Өнеріміздің жанашыры
13.10.2017
1168
0

Сәбит ОРАЗБАЙ,
Қазақстанның халық артисі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Әшірбек маған бірде: «Сәбит аға, 18-ші кітабымды жазып бі­тірдім. Енді жан-жағыма қарап, табиғатты тамашалап, дос-жа­ранмен, ағайын-туыспен ара­лассам деймін», – деп еді. Ден­саулығының сыр беріп жүргенін де жа­сыр­ма­ды. Оның үстіне осы­дан бірер ай бұрын Қазақстан делегациясы құрамында АҚШ-қа барып қайтты. Сапарға шығар алдында телефон ша­лып:
– Сәбит аға, Америкаға жол жүрейін деп жатырмын, мұныма не дейсіз? – деді.
– Не дейін, өте керемет сапар. Бірақ, денсаулығың жарай ма, жүре­гің қалай? Алдымен рұқсатты жүрегіңнен сұрағын, – дедім сөзімнің аяғын әзілге бұрып.
– Дәрігерлер жүрегің дұрыс соғып тұр, барып-келуге жа­рай­ды деп отыр, – деді.
Келгесін хабарластық. Режиссер Абель Феррар­дың атақты «Нью-Йорк королін» («Король Нью-Йорка») тамашалағанын, Вашингтондағы концерт залында болғанын, өнер ордаларын аралағанын айтты. Алған әсерін баспасөзде жазды да.
Әшірбек атақты сыншы болумен қа­тар, ұлт­тық өнеріміздің үлкен жана­шыры еді. Оны мыңдаған шақырымдық шал­ғайға (қа­зақша айтқанда, жердің түбіне), мұ­хиттың арғы жағына жетеле­ген де сол өнер­ге деген жанашырлық деп бі­ле­мін. Ол Қазақстандағы 54 театр ту­ра­лы кө­лемді, сол өнер ұжым­да­ры­ның мұң-мұқ­тажын қозғаған еңбек жаз­ды.
Қазақстан Парламентінде ұлттық өнеріміздің бүгінгі хал-ахуалын қын­жы­ла жеткізді. Әсіресе, облыстық театр­лардың жан төзгісіз жағдайын ашы­на айтты. Театр мен жастар ара­сын­дағы байланыстың жоғалып бара жат­қанына күйінді. Облыстардағы театр­ларды Мәдениет министрлігіне қосу туралы ұсыныс білдірді. Міне, бұл да өнерімізге деген жанашырлық. Осын­­дай-осындай жанайқайлар Әшір­бек Сығай сияқты «елім», «халқым», «ұл­тым», «өнерім» деп еміренген, тебірен­ген азаматтың жүрегіне салмақ салды…
Бірақ, Әшірбек 70-ке де толмаған жа­сын­да театр өнеріне қатысты көп еңбек бі­ті­ріп, көп нәрсенің жолын салып кетті. Театр өне­рі мен актер туралы 18 кітап жазған жазушы, оның ішінде театр сыншысы қазақта әлі болған емес.


Орайлы сөз

1971 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, сонда ұстаздық етіп жүргенде Мәдениет министрлігінің жанынан театр бөлімі ашылды. Сол мекеменің басшылық қызметіне Әшірбек Сығайды арнайы шақырдық. Сол уақыттан бастап Әшірбек бүкіл саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің өркендеуіне арнады. Қазақ театр өнерінің саңлақтары мен кейінгі кездегі көрнекті өкілдері туралы жиырмаға жуық кітап жазды. Оның барлығы талдау мен тәжірибе арқылы дүниеге келген еді. Оның тағы бір керемет қасиеті – шыншыл, әділ, ұстанымы бар азамат болды. Сол үшін де бүкіл театр қауымы, мәдениет қайраткерлері Әшірбекті ерекше сыйлайтын. Ол театр сыншысы ретінде елімізде тұңғыш рет Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған тұлға.

Жексенбек Еркінбеков,
Мемлекет және қоғам қайраткері.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір