РУХАНИ РЕНЕССАНС
06.10.2017
1675
0

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Мұсылмандары
діни басқармасы
Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

ХХІ ғасыр… Өзгерістер мен күйзелістер кезеңі. Қаладағы қарбалас тіршілік, ауылдағы күнкөрістің қамы адам баласының рухани дамуына дес берер емес. Әлеуметтік желінің әлегі жасты былай қойғанда жасамысты да тұйыққа тіреп, түсініксіз тіршіліктің тұңғиығына батырып бара жатқандай… Әйтеуір, «әр кәллада – бір қиял». Өзіне еліктіріп әкетер әдепсіз нәрселер көз алдыңнан кесе-көлденең шыға берген сайын рухың әлсірейді.

Қоғамның қорғаны

Қатерлі сәтте қорған болар құн­дылықтардың көмегі шұғыл қажет. Ол – дін, діл, дәстүр, тарих, ғұрып, тағысын тағылар. Рухани һәм ұлттық құн­дылықтар жалқыны емес жал­пыны жамандықтан құтқаратын им­му­нитет екені адамзат тарихында дәлелденген. Бұл – діңгек, жамандық атаулының емі. Санамен сан рет саралайық – бұдан басқа жол жоқ. Өйткені, күллі жаратылыстың ішінде адам баласы ерекше бейнеде жаратылған. Енді «атымды адам қойған соң, қайтып надан бо­ла­йын…» (Абай).
Сан ғасырлық тарихымыз куә е­мес пе, қазақтың ел басқарған хан­дары, би-сұлтандары ұлттың дәс­түрлері мен халықтың рухани да­муы­на аса көңіл бөлді. Кешегі хан-сұлтандардың бүгінгі ұрпағы, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та егемендікке қол жеткізген сәттен бастап жұртымыздың жоғала жаздаған рухани мұрасын түгендеуді жедел қолға алды. Мемлекеттік деңгейдегі бірқатар ауқымды игі жобалардың бастамасы болған «Мәдени мұра» бағдарламасы мә­дениетіміз бен әдебиетіміздің, тарихымыз бен дәстүріміздің қайта жаңғыруына серпін берді. Мұны айрықша атап өткен абзал.
Игі идеяның нәтижесінде 100-ге жуық тарихи һәм мәдени ескерткіш­теріміз қайта қалпына келтірілді. 2004 жылдан бастау алған бағдарлама аясында Қожа Ахмет Иассауи кесе­не­сі ­мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Әлемдік мә­дени мұрасына енді. Бұл – бағдар­лама­ның басты жетістіктерінің бір парасы ғана. «Мәдени мұра» халы­қа­ралық дәрежедегі ізгі іс-шараларға да мұрындық болды. Бүгінде тек қазақ ұлтының емес, күллі мұсылман үмбетінің, бүкіл түркі жұртының, Ислам әлемінің мақтанышына ай­нал­ған әйгілі Сұлтан Бейбарыс бабамыздың Дамаскідегі кесенесі мен Каир шаһарындағы мешітіне­то­лық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.Мысыр еліне барған бір сапарымда осыған куә болдым.
Бұл бастаманың арқасында Ресей, Түркия, Мысыр, Өзбекстан, Моңғолия, Жапония, Батыс Еуропа елдерінен Қазақстанның тарихына қатысты 5 мыңнан астам құнды құжаттар, тарихи жәдігерлер, қол­жаз­балар әкелінді. Жоғалған ұлын тапқан ана секілді ерекше сезімге бөленген қазақ жұрты құнды тари­хы­мен, бай мәдениеті мен әдебие­тімен қайта қауышты. «Мәдени мұра» бағдарламасы «Бабалар сөзі», «Әлемдік әдебиеттану», «Әлемдік өнертану», «Қазақ өнерінің тарихы», «Әбу Насыр әл-Фараби» «Қазақ хандығының тарихы мен мәдениеті жөніндегі Қытай мұрағаттарының құжаттары», т.б. көптомдық энци­к­ло­педиялық кітаптарды өмірге әкелді. Бұдан басқа кәсіби деңгейде түсірілген 20-дан астам деректі фильмдер көрерменнің тарих туралы көзқарастарының көкжиегін кең­ейт­ті. Бұл қазақ халқының жоралы жұрт, іргелі ел екендігінің тарихи дәлелі еді. Ұлттық идеология дегеніміз осындай ізгі жобалардан бастау алмай ма?Осыдан кейін жастардың патриоттық жігері оя­нып, тарихты терең түсіне бастады, өз елінің ешқандай мемлекеттен кем түспейтінін ұқты. Ұлтымыздың мерейін тасытып, үмітін ақтаған игі жобаның Президенттің парасатты шешімімен жүзеге асуы әрбір ұлт­жан­ды азаматты қуанышқа бөледі.

Тарихтан – тағылым

Тарих – өткеннен өнеге алып, танымға таразы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық. Ұлт мақтанашы Ахмет Байтұрсынұлының: «Біздің заманымыз – өткен заманның бала­сы, келер заманның атасы», – деп жаз­ғаны бар. «Әке – балаға сыншы», – демей ме? Тарих дегініміз – тәжірибе. Ал тарихтан тағылым алу – адамдық іс. Демек, өткеннен өнеге алу – бейне бір болашақтың бағдар­шамы іспетті. Тарихты жасау оңай емес, ал оны жазып қалдыру – екі есе қиын іс. Бүгінде тарихты жасау­мен бірге тарихи сананы қалыптас­тыру маңызды.
Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі: тарихи білім мен ағарту саласына тың реформа жасау қолға алынды. Елбасы бастамасымен «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы қабылданды. 2013 жылы бастау ал­ған жоба аясында әлем мұрағат­та­ры­нан төл тарихымыз туралы құнды құжаттар алынып, жүйелі зерттелді. Сөйтіп, ұлттық тарихты зерделеу жұмысына серпін берілді. Қазақ­-
с­тан­ның тарих ғылымы сапалы ғы­лыми-зерттеу еңбектермен толықты. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына қатысты оқу-әдістемелік құралдар мен ақпараттық-талдамалық мате­р­иал­дар халыққа жүйелі насихат­талды.
Батыстың қауіпті бейәдеп «мәде­ниеті» халық арасында «қалыпты әдет» ретінде таңылып жатқан жа­һан­данукезінде ұлттық болмысты сақтап қалудың бір жолы – тарихты жаңғырту, тарихи сананы қалып­тас­тыруға күш салу. Мылтықсыз май­дан­дағы идеологиялық шабуылға ұлттық тарихымыз тегеурінді тірек бола алады. Бұған бек сенімдіміз. Ұлттық тарихты халық игілігіне ай­нал­дыру – мемлекеттік идеология­ның алғышарты. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы осыны мақсат етті және нәтижесі де жоқ емес. Мемлекет басшысының бұл мәселедегі пәрмені өміршең жобаға айналды.

Өзін өзгертпейінше…

Осы жылдың сәуір айында Н.Ә.Назарбаев бұқаралық сананы өзгерту туралы ойларын жолдады. «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» деп аталатын мақалада қайта түлеудің тетіктері көрсетілді. Еліміз­дің беделді ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері Президенттің жа­ңа­шыл ойлауға, ұлттық сананы жаң­ғыр­туға, бәсекелік қабілетті арт­тыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, туған жерді көркейтуге үндеген ма­қа­ласын стратегиялық құжат деп қабылдады.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасында қызмет етіп, діни са­ладаға жобаларға атсалысып жүр­геннен кейін Елбасы мақаласындағы руханиятқа қатысты тұжырымды пікіріне сөз қосу асыл борышым деп білемін.
«Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние­та­ны­мымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл-масақ, көш басындағы елдермен иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деп жазды Президент.
Расында, өзгеруді ең әуелі адам өзінен бастау керек. Алланың қа­сиет­ті Құранда адамзатқа бұйырған ә­мірі нақ осы: «…әр ел өз күйін өз­гер­т­пейінше, Алла оларды өз­герт­­пейді…» («Рағыд» сүресі, 11-аят). Кейде пенде өмірдегі өзіне қа­тысты кішкентай сәтсіздіктер үш­ін қо­ғамды, одан қалды билікті кінәлап жатады. Асылында кінәрат өзгеде емес – өзімізде емес пе?
Бірде батагөй әжеміздің бойжет­кен немересін ұзату кезінде: «Барған жерде қалай бақытты боламын деме. Барған елімді қалай бақытты етемін деп ойла», – деген аналық тілегі бізге көп нәрсені ұқтырды. Иә, елден не аламын деген таяз түсініктен әр азамат арылуы қажет. Керісінше, елге не беремін деген ой санада жаң­ғырса игі. Елбасы мақаласындағы кесек ой осыны меңзейді.
Н.Назарбаев: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деген тілегін жолдады.
Бізге жат идеологиялық шабуыл үдей түскен осынау алмағайып заманда салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген елдің ғана мылтықсыз майданнан аман қалары сөзсіз. Өйт­кені, ұлттың тәрбие мен тағылымға толы тарихынан, әдет-ғұрпынан сусындаған ұрпақ «ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі». Ақиқатында солай!

Астана қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір