Бір дыбыс – бір таңба

0
167 қаралды
немесе қосарланған әріптер қазаққа керек пе?

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма секре­тариатының кеңейтілген отырысы өтіп, онда латын әліпбиіне көшу мәселелері және мем­ле­кеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасы талқыланған болатын. Бүгінгі санымызда сол отырыста талқыға түскен мәселелердің жай-жап­са­рына кеңірек тоқталмақпыз.


Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
– Өзгерген заман, түлеген дәуір талаптарына сай Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынғанын білесіздер. Ұлттық мүдде мен мұрат­тарды сақтау, қорғау мәселесін арқау етер бұл тарихи құжат қоғамның кең қолдауына ие болып отыр. Елбасы ұсынған рухани дамудың алты бағыты мен соны орындау туралы берілген алты тапсырманың бірі де, бірігейі – ұлт үшін аса маңыздысы – латын гра­фи­касына өту мәселесі. Бұл – уақыттың қажеттілігінен туған, ұлт үшін отарланудан біржола құтылудың үлкен жолы екені рас. Кирилицамен бірге өткен тарихымыз ұмытылады деген сөздер – 1990 жылдардың енші­сінде қалған әңгіме. Ендігінің ақиқаты басқа – кирилицамен тасқа басылған кітаптарымыз елеп-екшеліп, латынға ау­дарылатын болады. Бұл –басы ашық мәселе. Ұлттық әліпбиіміз қан­дай болады? Қалай өтеміз, қандай графикамен (латын үлгісінде) өтеміз? Міне, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе осы…
Парламент Мәжілісінде латын негізінде жасалған ұлттық әліпбиіміз­дің бір нұсқасының тыңдалуы өтті. Әзірге ел аузында жүрген – екі-үш жобаның көбірек талқыға түсіп отыр­ғаны осы. Жалпыхалықтық талқылау­лар­дың да арқауы осы төңіректе. Ұзын­қ­ұлақтың Парламентте талқы­ланған нұсқаны «қабылдау туралы тапсырма бар» деген сөзі алып-қашпа, шындыққа жанаспайды. Елбасы соңғы баспасөз конференция­сын­да: «Қоғам, тіл мамандары анық бір шешімге келмейінше, Жарғыға қол қойыл­майды» деп, әңгімені ашып айтты. Ендеше, қаламгерлер қауымы да қоғамның үніне үн қосып, өз пікірін білдіруі тиіс. Бү­гін­гі бас қосуы­мыздың басты себебі де – осы.
Латын графикасына негізделген ұлттық әліпбиіміздің тағдырына бей-жай қарауға болмайды. Қазақ ұлттық әліпбиінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған және Парламент Мәжілісінде талқыланған нұсқалары жайлы пікірімізді білдіруі­міз керек. Кеңейтілген секретариатқа Жазушылар одағының хатшылары, жанрлық кеңес жетекшілері мен орын­басарлары, сондай-ақ өз ықылас­та­рымен келген әріптестеріміз қаты­сып отыр. Сондай-ақ, жиынымызға осы мәселемен арнайы айналысып келе жатқан Тіл білімі институтының ғалым­дары: ҚР ҰҒА академигі Өмір­зақ Айтбайұлы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Зейнеп Мүсілім­қызы Базар­баева қатысып отыр. Айтулы мәселеге қа­тысы бар біраз ғалымдарымыз келе алмады.
Ұлт тарихы ерте орта ғасырға дейін тасқа түскен руника жазулары­мен қашалған, соның нәтижесінде Күлтегін, Тоныкөк дәуіріндегі бабалар сөзі мен аманаты бізге жеткен. Соңғы он бес ғасырға жуық уақыт ел тарихы араб графикасымен өмір сүрді. Араб әліпбиімен шығармалар жазыл­ды. Құжаттар өмірге келді.
Өткен жүзжылдық қазақ үшін аса ауыр, аласапыран ғасыр болды. Жүз жыл ішінде әліпби неше дүркін өзге­ріс­ке түсті. Елбасы бағ­дарламасында айтылған басты мәселе Қазақ Елі – әлемде болып жатқан аламан оқиға­лар­дан аман өтіп, өз мемлекеттік тұ­тас­тығын сақтап қалу, өзгерту. Мем­ле­кет ретінде кең өріске шығу үшін латынға көшудің қажеттігі қоса айтылды.
Несіне жасырамыз? Парламентте талқыланған жобада көңілге қон­байтын жерлер бар. Біз үнді-еуро­палық тілдерге қарағанда болмысы бөлектеу түркілік тілдерге жатамыз. Мұны ескеруіміз ке­рек. Үнді-еуро­па­лық тілдердің өзін­де де әріп саны 46-ға дейін баратын елдер бар екен. Мұны да ұмытпайық.
Жиырмасыншы ғасырдың елең-алаң басындағы ұлт руханиятының көсемі Ахмет Байтұрсыновтың ұлт әліпбиі қандай болуы тиіс деген ұс­танымы мынандай: Біріншіден, жеңіл, тілге ыңғайлы болуы керек; екіншіден, әріп суреттері оңай, таңбасы аз бол­ғаны жөн; үшіншіден, оңай тізіле­тін, орынды аз алатын, баспасөз үнемді; төртіншіден, үй­ре­нуге қолайлы, бас­пасы мен жазбасы­ның суреті жақын, үйренуге жеңіл болғаны. Осы ұста­ным­ды басшылыққа алған оң секіл­ді.
Бір нәрсенің басы ашық. Біз ла­тыннан бас тартпаймыз. Қолдаймыз! Біздің айтарымыз – қазақтың ұлттық болмысын, жараты­лысын ескере отырып, әліпби жасау керек деген мәселе күн тәртібінде тұруы тиіс. Ұлттың алдында, ұрпақтың алдында тұтастығымызды сетінетіп алмай, бекіте түсетін әліпбиді таңдауымыз керек. Тарих алдында ұялмайтындай әліпби жасау қажет!
Әліпби – тілдің тағдыры! Тілді технологияға бағындыруға болмайды. Технокра­тия – ылғи құбылып оты­ратын құбы­лыс. Технология – құрал. Ол өзгеріп тұрады. Ендеше, ол өзгерген сайын, әліпбиіміз де өзгеріп отыруы тиіс пе? Технология тілдің ыңғайына жығылуы керек. Қытай, Жапон, тіпті мына әрмендер мен грузиндер «техно­ло­гия­­ға ілесуіміз керек» демей-ақ, өзінің ұлт­тық әліпбиін сақтап келе жатқан жоқ па?
Ойланып сөйлеп, ойымызды да ортаға ойланып салайық…

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі:
– Тарих беттерін парақтай түс­сеңіз, Қазақ жазуы басынан не өтпеді дей­сіз! Әу баста А.Байтұрсынұлы қалыптастырып берген жазу үлгісінен айрылғаннан бастап, қазақ жазуы кириллица тұтқынында өмір сүріп келді. Жазу ұлттық үлгіден адасып, орысталқылық кейіпке түсті. Сол үлгімен әлі күнге жүріп келеміз.
Елімізде Тәуелсіздік таңы атқалы бері осы мәселе күн тәртібінен түспей келеді. Бұл – заңды құбылыс.
Іргелі ұлттар өмірінде орын алған тарихи оқиғалар көбімізге мәлім. Өт­кен ғасырдың 90-жылдарында Қазақ елінің тарихында да осындай іргелі оқиғалар болды. Қайсібірін еске ала отырған жөн сияқты. Ең алдымен, Тәуел­сіздік қарсаңында «Қазақ тілі» қо­ғамының құрылып, елім деген аза­маттардың ана тілінің жоғын жоқтауға жаппай жұмыла кіріскенін айтар едік.
Ел Тәуелсіздігін жариялап, әнұ­ранын шырқап, көк тудың жел­біре­генін айтар едік.
Дүниежүзі қазақтары қауымдасты­ғы­ның құрылып, әлемнің түпкір-түп­кі­ріндегі қандастарымызға сауын айтылып, Ұлы көштің жанданғанын қайта қосар едік.
Шегарамызды шегендеп, мемле­кет­­телігіміздің тұғырын нығайтқаны­мыз­ды мәлімдер едік.
Ел ордасын ел орталығына көші­ріп, сәулеті мен дәулеті келіскен жаңа тұрпатты Астанамызды қалыпта­ға­ны­мызды ауызға алар едік.
Осылардың қай-қайсысынан да кем соқпайтын, ел тарихында тағы бір ұлы өзгеріске, жаңа кезеңге бастайтын айшықты оқиға ретінде қазір қызу қолға алынып жатқан қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліп­биге көшіру талабын атасақ, ешқа­ндай артық емес деп ойлаймыз.
Елбасы әліпби жобасымен А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­ти­туты айналысуы тиіс екенін тапсыр­ған еді. Міне содан бері Тіл білімі ин­с­титутының ғалымдары бұл мәселе­мен түбегейлі айналысып келеді. Латынға көшкен көрші елдер тәжіри­бесін жан-жақты зерттеді. Ізденістер жасады. Ғылыми тұрғыдан негіздеуге тырысты. Жазу мәселесі кез келген ма­манның қолынан келе қоятын шар­уа емес. Бұл өмір бойы өзін осы жолға бейімдеп, оның барлық соқтықпалы-соқпақты жолдарынан өтіп, ұлттық мүдде тұрғысына қарай адал ниетпен қызмет ете алатын жандардың ғана айналысатын шаруасы. Жол-жөнекей қосыла кетушілерге жол жоқ. Сондық­тан Тіл білімі институты ұсынып отыр­ған жобаны ысырып тастап, ұлт­тық мүддені емес, басқа бір уақытша табыс көзіне айналдыруға тырыса­тын­дарға қолдау көрсетуді тарихи қателік деуге тура келеді. Қазақ жаз­уын жолға қоюдың реті енді келді ме деген кезеңде тағы да өкініп қалатын түріміз бар.
Алайда, ел Елбасыға алаңдауда. Өйткені әлгі санамалап айтылған оқиғалардың барлығының да бас­та­уында тұрған, іске асуына ұйытқы болған – еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Ба­йыптап қарайтын болсақ, жоғарыда аталған шаралардың барлығы да тәуелсіздігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы етуге бағытталған іргелі істер екендігіне көз жеткіземіз. Сондай-ақ, бұлар ретімен, сәнімен, уақытымен іске асырылып жатқандығын, бір-бірімен сабақтаса ұласуда екендігін байқаймыз. Бүгінгі күні қызу қолға алынған әліпби ауыстыру мәселесі осылардың логикалық түйіні іспет­тес.
Әлбетте, бұл – бір-екі жыл беде­рін­де кездейсоқ көтеріле қоймаған мәселе. Бұл идеяны тәуелсіздігіміздің елең-алаңында алғаш ауызға алып, жұртшылықтың назарын аударған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуәлі Туған­байұлы Қайдар еді. Ол осы бастаманы көтеріп қана қоймай, сонымен қатар оны ғылыми тұрғыда негіздеп, өзіндік үлгісін де ұсынған болатын. Бұл ұсы­ныс Елбасының ойымен де ұштасты. Елбасы сол кезден бастап латынға көшу мәселесіне ауық-ауық қайта ора­лып, ғалымдарға, тиісті мамандарға бұл мәселені жан-жақты қарастыруды, зерттеп-зерделеуді тапсырды. Уақытты асықтырмай, бастаманың табиғи түрде пісіп-жетілуін, оның ғылыми да, экономикалық та алғышарттары мен қажеттіліктері кемеліне келуін, қоғам­ның да бұл іске дайындығының толық болуын күтті. Бұл мәселе ұзақ уақыт бойы әбден талқыланды, иі қанды. Әсіресе, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары атқанған іс-шаралар ұшан-теңіз. Өйт­кені, Елбасы бұл шаруамен А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институты айналысуы тиіс дегенін қайталап еске аламын. Осынау қажеттіліктердің бәрі сай болғанда, Елбасы тарапынан түпкілікті саяси шешім қабылданды. Сөйтіп, латын қажет пе, жоқ па деген тал­қылау сатысынан өтіп, нақты әліпби нұсқасын таңдап, бекіту саты­сына көштік. Нағыз жауапты сәт енді басталды. Сондықтан, бұған асқан байыптылықпен, зор жауапкершілік­пен қараудың кезеңі туды.
Ойткені, әліпби ауыстыру жай ғана таңба ауыстыру емес. Бұл, түптеп келгенде, сананы өзгертуге талпыныс, жаңаша өмір сүруге деген ұмтылыс. Басқаша айтқанда, бұл сапалық та, саналы өзгеріске бастайды. Сол себепті де бұл істе қателесуге қақымыз жоқ.
Ұлттық жазуымызды өз еркімізге сай, бүгінгі графикалық қажеттілік­тері­міз бен болашақтағы мүмкіндік­тері­мізді ескере отырып жасақтап алу – зор тарихи мүмкіндік. Осы тарихи мүмкін­діктен айрылып қалмауымыз керек екенін баршамыз түсінгеніміз мақұл.
Осы уақыт аралығында латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің көптеген үлгілері мен нұс­қалары әзірленді. Бұған түрлі сала ма­мандары қатысты. Бұл дұрыс та. Дегенмен, «Шымшық сойса да, қасап­шы сойсын» деген қағидатты да ұмыт­паға­нымыз жөн. Сондықтан әліпби­мен Тіл білімі институты ма­ман­­­да­­рының айналысуы заңды­лық.
Сол көптеген әліпби нұсқаларын екшелей келгенде екі бағыттағы жо­ба­ның жіктелгені байқалады. Оларды шартты түрде тілшілер жобасы және бағдарламашылар нұсқасы деп бөлуге болатын секілді. Әлбетте, екі тараптың да айтар уәжі, келтірер дәлелі орынды, негізді. Бір жағынан, мұнда дәстүршіл­дік пен батысшылдықтың да тартысы бой көрсететіндей. Билік тарапы жас өкілдерінің бағдарламашылар ұсынған нұсқаға көбірек бейілді екендігі аңға­рылып қалды. Бұл ретте, екі нұсқаның, екі түрлі көзқарастың бірін таңдау емес, қабылданған жаңа әліпбидің тіліміздің бар қасиетін толық қамтуы, еліміздің даму келешегін қамтамасыз етуге қауқарлы болуы маңызды. Сондықтан да бізге әліпбидің барша қырын, барша мүмкіндігін, артықшы­лық­тары мен кемшіліктерін толық ескер­ген, кемінде алдағы 50-60 жыл­дай даму болашағымыз жайлы бол­жам­дарды қамтитын, түрлі талаптың көңілге қонымды талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерін қаперге алған жобаны бекітіп, жедел іске асыруға кірісу қажеттігі сөзсіз.
Ол үшін, ең алдымен, латын гра­фи­калық қазақ әліпбиін жасақтау тұжырымдамасын әзірлеп, маман­дар­дың жан-жақты талқылауынан өткен­нен кейін ресми жоғары деңгейде бе­кіту қажет. Бұл тұжырымдама жо­ба­сында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін әзірлеуде басшылыққа алынатын басты қағидаттар тұжырым­далғаны жөн.
Біздіңше, бұлар жалпылама ал­ғанда мынадай басты қағидаттардан тұруы керек:
1. Қазақ тілінің төлтума заңдылық­тарын барынша толық қамту.
2. Түркі халықтарынан ірге ажы­рат­­пай, ортақ ғылыми-ақпараттық кеңістік құруға мүмкіндік тудыру.
3. Жаңа ақпараттық технология­лар­­дың мүмкіндіктерін ескеру және соған сай болу.
Міне, осы іргелі үш қағидаттың әрқайсысы өз ішінен шағын көптеген өлшемдерді туындатады. Бұларға жекелеп қысқаша тоқталып өтейін.
1. Қазақ тілінің төлтума заңдылық­тарын барынша толық қамту дегенді қалай түсінеміз?
Бірінші қағидат, сөз жоқ, ең басты әрі маңызды. Кириллицадан латын жазуына көшудің басты әрі негізгі се­бебі осы. Егер де жаңа әліпби қазақ тілінің табиғи қалпынан туындап жатқан төл заңдылықтарын ескер­мей­тін болса, онда әліпби ауыстырудың қажеттігі де, ешбір маңызы да болмас еді. Сондықтан әліпбидің қай нұсқасы болсын, бұл бірінші кезектегі басты талап болуға тиіс. Тіл білімі институты ұсынып отырған жоба осы талаптарға сай жасалған. Мұнда мынадай өл­шем­дер басшылыққа алынды:
– Бір дыбысқа бір таңба;
– Қазақ тілінің фонетикалық-фонологиялық, грамматологиялық сипатына толық сай келу;
– Ықшамдылық, яғни басы артық әріптерге әліпбиден орын бермеу;
– Икемділік, яғни тілдің болашақ дамуы өрісіне жол қалдыру;
– Тұрақтылық.
Әзірше негізділері осы. Тіл маман­да­ры мұны басқа да қағидаттармен, өл­шемдермен толықтыра түсер деп ойлаймын.
Әдетте, батысшылдар ноқаттардан бас тарту үшін роман-герман әліп­би­ле­рінің үлгісімен бір дыбысты қосар­ла­ма таңбалармен белгілеуді алға тар­тады. Бұл жерде мына мәселені ескеру керек. Роман-герман тілдерінің барлығы ноқатсыз деу шындыққа сай емес. Айталық, еуропалық тілдер: не­міс, испан, португал, итальян, швед, гол­ланд, фин, дат, поляк, чех, т.б. әліп­­билерінің барлығы да диакрити­ка­ны пайдаланады.
Екіншіден, қазақ тілі өзге де түрік тілдері секілді – жалғамалы тіл (агглю­тинвативті). Ал роман, герман, славян тілдері – флективті, яғни қопарылмалы тіл. Қопарылмалы тілдерде бір дыбыс­ты бірнеше таңбамен белгілеуге мүм­кін­дік бар әрі қолайлы да. Түбірі тұ­рақ­т­ы жалғамалы тілдер үшін бұл тәсіл ыңғайлы емес әрі тарихи, табиғи түрде бір дыбысқа бір таңба белгілеу үрдісі әбден қалыптасып, орныққан. Сон­дық­тан бізге осы қағидаттан ауыт­қы­мау барынша тиімді.
2. Түркі халықтарынан ірге ажы­ратпай, ортақ ғылыми-ақпараттық кеңістік құруға мүмкіндік тудыру.
Бүгінде әлемде 40-тан астам үл­кен­ді-кішілі түркі халқы бар, олардың ұзын-саны – 300 миллиондай болады деп жүрміз. Бұлар ортақ тарихқа, ортақ сенім мен туыстас тілге ие. Осы­нау тарихи даму сабақтастығы мен ортақ дәстүрдің Кеңес өкіметінің қасақана араласуының салдарынан үзілгеніне бір ғасырдай уақыт болды. Болашақ – ортақ ақыл-қайрат бі­ріктіру мен ынтымақтастықта. Сон­дықтан, түркі халықтарының тілдік, мәдени, ғылыми тұрғыда бір-бірімен етене араласуы, ортақ ғылыми-ақпа­раттық кеңістік қалыптастыруға ұм­тыл­уы – тарихи да, табиғи да, ма­те­риал­дық та қажеттілік. Осы қа­­­жет­­­­тілікті өтеуде жаңа әліпбидің де рөлі зор болмақ. Олай болса, жаңа әліпби жасақтауда бұл қағидат та бас­тылардың қатарынан табылуға тиіс.
Бұл қағидаттан туындайтын өл­шем­дерге мыналарды жатқызамыз:
– түркі халықтарына арнап бекі­тіл­ген ортақ түркі әліпбиіндегі таң­баларды ескеру;
– латын жазуына көшкен түркі халықтарының тәжірибесін зерделеу, қателіктерін қайталамау;
– ортақ ғылыми терминқор құруға алғышарт қалыптастыру.
Тілі білімі инстиуты тарапынан бұл талаптардың да бәрі түгелге жуық ескерілгендей.
3. Жаңа ақпараттық техноло­гия­лар­­дың мүмкіндіктерін ескеру және соған сай болу.
Тіл табиғи, жанды әрі басты құбы­лыс. Технология тілден туындайды. Яғни технология – туынды, жасанды жүйе. Демек, тілді, тілдің дыбыстарын бей­не­лей­тін таңбалар жүйесін тех­но­ло­­гияға емес, технологияны тілге, тіл­дің табиғи даму жүйесіне бейімдеген жөн. Десек те, жаңа ақпараттық тех­но­ло­гиялар, оның құралдары мен тетік­тері, ұғымдық аппараты төлтума өнім емес, өзге елдікі әрі халықаралық сипат алғандықтан, оның стандарт­тарын ескермеу, белгілі деңгейде оған икемделмеу мүмкін емес. Сондықтан жаңа әліпби жобасын жасақтауда бұл фактордың да маңызы бар. Мәселе, мұны қалай, қандай талаптармен ескеруде. Біздіңше, мұнда мынадай өлшемдерге сүйену керек:
– еуропа елдерінің латын жазулы әліпби жүйелерін салыстыра зерттеу;
– латын жазуын пайдаланбайтын іргелі елдердің – қытай, жапон, араб, үнді елдерінің әліпбилерін және оның ақпараттық технологияға иемделуін зерделеу;
– техникалық, экономикалық тұр­ғыдан барынша тиімділікті басшы­лық­қа алу;
– ықшамдылық, көрнекілік, ың­ғай­лылық, тиімділік қағидаттарын ұстану.
Осы айтылған талап-тілектер негізін түбегейлі ескерген А.Байтұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі институ­тының мамандары Тәуелсіз Қазақ­стан­­ның тәуелсіз жазу нұсқасын тұң­ғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев­тың үлгісі ретінде ұсынуды жөн көреді. Өйткені бұл үлгі Елба­сының нақты тапсырмалар не­гі­зін­де жасалып отыр.
Қысқасы…
Егемен ел болу үшін, оның егемен тілі болу керек, Егемен тілі болу үшін, оның егемен жазуы болуы керек. Еге­мен жазуы болу үшін, оның егемен әліп­биі болуы керек, егемен әліпбиі бол­уы үшін, ол Ұлттық болу керек дей­ді тілшілер. Еліміз егемен елдіктің бас­ты шарттарының бәрін орындады. Қазіргі жетпей тұрғаны – жазу (әліп­би) егемендігі. Қазақ жазуы (әліпбиі) саяси өктемдік салдарынан әлі шыға алмай отыр. Ал бүгінгі мүмкіндікті ұлттық мүддеге сай пайдалана алмасақ біздерді тарих кешірмейді.
Түйіндегенде арыда Ахаң (А.Бай­тұрсынұлы) негіздеген, беріде Әбдуәлі Қайдар түрлеген, бүгін Әлімхан Жү­ніс­бек түйіндеген әліпби нұсқасын ең тиімді үлгі деп есептеймін.

Зейнеп БАЗАРБАЕВА,
филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА
корреспондент-мүшесі:
– Қазақ тілін латын графикасына көшірудің ұтымды жақтары бәрімізге белгілі және біз латын графикасына жартылай өткен сияқтымыз. Кәзір бәрі ұялы телефонды, интернетті, неше түрлі гаджеттерді пайдаланады. Күнде-күнде латын графикасында бізге ақпарат келеді, біз оған жауап береміз. Қазіргі кезде латын графика­сына көшуге өте қолайлы уақыт келді. Қазақстан қоғамы латын графикасына көшуге дайын. Бұрын қарсы болғандар да өз пікірін өзгертті.
Латын графикасына көшу мәселе­сін бірінші болып бір ауыздан қолдаған ғалым-тілшілер, өздерінің маманды­ғы­на байланысты бұл идеяның қажет­тілігін жақсы түсінеді. Қазақ тілінің мем­лекеттік статусына лайық қол­дануы, жаһандану процесі мен өмірдің цифровизациясы және ақпараттық технологиялары – осының бәрі латын графикасына көшу мәселесінің маңыздылығын арттырады.
Ең жақсы әліпбиде бір әріпке бір фонема сәйкес келеді деген пікір та­рал­ған, дегенмен фонемаларды осы­лай таңбалаған үнемдеу принципіне қарсы шығады. Тілші-ғалымдар үнемді әліпби құрудың амалын іздеп, фонемалар мен графемаларды сәйкестеңдіру үшін математикалық формулаларды ұсынған болатын.
Қазақ тілінде үнемдеу жазуын алғаш рет ұсынған қазақ тіл білімінің қабырғасын қалаушы Ахмет Байтұр­сын­ұлы еді. Сингармонизм заңы бойын­ша, қазақ сөздері бірыңғай жуан я бірыңғай жіңішке айтылатыны белгілі. Сөздерді бірыңғай жіңішке айту үшін олардың алдында ғалым дәйекше деген таңбаны (белгіні) қолданған. Қазақ әліпбиін үнемдеу жайында Құдайберген Жұбанов та айтқан болатын.
Әр тілдің әліпбиі дыбыстарды шартты түрде таңбалайды. Оның жетіспеушіліктері мен кемшіліктері орфография қағидаларымен өтеледі. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасағанда фонологиялық және орфографиялық заңдылықтарды ескеру керек.
Тіл білімі институты екі жоба
ұс­ы­н­­­ған болатын. Бірінші дәстүрлі лин­гвистикалық жобада өзіміздің ұлттық дыбыстарымыз диакритикалық таң­ба­лар арқылы көрсетіледі. Екінші ин­тер­нет жобада ұлттық дыбыста­ры­мыз диг­раф арқылы беріледі. Екеуінің де ар­тықшылықтары мен кемшіліктері бар.
Лингвистикалық жобаның артық­шы­лығы:
Бір дыбыс бір әріппен таңба­ла­нады. Оқуға, жазуға, ұғуға оңай.
Кемшілігі:
Диакритикалық таңбалар арқылы берілген әріптер компьютердің кла­-
в­иату­расын өзгертеді. Интернет жүйесі­не кіру үшін арнайы бағдарлама ке­рек.
Интернет жобаның артықшы­лығы:
Компьютердің клавиатурасы сол күйінде қалады (26 әріп). Ағылшын тілін үйренуге және халықаралық ком­муникацияға оңай кіруге мүмкін­дік туады.
Кемшілігі:
Бір дыбысқа бір әріп сай келеді де­ген принцип бұзылады. Диграфтар қазақ жазуын ұзартады. Оқуда, жазуда кейбір қиыншылықтар туады.
Тілшілер, қазақ тілінің мамандары, бірінші жобаны қолдайды.
Парламент тыңдауында екінші жоба ұсынылған. Ал талқылау енді бас­талды. Әліпбидегі диграфтарды қол­дамайтындар да бар. Себебі кирил әліпбиінде бір дыбыс бір әріппен таң­баланған. Көпшілік соған үйренген.
Біздің келесі міндетіміз халыққа ұсынылған жобаны түсіндіру. Жоба­ның орфографиялық және орфоэпия­лық қағидаларын жазу, әдістемелік жұмыстарды бастау және ұсынылған жобаны апро­бациядан өткізу.

Иранбек ОРАЗБАЕВ,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Жарайды. Қолдаймыз. Көшсек, бәріміз бірдей көшуіміз керек. Егер ла­тын графикасы негізіндегі ұлттық әліпбиімізді қабылдайтын болсақ, онда Қазақстанда тұратын орыстар, әзірбайжандар, түріктер де көшсін сол әліпбиге. Неге біз ғана көшеміз? Олар да өз тілінде жазсын, бірақ әліпбиін латын графикасына алып келсін.

Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы, Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Тіл икемді болуы керек. Осы рет­те Өмекең айтқан, Тіл білімі инс­ти­туты ұсынған жоба дәлелді. Ал, Пар­ламентте таныстырылған екінші нұсқасына күмәнім бар. Біз техникаға бағынамыз ба, әлде техника бізге бағына ма?

Эрнест ТӨРЕХАНОВ,
жазушы, М.Әуезов атындағы сыйлықтың иегері:
– Егер бізге біреуді үлгі ретінде ұс­тану керек болса, француз тілі бізге ең ыңғайлысы сияқты. Себебі, онда қа­­зақ­тың ә, ө, ғ секілді дыбыстарының бә­рі бар. Сондықтан, латын графика­сын­дағы ұлттық әліпбиді жасақтауда солардың да тәжірибесін бір қарас­тыр­сақ.
Ақыры латын графикасы негізін­дегі ұлттық әліпбиімізді жасақтайды екенбіз, өзімізге бейім тілдерге кіш­кене сүйеніп, әр дыбысты тұтастандыра беріп отырсақ қайтеді?

Зейнеп БАЗАРБАЕВА:
– Француз тілі өте күрделі. Онда 26 әріп бар, ал дыбыстардың саны – отыз бес. Олар қосынды әріптерді, но­қат, нүктелерді пайдаланады. Сон­дықтан жазуы өте күрделі. Қайта бізге неміс тілінің фонетикасы жақындау.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Латын гарфикасы негізіндегі ұлт­тық әліпбиге көшкенде қазақ тілінің табиғи заңдылығын қамтамасыз етуді ойлауымыз қалды. Парламентте қарастырылған нұсқа түкке жарамай­ды. Заңға тілді бағындыруға болмайды. Кирилден қашып отырғанымыздың негізі сол. Тілдің заңы тілдің табиға­ты­нан шығуы керек.
Үндестік заңы деген тілдің қаны мен жаны. Жалғамалы тілде екі ды­бысты бір әріппен беруге болмай­ды.
Тіл білімі ұсынған нұсқаны қарап шықтым. Я, ю, щ, й-дан бас тарттық. Ц мен ч-дан неге бас тартпағанбыз? Цирк демей, сирк десек, Чапай демей, Шапай десек ештеңе де өзгермейді ғой. Ақыры қысқарттық екен, осы әріптерді де алып тастайық.
Бір дыбыс – бір әріп жетістік, бір дыбыс – екі әріп кемістік дер едім.

Марал ЫСҚАҚБАЕВ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Латын негізіндегі ұлттық әліпби жасасақ, ең біріншіден, қазаққа бөтен дыбыстан құтылу керек. Екінші, син­гармонизм деген заңға бағыну қажет. Егер осы екеуін темірқазық қылмасақ, кирилмен, латынмен, араб графика­сы­мен жаз – ешқандай өзгеріс бол­май­ды. Шынымен өзгеріс жасағың келсе, қазақтың тіл заңына сүйен.
Мәдениет министрлігі латын графикасы негізіндегі әліпбимен кітап шығаруға кірісіп кетіпті деген сөзді естідім. Олардың қай нұсқамен шығарып жатқанын білген жоқпын. Бірақ, егер ол сөз рас болса, нағыз бас­сыздық дер едім. Әңгіме әліпби жа­сақ­таумен біте ме? Емлені жасап алмай кітап шығаруға болмайды. Ал, емлені жасаған кезде сингармонизм заңын пайдалануымыз керек. Кейінді ықпал, ілгерінді ықпалдардың бәрін ескеру қажет.
Менің ұсынысым – бір дыбысты бір әріп қана беретін болсын. Екі әріп де­геннің қажеті жоқ. Ал, сингар­мо­низмді сақтамайтын болсақ, онда тіптен латынға көшудің керегі болмай қалады.

Мыңбай РӘШ, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері:
– Қалай болған күннің өзінде ла­тын әліпбиіне көшкен дұрыс деп есептеймін. Оның заңдылықтарын тілші ғалымдар жасай жатар. Төртінші класқа дейін латынша оқығам. Ол әліпби соншалықты қиын да емес.
Енді мендегі сұрақ мынау: кезінде түсіндірме сөздік он том боп, кейінгі жылдары одан да көп томмен толық­ты­рылып шықты. Бұл сөздіктердің жағдайы не болады, оларды латын әліпбиімен қайта басып шыққанда олар­дағы тіл заңдылықтары қалай ескеріледі?

Өмірзақ АЙТБАЕВ:
– Оның бәрі қазақ тілінің заң­дылы­ғына сәйкес реттеледі.

Әшірбек КӨПІШЕВ, баспагер-жазушы:
– Жазушылар одағына рахмет. Тіл институтымен бірігіп қазақ болаша­ғына тікелей қатысы бар мәселені талқылауды ұйымдастырып отырсыз­дар. Қазақ тілінің заңдылықтарына орай жасалған толыққанды әліпби жасалуы керек. Біздің жазуымыз көп тарихты бастан өткерді. Араб графика­сымен, кирилмен, латынмен жаздық. Арғыдағы руна жазуын айтпаған күн­нің өзінде. Сол әліпби негіздерінде тасқа басылған дүниелеріміз мың-сан. Ол дүниелердің бәрінде қазақтың жаны, қаны, намысы, арманы, мақсат-мұраты бар. Араб жазуындағы мұрала­ры­мыздан айырылып қалмағанымыз секілді, кирилдегі кітаптар да ұмытыл­майды. Оның барлығы латын әліп­биіне өткен кезде сол әліпби негізінде елге қайтады. Болашақ керегіне жараған мұраның ешқайсысынан да мақрұм қалмайды.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
– Күні кеше Парламентте тал­қыланған жобамен келіспейтін тұстар көп. Ае деген әріп біріккен кезде ә әрпін береді дейді. Оны «ә» деп оқиды екенбіз. Екі қазақтың біреуінің фамилиясы пәленбаев. Мәселен, Айт­баев, Базарбаева, Оразбаев. Сонда ае біріккен кезде, ә деп оқысақ, Жабаевті Жабәв деп оқимыз ба? Екін­ші, қазақ­тың і деген әдемі әрпі бар. Сол і әрпі бірігіп кеткен. Бұл да ертең сол әріпті жойып жібермей ме?

Өмірзақ АЙТБАЕВ:
– Тіл білімі институтының маман­дарын шақырып, ақылдасқан­да­рың­ыз­ға рахмет. Екіншіден, орыстардың өзі де түптің түбінде латынға көшеді деген сөздің шындығы бар. Олардың ғалым­дары әзірден мәселе көтеріп, мақала жазып жатыр. Үшіншіден, ұлттық әліпбиімізде сингармонизм заңдылық­тары сақталуы керегін айтпадыңыздар дейсіздер. Маман ретінде айтайын, тілдің барлық заңдылықтарын бере алмасақ, ең қауіптісі – сол. Ахаң қа­зақ­та қанша дыбыс бар, соның бәрін тап-тұйнақтай етіп, тәптіштеп жасап кеткен. Қазақта 9 дауысты, 19 дауы­с­сыз дыбыс бар. Тоғыз дауыстының төртеуі жуан үнді, бесеуі жіңішке үнді. Дауыссыз дыбыстар қазақы дыбыстар. Осының барлығынан айрылып қал­ма­уы­мыз керек. Біздің шырылдап жүргеніміз де осы. Егер Парламент мә­жілі­сінде талқыланған жоба мақұлданып кетсе, Ахмет Байтұрсынов тәптіштеп кеткен қазақтың жанын беріп тұрған дыбыстардан айрылып қалатын түріміз бар. Әбдуәлі Қай­дардың да шырылдап жүргені сол. Әлімхан­дардың, Зейнептердің де өзгелермен айтысып-тартысып жүр­гені де осы мәселе. Сіздер мен біздің ойымыз бір жерден шығады екен. Сіз­дер­дің ұлттық жазуға ерекше алаң­дай­тын­дарыңызды сезіп, біліп, әруақ­танып отырмыз.

Нұрлан ОРАЗАЛИН:
Сонымен…
Латын графикасына негізделген ұлттық әліпби туралы бүгінгі талқылау өз мәресіне жетті. Кеңейтілген сек­ре­тариат жиынына қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Пікір айту еркін жағдайда өтті ғой деп ойлаймыз. Негізгі тоқтам: латынға өту – тарихи қажеттілік. Бұл – даусыз әңгіме. Сөй­леу­шілердің дені Парламент Мәжілі­сін­де тыңдалған жобаға біраз сын-ті­лектерін айтты. Жиынымызға ар­найы келіп, күдік-күмәні мен тілегін ортаға салған есімдері елге белгілі академик-тілшілерімізге де, әріптес-қалам­дас­тарымызға да ризашылығымызды білдіруге рұхсат етіңіздер.
Дегенмен…
Жазушылар Одағы күні кешегі арыстарымыз бен алыптарымыздың құрған ұйымы ғой. Қалың жұрт­шылықтың Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер іргесін қалаған қарашаңырақтан тоқтамды сөз күтері анық… Сол ұйымның әрі басшысы, әрі қатардағы бір мүшесі ретінде ел аузында жүрген, Парламент­те тың­далған жоба туралы мен де өз ойымды білдіре отырып, жиынды қорытын­дылауды жөн көріп отырмын.
Біріншіден, дәл мынандай екі таңба бір дыбысқа негізделген әліп­бидің қазақ тілінің үндестік заңына үйлесе қоюы қиын. Екіншіден, мұндай екі таңба бір дыбыс жаңа әліпбидің игерілуін, халықтың сауат ашуын баяу­латуы мүмкін. Үшіншіден, бұл «үйле­сімсіздік» пен бұл «баяулық» қазақ тілінің онсыз да шабан дамып келе жатқан мемлекеттік мәртебесін мүлдем тоқырата ма деген күдік бар. Төр­тіншіден, Конституциялық нор­ма­ға сәйкес, ресми тілде іс қағазын жүр­гізу, ресми тілде жиындар өткізу бел алып, миллион санды алып ауди­то­рия қатар қолданылуда жүретін кири­лицаға ойысып кетпейді деп кім кепілдік бере алады? Бесіншіден, «екі таңба, бір дыбысқа» негізделген қазақ тілінің табиғатына жараса бермейтін жасанды әліпби өзгені қойғанда қазақ тілді аудиторияның өзінің ішкі нара­зылығын күшейтуі мүмкін. Алтын­шы­дан, диграфпен жазу ұлттық әліпбидің тағдырына кері әсер етіп, рухани кеңіс­тігіміздің өрістеуін тежеуі әбден мүмкін. Мұндай тежеу кімге керек? Не үшін керек? Жетіншіден, ұлттың ер­теңі – бүгінгі ұрпақ. Сөзі, ойлау қа­былеті жетік болғанда ғана ел ертеңі мығым болмақ. Мына жоба баланың қабылдауына қиын, ауыр… Сегізін­ші­ден, Елбасы ұсынып отырған Ұлттық Ко­дымызды замана талабына сай өріс­тетуді жүзеге асырар, жаңа тұр­пат­ты, рухани діңгегі берік, үш тілді кеңістікті еркін игерер ұрпаққа мы­нан­дай әліпби серік бола ала ма? Бұл да жауабы қиын, күрделі сұрақ.
Қорытындылай келе айтарымыз: Бізге отыз елдің қатарына өз тілінде еркін сөйлеп, Тәуелсіздік дәуірі тұ­са­уын кескен өз әліпбиімен енетін ұлт­тық кеңістік қалыптастыруымыз керек! Латын графикасын негізге ала отырып, Өзіміздің төл Әліпбиімізді өмірге әкелуіміз ауадай қажет. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев межелеген Мәңгілік Елдің бүгі­ніне, болашағына қатар қызмет етер бір тұтас ұлттың – Тәуелсіз Қазақ жұртының бір дыбыс бір таңбалы Әліпбиі болуы керек деген сөз!

P.S.: Үстіміздегі жылдың 21 қыркүйегінде өткен Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының кеңейтілген секретариатына қатысушылар талқылау барысында айтылған нақты ұсы­­ныс-тілектерді латын әліпбиіне көшу туралы жұмыс жүргізіп отырған Ұлттық Комис­сия жа­нындағы топ пен Ұлттық Комиссияға жол­дау туралы шешімге келді.

Әзірлеген Қарагөз СІМӘДІЛ.

Пікір қосу