Бір махаббат оты өртеген…
19.08.2015
943
0

Бостандық аңсаған француз жырлары

1Поэзияның Отан аспанына шарықтап шығар кезі болады. Ол Отан басына қауіп төнген шақта. Дәл сол тұста елдің түкпір-түкпірінен ақындар легі ағылады. Олардың қолдарында мылтық пен қалам. Жүректерінде Отанын қорғауға көтерілген жаужүрек жырлар.
1940 жылы неміс басқыншылары Парижге ентелей еніп, 1944 жылға дейін Свастикалы жалау француз астанасында желбіреп тұрды.
Бірақ гитлер әскері француздарды тізерлете алмады. Бас имеген француздар қолдарына қару алды. Сол қаруды немістерді Франциядан қуып шыққанша қолдарынан түсірмеді. Француз ақындарының өлеңдері мен поэмалары жасырын баспаларда басылып шығысымен үйлердің қабырғаларына жапсырылды, әуеден самолетпен тасталды. Мерт болған ақындардың аттары, партизан отрядтарының командирлерінің есімімен тас тақтада бірге жазылды.
Ақындардың өлең жолдары оқ болып атылды. Сол үшін неміс агрессорлары француз ақындарын да аяусыз атып өлтіріп жатты.
Халықаралық Абай клубы мен Роллан Сейсенбаев баспасы француз ақындарының отты жылдарға арналған антологиясын шығарды. Бұл Екінші Дүниежүзілік соғыстың жетпіс жылдығына арналған болатын.
Ең бір қанқұйлы кездерде де халықтарының ар-ұжданы бола білген ақын-жазушылар адамгершілік қасиеттерін бәрінен де жоғары қоя білді. Француз ақындары Францияның қолын сүйіп тұрып, жүректерінің терең түкпірінен терең сөздер тауып Отанға деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілікті жырлады. Бұл – нағыз таза, әділ сөздер еді. Сол сөздер шындықты қорғап қалды. Сол француз ақындарының арманға, ерлікке, Бостандыққа толы жырларын қазақ ақыны Әбубәкір Қайран қазақша сөйлетіп берді.
Бостандық үшін жан берген халық бақытты!
Бостандық үшін жыр тербеткен Ақын да бақытты!

Сол сөзге бас тіккен – Роллан Сейсенбаев.

Арагон 

ПАНОПТИКУМ*

Жазудамын дертті өлкеде – Гоия офорттарында.**
Сондай жер бар. Бәрі өзгеше мұндағы.
Бұршақ өскен өлік саусақтарына,
Қақпа алдында біреулердің нұр күтіммен тұрғаны.

Арсатарлар туған жерін мың тіліп,
Сабалаған малсатардың бишігі,
Тырнақпенен, тістеуікпен жыртылып,
Қарап тұрған аспан мұнда күрсініп.

Топырағын топалаң ғып зеңбірек,
Сансыз қазық жүрегіне қағылды.
Сайқымазақ король мұнда елді жеп,
Үрей оған мерей болып табылды.

Жазудамын – миллиондарға ор қазылған бұл елде.
Мұнда шөл бар, мылқаулық бар, аштық, қайғы тағы да.
Онда сұмдық гекатомб, Ирод патша, үрей де,
Лаваль келіп отырғанша тағына.

Жазудамын дертті өлкеде, мұнда мұңды бейіттер,
Қан мен тыртық түнеріңкі, қып-қызыл.
Ажал мұнда ойын ойнар сүйекпен,
Күйген алаң, жел өтінде күшті бір.

Жазудамын. Ал айдауыл ұмытқандай тұр атын,
Дайын боп тұр әкетуге не өзімді, не сені.
Жерге апарар жендет тырнақ жұлатын,
Оның мәлім тым сақсынып, кекері.

Сіздерге бұл жарасы көп жерден менің жазуым,
Жұлмаланған жолдары көп бұл жердің.
Тазы тісін, жазам, төбет азуын,
Ащы даусын естігенше кернейдің.

Сіздерге мен елден жазам сыпырылған терісі,
Бұлшық етін көріп тұрмын сау-тамтығы қалмаған.
Ормандарын өртеп оттың перісі,
Құсын қуып, егінін де жалмаған.

Сезіп тұрмын – мундир киген бөтендер тұр, өңі ызғар,
Аласатқан бір түнектен жетер менің хабарым.
Естіп тұрмын – үңгір жолға түсіп кетті пойыздар,
Шығар ма екен, құдай білер амалын!

Тағы, міне, бір жекпе-жек. Жауда – қылыш, семсері,
Дулығасы – бітеу болат бүтіні.
Ал, қарусыз дос қылышы – өр сенім,
Жасағы оның – нағыз заңды құқығы!

*Паноптикум – әшекейлі, өрнекті алуан
түрлі заттар сақталатын мұражай.
**Офорт – оймыш гравюраның бір түрі.

Шарль Вильдрак

ПАРИЖ. 1943

Жалғызбасты, жабығыңқы, о, Париж,
Өздігіңнен өз-өзіңнен айрылдың.
Байқалғаны осы мамыр кешінде
Тұралатқан дерті сенің қайғыңның.
Құжынаған көлеңкесі үйлердің,
Солар ғана көшелерді көлбейді.
Бәрінің де кеудесінен жан кетіп,
Қаны кепкен тамырлары шөлдейді.

Жүрсе дағы қуғын көріп, қиырда,
Тұрса дағы дәл осында, қиында,
Аңсап, шаршар бір сен үшін ұлдарың.
Тұтқын да өзің, қашқын да сен өзіңсің,
Тым белгісіз қай жерде де тұрғаның.

Тас қамауда, терезесіз қапаста
Жылтыраған шамның сараң сәулесі.
Тұтқындалған сенің жаның секілді.
Жүзіңді еске ап, темір торлы бетқапты
Жұлып алып, ашқым келер бетіңді.
Кейде маған елестейсің алау боп,
Бір лас қоқыс бетін бүркеп тастаған.
Қалтырады, дірілдеді жалаулы от
Үйнділер үстінен кеп таптаған.

Өшті, міне, соңғы шоғы алаудың,
Жермен-жексен болып қалды шырқырап.
Жарқыраған жалын жалау орнына
Қара түтін көкке атылды бұрқырап.

Сенің отты жүрегіңе, алайда,
Азаттықты қайтарады жел келіп.
Қан мен жыны араласқан шірінді,
Бір лап етіп, жоқ болады сенделіп.
Құйын көкке тік көтеріп жалынды,
Түн қағады сол бір кезде дабылды.

Робер Гаизо

ЗҰЛЫМДЫҚҚА ЖАУАП

Зұлымдыққа жауап үшін
жылау, жасудың берері жоқ,
құр сөз де құрысын,
керегі – оқ!

Бұл оқта – ажал,
сонан соң – құтқару.
Таңдап көр,
бұл – амал,
бөл көңіл –
не өмір – не өлім!

ЖОЛДАРДЫҢ ШЕГІ ЖОҚ

Жолдардың шегі жоқ, жолдас,
Өлгенде балаң бір жап-жас…
Жасауға табыт тақтай жоқ,
Батады қайғы тастай боп.

Жолдардың шегі жоқ, тіпті,
Бір күні сені жау тұтты.
Түбіне түрме түсесің,
Қандай сен ант-су ішесің?

Жолдардың шегі жоқ, жолдас,
Шындықтың түбі тек болмас.
Ауызыңды жиып алғанша,
Талқандар бәрін ол қанша.

Қырылған құрбан жандардан,
Жол таппай біз ғой сандалған.
Кетейік Ертең қарыштап,
Желпінген туды тік ұстап!

Гильвик

ӨГІЗ ӨЛІМІ

Қаны ағуда етінен, қаны,
Бойында бір діріл бар,
Әлі жылы тәні.

Бойында жан бар,
От ұшқындайды көзінің тереңінен,
Бүйірін сипап көремін мен.

Жаныңның қуып үрей наласын,
Әлі де оған маңдай сүйей аласың.

***

Бұл алмаға тиіспе енді,
Тұрсын өстіп үстелде.

Қорықпа, жүр! Өліктерге ол қажетсіз.
Олар нан жемейді,
Сүт бер демейді.

КАРНАК

Қазыналы теңіз астынан,
Құбыжықтардың қасынан
Қара дию көтерілді де, қарады.

Аспаннан төнген жұлдыздар жаурап, бүрісті,
Жылыну үшін бір-біріне тығылысты.

Мыңдаған өлгендер жанары,
Теңізге құлап,
Жүзіп барады.

Иван Голь

ФРАНЦИЯ ЖЕРІ

О, Франция, қызыл шілікті,
Көк майса басқан үстіңді,
Жамылып жатыр сарбаздар
Топырағыңды үш түрлі.

Басқандай ұнның тозаңы
Орманның жасыл жапырағын,
Зауыттың қызыл топырағын,
Алқаптың көкшіл топырағын.

Жері бұл қара соқаның,
Жылауық талдың көгілдір.
Шіркеулі және шәркейлі,
Тоғайлы, баулы өңір бұл.

Шытырман сенің жолдарың,
Қасіретті жерсің қазалы.
Құдықтарың да тартылған,
Бұлақтарың да азалы.

Жусаның ащы ұятты
Мазаққа мұздай малынған.
Қасапшы қанқор тұр ажал
Қасірет, үрей жамылған.

Бретан, Шампань жерлері
Балтамен болат бөлінген.
Ұрықпен арам ойраңдап,
Ойнасың ойнар өзіңмен.

Жапырағын сырып лаврдың
Таң тұрды бір сәт сығалап.
Минотаврлық дәуірдей
Туасың әбден тұралап.

Осындай сұмдық түс көріп,
Француз жері толғатты.
Бойында шетен қан қатып,
Үрейден жеміс солмақшы.

Ашиды алмұрт шарасыз,
Түнектен алма түсі өңсіз.
Ызадан олар өлтірді,
Құрт жеген дәнін еш емсіз.

Бидайдың дәні бүрісті
Сұлыны хлороз жайлады.
Өңез жеп қара бидайды,
Ірімшік іркітке айналды.

Әулие Франция, перизат,
Көрерсің үміт таңын да!
Көне оттар күңгірт тартады
Данагөй мұнараң жаныңда.

Сарай мен лашық бағында
Лала гүл және гүлді шөп.
Патша гүл де, жай гүл де,
Иіліп төмен тұр жүдеп.

Марена, парпур қанын да,
Меңдуананың уын да,
Дерт жойған, үйеңкі бальзамын,
Эбеннің қарамайын да.

Қаралы сәтің – азалы,
Тасқынды ғасыр саспайды.
Көлеңкең былғап мәрмәрді,
Құмды да таза ластайды…

Паналап қызыл шілікті
Көк майса басқан үстіңді.
Жамылып жатыр сарбаздар
Топырағыңды үш түрлі.

Пьер Жан Жув  

ҚАЙЫРШЫЛАР ОРМАНЫ

Ақындар: Луи Арагонға,
Пол Элюарға,
Пьер Эмманюельге,
Жюль Сбпьервьелге.

І

Құс алқынып, Ларшанды артқа тастады.
Қайыршылар орманына жетіп алып, тығылды.
Жер, әлемді кеудесіне қысып ала бастады,
Көк жиектің шымылдығы сырылды.

Көлеңкесі сиреп қалған ағаштың
Бүркеп алған быт-шыт соқпақ белгісіз.
Осы мекен табиғи да таза еді,
Әсем еді адам айтса сенгісіз.
Тозған кілем болған енді көргісіз.

Сол бір кезде тоғайы да сән еді,
Еменді орман әдібі еді қаланың.
Король тәжі, державалық тармақтай,
Мұнарадай ағаштары бар еді.

Иілу жоқ, асқақтау жоқ, ал енді.
Қайыршылар орманы тек құс көрген,
Адамдық кеп ағаштарды аяды,
Жылап тұрды қайыршы ұлт жан-ары.

Жолдар менен қала сырты, жылы үйді,
Есіме алып, мен ұлимын бөрідей.
Әр бұрыштан ажал күтер үрейлі,
Шерілер де кетті көзге көрінбей!

Ұрпақтары – түкке тұрмас сырбаздар,
Елтаңбалар арасында шашылған.
Оттардың да ұшқыны жоқ бір маздар,
Сондықтан да жалындары басылған.

Естен кетпес қасіретім, не шара!
Ұя салам дейді қарға кеудеме.
Мынау орман біздікі ғой, бейшара,
Өтті әкелер, батырлар да өр кеуде.
Құбыжықтар тудырғандар қырсығып,
Өле берсін өз қанына тұншығып.

ІІ

О, запыран Өшпенділік! Көрінді
Кепілі боп жасыл жаздың жайнаған.
Көз жасына суғарылып, жер тінін
Жарып шыққан көк өскіннен аумаған.

Тұншықтырды олар бәрін ұялмай,
Қарусыз да, қорғансыз да қалдырды.
Жалған діндар бір орнында тұра алмай,
Біздің жолмен азатшылдық сан жүрді.

Олар нағыз залым, зұлым сұм жаны,
Әйел арын қызыл қанмен былғады.

Үстемденіп үкімет пен шіркеуге,
Адамдарды атты және қамады.
Айдап малша, жаншып бәрін сұм кеуде,
Жазықсызды қинады да, қанады.

Өтірікпен көлегейлеп дінді де,
Өтірікпен жапты біздің үмітті.
Өп-өтірік сый көрсетіп, күлді де,
Құдай тұрған аспанды да ұмытты.

ІІІ

Алауыздық рухтанып, сайланды,
Жетіп барды сауық кешке, жиынға.
Бай ауданды жаулап, кедей ауданды,
Жалаңаш тау, тартпа батпақ миын да.

Сәбиді алды сұм рухы аштықтың,
Әке күйреп, жылады ана жүрек те.
Кемсітуші рух – жауы жастықтың,
Жауы қару іздеушілер түнекте.

Бірақ бәрін қайғы рухы қолдады –
Тұтастырды желді күнгі ормандай.
Үміт келіп, қайтып берді қолдарын,
Қолтықтасып біріксін деп, бор болмай.

– Жаңа алақан әлпештесін соғысты,
Еш сараңдық көрсетпесін ажалға.
Бәрі қайта тіріледі, жер үсті
Жүдеп-жадап, қайта түлер заманда.

IV

О, запыран, Өшпенділік! О, сен бе,
Жасыл бұта, Азаттықтың ағашы?
Жазғы таңды мейірленіп көтерген
Жайнайды әлі ерке орманның арасы.

Өшпенділік гүлде! Нұрлан сен де, орман!
Жылаулы жел, топырақты қопсытып,
Бар байлықты қайтарып бер шалғыннан!
Есті бізді, қатпар мұхит – қара жер,
Ынтымақтың үлесін бер зар қылған!
Жаратушы, бәрі сенің қолыңда,
Біз жүрейік Христостың жолында!

Рене Ги Каду  

ЕУРОПА

Түн әлемі.
Қараңғылық. Көлеңкелер жайлаған.
Баспалдақтар үстін қара қан басып,
Өлік иісі мүңкіп кеткен айналаң.

Зарлап жатыр әлдеқайда әйелдер,
Мүктеніпті дулығалар тот басқан.
Көк шөп аңқып,
Жауға қарай кезелген
Автомат та оқ атуын тоқтатқан.

Қарлы алқапта соғысуда біреулер,
Мектебінен кетті жастар теңізге.
Қанға батып, өліп жатыр бір ерлер,
Үзім нан жоқ,
Құдай қатты түнерген.

Уа, шіркін, ұйықтар ма еді жайланып,
Бірақ көктен қорғасын оқ тұр бұрқап.
Жол бойынан құстар кейде сарайды,
Жас баланың жүрегі тұр шырқырап.
Қазір ойың жүгірсе де сан саққа,
Жүзіңдегі ізгілікті сен сақта!
Соңғы оқ сақтар сенің мынау жеріңді,
Қол алар дос, құтқарған соң өзіңді.

Габриель Одизио

«ШАТЫРДЫҢ ҮСТІНЕН» ЦИКЛЫНАН

***

«Менде бары тек өмір».
Шиллер.

Қыл үстінде тұр ғұмырым сұс атқан,
Аңның күні тулақтай жер үш аттам.
Ені менен көлденеңі – төрт-төрттен,
Жолбарыспын торда күні текке өткен.
О, долы ашу! Сен тасытып қанымды,
Жыртып, іреп, талаудасың жанымды.

***

«Толқындардың бәрі биік қарғиды».
Бюгер.

Ашу-ыза толқыны – бірі биік бірінен –
Биіктейік біз-дағы сұм өмірдің жүзінен.
Қорғасынды балқыған төгіп тұр ғой мына кеш,
Үйімізді үйтуде, онда қалар біз емес.
Періштеге мың рет шыңдап тәуап етейік,
Аққан оттың бойымен, хабарланып жазадан,
Күйдірместен табанды, жетер жерге жетейік.

***

«Азапты кергіге тірідей
керілсең, күнәңді өтейсің».
Шиллер.

Кергіге керілу азабы Голгоитардан артықтау,
Солар үшін құн керек, беріңдер, айтпай артық дау,
Францияның кегі үшін! Мен бірінші дайынмын –
Алақандарыңа шеге қағуға,
Еріндеріңе у-зәр жағуға!

***

«О, тәкаппар сайтандар,
Қарғыс атсын сендерді!».
Уланд.

Үйлеріңе қарғыс – онда бәріңді өлім күткен,
Күндеріңе қарғыс – таусылып біткен,
Түрмелеріңе қарғыс бізді бұғаулаған,
Қарғыс атқандарға қарғыс, жан улаған.

***

«Қуанамын мен болғанның бәріне».
Гете.

Қуанам кейде мен рухымның өлмегеніне,
Түрме түбінен қос шырақ көргеніме де.
Қос шырақ: ерлік, бауырластық. Біл, жендет,
Бірін өлтірсең, адамдық рухы келмек.

Пьер Эманюэль

КЕПІЛ ТҰТҚЫНДАР

Кеппедің, қан, туған жердің бетінен,
Көмілместен ашық жатыр өліктер.
Тіс қайраймыз мылқаулықтың нәтімен,
Көзде жас жоқ, құласа да крестер.

Ұмытпаймыз шығарса да елестен,
Атқандардан құнын даулап алмақпыз.
Нас істердің салмағы ауыр, о, неткен,
Бірақ болмас енді олардың салмағы.

Кешірім жоқ кек ала алмас жандарға,
Кешірім жоқ жүргендерге үндемей.
Бүгін, тіпті, Құдайдан тыс қалғандар
Зәрлі үкімге тартылуда бірегей.

Тек өлілер бірге болар және үнсіз,
Бейне мұра жерден бізге үлестен.
Жүзімдікті тазалаймыз дамылсыз,
Мүрделерді көтереміз біз еппен.

Қаны олардың махаббатқа ұлассын,
Тәні олардың жердей болсын жалаңаш.
Қан үстінде мұңды итмұрын гүл атсын,
Көктем үшін жабайылық аралас.

Көктем келсін балалар мен құстарға,
Біз тек қана тәтті әндерін тыңдайық.
Ұлы халқым шын тәу етіп аспанға,
Жалбарынсын, дұға оқысын қол жайып.

***

Біліп алған өзінше
Олар тумай жатып-ақ:
Өтірік айту – жақсырақ,
Арамдық жасау – жақсырақ,
Кісі өлтіру – жақсырақ.

Олар соқыр болса да,
Жақсы сезер иісті.
Ауыстырып бірақ қояды
Ауа иісі мен шірікті.

***

Иә! Бұл адамдар
Адам болып қалу үшін,
Өле білген.

Жендеттің алдында тұрып,
Алысқа қарап,
Өз үйлерін көре білген.

Жарын,
Жерін,
Орман-суын көре білген.

Шыңғырып дауыс шығармай,
Тырнақтарымен
Аспан көгін сөге білген.

***

Быт-шыт қылып бұзды өңіңді күресің,
Естелік боп қалды үмітің, зарпың да.
Франция, енді өмір сүресің,
Ес пен ойда сол бұрыңғы қалпыңда!

10 шілде, 2015 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!