қыз:

– Коля… Тынышталшы, қым­баттым! Құдай-ау, бұл не тағы?

– Мені сүйесің бе? – Жігіт был­дырлай тіл қатты. – Аһ, қан­шық!

– Керегі жоқ, Коля, керегі жоқ! – қыздың жалынышты үнін естіген Николай қаусырған құша­ғын босатты.

Артқа шегінген ол күркілдей жөтелді, сосын темекі тұтатқан сі­рің­кенің жарығымен қыздың бетіне қарады.

– Жарайды… – деді жігіт. – Ренжіме! Сен одан да… Ертең қыр­манға келсеңші. Келесің бе?

– Қаншада? – Денесі дірілдеген Соня сыбырлай сұрады.

– Сағат жетіде. Жарай ма?

– Барам…

– Жақсы… – Түтінді бірнеше рет құшырлана сорған Николай темекі тұқылын тастап, өкшесімен ұзақ таптады. – Жарайды, ен­де­ше!

Бұл жолы дүрдиген ернімен жұмсақ әрі ақырын сүйген жігіт алақанымен қыздың жүзін сипады. Сосын шатырдың астынан түсіп, қараңғыға сіңіп кетті. Бірер минут­тан соң әлдебір әнді салған оның масайған және жасанды дауысы шықты.

Қосауыз бөлмені аралай жүріп сырт киімін шешкен Соня суық шай ішті.Шешінген соң жалаң көйлекпен айнаның алдына келіп, бозарыңқы жүзіне, қушиған иығына, адырайған бұғанасына ұзақ қарады. «Құдайым-ау, қандай қорқыныштымын! – деп іштей ойлаған соң кенет серпілгендей еді. – Балықтың майын ішу керек! Міндетті түрде, балықтың май­ын!»

Үстелге төне түскен ол майсал­ғыштан алып май асады. Дәмсіз болғанына қарамастан қасықтап май қылғытқан қыз Николайды ойлады. Ақыры жарықты сөндіріп, төсекке жатқанымен ұйықтап кете алмады. Оның Мәскеудегі үйіне қарсы бетте жарық түсіп тұратын, жағалай өскен жөке ағашының көлеңкесі түнімен терезеде ойнап жататын. Ал мұндағы терезенің сыр­ты көзге түртсе көргісіз қа­раңғы.

– Бұл махаббат па? – деп сұ­рады қабырғаға аударылып жатқан бойжеткен дауыстап.

Ертесі күні Соня естанды халде жүрді. Ертелетіп жаңбыр жауған. Оқушыларға әлдебір шығарманың үзіндісін оқи отырып, Соня терезе­ден суға малшынған тауықтар мен шалшықтарға көз салады. Көп ұзамай жауын тоқтап, аспан шай­дай ашылды. Кешкісін мектептің қасынан өткен автокөліктердің артында шаңнан із қалып жатты.

Жұмыстан соң Соня құрбы­сы­на хат жазуға отырды. Ол кеше өзін бір жігіттің шығарып салғанын және бүгінге кездесуге шақырға­нын әңгімеледі. Ұзақ әрі қызықты күйде жазылған хатты аяқтаған Соня неге екені белгісіз Николайға ғашықпын деп есептеді. Хатты поштаға апарып тастаған соң қай­та оралып, қабырғаға қарап жатып қалды.

Көзін жұмып жатып ойлағаны – Николайдың келетін, келмейтін­дігі еді, егер келе қалса өзін қалай ұстай­ды және не жайында сөйле­седі? «Тағы да ерніне жабысып сүйе қалса қайтпек?» дегенді қор­қыныш­пен ойлады. Мұндай ойлар оның есін алғаны соншалық киі­ніп жатқанда қолы дірілдеді.

Кешегі қара-көк түсті көйлегін киіп, шашын аздап бұйралады және үстіне әтір септі.

Алақаны терледі. Көшеде келе жатқанда өзіне ел жаппай терезе­ден қарап тұрғандай және бәрі де қайда, не себеппен кетіп бара жат­қанын білетіндей сезінді. Ұяттан қысылғаны соншалық, жылдам­дата жүргісі келеді, бірақ адымы ашылмады. Ауыл сыртындағы ашық­қа шыққанда ғана кең ты­ныс­тап, айналасына көз салды. Күн жылы еді, жол аздап шаңдатып жатыр, күн ұясына алауланып ба­тып барады. Жолға жақын межеде трактор тұр. Майға бөккен трак­торшы қозғалтқышын шұқылауда. Соняны көрген ол бойын тіктеп, қолын шалбарына сүртті, темекі тұтатып, қыздың соңынан ойлана көз салды.

Табанын сиыр таптап, сазын шығарған алаңқайға жеткенде Соня кенет: «Николай ерте келіп, бұны күтпей кетіп қалды-ау» деген ойдан шошып кетті. Аяғын кере адымдаған бойжеткен ақырында жүгіре жөнелді.

Алыстан қырман көрінгенде екпінін тежеген бойжеткен маңай­дан ешкімнің көрінбегеніне қуа­нып кетті. Аздап дем алған соң шаң қонған туфлиін шешіп, бір уыс шөппен сүрткіледі. Қырман­ның жол жағында отыру оған ың­ғайсыз көрінді де келесі бетке ауысты. Күнұзаққа түскен күн сәулесінен қабырғадан ыстық ауа ұрып тұр.

Қармақ ұстаған бір бала келіп, шылаушын қаза бастады. Оны көрген ұялған күйі Соня жолға шықты. Қаладан шыққан арбаға мінгендер бұған көз сүзе қарайды, ал, жер шұқылаған бала қас қыл­ған­дай ұзақ айналды. Екіұдай күй­ден Соня терлеп бара жатты. Ақы­рында шылаушын теріп болған қаскөй бала жылыстаған күйі ке­тіп бара жатып, бұған бірнеше рет мысқылдай қарады. «Біліп қойды! – деп ойлады ұят қысқан бой­жет­кен. – Біздің мектептен болмағаны қан­дай жақсы?!»

Қырманға бой жасырған қыз түймедағын жұлып алды. Күлтесі төменге жиырылған гүл зымыранға ұқсайды. «Келеді, келмейді…» – деп күбірлеген Соня гүлдің күл­теле­рін жұла бастады. Сенімсіз ырым қырын кетіп, жігіттің кел­мейтінін көрсетті. Ең сорақысы – Николайдың қай жақтан келетіні белгісіз еді. Соған алаңдаған Соня отырып, тұрып, қырманнан алыс­тап қарап, қалқаға қайта тығылды. Николай көрінгенде ол әбден әлсіреп қалған-ды. Етектегі өзен­нен өрлеген жігіт қолын шал­бары­ның қалтасына салып, пенжегін иығына тастаған күйде келеді.Жақындағанда ол Соняға әлдебір нәрсені ұмытып, еске түсірмекке ұмтылған адамдай сүзіле көз тастады. Жүзі шаршаңқы. Тақап келгенде көзін аударып, төңкеріп, қолын сылбыр ұсынды.

– Сәлем…

– Сәлеметсіз бе, – деп Соня жанарын көтеруге батпаған күйде жауап қатты.

– Көп күттіңіз бе?

– Жоқ…

– Ым-м… Жарайды көлеңкеге кірейік ендеше.

Олар қырманды айналып, жол­дың қарсысындағы сабан шө­мелеге тізе бүкті. Күн ұясына кіріп барады, айнала қараңғы тартып, қырманның көлеңкесі егістік ал­қабына созылды.

Николайға жылдам көз тас­таған Соня жанашырлықпен және түсіністікпен жымия қарап:

– Кеше үйге жақсы жеттіңіз бе? – деп сұрады.

– Болады… – Аузын кере есінеген жігіт пенжегін шешті. – Тек ұйқым қанбады.

– Сіз, кеше сүйкімсіз болдыңыз ғой, – деп қыз жұмсақ үн қатты.

– Немене! – Соняны немқ­ұрайлы құшақтаған Николай өзіне тартып, сүйгісі келген, бірақ ой­ла­на қалған күйі демін сыртқа үр­леді.

– Қараңғы кіріп барады, – деді жігіттің жүрек дүрсілін жақыннан естіген Соня Николайдың қолты­ғына тығылған күйі.

– Қараңғы кірсе, тоғайға ба­райық та, а? – Басын оңға қарай изей салған жігіт: – Онда күрке бар. Барасың ба? – деді.

– Ондайдың керегі жоқ Коля, – деген Соня ақырын күрсінді.

– Эх, – деді саңқ ете қалған Ни­колай. – Ұйқым кеп тұр! Қане, жатайыншы…

Артқа ысырылып, етікті аяқ­та­рын екі жаққа тастаған ол басын Соняның тізесіне қойып, ыңғай­лана жайғасты. Аз уақыт көзін жұмып жатқан ол қолдарын созып, қыздың белінен қаусырды.

– Неге сонша арықсың?

Соня бір сәтке дем ала алмай қалды.

– Дене бітімім сондай, – деп зорлана жымиған күйі жауап берді.

– Бітіміңді-ай! Меніңше, ауыратын шығарсың?! Мысалы мал сияқты: ауырса бітті, қанша жемдесең де бәрібір қусүйек.

Кенет бәрі-бәрі мағынасыз көрініп кетті де Соня түйіле келген лоқсуды бірнеше рет жұтып қой­ғандай болды.

– Неге осындай дөрекісіз? – деген қыз әлсіз дауыспен сөйледі. – Әлде, маған бәрін жасауға бо­лады деп ойлайсыз ба?

Басын шалт бұрған күйі бір­тіндеп, беті алаулай қызара бас­тады:

– Маған олай сөйлемеңіз! Естідіңіз бе?

Астыңғы ернін тістеп алған қыз жеңімен көзін сүртті. Сосын көз алдындағы алқапқа сұрлана көз тастап, тізелерін сілкіді.

– Кәне кетіңіз! Мен сізге мал емеспін, басыңызды алыңыз! Естимісіз?! Жайыма қалдыры­ңыз!

Николай ұялған күйі отырып қалды.

– Жарайды, жарайды… – деп міңгірлей сөйлеген жігіт ақталған­дай еді.– Кешіріңіз! Егер білгенім­де ғой… Ренжітейін деп ойла­мап­пын – оңбаған болайын! Жұмысым сондай – әбден үйреніп кеткен ауыз…

– Жо-жоқ, жұмыстың бұған қатысы жоқ, – дегенді баппен, мұңдана айтқан Соня басын түсірді. – Себебі жалғыз…

Беторамалын умаждаған сау­сақ­­тары дірілдеді, бет-жүзі кө­рінбейді.

– Өйткені, былай деп шештіңіз: өз аяғымен келгенге несіне қысы­ламын!

Николай желкесін қасыған күйі аңтарылды.

– Түнде неге боқтандыңыз? – деп сұрады Соня ұзақ үнсіздіктен соң.

– Жәй… – Жігіт қабағын шыт­ты. – Онымен өз есебім бар. Ол оңбаған Зойканы менен әкетіп, үйленіп алды. Кешегі қалыңдықты көрдің бе?! Сонымен жүрген­мін…

– Сізді, шамасы, көптеген қыз­дар жақсы көретін болар?!

– А! – Ащы жегендей тыржиған Николай басын қыздың тізесіне қойды. – Ондай махаббатты жақсы білемін!

– Неге олай дейсіз, Коля? – Соня жылдам сөйледі. – Адамдарға сену керек. Қараңызшы, біздің ауылдың адамдары қандай ке­ремет!

Басын көтерген жігіт шырт түкірді.

– Сенбейсіз бе? – Соняның үні әлсіз естілді.

– Неменеге?

– Адамның адалдығына.

Николай мырс етті.

– Ох, осы қатындарды-ай! Адалдық дейді… – Бір бүйіріне аунап түскен ол аузын кере есінеп, көзін жұмды.

Оның мығым мойнынан, қоз­ға­лыссыз, қараңғылықтан қатал болып көрінетін добалдай тұлға­сынан, әдемі жүзінен орасан бір күштің лебі еседі.

Қолы дірілдеген Соня жігіттің жүзіне үздіге қараған күйде, бетін қызартқан ұялыспен шашын тарамдай бастады. Сосын:

– Коля… Сіз жақсы адамсыз ғой, мен білемін, жаныңыз жайсаң, – деді естілер-естілмес дауыспен.

– Тоқташы! – Басын қалт көтерген жігіт кешкі тыныштықтан үн аулай қалды. Сосын қыздың тізесіне сүйеніп, жөнделіп отырды. Жолда ақырын әңгімелесіп, екі жаяу келеді. Николай:

– Ей, – деп айқай салды.

– Оныңыз не, Коля?! – деп сы­бырлады жүзін жасырған Соня.

Әлгілер тоқтай қалды.

– Қайда кеттіңдер? – деп Николай қайта айғайлады.

– Тойға. Кім бұл? Нико­лай­мысың?!

– Дәл өзі. Той қайда?

– Сосновкада.

Шырпы жағып, шылым тұтат­қан күйі жүрістерін жалғастырған жолдағы екеуге көз салған Ни­ко­лай кенет:

– Тоқтаңдар! – деп айғай салды. – Менде сендермен бір­гемін!

Орнынан жылдамдата тұрып, пенжегін сілкіген күйі иығына тас­таған ол жөтеліп алды да, Соня­ға қолын созды.

– Жарайды, ендеше! Тағы да көрісерміз… – деген ол бұрыла салып, пенжегін ұстаған күйі әлгі­лерді желе-жортып қуа жөнелді.

Қараңғы кірді. Бір бүйірден жіп-жіңішке ай көрінді, өзеннен шыққан сұрғылт тұман алқапқа сырғыды. Дыбыс атаулы тынған, қырманның артынан: «топ-топ-топ» деген жалғыз дауыс жүгіріп өтті.

Қабырғаға сүйенген Соня бетін көкке қаратып отыр. Жүзі діріл­деді. Көйлегінің жағасын мойнына тартқылаған күйі: «Жеңілдер…» деген ойы орындалмады. Жыламақ болған, бірақ кеудесінен шыққан үннің жіңішке әрі үрейлі болғаны соншалық өзі қорқып кетті де, қозғалыссыз қалды.

Ақырында орнынан тұрған қыз қабырғаға сүйеніп, біршама уақыт тосылды, сосын үйіне бет алды. Өзеннен алыстағаны сол еді құрғақ әрі жылы ауа бетке ұрды. Қияқ шөп басқан жұмсақ жолға қайтадан түскен оған көктен жұлдыздар ғана жарық түсірді. Шабындықтан ескен шөптің иісі мен жолдың шаңы танауды қапты. Құс Жолынан түскен жарықтан қараңғылық сейіліп, жан-жақтағы үймектер мен зығыр шөмелелері көрініп қалады, кейде шалғы түспеген арпа алқабы ағараң­дайды.

– У-у! – деді жіңішке де қор­қынышты дауыспен Соня. – У-у!..

Ол одан артық ештеңе айта алмады әрі түк те ойламады. Ыз­ғарлы сайға түсіп, қайта көте­ріл­ді. Жол бойында бұзылып тұр­ған трактор енді алқаптың түкпі­рінде жүр. Жарығы алыстан өлеусіреп көрінеді, қозғалт­қы­шының гүрілі құлаққа талып жетеді.

Өкінішті күйден арылған мұ­ғалім қыз әлемнің көз айырмас сұлулығын, жұлдыздардың аспан­ды ­тілгілей аққанын, көзге түртсе көргісіз түннің әсемдігін, алыстағы оттың жарығын, ондағы адам­дар­дың қайсыбір жақсылығын және алып жердің шаршаңқы да ты­ныш­тыққа бөккен сәтін көрді.Өзі жайлы, бәрібір әйел екендігін, қалай болғанда да жүрегі бар­лы­ғын, жаны ауыратынын, оны тү­сінген пенде ғана бақытты бола­ты­нын ойлады. Осындай шы­найы­ сезім мен әсемдікті байқамаған нағыз ақымақты аяған қыздың көңілі жайланып, ба­тыл­дана қадам басқаны сон­шалық қа­раңғыда жалғыздықтан қо­рық­пай жарқырай аққан жұлдыздармен қатарласа алға ұмтылды.

Аздан соң ауылдың қарасы көрінді. Көпшілік ұйықтап жатқан елді мекендегі кейбір үйлерде ғана жарық бар.Қақпаның астынан ырғып шыққан аппақ, дәу ит  Сон­я­ны көре салып, артынан ілесті.Жақындап келіп, қызды иіс­келемек. «Қанеки! Тістеп көрші!» – деді іштей ашуға булыққан Соня итке тіке қарап. Бірақ ит тістемеді, тек аяғын екі рет иіскеді де қараң­ғыға сіңіп кетті. Жолын жал­ғас­тырған қыздың көңілі жайланып жү­ре берді.

Аударған: Мәди АЛЖАНБАЙ.

Пікір қосу