«Портрет – адамдар өмірі»…
06.10.2017
2821
0

Майлы бояумен салынған Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев сынды біртуарларымыздың қайталанбас бейнесін кенеп арқылы келер ұрпаққа аманаттап келе жатқан қылқалам шеберлері аз емес. Сондай айтулы суретші, бүгінгі қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, портрет жанрының шебері, ұстаз – Тоққожа ҚОЖАҒҰЛ. Күні кеше Алматдағы Орталық мұрайжайда суретшінің «Үнсіз музыка» атты көрмесі ресми түрде ашылды. Көрген жанның жандүниесін ерсілі-қарсылы ағыстарға салатын көрмені арнайы барып көріңіздер.

– Адамға қай өнер болса да тегін берілмейді ғой, біреуге әкенің қаны­мен, ананың сүтімен сіңеді. Ал кей­де қажырлы еңбекпен, маңдай тер­­мен келеді. Сіздің бейнелеу өне­рі­не деген құштарлығыңыз қалай басталды?
– Хантәңірінің етегінде, Байын­қол өзенінің жағасында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Туып-өскен жерімнің табиғатының кереметтігі, адам жанына ерекше әсер беретін сұлу­лығы мені бейнелеу өнеріне алып келді. Әрі арғыаталарымыз да өне­р­ден құр болмаған, елге таны­мал қолөнерші болған екен. Сол кі­сі­лер­­дің осы қасиеттері бізге де да­рыған секілді. Менен үлкен әкпем бармағынан бал тамған аспаз және өте шебер қолөнерші. Басқа бауыр­ларым да ағаштан, темірден күнделікті тұрмысқа қажетті бұ­йым­дарды жасайды. Солардың ішіндегі бейнелеу өнеріне бейімі мен болдым.
– Сіз қазақтың көптеген айтулы тұлғаларының бейнесін сомдадыңыз. Солардың ішіндегі ең алғашқысы Мұқағали Мақатаевтың портреті кө­рінеді. Ақиық ақынныңтұлғасын жазуыңызға не түрткі болды?
– Біздің Қаратоған ауылының қалыпты бір тіршілігі бар. Жаз ке­зінде мектеп оқушылары кол­хоз­­дың жұмысына көмектесе­тін. Мен де басқалар секілді Қысаң деген жердің төменгі жағындағы алқап­тарды суғаруға баратынмын. Нұрә­сіл Қойшиев деген бригадир аға­мыз су бұрады. Сол кісі берген тап­сырманы бұлжытпай орындауға ты­рысатынбыз. Былайынша қа­талдау болғанымен, ол кісі өнерге жақын, жаны таза адам еді. Бірде түс­кі астан соң, судың жағасында, көк майсаның үстінде жатып, «Сарыжайлау» әнін шырқады. Дауы­сы керемет болатын. Бәріміз сүй­сініп тыңдадық. «Мына әннің музыкасы Нұрғиса Тілендиевтікі, ал сөзін Мұқағали Мақатаев деген өзіміздің Қарасаздың жігіті жаз­ған», – деді. Мен Мұқағали ақын­ның есімін алғаш рет сол кезде естідім. Ол – 1976 жыл бола­тын. Міне, содан бастап, Мұқа­ға­ли­­дың поэзиясы, оның болмысы, жан­дүниесі мені баурап алды. Мұз­­балақ ақынның өзгелерден ерек­ше­лі­гі – өмірдің барлық қырын зерттеп, түсініп, тіпті әртүрлі фи­ло­софиялық ойларын оп-оңай, қарапайым тілменжеткізе салады. Мен оның өлеңдерін жаттап, әр жерде мәнерлеп оқуды әдетке айналдырдым. Сол бір кездерде Мұқағалидың «Өмір өзен» атты жыр жинағы шықты. Кітаптың сыртқы мұқабасында ақынның графикалық бет-бейнесі салынған портреті бар еді. Мен соны бірінші көшіріп салдым. Оны үлкейтіп, үйдің қабырғасына іліп қойдым. Абай Құнанбаев, Сәкен Сейфул­лин, Жамбыл Жабаев және т.б. ірі-ірі тұлғалардың суреттерін са­лып, сақтап қоятынмын. Соның алғашқысы Мұқаң болды.
– Ол кезде жасыңыз нешеде еді?
– Шамамен 8-9 сыныпта оқи­тынмын. Ауыл адамдары мені суретші бала деп атай бастады. Мектептегі безендіру жұмыс­та­рына да белсене араластым. Аудан орталығында өткен көрмелерде менің салған суреттерім жүлделі орындарға ие болды. Тіпті ағаштан ойып, домбыра жасап, бетін тарихи мәні бар суреттермен әр­леп, аудан орталығындағы Мәде­ниет үйіне бергенмін. Мектептен соң,1979жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің «Көркем сурет графика» факультетіне оқуға түстім. Сол күзде біз ауылшаруа­шы­лық жұмысына қатыстық. Қыркүйек айының орта шенінде әкем дүниеден озды. Хабарды естіп, ауылға барғанымша әкемді жерлеп қойыпты. Әкемнің қай­ғы­сы ауыр тигені соншалықты оның келмеске кеткеніне өзімді сендіре алмадым. Құдды әр жерде жүр­ген­дей елестейтін. Ол кісі кеткеннен соң мен өз-өзімді қай­рап, бар кү­шім­ді жиып, есеюге тырыстым. Бұ­рынғы қайырыл­майтын, қыр­сық мінезімді жеңіп, әр нәрсеге байыппен қарауды үйрендім. Осылай уақыт өтіп жатты.
Бірінші курста үйрену сабақ­та­ры болды да, екінші курсқа көш­кен­де портрет жанрын оқытты. Мен іштей неге өз әкемнің тұлға­сын жасамасқа деп бекіндім. 1981 жылы қысқы семестрге келгенде әкемнің портретін жазып әкелдім.Міне, осы кездерден бастап мен портрет жанрына аса зор мән бере бастадым. Осы аралықтарда Мұ­қа­­ғалидың бейнесін қайта жасау­ды ой­лап жүрдім. Өйткені, сол кез­дерде бүкіл жастар Мұқа­ға­лидың, Қасымның, Қадырдың, Тұманбайдың, Шахановтың өлеңдерін жатқа айтып жүретін. Бір күні аудиторияда отырып, бірімізден соң біріміз өлең оқы­дық. Сонда бір курстас жігіт: «Мұ­қа­ғалиды барлығың меншіктеп алғансыңдар. Ал шын мәнісінде оның бір өлеңін басынан аяғына дейін оқитын біреуің жоқ», – деп намысыма тиді. Мен ойланбастан оның бірнеше өлеңін жатқа оқып бердім. Одан кейін Мұқағалидың суретін ағашқа күйдіріп салдым да жан-жағын гүлдеп, аяқ жағына «Егер де халық өзін ұмытпаса, бақұл бол, халқың сені ұмытпайды» деп жаздым. Осы жұмысты қатар­ластарым да, мұғалімдер де жақсы бағалады. Кейіннен ол суретті Нарынқол орта мектебінде «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәнде­рі­нен сабақ беретін Әбдірасыл Сұлтанқұлов деген ұстазға сыйға тарттым. Үшінші курста оқып жүріп, «Менің анамның портреті» атты туындымды жаздым. Оны ұстаздарым өте жақсы деп, әдіс­те­мелік қойылымға алды. Кейіннен Тоқтабай Асқарбайұлы деген мұ­ға­лімім: «Сен әлгі шығармаңды өзің қайтарып ал. Келешекте көрмеге қоясың», – деді. Сол аға­мыздың кеңесіне құлақ асып, анамның суретін өзіме сақтап қойдым. Ол туындым 1987 жылы Алматыдағы республикалық көр­меге қатысты. Оның артынша Мәскеудегі Бүкілодақтық көрмеде болып, сол жақтың көркемсурет дирекциясы сатып алды. Ал төр­тін­ші курсқа көшкенде Мұқа­ға­лидың қырынан қарап отырған суретін майлы бояумен жасадым. Оны қазіргі «Ұлан» газетінің бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлына сыйладым. Мұқағалидың шы­ғар­ма­шылығына деген сүйіспен­ші­лігім­нен болар, үнемі оның пор­тре­тінің нобайын жасап жү­ре­­тінмін. Үш жыл Жамбыл пе­да­гогикалық институтында қыз­мет істеп, 1987 жылы өзім оқы­ған қарашаңыраққа оқытушы болып жұмысқа келдім.
1988 жылы еді. Студенттердің қысқы каникулында Мұқағалидың бейнесін салуды жоспарладым. Мен оның әр кездегі фотосурет­терін жинап жүретінмін. Бұл портретті де сол фотосуреттердің негізіне салмақшы болдым. Сөйтіп жүргенде түсімде Мұқаңды көрдім. Екеуміз бір үйде кездесіп, әң­гі­мелесіп отыр екенбіз. Мен: «Аға, Сіздің суретіңізді салайын деп едім, қалай қарайсыз», – деймін. Сөйтсе Мұқағали ақын салалы саусақтарымен үстелдің үстін ақы­рын ғана тырсылдатып отырып: «Да­мылда жаным, дамылда, Ба­қытты сол бір шағыңда…», – дейді. Бір кезде екеуміз сыртқа шыққан екенбіз, ол кісі: «Сен ол жұмысты Қарасазға апара бер. Мен айналып кеп көремін», – деді де ғайып бол­ды. Менің көз алдымда әлгі кісі­нің бет-бейнесі, ойлы көзі, тол­қын­дала артқа қарай қайырыл­ған ша­шы дәл өңімдегідей болып, анық сақталып қалды. Ақынның фотосуреттерін негізге ала отырып, портретін тез арада салып шықтым. Жұмысты аяқтаған соң, Мұқағали Мақатаевтың көзін көрген үлкен ақын-жазушыларға көрсеттім. Олар өте жақсы бағалады. Осы еңбегімнің нағыз бағасын берген ағамыздың жұбайы Лашын жеңгеміз еді. Менен: «Сен ағаңды көріп пе едің?», – деп сұрады. Мен: «Ол кісі дүниеден озғанда, мен жетінші сыныпта оқып жүр­ген­мін. Көрмедім», – деп жауап бердім. Сонда Лашын жеңгеміз: «Мұқағалидың бейнесін салам деушілер көп болды. Бірақ сенікі ағаңың нағыз өзі болыпты», – деді. Ал сол жұмысымды 1991 жы­лы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 60 жыл толған мерей­тойын­да музейіне апарып тапсыр­дым. Кейіннен ақынның «Қара­саз­ға апарып бер» дегені осы екен ғой деп ойладым. Ағамыздың жары сол тойда маған ризашы­лы­ғын білдірді. Бірақ мен оны сату үшін немесе пайда табайын деп емес, өзімнің ақынға деген құрме­тімнің белгісі ретінде жасадым. Одан кейін Жамбылдың, Қарасай, Мұхтар Әуезов және т.б. бабалары­мыздың суретін саларда да аян түстер көрдім. Сол себепті олардың бейнесін де еш қиналыссыз жасап шықтым. Жалпы шығар­ма­шылы­ғымнан бөлек, жеке өміріме қа­тысты жағдайларды да көбіне түс арқылы біліп отырамын.
– Сіз ұстаздық еткелі де отыз жылдан асыпты. Одан тыс қоғамдық жұмыстарға да белсене араласасыз. Әрі ғылымға да терең бойлаған адамсыз. Осы уақыт аралығында шығармашылығыңыз шетте қалып қоймады ма?
– Өмір деген аламан бәйге секілді. Бәйгеде кейбіреулер алғашқы кезде жарқ етіп шықса, бірі орта шенінде көрінеді. Ал кейбіреулері жарыстың аяғына қарай ашылады. Сол секілді бейнелеу өнерінде де көздеген мақсатыңа сүрінбей, талмай жету өте қиын. Ол үшін бүкіл өміріңді сарп етуің де мүмкін. Дер кезінде өз жолыңды тауып, өмірдегі бағыт-бағдарыңды нықтап алуың қажет.Өнерде болдым-толдым деп айта алмайсың. Өйткені, өзің таңдаған өнердің тереңіне бойла­ған сайын, әлі де үйрену керек екеніңді, білгеніңнен білмегенің­нің көптігін аңғарасың. Сыни көз­қарас қашанда адамды ала өк­пеліктен, даңғазалықтан, көрсе­қызарлықтан сақтайды. Сол се­бепті әр кезде өз-өзіме сыншыл көзбен қараймын. Дұрыс айтылған сын адамның өсуіне, кемелденуіне оң әсерін тигізеді. Тіпті, хас жауың айтып тұрса да, соның сөзіне құ­лақ салған дұрыс. Уақыттың ты­ғыз­дығын, әрбір минут, секундтың да қымбат екенін соңғы кезде қатты сезініп жүрмін. Күнделікті жұмыс барысында балаларға сурет салуды үйреткеніммен, былайғы кезде жеке шығармашылығым көбіне сырт қалып қояды. Қолым қалт ете қалғанда өзімді сынау үшін айнаға қарап тұрып, аква­ре­льмен өз суретімді саламын. Жал­пы, бейнелеу өнерінде майлы бояумен жұмыс жасағаннан гөрі акварельмен сурет салған күрделі­леу келеді. Себебі, майлы бояуды ақырын қырып алып тастауға немесе үстінен қайта жағуға болады. Ал акварельмен салынған сурет бүлінсе, еш түзетуге келмей­ді. Сондықтан да акварельмен жұмыс жасау барысында көз, қол, ми үшеуі қатар жұмыс жасауы керек. Сурет өнерін игеру екінің бірінің қолынан келмейді. Сол себепті мен бұл өнерді құдіреті күшті Алланың маған берген сыйы, басыма қонған бақ деп түсінемін.
– Жақында «Үнсіз музыка» атты жеке көрмеңізді өткізбекші екенсіз. Бұл көрмені ұйымдастыру­дағы мақсатыңыз не? Ол несімен ерекшеленбек?
– Біріншіден халыққа, екінші­ден өз-өзіме есеп беру мақсатында «Үнсіз музыка» атты көрмені ұйымдастырып отырмын. Көрмеге елу шақты портреттер қойылады. Әр қайсысының өз тарихы бар. Жалпы адам өмірі портреттерден тұрады. Бейнелеу өнерінің музы­каға ұқсастығы бар. Себебі сурет­шінің жазған еңбегін көрген адам да, музыканттың туындысын тыңдаған тыңдарман да қай ұлттың өкілі болса да бірден ұғынады, түсінеді. Сол музыканың, сол сурет­тің тереңіне үңіле алады. Ол туралы айтып та, аударып та қажеті жоқ. Міне, бейнелеу өнерінің құдіреті, оның сиқыры осыны­сын­да деп ойлаймын. Кезінде мен жайында Жарас Сәрсек деген ақын жігіт «Үнсіз музыка» атты мақала жазған. Одан бері біраз уақыт өтсе де мен осы көрмені солай атадым. Әсілінде өнер адамдары, ақын-жазушылар экраннан, баспасөз құралдарының бетінен жиі көрініп жатады. Ал суретшілерді іздеп, насихаттайтын адамдар бірен-саран ғана кездеседі. Бейнелеу өнері елімізде кенже дамығаннан соң болар, ел-жұрт көрмелерге аз жиналады. Алайда шын өнерді, әдемілікті, сұлулықты іздейтін жаны таза, білімі мен парасаты келіскен жандар бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлім Нұрланқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір