Суыт хабар
13.10.2017
2534
1

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ


Апта соңы. Күн сенбі. Үш қа­бат­ты әсем безендірліп салынған үй, жан-жағы биік дуалмен қор­шалған. Дуалдың алдындағы шағын дүңгіршекте арнайы форма киген екі сақшы отыр. Үйдің кіреберісінде қара костюм киіп, галстук таққан, түстері суық, қабақтары қату оққа­ғар­лар жүр. Түнімен жауған жаңбыр тоқ­тап, аспанда бір шөкім де бұлт қалмаған.
Қайдар астаналық ірі байларға лайық әсем де еңселі үйінде пештің аузында жантайып кітап оқып жатыр. Барынша ұқыптап жарылған сексеуіл ағашын айқастырып от жағылған. Дағарадай кең де еңселі «сарайында» аспазы мен үй қызмет­ші­лері ғана қарбалас шаруаларымен кіріп-шығып жүр. Отбасы мүшелері яғни, қатын, бала-шағаларының қа­расы көрінбейді. Әйелі мен бала­ла­рының Лондонда тұрып жатқа­ны­на бір жарым жылдан асты. Әр ап­та сайын болмаса да айында екі мәр­те өзі барып, қайтып тұрады.
Лондондағы үйі де мұндағыдан артық болмаса, кем түспейді. От­ба­сы мүшелерін кәрі Еуропаның тө­ріне апарып, алыста ұстауының өзіндік сыры бар. Мың құбылған кезең келбетінің алда қалай өзгеріп, не боларын алдын ала болжай ал­май­сың. «Адамның басы – Алланың добы». Алда-жалда өзіне тіреу бо­лып отырған ана кісі олай-бұлай бо­лып кетсе немесе аяқ астынан көрші елдердегідей түрлі-түсті төң­ке­рістер бұрқ етіп, «қазақ көктемі» бола қалса, жағдайдың қалай бо­ларын кім біледі?
Сондықтан, лауазымды қызме­тін пайдаланып, мүлік жинап қоң­данған жаңа байлардың көбі жиған-тергендерін шетелге апарып тығуды әдетке айналдырған. Өзінен жоғары тұрған әлде біреулерге жақпай қал­са, істі болып, абақтыға жабылуы да әр қадам сайын төнетін ең ықтимал қауіп.
Осы себептен Қайдар қатын, ба­ла-шағасын Лондонға апарып қоныстандырған жайы бар. Бұл оның ғана сақтық шарасы емес, байшыкештердің бәріне ортақ кө­кей­дегі күмән мен күдік. Сондықтан да, көбі қазір Астанадағы ат шап­тырым кең сарайдай «боз үйлерінде» салт бас, сабау қамшы күн кешіп жатқан жайлары бар. Қайдар қо­лын­дағы кітабын тастады да ор­нынан тұрды. Сағат таңғы жетіні көрсетіп тұр. Лондонға хабарласып, бала-шағаның жай-күйін білуге әлі ерте. Олар қазір шырт ұйқыда.
Кең бөлмені бойлап арлы-берлі біраз жүрді де үлкен лауазымға келгеннен бері қасынан бір елі тас­та­май өзі желеп-жебеп жүрген, ту­ған інісіндей болып кеткен министр Тасбайға телефон соқты:
– Таске, қайырлы таң! Сенің мұның қай жатыс! Тез тұр, аңға
шығамыз.
– Көке, ондай жоспарыңыз болмаған секілді еді ғой.
– Жоспарсыз-ақ кете береміз.
– Жақсы. Ас-су әзірлеуге ана жолғы қыздарды алайық па?
– Жоға, олардан жастауы жоқ па?
– Сізге ана студент мисс ше?
– Болады, ала жүр.
Қайдар шомылып шыққан соң аспазы келіп таңғы асқа шақырды. Асықпай отырып, тойғанынша та­мақтанды. Сәлден соң Тасбай бас­таған аңшылар тобы келіп жеткенін күзет қызметі хабарлады.
Жол талғамайтын бірнеше кө­лік­ті тізгіндеген топ әне-міне де­ген­ше, межелеген жерге жетті. Та­мыл­жыған табиғат аясындағы еркін тірлік басталды. Жігіттер жағы шатырларын тігіп жатыр. Әртүрлі деңгейдегі «мисс» деген атаққа ие бол­ған бірқатар шүйкебас жиналып, ас-судың қамына кірісіп жатыр. Екі жігіт бір микробустан арнайы қағаз дорбаға салынған, сексеуілдің шөл­кесінен жарып дайындалған отын­ды түсіріп, от жағуды бастады. Қыз-жігіттерден тұратын төрт жұп кәуәп жасаудың қамына кіріскен.
Қайдар мылтығын асынып, қасына Тасбайды ертіп, айналаны шолуға шықты. Сайдың тасындай іріктелген күзет қызметінің бес жігі­ті ере шығып, қожайындарын қозыкөш жерден қарауылдап жүр.
Екеуі айналаны кезіп біраз жүр­ді. Ағаштың түбінен ытқып шыққан бір қоянды Қайдар дәлдеп тұрып атып еді, дарымады. Айналаны жаң­ғартқан мылтық даусын естіген құстар ағаш басынан дүр етіп ұшып, әлде бір жаққа безіп, зым-зия жо­ғал­ды.
Анандайтын жерде көл көрінді. Онша алыс та емес екен. Жағасына барып еді, суы терең болғанымен тұ­­нық әрі балығы көп секілді кө­рінді. Түскі астан кейін келіп балық аулайтын болып келісіп, екі дос кері қайтты.
Олар қайта оралғанда шатырлар тігіліп болып, көл-көсір дастархан да әлде қашан жасалып қойыпты. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар дерліктей-ақ екен. Қалай пісірілгені белгісіз, қозының етін үлбіретіп тұ­рып, бүп-бүтін күйінде әкеліп қой­ды. Шанышқымен түйіреп қал­саң болды, сүйегінен ажырап жұп-жұмсақ еті ауызға кіре сала еріп кетердей. Дәмі тіл үйіреді.
Кәуәпті де барынша дәмдеп даяр­лаған екен. Бәрі жапа-тармағай ауыз қимылдатуға кіріскен. Таза ауа­да жаяу көп жүргендіктен бе, Қай­дардың ішегі шұрылдап, қарны ашып кеткен еді. Алдындағы бұйыр­ған астан асықпай асап, тұшына қылғытып отыр.
Дастарханды Тасбай басқарып, әркімнің қалауы бойынша виски, мартини, царская водка секілді ішімдіктердің жоғары сапалысын құйдырып, барлығының алдындағы бокалдарын түгендеп алған соң былай деді:
– Жігіттер-қыздар! Барлық­тарың­ды бүгін таза ауаға, табиғат аясына алып шығу идеяны көтерген баршамыздың қамқоршымыз, ең жақын жанашыр сүйеушіміз Кәкең аман болсын! Алғашқы тостыны Кәкеңнің денсаулығы үшін алып қояйық!
Бәрі қол соғып, «Кәкең үшін» деп шуласып, алма-кезек сілтеп жа­тыр. Өзінің денсаулығы үшін серіктестерінің жан аямай ішісіп жатқанына маңғаздана бір қарап алып, Қайдар сөз алды:
– Рақмет, сендерге! Бүгін азанда ерте тұрып алып, барлығыңды таза ауаға алып шығайын деп шештім. Сендердің қолдауларыңның арқа­сын­да жұмыс-шаруамыз ретімен жүріп жатыр ғой. Арасында осылай демалуымыз да керек. «Оралыңның барында ойна да, күл» демеуші ме еді, халық әнінде. Олай болса, осылай тойлап-думандатып жүр­ге­німіз аса құрметті анау ағамыздың арқасы. Ол кісі болмаса, мұнда отырған бәрің қайда жүрер едіңдер? Оны бір Құдай біледі. Ендеше, мына тостыны Үлкен ағамыздың аман­дығы үшін алып қойсақ қайтеді?
– О, әрине Кәке! Ағамыз үшін, сол кісінің амандығы үшін, дені­нің саулығы үшін, әлі де бізді басқара беруі үшін алайықшы! – деген жу­ан-жіңішке, тұнық-барылдақ, жұм­сақ-қатты, баяу-зор сан қилы дауыс­тардан құлақ тұнып кетті.
Егер бұл дауысты алыстап есті­ген жан болса, оны адам баласының сөзінен гөрі үзіліссіз ыңырсыған әлде аңның қыңсылауы ма немесе ылыққан иттердің дыбысына кө­бі­рек ұқсатқан болар ма еді. Несі бол­са да, қатарласа шулаған дауыс­тар­ды бір-бірінен ажыратып, бір­деме ұға қоюы екіталай-ау.
Отырғандар ішіп-жеумен қатар өз дәрежелерінің ретімен сөз алып, ба­та-тілек айтуды да жалғастырып жатты, бейне бір мәжіліс құрғандай бәрі тым белсенді. Әңгіме ауаны Қай­дардың ақыл-парасатына, адам­гершілігіне мадақ айтыла келе оның барлығының қамқоршысы әрі желеп-жебеуші екендігі аталады және аман-есен жүріп, даңқы мен дәрежесінің арта беруіне тілек пен батаны аямай жаудыртады.
Олардың арасында жүзінде күл­кі ойнатқанымен түсі суықтау кел­ген бір жігіт жан-жағына алақ-жұ­лақ қарағыштап, әркімнің ауызын бір бағып, бәрін аңдып отыр. Біреу­дің аузынан түскен сөзді аш бүркіт­ше іліп әкетуге даяр секілді көріне­тін кейпі біртүрлі оғаш. Бұл үн­­де­местер мекемесінен арнайы та­ғайын­далған агент еді. Белгілі бір топтың ортасында не айтылып жатқанын айна-қатесіз, ешбір қос­пасыз, сағат, минут, секундына шейін аса дәлдікпен үш әріптен тұратын арнайы қызметке жеткізу оның міндеті. Әсіресе, ана кісі жа­йын­да не айтылады, соны аңду оның аса мәртебелі парызы.
Егер әлде бір жағымсыз пікір ай­тылса, тіпті, мадақталғанның өзін­де ана отырған Қайдардың аузынан бір ауыз күмәнді сөз түсе қалса, жаңағы агенттің бағы жа­на­ды. Ондай сөзді жерге түсірмей іліп алып жеткізсе, ол үшін олжаның ірісі сол болмақ.
Бірақ, Қайдар ол ойлағандай ақы­мақ адам емес. Осы топтың ішінде тыңшы мен жансыздың не­ше түрі жүргенін, олардың еш­теңе­ден тайынбайтынын, бір ауыз сөзін бұрмалап, өңін аударып жеткіз­ген­нің өзінде омақа асатынын жақсы біледі. Сондықтан да, абайлап сөйлеуді, ішінде бір бармағын бүгіп отыруды бұрыннан әдетке айнал­дырып алған.
Ішіп-жеп болған соң ұзақ оты­ру­­ды Қайдар қаламады. Жарамсақ­тана жағымпазданып тост айту­шылардың мадақ сөздерін тоқтатып былай деді:
– Болды, жігіттер! Мақта­ған­да­рыңа рақмет! Енді, мұнда азаннан кешке дейін тост айтуға келген жоқпыз ғой. Таза ауада бой жазып демалайық. Тауға шығып, жеміс теремін дегендерің болса, солай барыңдар. Менімен бірге жүріп балық аулайтындарың болса, көлге қарай жүрейік. Бастысы, адасып кетпеңдер, топтасып жүріңдер! Кү­зет қызметінің жігіттері бәрін бақы­лауда ұстаңдар! Иен жерде неше түр­лі қашқын, ұры-қарылар да жүруі мүмкін.
Бәрі жапа-тармағай орын­да­ры­нан тұрысып, өздеріне тиесілі ша­тыр­ларға қарай кетісті. Сәлден соң Тасбай бастаған бірнешеуі Қайдар­ды ортаға алып көлге қарай аяңда­ды.
Көлдің балығы көп әрі ірі де ек­ен. Қайдардың қанжығасы әбден майланды, бірінен соң бірін жағаға лақтырып жатыр. Көмекші жігіт балықтарды қармақтан тез ажыра­тып алады да, бастарын тасқа бір ұр­ып сеспей қатырады. Ал, көлемі бір еліге жетпейтін шабақтарды тірі күйінде көлге қайтадан лақтыра салады.
Қайдардың да қарс түйілген қабағы бір сәтке ашылып жадырап сала берді. Шефінің көңілденгені Тасбай үшін де зор қуаныш еді. Соң­ғы кезде бастығының көңілі пәс, қабағы тұнжырап жүр. Ешкімге сырын ашып айтпайды. Бұрынғыдай анекдот айтпайды, қарқылдап күлмейді. Себебін сұраудан Тасбай име­неді, өзі айтпаса қазбалауды ол ешқашан жөн деп таппайды. Күн батардың алдында ғана олар шатыр маңына оралды. Әкелген балық­та­рын аспаздарға өткізіп, жартысынан сорпа дайындауға, қалғанын қуыруға тапсырма берді.
Қас қарая бере орман шетіне алау жағып, бәрі айнала дөңгеленіп отырысты. Гитара, домбыра, шаң­қо­быз аспаптарының сүйемел­деуі­мен қыз-жігіттер ән шырқады. Қай­дар ән тыңдай отырып, маздап жанған оттан көзін алмай терең ойға шомып үнсіз қатып қалғандай. Сонда да қыз-жігіттердің көңілін аулау үшін ғана оқта-текте еңсесін тіктеп «ой, жарайсыңдар!» деп қояды. Бірақ, көңіл-күйі сонша­лық­ты мәз еместігі бірден аңға­рылады.
Алау отының басындағы ән-ду­ман біткен соң жұрт тарқасып, әр­кім әр жаққа серуендеуге кетті.
Айлы түн. Айнала тыныштық. Орман ішінде екеуден екеу оңаша қыдырып жүр. Анда-санда жігіт­тер­дің қауқылдасқан дауыстары мен қыздардың сыңғырлаған күлкілері ғана әудем жерден талып жетеді. Қайдарды қолтықтап алған студент мисс оның көңілін көтермекке түр­лі әңгіменің басын шалып келеді. Ол қыздың көңілін жықпас үшін ғана «а, солай ма», «е, бопты, енде­ше» деген сөздерді айтып келе жат­қаны болмаса, ойы мүлдем басқа жақта.
Әрине, мына мисс өзінен көп жас кіші әрі хас сұлудың өзі. Бірақ, неге екенін білмейді, мына қасында бірге серуендеп келе жатқан жас сұлу Қайдар үшін тіпті, адам емес секілді. Бейнебір қуыршақ. Мұны кім деуге болады? Қызмет көрсетуші ме, тұтынушы ма? Алу үшін әбігерге түскен бір әуре. Өзінше қылық­та­на­ды, көңілін жаулағысы келеді. Сон­да да оған ұйып, өліп-өшіп бара жатқан Қайдар жоқ. Соңғы кезде бұлармен әңгімесі де жарасуды қойған. Тіпті, оларды адам санатына қосқысы жоқ. Әлде бір жансыз сұлу мүсін қойнында жатқандай әсерде болады. Сондықтан да, ет-жүрегі ел­жіреуді қойған. Кейде тіпті жыны ке­ліп, қайсыбірін түн ортасында қа­сынан қуып жіберген кездері де болған.
Адам баласы жасы ұлғайып, ақыл-ойы толысқан сайын тәннің көр­кем­дігіне емес, жан сұлулығына көбірек құмарта бастай ма, қалай өзі?!
…Аң аулаймыз деген сылтаумен табиғат аясына шығып дем алған Қайдар бастаған элиталық топ жексенбі күні түн ауа қалаға оралды. Жол бойы бастығының қабағы ашылмағанына Тасбай қатты алаң­даулы. Жалпы, демалысқа шыққан тәуліктен астам уақыттың ішінде шын жадырап күлгенін көргені тым сирек.
Тасбайдың алаңдайтын себебі бар. Бұл жолғы саяхатты жүргізіп, ұйымдастырып дегендей барлық шараны мойнына алған өзі болған­дық­тан бастығының көңіліне қаяу түсетіндей бірдеме жасалса, оған тікелей Тасбай жауапты. Осыған дей­ін, Құдайға шүкір, Қайдардың көңілінен шықпайтындай бірдеме жасаған да, ештеңені бүлдірген де емес. Соның арқасында Қайдар әк­­ім болса – орынбасары, министр бол­са – вице-министр болды. Енді мі­не тағы бір саты секіріп өрлегенде, білдей бір дөкей атанып, жалғанды жалпағынан басып жүрген жайы бар.
Ол өзінің асқан біліктілігімен не­месе дара данышпандығымен жоғары лауазымға ие болып, пор­т­фель ұстап жүрмегенін жақсы біле­ді. Елде Тасбайды он орайтын мық­ты азаматтар көп. Сол мық­ты­лар­дың ішінде министр болар­лық­тай талайы қазір жай қатардағы маман болып жүр. Тіпті, ішінара жұмыссыз жүргендері кездессе де таң қалуға болмас. Себебі, бұл қатал қоғамда биліктің биік сатыларында бір қолдаушың мен сүйеушің бол­маса күнің қараң.
Неше жерден асып-тасыған білі­мің болса да, он саусағыңнан өнер тамған шебер, іскер болсаң да, күн көруге жетерлік азғана жала­қы­сы бар ұсақ-түйек жұмыс табуыңның өзі мұң. Тасбайдың қатты алаңдап отырғаны, қай ісінің бастыққа жақпай қалғаны.
Орманда жүргенде студент мисс қызға да бір тиісіп алды:
– Шефтің көңіл-күйі нашар. Сен ренжіткен жоқпысың?
– Жоға, о не дегеніңіз? Мен ба­рын­ша тырысып-ақ жатырмын, өзі…
– Жарайды, әлі де тырыс! Көңі­лін көтеріп, жадыратып жібер­сең­ші!
– Әрине, бар өнерімді саламын ғой.
Тасбайдың басы қатып бітті. Бастығы өзі бірдеме деп ауыз аш­па­са, оның қазбалап бірдеме сұрауға еркі жоқ. Барлық істі мінсіз атқару үшін күш-жігерін жұмсау ғана оның міндеті. Әсіресе, қызметтен тыс атқарылатын көптеген шаруаларға Тасбайдың епті келетінін бастығы жақсы біледі. Сол қабілетін бағалап қана оны қасынан бір елі тастамай жүргені. Бұл жердегі екеуінің қа­рым-қатынасы тым өзгешелеу.
Егер Тасбай өзінің ресми қыз­метінде қандай бір қателік жіберсе, ол әрдайым кешірімді. Тіпті, салаға ғана емес, қоғамға орасан зиян ти­гізсе де. Бюджеттің ақшасын талай желге ұшырып жіберген кездері де болған. Қоғамда өршіген шу парламент пен үкімет кабинетіне дейін жетіп, Тасбайды талап жеп қоя жаздағандар көп болды.
Баспасөз құралдары да қарап қал­мады, сан-саққа жүгіртті. Қабақ шытпаған жебеуші Қайдар ғана болды. Шу басталған тұста ша­қы­рып алды да, жайлап, ақыл-кеңесін бе­ріп, болмашы ғана бірдемелер ай­тып, ұрысқан боп, ескертіп қоя салды.
Ең қолайлысы, Қайдар тарапы­нан Тасбайдың қызметтік салада жіберген қателіктері үшін ешқандай шара қолданылмайды. Керісінше, өзге лауазымдылар тарапынан сын-сөгіс айтылып жатса, ара түсіп, үне­мі артын жауып отырады. Ал, рес­ми іске қатысы жоқ жеке шаруа­лар­да мүлт кетсе, құрыды деген сөз. Ондай қателікті өмір бақи түзете алмайсың. Ресми лауазыммен бірге топтан да кетесің.
Мәнсаптан түсіп қалу ештеңе емес. Ең бастысы, топтан шығып қалмау керек. Бір мәнсаптан кетсе, екінші бір жерге апарып Қайдардың өзі-ақ қонжита салады. Ал, топтан кеткенің өлгенмен тең. Онда саған мәнсап тұрмақ бұл елде қия басып жүруіңнің өзі неғайбыл болады. Жазылмаған бұл заңның жазасы да тым қатал.
Бастығын үйіне жеткізіп салып, қоштасарда Тасбай үнемі Қайдар­дың қас-қабағын аңдумен болды. Көзқарасынан, түр-әлпетінен өзіне деген әлде бір салқындықтың ізі байқалмайды. Бірақ, жүзі сынық.
– Кәке, бәрі көңілді өтті ғой. Еш сын жоқ па?
– Жақсы, ешқандай мін жоқ. Бәрін тамаша ұйымдастырдың. Барып демала бер, алаңдама!
Тасбай үшін бастығының «алаң­да­ма» деген соңғы көзі ерекше қа­нат бітіргендей болды. Егер жай «демал» деген болса, әбден берекесі қашар еді. Себебі, орыс тіліндегі ба­ла­масына сай түсінер болса, ол демалу емес «сен қой, әуіре болма» дегендей суық сөз болып шығады. Онда күнің бітті деген сөз. Ұйқыдан да, күлкіден де айырыласың, сары уайымға батасың. Бұл жерде бас­ты­ғының үнін де ескеру керек. Қатқыл шықты ма, кекесін тонмен айтылды ма, әлде, астарлы жұмбақ мысқыл бар ма дегендей толып жатыр. Көңілі жайланған Тасбай үйіне қайтты.
Қайдар жатын бөлмесіне барып, демалуға кірісті. Алайда, ұйқысы құрғыр шайдай ашылған. Тұсында тұрған шамды жағып, біраз газет-журналдар қарады.
Скайпты қосып, Лондондағы қатын, бала-шағасымен хабарласты. Жиі хабарласатындықтан, оларда да айтарлықтай жаңалық шамалы. Балалары да, әйелі де Қайдарға аса бәйек болғандары шамалы. Хабар­лас­қанына аса қуанып та тұрғандары байқалмайды. Егер хабарласпаса, оны іздеп те әуре болмайтын сыңай танытады.
Компьютерін сөндіріп, шал­қа­сы­­нан түсіп жатып ойға батты. «Мені керек қып жатқан біреу мына дүниеде бар ма? Бар болса, ол кім? Әй, осы ешкім жоқ-ау. Бәрі мені қара­қан бастарының қамы үшін ғана керек етеді. Оның өзінде қо­лым­да портфель, астымда кресло болған соң ғана. Егер басыма іс тү­сіп, ана экс-дөкей секілді сот­та­лып кетсем, бұлар қайтер екен. Аяқ ас­тынан мәнсабымнан түсіп қалып жай ғылыми қызметкер болып шыға келсем…
Қас-қабағымды бағып, жанұ­шы­рып жүрген ана Тасбай да пысқырып қарамайтын шығар. Аман-сәлемімді алар тірі жан та­бы­ла қоя ма? Танымайтын-білмейтін жат адамдарды қойшы, жақын­да­рымның өзі қайтер екен десеңші. Қыл аяғы өз әйелім мен бала-ша­ғам­ның өзі жатқа айналатын шығар. Олар тіпті қазірдің өзінде менен алыстап, арамыз суып бара жат­қан­дай көріне беретіні несі? Осы менің өлер шағым жақындап қалған жоқ па екен. Жасым әлі алпысқа да жеткен жоқ. Бірақ, мына бір дерт те кейде мазаны алады.
Әй, қойшы! Ауру өлерін, сау өлерін бір Құдай білер. Ана бір әнші әйел дәл қазір не істеп жатыр екен? Қызық. Онда менің не шаруам бар? Жатқан шығар, байынын қойнында. Иә, оның байы… бақытты жігіт ек­ен… осы жұрт сондай ақылды әрі талантты әйелді қайдан тауып ала қояды…».
Қайдар сансыз ойлармен ар­па­лы­сып жатып, қор етіп ұйықтап кетті.
Айналасында қаумалаған көп нөпірдің ортасында жүрген Қай­дарды жалғызсырап жүр деп біреу айтса, оны естіген адамның ішек-сілесі қатқанша күлетін шығар. Жал­ғызсырау дегеннің өзі індет пе, әлде, сергелдең болып, еріккен жан­ның ойдан шығарған әуресі ме?
Анықталуы күрделі дүние адам өмірінде сансыз көп. Соның бірі жалғыздық. Оны еңсере алған адам келешегіне сәулелі жол ашады. Тізе бүгіп әлсіздік танытсаң, болашағың күңгіртене түспек. Адам баласы әртүрлі. Жалғыздықтан зәресі ұш­қан­дар жүрек әмірін тыңдау қа­бі­ле­тінен айырылып қалады. Мұндай жандардың қылмысқа ұрынулары оңай болады. Ал, жалғыздықты ақыл­мен қабылдап, оның не талап етіп тұрғанына мойынсынып, са­ба­сына түсіре алған адам жеңіске жетеді. Адамдардың азғана тобы ғана жалғыздықты шебер пайдала­нып, ғажайып өнер туындыларын жасайды, тарихта өз атын алтын әріппен жаздырады.
Жалғыздық – адамзаттың мәң­гі­лік ауыртпалығы. Бүгінге дейінгі тарихи кезеңдерінде қоғам жалғыз­дыққа тегеурінді түрде қарсы тұру­мен келді. Адам баласы әлі де жал­ғыз­дықты еңсеру үшін ғұмыр кешіп келеді. Ол үшін қауымдасып жатыр, көңіл көтеру орындарын көп ашып, жаңадан салып, ит-әуіреге түсумен келеді. Түрлі өнер туындыларын жа­сап, көз қуанышына айнал­дыр­маққа, көңілін жайландырмаққа тырысып жатыр.
Көңіл көтеру орындары да бос уақыт өткізудің, адамдарды көптеп тартудың амалын іздеп, пайдаға шашетектен кенелетін болды. Се­бе­­бі, адамдардың әрдайым жалғыз­сы­райтындығында. Қылмыс жаса­ған бұзақыларды мұқатып жазалау үшін де олардың еркіне шек қойып, қоғамнан оқшаулайды, абақтыға қамайды.
Абақтының барлығы жалғыз­дық­­тың ең үрейлі апаны. Қылмыс­кер­дің адами ортадан неге тыс қа­мал­ғандығын жете ұғындырады, ой­ландырады. Бір зерттеуші айтқан екен, шылым шегетін әйелдердің бәрі жалғыздықтың салдарынан кез­десетін психологиялық дағда­рыс­ты бастан кешірген. Сол ауыр дағдарысты еңсерудің ең төте жолы темекі тарту деп ойлайды. Өзгелер­мен бөлісе алмайтын құпия сыры мен қасіреті зіл батпан болып ең­сесін басқанда жұрт темекіден бас ала алмай қалады.
Жалғыздықтың ми батпағына терең батып кеткен ер азаматтардың көбі есі ауғанша арақ ішіп, масай­ғанды тәуір көреді. Арақтың буымен масаттанған адамға өмірдің қиын­шы­лықтары, жалғыздық секілді дүниелер бір сәт түкке тұрғысыз бір­демелер секілді сезіліп қалады. Сол бір «ғажайып сәт» үшін ол бә­рін беруге дайын болып кетеді.
Дені сау, есі дұрыс пенде жал­ғыз­дықтан тыс тұра алмайды. Бұл адам баласына жасалатын сынақ. Жалғыздық дегеннің өзі қатал тір­лікті еңсеретін психологиялық дайын­дықтың кілті болғандықтан одан қашамын деп әурелену барып тұрған әлсіздік. Ондайлар өмірінің мән-мазмұнын қоқыс жәшігіне бір сәтте лақтыра салудан да тайын­байды.
Жалғыздық келіп бас салса, бұл­қынып тулаудың қажеті жоқ, оны жайлап қана тыңдау керек. Себебі, сол жалғыздықты әкелген адам сен өзіңсің. Жалғыздықтың же­тегінде кетпе, оны өзің басқар! Қалай?
Кейбір жандар «әдейі» жалғыз­сы­райды. Өйткені, мұны маңызды деп санайды. Өмірді жасайтындар шын мәнінде солар. Олар жалғыз­дық­пен ашық, тіпті, емен жарқын сөй­лесе алады. Қолына қалам алып шы­ғарма жазады немесе түрлі бояу­лар­ды араластырып, сурет сала бас­тайды. Осылайша, өнер туын­ды­ларын жасайды. Шын жалғыздық шынайы өнер туындысын шебер жасай алады. Себебі, олар өмірден сабақ алған, көпті көрген, түрлі құбылыстарды ой елегінен өткізіп, пісіріп пайымдаған жандар.
Ал, адамдардың тағы тобы бар. Олар жалғыздықтан үнемі өлердей қорқады. Одан аулақ кеткісі келіп, құтылу үшін мейлінше есінен та­ның­қырап жүрсе, уақытты ұмыт­са, қолайлы деп ойлайды. Ондай кезде ең оңай жолды табу үшін тезірек киінеді де сыртқа шығып, көңіл көтеретін орындарды айналсоқ­тайды.
Енді біреулер жалғыздықты ас­қан ақымақтықпен жеңуге тыры­сып, қолына арқан алады, үйдің төбесіне қарай өрмелейді. Одан гөрі сәл ұстамдылары жалғыздығына кінәлі кім соны тауып жазалағысы ке­ліп, аласұрады. Жұрттың бәрі өн­ер­лі, талантты емес. Сондықтан саз аспабыңды алып, күй ойна не­ме­се киелі қаламыңды қолыңа алып, жалғыздықтың жырын жырла дей алмайсың.
Қайдар қарқылдап тұрып күл­гісі келсе де әдеп сақтайды, есесіне жай ыржияды да қояды. Кейде еңіреп тұрып ағыл-тегіл жылағысы келсе де көзінен жас шығармай тістеніп жүріп, айналасына сыр білдірмейді. Осылай жүріп, талай жылды артқа тастаған адам. Ол тек ана бір әнші әйелге ғана ішкі әле­мін­дегі бар сырын ақтарып айтқысы келеді. Сонда іші босап, көп жеңіл­деп қалар еді.
Бірақ, ол оның ешкімі емес қой. Бы­лай шығып алып, ел-жұртқа жайып жүрсе ше. Жұртқа жай­май­тын­дай аузы қатты берік болса да міндетті түрде қойнындағы байына айтары анық. Ол қызметтестеріне жаңалық қып жеткізгенше асығады. Соны ойлағанда, кенет бар дау­сы­мен айғай салғысы келеді. Сөйтеді де айдалаға қаңғырып кетіп қалуға қатты құмартады. Бар даусымен айғайлап тұрып ән салғысы келеді де артынан бақырып тұрып жыласам ғой деп армандайды.
Болуға тиіс нәрсені болдырмай, істеуге тиіс дүниені істемей көп бөгеп, тосқауыл қойып келгендіктен Қайдар жалғыздықтың тұңғиық тереңіне қатты батып кеткен адам.
Ол жас кезінде әлде бір кино көріп отырып, көз жасына ерік бе­ретін адамдардың әлсіздігіне қайран қалып күлетін. Енді ойласа, барып тұрған әлсіздің бірі өзі болып шық­ты. Адам баласының көз жасы мен күлкісі деген сұмдық күш-қуа­ты бар құдірет екен-ау. Сол алапат күшті өзіне-өзі қимаған адам жал­ғыз­дық­тың қою қара тұманына өз аяғымен барып адасып жүргенмен тең.
Сондықтан, жылағың келді ме, жыла! Күлкің келді ме, еш тежеме, еркіне жібер. Адам санасы деген үне­мі қозғалыс аясында бірде то­лып, кейде ортайып тұратын ыдыс іспетті. Олай болса, психолог пен психиатрға жиі бармасаң да жа­қын­дарыңа, дос-жарандарыңа ашылып сырыңды айтпай тұра алмайсың.
Неге адамдар бір-біріне ынтызар екенін айтқан соң оның махаббатын сүйген жаны ықыласпен қабыл ал­ған­да шексіз қуанышқа бөлене­тін­дігінің сырына терең үңілуге тырыс­паймыз?
Кім болса да өзіне бет алған адам­ның сөзін тыңдауға ықылас танытқаны абзал болмақ. Оның өзінде бар ынтасымен назар аударса игі. Сонда ғана оны жалғыздықтан құтқарып, шат көңіл сыйлауға бо­лады.
Бір отбасы ішінде де түсінбестік болып жатады. Сырттай қараған адам оларды бітіспес жауға айналған шығар деп ойлар. Сырына үңілген адам олардың ішкі әлемінде жал­ғыздық қат-қабат баттасып, қап-қара энергияға айналғанын сезуге болады. Ондай отбасы патша сарайындай зәулім үйде тұрса да қараңғы әрі суық сезіледі.
Ал, атылғалы тұрған қара күш-қуаттың пайда болу тетігі отбасы мүшелерінің бірінің өзін сыйламай­тындығының, сенімсіздігінің кө­рінісі. Сондай-ақ, жалғыздықтың түйіндерін жайлап шешудің орнына шорт кесе беретіндігінің салдары бол­са керек.
Жалпы, жалғыздықтан туған қа­ра ниет жойқын көрінгенімен өте әл­сіз бос келеді. Бастысы, оны тас-тал­­қан етудің қолайлы тәсілін ғана таба білу керек секілді. Түптеп кел­ген­де, жөнге сала білген адамға жал­ғыздық деген соншалықты зәре-құтты қашырарлықтай үрейлі құ­быжық емес. Өнер туындысын жа­сайтын хас зергерлер үшін өте қо­лайлы мүмкіндік деуге де бо­лады.
Бірақ, дәл қазір кең сарайдай зәулім үйін басына көтеріп қорыл­дап жатқан мәнсап десе мәнсабы бар, қалтасы тым қалың, билік пен байлыққа қатар батқан Қайдар өзінің көңіл-күйі мен жүрек қалауы­ның не талап етіп жатқанын түсіне алмай әуіреге түсіп жүрген адам. Көңілін көтеріп, жүрегін орнық­тыратын дүниенің не екенін ақылға салып ойлауға, дұрыс шешім қабыл­дауға жасы алпысты алқымдауға жақын қалса да күш-жігері жетпей жүрген бір бейбақ еді.
Таң ата Тасбайға бастығының күзет қызметінен суыт хабар жетті. Бастығы тапаншасын өз шекесіне тіреп тұрып, шүріппесін басып қалған көрінеді…

ПІКІРЛЕР1
Рымбала Смаилова 27.10.2017 | 15:40

Құдай жалғыздықтан сақтасын деген пəлсапалық мағынасы бар, шынайы өмірден алынған жақсы шығарма екен. Жазар көбейсін, Қуандық айналайын!

Добавить комментарий для Рымбала Смаилова

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір