Жаздыкүн шілде болғанда…
19.08.2015
2757
0

bg66 шілде кіргеннен Астана күнін атап өту дәстүрге енді. Теледидар, газет-журналдар бір сөзбен айтқанда, күллі ақпарат әлемінде бұл айтулы күн. Астана күні кімге қалай әсер етеді деген сауалға келетін болсақ, әрине, әркімнің пікірі әрқалай өрбитіні белгілі. «Біткен іске сыншы көп». ауызбен айта салу қашан да оңай. Яғни сол пікірлер мен көзқарастардың бір-бірімен қарама-қайшы келіп жатуы да заңдылық. Алға қойылған биік мақсат пен нық сенім қашан да ақыл мен парасаттан бастау алатын болса, қандай істің де өз мән-мағынасын жоғалтпайтынына кәміл сенесің. Жыл сайын Астана күнінің жалауын желбіретіп, қазақстандық күллі арналардан беріліп жатқан бағдарламалардан көз сүрінеді. Ал Астана күнінің биыл бұрын-соңды болып көрмеген аптап ыстыққа дөп түсуі қазақстандықтарға ауыр тиіп жатқаны айтпасақ та белгілі. Қанымызда бар тойшыл, мерекешіл қасиеттерді көрші елдердің көлгірси мақтауының астарына терең үңілмейтін сияқтымыз. Ал бұл ұлт зиялыларын толғанта ма екен? Тойшыл халық екендігіміз сондай, тіпті мезгілдің қысы, жазына да қарамайтынымызды дәлелдеп бердік. Олай болса, мұның түбі ел экономикасына кері әсерін тигізіп жүрмей ме? деген сауалға жауап іздеу, әрине, қара халықтың шаруасы емес екені хақ. Тіпті, мұны тырнақ астынан кір іздеу деп те түсінетіндер табылар. Алайда, «Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар» дегеннің керін енді ғана сезгендей, жаһанданудың жаңалығына енді ғана етіміз үйренгендей күй кешкен сыңайлымыз. Ал бұл біздің рухани өмірімізге қалай әсер етіп жатыр? ұлттық құндылықтары­мыз­ды жаңғыртып отыруға байланысты жасалынып жатқан мәдени шара деуге келе ме? Жалпы, осы бір жиі айтылатын қонақжайлылық, қонақжай халық деген термин бізді одан сайын дарақыландырып жіберген жоқ па? деген сауал төңірегіндегі әңгімемізге мәдениеттанушы, философтарды тартқан едік.

Серік Нұрматов,
философия ғылымдарының докторы, профессор

Өмірі болмаған Күннің ыстығы бірнеше күн, апталап тұрған кездері болды. Біздің Қазақстан жеріне де қуаңшылық алып келді. Киіктеріміз, ақ бөкендеріміз тіптен Еділ мен Жайықта балықтарға дейін қырылып, бұрын-соңды болмаған құбылыстар орын алып жатыр. Табиғат-ананың өзінің бір дағдарысты кезеңдері сияқты. Әрі бұл Рамазан айымен қатар келіп тұр, шыдамдылық танытқан азаматтар рухани тазару жолына түсіп, ораза тұтты. Бұл да руханияттың бір бөлігі. Бәрімізге ораза ұстау міндет болмаса да әркім өзі үшін, шамасы келгенше шыдап бағуда. Дүниеде рухани ақиқаттың жолында жүруде әртүрлі сынақ болады. Соның бірі – табиғи ортаның жағдайы, келген қыспақтың кейде адамдардың санасына, көзқарасына да әсер етуі мүмкін. Бірақ кез келген жағдай өтпелі, не нәрсенің де артында жақсылық, жақсы кезеңнің келетінін білеміз.
Халқымыз талай өмірдің өткелдерінен, қиын кезеңдерден өтті ғой, бұдан да өтетін шығар деп ойлаймын. Адамдарды жүнжіп кетті дей алмаймын, бірақ біразына оңай соғып тұрған жоқ. Мәселен, Қызылорда жерінде 47-48 градусқа дейін ыстық болды деген мәлімет бар. Басқа жерлерде де солай. Айналып келгенде үкімет тарапынан осындай ауыр кезде қамқорлық керек қой деп ойлаймын. Бұдан барлығымыз біртұтас өтуіміз керек. Мысалы, өзін-өзі қорғауға шамасы келмейтін, жарымжан, жалғыз қалған адамдарға қол ұшын бергеніміз дұрыс. Қарағандыда біраз адамдар судың астында қалды. Әлі күнге дейін соның зардабын көріп жатқандар бар, оларға да уақытылы көмек қажет. Осының барлығы бұл дүниеде назардан тыс қалмайтын құбылыстар көп екендігін дәлелдейді. Экология оңай емес, ол өте бір нәзік, тепе-теңдікті ұстап тұрған құбылыс қой. Оны ешқашан да белінен басып, текке пайда табам деп мұнайын сорып, артынан не болса, ол болсын деп тастап кетсе ол бірнеше жыл өткеннен кейін өзінің кері әсерін, ықпалын тигізеді. Себебі, оны орнына қою керек, бәрі үйлесімге келуі керек. Сол кезде табиғат-ана адамдарға, біраз өзінің әлеуметтік ортаға кері әсерін тигізеді. Немістің ойшылы Фридрих Энгельстің айтқаны бар: «Біз тарихқа, табиғатқа мылтық атсақ, ол бізге зеңбірекпен жауап береді», – деген. Сондықтан табиғатты қадірлеуіміз, құрметтеуіміз керек. Әрбір қорғайтын жерін қорғауға тиістіміз. Оның аялаған алақанынан біз өзімізге тиістісін ала аламыз. Алудың реті осы екен деп жерді жағалай жалға үлестіре берсек, ол да болмайды. Ол жердің сорып-сорып, ақ жемін шығарып алады да, кетеді, қайбір артын ойлайды дейсің.
Бұл дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртудың негізгі мақсатынан гөрі әлемдік, халықаралық деңгейде Астананың, Елорданың имиджін көтеру, мәртебесін көтеру мақсаты көбірек қойылатын сияқты. Өйткені, ұлттық әлемімізді алға шығарып, мәдениетімізді, рухани байлығымызды көрсетейік, соны ары қарай дамытайық деген ойдан гөрі біз қатарлы өмір сүріп келе жатқан көрші елдердің алдында ешкімнен кем емеспіз, біздің де өзіміздің үлкен орталығымыз – Астанамыз бар, Елордамыз бар. ЭКСПО – 2017 келе жатыр, мынадай жетістігіміз бар деген шамалы жарнамалық жақтары көбірек. Жастардың мәдениеті қазір бұқаралық болып бара жатыр. Батыстық үлкен жаһандану кезеңіндегі жайлап бара жатқан мәдениет, ешқандай таза этникалық мәдениетке онша көп мән бермей, тек әйтеуір орташа бұқараның көзқарасына назар аударатын бір мәдениеттер келе жатыр. Оған халықтың тарихы, рухани байлығы баяғы ешқайсысымызды алып бара жатқан мәнде емес, бір ритммен әйтеуір дүниенің бәрін ұстап тұрған өзінше бір жеңіл-желпі мәдениет бар. Сондай мәдениеттің бір шеті бұл Астана күнінің тойлағанда да келіп жетеді, онсыз болмайды. Бір жағынан қарасаңыз, жастар соған ғана мән береді, солай тәрбиеленіп келе жатыр. Біраз уақытқа дейін солай болатын да түрі бар. Оның түпкі негізі онша терең емес. Бір кезеңге дейін адамдар елігеді де одан кейін оны тастайды. Ал шын мәнінде, ұлттық мәдениетте әрбір ұлттың жеке, терең бойында қалыптасқан қымбатын шығарудың өте маңыздылығы бар. Себебі, бәрібір интеграцияға түскенмен, әлем бір-бірімен бірігіп, экономикалық бірлікте болғанмен, әр ұлттың өзінің келбетін көрсететін құндылығы, рухани мәдениеті болмаса, ондай елдің қадірі де, қасиеті де болмайды. Оған құрметпен қарамайды да. Сондықтан біз ұлттық мәдениеті жоғары, өзінің келбетін сақтаған елді қалай құрметтемейміз. Сол сияқты, біз де өзімізді жақсы сақтай алсақ, бізді де құрметтейді. Арифметикадағы екіге екіні қоссаң, төрт деген сияқты аксиома. Сондықтан оған қатып қалып, сонау өткен ғасырлардың деңгейінде қалып қою деген сөз емес, техниканы, технологияны қолдану керек. Жаңадан келген жетістіктердің бәрін қолдануға болады. Өзіміздің мәдениетімізді үнемі алға тартып отыру керек. Бұл тұрғыда үлгі алатын елдер көп. Көрші елдерді алайық, алыс шет елдерді алайық, басқа халықтарды алып қарасақ, өзінің мәдениетін анық, айқын көрсете алатын елдерге жатады. Сондықтан той-тойлаудың реті осы екен деп, әлем-жәлемді көбейтіп, басқа еуропалық, америкалық технологиядағы, басқа формадағы нәрсені қайталаудың өзінің алып бара жатқан мәні болмай қалатын сипат кейде болады. Себебі, ол бір жағынан жақсы көрінгенмен, екінші жағынан шет елден келген қонақтың өзі бұл қандай халық, кім екен, несі бар екен? деуі мүмкін. Ол лазерлі шоуды, аспанға ұшқан зымырандарды көрмей жүрген жоқ. Оның да болғаны дұрыс бір жағынан. Екінші жағынан ерекше қасиеттерімізді анық, айқын көрсе, өзіміз де жастарымызды тәрбиелесек, жастар бар екенімізді біліп өссе, сонда біздің мықты, рухани жағынан бірегейлігіміз, біртектілігіміз, нағыз орныққан елге айналғанымыз аңғарылар еді. Ал осы жәй ғана үстірт құндылықтардың жетегінде кеткен, еліктегіш, көнгіш басқалар не істесе, соны қайталайтын елге айналып кетуіміз мүмкін. Бұл, әрине, терең, мәні бар мәселе. Оған үстірт, жеңіл-желпі қарай салуға болмайды. Алға жылжудың да жылжуы бар. Сол жылжудың ең негізгісі – әрбір халықтың жинағанын, ғасырлар бойғы жиып-терген мәдени, рухани мұрасын шашпай-төкпей ары қарай қай жерде, қандай мейрамға түссе де – Астана күні болсын, басқа мереке болсын, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткенде де жарқыратып көрсету керек. Сонда әлем де мойындайды, қорытынды жасайды. Өзіміз де лайықты деңгейде көріне аламыз. Бұл күн әлі талай тойланатын күнге айналады. Бірақ қандай іс-шараны өткізбес бұрын жақсылып ойлану керек. Тек оны бір типтегі формада өткізбей, әрқилы өткізген дұрыс деп есептеймін. Тойласын, бірақ тойлағанда да шашып-төгіп, миллиондап жұмсап, шет елдік әртістер де көбірек шақырып, дарақыланғанды қою керек. Осы жерде ойланатын мәселе көп. Халықтың көпшілігіне бұл ұнай қоймайды. Осыны кім анықтайтыны, кім шақыратыны, қай жерде қабылданатыны бізге белгісіз. Демократиялық қоғамда мұндай іс-әрекеттер салық төлеушілердің есебінен болады ғой. Қазақстанда еңбек етіп жатқан азаматтардың ақшасынан төленіп отыр. Қонақ шақырардың алдында міндетті түрде белгілі бір топты – ол халық өкілдері ме, жоқ, мәслихаттың мүшелері ме, әр жерден шақырып, ақылдасу керек. Ауданнан, облыстан шақырылғандарға міне, мынадай жағдай, мынадай ақша төлейін деп отырмыз, осы дұрыс па? Жоқ, басқа бір варианты бар ма? деген сияқты сұрақ болуы керек. Неге шашылуымыз керек. Біз демократиялық құқықтық азаматтық қоғам құрамыз деп жатқан елміз ғой. Шет елде осындай қадамдар жасалса, бірден тұрғындар өздерінің наразылығын білдіреді. Бізде үндемей-түндемей қала береді. Адамның адам бола түсуі, ақиқатқа жақындай түсуі, қоғамымыздың гүлдене беруі қай жағынан алсақ та тиімді болуы шарт. Асығыс шешім қабылданбауы керек. Қоғамның басқа да өкілдері, ақсақалдар ұйымы бар, ақын-жазушыларымыз бар, ұлтжанды азаматтар көп. Міне, осылардан үлкен бір комиссия құрылса, сөйтіп бір шешімге келу қажет. Оның нәтижесі қандай болады оны да ойлау қажет. Астана күніне келісіммен, шешіммен бару керек. Әйтпесе, өз елдерінде модыдан қалған, түкке жарамайтын әртістерді шақырып, билетіп, өлең айтқызып қойып, қалтасынан соларға тиын-тебен шығарғаннан біз рухани биіктеп кетпейміз. Елімізді гүлдендірудің үлкен механизмін ашуымыз керек. Әр шешімді қабылдаған кезде бір келісімге келіп, қоғамдық келісім арқылы алға жылжу қажет.
Ыстық жерлерде де той тойланады ғой. Мәселе күннің ыстығында, суығында емес. Әр мейрам әрқалай келе береді. Жалпы, осы Астана күнінің форматын өзгерту керек. Бірыңғай бола берген қызықты емес. Ал бізде бір ғана стильмен тойланып жатыр, бәрі ұқсас. Әр жылда әрқилы, бір жылда этно-фестиваль, екінші жылы жастар қаласы деп пе, әйтеуір жастар мәселесіне, үшінші, сұлулық, гармония мәселесіне көңіл аударсақ дұрыс болар еді. Жәй ғана даңғырлатып, аспанға ата бергеннен ештеңе шықпайды. Бұл жәй ғана мейрам емес, рухани баюдың, адамдардың танымының кеңеюінің кілтіне айналса, құба-құп болар еді. Сонда ғана мейрамдардың тиімді жағын көреміз. Не нәрсенің де тиімді жолдары бар ғой. Осының концепциясын, тұжырымдамасын өзгертсе деймін. Соның уақыты келді. Әйтпесе не нәрсенің де қадірі кетеді. Мәселен, бір жылды спортқа арнасын, т.б. Міне, сонда бәрі де дұрыс болады ғой деп ойлаймын.

Әлия Масалимова,
философия ғылымдарының докторы, профессор

Шілде айы әр мағынада ыстық екені сөзсіз. Жаз толық күшіне мінді, күн бізді жылы күндерімен еркелетіп жүр. Басты мерекелік шаралардың бірі – Астана күнін атап өткізу. Оның символикалық ерекшелігі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келуі. Рухани өмірімізге әсер ететін жағынан қарасақ, меніңше, кез келген мемлекеттік мереке – ол біздің рухани мәдениетіміздің, дәстүрлеріміздің бөлігі, яғни мемлекет тарихындағы аса маңызды күн. Әр адам туған күнін неге және не үшін тойлайды деп ойлайсыз? Дәл сол күні ол жақын адамдары мен достарынан тілек, сыйлық, қуаныш ретінде бойына қуат пен жігер жинақтайды. Адамның жадында жағымды естеліктер қалады, соның негізінде қоғамдағы байланыстардың, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың, өзара түсінушіліктің маңыздылығын сезеді. Сонымен қатар, адамның сана-сезімінде белгілі бір құндылықтар қалыптасады. Алайда, құндылықтар жағымды эмоционалды әсерінен, тарихы бар айқын белгілермен жалпы көпшілікке таралған оқиғалар негізінде қалыптасады. Өйткені, мемлекет картасында жаңа, әдемі әрі қазіргі заманға сай қаланың пайда болуы – халықтың дәулеті, мұрасы және сан ғасыр бойы қалатын абыройы. Әрі патриотизм туралы айтатын болсақ, ол өз отбасына, қаласына, Отанына қатынасының негізінде қалыптасатынын бәріміз түсінеміз. Демек, жаңа мерекелер, жаңа қалалар, жаңа жетістіктер – бәрі де Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы елеулі кезеңдер болғандықтан олардың ұлттық құндылықтармен байланысты екені сөзсіз.
Қонақжайлылық – Қазақ елінің ең керемет қасиеттерінің бірі және достықтың, татуластықтың, бірегейліктің рухани принципі. Біз оны жоғалтпауымыз керек. Бірақ мәселе басқада. Ежелгі римдіктер айтқан екен «Халыққа нан мен көпшілік ойын-сауық қажет» («хлеба и зрелищ»). Шынайы, заманауи мезі болған көпшілік әрдайым жаңа көріністер, жаңа сезімдер, экзотиканың болғанын қалайды. Сол себептен ұйымдастырушылар көбінесе қызық, көз тартатындай мерекелер өткізуге тырысады. Тағы да айтып кететін бір жай, барлық мерекелер шоу-бизнеспен байланысты. Ол баршамызға мәлім өзіндік ережелері бар үлкен индустрия. Қарасаңыздар, қазіргі жағдайда халықтың арасында алуан түрлі ивент компаниялары (мерейтойларды өткізетін компания) модаға айналды деп айтсақ та болады. Ол –бір. Екінші мәселе, ол – өзіміз. Қазақтар бекер айтпайды «Жаман үйдің қонағы билейді». Ең бастысы, өзімізден бастау қажет. Біз өзімізге қатал талап қойып, өз-өзімізді құрметтеуіміз керек, қанағатшылдық пен талғам сезімін қалыптастыруымыз керек. Өз абыройымызды сақтап, ар-намысымызды, беделімізді жоғалтпауымыз қажет. Содан, меніңше, шетелдік қонақтармен, мереке өткізу деңгейімен ешқандай қиындықтар туындамайды. Күмәнсіз климат өзгеруде, оның басты
себебі – адамның шаруашылық іс-әрекеті, табиғи ресурстарды шексіз қолдануы, адам мен табиғат жүйесіндегі үндестіктің құлдырауы. Сұрақты аяғына дейін дұрыс түсінсем, сіздің айтуыңызша, жаңа өркениеттік сұраныстардың кезеңінде көп той-думандарды өткізуге қолайлы уақыт емес. Бір жағынан сізбен келісемін. Қазіргі адамдардың рухани кедейлік факторының бірі – бұқаралық мәдениет. Ол жаһандану аясында төл мәдениеттің, өресі биік өнердің орнын басып, жан-жаққа таралуда. Сол себепті, бірден мерекелерді өткізуге, атаулы күндерді тойлауға тыйым салып, жоққа шығара алмайсыз. Алайда, қоғам, яғни ел азаматтары бәріне өздері назар аударып, бақылап, реттеу керек. Әдетте бізде екі түрлі көпшілік бар: ұйымдастырушылар және сол ұйымдастырылған шараға келетін қарапайым халық. Менің ойымша, ешкім ешкімді шаттандыруы міндет емес, адам мерекеге өзі «мереке болып» келу керек, шын жүректен, көңіл-күйімен қатысып, өлең айтып, билеп, тойлаған дұрыс. Оның ішінде жағымсыз көріністерге төзімді немесе төзімсіз болу тәрбиеге байланысты. Қайталап айтамын, егер біз өз алдымызға қатаң талаптар қойып, жай ғана оқыта бермей, нағыз ұлттық тәрбиемен қатар, этика, эстетика, этикет нормаларын өсіп келе жатқан ұрпаққа түсіндіріп, бойына сіңірсек, сонда ғана біз толық сеніммен, күмән тудырмай мәдениетті халық, өркениетті қоғамда өмір сүріп, дамыған елдердің қатарына кіреміз.
Менің ойымша, біз өзімізге жабыстырып алған стереотиптер мен жазба белгілерден құтылуымыз керек. «Тойшыл халық» деген не? Ойыма бірден мынадай ассоциация келеді – бос сенделіс халық, осыдан жағымсыз коннотациялар шығады. Неге өзімізді жақсы, позитивті түрде сипаттамасқа? Мысалы, біз – еңбекқор, әр нәрсені бағалайтын, уақыттың құнын білетін, қайырымды азаматтар ретінде қуанышымен бөлісіп және демалысын мәдениетті түрде өткізе алатын жарқын ел. Ұлы бабамыз, атақты философ әл-Фарабидің айтуы бойынша, қоғамның кәміл формасы ол – қала. Адамдар «қаланың ізгілікті тұрғындары» болуға ұмтылса, бақытты болады.

Дәулетбек Раев,
философия ғылымдарының докторы, профессор

6 шілде Астана күні деп тағайындалғандықтан, бұл күн халықтың ынтымағының көрінісі, әлемдік жаһанданудың орталығы сияқты ғой. Екінші жағынан, Астана бүкіләлемдік демократияландыру орталығына айналғандай көрінеді. Сондай-ақ, Астана біздің келешегіміздің кіндігі, келешегіміздің бір нұрлы орталығы сияқты сезіледі маған. Астана күнінің 6 шілдеге қойылуының өзінде үлкен мән жатыр. Ол – «Нұрлы ел», «Нұрлы жол». Бүкіләлемдік конфессиялардың бірігу орталығына, әлемдік дипломатияның кіндігіне айналып отырған іспетті.
Жалпы, бұл күн бізге қажет. Неге десеңіз, халықтың басын біріктіруге, серпілісін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Яғни халықтың бас қаласы Астанасына, еліне, жұртына, Отанына деген ерекше сезімді тудыратын болғандықтан әзірше бұл күн қажет қой деп ойлаймын. Ал болашақта мұны басқаша бір формада, басқаша бір деңгейде ойластыруға, тіпті, екі-үш жылда бір өткізіп отырудың да амалдарын ойластыру керек сияқты. Қазіргі кезеңде ол өте қажет. Себебі, мұндай мерекелер халықты нарық қысқан кезінде серпілісіне өзіндік әсерін тигізеді. Тағы бір айта кететіні, Астана күнін атап өту барысында мәдени құндылықтарды қайта жаңғыртып тұруды да ұмытпау керек шығар.
Келешекте осы Астана күні арқылы өзіміздің өнерпаздарын дәріптеудің де бір сәті туатын шығар. Әртістер болғанда өзіміздің жергілікті, отандық әртістерді дәріптеу қажет әрине.
Климатқа байланысты ғалымдарды тыңдау керек. Дей тұрғанмен, жылдың төрт мезгілі де той тойлауға кедергі бола алмайтын секілді. Себебі, қазақтың өзі дархан халық қой. Мұндай күндерді мәдениетіміздің көркем шығармасы ретінде қабылдау керек. Екінші мәселе – біздің осы Астана күнінде сыбайлас жемқорлықтың етек алып кететіні бар-ау… Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген бар. Ал күннің мемлекеттік саясат осыны ескеруі керек. Қоғамдық пікір соған қарай қалыптасып жатыр.

Дайындаған Роза СЕЙІЛХАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір