Сақтансаңыз сақтайды

0
100 қаралды

«Қазақ әдебиеті» газеті тек қана мәдени, әдеби кеңістікті қамтып қана қоймай, қазақ қоғамын толғандырған түйткілді мәселелер мен үміт оятар соны жобаларды да назардан тыс қалдырып көрген емес. Ел аумағында ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап іске қосыла бастаған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жай-жапсары турасында оқырман қауымға жан-жақты ақпарат беруді көздегеніміз де сондықтан. Аталмыш тақырыпты арқау еткен Шаруашылық жүргізу құқығындағы Іле аудандық орталық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қоянқұс дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Нәзира СӘТІБАЕВАМЕН арадағы әңгіме қажеттеріңізге жарар деген ойдамыз.


– Әлемде медицина саласын қаржылан­дыру­дың қандай түрлері бар. Міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесін енгізудің ел аза­­­маттарына тигізер пайдасы қандай?
– Елімізде міндетті әлеуметтік ме­дици­на­лық сақтандыру жүйесін енгізу ең алды­мен мемлекеттің, жұмыс берушілер мен же­ке азаматтардың денсаулық мәселесіне жауап­кершілікпен қарауын қамтамасыз ете­тін болады.Екіншіден, медицина ұйым­дары арасындағы бәсекелестікті арттырып, ме­дициналық қызмет сапасының артуына, әрі қолжетімді бола түсуіне септігін тигі­зе­ді.
Бүгінде әлемде денсаулық сақтау сала­сын қаржыландырудың үш түрлі жүйесі жұ­мыс істейді. Олар: бюджеттік, сақтандыру ар­қылы және аралас қаржыландыру. Қа­зақ­станда осының ең тиімді әдісі – аралас қар­жыландыру жүйесі іске асырылмақ. Ол үшін мемлекет бұл жүйеге бірден емес, бір­тіндеп ену жолын таңдап отыр. Яғни биыл­ғы жылдың бірінші шілдесінен бастап жұ­мыс берушілер қызметкерлері үшін міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру қо­ры­на 1 пайыздан жарна аударып тұрады. Ал қыз­меткерлердің өзі тек 2019 жылдан бас­тап қана бұл қорға 1 пайыздан қаржы ауда­ра­тын болмақ. Осылайша біртіндеп жарна мөл­шері өсіп, жұмыс берушілер мен қыз­мет­керлер бірігіп сақтандыруға 5 пайыздан ау­дарып отыратын деңгейге жетеді деп кү­тілуде.
– Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры осы­ның бәрін қаперге алып, жиналған қа­ра­жатты өзі реттеп отыратын бола ма?
– Иә, міндетті ай сайынға жарналарды шо­ғырландыру және медициналық қыз­мет­терді сатып алу үшін ҚР ДСӘДМ Меди­ци­налық қызмет төлемдері комитетінің база­сында коммерциялық емес акционерлік қо­ғамның ұйымдастыру-құқықтық форма­сын­дағы Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры құрылады. Қордың жалғыз ак­цио­нері және құрылтайшысы ҚР Үкіметі бо­лып табылады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры екі қаржыландыру ағындарын бас­қарады. Біріншісі – медициналық сақ­тан­дырудың кепілдік берілген көлемі. Ол сақтандыру сыйақыларының болуына қа­ра­мастан ұсынылады және Қазақстан Рес­публикасының әрбір азаматы үшін қолже­тімді болады.Оған: профилактикалық егу, жедел жәрдем, санитарлық жәрдем, шұ­ғыл медициналық көмек, әлеуметтік маңыз­ды ауруларға (онкология, психиатрия) ста­ционарлық және стационарлық меди­циналық көмек, сондай-ақ, басқаларға қауіп төндіретін аурулар (туберкулез), т.б. жата­ды.
Бұл жүйе бойынша мемлекет Медици­на­лық сақтандыру қорының негізгі төлеу­ші­сі болып қалады және халықтың әлеумет­тік қорғалмаған топтарына төлем жа­сай­ды.
– Сонда әлеуметтік қорғалмаған топқа кімдер жатады?
– Бұл топқа енетіндер:
• Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүге­дектер;
• жұмыс істемейтін кемтарлар;
• зейнеткерлер;
• «Алтын алқа», «Күміс алқамен» мара­пат­талған немесе бұрын «Ардақты ана» ата­ғын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
• жұмыс істемейтін жүкті әйел, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлға;
• баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін оны күтіп-бағу бойын­ша демалыста жүрген тұлға;
• бала;
• интернат ұйымдарында білім алатын және тәрбиеленетін адам;
• техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары білім, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу ныса­нын­да оқитын адам;
• жұмыссыз ретінде тіркелген адам;
• соттың үкімі бойынша жазасын сот-ат­қарушылық жүйе мекемелерінде (пе­нитенциарлық) өтеп жүрген адам (ең тө­мен­гі қауіпсіздік мекемелерін қоспағанда);
• уақытша ұстау изоляторында және тер­геу изоляторында ұсталатын адам.
• Әскери қызметкерлер, арнайы мемле­кет­тік органдардың және құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері жарналардан бо­сатылған, бірақ олар медициналық көмек алу­ға құқығы бар. Егер сіз жұмыссыз бол­саңыз: онда Сізге жергілікті жұмыспен қам­ту орталығына өтініш білдіру қажет. Олар мүм­кіндігінше сізге жұмысқа орналасу жол­да­рын ұсынады. Егер сізге қолайлы жұмыс бол­маса, онда сізді жұмыссыз ретінде тір­кей­ді. Бұл жағдайда сіз үшін салымды мемлекет төлейді.
– Яғни құқық қорғау органдары қыз­мет­керлері үшін қаржы мемлекеттен бөліне ме?
– Құқық қорғау органдары қыз­мет­кер­лерінің отбасы мүшелері мен құқық қорғау органдарының зейнеткерлері медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Ал медици­налық қызметтер сақтандыру қоры мен ме­дициналық АТС ұйымдарымен өзара есеп айырысу арқылы қамтамасыз етіледі.
Құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің отбасы мүшелері сақтандыру жар­наларының оған қалай төленетіндігін анық­тау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйе­сінде (қызметкер, жеке кәсіпкер, студент, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, зейнеткер, жұмыссыз және т.б.) өз мәртебесін анықтауы тиіс. Сондай-ақ тұрғылықты жердегі ве­домстволық немесе азаматтық емханаға тір­келуі керек.
– Ал егер адам жұмыссыз болса, бірақ оны куәландыратын құжат алмаса, сақтандыру шарасы қалай жүзеге асырылады?
– Егер отбасы мүшелерінің бірі жұ­мыс­сыз болса, бірақ жұмыспен қамту орган­дары­на жүгініп, жұмыссыздардың ресми мәр­тебесін алуға ниет білдірмесе, онда ол бел­сенді емес немесе өз бетінше өнімсіз жұ­мыс істейтіндер санатына кіреді. Ондай жағ­дайда ең төменгі жалақы көрсеткішінің бес пайыздық мөлшеріне (айына 1414 тг.) тең жарнаны коммерциялық банктер не­месе «Қазпочта» АҚ филиалдары арқылы тө­леп отыруға болады. Өзін-өзі өнімсіз жұ­мыспен қамтамасыз ететін тұрғындар үшін 2020 жылға дейін республикалық бюджет есебінен амбулаториялық-дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып, амбулаториялық-емханалық көмек көрсету қарастырылған.
– Азаматтарға ұсынылатын медициналық пакет түрлеріне тоқталсаңыз.
– Заң жобасына сәйкес азаматтарға ме­дициналық қызмет пакеттерінің екі түрі ұсы­нылады. Біріншісі – базалық пакет, мұн­да республикалық бюджеттен қар­жы­лан­дырылатын медициналық көмектің ке­піл­дендірілген көлемі көрсетіледі. Бұл пакет Қа­зақстан азаматтарының барлығына қол­жетімді.
Екіншісі – бұл қайта құрылған Ме­ди­ци­на­лық сақтандыру қорынан көрсетілетін сақ­тандыру пакеті. Оған кіретін қызметтер: ам­булаториялық-емханалық көмек, ста­цио­нарлық көмек (әлеуметтік маңызы бар ауру­ларды қоспағанда), стационардың орнын ба­сатын көмек (әлеуметтік маңызы бар ау­руларды қоспағанда), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативті кө­мек және мейіргерлік күтім, жоғары тех­но­логиялық көмек.
Бұл қызмет түрлері жарна төлейтін ҚР ау­мағында тұрақты түрде тұра­тын азамат­тығы жоқ тұлғалар мен шет­елдік азаматтарға көрсетіледі.
Сонымен қатар, мемлекет экономикалық бел­сенділігі төмен халық үшін, ал жұмыс беру­шілер – жалданған жұмысшылар үшін жар­на төлейтін болады. Жұмысшылар мен са­лық органдарында тіркелген әрі өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар – өздері үшін жарна төлейді.
Осы пакеттерге қосымша, ерікті сақтан­дыру­ға қатысқан азаматтар медициналық қыз­метті шарт негізінде ала алады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен А.АШАН.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.