Қабдеш Жұмаділовке Ашық хат
19.08.2015
8311
0

1«Жұлдыз» журналының биылғы 4-санында белгілі қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің «Академиктің көз жасы» деп атаған деректі хикаяты жарық көрді. Журналдың 30 бетін алған, 9 тарау хикаятта халқымыздың дарабоз перзенті Қ.И.Сәтбаевтың 65 жылға созылған ғұмыр жолына шолу жасалып, ұлан-ғайыр еңбекке толы өмір кезеңдері суреттеліп, кеңес өкіметі тарапынан көрген қиянаттары дараланып, көз жасын көлдетіп төк­кені баяндалған. Қазірде өткен өмірімізге, кеңес өкіметі билік құрған жылдарға сыпыра қаралайтын болдық. Сол үрдісте халқымыздың сауаттылық деңгейі биікке көтеріліп, Еуропа халықтарымен иық теңестіргеніміз мүлдем айтылмайтын болды. Одан да өзге игіліктер ұмытылды… Бүгінгі ашық хатымда мен Қабдеш замандасымның өзіне тән аста-төк пиғылмен сол заманды сыпыра қаралаған пікірі туралы ой таластырмақ емеспін. Бұл енді әр қаламгердің өзі жөн деп білген пиғылы, білім-танымы.
Жә, «Ашық хатымды» «Қазақ әдебиетіне» ұсынудағы мақсатым – замандас қаламгердің осы хикаятта сөз еткен шерлі оқиғаларды, ғалым өмірінің белес-кезеңдері туралы, кейде көз жасын көлдетуге себеп болған жайттарды, Қаныш Имантайұлының айшықты еңбектерінің мәні мен сипатын менің жұртшылыққа мәлім «Қазақтың Қанышы», «Сәтбаев» немесе «Дара дарын» атанған, толық нұсқалары 1980 жылдан беріде қазақша, орысша да 11 мәрте басылған, жалпы таралымы 326000 дана болып тараған ғұмырнама кітаптарыма сілтеме жасамай, сыпыра көшіргенін қынжыла ескертуге мәжбүрмін. Турасын айтқанда, ұрлық жасаған. Бұл болса әдеби қауым қара тақтаға жазып, жұрт алдында масқаралайтын өрескел жайт. Қала берді, сот алдында шешілетін келеңсіз оқиға…
Қосымша ескертер жайт: Қабдештің осы хикаяты Алматының «Мерей» баспасы биыл шығарған «Академиктің көз жасы» деп атаған жаңа кітабына да еніпті. Ол кітапты мен көргем жоқ. Сонан кейін хикаятты жинақтың атына шығаруына қарағанда, өзінің қаламы өрген сүбелі еңбек санайтын тәрізді.

* * *

Ойлаймын: Қабдеш Жұмаділұлы маған дау айтып: «Медеу замандасым менің хатыма наразылық білдіріп, Сәтбаевтың қилы өмірі энциклопедияларда баяндал­ған, ғұ­мыр жолы, ғалымның еңбегі Е.Бө­ке­товтің, А.Брагиннің, Қ.Жұмалиевтің деректі кітап­та­рында және ертеде жа­рия­ланған очерктерде жазылған. Сізден мен ештеңе алға­мын жоқ…» – деуі мүм­кін. Иланымды сөз. Алайда, журналдағы хикаятта дараланған оқиғалар, көптеген деректер тек қана менің кітабымда жазылған. Жоғарыда аталған еңбектерде сол оқиғалар атымен жоқ. Егер де осы уәжім жалған десе – Қабдеш сол оқиға­лар­ды кімнен немесе қандай мұра­ғат­тан алғанын айғақпен дәлел­десін, әрі ол шығармасына «деректі хикаят» деген анық­тама қойған соң дерек негізін атауға тиіс еді. Өйтпейтін болса жазғаны ертекке ай­налмақ. Амал не, қаламгер әлемдік әде­биетте қалыптасқан дәстүрді тәрк еткен. Неге? Ұрлық еңбегін менен көшір­генін бай­қат­пау үшін. Шын­дығында сол оқиғалар, яғни хикаятта кел­тірілген деректер Қане­кең­нің өмір­бая­нында, энциклопедияларда, Мемле­кет­тік мұрағаттағы ғалымның арнайы қорында жоқ. Тек қана менің кітап­та­рымда ғана келтірілген. Соларды мен 1965 жылы бастап, қырық жыл­ға созылған ұзақ ізденісте ел аралап жүріп, 7-8 қаланың мұрағатынан және Қаныш ағамен бірге өскен, тізе қоса ең­бек еткен замандас­та­рын­ың аузынан жаз­ып алғамын (олардың жалпы қарамы 400-дей адам, серіктерінің де есімдерін атай отырып, әңгімелерін де кітабымда тәп­тіштеп келтіргенмін). Қабдеш сол естелік­тер мен деректерді хикаятының әр тарауында аста-төк әжетіне жаратқан. Сол адам­дармен мен де кездескенмін дей алмайды, өйткені олар өткен ғасырда өмір­ден озған адамдар. Жә, әншейін қа­ра­лау болмасын, нақты дәлелдер келті­ремін.
1. Менің кітабымның «Кенжетай» атан­ған алғашқы тарауында Имантай би жолаушы келе жатып иесіз далада қонып, түсінде түлкінің, қасқыр мен барыстың күшігі қойнын­да жатқанына таң болып, Бұ­қар жы­рау­дың ұрпағы Құрмантай абызға түсін жорытатыны суреттелген. Абыз ақсақал түсін жорып, «Бұл жалған­нан ұрпақсыз өтпейсің. Сәтбайға сәлем айт, саған жас әйел әперсін. Үш қарғашың болады, біреуі – қыз…», – дейді. Содан Имантай Сәтбайұлы 45 жасында екінші мәрте үйленеді. Өзіне күндесті Нұрым бәйбішенің өзі таңдап, Шорман аулының жас жесірі Әлима Исақызын айттырады. Қаныш (Ғабдул-Ғани) – сол марқұмның сүт кенжесі, 1899 жылы 12 сәуірде туған…
Мен қолданысқа енгізген түс оқиғасы «Академиктің көз жасында» былайша түрленген: Имантайдың ақылды бәйбішесі Нұрым түс көріп, Қабдештің жорамалынша, ақсақалының қойнынан түлкі күшігі мен қасқырдың екі бөлтірігі түскенін кө­реді-міс. «Алла бізге үш ұрпақ – бір қыз, екі ұл сүй­гізе­ді екен» дейді де, күндес болмақ кіші әйелді Шорман аулынан өзі таңдайды. Осы оқиғаны суреттерде Қ. Жұ­маді­лов: «Сәтбай қажының өзі бас бо­лып… Шорман аулына құда түсуге барады…» – дейді. Ескерту парыз: бұл оқиға 1890 жылы болған, Сәтбай ақсақал о кезде қажы емес, ауыл ағасы. Ол кісі 1902 жылы Мәккеге аттанып, сол сапардан қайтпай, Мәккеде жерленген. Демек, Сәтбайдың ата мекені жаңа ғасыр басында ғана «Қажы аулы» атанған. «Нұрым бәйбішенің пұшпағы қанамаған» деген өтірікті де Қабдеш өз жанынан қосқан. Нұрым Тасболатқызы Күнше есімді қыз туған, тек одан кейін бала көтермеген.
2. Қыр елінің аштыққа ұшырауына хикаяттың 29-30 беттері арналған. Осы тарауда Ұлытау қойнында кен іздеп жүрген Қаныштың геологтар машинасымен азық-түлік алып, бір мың шақырымға таяу жол жүріп, туған аулына түнде келіп, әкесі өзіне серік етіп жастай теліген Тәр­мізи Әбсалам­ұлы Имантаевтың отбасын және өзге туыс­қандарының 14-15 бүлдір­шінін құрым киізге орап алып (оқи­ға наурыз айында болған), ағайындарына аз-кем азық қалдырып, Қарсақбайдағы үйіне көп бейнетпен жеткізгенін (сол бүлдіршіндердің екеуі – өзінің туған әп­кесі Ғазизаның екі ұлы – Кемел мен Рә­шат), Кемел Ақышовтың кейіннен үлкен азамат, археолог-ғалым болғанын, туған әпкесі аштықтан өлгенін, сол қазаға Қа­ныш­­тың қатты қайғырғанын Қабдеш қаламгер Т.Имантаев пен М.Ко­ш­киналар­дың куәлігі арқылы әсерлі сурет­тейді. Жөн-ақ дейміз. Ерекше әсерлі оқиғалар. Тек сол куәгерлермен қашан, қандай жағ­дайда жолыққаны туралы ләм-мим де­мейді. Демейтіні: екеуі де өткен ғасырдың 90-жылдардың басында өмірден озған адамдар. Әлбетте, жазушы тәптіштеп си­пат­таған оқиғалар академиктің өмір­баян­­дық деректерінде жоқ, о кезде ре­с­ми айтуға болмайтын шерлі жайттар…
«Бұл жақсылықты жұртқа тезірек жария еткіміз келіп (Кемел Ақышев туралы деректі айтып отыр – М.С.), оқиға желісінен озып кеттік білем…», – дейді Жұмаділов 31-бетте. Ғапу етіңіз: бұл «жақсылықты» мен 1999 жылы «Атамұра» баспасынан үшінші мәрте жарық көрген «Қазақтың Қанышы» атты деректі романымда жария еткемін, содан бергі ба­сылымдардың бәрінде бар. Байқайсыз ба, академик К.Ақышовтың – Қанекеңнің туған жиені екенін Қабдеш замандасым «2015 жылы мен аштым» деп атой салып отыр. Аштық жылғы шерлі оқиғаны да ол менің кітабымнан қымқырған. Жантүрші­гер­лік осы кесапатты мен 1966 жылы, Бая­науылдың Теңдік аулында, Тәрмізи Имантаевтың үйінде он шақты күн қонақ болғанымда жазып алғамын. Тәрмізи ақсақал 1980 жылы Қарағандыға қоныс аударды, «Сәтбаевтың» мәскеулік тұңғыш басылымын менен сыйлыққа алды. Ал, Мария Кошкина (Қанекеңнің екінші қосағы Таисия жеңгейдің туған сіңлісі) сол оқиғалар туралы маған 1973 жылдары Алматыдағы пәтерінде отырып, егжей-тегжей сөз еткен-ді. Ол кісімен таныстыр­ған – марқұм Мейіз Қанышқызы. Екі куәгердің жүрекжарды естеліктерін мен кітабымда қаз қалпында келтіргемін (Қа­раңыз: «Шырғалаңда» тарауын!). Қабдеш қаламгер бұл оқиғаны сол тараудан кө­шір­ген, әрине аз-маз түрлентіп сипаттаумен. Ал, кейіпкерлердің диалогтары ме­нің баяндауым бойынша. Өз жанынан өзгерткені екі жиенін Қанекең Шорман­ның қара шаңырағы орнаған үлкен ауылдан жолшыбай алды дейді. Жаңсақ дерек. Ғазиза Имантайқызы ешқашанда бұл ауылда тұрмаған, келін болып түскен жері Шорман бидің Кіші ауылы, Әужанның Керетасы деген жер (Әужан – Шорманнан туған төрт ұлдың кішісі), яғни жиендері мен апасын құтқару үшін бұрыс ауылға әдейі барған. Әпкесі өліп қалыпты, екі ұлы шалажансар халде болған…
3. Хикаяттың 3-бөлімінде Қабдеш жа­зу­шы: «Бәлкім, қалың оқырманның бәрі бірдей біле бермес, баяғы аталарына тарт­қан Қаныш Имантайұлының да екі әйелі болды…» деген жайтты да өзі ашқан жаңа­лық ретінде келтіреді. Бұл енді дүйім елге мәлім жайт. Әсілі, хикаят­тың өне бойында осы сияқты өзінше ой­жо­тамен долбар­лаған деректер жиі кездеседі. Мысалы, 33-бетте «Ол кезде Жезқазған кен барлау басқармасы Атбасар түсті металдар тре­сіне, ал олар Мәс­кеу­дегі Түсті металдар бас басқар­ма­сына бағынатын-ды…», – дей ке­ліп, 1933 жылдың шерлі оқиғасын, Жез-қаз­ғанды барлауға Бас басқарманың қаржы бермеген қаскөй әрекетін сөз етеді. Атбасар түсті металдар тресі о кезде өмірде жоқ, 1929 жылы таратылған. Ал, Жез­қаз­ғанды барлаудың жолын кескен дөкейлер – Түсті металдар бас басқармасының өзі. Басты себеп – Ұлытау қойнында жатқан мыс қазынасына сенбеуден гөрі, жолы жоқ, суға тапшы өңірде үлкен өндіріс ашудың қиындығынан өрбіген. Бұл оқиға­лар менің кітабымның «Ұлытау жотасында» аталған екінші бөлімінде 11 тарауға (көлемі 179 бет) бөліп, барынша толық және нақты айғақ, естеліктермен сипат­тал­ған. Күрделі мәсе­ленің сәтті шешімі «Нар­комның алдында» тарауында ашылып, «темір нарком» аталған С.Орджоники­дзенің КСРО-ның бас билеушісі И.Ста­линге 1935 жылдың қаң­тарында көлемі біржарым бет хат жазып, «Үлкен Жезқазған» мыс комбинатын салу үшін Қарағанды-Жарық-Жезқазған темір жолын салуға 500 миллион сом мөл­ше­рін­де қаржы сұрауымен шешілген (Сол хатты мен Мәс­кеудегі Марксизм-Ле­ни­низм ин­с­титу­ты­ның жабық қорынан тауып, Жез­қаз­ғандағы өлке­тану мұражайына сыйла­ғамын, көшір­месін Қ.И.Сәтбаев туралы кітап­тарымда жарияладым).
«Академиктің көз жасы» хикаятының авторы осы оқиғаларды журналдың екі-үш бетіне сыйғызып, ықшамдап баянда­ған. Бәрін де мен 11 тарауға тарқатып, тәп­тіштеп жазған бөлімнен алған. Рас, 1933-34 жылдарда Қаныш Имантайұ­лы­ның геолог ретінде басынан кешкен оқи­ғалар ғылыми өмірбаяндарында ішінара бар. Сол жайтты көзір етіп, Қабдеш замандасым осы деректерді сізден алғаным жоқ деуі мүмкін. Алайда? 3-тарауда өзі сөз еткен басты оқиғалар тағы да менің жазбаларымнан көшірілген. Мысалы, С.Орджоникидзенің қабылдауына жету үшін өзінің ұстазы академик М.А.Усовтың байырғы танысы, «темір наркомның» ғылыми кеңесшісі, ғалым-металлург В.А.Ванюковтың көмегін пай­даланғаны, шынтуайтын айтқанда, менің қиялымнан өрбіген, иланымды ауызша деректерге сүйенуден туған оқиға еді. Сенесіз бе, оқырман, Қабдеш мына жазбасында сол «деректі» де қаз қалпында көшіріпті. Өз кітабымдағы «Наркомның ал­дында» тарауынан шағын үзінді келтіремін: «…Бұған әуелі главканың бастықтарын көндіруім керек. Иә, Үлкен Жезқазған үшін басқарманың қор қалтасын сілкіп бағамын. Одан арғысын тағы көрерміз…», – деді нар­ком». Осы қабылдауды баян­да­ғанда Қабдеш те: «…Әзірше Түсті металдар басқармасымен келісіп, соған олардың қоржын түбін қағып берермін. Ол жетпей жатса тағысын тағы көрерміз», – деген уәж айтады. Яғни, «Темір наркоммен» барлық диалог осы сарында, яғни мен келтірген деректер мен түйінді қай­талау болып шыққан.
Осыншама мол ұқсастықтың төрелігін оқырман қауым өзі шамалар деген ойдамын.
4. Жұмаділов хикаятының 4-тарауы 1937 жылғы қанды оқиғаларда Қаныш Имантайұлының үш бірдей ағасы, оқуы озық Сәтбаевтардың «Халық жауы» атанып, ату жазасына кесілуін егжей-тегжей суреттеуге арналған. Өмірде болған шерлі оқиғалар. Әбікей, Әбдікәрім және Ғазиз (Бөкеш атанған) Сәтбаевтардың жазықсыз қаза табуы, оларды Қ.И.Сәт­баев­тың ара­ша­лауға шама-шарқы жетпегені, өзінің де қыл көпірдің үстінде жүріп, Жезқазғанның мыс көмбесін ашқан ұлы еңбегімен аман қалғаны – жұртшылыққа мәлім. Мен де осы кезеңді шегіне жеткізе жазғамын. Қабдеш те осы жайттарды ашына суреттейді. Тек көпте­ген айғақтарды менен алғаны тағы да атойлап тұр. Мен тіпті соны даралап атап, ұрлық екенін айтуға ойланған жайдамын. Сөйтсе де… Осы тарауда жазушы заман­дасымның өзі топшылаған ұшқары пайымдауымен келіспейтінімді мәлімдеуге мәжбүрмін. И.В.Сталиннің әскери қол­бас­шылардың, жоғары шенді мыңдаған офицерлердің басын жойған 1937 жылғы қудалауын айта келіп, аяғында: «Қаныш Имантайұлы осыған дейін мұртты көсем жайында ала-құла ойда жүруші еді, мынадан кейін көсемге сенуден қалды…», – деген үзілді-кесілді пікір айтады (жур­налдың 35-беті). Бұл енді Қабдештің өз жорамалы, Қаныш тұлғасына сыйыспайтын жайт…
«Қазақтың Қанышы» ғұмырнамамның «Алатау баурайында» аталған үшінші бөлі­міне енген «Жаңа биіктерге» тарауында мен медицина ғылымдарының докторы, қазір де ортамызда отырған, Ханиса Қаныш­қызы Сәтбаеваның әкесі туралы естелігін келтіргемін. Әңгіме 1956 жылғы ақпан айында шақырылған КПСС-тің XX құрылтайы турасында. Қаныш Имантай­ұлы сол құрыл­тайдың делегаты, Мәскеуге ол өз перзенті Ханисамен бірге барған, қызының доктор­лық диссертациясын әзірлеп жүрген кезі. Н.С.Хрущевтің сол жиындағы жабық баяндамасын тыңдаған күні кеште И.Сталиннің қолымен жасал­ған қылмыстарды естіген кейбір делегаттар сорақы ақпарлы хабарды көтере алмай, қан қысымы кө­те­ріліп, «Жедел жәрдем» шақырған. Солардың бірі, Ғаниса Қанышқызының айтуынша, көкесі де мұрттай ұшқан…
«…Көкем Компартияға шынайы беріл­ген жан еді. Оның көсемдерін де ерекше жаратылған қайраткерлер деп санайтын-ды. Үш бірдей ағасынан бір жылда айрылып, өзі де сан мәрте қиянат көргенмен, партия басшыларына шаң жуытпайтын-ды, мұның бәрі орта жолдағы ұсақ ше­неу­ніктердің жымысқы қарекеті, ал үлкендер оны біл­мейді… деген уәжге имандай сенетін, – дейді Ханиса апай естелігінде. – Сол себепті көкем де алғашқы кезде Сталинді жаман­да­ған сөздерге елікпей, көбіне ақтап: «Ол жарықтықтың қылмы­сынан гөрі жақсы ісі көбірек!..» деп, қорғаудан жаңылмады. Алайда, бертінде жарияланған сорақы айғақтар көбейген сайын, әсіресе Мален­ков­тың, Берияның жауыздық істері әш­кереленген соң бұ­рын­ғы пікірін өзгертіп, кейбір оқиғаларды күйіне әңгімелейтін болды. «Бір ғана Қа­зақ­станнан неше мың жапон мен неміс шпионы шықты дегенге қалайша сенуге болады? Әбікей ағай, Бөкеш пен Әб­ді­кәрім­дер тірі жанға қастығы жоқ адал адамдар еді, олардың түбіне жеткендер – қасында жүрген соғындылар, заман да сөйтіңдер деп құтырып тұрған соң не со­рың?!. – деп бірде әңгіме айтып отырды да, кенет өз жайына ауысты. – Апырай, 1952 жылы әділдік іздеп, Орталық Комитетке шағынбақ болғаным әншейін әуре екен… Нарком Тевосянның мені сол әрекеттен тоқтатқан себебін де бертінде ұқтым, сөйтсем, сабаз бәрі-бәрін біліп, амалсыз іштен тынып тұншығып жүрген… Сендер, жастар, бақытты жансыңдар, нақақтан жазалау сап тиылды. Міне, үкімет саясатын, басшыларды да сынап отырмыз. Ой-пікіріңді именбей ашық айтатын заманда өмір сүрудің өзі шексіз бақыт!..».
Осы естеліктен де Қаныш Имантайұлы­ның саясат әлемінен үнемі қашық болып, геологиялық, иә ғылыми ізденіспен бері­ле шұғылданғанын аңғару қиын емес. Осыған орай математика профессоры, Алаш қоз­ға­лы­сының жетекші қайрат­кер­ле­рінің алдыңғы легінде болған Әлімхан Ермековтің 1960 жылдары үш күнге созыл­ған ұзақ әңгімеде: «Өміріңізде өкін­ген істеріңіз болды ма? – деген сұрауыма жетпіс жастағы зейнеткер маған: «Қар­ғаш, үш нәрсеге өкінемін. Соның ал­ғаш­қысы – ту бастан ғылымға әуей жан едім, әзірлігім де бар еді. Амал қанша, 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен бастап мен саясатқа ден қойдым. Оның ақыры жұртқа мәлім: өмірімнің 19 жылын суық Сібірде, айдауда өткіздім. Қаныштың менен артықшылығы да осында, шу дегеннен геологияға түсті де содан жеміс терді…», – деген-ді.
Ал, Қабдеш әріптесім біртуар ғалым Қаныш Имантайұлын өмірден озған кезде, яки елу жылдан соң саясат майданына күштеп теліп, И. Сталин ұйымдастырған 1937 жылдар оқиғаларынан соң-ақ ол Күн-көсемге деген сенімнен ада болып, іштей наразылыққа ауған дейді. Менің кәміл сенімімше, Мұхтар, Қаныш, Ахмет, Әлихан, Әлімхан, Мұстафа сынды ұлттық тұлға­ла­рымыздың өмір жолын, көзқара­сын, ой-пікірін, атқарған қандай да ісін бүгінгі уақыт­қа бейімдеп, кейбір ойларын, әрекет­терін қолдан «жақсартып», саясатқа бейім­деп немесе «түзету» жасау қажет емес. Бәрі де өз уақытында ұлт мүддесі үшін атқарған ісімен, ойымен дара адамдар. Менімше, Қабдеш «Акаде­мик­тің көз жасы» хикаятын толғағанда Қаныш ағамыздың 1937 жылғы науқанда жоғалтқан ағаларын көз жасын көлдетіп қайғырғанын, 1951-53 жылдардағы қуғын-сүргінде өзінің нақақтан жапа шек­кенін төндіре баяндап, бүгінгі ағым­дағы саясатқа үн қосқандай етіп сурет­тейді. Мына хикаят та, сірә, сол үшін жа­зыл­ған. Бірақ қайталап айтамыз, көп жайтты өз болжауына бұрып, теріс-қағыс баяндайды. Дерек үшін айтамын: Қане­кеңнің замандасы һәм шәкірті, ондаған жыл қарауында еңбек еткен академик Шапық Шөкин «Жылдың төрт мезгілі» деп атаған естелік кітабында: «Қанекең туған ағасы Ғазизды есіне алып отырып, сол жайсаңның дарыны менен әлдеқайда артық еді, амал не, ғұмыры қысқа болды…», – деп ағыл-тегіл өксі­генін мен тұң­ғыш және соңғы рет көр­дім…», – деген.
Журналдың 36-бетінде Қ.Жұмаділов өзінің оғаш ойын академиктің түңілген сәтіне бұрып, шегендеп айтады: «Өзіңді жат санап, өгей баладай өкпеге тебетін отаршыл өкіметке құла дүзден кен іздеп, мыс балқытып беретіндей – осы менікі не азап? – дейді кейде ызаға булығып, – Қазақ жерінің қазынасы жат жұртқа жем бол­ған­ша, өзінің болашақ қожасын күтіп, қозғау­сыз жата бермей ме?..».
Байқайсыз ба, оқырман? Қабдеш «көрегеннің» аңдауынша, Қаныш ағамыз 1937 жылдарда-ақ Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет боларын көрегендікпен болжа­ған. Қисынсыз ой демеске лажым жоқ. Ұзақ жылдар өмір жолын зерттегенде мен біртуар ғалымның өзі таңдаған ма­ман­дықтың бүге-шігесін терең біліп, ақыл-зердесінің озықтығы, көрегендігі арқасында өзін шексіз ардақтап, кеңестік ғылымның дарабозы атандырып, неше түрлі атақ-құрметтерге шектеусіз бөлен­генін мадақ етіп, сол жайттарды шығар­ма­ма темірқазық етіп жазған едім. Ең бастысы, Қанекеңнің өзін ардақтаған коммунистік жүйеге адал­дығын көрсетке­мін. Өмір жолы да, ой-пиғылы да солай екені мен үшін айқын еді. Сол себептен де Қабдештің жоғарыдағы ойы тек қана өзінікі, сондай қитұрқы пікір Қаныш Сәтбаев тұлғасына жат деймін.
Жоғарыда ескерткенімдей, «Акаде­мик­­тің көз жасы» хикаятының авторы Қазақ КСР ҒА-сын жеделдетіп құру жолын­дағы Қанекеңнің қажырлы еңбегін, Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр кезін­де Жезд­і­дегі марганец кенін нұсқаудағы ғажап ерлігін (Осы іске Қара металлургия наркомы Тевосян мен Сталиннің қатысуы), әсіресе 1951-53 жылдардағы саяси қу­ғындау оқиғаларын сипаттауды да тү­гелдей менің кітабымнан көшірген. Оған илану үшін Қабдеш хикаятын оқыңыз да, менің осы оқиғаларға арнаған тарауларыма көз салыңыз. Жә, сол «көшірімпаз­дықтың» айқын мысалы ретінде тағы бір дерек келтіремін де өзімді ерекше қын­жылтқан ұрлық туралы сынымды осымен тежеймін.
Төмендегі әңгіме Қаныш ағамыздың КСРО Парламент делегациясымен 1947 жылы Англияға сапары жайында. Мен осы сапарға жеке тарау арнап, «Тұманды альбион елінде» деп атағамын. Кеңес деле­гациясын қабылдау үстінде үй иесі У.Черчилль өзіндей алып тұлғалы, басы да ора­сан үлкен әрі бет-бейнесі өзгеше қазақ ғалымына ерекше назар бөліп, келелі әң­гіме бастайды. Сол әңгіменің орта шенінде мынадай диалог бар: «Черчилль мырза сіздің ұлтыңызды сұрайды, – дейді. «Қазақпын, сэр, – депті ғалым. «…Сонда қазақтардың бітімі сіздей алып па?» – деген үй иесінің таңданысына: «О, жоқ, халқым менен әлдеқайда еңселі…», – дейді Қанекең. Осы әңгіменің соңында ағылшын лорды тағы да таңданып: «Ағыл­шын капиталы сіздің сахараға да жеткен!.. Ғажап, қиял жетпес қияндарға шыққанбыз…», – деп өз ұлтын мадақтаудан да тайынбаған.
Енді осы әңгімені Қабдештің қалайша «түрлендіргенін» келтіремін.
«Жұлдыз» журналының 49-бетінен: «Солай деңіз… Ағылшын капиталы қазақ даласына дейін жеткен екен-ау! – деді үй иесі разы болып. – Мен қазақтарды бұрын көрмеппін. Айтыңызшы, Сәтбаев мырза, қазақтың бәрі осы өзіңіз секілді мелжемді, бойшаң бола ма? – деген соң аузындағы сигарын рақаттана сорып тұрып. Сонда Қаныш Имантайұлы бөгел­местен: «Мен – орта деңгейдегі қазақ­пын. Менің халқым менен әлдеқайда биік! – деп жауап беріп еді».
Осы сапардың жөнін, сонда болған әңгімені мен Т.А.Сәтбаеваның ері туралы естелік кітабынан алып, жоғарыдағы бейнелі диалогты Жезді кенішінің директоры Ә.Тоқтыбаев ақсақалдың ауызекі әңгімесімен нақтылаған едім. Ал, Қабдеш өзі келтірген Черчилльмен диалогты қай­дан алғанын маған нұсқаса – кешірім сұрауға әзірмін. Рас, Англияға сапар туралы қысқа әңгіме орта мектепке арнал­ған оқулықта бар, оның авторы академик А. Машанов (бірақ, ол кісі шынайы болған сұхбатты қисынсыз бұрмалап көрсеткен). Қысқасы, осы оқиғаны да хикаят авторы менен ұрлаған. Солай екенін оқырман жоғарыдағы екі нұсқаны өзара салыс­тырса шүбәсіз иланады…

* * *

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: өзін көрнекті қаламгер санайтын Қабдеш Жұмаділов (менімен бір жылғы төл, сексен жастың сеңгіріне ілінген түйдей құр­дас­пыз) «Академиктің көз жасы» атты деректі хикая­тының өзінше сұрыпталған оқиғаларын бастан-аяқ менің Қ.И.Сәт­баев туралы ғұмырнама кітабымның бір емес, жиырма шақты тарауларынан ұялмай қымқырған. Өзім жаздым дерлік еңбегі тек қана – мен тарауларға бөліп, сюжет құрып, даралаған көптеген оқиға­лар­ды, айғақтарды өзінше ықшамдап, конспекті түрінде әжетіне жарат­қан. Сөйтуінің айқын мысалын жоға­рыда даралап көрсеттім. Сөзді көбейт­пеу үшін әлбетте барлығын тізгемін жоқ. Қажет деп білсем оны да жасаймын. Қо­сымша ескертерім: Қаныш Имантайұлы­ның өмір жолын өзінше саралап отырып, Қабдеш әлденеше қателіктерге де ұрынған. Оның бәрін айтсам, Ашық хатым 5-6 бет емес, он шақты параққа созылар еді. Соны газет беті көтермейтінін ескеріп, барлық ұрлығын тізбедім. Бос сөз болмасын: ең соңғы өрес­кел өтірігін ғана көрсетемін: хикаяттың соңында мынадай тұжырым бар: «Академик Сәтбаев 1964 жылы, 31 қаңтарда Мәскеуде, операция үстелінде қайтыс болып, 3 ақпан күні Алматыда жерленді…», – дейді жазушы. Қаныш ағамыз соғыс жылдарында соқыр ішегін ғана алдырған, одан өзге отаға түскен жоқ, академик Вишневский 1962 жылы ұлтабарын шалған обыр ісігін алып тас­тамақ болғанда, әскери госпитальда небәрі бес тәулік жатып, Алматыға қайтып келіп, радий сәулесімен емделген. Екі жылдай уақыт қатерлі ісіктен айыққан да. Алайда, Мәскеуге, Жоғары Кеңес сессиясына барған сапарында, бұл желтоқсанның аяқ шені, сол ауру қайта күшейіп, Кунцеводағы Кремль ауруханасына түсіп, оңаша палата­да­ғы төсегінде жатып, 31 қаңтарда, кешкі сағат бес шамасында опат болған…
Қабдеш отадан өлді дегенді де өз ойынан құрастырған. Қайталап айтамын, мұндай ойжоталар хикаятында аз емес…
Ұзақ сөздің түйіні мынау: дүйім жұртқа белгілі, 1980 жылдан бері 11 рет басыл­ған менің еңбегімді тежеусіз жымқырумен қоса әлгіндей ойжота қателері мол, ши­кілі-пісілі еңбегін журналда жариялап, менен де гөрі өзінің беделіне өлшеусіз зиян келтірді демекпін. Жә, осындай сорақы ұрлыққа ол не себептен барған? Түсініксіз гәп. Мен ойла­дым: сірә, қаламы жүйрік замандасым жазар тақырыбын тауысқан, өзінше сенсация жасағысы келіп, өзі білмейтін, ғылымын түсінбейтін ауыр тақырыпқа қалам сілтеген. О да бір сәрі, менің еңбегіме қол салған. Қысқасы, қаламгер қартайған шағында масқара іске ден қойғаны үшін менен кешірім сұрасын! Мына «Ашық хатты» жазбаша ескерту деп санасын. Қабдеш Жұмаділұ­лы­ның бұдан бірнеше жыл бұрын әдебиет ақсақалы Ә.Нұрпейісовке сот үкімімен ұмытпастай айып тартқаны – жұртшылық­қа мәлім. Мен де сол шараны қайталауға пейілмін…
Шынымды айтайын, осы хатты жазып қойып, неше тәулік ойландым. Менің жа­сымда бұл – елімізге, ұлтымызға нұқсан келтірер ұят іс. Ақыры, әділдік үшін, әде­бие­тіміздің беделі үшін жүзеге асқан осынау әдеби ұрлықты әшкерелеуді жөн деп білдім. Мен үшін әлбетте әділдік қымбат!..

Медеу СӘРСЕКЕ,
жазушы, Семей қаласы мен Баянауыл ауданының Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Шығыс Қазақстан және Семей университеттерінің
Құрметті профессоры,
МАИ мен Тарих қоғамдық
академияларының толық мүшесі.  

17 маусым, 2015 жыл, Семей.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір