ЖҮРЕКТІ ЖАНДЫРАР ЖАННЫҢ ЖҰМБАҒЫ НЕДЕ?
13.10.2017
1919
1

Фатима Ғабитованың қайраткерлік қайсарлығының бастауы – Ана жүрегінде жатса керек. Үстіміздегі жылдың 14 қазаны – Фатима Ғабитованың туған күні. Абзал Ана дүниеден озар шағында балаларына оны қайтқан күнінде емес, туған күнінде еске алуларын өсиет еткен екен.

«…Мен айналдым көзіңнен,
Жаутаңдаған жаным-ай!
Сол көзіңнен қызулы от,
Тұрғансыды жанып-ай», –
деп жырлайды ақын.
Жаутаңдаған жан – Фатима Ға­би­това. Жырға қосқан ақын – Ілияс Жан­сүгіров. Ондаған жылдар бойы сүйікті Бәтішіне деген асқақ сезімін өлең­мен өрнектеген ұлы ақынның ли­рикалық поэзиясының басым бө­лігі ақынның өзі айтпақшы, «мазмұны мық­ты, тілі тәтті, қуатына қуат, ақы­лы­на ақыл қосқан, ой көзін ашқан өмірлік серігі «Фатима» атты кітабына арналған. Ақын сүйіктісі көз алдынан сәл ұзаса, «сөзін санап, көзін елес­те­ту­мен өтемін» деп жазады күн­де­лік­терінде.
Ұлы ақынның сезімін серпілтіп, са­насын сергіткен осы асыл жанның та­биғат тылсымына, таным тұң­ғиы­ғына тамсанбасқа лажың жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Фа­тима Ғабитова­ның өмір жолындай әйел тағдыры қазақ топырағында бұ­рын-соңды болған емес.
Бұл құдіреттің сыры неде? Талай тар­ланды тамсандырған сұлулық па екен? Әлде дарабоздың дарынын да­мытып, даңқын асырған дархан мінез бе екен? Немесе Ілияс ақынның тілі­мен айтқанда, «жүректерді жандырған көз бен сезім» бе екен?
Жауапты, ең алдымен Фатима ханум­ның жырларынан із­дей­сің. Жиыр­ма бестен енді ғана ас­қан ша­ғында:
Жан алсаң да, қорқу жоқ,
Маған керек жан емес,
Арым болса болғаны,
Арсыз адам мен емес! –
деп жырлаған ол өмірінің соңында да сол баяғы күрескерлік, қайраткерлік қалпынан еш айнымағанын 1963 жы­лы жазылған мына өлең жолдарынан ай­қын аңғарамыз:
Біздер кешкен қанды жолдар,
Ескерусіз қалмасын.
Ділсіз біреу бұл сөзіме,
Діттеп назар салмасын…
Олар назар салғанменен,
Білем ләззат алмасын.
Фатиманың су­рет­ші Николай Хлудовтың «Шомылу­шы­лар» атты та­нымал туындысы ту­ралы ойлары оның тағы бір дара­лығын аша түсе­ді.
Алдыңда жатқан көне суреттерден кө­зіңді айыра алмай, олардан да сол бая­ғы жауапты іздейсің. Сарғылт тар­тып сарғая бастаған суреттерден бой­жеткен Фатима мен қайраткер Фа­­тиманың көзінің оты мен жүзінің нұры шашқан асқан сұлулық пен мінез байлығын байқағанмен, олар­дың сыртындағы сыр-сымбат, па­расат-пайым, бітім-болмыс құпиясы­ның тереңіне толық бойлай ал­май­сың.
Ол тылсымды, ол тереңдікті та­нып-білу бүгінгі оқырман, біз түгілі, Фатиманың заңғар замандастарының да ешқайсының маңдайына жазыл­ма­ған сияқты. Әзіл-қалжың­дары жа­рас­қан Ғани Мұратбаев, Бейім­­бет Май­лин, Жұмат Ша­нин сияқты атақ­ты заман­дастары «Сұлу, иісті гүл ті­кенге ға­на бі­теді» деп, Фа­ти­маның қа­н­ы­на біткен ерекше тар­тым­дылық пен тек­тіге ғана жарасқан мі­нез-қы­лы­ғын тілге тиек ете­ді. Оның таби­ға­тындағы тәкаппарлық, тегіндегі бек­задалық, мінезіндегі өршілдік те біз жауабын іздеген құдіреттің бір ға­на сыры екендігі сөзсіз.
Жалған дүниеден мәңгілікке ат­танар жылы жазған жазбасында Фа­тима ханум:
«Не жазарымды өзім де біл­мей­мін…
Таусылған талабымды жазайын ба? Жазықсыз тартқан жазамды жа­зайын ба? Жазым болған жарымды жа­зайын ба? Жападан жалғыз опат бол­ған ұлымды жазайын ба? Болмаса, жа­ғама жармасқалы тұрған өлімді жа­зайын ба? Жоқ, бұл қаралы, қай­ғылы халдерді жазбайын! Жанның жү­гін жеңілдететін, жанды жадыра­та­тын жайларды жазайын! Өр көкі­рек, өршіл ұлдарымды жазайын. На­­мысты, абыройлы қыздарымды жа­зайын. Ендігі жазатын әңгімем де, жыр­лайтын жырым да осылар бо­л­сын», – деп, ағынан жарылады.
Небары 16 жасында тұңғыш құр­сақ көтеріп, ана атанған Фатима ханум­ның Біләл, Ілияс, Мұхтардан қал­ған ұрпақты безбен биліктің бұ­ғауынан, қилы қуғынның қияметінен, тар тірліктің тауқыметінен аман-есен алып шығуы да – жасампаз Ана Жүрегінің жеңісі.

Қалдыгүл ЖАНЫБАЕВА.

ПІКІРЛЕР1
Қалдыгүл 14.10.2017 | 07:50

Бүгін Фатима Ғабитованың туған күні

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір