КІСІҚЫРЫЛҒАН
29.09.2017
2814
0

Жетісудың құпиясы мол, зерттелмеген пұшпағының бірі – Кісіқырылған. Алматы облысының, Кербұлақ ауданында. Алтынемелдің бір тармағы Түлкілі тауының күнгейіндегі албан, суан, теріскейіндегі жалайыр қарттары аңыз етіп айтып жүрген Кісіқырылғанды көзбен көргендер аз, тарихын жазған адам, тіпті жоқ…

Бұл жер жайлы мәліметті іздеп, тас болып қатқан тарихын таспаға түсіруге атақты «банды», 1916-32 жыл­дары меньшевикке де, больше­вик­ке де басын имей, азат басын ажал құрықтағанша тас жастанып, тау жамылып жүріп, бар ғұмыры күреспен Құндақбай мерген Төлен­діұлының өмірбаянын зерттеуім себепкер болды. Кеңестік чекистер жазған «Ответный удар» атты де­ректі очерктер жинағында Түлкілі тауының басындағы бес күндік операция жайлы баяндалады:
«Комотряд отряд, снабженный подробными сведениями о растор­же­нии главных сил бандитов, вс­коре провел успешную операцию. Многие бандиты сдались. Кундак­бай с наиболее верными своими приспе­ш­никами ушел к границе, но там, в районе Дубуна, был окру­жен заранеё предупреж­ден­ными пограничниками и разгром­лен. Только нескольким бандитам удалось вырваться из окружения. Сам Кундакбай был убит».
Мұндағы ең бірінші жалған мәлімет «Құндақбай өлді» деген дерек. Анығында, Құндақбай мерген аз жігітпен құтылып кетіп, көп жылдан кейін Қытайда көз жұмған. Түлкілідегі қырғында қаза тапқандардың бәрі «бандит» дегені – ата-бабаларымызды қос өкіметтің ортасына қарауыл етіп қойып, қойдай қырған кеңес тарихының екінші өтірігі.
Бұл туралы Кербұлақ ауданы, Бас­ши ауылының тұрғыны Жанқы­дыр Қыдырбайұлы былай дейді:
«Әкем Жиенқұлтегі Қыдыр­байдан естідім, 1931-32 жылдың шамасы болса керек. Құндақбайдың жігіттеріне аштықтан ыңыр­шағы шыққан ауылдар қосылып, Түлкіліге көп халық жинала бас­тайды. Барып көрген адам ол сай біраз жүрген соң үшке бөлінетінін, олар Түлкілі, Теректі, Қыздың сайы деп ата­ла­тынын біледі. Түлкілі – тұйық сай, текше жартастарға тіреледі. Ал қалған екеуімен тау арасын жарып өтіп, Қытайға қарай шығуға болады. Құндақбай елді Қыздың сайының басына, қатар жатқан Түлкілі бітер тұсқа топтас­тырса керек. Осы жерден қол жи­найды, арып-ашып көмек сұрай келген ауылдарды топтастырып, Сатылы асуы арқылы арғы бетке өткізумен айналысады. Құндақбай­дан көмек сұрағандар көп болған екен. Қашып-пысқан қазақтардың және Құндақ­бай жігіттерінің Түл­кілі­нің түбіне жасырынғанын сат­қындар мили­цияға жеткізеді. «Тау ішіне жау қайдан келсін», – деген қамсыз жұрт аз күзет қойып, ұйқыға кеткен бір түнде қызылдар опе­ра­ция­сын бас­тайды. Бейқам күзетші де мызғып кетсе керек, жақын маңда қараңдап жүргендерді бай­қамайды. Отряд командирінің бұйрығымен солдаттар бұқпан­тай­лап келіп жақын маңдағы жартас­тардың басына екі пулемет орна­тады. Таң ата ел үдере тұрып, қоз­­­ғала бастағанда, аузынан от ­ша­шқан қос пулемет сақылдап сала береді. Қалтарысқа тығылып үлгер­меген қарт, бала-шаға, қыз-келін­шектерді, жылқыларды қарша бораған оқ баудай түсіріп, көп адам өледі. Тастарды паналап үлгерген аз жігіт атыса бастайды. Пулеметтің оғы Құндақбайға да тиіп, жеңіл жаралайды. Құндақбай атысып отырып 10-15 жігітпен сытылып шығады. «Жау қаштылаған» отряд бірен-саран тарс еткен мылтықтың үнін өшірем деп екілене түскенде тауда ортекеше орғып жүретін Құн­дақбай айналып, ту сыртта­рынан шығыпты. Мерген алыстан көздеп, екі пулеметшіні бір-бір оқпен жер жастандырады. Мылтық қай­дан атыл­ғанын түсінбей орнынан кө­теріл­ген комотряд та мұрттай ұша­ды. Осыдан кейін мерген пуле­мет­ке ұмтылған солдаттарды жал­ғыз оққа жалындырып, маңына жолатпайды. Оқбүркер қарудан бір, командирден екі айырылып есі шыққан ротаны Құндақбайдың жігіттері қырып са­лып, қызыл­дардың азы ғана қашып құтылады. Ал Құндақбайлар Құдай сақтап тірі қалған, жаралан­ған адамдарын тездетіп жинап, Қытайға қарай жүреді. Өлген адам­дарды көмуге де мұрсаттары болмайды.
Түлкілі басындағы қырғынды қоғалылық қазақтар естіп, үш-төрт күннен кейін өліп жатқан марқұм­дарды сол маңға таспен бастырып, жерлейді. Ал сол қанды оқиғадан кейін бұл жер «Кісі­қырыл­ған» аталып кетіпті».
Қыдырбай ақсақал марқұмдар­ды жерлеуге қатысқан болуы керек, тек кеңес заманындағы заһарлы саясат пен ұлтты бунаған үрейдің ыр­қынан шыға алмай, баласына оқи­ғаның қысқа-нұсқасын ғана айтып берген. Ел аузындағы мәлі­меттер бойынша 1932 жылы комо­тряд Беляев сайдың аузына екі пулемет қойып, 300-400 қаралы адамды қырып салған. Оқбүркерден бұрқыраған оқтың өтінде қалған жалайырдың андас руы адамдары мен албан ауылдары екен. Боль­ше­виктер өлген қазақты жерлеуге тыйым салып, тау баурайындағы ауыл­дардың қарттары екі-үштен жасырынып барып, шамалары жеткенше біраз мәйітті таспен бастырыпты. Қыздың сайында адам сүйегі 1980 жылдарға дейін шашылып жатқанын ел айтады…
«Жетісу жұмбақтары» экс­пе­ди­ция­­лық тобы жергілікті азамат­тар­мен ақылдаса отырып Кісіқырыл­ғанға теріскейден, Қоғалы жақтан шыққанды жөн көрдік, Түлкілі сайы­ның күнгей жағы тастақ, тіктеу екен. 22 тамыздың таңында Үшбұлақ тауында отырған Ардақ Күлгінбаевтың қонысына жетіп, Бақытжан деген азаматты жолбас­шылыққа алып, атқа қондық. Үш­бұлақ – Түлкілі тауының бір сілемі, үш шатқалында сарқырап үш өзен ағып жатқандықтан солай аталған. Ортабұлақпен жүріп отырып, Шо­рыл­дақ сарқырамасынан асып, екі сағат дегенде Үшбұлақ тауының басына шықтық. Үшбұлақтың Түлкілі тауына жапсарласар тұсы Түлкілі асуы деп аталады екен, Басшиден бері созылып жатқан аттас сайдың тұйықталар тұсы. Асуда аздап ат тынықтырып, төбемізден төніп тұрған тауға өрлемекке ниеттендік.
– Мына биіктің басы Кісіқы­рылған, – деді Бақытжан. – Сәл шыдаңыздар, аз қалды…
Жергілікті жігіттер талайдан бері атқа мінбеген бізден күй кете бастағанын байқаса керек.
– Шыдаймыз, – дедік таспаге­рім Айдос екеуміз еріксіз күліп. Тағалы аттың өзін шатқаяқтатып, зәреңді ұшыратын тағы бір тауға қия­лай шығуға жүрек дауаламай тұрғаны рас еді. Тек қол созымда тұрған Кісіқырылғанды көрмей, марқұмдарға құран оқып, бет сипамай кетуге дәтіміз бармады. Аттардың айыл-тартпасын тартып, «Тәуекел» – деп, тағы жолға шы­ғып, бір сағаттан аса өрледік. Тау басына шыққанда аттан ауып түсіп, жата кетпек едім көз ал­дым­дағы ғажап сурет арбап, ұстап қалды. Тау басы жазық екен, Қоғалы, Басши, Ынталы секілді үш тараптағы ауылдар алақандағыдай көрініп тұр. Таутеке ойнақ салатын құзар жартастар, қарсыдағы қарағайлы, аршалы сілем, жыңғыл­ды шатқал…
– Сіз іздеген Қыздың сайы осы, – деді Бақытжан сол шатты меңзеп.
Тау жаңағы сұлулығынан жұр­дай болып, түнеріп сала бергендей… Сайдың бергі аузы жайдақтанып, аттыға да, жаяуға да жүріске қолайлы екен. Қыздың сайын бойлай жүрген қазақ ауылдары осы тұстан тау ба­сына шығып, түн қата жүріп, Сатылы асуы арқылы Қытай асып отырған.
– Кісіқырылған?
– Біз Кісіқырылғанда тұр­мыз…
Түсіне қойдым, шамасы Беляев әскері Құндақбай бастаған босқан қазақты дәл осы жерден тосып, басып қалған. Пулемет орнатқанға да, сарыауыз мылтықпен жусатып салғанға да өте қолайлы жер. Құн­дақбай мерген мен ГПУ арасында болған Шайтансай, Қараңғысай, Қотырсай деген жерлердегі қақты­ғыстар туралы ел аузында біраз әң­гіме бар, ал Кісіқырылған оқи­ғасы турасында тарих тоңы әлі жібімей тұр…
«На стороне бандитов большие преимущества. Их главарь Кундак­бай, в прошлом участвовавший в чекистских операциях, хитер и осторожен: на сопках Алтын-Эме­льс­ких предгорий выставляет пос­ты и, как только замечает при­бли­жение отряда, не принимая боя, уходит в глубь гор», – деп чекистер жазған әккі Құндақбайдың қалай­ша арандап қалғаны түсініксіз. Опа­сыз өз ортасынан шыққаны рас болды-ау, – деді ішкі ойым. Сол жол көрсеткен сатқынның кесі­рі­нен қызыл қыспақ пен ашар­шы­лықтан қашқан екі-үш ауыл аңар ішінде қан-жоса болып шашылып қалған…
Бақытжанның айтуынша сай­дан бергі жайдақ беткей мен тау басындағы ат шаптырым жазықта адам сүйегінен аяқ алып жүру мүм­кін болмапты. Жолбасшымыз әрі­рек­те қарайып тұрған қорым тас­тарға қарай бастады. Жанына барғанда адам қолымен үйілгеніне көзіміз жетті. Бұл 1970-80 жылдары Тастыөзек пен Қоғалының оқу­шыла­ры көмген марқұмдардың қорымы екен. Ақсөңкеленген сүйек­терді үйіп, таспен бастыра берген. Құндақбай жігіттерінің оғына ұшқан милиция жасағының сарбаздарын да ешкім іздеп келіп, арулап көмбепті. Олардың да сүйегі құрбан болған қазақтың арасында жатса керек. Большевиксің бе, «бандымысың» ажал алдында бәрі тең, мола да ортақ…
– Сүйек теруге көмектескен бір ағамыз осы күні Тастыөзекте тұрады.
Осы бетпен жүре берсек осындай тағы төрт-бес мола бар, – деді Бақытжан.
Осы кезде сұлбасы әзер көрініп жатқан шағын төмпешікті байқа­дым. Тасы дөп-дөңгелек етіп қала­ныпты. Әріректе тағы бірі жатыр.
– Бұл баяғы ақсақалдардың көмгендері ғой…
1930-40 жылдары ауыл қарт­тары шағындап үйген қорымдар көмескіленіп барады екен. Кісіқы­рыл­ғанның азынаған желі тастарды топырақпен бастырып, көзден тасалапты. Құдды бір адам айуан­ды­ғының іздерін тезірек жойып жібергісі келгендей…
Тасмолалар арасына тізе бүгіп, бет сипадық. Көкейде мың сауал: қанша адам өлді, есім-сой кімдер?.. Кісіқырылғанның сұп-сұр сұсты тас­тарындай мелшиген бұл сұрақ­тарға әлі күнге жауап жоқ. Жалпы, большевиктер дәуіріндегі қазақ қасіретінің біз білмейтін, зерттеуі кемшін тұстары көп.
Ұлтты жою үшін Сталиннен лимит сұраған Мирзоян, Қоқан автономиясының құлауына ықпал еткен қаншеңгел Фурмановтардың әлі күнге дәріптеліп жатқанына қарап сол қызыл саясаттың қарғы­бауынан толық құтылмағаныңды сезесің. Әйтпесе мына беті Малай­сары шоқысынан бастап, оңтүстік-шығыстағы, аспанмен таласқан Тәңіртауға дейінгі аралықтағы әр тастың қынасы бекерге қызыл түске боялмаған. Жетісудың аш­тық­тан бұралған қазағын құтқаруға көп күш жұмсаған Құндақбай Төлендіұлы, Омар төре Мұртазин, Омарбек Еркінбекұлы секілді «бандылардың» есімін естігенде жиырыла қалатын қарттардың бары да қоғам санасының сауық­па­ғанын байқатады. Өлкетанумен шұғылданып жүрген аз жетісулық­тардың бірі Азамат Ақылбеков ағамыз 80 жылдары сол азаматтарға сарбаз болған Бектас Қарабеков (1910-1989) деген қариямен кез­десіп, біраз әңгімесін жазып алған екен. Соның бірінде Омар төренің қызылдардың атқорасына шабуыл жасап, біраз жылқыны айдап әкет­кені баяндалады. Төре сарбаз­дары жаңағы жылқыларды ашық­қан қазаққа сойып бермек болады. Жолда телім-телімі шық­қан топқа жолығып, бір бестіні шалып жібергенде, аналар жерге аққан бауыздауқанды уыстап ұрттап… бірі қалмай аш өзегіне түсіп өледі. Міне, қазағы үшін осындай тәуе­келге барған Омар төренің де сүйегі Қоянкөз жақтағы бір шатқалда қалыпты. Құндақбай мергеннің де әзіз басы қай таудың, қай тастың түбінде қалғаны белгісіз. Бектас атадан «Құндақбайды бан­ды, ұры дейді ғой, рас па?», – деп сұрағанда: – Оттамасын! Бір адам­ның тышқақ лағын нақақ алған адам емес! – деп ашуланып­ты.
2013 жылы «Күреңбел қасіреті» деген кітап шығарып, мергенді Кіндікбай деген есіммен бас кейіп­керлердің бірі етіп енгізген Құрман­бай Еспенбетов ағамыз ел аузынан Құндақбай жайлы көп дерек жинапты. Айтуынша, 1918-19 жыл­дары Черкасск қорғанын талқан­дап, сол аймақты қан са­сыт­қан атаман Анненковтан қашып, бос­қын болған найман ауылдарын дәл осы Құндақбай мерген Көксу, Сатылы асулары арқылы Қытайға қарай өткізіп жіберген екен. 1916 жылы «солдатқа бармаймын» деп қашып, жандармерия қырына іліккен мерген ақты түре қуған қызылдардың билігі келгенде де маңдайға қызыл жұлдыз тағып, шекеден қарағандардың қазақтың шекесін қыздырмасын бірден түсініпті. Сөйтіп, өзі де арғы бетке көшіп кеткен. Өзіне ғана мәлім тау соқпақтары арқылы туған жерге жиі келіп, елден хабар алып тұрады. Большевиктердің қазаққа жасаған қиянатын көріп, көптеген ауыл­дар­ды көшіріп әкетеді. Ел ашық­қанда кедеймен қолындағысын бөліспеген байлардың малын айдап, жұртқа үлестіріп берген. Кәм­пескеге ұшыраған талай түлікті бір өңірден екінші өңірге қиқулай қуып, ашөзегіне түсе бастаған қаза­ғына азық еткен. Міне, Құндақ­байдың «ұрлығы», «баукеспелігі» осы. «Құлжада жата бермей, неге жортып жүрсің?» – дегендерге айтқан: «Келсем біреудің ақысын жегендерді тезге салуға, не құдайын ұмытқандарды жөнге салуға ке­лемін», – деген батыр сертін Құр­­манбай аға кітабына енгізіпті. 1917-31 жылдар аралығында Күрең­­бел, Қапал маңынан көшіп, қызылдар қиянатынан құтылған көп қазақтың арашашысы – Құндақбай. Құндақбайдың қызыл қақпаннан аман кеткені жайлы бір мәліметті осы Құрманбай ағадан естідім. Ол кісі: «Құндақбай Құл­жаға аман-есен жеткен, 40 жыл­дардағы Қытайдағы ұлт-азаттық соғысына қатысқан. Сол жақта қайтыс болған. Мұны арғы беттен оралған азамат, «Күреңбел қасіреті» кейіпкерлерінің бірі қарақалпақ Ермұраттың баласы Ақатайдың аузынан естіген адамдар бар. Ақатай арғы бетте батырдың сенімді серігі болған», – дейді.
– Секе, қозғаламыз ба? – ойым­ды бұзған Ардақ екен. – Караңғы болмай таудан түсіп алайық… Таспагерге қарап едім, «мен болдым» дегендей басын изеді.
Қайтар жолда «Даладағы қу­ғын» фильмі ойымнан шықпай қойды.
С.Сейфуллиннің шығармасын­дағы Кудряков деген жалғыз ку­лакты Абдолла Қарсақбаев ағамыз­дың дала батыры Құдіреге ай­нал­дыруында бір сыр бар-ау… Тау шатқалы арқылы Қытайға өтіп қайтып оралу, сақылдаған екі пулемет, қырылған қазақ, биік жартастар, тау сілемдері секілді детальдар Жетісуды меңзейтіндей… Әлгі қызыл әскерлерді «мұрнынан тесіп жетектейтін» Құдіре осы Құндақбайдың прототипі емес пе екен?.. Не де болса мұның сырын сценарий жазған Амангелді Тәжі­баев ағамыз білер, Құдай қаласа тілдесерміз…
Біз етекке түскенде көз байлана бастаған. Киіз үйдің алдында осы маңдағы ауылдардың он-он бес жігіті тосып тұр екен.
– Есімім Дәулет, – деп қол созды ақсары жігіт ағасы. – Сіздерді түстен бері тосып отырмыз, Кісіқырылғанды, Құндақбайды зерттеп жүргендеріңіз үшін рақмет айтсақ па деп едік…
– Сіздер барып түсірген жерден бала кезімде адамның бас сүйегін тауып алғанмын, келетіндеріңізді білгенде бірге баратын едім, – деп қосып қойды Берік деген жігіт.
– Құндақбай, Кісіқырылған жайлы не білесіңдер? – деген сұрағымның жауабы ұзын-сонар әңгімеге ұласты. Әр азаматтың аузынан Құндақбай жайлы бір хикая естіп, атсоқты болып шаршаған жайды тез ұмыттық. Батыр туралы, осы өлке қазағына қызылдар жасаған қиянат туралы қызына айтып, арасында бұл мәселе жайлы «жақ ашпайтын» журналистерге өкпесін білдіріп қоятын азаматтардан түнгі екіде мұрсат сұрап, тынықтық. Таңнан Жаркентке аттану керек. Қорғаста пулеметші болған, кейіннен 72 жасында КСРО хатшысы болған, жәй хатшы емес, генсек болған Константин Устинович Чернен­коның қанды ізі сайрап жатқанын тасқа жазылған тарих айтады…
Жә, бұл бөлек әңгіме.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ.

Талдықорған – Үшбұлақ – Түлкілі – Алтынемел – Жаркент – Талдықорған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір