Рудольфио
19.08.2015
881
0

1Орыстың ғажайып жазушы-ларының бірі – Валентин Распутин күні кеше дерлік, осыдан екі ай шамасы бұрын көз жұмды. Ал оның «Рудольфио» дейтін әңгімесін мен өткен қыста аударған едім. Құдайлық шыным: ешбір бөгде мақсатпен емес, тек риясыз қызығушылықпен, «қазақша сөйлете алар ма екенмін» дейтін құмарлықпен аударған болатынмын, өйткені ол таңғы шықтай тап-таза мөлдір, сезімімен, домбыраның құлақ күйіндей жағымды лиризмімен жан дүниеме қатты әсер еткен-ді. Енді бүгін марқұмның әруағына бас ие отырып, оның нәзік назым сазды осы әңгімесін дәл сондай ылғал­сыз көңілмен қазақ оқыр­ман­да­рының назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Б.Ә.

Валентин Распутин

Алғаш екеуі трамвайда кездесті. Қыз оны иығынан түртті де, ол көзін ашқанда те­резені нұсқап:
– Сіздің түсетін жеріңіз, – деді.
Трамвай тоқтасымен кимелей ілгері озған жігіт жалма-жан қыздың соңынан секіріп жерге түсті. Қыз дегені мықтаса он бес-он алтылардағы бала екен, мұны оның ризалық күткендей кейіппен өзіне жау­таңдай қараған дөңгелек жүзінен аңғарды.
– Рахмет, – деді ол, – енді болмаса өтіп кеткендей екенмін.
Онысын қыздың місе тұта қоймағанын сезіп:
– Бүгін бір аласапыран күн болып, әбден қалжырадым, – деп қосты. – Ал сағат сегізде біреулер хабарласпақшы еді. Сондықтан мені бір ыңғайсыздықтан құтқардың.
Қыз қуанып қалған сияқтанды, содан соң екеуі ағызып келе жатқан мәшинеге жал­тақтай жүгіріп, жолды кесіп өтті. Қар жауып тұр­ған болатын, жігіт мәшиненің алдыңғы әй­негіндегі тазартқыштың жұмыс істеп бара жатқанын байқап қалды. Әлдеқайда жо­ғарыда таңғажайып мамық құстарды сілкілеп жатқандай болып, осындай жұп-жұмсақ, ұлпа қар жауып тұрғанда үйге баруға онша құлқың да бола қоймайды емес пе. «Қоңы­раудың соғылғанын күтемін де далаға қайта шығамын», – деп шешті ол назарын қызға ау­дарып әрі оған не айтуға болатынын да біл­мей дағдарып, өйткені үнсіз жүре беру тіпті ыңғайсыз еді. Бірақ оған не айтып, не қою керегін ойлап пұшайман боп келе жатқанында сөзді қыздың өзі бастады:
– Ал мен сізді білемін, – деді ол.
– Қарай гөр! – деп таңырқады жігіт. – Сон­да қалай?
– Сіз жүз он екіде тұрасыз, ал мен жүз он төрттемін. Шамамен аптасына екі рет трам­вайда бірге жүреміз. Бірақ сіз, әрине, мені байқамайсыз.
– Қызық екен.
– Оның несі қызық? Ешқандай да қызығы жоқ. Сіздер, ересек адамдар, тек өздеріңіз­дей ересектерге ғана көңіл аударасыздар, бәріңіз де керемет кергисіздер. Олай емес деңізші?
Ол басын оңға бұрып, жігітке сол жағы­нан, төменнен жоғары қарады. Жігіт мырс етті де қойды, өйткені оның жанында өзін қа­лай ұстауды, не айтып, не қоюды әлі біле ал­май келе жатқан.
Біршама уақыт екеуі үнсіз қалды, қыз ал­дына тура қарап келе жатты да солай қа­раған күйі ақай жоқ, тоқай жоқ:
– Ал сіз әлі атыңыздың кім екенін де айт­қан жоқсыз ғой, – деп қойып қалды.
– Соны сен білуің қажет пе?
– Иә. Онда тұрған не бар? Әйтеуір мен бі­реудің аты кім екенін білгім келсе болды, со­ны міндетті түрде сөкет санайтындар бар.
– Жарайды, – деді жігіт, – мен бәрін тү­сін­дім. Егер қажет десең айтайын, менің атым – Рудольф.
– Қалай?
– Рудольф.
– Рудольф. – Қыз күлді.
– Не болды?
Қыз әлгісінен де қатты күліп еді, жігіт жү­рі­сін баяулатып, оның бетіне қарап аңыр­ды.
– Ру-дольф, – деп ернін шүйіре айтқан қыз одан әрман сықылықтай күлді. – Ру-дольф. Мен бұлай деп хайуанханадағы пілді ғана атауға болатын шығар деуші едім.
– Немене?!
– Сен ренжіме, – деді ол, жігіттің жеңіне қо­лын тигізіп. – Бірақ күлкілі екен, шын айтам, күлкілі. Енді оған мен не дейін?
– Баласың сен, – деді жігіт ренжіп.
– Әрине, баламын. Ал сен дардайсың.
– Жасың нешеде?
– Он алтыда.
– Ал мен жиырма сегіздемін.
– Айтам ғой: сен үлкенсің әрі атың да Ру­дольф.
Ол жігітке сол жағынан, төменнен ойна­қы­лана қарап тағы да күлді.
– Ал өзіңнің атың кім? – деп сұрады жі­гіт.
– Менің бе? Қайтсең де таба алмай­сың.
– Табам деп ойланбаймын да.
– Ойлансаң да таппайсың. Менің атым – Ио.
– Қалай?
– Ио.
– Түсінсем бұйырмасын.
– Ио. Кәдімгі міндетін атқарушы- исполняющий обязанности деген сөз. Ио.
Дүние кезек табанда келді. Жігіт қоңы­рау­дың тілінше бірде алға, бірде артқа тер­беліп, тоқтай алмастан қарқылдай күлді. Қыз­­ға қараса болды, бойын күлкі қысып сел­­кілдейді кеп.
– И-о, – дейді тамағы бүлкілдеп. – И-о.
Қыз жан-жағына қарайлай түсіп, жігіттің са­­басына түсуін біраз күтті де:
– Сондайлық күлкілі ме? – деді өкпелі рай­­мен. – Күлетін түгі де жоқ. Басқалар сияқ­­­ты, Ио да кәдімгідей адамның аты.
– Сен кешір, – деді жігіт жымиған қалпы оған еңкейе түсіп. – Маған шынында күлкілі естілді. Екеуміз енді есеп айырыстық қой, рас па?
Қыз басын изеді.
Әуелгі үй соныкі, содан кейінгі – жігіттікі еді. Есігінің алдына жетіп тоқтаған қыз:
– Сенің телефоның қандай? – деп сұра­ды.
– Оның саған қажеті жоқ, – деді жігіт.
– Қорқасың ба?
– Мәселе онда емес.
– Ересек адамдар қит еткеннің бәрінен қор­қады.
– Ол рас, – деп келісе кетті жігіт.
Қыз қолғабын шешіп, қолын берді. Қолы суық әрі жұмсақ екен.
– Енді үйіңе заула, Ио.
Жігіт тағы күлді.
Қыз табалдырыққа жете бере тоқтады.
– Ендігәрі мені трамвайда танитын бо­ла­сың ба?
– Енді ше, әрине, танимын.
– Трамвайға дейін… – Ол басынан асырып қолын көтерді.
– … екеуміз бірге жүретін, – деп қосты жі­гіт.
Екі күннен соң ол іссапармен солтүстікке кет­ті де, тек екі аптадасын ғана қайтып орал­ды. Қала жақындап қалған көктемнің жанға жағымды өктем иісіне елтіп үлгерген екен, сол иіс оның бойындағы қыстың көмескілігі мен күңгірттігін де желге ұшырғандай желпіп әкетті. Солтүстіктің тұмшалаған тұмандары­нан кейін мұндағының бәрі, тіпті трамвайларына дейін, жарқырап, сыңғыр қағып тұр­ғандай көрінді.
Үйіне кірісімен-ақ әйелі оған:
– Осында бір қыз саған үш күн құрғатпай те­лефон соғумен болды, – деген.
– Қайдағы қыз? – деп сұрады ол қалжы­раң­қы, селқос раймен.
– Қайдам. Өзің білетін шығарсың деп ем.
– Білмеймін.
– Тіпті мазамды алып болды.
– Қызық екен, – деп сүлесоқ жымиды ол.
Телефон шырылдағанда ол ваннада бо­ла­тын. Әйелінің: келді, жуынып жатыр, сәл кейінірек деген сөздері есіктен естіліп тұр­ды. Енді жатуға ыңғайлана бергенінде телефон қайта безілдеп қоя берсін.
– Иә, – деді ол.
– Рудик, сәлем, сен келген екенсің ғой! – де­ген әлдебіреудің қуанышты дауысы естіл­ді тұтқадан.
– Сәлематсыз ба, – деп ол абайлап жауап қатты. – Бұл кім болды екен?
– Танымай қалдың ба? Әй, Рудик-ай… Мен ғой бұл, Ио.
– Ио, – деп, есіне түсе кеткен ол еріксіз кү­ліп жіберді. – Сәлематсың ба, Ио. Сен, тегі, ма­ған әбден лайық ат тауып алыпсың ғой.
– Сөйттім. Саған ұнай ма?
– Қазіргі сенің жасыңда болғанымда мені солай атайтын.
– Әлдеқандай болмашы, құдай үшін.
– Жоқ, о не дегенің…
Екеуі бірдей үнсіз қалды да, соған шы­да­маған жігіт:
– Сонымен, не жағдай, Ио? – деп сұра­ды.
– Рудик, ол кім– сенің әйелің бе?
– Иә.
– Ал маған неге айтпадың әйелің бар еке­нін?
– Кешір мені, – деді жігіт әзілге сүйеп, – оның соншалықты маңызды екенін біл­меп­пін.
– Әрине, маңызды. Сен не – оны сүйесің бе?
– Иә, – деді жігіт. – Ио, мені тыңдашы: ен­ді­гәрі маған телефон соқпай-ақ қойшы.
– Қо-рық-тың ба, – деп әндете созды қыз. – Сен, Рудик, әлдене ойлап жүрме. Әри­не, қаласаң онымен тұра бер, менің қар­сы­лы­ғым жоқ. Бірақ телефон соқпай-ақ қой деуге де болмайды ғой. А, мүмкін менің бір шаруамен хабарласуыма тура келетін шығар.
– Ол қандай шаруа? – деп жымиды бұл.
– Қандай дерің бар ма? Енді.., мәселен, мен­де бір ыдыстағы суды екіншісіне қотар­ған­да жауабына тіпті де маңайламайтын болар, – деп сөз тауып кетті ол. – Сондайда ха­барласуыма болады ғой, солай ма?
– Білмедім.
– Әрине, болады. Ал сен одан қорықпа, Ру­дик, неге десең, біз екеуміз ғой, ол болса жал­ғыз.
– Кімді айтасың? – деді Рудольф түсін­бей.
– Сенің әйеліңді айтам да.
– Сау бол, Ио.
– Сен шаршадың ба?
– Иә.
– Ал жарайды. Менің табанымды қыс-тағы ұйықтай бер.
– Қыстым табаныңды.
– Ал анаумен тіпті сөйлеспе де.
– Жарайды, – деп күлді бұл. – Сөйлеспей­мін.
Езуін жимаған күйі бұл әйеліне қайтып орал­ды.
– Ио ғой, – деді. – Әлгі қыздың аты сондай. Қызық емес пе?
– Иә, – деп секемдене жауап қатты әйе­лі.
– Екі ыдысқа қатысты есебін шығара алмапты. Өзі әлде жетінші, әлде сегізінші сыныпта оқиды – анық есімде жоқ.
– Сол есебіне көмектестің бе?
– Жоқ, – деді жігіт. – Мен бәрін ұмыттым ғой, ал ыдысқа қатысты есеп шынында күр­де­лі.
Ертеңінде таң бозынан телефон шырылдады. Боз деген не – ешқандай боз да жоқ, бүкіл қала таң қараңғысындағы шырт ұйқыда жат­қан. Орнынан көтеріле берген Рудольф қар­сы беттегі үйге қарап еді, бірде-бір те­ре­зе­ден сәуле көрінбеді, тек металы жарқы­ра­ған ауызсырнай сияқтанып кіреберістерінің төрт қатары көзге шалынды. Телефон тоқ­тау­сыз безілдеп жатыр. Оған тақай беріп Ру­дольф сағатқа қарап еді, әлі бес жарым екен.
– Тыңдап тұрмын, – деді ол ашулы дауыс­пен.
– Рудик, Рудик…
Рудольфтың жыны қозып кетті:
– Бұл не деген бассыздық…
– Рудик, – деп бастырмалатты анау, – бері тыңдашы, тек ашуланба, не болғанын сен әлі білмейсің ғой.
– Не болыпты? – деп сұрады бұл ашуын іркіп.
– Рудик, сен енді Рудик емессің, Рудоль­фио­сың, – деп салтанатты түрде мәлімдеді қыз. – Рудоль-фио! Тамаша ғой, рас па? Мен мұ­ны қазір ғана ойлап таптым. Рудольф жә­не Ио – біріккенде Рудольфио болады, құдды итальяндардағы сияқты. Кәне, қайталашы.
– Рудольфио. – Мұның дауысынан қажу мен ашудың реңкі бірдей сезілді.
– Дұрыс. Енді біздің ортақ есіміміз болады – екеуміз ажырамастай болдық. Ромео мен Джульетта тәрізді. Сен Рудольфиосың, мен де Рудольфиомын.
– Бері қарашы, – деді бұл сабасына тү­сіп. – Маған басқа бір орайлы уақытта ат қо­юыңа болмады ма?
– Шыдап жата алмадым ғой, қалай түсі­н­бейсің? Әне сол. Содан соң, сенің тұратын уақытың болды. Есіңде болсын, Рудольфио: жеті жарымда мен сені трамвай аялдамасынан күтемін.
– Бүгін мен трамваймен жүрмеймін.
– Неге?
– Бүгін – демалысым.
– Ол не деген сөз?
– Кезектен тыс демаламын деген сөз, жұмысқа бармаймын.
– А-а, – деді ол. – Ал мен ше?
– Білмеймін. Мектебіңе бар, болды-бітті.
– Әйеліңнің де демалысы бар ма?
– Жоқ.
– Онда жарайды. Тек есіңде болсын: енді біздің атымыз Рудольфио.
– Қуаныштымын.
Рудольф тұтқаны орнына қондырды да аһылап-үһілеп шай қоюға кетті. Енді бәрібір ұйқы жоқ еді. Оның үстіне қарсы беттегі үйдің үш терезесінде шам жанып үлгірген екен.
Түс әлетінде есік қағылды. Ол еден жуып жатқан болатын, сулы шүберекті бір жерге тастай салмай, қолына ұстаған күйі барып есік ашты.
Келген сол екен.
– Сәлемат па, Рудольфио.
– Сенбісің! – деп таң қалды Рудольф. – Не боп қалды?
– Мен де демалыс алдым.
Жүзінде қымсынудың титтей де ізі жоқ – әулиенің әлпеті дерсің.
– Солай ма! – деді жігіт қыңқ етпестен. – Қы­дырып жүрмін десеңші. Жә, ақыр келген екенсің, төрлет. Мен дереу жуып біті­рейін.
Қыз шешінбестен терезе алдындағы жұм­сақ орындыққа жайғасты да, оның шүбе­ректі тыраштана сүйкегеніне қарады да отырды.
– Рудольфио, мен білсем, сен отбасылық өмі­ріңде бақытсыз сияқтысың, – деді ол сәлден соң.
Жігіт белін жазды.
– Оны қайдан алдың?
– Оны байқау қиын емес. Мәселен, сен еденді ешбір құлықсыз жуады екенсің, ал бақытты адамдарда олай болмайды.
– Қайдағыны айтпа, – деді жігіт жымиып.
– Бақыттымын демексің бе?
– Ештеңе де айтпаймын.
– Әне солай.
– Одан да өзің шешінсеңші.
– Сенен қорқамын, – деді қыз терезеге тесіле қараған күйі.
– Не-не?
– Енді, сен еркексің ғой.
– Е, солай де. – Жігіт күлді. – Мұнда келуге қалай батылың барды?
– Енді, екеуміз Рудольфио емеспіз бе.
– Иә, – деді жігіт, – мен соны ұмыта берем. Әрине, ол маған белгілі бір міндеттер жүктейді.
– Әлбетте.
Қыз үнсіз қалды және Рудольф асүйде шелегін салдырлатып жатқанда да ләм-мим деп тіс жармады. Ал қайыра бері шыққан жі­гіт Ионың пальтосы орындықтың арқа­лы­ғына ілініп, өзі мұңайған қалыпта ой құша­ғында отырғанын көрді.
– Рудольфио, мен бүгін жыладым ғой, – деді ол кенет ашылып.
– Неге, Ио?
– Ио емес, Рудольфио.
– Неге, Рудольфио?
– Әпкемнің қырсығынан. Демалыс алайын дегенімде ол шатақ шығармасы бар ма.
– Меніңше, ол дұрыс істеген.
– Жоқ, Рудольфио, дұрыс емес. – Қыз орын­дықтан көтеріліп, терезе алдына жа­қындап тұрды. – Бір рет осылай етуге болар, қалай түсінбейсіңдер. Қазір сенімен сөйлесіп тұрғаныма қандай бақытты екенімді білсең ғой…
Қыз тағы үнсіз қалды да Рудольф оған зер сала қарады. Толқығаннан көйлегін теуіп, беймәлім бір құстардың балапан шығармақ боп жасаған құйтақандай ұясына ұқсаған қос анары бұлтияды. Жігіт бір жылдан соң оның бет әлпеті созылып, сұлулана түсетінін байқады, сол-ақ екен, бірер уақытта оның да өз жігіті болады-ау деген ойдан көңі­лі бұзылып жүріп берді. Ол қызға жақындап, иығына қолын салып тұрып жымиды да:
– Бәрі жақсы болады, – деді.
– Рас айтасың ба, Рудольфио?
– Рас айтам.
– Мен саған сенемін,– деді қыз.
Жігіт әрі қарай кетпекші болып еді ол:
– Рудольфио! –деді.
– Иә?
– Сен неге ерте үйленгенсің? Тағы екі жыл күтсең ғой, мен саған күйеуге шығатын едім.
– Асықпа, – деді жігіт. – Сен онсыз да бір тамаша жігітке тиесің.
– Мен саған тиер едім.
– Ол менен де жақсы болады.
– Иә саған, – деп қыз дауысын сенімсіз соз­­ды. – Сенен де жақсылар болады деп ой­­лай­сың ба?
– Мың есе жақсылар болады.
– Бірақ ол бәрібір сен болмайды. – Осыны айтып, ол күрсінген болды.
– Кел одан да шай ішейік,– деп ұсыныс айтты жігіт.
– Кел.
Рудольф асүйге барып, шәйнекті отқа қойды.
– Рудольфио!
Қыз кітап сөрелерінің алдында тұр екен.
– Рудольфио, ең әдемі ат екеумізде. Мі­не, қарашы, тіпті жазушыларда да біздікінен жақ­сы ат жоқ. – Ол бір сәт үнсіз қалды. – Бәл­кім, тек мынанікі болмаса. Эк-зю-пе-ри. Әде­мі ғой, ә?
– Иә, – деді Рудольф. – Сен оны оқымап па ең?
– Жоқ.
– Ал да оқып шық. Тек демалыс алу дей­тін болмасын – келістік пе?
– Келістік.
Ол киіне бастады.
– Шәй ше?– деп жігіт есіне салды.
– Рудольфио, мен енді кетейін, жарай ма? – Жымиысы біртүрлі мұңды шықты. – Тек сен менің мұнда болғанымды әйеліңе айту­шы болма. Жарай ма, Рудольфио?
– Жарайды, – деп жігіт уәде берді.
Қыз кеткен соң ол қатты жабырқап қал­ған­дай болды, тұла бойы біртүрлі түсініксіз, сы­рын әлі ешкім ашпаған, бірақ табиғатта бар мұңға толды. Ол киініп, далаға бет ал­ды.
Ешбір ескертусіз дерліктей, бір деммен көктем шықты. Бірер күннің ішінде-ақ адам­дардың жаны мейірімге толды әрі осы күндер оларға үміт кезеңінен жасампаздық кезеңіне ауысудың сатысындай көрінді, өйткені көк­темде көрген түстері сәуегей балгердің аузымен өздеріне махаббат пен шапағаттан ха­бар беріп жатқан болатын.
Сондай күндердің бірінде, кешқұрым, үйіне қайтып келе жатқан Рудольфты ересек әйел тоқтатты.
– Мен Ионың анасы едім, – деп бастады ол сөзін. – Сіз кешіргейсіз, жаңылмасам, есі­міңіз Рудольфио болар.
– Иә, – деді жігіт күлімсірей келісіп.
– Сіз жөнінде қызымнан білемін. Соңғы кез­де ол сіз туралы көп айтатын болып жүр, бі­рақ мен…
Әйел бөгеліп қалды да, бұл оның ана ре­тінде сұрауға тиісті сөзін айта алмай тұрғанын сез­ді.
– Сіз абыржымаңыз, – деді. – Ио екеу­міз­дің достығымыз ең бір ізгі сезімнен туған жә­не одан ешбір жаманшылық болмайды.
– Әрине ғой, әрине, – деп қысыла-қым­сы­на бастырмалатты әйел. – Тек Ио – еркетотай қыз, мүлдем тілазар болып кетті. Егер сіз оған ықпал етсеңіз… Түсінесіз бе, жазым өткел жастағы бала, бірдеңені бүлдіріп ала ма деп зәре-құтым қалмайды. Содан соң, сыныптастарының, тіпті құрбыластарының да арасында бірде-бір сырлас досы жоғынан қорқамын.
– Онысы жақсы емес екен.
– Түсінемін. Меніңше, оған сіздің ықпа­лыңыз бар сияқты көрініп еді…
– Мен онымен сөйлесіп көрейін, – деп уә­де берді Рудольф. – Әйтсе де, менің білуім­ше, Ио жақсы қыз болуы керек, сіз бекер абыр­жисыз ба деймін.
– Білмедім, тегі.
– Сау боп тұрыңыз. Мен онымен сөй­ле­се­мін. Бәрі жақсы болады.
Ол мәселені сүрсітпей, қызға дереу ха­бар­­ласпақшы болды, сәтін салғанда, әйелі де үйде жоқ болатын.
– Рудольфио! – оның өте қуанышты екені бір­ден білінді. Хабарласқаның қандай керемет болды, Рудольфио, ал мен тағы жыладым.
– Қайта-қайта жылай беруге болмайды,– деді бұл.
– Бәрі « Кішкентай ханзаданың» әсері. Өзін сондайлық аяймын. Оның жер бетінде бол­ғаны рас қой?
– Меніңше, рас болар.
– Меніңше де солай. Ал біз білмей кел­ген­біз. Ол деген сұмдық қой. Экзюпери бол­ма­са ешқашан білмеуіміз де мүмкін еді. Оның аты екеуміздің атымыздай әдемі болуы те­гін емес қой.
– Иә.
– Мен тағы былай ойлаймын: оның Кіш­кен­тай ханзада болып қала бергені жақсы болған. Неге десең, кейін ол ең қарапайым жандардың бірі болып қалса сұмдық емес пе? Ал бізде тым қарапайым адамдар онсыз да толып жатыр.
– Оншамасын білмедім.
– Білмесең, мен білемін, ол солай.
– Ал «Адамдар планетасын» оқыдың ба?
– Бәрін оқыдым, Рудольфио. Мен білсем, Экзюпери өте кемеңгер жазушы. Тіпті, ке­мең­­герлігін ойласаң есің шығады. Әрі жаны ізгі. Есіңде ме: Барокты сатып алып бос­тан­дық­қа шығарады, өзіне ақша береді, ал ол бол­са ақшаның бәрін жұмсап балаларға аяқ киім сатып әпереді де, өзі көк тиынсыз қа­лады.
– Иә, – деді жігіт. – Ал өздерін талапайлап, қаншама қырып-жойса да арабтардың қар­ғысы мен алғысына бірдей бөленетін Боннафусқа не айтасың?
– Себебі онсыз шөл дала олардың өзде­рі­не қарабайыр қу медиен көрінеді, ал ол да­ланы қауіп-қатер мен романтикаға толтырады.
– Осының бәрін түсінсең, сен жарайсың, – деді жігіт.
– Рудольфио… – дей беріп, қыз үнсіз қал­ды.
– Тыңдап тұрмын, – деп есіне салды бұл.
Қызда үн жоқ.
– Рудольфио, – деді жігіт әлденеден тебі­ре­ніп. – Қазір осында келші, мен жалғыз­бын.
Айнала жалтақтай қараған қыз жұмсақ орындыққа барып отырды.
– Сен неге жуаси қалғансың? – деп сұра­ды жігіт.
– Ол шынымен жоқ па?
– Әйелім бе?
– Әрине.
– Жоқ.
– Өзі бір ішқұста адам ғой.
– Не?
– Ішқұста адам – ал керек болса!
– Ондай сөзді қайдан алып жүрсің?
– Ұлы тілдің сөздігінен. Онда оған лайық басқа сөз жоқ.
– Енді, олай деуге болмайтын шығар, Ио.
– Ио емес, Рудольфио.
– Е, иә.
– Жақында телефон соғып ем, соған түс­тім. Оның маған не дегенін білесің бе? Егер сен, дейді, су құятын ыдыстар туралы біл­мек болсаң мұғаліміңнен сұрағаның дұ­рыс дейді. Меніңше, ол сені менен қыз­ғана­тын сияқты.
– Олай ойламаймын.
– Рудольфио, мен одан жақсымын ғой, рас па? Мен әлі сыныма толып болған жоқ­пын ғой, бар қызығым әлі алда.
Жігіт жымиып, басын изеді.
– Әне, көрдің бе. Мен білсем, сенің одан ажырасатын уақытың болды.
– Ақымақтың сөзін айтпа,– деп жігіт оның сөзін бөлді. – Мен сені тым еркінсітіп жібердім.
– Сүйгендіктен бе?
– Жоқ, жақсы көргендіктен.
Қыз жабырқап, үнсіз қалды, бірақ онысы ұзаққа бармасы айқын еді.
– Оның аты кім?
– Кімнің – әйелімнің бе?
– Әрине.
– Клава.
– Құйысқанға қыстырылуын.
Рудольф ашуланды.
– Қой деймін енді.
Қыз орнынан көтеріліп, бір сәт көзін жұм­ды да, кенет жуаси сөйледі:
– Рудольфио, менің денім дұрыс емес, олай дегім келмеп еді, кешірші…
– Тек көз жасыңды көрсетпе,– деп ес­керт­ті жігіт.
– Көрсетпеймін.
Ол әрірек барып, терезеге бұрылды.
– Рудольфио, – деді, – екеуміз былай келісейікші: мен бүгін мұнда болған жоқпын және мұндай ештеңе айтқан да жоқпын, мақұл ма?
– Мақұл.
– Осы «сау болды» мен саған телефонмен айтты деп есепте.
– Иә.
Ол шығып жүре берді.
Бес минуттан соң телефон шырылдады.
– Сау бол, Рудольфио.
– Сау бол.
Жігіт сәл іркіліп еді, бірақ ол тұтқаны қоя салды.
Содан соң ол хабарласқан жоқ, жігіттің де оны көрмегеніне көп болды, себебі тағы да іссапарда болып, тек мамыр айында, күн таразысы көктемнен жазға алаңсыз ауғанда бір-ақ оралды. Оның жұмысы бұл шақта әрқашан бастан асатыны бар-ды; қызды есіне алған сайын ол: ертең сөйлесем, арғы күні сөйлесем деп сырғытпаға салып жүріп, ақыры хабарласқан жоқ болатын.
Екеуі ойда-жоқта – ақыры трамвайда кез­десті. Қызды анадайдан көрісімен ол, дегбірі қашып, жұртты итермелеп, ілгері ұмтылумен болды, қыздың кез келген аялдамада түсіп кетуінен қорықты – олай болғанда, сірә, оның соңынан секіріп түсе алмасын білді. Бірақ қыз орнынан тапжылған жоқ, ал бұл болса оған сонша қуанды әрі өзі, бәлкім, екеуінің достық қатынасында болатынынан гөрі қаттырақ қуанғанын да сезді.
– Сәлемет пе, Ио, – деді оның иығына қолын тигізіп.
Қыз шошына жалт қарады да, мұны көріп, қуана абдыраған күйі басын изеді.
– Ио емес, Рудольфио, – деп түзетті ол бұрынғысынша. – Әлі де болса екеуміз дос шығармыз, солай емес пе?
– Әлбетте, Рудольфио.
– Сен сапарда болдың ба?
– Иә.
– Бір рет хабарласып едім, болмадың.
– Келгеніме бақандай бір апта.
Трамвайдағы ығы-жығы жолаушылардың иін тіресуі ересен. Бұлар бір-біріне жақын­дасатындары сонша, тіпті жанарларын тайдырып әкетулеріне тура келді.
– Рудольфио, мен саған бірдеңе айтсам қалай қарайсың? – деп сұрады қыз.
– Әрине, айта бер.
Қыз қайтадан бетін беріп, соншама жанаса келгенде жігіт көзін жұма жаздады.
– Сенсіз мен үнемі сағынумен боламын, Рудольфио.
– Кішкентай ғана ақымақсың сен, – деді жігіт.
– Оны білем. – Ол күрсінді. – Бірақ басқа балалардың бір де біреуін сағынбаймын ғой, маған оларды майлап берсе де керегі жоқ.
Трамвай тоқтап, бұлар жерге түсті.
– Сен өзіңнің Клаваңа барасың ба? – деп сұрады қыз.
– Жоқ, кішкене қыдырайықшы.
Екеуі өзен жаққа, ашық алаңқайға қарай бет алды да төмпешіктермен қоқыс үймелері­нен аттап, жолсызбен жүрді, жігіт қызды қо­лынан алып, үйінділерден өтуіне көмек­тесіп бара жатты.
Қызда үн жоқ. Мұнысы өзіне ұқсамайтын, бірақ ләм-мим деп тіл қатпады; сол сәтте жі­гіт өзі сияқты, оның да ешкімге ырық бермес адуын, асау тебіреністің құшағында келе жатқанын сезді.
Олар жарқабаққа жетіп тоқтады да, сол қол ұстасқан қалпы, өзенге, әлдеқайда арғы бетке және қайтадан өзенге қарап тұра берді.
– Рудольфио, – деді шыдамы таусылған қыз әлден соң. – Мені әлі ешкім сүйген емес.
Жігіт еңкейіп, оның бетінен сүйді.
– Ернімнен, – деп өтінді қыз.
– Еріннен тек ең жақын адамдар ғана сүйе­ді, – деген сөзді жігіт қиналып әрең айт­ты.
– Ал мен ше?
Қыздың селк ете қалғанымен бір мезетте Рудольфтың да зәресі ұшты. Сол сәтте-ақ оның түсінгені-сезгені емес, нақа түсінгені – өзін қыздың бір періп, кәдімгідей жағының отын шығара шапалақпен тартып жіберіп, әлгідегі ашық алаңқайды, үймек-үйінділерді, үміт пен тілекті қайтадан артқа тастап, құйын-перен жүгіре жөнелгені болды.
Ал бұл оның қалай жүгіргеніне қарап, оған бірдеңе деуге батылы жетпей, соңынан жүгіруге де жарамай сілейіп тұрды да қалды. Өзін ит етінен жек көріп, солай құлазыған қал­пында ұзақ тұрды.
Бұл сенбіде болған еді, ал жексенбі күні таңертең ертелетіп қыздың анасы телефон соқты.
– Рудольфио, құдай ақы кешіре гөріңіз, сізді тым ерте мазаладым білем…
Үні құмығыңқы дірілдеп шықты.
– Тыңдап тұрмын, – деді бұл.
– Рудольфио, бүгін Ио үйге қонбады.
Бірдеңе деп жауап берсе болар еді, бірақ мұның да үні бітіп қалған.
– Бізде ес жоқ, түс жоқ, не істерімізді, қа­лай істерімізді білмейміз, бұрын көрмеген сұмдығымыз…
– Алдымен сабырға келіңіздер, – деді бұл ақырында. – Мүмкін ол бір құрбысының үйінде қонып қалған шығар.
– Тіпті білмедім.
– Тегі, солай болар. Бір-екі сағаттың ішін­де келмесе іздеуге шығамыз. Тек сабыр сақ­таңыздар, мен екі сағаттан соң хабарласамын.
Ол тұтқаны орнына қойып: сен де сабыр ет, мүмкін ол құрбысының үйіне қонып қал­ған шығар деді өзіне-өзі. Бірақ сабасына тү­се алмады, керісінше, тұла бойы қалтырай бастағанын сезді. Соны басқысы келіп, шо­ланға шықты да, ысқыра жүріп, өзінің ескі, мектеп оқулықтарын ақтара бастады. Алгебрадан есептер жинағы көзге түспей кеткен сияқты еді, соны іздей жүріп, шамалы ойы бөлінді.
Телефон шыр ете қалды.
– Ол келді. – Сезімін ірке алмаған қыз анасы жылап жіберді.
Бұл тыңдады да тұрды.
– Рудольфио, құдай үшін, бізге келіңіз­ші.
Ана байғұс тағы да жылап жіберіп, артынша:
– Оған бірдеңе болса керек, – деді.
Ол рұқсат сұрап жатпастан сулығын ше­шіп еді, анасы үн-түнсіз қолымен нұсқап, қы­зының бөлмесін көрсетті.
Ио кереует үстінде малдас құрып, теңсе­ле түсіп, тура қарсы алдындағы терезеге қа­дала қарап отыр екен.
– Рудольфио! – деді жігіт.
Ол бұрылып қарағаны болмаса, тіс жарып ештеңе деген жоқ.
– Рудольфио!
– Қойшы-ей, – деп жеркенген адамша бетін тыржитты ол. – Қайдағы Рудольфио, сен барып тұрған кәдімгі Рудольфсың. Барып тұрған кәдімгі Рудольф, түсінесің бе?
Соққының талмау жерден тигені сонша, жі­гіттің тұла бойын түгел қан қақсатты, сөйт­се де табан аудармауға әрең деп шыдамы жет­кен жігіт терезенің алдына барып, жақ­тауға сүйене тұрды.
Қыз әлі ілгерілі-кейінді тербетіліп, астын­дағы кереуеттің серіппелерін баяу сықыр­латып, тура қарсы алдына, жігіттен әріге қараумен отыр.
– Жарайды, жақсы, – деді жігіт онымен ке­лісіп. – Бірақ қайда болғаныңды түсін­дір­ші.
– Кетші әрман! – деді ол, қайрылып қара­мас­тан, қалжыраған кейіпте.
Жігіт басын изеді. Содан соң киім ілгіш­тен сулығын алып, қыз анасының үнсіз сұра­ғына жауап берместен, басқышпен төмен түсті де әрман кете барды. Жексенбінің күні жаңа басталған болатын, көшеде жүргінші аз еді, сондықтан оны ешкім тоқтатқан жоқ. Әуелі ашық алаңды кесіп өтіп, жағалауға түскен ол кенет енді қайда барарын білмей, аңырды да қалды.

Аударған Бекболат Әдетов,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!