«Сын мұраты» – сәтті туынды
06.10.2017
4497
0

(Сағат Әшімбаевтың «Сын мұраты» атты сын-мақалалар жинағы туралы)

Соңғы жылдары республикалық мерзімді баспасөз беттерінде ойлы, проблемалық мақалаларымен жиі көрініп, қазақ әдебиетінің қазіргі көкейкесті мәселелері төңірегінде бірқатар байсалды, салиқалы ой-топшылаулар, тұжырымдар жасаған, өзінің тырнақалды сын туындыларымен жұртшылық назарын аударған талантты жас сыншылардың бірі Сағат Әшімбаев оқушы жұртшылығына тұңғыш топтамасы – «Сын мұраты» дейтін сын-мақалалар жинағын ұсынғалы отыр. Қолжазбаны бастан-аяқ үңіле қарап шыққанда туған әдебиетіміз жайлы жанашырлықпен тебірене толғана алатын, өмірге, әдебиетке өз түсінігі, өз жүрегі өмірімен байыпты барлау жасап, талданар шығарманың, сөз болар әдеби құбылыстың сыр-сыпатын, табиғатын мейлінше әділ танып, әділ бағалауға тырысқан талғампаз, білімді әдебиетшінің қалам ізін танисың.

С.Әшімбаев мақалалары, ең алдымен, пробле­ма­лық сыпатымен, көтерген тақырыбының ак­туал­ды, өміршеңдігімен қызықтырады. Әсіресе, «Әдебиет және мораль», «Ізденіс бағдары» дейтін мақалалардағы сыншы толғамдары – қазіргі қазақ әдебиетіндегі адамгершілік, ар-ұждан мәселелері, дәстүр сабақтастығы, жаңашылдық үлгілері, тоғышарлық пен топастық, азаматтық пен елдік, ерлік принциптері, салт-санадағы тазару, есею белгілері, замандастарымыз бойындағы, оның әдеби көркемдік көрінісіндегі асыл қасиеттері, образдық, бейнелі бітімі, кескін-келбеті жайын­дағы ой-тұжырымдары орыс әдебиеті, туысқан халықтар әдебиетіндегі шынайы үлгілермен бауырлас, сабақтас сөз болған. М.Әуезов, Ғ.Мү­сіре­пов, Т.Әлімқұлов, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, М.Мағауин шығармаларын арқау ете отырып, сыншы қазіргі қазақ прозасының профессионалдық даму тенденциялары, тарихи-революциялық тақырыптар мен осы заман шындығының, бүгінгі ауыл өмірінің көркемдік идея, жанама, астарлы шеберлік үлгілері, символ – ой, символ – идея, жанама астарлы сырлар, лирикалық-психологиялық шыншылдық белгілері, философиялық толғамдар жайлы бірқатар байсалды пікір қорыта алған. Жинақтың негізгі характерін айқындайтын жетекші ма­те­ри­алдар – осы мақалалар болуға тиіс. С.Әшімбаевтың «Бардың бағалануы тұрғысынан» дейтін соңғы мақаласы да туған әдебиет тағдыры, болашағы жайлы жас сыншының жаны тебіреніп толғанған көкейкесті көп ойларын алдымызға тартады. Қазақ әдебиеті мен қазақ сынының беделін көтеру, Одақ көлемінде таныту мәселелері төңірегінде автор проблемалық біраз ойлар, ұсыныстар айтқан. Москвадан, Ленинградтан шыққан қазақ өнері, әдебиеті жайлы кітаптардың Одақтық баспасөзде жақсы бағаланған нақты деректерін тілге тиек ете отырып, «Жазушы» бас­пасы мен республикалық творчестволық ұйымдар алдына бірқатар міндеттер қояды. Әдебиетімізді насихаттаудағы қазіргі қазақ сынының Одақ көлеміндегі белсенділігі төңірегінде тошылаулары да көңілге қонымды. Сыншы диапазоны кең.


Орайлы сөз

«Мен Сағаттың басылған мақалаларын үзбей, кейде іздеп тауып оқып келе жатқан адаммын. Оның «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық» атты сын кітаптарын түгел оқыдым. Өзі қайтыс болғаннан кейін шыққан «Шындыққа сүйіспеншілік» атты кітабын да талантты авторын еске ала отырып, қайта қарадым. Бұл еңбектер Сағаттың алғашқы мақалаларынан кейінгі дәуірде заман өзгерістерімен ілесе қатты өскенін, сыншылық ой-пікірлерінің толысқанын, әдеби-эстетикалық танымының биіктегенін айқын көрсетеді. Ол өте ізденімпаз еді. Оқығаны-тоқығаны көптігі, ойға байлығы, әрқашан жаңаша толғаны, тың сөз айтуға ұмтылысы оның әр мақаласынан көрінеді….
…Сағаттың алғыр ойлары, өз басының кішіпейіл, елгезек мінезі әрқашан естен шықпайды».

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик.


Туған әдебиет жайлы толғана отырып, Б.Ғафу­ров, А.Шифман, т.б. еңбектері үлгілерін сабақтас қарастыруы мейлінше орынды. Біртұтас әдеби процесті бөле-жара қарамай, өзара үзеңгілес сөз ету принципі, әдебиеттер бауырластығы С.Әшім­баев мақалаларының қай-қайсынан да айқын көзге түсетін жақсы нышандардың бірі.
Сөз орайында тек бір айта кетер жай, «Сын­шыл ой сымбаты» дейтін сыншылар еңбегіне ар­налған мақаласында автор қазақ әдеби сыны­ның даму беталысына мейлінше құрметпен қарап, жылы лебіз білдіргеніне, біраз сын еңбектеріне жанашырлық, бауырмалдық сөз айта білгеніне ілтипатпен назар аудара отырып, біз осы көлемді материалдың проблемалық сыпат ала алмай, бі­рыңғай шолуға бой ұрып кеткенін де аңғармай қала алмаймыз. Бұл – мақалаға тағылар мін емес, мақала деп осы қалпында жинаққа енуге толық праволы. Біздің жол-жөнекей ұсынысымыз – авторды тек болашақ жазбаларында өзінен бұ­рын­ғылардың ой-тұжырымдарының бәріне бірдей бас шұлғи бермей, биік әдебиет мұратынан пікір таластыра ой қорытуға меңзеу ғана. Өйткені, жасыратын жоқ, қазіргі қолда бар әдеби-сын кітаптардың көпшілігі қазақ әдебиетінің шын ғылыми келбетін айқындауға бірден-бір негіз бола алмайтынын біз жақсы білеміз ғой. Авторлық субъективтік ой-тұжырымдар, қайшылықты пікірлер, бұрмалаушылықтар кез келген кітаптан табылады. Оның бәріне бірдей көзді жұмып қарауға болмайтын шығар. Мақалада мадақталып отырған Р.Бердібаевтың «Гүлстан бұлбұлдарының» өзі автордың таза өзіндік ой-топшылауларынан тұрмайды. Шығыс жұлдыздары жайлы бұрын-соңды жазылған еңбектердің ықшамдалған, қай­таланған насихаттық вариациясы ғана.
Жинақтағы С.Әшімбаев мақалаларының біразы жеке жазушылар творчествосына арналған. Бұлар негізінен екі бағытта көрінеді. Нақты шығармаларды талдай отырып суреткер өнерінің ғылыми келбетін айқындау немесе қаламгер лабораториясына ене отырып, оның творчест­во­лық портретін мүсіндеу. Қай саласын алсаңыз да, жас сыншының өзіндік іздену үлгілерін аңғару қиын емес. «Торыны таң асырып мінген сері», «Шаңқай түс», «Қилы кезеңдер хикаясы», «Жара­лы жылдар елесі» деп аталатын мақалаларда Т.Ах­танов, С.Жүнісов, Ә.Нұрпейсіов, Қ.Қазыбаев, Ш.Мұртазаев шығармалары талданған. Автор ойлары салмақты, салиқалы. Көркемөнер таби­ғатын жете түсінетін сыншы тұжырымдары жақсы әсер қалдырады. Әсіресе, «Ақан сері» романы төңірегіндегі сыншылық топшылаулар жеке жазушылар творчествосына арналған мақалалар­дың ішіндегі ең шоқтығы екен. Мұнда өмір мен өнер өзектестігі, жеке тарихи тұлға мен характер психологиясы өзара сабақтас қаралған. «Қан мен тер» трилогиясындағы жеке характерлер құбылы­сын қадағалай отырып ой қорыту жүйесі де, сын­шы ұсыныстары, ойлары жазушымен жарыса пі­кір өрбіткен талғампаз әдебиетшінің ой-өрісін еркін аңғартқандай. С.Әшімбаев «Қан мен тер» трилогиясының сахналық көрінісі, өнер сабақ­тас­тығы, спектакльдің режиссерлік шешімі, ак­тер­лік шеберлік мәселесі жайлы да бірқатар бай­салды пікір қорытқан. Романды талдау мен спектакль төңірегінде пікір тұжырымдауда мақала стилінде тұтастық сақталғанымен, жалпы өнер туындысы осындай әр қырынан, әр көрінісінен қадағалау принципін біз негізінен құптаймыз.
Т.Ахтанов творчествосына арналған тәп-тәуір мақалада ескеретін бір-екі жай бар. «Боран» романындағы кейіпкер психологиясынан елес берер ішкі монолог үлгісі ретінде алынған үзінді он­ша сәтті таңдалмаған (Жаңыл линиясы). Екін­шіден, осы материалда, «Сөз соңы» деп берілетін қорытынды мақалада айтылған кейбір ойлар қайталанады. Мұның қажеті бола қоймас. «Сөз соңында» баяндалатын пікірлерді мақаланың өн-бойына таратып жіберу керек сияқты. Сонда тұтас бір ырғақпен шығар еді.
С.Әшімбаевтың «Жаралы жылдар елесі» дейтін мақаласында Қ.Қазыбаев пен Ш.Мұр­та­заевтың Отан соғысы тақырыбына арналған шығар­малары өзара сабақтас қаралып, олардағы характерлер бітімі, көркемдік концепция, қаламгер­лік ізденіс жолдары салыс­ты­рыла сөз болған. Материал жеке авторлар, жеке туындылар шең­берінен шығып, пробле­ма­лық сипат алған. Әсіресе, Қ.­Қа­зы­баев­­тың тұңғыш романына ар­найы тоқталып, байсалды пікір қорытуы осындай бұрын-соңды көркем творчествода көрінбеген жаңа авторлардың тырнақалды сүбелі туындыларына қамқорлықпен назар ауда­рып, жазушы болашағына бағдар жасай білуде болса керек. Ал, Ш.Мұртазаев шығармаларына зер сал­ғанда сыншы жеке харак­тер­лер табиғатына, өнер туын­ды­сының ішкі сарайына, струк­турасына енуге тырысқан.


Шашылып түскен тіркестер

Өзіңнің қанатың болмаса өзгенің қанаты көтермейді.
Айтайын десең, ұят сияқты, айтпайын десең, ішіңе сыймайды екен.
Арақ – тек шыныға ғана сияды.
Жазушының шындығы – көркемдік шындық, өмір шындығы.
Ағайын арасында ашу болғанмен, кек болмайды.
1.4.1977 ж.
Көп адам өткен тарихты оқымайды, біле бермейді. Меніңше бұл көзқарас өз кемшілігіңді, өзгелердің кемшілігін білмеу, адамдық, қоғамдық даму сатыларын білмеу деген сөз. Адам тарихқа табан тіремей алысқа бармайды.
Тарихты білу өте қажет. Тарихтағы үлкенді-кішілі оқиғалар жердің білінбей айналатыны сияқты басқа формада қайталанып келіп отырады.
5.10.1978 ж.
Біздің көп ақындарымыздың өлеңдері техникалық жағынан Абайдан артық соқпаса кем түспейді. Құйылып тұрған ұйқас, сыңғырлап тұрған ырғақ, бәрі бар, бірақ ой жоқ.
24.11.1978 ж.


Бұл мақалаларға қара­ғанда, С.Әшімбаевтың «Асыл ағамен дидарласқанда», «Су­рет­кер соқпағы» дейтін мате­риалдарының характері бөлек­теу. «Суреттер соқпағы» – Әнуар Әлімжанов твор­чествосына арналған, жазушы өмірбаяны мен өнерінің өзара сабақтас сыры ашы­лады. Жеке шығармаларын тал­дау­дан гөрі, олардың әлеуметтік, рухани мән-маңы­зына лирикалық планда көбірек ден қойылған. Өз пікірін, өз тұжырымын жазу­шы ойларымен өзек­тестіре отырып, сын­шы публицист Әлім­жановтың, жазушы, сая­хатшы Әлімжановтың жып-жылы твор­чес­тволық пор­тре­тін жасап шыққан. Ал, Ғ.Мүсірепов­пен «әң­гі­ме­нің («Асыл ағамен ди­дар­ласқанда») жалпы әде­­биет тарихы үшін мәні бар. Бұл – ұрпақтар еншісі. Жазу­шы­ның өз қолымен жазып үлгер­ме­ген, өмірге, өнерге, қазақ әдебиетіне көзқарасы, лабораториялық сыр, тәжірибе, ой-пікір, ұсы­ныс-тілек, жастарға ағалық кеңес, талап-талғам тара­зы­сы, ана тілінің болашағы жайлы байсалды әң­гі­ме, сөз жоқ, оқушыға көп ой салады, қолында қа­ламы бар әрбір өнер адамын толғандырады деп бі­леміз.
Қазақ әдебиетшісі, қазақ сыншысы тек қазақ әдебиетінің шеңберінде ғана қалып қоюы шарт емес. Әлем әдебиетінің үздік жұрағаттары, одақ­тық әдебиет проблемасы, ұлы таланттар тәжірибесі біздің туған әдебиетіміздің өзекті мәселелерімен таспадай өріліп, жалпы әдеби процесс бір-бірімен әрдайым сабақтас, бауырлас қарастырылатын кез жетті. Осы тұрғыдан қара­ғанда, С.Әшімбаев мақа­лаларында жиі кездесетін әдеби деректер, қазақ жазушысының қаламынан туған дүние­лер­мен сабақтас жалпы совет жазушыларының өнер­паздық үлгілерінің үзеңгілес сөз болуы айрықша көңіл аударады. Ф.Достоевский творчествосы, оның әлемдік орны, асыл қазынасы жайлы («Қорланғандар жыршысы») толғана отырып, Ф.Энгельстің әдебиет тақырыбындағы еңбек­те­ріне, программалық ойларына, хаттарына талдау жасау – жас сыншының жазбаларындағы осындай жақсы нышандардың бірі деп бағалау керек.
«Жазушы» баспасы жақсы кітап шығарғалы отыр. «Сын мұраты» – Сағат Әшімбаевтың ғана емес, қазақ әдеби сынының мәдениетін аңғартар сәтті туындылардың бірі. Сыншының жазу мә­нері, қолтаңбасы да мейлінше сыпайы, тілі, ой-тұжырымдары таза.
Қолжазба азын-аулақ редакциямен өндіріске жіберілуге тиіс, жас сыншыға сәт сапар тілейміз.

Зейнолла СЕРІКҚАЛИЕВ.
21/іх-73 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір