«Шыбын-жаным, он шақты жыл жүре тұр…»
06.10.2017
2014
0

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ


Уа, Ақсораң

Уа-ай, Ақсораң,
Тұрсын ба етектегі елді елемей,
Төбеңде – жұлдыз, төменде ұшқан құс қалып;
Хан Тәңіріден қарасаң – төбедей,
Мұхиттан қарасаң –
мұзарт шыңыңды бұлт шалып!

Абылайды айтса сен-дағы іштен тынарсың,
Кеңесары – көзіндегі сораң-ды.
Ақсұңқар құсың бұлтқа салған ұясын,
Менің сойымның түп-төркіні содан-ды.

Кеудемде – Әсеттің әуені,
Әлімсақтан Әлиханның шемені.
Мені Алла алқады әуелі,
Сонсоң, аруақ жебеді!

Ой туады ойдан соң,
Жыр туады жырдан соң,
Көк болмаса да көйлегім.
Ақсораңның етегінде туған соң,
Адамзатқа асқақ-асқақ сөйледім!

Алашымда – негізім.
Шау тартатын шақ та жетіп, ой қашты.
Ақсораңда тұрып айтқан лебізім,
Атлантты аттап өтіп,
Аллаға жетпей қоймас-ты.

Соқыр қыз

Махаббат-Ару – соқыр қыз.
Сөндіре алмай соның кеп жаққан отын біз;
Поэзия және Дон-Жуанменен ұшеуміз,
Бір жерде шарап сіміріп, міне, де отырмыз.

Дон-Жуан сері – бал іздеп жүрген арадай!
Махаббат-Гүлдің құмары онсыз тарамай;
Екі көзі мен есіл де дерті сонда боп,
Мен жаққа, тіпті, қойған-ды , мүлде, қарамай!

Лапылдап кеткем, мен қайтіп енді сөнемін?
Мәжүніндей – бәңгі,
Клеопатрадай – көне едім!
Ішіме сыймай, отырмын үнсіз мылқаудай,
Сол соқыр қызға арнаған шерлі өлеңім…

Омырауында бұлықсып екі анары,
Соқыр қыз отыр бұлдырап ессіз жанары…
“Сен, ақын болсаң, ал,
махаббатты жырлашы?” –
Деп маған сонда Дон-Жуан күле қарады.

Жырладым сені мен содан бері, ессізім,
Оған бір қайта оралу деген – кеш бүгін.
…Соқыр қыз еді Махаббат онда, кейіннен
Құлағы, мүлде, естімейді деп естідім…

***
Бір жұрт бар Ақжайықта – Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды;
Жылқысын бағып жүріп, арып… жүріп,
Жырлаған запранды заман жайлы;
Сүңгісе Эпосының тереңіне,
Түбіне тірі пенде бара алмайды;
Түбіне түскен болса,
Су бетіне,
“Шығам деп, қалай – аман?!” – алаңдайды…

Бір жұрт бар Ақжайықта – Жағалбайлы,
Жырлаған запранды заман жайлы;
Жетеді ол қайтсе де бір мұратына,
(Өлеңін өзі солай тамамдайды…).
…Не деген шерлі, бірақ, Жағалбайлы:
Қолына шырақ алып, іздесе де,
Үш жүзден Қыз Жібегін таба алмайды…

Шыбын-жан

Мына Мархұм* өртенерде, расында,
Шошып кеткен…
Миы жоқ па басында?!
Крематорий оты деген немене,
Күйіп тұрған сойқан өрттің** қасында?!

Өлгеннен соң – шірік өкпең сырылдап,
Иттей кешкен ғұмырың да ырылдап! –
Қалады екен қара жерде!
Ғарышқа –
Шыбын жаның ұшады екен шырылдап…

Тәніңе ие болады екен молда кеп,
Жан кетеді: “Бөрі азығы – жолда” – деп!
Шыбын жаным, он шақты жыл жүре тұр,
Сонан кейін, қайда кетсең – онда кет…
Атыраудан –
Алтайыңды шолып кеп,
Енді мұнда жүре берме тоңып көп;
Жаназаңды шығарғанша, асықпай,
Ақсораңға бір-екі күн қонып кет?

Уақыт бере қойса соған, ай, Алла,
Мен де біраз жүрейінші саяңда?
Қарқаралдан өтер тұста, асықпа,
Жиренсақал Әулиеге аялда?

Уақыт болса, біраз сайран саларсың,
Асықпағай, барар жерге – барарсың;
Жетісудан өтер тұста, өкіріп,
Жер бетіне бір құлдырап аларсың?

Алып кетсе қайтем: “…ертең жүр…” демей,
Сайрап тұрған кезде айтайын тіл-көмей:
Тәңірі егер мен жайында сұраса,
“Жақсы еді…”-де?
Үндемей ғап жүрмегей?!

О, Тәңірі!
Өзің ғана қолда! – деп,
Жүрсең, нәсіп болады екен сонда – көп.
Шыбын-жаным, оншақты жыл жүре тұр,
Содан кейін, қайда кетсең, онда кет…


*Учёные тело, умершего человека, повезли в крематории к камере для сжигания , где пылал огонь. Сенсация!!! Человек после смерти испытывает чувство страха!!! (ФБ).
**Тозақ өрті

Адам

Сайтаны азғырып,
Жұмақтан құлғанадай қуылып,
Тентіреп кеп Жерге тіреген табанды;
Бастан кешіп қауымдық,
Федальдық-патриархальдық,
Капиталистік,
Фашистік,
Коммунистік заманды;
Орысша — “Человек”,
Испанша – ”Personas”,
Ағылшынша – ”Human”,
Французша – “Personnes”; –
Қазақ қана: “Адам” деген – Адамды!

Көрген жұртпыз көресінді, жоқтықты.
Көрінген ит бізге неге соқтықты?!
“Інжілдегі” “Адам” деген асқақ сөз –
Қазақтікі!
Басқа тілде жоқ, тіпті!

Дүниенің ғажабы да – —
Біздікі!
Азабы да –
Біздікі…

***
Қалды сол ауылда, далада көнерген,
Менің асқақ
феодальдық-патриархальдық қиялым,
Темірхан Медетбектің қиялы.
Қарсы алдық біз Қара өлеңмен, –
Цивлизацияны!

Заманға кеткен көп бізде есе,
Тәңірінің көзінен қағыс қап;
Біреулер есекке мінген шалдарын іздесе,
Біз Мағжанды іздедік шам ұстап!

Қайда екен сол ақын,
Көкке ұшқан – батпақты жалдамай?!
Қара өлең – атаңның аруағы арқаңа қонатын,
Айхой, жалған-ай!

Құл менен тексіз күң – төңірек,
Жүрек – жоқ, қампайған – қарыны;
Темағам сөйлейді кеудесін керінеп, –
Көк Түріктер сарыны…

Кеудеде кек кетіп;
Рух қап – Қағанда;
Темағам Тоныкөк көкеме кетті өтіп,
Қап қойған – мен мына заманда…

Варшавадағы эмигрант*

Дос алыстан келеді екен – бір түрлі…
Жау жақыннан шығады екен, – күлкілі:
Қазақстанды тастап! қатын-баланы,
Мен Польшаға кетіп қалам бір күні…

Қаптап жүрген қарғалардай – біреуі,
Ел-жұртты ертіп, сандалардай – біреуі;
“Ақын болсаң, – көшеге шық!” – деседі,
Жандаралдай – жанды алардай – біреуі…

Арғы тегім болса-дағы Бөріден,
“Көроғлыдай” –
Шыққам әзер көрінен…
Мыналардың айтқанымен жүрмесем,
Ақын бола алмайтындай көрінем?!

Біреулері сұм, мыстанға айналды,
Біреу жемқор –
Көртышқанға айналды;
Біреулері қысты тастап біздерге,
Жылы жаққа ұшқан құстарға айналды…

Қанатымды мен аспанға жайғам-ды,
Басым неге мына жерге байланды?!
Әдебиет – әлегіме айналды,
“Шәйір” досым –
Сальериге айналды…

Шылбырымды кел де, үзіп кермеден,
Варшаваға әкет мені, шерлі өлең!,
Париждегі пәк жүрегін Шопеннің,**
Қасиеттеп поляк сонда жерлеген…

Дос алыстан келеді екен – бір түрлі…
Жау жақыннан шығады екен, – күлкілі:
Қазақстанды тастап! қатын-баланы,
Мен Польшаға кетіп қалам бір күні…

Мен Польшаға кетем ертең!
Өр кеуде ел,
Қал – осында!
Соңымнан да ермеңдер;
…Бірақ сорлы жүрегімді, өлген соң,
Жерүйығым – Қарқаралға жерлеңдер…


*”Друзья приходят- издалека, а враги растут – рядом” (Поляк мақалы).
**Фредерик Франсуа Шопен, поляк композиторы,
*Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтар.

Дәуітәлі мен Руслан

Кейде көлден әріден қаптап бұлт,
Найзағайын атады шақпақ қылып.
Осы кезде
Толқынның ортасында
Менің балам жүреді
Сақ-сақ күліп… (Дәуітәлі Стамбеков).

Дәутәлінің баласы Руслан-ды,
Көл түбінде түсіп ап, жыр шығарды.
Балқаш пенен сондағы балықтардың,
Құлағының (соны естіп), құрышы қанды.

Ол туғаннан тереңге құлаш ұрды,
Тастап кетіп жағаға Расулды*; –
Көкше көлдің түбінен, көзі жайнап,
Біз білмейтін… іздеп жүр бір асылды…

О, құдай-ай, шарламай қайтіп көкті,
Көкше көлдің өлеңін айтып кетті?
…Жағалауда – Дәуітәлі, күте-күте,
Келмеген соң…
Дүниеден қайтып кетті…

Русалка-Руслан жерден шықты,
Соғып тұрған не сойқан желден шықты?
Жер астының суымен жүзіп-жүзіп,
“Ыстыбұлақ” дейтұғын белден шықты…

Шыға іздеді Руслан – Дәуітәліні,
Жетісудан, Арқадан байтақ, ұлы.
Шарапханалардан да шампап іздеп…
Содан әзер тоқтаттық қайта мұны…

Қажылыққа барғанда: “Не деді?” деп,
Сұрашы, айтар:” Аруақты ел еді!” деп, –
Алла аян беріпті: “ Сіздің үйге,
Дәуітәлі енді бала боп келеді!” деп.

Қажы еліне ырза боп қайтып кепті,
Содан не бір ертегі айтып кетті…
…Жағалауда баласын күте тұрмай,
Дәукең неге дүниеден қайтып кетті?!


*Расул – Русланның ағасы.

***

Уай, ертектер әлемі!
Баһадүрлер – әлемі!
Еркектер әлемі!
Сұлулар әлемі, –
Жерге түскен бұрымдар әлемі!
Һома Сапиенс тәрк қылды ертекті!
…Ессіздіктің бәрі – соның әлегі!

Ертек болса, – Қара әлем, –
Әппақ болып кетуші еді;
Қара, мен –
Алпыстағы арланыңнан, бір сәтте,
Алтыдағы бала бола салар ем!..

Жетесізге қарап тура шекеден,
Жетісуға жеті-ақ аттап, жетер ем.
Қыз Жібекті Бекежаннан тартып ап,
Қызыларайға алып қашып кетер ем!

Неше түрлі қиял – менің басымда,
Құл бүлдірген, сұм бүлдірген ғасырда.
Иоллығ тегін сынды асқақ жыр төгіп,
Отырар ем Қағандардың қасында.

Алаш – алтын ұямдай!
Деп шүршітке айтушы едім – ұялмай,
Кәуірге де айтушы едім, – ұялмай!
Осындағы оллигарх дейтіндер.
Жүруші еді қолыма су құя алмай…

Жырлар едім Қасымдайын – тасын да,
Аңыз болған Абылайдың асын да;
Жемқоры жоқ, мұнайы жоқ,
Алладан –
Басқа, мүлде, Құдайы жоқ ғасырда..,

Уай, ертектер әлемі!
Баһадүрлер – әлемі!
Еркектер әлемі!
Сұлулар әлемі, –
Жерге түскен бұрымдар әлемі!
Һома Сапиенс тәрк қылды ертекті!
…Ессіздіктің бәрі – соның әлегі…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір