ӘЛ-ФАРАБИДЕН ӘЛИХАНҒА ДЕЙІН…
13.10.2017
1645
0

ардақты аталарымыздың әуестігі

Әрбір адамның аңсары ауып, жаны құмартатын ермегі бар. Бірақ осының мән-мағынасына онша бойлай бермейміз. Егер арнайы зерттеу жүргізсе, Қа­зақ елі тұрғындарының, белгілі бір пайызының қандай қосалқы іс­пен әуестенетінін анықтауға болар ма еді…
Әйткенмен, ондай есептің уа­қы­ты жете қойған жоқ-ау. Сондықтан мұн­дайға халық санағын жүргізу ке­зінде біршама көз жеткізіп қалар ма едік деп те ойлап қоясың.
Жаңа заман адамының әлгіндей «ерігуге» уақыты жетпейтіні де еске тү­седі. От ала қашқызғандай қар­балас тір­лік артық қимылға мұрша бер­мей­тіні рас. Жас ұрпаққа тіптен қиын – күн­бе-күнгі ауырлап бара жатқан са­бақтарынан бөлек мектептегі түрлі үйір­мелері мен секциясынан артыл­майды. Одан қит етсе смартфонына жармасады. Сөйткен көпшілігінің «ермегі» осымен тәмәм…
Халықаралық тілде «хобби» де­лініп жүрген әрекетке белгілі ақын-жазу­шыларымыздың, жалпы өнер адамдарының жуықтығы қызық­тырады. Сол арқылы-ақ бұл кісілердің шығармашылық лабораториясының талай қырын аңдар едік.
Ал назар аумағын біршама кеңей­тіп, тарихқа тереңдей түссек, Әбу­ На­сыр әл-Фараби сынды ұлы тұл­ға­ла­­рымыздың бүкіладамзаттық мас­­ш­табтағы теңдессіз қызметі ара­сында бір сәт сергіп, атқа мініп, туған табиғатпен етене қауышып, саят құрып, суға жүзіп немесе ас пісіріп… шабыт шыңдауға уақыт тауып отырғанын байқаймыз. Сондай «әуес­тіктің» өзін халықтық мүддеге ұтқыр ұластырғанын көреміз. Мә­селен, жетпіске жуық тіл біліп, аст­рономия, философия, логика, этика, метафизика, жаратылыстану, геог­рафия, математика, медицина, му­зыка салаларында 150-ге тарта трак­тат жазып қалдырған әл-Фараби ба­бамыздың өз қолымен қобыз, дом­быра аспаптарын жасаған шеберлігіне көз жеткіземіз. Әмбе соларды керемет тартқан орындаушы, композитор, ақын екендігін біле түсеміз. Кейбір әдебиетте ғұлама ғалымның қобыз са­рыны арқылы адам емдегені ай­тылады.
Таңғажайып қабілетімен әлем ға­лымдарын тамсандырған осынау ұлы ойшылдың бейнесі келе-келе өз жазу­шыларымыздың да қаламына арқау болғаны мәлім. («Аққан жұл­дыз», С.Мұқанов; «Ақын арманы», Д.Әбілев; «Ұстаздың оралуы»,
Ә.Әлім­жанов; «Фараби», Д.Дос­жа­нов; т.б.). Бұларда да асқан оқымысты бабамыздың ұлттық музыкаға қа­тысты қырлары қамтылады. Мысалы, Әнуар Әлімжановтің «Махамбеттің жебесі» романында «Фарабидің екі шек­ті домбырасындай сиқырлы екен» дегендей жолдар бар.
Реті келгенде айта кетейік, ұлт­тық-фольклорлық ансамбльдерде кең қолданылып жүрген сазсырнай ас­пабы әл-Фара­би­дің кейінде табыл­ған «Үлкен музыка кітабы» деректері бойынша жасалғанын көпшілік біле бер­меуі мүмкін…
Сол секілді, бастауыш білімді қ­азақ, қыпшақ-шағатай, араб және пар­сы тілінде алған Шоқан Уәли­хановтың да әуелден музыкаға бейім бол­ғаны айтылады. Өйткені аға сұл­тан ұлының жастайынан ел ішіндегі бел­гілі ақындармен, күйшілермен жиі араласып, қазақтың ауызша және му­зыкалық халық шығарма­шы­лығы­мен жақын танысуына мүмкіндігі мол болған. Ал оның бейнелеу өне­ріне деген алғашқы сабақтары Аман­қарағай округіне жиі келіп тұратын орыс саяхатшылары: географтар, то­пог­рафтар, суретшілерден басталады. Ел­гезек, алғыр бала осыларға қатты елік­теп, өз бетімен көп машықтанады. Әсі­ресе оған шығыстанушы, суретші А.Сотников орасан ықпал етеді. Кейін Омбыдағы кадет корпусында көркемсурет пәнінің оқытушысы Н.Померанцев жас Шоқанды үйіне ер­тіп әкетіп, талмай баулиды. Әуел­гіде жұмысты қарындаш пен тущьтан бастаған ол біртіндеп су бояумен жұ­мыс істеу құпияларын игереді. Со­лайша біртіндеп шеберлік шыңына көтерілген ол Қазақ даласының небір әсем көріністерін бейнелеумен бірге портрет жанрын да керемет меңгеріп шығады. Мұнымен қатар табиғаты әсем өлкеде туып-өскен Шоқанның ертеден қалыптасқан үлкен саят­шы­лығы, аңшылыққа әуестеніп, құс са­лып, ит жүгіртуге бейімдігі, өсімдік дү­ниесін жетік білуі алдағы атақты сая­хаттарында,Қашқар сапарында, Батыс Қытай мен Шығыс Түркістан ха­лықтарының, ұйғырлар мен қыр­ғыз­дардың мәдениеті, әлеуметтік құ­рылымы, географиясы, тарихын зерт­теп, орасан материал жинауда зор пайдасын тигізеді. Одан соң Шо­қан ғажайып журналист еді. Әлкей Марғұлан әділ бағалағанындай, Шо­қан күнделіктерінің өзі көркем очерк стилінде жазылған…
Ал: «жарамды әнді тыңдасаң, жа­ның еріп, жабырқаған көңілің кө­тері­лер» дейтін Абайдың компо­зи­тор­лығы қалың бұқараға әуелден белгілі. Дана ақынның «Қансонарда бүркітші шы­ғады аңға… Мұны оқыса, жігіттер, аң­шы оқысын, біле алмассың, құс салып дәм татпасаң» дейтініндей, жақ­сы атқа, қыран құсқа құмарлығы да аян. Жыл сайын салтанатын ке­лістіріп, құсбегілерін, мергендерін сай­лап, құс салып отырған. Ақынның ұлы Тұрағұлдың айтуынша, бала­ла­рының да әрқайсына құс салғызған кө­рінеді. «Әртүрлі мезгіл арасында екі жүз елу шамалы құсы қолыма ке­­ліп кеткен шығар. Ту­лақ­тың Шола­ғын­дай құс көргенім жоқ», – деп айтып отырушы еді. Бір жы­лы жай­лауда біреудің бір қоңыр қасқа атын бес құлынды биесін беріп алды да, оған көңілі толмай, бауырға түс­кен­де бес түйесін беріп, Қуқұла деген Қа­ракесекте атағы шыққан атты ал­ды. Жасында атқа болдыр­майтын жүр­гіш болыпты. Мен есімді білген кез­де алысырақ жерге арба жегіп, отыз-қырық шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді»…
Абай атамыз, сондай-ақ, дойбы, кар­та сықылды ойындардың бәрін де бір кісідей ойнапты. «Сөйтсе де, мен біл­ген кезде салынып, қызықтанып ойн­айтұғын ойыны – тоғызқұмалақ еді, – дейді Тұрағұл әкесі туралы ес­те­лігінде, –Қай-қайдағы тобықты ішін­дегі ойыншы шалдар келіп ай жа­тып ойнап қайтушы еді. Сондай ойын­шы шалдардың дәулеті нашар­лары кейде соғымдық қой, тай, тайын­ша алып, иә атқа мініп қайт­қа­ны да болды… Таңертеңгі шайды іш­кен соң құмалақ басталады. Менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құма­лағын ойнап жатады… Құма­лақтан әкемді жеңген адам көр­генім жоқ».
Осындайда біздің бір еске түсе­тіні, Абайдың інісі Оспан екеуінің қо­мақты бәйге тігіп, ауыл әйелдерін жаяу жа­рыстыратыны… Бұл да бір қы­зықты ермек түрі болса керек қой…
«Алаш» көсемі,Қазақстандағы Уақ­ытша үкіметтің комиссары, Ала­ш автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейханның да ірі журналист, этног­раф екенін білеміз. Бізді елең­деткен бір әңгіме оның бағбандығы жө­нінде еді. Қазіргі Қарағанды об­лысына қарасты Ақтоғай ауданында туған ол кейін Ресейде тұрғанымен, атамеке­ніне жиі оралып соғады екен. Өзі кезінде немере ағаларымен бірігіп осындағы Тоқырауын өзені жағасына ақ қайың егіпті. Күндердің күнінде сол ағаш үлкен тоғайға ай­на­лады. Кейбір дерек­тер­ге қарағанда, «Ақ­тоғай» атауы осы­ған орай пай­да болыпты. Көзі­қа­рақты оқырман білу­ге тиісті, кейбір кі­­таптарда Әлиханның марқұм әкесі мен аға­сының зираты басына
тік­кен екі алып еменнің фотосуреті кө­­рі­ніс беріп қояды. Сөйтсек, оны Әле­кең жас көшет түрінде Оңтүстік Америкадан алдырып, отырғызған көрінеді.
Тағы бір «Алаш» серкесі Ах­мет Байтұрсынов фотог­раф және композитор ретінде таныл­ған.
А.Затаевичтің айтуы бойынша, ол шебер дом­бырашы, әрі тәуір әнші. Зерттеуші «Қазақ халқы­ның 1000 әні» еңбегінде: «Ахмет Байтұрсынов өз халқының әндерін жақсы біледі және оларды тамаша орындайды. Қазақ елінің тарихын, этнографиясын, тұрмысы мен әдет-ғұрыптарын терең білетіндіктен, ол Торғай, Ақтөбе, Бөкей ордасы, сон­дай-ақ Қарқаралы өлкесінің әндерін жазғанда маған көп жәрдемдесті, тамаша екі күйді тіпті өзі орындады» деп жазады.
Мағжан Жұмабаев та он сауса­ғынан бал тамған шебер екен. Қо­л­-
ө­нер бұйымдарын керемет жасаған. Әсіресе, қамыстан себет тоқуға бейім болыпты. Кейде сол себеттерді сатып, тұрмыстық қажет өтеген. Ағаштан­түйін түйген Мағжанның қолынан шыққан бұйымдарына жолдастары да қатты қызығып, жоғары бағалап, тапсырыс беріп отырыпты.
Марқұм ақын Дихан Әбілев болса Жүсіпбек Аймауытовтың ісмер етікші екенін тамсана әңгімелер еді…

***
Сайып келгенде, бұл тақырыптағы сөз біршама. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, осынау біртуар тұлғалардың қай-қайсының да әуестігі әңгімесін қаузай түссе, небір ұлттық қазына маржанының ашыла бастай­тыны анық.

Құлтөлеу МҰҚАШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір