«ОТЫРАР САЗЫ» ӨМІРГЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
13.10.2017
5265
3

Кезінде қазақ музыкасының тамаша үлгілерін өңдеп, халық назарына ұсынған «Отырар сазы» оркестрі қазақ өнері көгінде жарқ ете түскен жасындай әсер еткен еді. Домбырадан бастап барлық байырғы аспаптардың үнін қосқан оркестрге алғаш жан бітірген Халық Қаһарманы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Нұрғиса Тілендиев болатын. Әуелі ансамбль ретінде құрылып, кейіннен академиялық фольклорлы-этнография­лық оркестр дәрежесіне жеткен шығар­машылық топтың о бастан басы-қасында жүрген күйші-композитор, дирижер Дүйсебай Шаштайұлымен сырласқанда, корифейлердің басын біріктірген үлкен ұжымның бір кездегі тірлік-тынысын сезініп, бүгінгі жағдайына қанық бола түстік.


Дүйсебай Шаштайұлы,
күйші-композитор,
дирижер


– Отырар сазы» оркестрі алғаш құрылған сәттердің куәгерісіз. Сол кездегі шығармашылық ұжым туралы айтсаңыз?
– «Отырар сазы» ең әуелі 1981 жылы ан­сам­бль ретінде құрылған. Алғаш бұл бас­та­маны көтерген профессор Болат Сарыбаев болатын. Кейіннен Дінмұхаммед Қонаев Нұрғиса Тілендиевті қабылдап, осы істі қолға алуын тапсырған секілді. Сөйтіп Нұрағаң ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болды. Қателеспесем, алғашқы құрамда он жетідей адам едік. 4-5 желтоқсан күндері бірінші концертімізді көпшілік назарына ұсындық. Шығармашылық топта Ермұрат Үсенов, Еділ Құсайынов, Серік Нұртазин, Серік Елемесов, Қамаш Жамалова, марқұм Ағабек Ержанов, Кенжегүл Сыздықова, Жұмат Махамбетов, Нұрғали Нүсіпжанов т.б. өнер көрсетті. Дмитрий Гусенсов жұбайы екеуі сәл кейінірек келіп қосылды. Мен ол кезде студент едім, бір жағынан «Құрманғазы» оркестрінде жұмыс істейтінмін. Шақыртумен «Отырар сазы» ансамбліне келдім. Алғашқы концертте көмекші дирижер Серік Нұртазин болды. Ал 1982 жылы ансамбль оркестр са­натына көтеріліп, «Бозінген», «Ақсақ құлан», «Әлқисса» секілді ірі дүниелер дүниеге келді. Біртіндеп құрамымыз елу адамға жетті. Ұжым аянбай-тынбай еңбектене жүріп, нағыз қазақ сазына, халық үніне айналды.
– Сол кездері оркестрдің атағы дүрілдеп тұрды. Өнер ұжымының осылайша тез таны­лып, ерекше құрмет-қошеметке бөленуі­нің басты себебі неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, оркестрдің қуаты қазақтың не­бір мықты деген өнер майталмандарының басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстыра білген жетекшіге байланысты. Бір жағынан орында­ған туындыларымыз да соны, қазақы болатын. Халыққа керегі де осы секілді, бірден ыстық ықыластарына бөледі. Қазақстанның түкпір-түк­пірін аралап, жұртшылықтың құлақ құры­шын қандырдық. Бірде Мәскеуде бір ай бойы гастрольде болғанымыз бар. Қалтамыздағы ақшамыз таусылған. Бір күні таңертең Н.Тілен­диев қоңырау шалып: «Маған кел, жиырма бес сом ала кел», – деді. «Онда сіз маған елу сом дайын­дап қойыңыз», – дедім қалжыңдап. Ұжым­дағы бір қыздан қарыз сұрап, шарап алдым. Барсам:
– Кеше сенің ақшаң бітті ғой, – деді сал­ған жерден. Сөйтті де елу сом ұстатты. Біздің үйдегі қарияны жақсы көретін еді.
– Мынаны ал. Үйге құрқол барма. Үлкен кісілерге бір нәрсе аларсың, – деді.
Жазда ауылда әкемнің қасында жатып, ол кісінің домбырасын тыңдап қайтатын әдеті бар болатын.
Кейін домбырасын алып, «Әлқиссаға» жазған жаңа дүниесін шертіп көрсетті. «Қа­лай?» деді балаша мәз болып. «Мен бүгін осыны жаздым. Соны саған тыңдатайын деп шақырдым». «Жақсы екен» деп жатырмын. Екеуміз екіге дейін отырдық. Алтыда концер­тіміз. Кешкілік Нұрекең түлеген қырандай бо­лып мінбесінде тұрды. Сол концертке
Н.Назарбаев барып, орнынан тұрып, қол соғып қошемет көрсеткен, ол тұста Орталық Ко­ми­тет­тің хатшысы еді.
– Н.Тілендиевтің ұжымға қамқорлығы, қол астындағылармен қарым-қатынасы қандай болды?
– Ол кісі ұжымдағылардың жағдайына қатты көңіл бөлетін. Оркестрдегілердің көбі­нің баспаналы болуына көмектесті. Мінезі тік болғанымен, қайтымы тез еді. Бірде ұжымдағы Раушан Мұсаходжаева екеуі сөзге келіп қалды. Раушан да орыс мінезді, интернатта оқыған қыз. «Кетемін» деді салған жерден. «Жаз арыз» деді. Арызын жазып берді. Мен ол тұста оркестрдің кәсіподақ төрағасымын. «Қолыңды қой» деді маған. Сөйтіп өзі алды да үлкен әріп­тер­мен «До свидание» деп жазып берді. Ал ер­теңіне түк болмағандай жұмысқа жайдары келді. Раушан да ешқайда кеткен жоқ. Мен ол кезде Нұрекеңнің үйінде жатып оқитынмын. Гострольдерге шыққан кезде ұжымын тамақ­тан­дырып, жағдайын жасамай тұрып өзі та­мақтанбайтын. Әсіресе, оңтүстік өңірдің халқы аса қонақжайлықпен қарсы алатын еді. Сондай бір гастрольдің бірінде Асанбай Асқаров шақырып алып:
– Ал Нұрғиса қарағым, бәрі дұрыс па? Қандай тілегін бар? деп сұрады. Сонда:
– Аға, бәрі тамаша, өңірлеріңіз өркендеп келе жатыр екен. Бірақ мына жерден бір мей­рам­хана ашыпсыз, соның ішін балалар көрмей кетіп бара жатқаны өкінішті, – деді. Асекең бірден қоңырау шалып:
– Дереу алпыс адамға дастархан жайыңдар, ешнәрседен таршылық болмасын, деп тапсы­рып жатты. Мейрамханада жақсылап күтіп, ұжым­дағы елу адамға тегіс костюм кигізіп, шы­ғарып салды.
Ол тұста өңір-өңірді аралап, гастрольдік сапарды жоспарлау менің міндетім еді. Сонда ұшақтан түскен бойымда ерекше ілтипатпен күтіп алып, жүгіріп жүрген адамдарды көріп «бұлар менің келетінімді қайдан біліп қойды екен» деп таңғалатынмын. Сөйтсем, Нұрағаң мен Алматыдан аттанысыммен баратын же­ріме хабарласып, бәрін өзі-ақ реттеп тастайтын кө­рінеді. Кейіннен тіпті алдын ала ешқайда барудың да қажеті болмай қалды. Өзі теле­фон­мен бар жұмысты тындырып қояды да, ұжымға келіп: «Мына Дүйсебай барлығын дайындап, келісіп келіпті» деп қалжыңдайтын. Юморы өте мықты кісі еді. Дәл айтатын, салған жерден тауып айтатын. Қажет жерінде қауып та айта­тын. 1985 жылы оркестр Бүкілодақтық Ком­со­мол сыйлығының лауреаты атанды.
– Н.Тілендиевтің өнердегі қолтаңбасы туралы айтсаңыз. Оркестр репертуарын қалай іріктейтін еді? Ол кісінің мінезі туралы түрлі аңыздар айтылады…
– Ол кісінің мінезі көңілі түскенде көл болғанымен, бір нәрсе ойындағыдай болмай қалса, бұлқан-талқан ашуланатын. Кезінде бокспен де айналысқан. Бірақ ұстазы А.Жұ­банов «не музыканы, не боксты таңда» дегеннен кейін, бокстан біржола қол үзіп, өмірін өнерге арнады. Қолы қатты болатын. Қалжыңдап отырып, арқасынан қаққан немесе қойып қалған адамы кәдімгідей ауыр­сынып қалатын еді. Ал шығарманы жазу мен орындау жағынан Тілендиевке жететін ешкім жоқ деп ойлаймын. Өте талғампаз, терең ойлы тұлға еді. Бірде бала секілді аңқау, аңқылдақ болса, бірде дана, әулие көрінетін. Аңқаулығын көп адам пайдаланып, өз шаруасын тындырып алатын еді. Жұмыс үстелінде қағаз, қарындаш, бәкісі, күл салғышы мен темекісі жататын. Ешқандай аспап болмайтын. Себебі әуеннің бәрі құлағында ойнап тұратын. Тек отырып жаза беретін. Қазақша айтқанда, ондай адам­дарды «құймақұлақ» деп атайды (обсолют­ный слух). Моцарт, Бэтховен, Чайковский, Шос­та­кович секілді композиторларда осындай қа­білет болған. Қайталанбайтын тұлға ғой, күйді оркестрге түсіру ерекшелігі өзінше бөлек еді. Мен дәл олай түсірген ешкімді әзірге көр­ген жоқпын. Кезінде биге қатысқандықтан болса керек саусағындағы бүкіл буындары бүгіліп, икемге келіп тұратын еді. Домбыра ойнаған кезде дыбысты нақышына келтіре шығаруы сондықтан деп ойлаймын. Ол кісінің қырғызша жазған туындысына қырғыз ағайын­дар­дың өзі тәнті болып, «қырғыздардың өзі дәл бұлай жаза алмайды» деп мойындайтын.
Желтоқсан оқиғасы бұл кісіге ерекше әсер етті. Қатты қиналып, тұнжырап, тұтығып жүрді. Ал Дінмұхаммед Қонаев дүниеден өткенін естісімен бір орыннан қозғалмай отырып қалды. Басын көтермей қойды. Таңғы сағат тоғызда қоштасу рәсіміне шығуымыз керек еді. Аға әлі отыр, темекісін арт-артынан тартқыштап, күлін күлсалғышқа мыжғылай басады. Жүріңіздің астына алып әрең үйден шығардым. Кеш қалған екенбіз. Тәртіп сақшылары бізді жібермей қойды.
– Ең болмаса мына кісіні жіберіңіздер, мен қала берейін, – десем,
– Біз бұйрықты бұза алмаймыз, ренжі­меңіз­дер, – деп тұрып алды.
Сөйтіп Д.Қонаевты соңғы сапарға шыға­рып салуға қатыса алмай, үйге қайттық. Кел­гесін:
– Аға, егер өлсең, ауылға барып жатшы. Әйтпесе қалада жаназаңа келген адамды жібермей әбігерге салады екен, – дедім ашула­нып. Ол кісі ұзақ қарап отырды да:
– Мынауың гениальный ой екен, – деді.
Қазір ауылда Жамбыл атасының жанында жатыр ғой, жарықтық.
Ол кісі көп оқитын. Тарихты жақсы біле­тін. Барған жеріміздің бәрінің тарихын шежіре ғып айтып отыратын.
Н.Тілендиев фильмге ән жазудың да ке­ре­мет үлгісін көрсетіп кеткен кісі еді ғой.
Бір күні сабақтан келсем, темекісін күл салғышқа тұқырта басқыштап жазу үстелінде отыр екен. Сөйтсем, мультфильмге ән жазу үстінде көрінеді. Мультфильмге ән жазу ең қиын жұмыс. Әрбір нотаң, кейіпкеріңнің қадамына дөп келіп тұруы тиіс. Бір дыбыс артық, я кем болмауы керек. Сол үшін қолына секундомер алып, ұзақ отырып жазатын. Кейін:
– Аға, қалай? Тағы бір-екі мультфильм алып берейін бе, – деп қалжыңдасам.
– Мультфильміңе рахмет керегі жоқ, – деп безілдейтін.
Соңғы туындысы «Қарасайды» керемет жазды. Аяқтап бітіріп, оркестрге түсіріп, Қарасай батырдың тойында ауырып тұрып әрең орындады. Артынша бірден ауруханаға түсті. Содан қайтып оңалған жоқ. Сол тойда ол кісіге көлік сыйлаған. Сонда Нұраға маған: «Артымнан ерген інімсің ғой. Мына көлікті сен мін. Менің саған ағалық сыйлығым бол­сын», – деген еді. «Көңіліңізге рахмет, аға, аман болсаңыз, әлі талай сыйлығыңызды алам ғой. Бұл көлік өзіңізде қалсын», – дедім мен. Сөйтсем, арғы дүниеге кететінін сезіп жүрген екен ғой. «Құрманғазы» оркестріне «Ант» деген шығарма жазып бастап еді. Өкінішке қарай, аяқталмай қалды. Бұл кісінің аяқталмай қалған туындылары өте көп.
Өзі үнемі айран ішетін еді. Қайтыс бола­рынан екі күн бұрын ауруханаға барсам, Әкім Тарази бастаған ақын-жазушылармен қал­жың­дасып, арқа-жарқа отыр екен. Әкелген айранымды құйып, барлығына ұсындым. Қонақтары кеткен соң. Маған:
– Ей, сволочь, сен не атақ алмадың, не көлікті алмадың, не жер алмадың. Қазір әкімге бар­шы. Маған хабарлассын деп айтты де, саған ең құрығанда жер алып берейін. Бүгін бар­масаң, ертең кеш қаласың, – деді.
Барсам әкім орнында жоқ болып шықты. Қайта ауруханаға келдім. Сонда:
– Мен үш күннен бері нәр татпап едім. Бірақ жаңа сенің айраныңды қалай сіміріп алғанымды білмей қалдым, – деді таңданып.
Ертесі таңертең келсем, жағдайы нашарлап жансақтау бөліміне ауыстырыпты. Ақыры арғы дүниеге кете барды.
– «Отырар сазы» оркестрінің қазіргі жағдайы туралы айтсаңыз. Бүгін неге оркестр бұрынғыдай сұ­раныс пен қошеметке ие емес? Көпшіліктің тал­ғамы өзгерді ме әлде ұжымның қуаты кеміді ме?
– Нұраға қайтыс болғаннан кейін оркестр­дің жағдайы өзге шығармашылық ұжымдар секілді нашарлап кетті, рас. Костюмдері де ескірді. Дұрыс жағдай жасалмай кеткен соң, Елбасына жағдайды айтып, хат жолдадық. Оған жауап ретінде ұжымға көңіл бөлінді. «Сок­рат менің досым, бірақ шындық одан гөрі жоғары» демекші, Нұрағаңның өмірі туралы түсірген фильмге де, жаңа шыққан кітабына да көңілім толмайды. Фильм желісі ол кісінің шынайы өмірінен мүлдем алшақ жатыр. Қасында еріп жүрген інісі ретінде, сол үйде жүріп оқыған адам ретінде мен ол кітапты да, фильмді де қабылдай алмаймын… Айтатын әңгіме көп, қарындасым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Айнара АШАН.

ПІКІРЛЕР3
Едiл Кусайынов 20.10.2017 | 09:43

Дюсеке озi 1981 жылда Отырарга жумыска кирген,сондыктан кiшкене кателесiп отыр. Ал кужаттар боинша Отырар сазы 1980 жылы курулган, менiн енбек кiтапшам, сол 1980 жылдан басталады. Бастамасы жонинде — Дюсеке жартылай айтыптур. Отырарды, ансамбль ретiнде курган ол Болат Сарыбаев жане Сеилхан Кусайынов! 1982 жылдан бастап Нурага Отырарды оркестрге айландырган, аржагын Отырар тарихiн билесiздер. Аурактарды силау керек! Едил Кусайынов. Мен казiр Париждемiн, сондыктан компьютерде казак арiптер жок, кешiрерсiздер! Булак корсен,козiн аш… деген кiтабында
— Астана 2016ж.-Регис СТ Полиграф баспаханасы, жазган Акнар Шарiпбаева, Отырар жонiнде афишалар, кужаттар, деректер — барi бар!

Кушикбаев Даулет 03.07.2019 | 18:11

Бұл кісі менің атам ғой

Аноним 23.09.2019 | 21:54

Жақсылық деген әнші болды, қайда қазір?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір