Қаламақы – жазушы еңбегінің өлшемі
06.10.2017
1304
0

Егемендік!
Ұлы арман болған, біздің ұр­пақ­тың ғана қолы жеткен Ұлы Дәуір екенінде еш таласымыз жоқ. Оның маңызын түсінген, әрине, қа­лам ұстаған қауым еді. Өйткені ер­кіндік жолында өмірін қиғандар да, күрескендер де қалам ұстаған­дар болатын.
Қашан да ұлтының есеюін көк­сейтін ақын-жазушы ерік­кен­нен шығарма жазбайды. Оларды та­би­ғат өзі талантты етіп, сезімтал етіп сыйлайды. Сондықтан да олар­дың есі­мін халық мәңгі есінде сақ­тай­ды. Өйткені олардың арман-тілегі қа­шан да халықпен үндес.
Сол қаламгер қауым, яғни біз­дер 25 жыл бойы қаламақысыз қал­дық. Егемендікке қуандық, сол ны­ғайсын дедік, 25 жылда еңбе­гі­міз еленген жоқ, яғни шығарма­мыз­ға ештеңе алмадық. Бүгінгі таң­да жақсы жаңа шығарма жазыл­мауының бір себебі содан да болуы мүм­кін.
Той басқарған асаба асыл жол­да­рыңды жатқа айтып, қыруар қа­ра­жат жинап алатын болды. Кү­зетшілер байыды, алыпсатар­лар­дың көзі ешкімді көрмейтін де кез­дер бар. Ақынның бәрі айтыс­кер­лікке көшті. Құнды жазба – поэ­зия шетке шығып қалғаны рас. Қа­зақтың қара өлеңінің орнына шат­пақ жолдар эстрада арқылы тың­даушыға жол тартты. Ақшаң бол­са, ақын да өзің, жазушы да өзің, әнші де өзің болған дәуір ту­д­ы. Көрермен талғамын төмен са­тыға түсіріп алдық.
«Ештен кеш жақсы» деген, ен­ді ҚР Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі осы жылдан бастап қа­ла­мақы төлеуді қолға алады деп ес­тиміз. Енді оның қанша төлене­тіні анықталуы қажет. Дене қуатын пайдаланған спортшы бір жеңісі үшін үйлі-күйлі, машиналы болып шығады, ұлт намысын, ұрпақ тәр­биесін, адам санасын оятатын шы­ғарма болмашы, ұсақ теңгемен ба­ғаланса, меніңше, әділетті бол­майды.
Қоғам саналы, тәрбиелі, ру­хани бай болуына қызмет ететін – кітап, әдебиет, ақындар мен жазу­шы еңбегі өз бағасын алатын кезең келді.
Жалтақ адам, ертеңі бұлыңғыр адам батыл қалам ұстай алмайды. За­мандас ойшылымыз Әбіш Ке­кілбаевтың сөзімен айтсам:
Арман қашан да ұзақ,
Ғұмыр қашан да қысқа.
Талант арманға табынады,
Өмір мүмкіндікке бағынады.
Қауым таланттан «Ананы неге жаз­­бады, ананы неге тындыр­ма­ды?» – дейді. Ал талант олардан «Мен сол істі тындыруға сен қолұ­шын бердің бе?» – деп сұрай ал­майды.
Шын талантқа көмек керек, ағайын!

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір