Сын симфониясы және Сайлаубек

0
163 қаралды

Осыдан он жыл бұрын белгілі сыншы Сайлаубек Жұмабек ұлы Санжарбек екеуі көлік апатынан қаза тапқан еді. Сол кезеңде жарқылдап жүрген жаннан қапияда айрылып қалған қаламгер қауым әдебиет сыншысын қатты жоқтаған. Сайлаубексіз өмір жым-жырт, көңілсіз қалғандай әсер беріп, жазушы қауымды ауыр мұң басқалы да он жыл жылжып өтіп кеткен екен…


Жанғара Дәдебаев,
сыншы, филология ғылымының докторы, профессор


Қазақ әдеби сынының тарихы те­реңде. Әдебиет туралы ой әдебиетпен бір­ге туып, әдебиетпен бірге жасауда. Сон­дықтан әдебиеттің тарихы секілді әде­би сынның тарихы да ғылыми та­ным таразысына тартылып, арнайы қа­растырылып келеді. Іргелі зерттеу ең­бектер жазылуда. Сынның тегі мен тү­рі сарапталды, қоғамдық мәні, көр­кемдігі пайымдалды. Кандидаттық, док­торлық диссертациялар, моног­рафиялар жазылды.
Алайда қазақ әдеби сынының тео­рия­сы мен қолданбалы мәселелері, әде­би талдаудың, әдеби шығарманы сы­наудың әдіснамасы, сыншының тал­дау және бағалау шеберлігі, сыншы шы­ғармашылығының көркемдік және эстетикалық болмысы туралы қазақ әдебиеттануында қолға ұстап, қажетке жаратқандай арнайы зерттеу бүгінге дейін жүргізілген емес. Бұл ретте әде­биет сыншысының жолын таңдаған жан­ның арнайы әдеби білімімен қатар эсте­тикалық танымы мен талғамы, тео­риялық дайындығы, әдеби шығар­ма­ны талдау және бағалау шеберлігі аса маңызды екендігінде сөз жоқ. Тия­нақты әдеби білімі жоқ кісі өмірде көр­гендері мен білгендерінің негізінде ақын немесе жазушы ретінде ең­бек­те­ніп, қатардан озбаса да, көштен қал­май жүре беруі мүмкін. Сында жай да, жағдай да басқа. Әдебиет саласында те­рең теориялық білімі жоқ жан сын са­райының ішіне кірмек түгіл, оның қақ­пасын қағуға да жарамайды. Сын­шыда әдеби-теориялық терең білімге қоса әдеби-эстетикалық талғам-таразы болуы шарт. Талғам-таразы қалам ұста­ған қайраткерлердің бәрінде де болуы ықтимал. Сыншының әдеби-эсте­ти­калақ талғам-таразысы – өзгеше тал­ғам, өзгеше таразы. Ол әдебиеттің та­рихы мен теориясы саласындағы терең білім жарығымен анықталып, соның таразысымен өлшенеді. Бұл жерде бас­қа мөлшер, өзге өлшем жоқ. Ал әдеби шы­ғарманы талдау шеберлігі мен ба­ғалау тұрғысы дегенде, тек қана сыншы ше­берлігі, сыншы тұрғысы туралы ға­на айтуға блады. Әдеби сынның дамуы, әдебиет сыншысының кәсіби қалып­тасуы үшін осы қасиеттер мен олар ту­ралы әдеби ойлардың бәрі де маңыз­ды. Алайда сын саласында мұндай із­деністер үшін соқпақ болмаса, айдау жол болған емес. Сыншы мұзды мұхит тө­­ріндегі мұзжарғыш секілді әдеби сындағы бағыт-бағдарын өзі анықтады, мұз­ды өзі жарды, мұхитты өзі кешті, әде­би талдауларын өмірден, әдебиеттің тарихы мен теориясынан тапқан білім­дері мен біліктеріне, шығармашылық ізденістері мен эстетикалық нысана­ларына сай жасап, өздігінше жол тап­ты. Осындай жағдайда кәсіби сын­шы болып қалыптасып, жетілген са­мород­ный, бітімі дара, табиғаты таза шығар­ма­шылық тұлғалардың бірі – Сайлау­бек Жұмабек.
Сай­лаубектің ортасы, әдеби жақын ай­наласы айбарлы болды. Асқар Сү­лейменов, Төлеген Тоқбергенов, Зей­нол­ла Серікқалиев, Қалтай Мұха­мед­жанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұр­таза, Тахауи Ахтанов, Ғабит Мү­сіре­пов секілді сөз өнерінің өнегелі, өре­лі өрен жүйріктерімен бірге қызмет ету­дің, қатар жүрудің, сұхбаттас болу­дың тағылымы, тәлімі мен тәрбиесі аса маңызды болғанында сөз жоқ. Сайлау­бекті осы ортаның жарығы жарқырат­ты. Өзі де оттай шалқып, шоқтай жай­­нады. «Сын пернесі» (1989), «Ғабит Мү­сірепов» (1989), «Жұлдызы нұрлы су­реткер» (1993), «Жүрегі – мұң, жүрегі – нұр» (1989), «Қазығұрт перзенті» (1998), «Сын әуені» (2001), «Шерхан Мұр­таза. Жұлдызы нұрлы суреткер» (2002), «Тахауи Ахтанов. Талант тек­тоникасы. Роман-портрет» (2003), «Сын симфониясы» (2005), «Қалтай Мұ­хамеджан.Титан драматург. Шы­ғармашылық портрет» (2007) және бас­қа еңбектерінде автордың сол орта­да тебіренген күйінің лаулаған жалыны, саулаған жарығы бар.
Сыншы талантының жарығы да, жа­лыны да ерекше. Әдеби шығарма та­биғатында барды көріп, дұрыс тани білу – қасиет. Әдеби шығарма таби­ға­тында барды көріп, тани білумен қатар оны саралап, талдай білу – өнер. Алай­да сыншының міндеті әдеби шығар­ма­дан нені көріп, нені таныса, тек соны тал­дап, соны сараптау ғана емес. Әде­биет сыншысы, алдымен, көреген бол­уы шарт. Көреген болу – көздің емес, көңілдің қасиеті. Ол көркем әде­биеттің, өнер мен мәдениеттің, тұрмыс пен салттың, тарих пен философияның ғасырлар бойы жинақталған асыл үлгілері мен қағидаларын, жалпыадам­зат­тық сипатқа иеленген рухани құн­дылықтарды көңілінде балқытып, кө­кірегінде қорытып, зердесіне құя біл­ген зергер жаннан ғана табылмақ. Сон­да ғана сыншының әдебиет пен өмір туралы, әдеби шығарма туралы оның тек өзіне ғана тән эстетикалық мұ­раты, шығармашылық ұстанымы ай­қындалмақ. Осындай эстетикалық мұ­раттың, осындай шығармашылық та­нымның сыншысында ғана әдеби шы­ғарманың келісті келбеті, әдемі әле­мі, тамаша табиғаты туралы өзге­лерде жоқ, тек оның өзінде ғана бар ерек­ше таным болмақ. Ол сондай та­ным­мен ғана әдеби шығармада бар және жоқ, сондай-ақ болуға тиіс құ­бы­лыстар мен ерекшеліктерді, бас­қаша айт­қанда, көркем әдебиеттің бүгінгісі мен ертеңгісін, осы шағының болмысы мен келер шағының сипатын қатар, са­лыстырып көре алады. Әдебиет сын­шысының көреген болуы керектігі ту­ралы ойымыздың мәнісі осында. Зей­нолла Серікқалиев, Төлеген Тоқ­бер­генов, Сағат Әшімбаев сынды Сай­лаубек Естайұлы да әдебиет сынын шы­найы әдеби көркем сын деңгейіне, одан әдебиеттану деңгейіне көтеруге ұм­тылған осындай қайраткер бол­мыс­тың сыншысы еді. Ол әдеби шы­ғар­ма­дан, алдымен, шындық болмыстағы қо­ғамдық, әлеуметтік мәні бар құ­былыстардың терең ашылуына назар аударды. Қоғамдық мәні зор өмір шындықтарының сырын терең ашып, шынайы суреттеген әдеби шығарма ғана эстетикалық мәні маңызды тал­даулар мен бағалауларға негіз бола ал­ады деп білді. Қоғам үшін мәнді, ма­ғыналы шындық құбылыстарды суреттеу жазушыдан өмір шындық­тарын терең білуді, қоғамның әлеу­мет­тік даму заңдылықтарын, сұраныстарын жете зерделеуді талап ететіні сөзсіз. Өмір­ді терең, жете білмейтін жазушы шынайы көркем шығарма жаза алмақ емес. Сыншы туралы да осыны айтуға болады: өмірді терең білмеген сыншы әдеби шығармада көрініс тапқан өмір шындықтарының қоғамдық мәнін жете тани алмайды. Сыншы өмір шын­дықтарын әдебиет пен өнер заңдылық­та­рынан терең білмесе, кем білмеуге тиісті. Сонда ғана оның сыны сындар­лы болмақ. Сайлаубек прфессионал сыншы ретінде берік ұстанған қағида­лардың бірі осындай болды. Сыншы жазушы шығармасының сюжеттік өзе­гі болған шындық құбылыстарды ірі не ұсақ деп жіктеуге бара бермеді. Шы­ғармада суреттелініп отырған шындық құбылыстың қоғамдық, әлеуметтік, эстетикалық маңызы мен мәніне назар аударды.
Сыншы «дүниежүзілік әдебиетте Антон Чехов қалдырған эстетикалық прин­цип өмірдің өзіне, оның небір елеу­сіз жәйттеріне жүгіну, боямасыз-қос­пасыз жазу» екендігіне сүйсіне оты­рып, Қалаубек Тұрсынқұлдың «Бүй­­рек», «Анды-Қарақыз» шығар­ма­ла­рынан осы ұстанымның бойды бал­қытып, ойды толқытқан шынайы да шы­райлы көрінісін тауып марқаяды. Жазу­шы шығармаларында, рас, өмірде болған оқиғалар суреттеледі. Дегенмен ав­тордың шығармасындағы шындық – көркемдік шындық. Шынтуайтқа кел­ген­де, өмірдің шындығынан сурет­кер­дің қаламынан туған көркемдік шын­дық әлдеқайда шынайы. Боя­ма­сыз, қоспасыз жазу туралы сыншы сүй­сінісі, айналып келгенде, көркемдік шын­дықтың шынайылығына деген сүй­сініс болып табылады. Содан да болу керек, Қалаубек Тұрсынқұлдың «Бүй­рек» әңгімесіне қатысты ол: «Шы­ғар­ма, сөз жоқ, адамзат баласының бойындағы ең бір асыл, ең бір аяулы, ең бір қастерлі, ең бір өмірлік ұлы се­зім­дердің көркемдік кардиограм­масы», – деп, поэтикалық тұжырым жа­сай­ды. Әдеби шығарманың көркем­дік шындығын эстетикалық қабылдау­дан туған әдемі әсер мен әдеби-эсте­ти­калық терең талдаудан туған қуатты ой­дың жараса ағылған тамаша жара­сымы сыншы тұжырымына мейлінше сәу­летті сипат берген. Сыншы әдеби шы­­ғарманың өмірлік құндылықтарға эстетикалық қатынастарын пайымдай отырып, өз талдаулары мен сарап­тау­ларында ғылыми тарихилық ұстаным тұрғысынан да қол үзбейді. Әрине, әде­би шығарма, оның көркемдік-идея­лық әлеміндегі әр құбылыс толып жат­қан басқа құбылыстармен сан са­ладан байланысып, сабақтасып жа­та­ды. Оларды қай тұрғыдан, қай бағытта, қандай қатынаста және қандай деңгей­де қарастыру қажеттігі сыншының ал­дына қойған мақсаты мен міндет­тері­не сәйкес анықталады. Сайлаубек Естайұлы өз шығармашылығында жал­қы жайын айта отырып, жалпыдан, жалпы жайында ой толғай отырып, жалқыдан қол үзген емес. Сондықтан оның ойлары мен толғаныстарында, тал­даулары мен сараптауларында жал­пының мәні мен жалқының сыры, көр­кемдік шарықтау биіктері мен ғы­лы­ми парықтау иірімдері жұп жазбай, тұтасып жатады.
Сайлаубек үнемі шарықтаған шы­ғармашылық ізденіс үстінде болды. Сын­шы ізденісі қажырлы, тынымсыз ең­бекпен ұштасып жатты. «Көтеріліс жә­не көркемдік танымдар генетикасы», «Талант тектоникасы», «Сын симфо­ния­сы» секілді әдебиеттану мен сын үшін академиялық жүйеде тосын, ерек­ше, тіпті оқыс көрінетін мәсе­ле­лерді көтеруі, сынға жаңа ұғымдар, тү­сініктер қатарын алып келуі осы тек­тес көркемдік эстетикалық, шығар­ма­шылық ізденістердің тереңдігі мен шығармашылық ойлаудың ерендігінен еді. Осындай ерекшелік сыншының жеке шығармашылық тұлғалар туралы туындыларына да тән. Бұл ретте автор­дың Шерхан Мұртаза, Қалаубек Тұр­сынқұл, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұха­меджан хақындағы ірі де іргелі, бір текті шығармаларын арнайы атап көр­сеткен дұрыс. Аталған қаламгерлер шы­ғармашылығы жайындағы еңбек­терінің бірін автор «эссе» деп атайды, екінші біреуіне «шығармашылық портрет» деп айдар тағады, келесісін «роман-портрет» деп айшықтайды. Сын­шы, осылайша, әдеби көркем сын айналымына сыры бір, сипаты бөлек ұғымдарды енгізді. Автордың көрсетіл­ген кітаптары зерделеу пәні жағынан өзара сарындас. Бірақ бәрі де әдеби көркем сын саласындағы жаңа, дара тұр­патты шығармалар болып табылады. Анығын айту керек, жазушының шы­ғар­машылығы туралы роман-порт­рет жазу сын саласында тек Сайлаубек Жұ­мабектің ғана қолынан келді. Бұл – сын тарихында бұрын соңды болма­ған жаңа құбылыс, сыншының талант даралығын танытқан шығармашылық жаңа үлгі.
Cыншының шығармашылық туын­­дыларының бәрі ғылыми ұста­ным­ға, ғылыми бағалауларға негізделе тұ­ра, суретті, образды. Баяндау, сипат­тау, талдау мәнерінде де шығармашылық құштарлық құшағында құлпырған су­ретті өрнектер мол. Осы ерекшеліктерді не­гізге алғанда, сыншының Шерхан Мұр­таза, Қалаубек Тұрсынқұл, Тахауи Ах­танов, Қалтай Мұхамеджан туралы еңбектерінің бәрін де тектес деп қа­был­дауға болады. Ал нақты ат, затты атау айту қажет болса, автордың «ро­ман-портрет» деген жанрлық анықтама бағытында негізделген термин сөзіне назар аударған оңды. Расында да сын­шының Тахауи Ахтанов шығар­ма­шы­лығы жайында жазған туындысының жанрлық табиғатын «роман-портрет­тен» артық ашатын лайықты терминді табу оңай емес.
Сыншы «Талант тектоникасына» Ах­танов Ахтановтың көзімен деген ай­қындауыш атау қосады. Мұның мә­нісі автордың Тахауи Ахтановтың шы­ғармашылығын Ахтановтың өз көзімен талдап, өз көзімен пайымдауында. Бұл – cыншының өзі іздеп тапқан жаңа ұста­ным, сыншының өзіне ғана тән да­ра тұрғы. Осы жерде ескеретін бір жай бар. Ол – Ахтанов шығарма­шы­лы­ғына Ахтановтың көзі мен Сайлау­бек­тің көзінің бір көз екендігі. Ахтанов шығармашылығына Ахтановтың кө­зімен қарайтын – Сайлаубек Жұма­бек­тің өзі. Мұндай батылдыққа сыншының сын­шысы ғана тәуекел ете алады. Өйт­кені мұндай шығармашылық мақсатқа жету үшін білім мен білік, талап пен талант, еңбек пен ізденіс қана емес, осы­лардың бәрінің төбесінен қарап тұр­ғандай биік қасиет қажет. Оның аты – Ахтановтың өзі мен шығармашылы­ғына, шығармашылық тұлғасына деген азаматтық құрмет пен адамдық сүйіс­пен­шілік. Сыншы Ахтановты, Ахта­нов­тың шығармашылығын, Ахтанов­тың шығармашылық мұратын, шы­ғар­ма­шылық ойы мен ойлауын, көр­кем­дік-эстетикалық әлемінің жарығы мен жар­қылын осындай құрметпен, осын­дай сүйіспеншілікпен барлап, қабыл­дады. Бұл – Сайлаубек талантының сын­шыл һәм сыршыл ерекшелігі. Бұл – Сайлаубек Жұмабек табиғатының адамдық, азаматтық, адамгершілік, кісілік қасиеті. Талантқа құрмет, та­лантқа деген сүйіспеншілік жоқ жерде сын да, сыншы да жоқ. Сайлаубектің сын саласындағы шығармалары жазу­шыға, жазушы таланты мен жазушы та­биғатына деген құрмет пен сүйіс­пен­шіліктен туды.
Жазушының еңбегі, жазушының та­ланты, жазушының шеберлігі туралы әдебиеттанушы да, сыншы да аз айтып жүрген жоқ. Соған қарамастан бұл мә­се­лелер туралы айтылған, жазылған ой­лардан айтылмаған, жазылмаған, ше­шілген мәселелерден шешілмеген, ше­шімін күтіп жатқан міндеттер әл­деқайда көп. Зерттеушілер де, сын­шылар да бұл мәселелер аясындағы күр­делі, іргелі құбылыстар туралы, кө­бінесе, жалпы айтуға бейім. Мұны айып санаудың жөні жоқ. Қалпы айт­қаннан жалпы айтқан көш ілгері. Жал­пы сипаттағы іргелі мәселелер туралы нақты айтуға ұмтыла отырып, қапелім­де, қалпы айтып қою қиын емес. Ең бір қолайсызы – еңбексіз, талантсыз, ше­берліксіз жазылған шығармадан көркемдік кесте іздеп тапқан болу. Тіпті талантты қаламгердің талантсыз шығармасын тамашалаудан да сақ бол­ған абзал. Талантсыз жазылған шы­ғарманы тамашалау талантты өсір­мей­ді, өшіреді. Сондықтан да Сайлаубек Естайұлы мұндай тамашалаудан бойын да, ойын да аулақ ұстады. Үстірт, таяз жазылған шығарманы тас-талқан етіп сынауға да бармады. Ондай сыннан әдебиетке де, сынға да ғибрат болар пай­да жоқ деп білді: алтын қаламының ұшын тасқа салуға қимады. Жүрегін жы­лытпаған шығармаға да, көңілі тол­маған жазушыға да бірқалыпты са­бырмен қарады. Жазушылық мұраты­ның адалдығымен, суреткерлік та­би­ға­тының тазалығымен, кісілігінің ірі­лігімен, дарынының даралығымен жа­нына жарығын түсірген, сезімін тер­­беген, жүрегін тебіренткен, ойын ба­л­­қытқан қаламгерлердің шығар­ма­шылығына жайбарақат қарап отыра алмады, жазды: сырын айтып, эссе жазды; шынын айтып, шығармашылық портрет жазды; сынын айтып, роман-портрет жазды. Сүйгені мен сүй­сін­гені­не ғана мойын бұрды. Сүйгенін оқып, сүйгенін жазды. Меніңше, Сай­лаубектің өзі көзі тірісінде көңілі то­лып айтқан «Талант тектоникасы» да осы болу керек.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.