Балалар бағбаны
29.09.2017
3274
0

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері


Бәріміз де бала болдық, балғын болдық, балдырған болдық. Көзімізді «Әліппеден» ашып, әріптерді үйренген шағымызда 1958 жылы балаларға арналған «Балдырған» журналы шықты. Ой, сондағы қуанғанымыз-ай! Көз тартатын көркем суреттермен безен­ді­рілген әйей журналдағы әңгімелер мен өлең­дерді жата қалып жастанып оқитынбыз. Жаттап аламыз. Жасырын жұмбағына жауап қайырып өзімізше тақпақтаймыз.
Анаң сенің базардан
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, жақсысын,
Саған таңдап әперді.
Не деп барып жеу керек?
– «Рахмет!» деу керек!

Балалар жүр көшеде,
Естіледі шу-айқай.
Сен де шықтың, көршіңді
Қағып кеттің байқамай.
Мұндайда не деу керек?
– «Кешіріңіз!» деу керек…
Бұл – Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңі. Тәлімі тәтті, тәрбиесі шекер.
Қаз, қаз,
Қаз бас.
Бір, екі, үш,
Аз бас.
Құлама,
Құласаң жылама!
Бұл – Жақан Смақовтың санамағы. Немесе бүлдіршіндердің ұғымына жеңіл ұтымды тақпағы ше?
Сылдырмақ
Сылдырлап
Бесікте тұрады.
Бөпешім
Былдырлап
Сылдырмақ ұрады…
«Әй, Тайқарбай, Тайқарбай» деп басталатын жаңылтпашты айта алмай жағымыз қарысып, тіліміз күрмелетін. Сонда да қоймаймыз. Ынтығамыз. Ұмтыламыз.
Тауға қайың бітеді тал аралас,
Жаңбыр жауып келеді қар аралас.
Бір топ кемпір келеді шал аралас.
Бір топ қыздар келеді бала аралас.
Бәрі аралас.
Әдемі жаңылтпаштардың әсерлілігі сондай, әрі қарай тіл сындырып, жалғастыра түсеміз.
Алпыс алты ала баспақ бақтым.
Алпыс алты ала баспақтың ішінде
Бір тарғыл тарғақ бас ақ баспақ бар.
Сол тарғыл тарғақ бас ақ баспақты
Мен тарғыл тарғақ бас ақ баспақ демей,
Кім тарғыл тарғақ бас ақ баспақ дейді.
Ал айтып көр мықты болсаң. Айттық. Жат­та­дық. Жадымызға сақтадық. Ол кезде балаларға арнап жазатын қаламгерлер қамшының шашағындай ғана санаулы болатын. Өтебай Тұрманжанов, Мұзафар Әлімбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Жақан Смақов, Мұхамеджан Етекбаев, Қадыр Мырзалиев… Кейінірек Ескен Елубаев, Қастек Баянбаев, Ермек Өтетілеуов, Асқаржан Сәрсеков, Бейсебай Кірісбаев «титтейлердің» тізімін толықтырды.
Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің тәмсілі бар. «Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас» дейді. Ендеше, балалар жазушысы – балауса баптайтын дихан. Балауса орған балғын шағымызда аты-жөні белгісіз Адырбек Сопыбековтің «Қоразға» деген өлеңі 1959 жылы «Балдырған» журналының 10 санында жарық көрді. Бар-жоғы бір-ақ шумақ.
Оятпа, Қораз, сен бізді,
Өзім де сездім, таң атты.
Сенсіз-ақ білем мезгілді,
Танимын енді сағатты.
Бұл қай автор? Қайдан? Есейе келе естідік, «Балдырған» журналының бас редакторы Мұзафар ағамыз осы өлеңді жариялағанда, балаша мәз мәйрам боп, масайрапты. Айнала­сын­­дағыларға «Байқадыңдар ма, балалар әде­биетіне 22 жастағы классик ақын келе жатыр!» деп жар салыпты.
Бір шумағымен-ақ бізді баурап алған Адыр­бек ағаның өлеңдерін іздей бастадық. Біз орта мектепті бітіретін жылы (1967) «Көзілдірік» атты алғашқы кітабы қолымызға тигенде, жә­кеміз жәрмеңкеден келгендей мәре-сәре болғанымыз бар. Таласып-тармасып, біріміз­ден-біріміз сұрап алып оқыдық. Одан кейін жыл аралатып «Жазушы» баспасынан шыққан «Айға сапар», «Кім қалай ұйықтайды?», «Балауса», «Айналайын», «Күншуақ» секілді кітаптары балалардың базарлығына айналды.
Ұлтымыздың әдет-ғұрпы мен салт-санасын сақтаған ата-бабаларымыз желкілдеп өскен жеткіншектерге «Адал бол! Кісінің ала жібін аттама!» деп Құдайдың құтты күні ақыл айтатын. Құйттайымыздан құлағымызға құйып жататын. Сондай соқталы ой мен өрісі кең өнегені «Ұры мысық» атты өлеңімен әспеттеген.
Адал екен десем мен,
Қара мысық ұры екен.
Піскен сүтті кеседен
Жалап ішіп тұр екен.
Табиғаттың тылсым құбылыстарын суреттеу үшін талант керек. Көкірегінде көз болмаса, көрсоқырлық дүние туындайтыны хақ. Айта­лық, сұрапыл қыстың сұрқын өлеңдетіп кө­ріңіз­ші. Бір қарағанда – ақ қар, көк мұз, бұр­қа­сын, боран. Бұдан басқа не бар? Не айтпақсың? Ой қайда? Әсіресе, балалар ұғымына сай келетіндей қандай бейне таба қоясың? Қиын-ақ. Адырбек ағамның қиюын келтіріп, қиыс­тырған «Қыс» деген өлеңіне көз жүгіртіп көріңізші.
Қысылатын қыс па екен,
Өз өнерін бастапты.
Терезені,
Ұста екен
Оюлап-ақ тастапты.
«Қол-аяғы жоқ қыстың салған суретін біз не­ге сала алмаймыз?» дегендей ой түйіп, балаларды жетелей ме? Жетелейді. Поэзиядағы жетелі идея деген осы.
Балаларды батылдыққа, батырлыққа бау­лып, қаршадай кезінен қайрай түсетін «Мақтан­шақ» деген өлеңінің жөні бөлек.
Әй, Серімбет, Серімбет,
Мақтаншақсың, мақтаншақ.
Батырлығың сенің тек
Күн қызарып батқанша-ақ.
«Екі кетік баланың айтысы» деген өлеңі ауыз әдебиетінің қалыбына құйылып жазылған. Екі кетіктің сұрағы мен жауабы сайма-сай, ұзын-ырғасы ұғынықты. Бір-бірін қалжыңмен қажайды.
«– Отырмысың алаң боп,
Алмаларың пісті ме?
Соны үзіп алам деп,
Құлап,
Тісің түсті ме?» –
деп басталатын өлеңде тістің неден кетілгенін сұрай бастайды.«Қатты жаңғақ шағам деп, сындырдың ба тісіңді?.. Таяқ тиіп тісіңе содан түсіп қалды ма? Қашамын деп құлап қап, тасқа тісің тиді ме? Тісіңе құрт түсті ме?» деген секілді сұрақтарды қардай боратады. Кетік бала тәлімі бар тәуір жауап қайырып отырады. Сөз соңында жетіге жасы жеткесін тісінің түсіп қалғанын айтады. Бұл – табиғи заңдылық. Бір жағы – таным. Екі кетік бала қосылып сөзді былай түйіндейді:
Жетіге де жетіппіз,
Екеуміз де кетікпіз.
Жаз да өтіп, күз болды,
Жүр, мектепке кеттік біз!
Адырбек ағаның алыстан аңғартып, астарлап жазған жұмбақтарын бала кезде бір-бірімізге жасырып өстік. Ол заманда оқулық аз. «Асты тас, үсті тас, ортасында піскен ас» секілді ел аузындағы елеулі жұмбақтар көп емес-тін.
Күн суытып, қар түссе,
Бассаңдағы батпайсың.
Жаз кезінде талтүсте
Іздесең де таппайсың.
Шешуі не? Мұз. Тапқыр ма? Тапқыр. Ал трактор туралы жұмбағы жақсы жаңалықтай жаныңды баурайды. Жадырайсың.
… Жүрген кезде «тр-тр» деп,
Атын айта жаздайды.
Күндердің күнінде Адырбек ағамды жоғалтып алдым. Жоқ! Балалар әдебиетінен басқа жанрға ауысып кетсе керек. Әйгілі әнші Мәдина Ералиеваның бағын ашқан «Ақ Баян» әнінің авторы,белгілі композитор Бексұлтан Байкенжеевтің әуендеріне мәтін жазуға көшіпті. Лирикамен айналысып, ұзын-ырғасы отызшақ­ты әнді өз өлеңімен өрнектеді. Тағы бір таланты ашылды. Пайғамбар жасынан асқасын халық ақыны Манап Көкенов туралы «Бір өзі – бір театр» деген әдеби зерттеу кітабын шығарды. Одан Хорасан Ата, Сунақ Ата, Желкілдек ба­тыр, академик Сұлтан Сартаев туралы поэмалар жазды. «Балаларды жетімсіретіп, бұл кісінің бұрылғаны несі?» деп ойладым. «Жапонияда ақындардың айтары таусылса, басқа салаға ауы­сып, жаңа қырынан көрінеді деуші еді. Солай болды ма екен?» деп жүргенімде бұдан бес жыл бұрын Жаңақорғанда бірінші рет жүзбе-жүз жолықтым. Арқа қасысқан аттар секілді айқара құшақтасып таныстық. Ұстазым Оспанхан Әубәкіровтің «Бержағынан қарасаң аржағы көрінеді, аржағынан қарасаң бержағы көрінеді» деген терезе туралы жұмбағы бар-тын. Қай жағынан қарасаң да таза жүрегі, табиғи мінезі көрініп тұр. Әйнектей. Інісі Зинабдин Шермұхамедұлы айтқандай «Періште пейіл аға». Жаңақорған топырағын жалаңаяқ кешкен ақын інісі Бақтыбай Айнабековтің «Мен іздеген сол періште – Адырбек, күн кешпеген жер қуырып, жанын жеп» деп жазған өлеңнің түпнұсқасындай.
«Шешілген жұмбақ» деген жаңа кітабына қолтаңба қойып сыйлады. Парақтадым. Жо-жоқ, балалар әдебиетінен қол үзбепті. Жаңадан жазылған балауса өлеңдер ұстазын көрген баладай басын иіп алдымнан шықты. Жаным жадырап сала берді.
Тарихи тақырыпқа барып, танымдық дүниелерге қалам тербеуі де тегін емес, тектіліктің белгісі. Адам тегіне тартпай тұра ма? Екі ғасырдай бұрын кіндігі Жаңақорғанда кесілген әйгілі Әлшекей күйшінің ұрпағы екен. Кешегі кеңес өкіметінің қуғын-сүргін кесапатынан Тәжікстанға үдере көшіп, 85 жасында дүниеден озған. Сүйегі сонда жатыр. Текті атаның өмірі мен өнерін зерттеген Ілия Жақанов пен Тарақты Ақселеудің және белгілі дирижер, композитор Еркін Нұрымбетовтің зерттеулерінше жүзге жуық күй шығарған. «Айрауықтың ащысы», «Жаяу кербез», «Тепеңкөк», «Терісқақпай», «Тоқтаған», «Шер­лі», «Мұңлық» секілді отыз күйі Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.
Балалар бағбанына айналып, балауса орған ағам сексен жасқа қараған шағында былтыр дүниеден озды. Қаламдас інісі Әскербек Рахымбекұлы жоқтағандай сахнада «жыр оқып тұрып бақилық болды бұл ақын». Қай жерде қалай қаза болғанын естіген жерлес інісі Нұртөре Жүсіп таланттардың ұқсас өлімі туралы сыр шертіп, таңырқаған еді. «Үндіс­танның әлемге әйгілі кино актері Радж Капур өз елінің ең үлкен марапатын алып тұрып, мыңдаған көрерменге бас иген сахнада үзілген. Адырбек ағамның ақ өлімі де соған ұқсас болды-ау?..»
Қара шаңырағында қара жамылып отырған Шәрипа жеңгеме көңіл айта бардым. Әрі қарай әңгімеміз әдемі өрбіді.
– Жеңеше, атақты авар ақыны Расул Гамзатов Лениндік сыйлықтың лауреаты атанғанда мәскеулік журналистер «Сіздің қайсы өлеңіңіз осы сыйлыққа лайық?» деп сауал қойса керек. Қысылып-қымтырылатын Расул ма? «Өмірімде екі өлеңімді жоғалтып алып ем. Іздегенде жанымды қоярға жер таппадым. Сыйлыққа лайық сол жоғалған екі өлеңім» деп жауап берген. Сіз үшін Адырбек ағамның ең жақсы өлеңі қайсы?
– Ақын да ана сияқты ғой. Анаға балалары­ның бәрі бірдей емес пе? Сонда да болса айтайын. Ағаңның маған арнап шығарған өлеңінен артық өлең жоқ. (Күлді).
– Есіңізде ме?
– Өзі төрт-бес шумақ. Бас жағы былай басталады.
Өмір бойы әйел айтар ұқтырып,
Қайғыны да жібереді ықтырып.
Әйелдердің тал бойында тұнып тұр.
Сұлулық та, нәзіктік те, мықтылық.

Ақыл-ойдың тұнығынан нәр алған,
Мөлдір сезім, әсем өмір, ән-арман.
Ыстық құшақ, әппақ пейіл – бәрі де
Аналардың ақ сүтінен жаралаған…
– Тамаша! Ал енді… Мұхтар Әуезов «Әрбір қаламгер әдебиетке талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісу керек» деген екен. Характері қалай еді, жеңеше?
– Он алты жасымда тұрмысқа шығып, бес бала сүйдім. Ол менің алтыншы балам сияқты көрінетін. Көркем мінезді көрікті жігіт болды. Бір рет зекіп көрген емес. Керісінше кей-кейде ашуланғанымда, ол кісіге әйелдікпен анау-мынау деп тастайтын ем. Бірде Қанапия Дәрі­баев деген ақын екеуі үйге келді. Үйдің бітпейтін шаруаларымен шыр-пырым шығып, шәй кідіріңкіреп қалды. Адекең жаныма жақындап «Тездетсей!» деп сөйлей бастағанда теріме сыймай қолымдағы суды шашып жібергенім бар. Сонда Адекең жарықтық Қанапияға қарап «Үйдің аспаны бұлттанып, күркіреп тұрғанын сезіп едім. Міне, көрдің бе, жауып тынды. Енді Құдай қаласа, күн шайдай ашылады» деді. Не дейін? Күліп жібердім.
Бірер апта жол жүріп үйге келісімен «Итке тамақ уақтылы құйылып тұрды ма?» деп сұрайтын. Тіпті, далада жаюлы тұрған шикі еттен кесіп алып итті тамақтандырған кездері де болды. «Бұлардың тілі жоқ қой, қарны ашқанын айта алмайды» дейтін жарықтық.
– Ауылда тұрып Алматыдағы ақын-жазушылармен арластыңыздар ма?
– Біздің өңірге ат басын бұрғандардың бәрі алдымен Адекеңді іздейтін. Бірде Қуандық Шаңғытбаев бастаған, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Нұтфолла Шәкенов қостаған оншақты ақын-жазушылар келіп, аудан шаруашылықтарын аралап жүрді. Содан бір күні күйеуім: «Бүгін ана кісілерді үйге шақырамын, дайындал» деді. Дастархан жасап күтіп отырсам кешке қарай Адекеңнің бір өзі үйге кіріп келе жатыр. «Ау, меймандарың қайда?» демеймін бе. «Алда Құдай-ай, айтуды ұмытып кетіппін!» деп санын соғып тұр. Апыл-ғұпыл машина тауып, әлгі ақындар тоқтаған мейманханаға бардық та, бәрін үйге алып келдік. Ас-су ішіліп болғасын Қуандық аға маған: «Айналайын қазақтың қара қызы, саған ризамыз! – деді. – Мына Адырбек ініміз кешке дейін бізбен бірге жүрді. Түріне қарасаң мейман шақыратын кісіге ұқсамайды, емін-еркін. Сөйтсек өзіңе сенген екен ғой. Өзің де айна­лайын, ілгергі қонақжай апа-әжелеріміздің асыл қасиеттері сақталған екен. Бақытты бол, шырағым!» деп алғыс білдірді.
Ондай оқиғаны басымыздан көп өткердік. Тағы бірде «Азанғы пойызбен бір жазушы өтеді, соған ол-пұл сәлемдеме алып шығу керек» деді де, өзі шұғыл тапсырмамен совхозға шығып кететінін айтты. Ертеңіне дәм-тұзымызды арқалап Адекеңнің шофері Әзімхан екеуміз стансаға беттедік. Әзімхан аң-таң. «Ау, Шәке, біз ол кісіні танымаймыз, аты-жөнін де білмейміз. Қазір пойыз келгенде мына тамақты кімге бермекпіз?» дейді. Әзімханға айттым: «Жазушы дегендер салдыр-гүлдір, үсті-бастарына онша көңіл бөле бермейтін халық. Бет-жүзі қалқыңқылау, шаштары жақсы таралмаған адам көрсек, біздің іздеген адамы­мыз сол болады» дедім. Пойыз тоқтағанда біз күткен вагоннан дәл сол мен айтқанға ұқсайтын бір кісі түсті. Тұп-тура біздің іздеген адамы­мыздың өзі екен.
… Шәрипа жеңгеймен емен-жарқын сыр­ластық. Әрине, ақын ағамыздың бір топ өлеңдері әрісі «Әліппеден» бастап, берісі «Қазақ балалар антологиясына», сондай-ақ Мәскеуде басылған «Независимый Казахстан. Антология современной литературы» кітабына шықты. Есімі «Лучшие люди» атты Мәскеу энциклопе­диясына енген. Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың «Қазақ халқының тари­хында балаларға арналған жақсы өлең-жырлар көп. Оны жинақтап беру үшін «Қазақ балалар поэзиясының антологиясын» жасауымыз керек. Бұған Абайдан бастап Адырбекке дейін кіру керек» деп ілгеріде ілтипат білдірген. Сырбаз ақын Сырбай Мәуленов «Адырбектің өлеңдерінде таным, жылы леп бар» деп бағалаған. Филология ғылымының докторы, жазушы Әди Шәріпов сол заманда Адырбек ағамыздың кітабын оқығанда «Балаларға арналған өлең осындай болу керек» деп патша көңілмен пайымдаған.
… Балалар әдебиетін барынша дамыту үшін жыл сайын «Дарабоз» атты жүлделі бәйге жарияланып жүр. Өлең, әңгіменің өресі өз алдына, тіпті тырнақтай ғана жұмбақ­тарымыздың өңі мен түрі өзгеше қазір. Мысалы, мына жұмбақты шешіп көріңізші.
Басы екеу,
Аяғы алтау,
Құйрығы біреу.
Бұл не?
Шешуі – аттың үстіндегі адам. Қызық па? Қы­зық. Ұғымға жеңіл ме? Жеңіл. Балаларды са­намаққа үйрете ме? Үйреткенде қандай! Ен­деше, поэзия – ауыздықпен алысқан арғымақ болса, ақын – шабандоз.
… Балалар поэзиясына үйірсек талай жастар тайжарысқа қатысып жүр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір