Жазушының жүрегі
29.09.2017
1659
0

Нұрғали ОРАЗ


Ол «Периферияда туып, Парижде өлетін» жазушылардың санатынан емес. Қаласа – шыңға, қаламаса – құзға қарай тарта жөнелетін Қордайдың қоңыр құлжасы секілді еркін, жан-дүниесі мегаполистегі әдеби ортаның қулық-сұмдықтарынан азат жазушы.

Ес білгелі ел ішінде. Қазақ тілінің уызын еміп, кейіпкерлерінің мінезін қызықтап, бірге тіршілік етіп келеді. Бір қызығы, кинодағы америкалық ковбойлардың басы­нан ғана көретін «шикарный» шля­палардың түрлі-түрлісін таңдап алып, күнқағарын шиырып-шиы­рып киеді. Және онысы, өзіне жа­расып-ақ тұрады. Себебі, біздің Несағаң сұңғақ бойлы, ат жақты, құс мұрынды, бұйра шаш – келбетті жігіт қой.
Сәті түскенде әлгі шляпаның төбесін бірде Қордайдан, енді бірде Тараздан көріп қаламыз. Топ ішінен айнытпай танып: «Е-е, біздің Нес-ағаң осында жүр екен ғой!» деп қуа­намыз. Ол да бізді алыстан байқап: «Әй, сендер қайдан жүр­сіңдер-ей?» деп таңырқап тұрады. Жазушы жүрегіндегі мейірім күнге күйіп, қоңырқай тартқан жүзінен жып-жылы шуақ болып төгіледі. Сондықтан да біз, қаламдас інілері Несағаңа өте үйірсекпіз.
Несағаң мынау қым-қиғаш тіршіліктің әңгімесін қызықты етіп айтып қана қоймайды, одан да бетер қызықты етіп жазады.
Сондықтан да ол – Несіпбек Дәутайұлы – Қордайда туған қа­зақтың қабырғалы қаламгері, қа­лың оқырманның сүйікті жазу­шысына айналғалы қай заман.

***
Несағаның кейіпкерлері де қызық. Ел ішінен іріктеп-іріктеп алған ерекше бейнелер секілді.
Айталық, атышулы «Айғыркісі» әңгімесіндегі Есқұлды алайықшы, бір қарағанға, кешегі кеңес өкіметі­нің жылқысын баққан қарапайым ғана шаруа. Бірақ баяғы ескі әдеті бойынша тау қойнауында түнеп жатып төбедегі самсаған жұлдыз­дар­ға көз салғанда, ой-қиялының сан-саққа кететіні бар; «бірі самғап, бірі сарғайып, бірі сандалып сапы­рылысқан Құдайдың пенделерінің кез келгенінің кеудесінде осындай бір жарық сәулесі қалың қойнау бол­са ғой, шіркін…» деп арман­дайды.
Біз еріксіз кітаптан басымызды көтеріп, ойға қаламыз. Себебі, әлгі сәулелі қойнау көз алдымызға келе қалғандай болады. Несағаның қала­мынан туған сиқырлы көрініс, «тымық түндегі кәусар ауа» бірте-бірте еліктіріп, тереңіне қарай тар­тып алып бара жатқанын сеземіз.
Сөйтіп, өз кеудемізден де бір құтты қойнау ашылғандай таң-тамаша күйге енеміз.
Бұл, құр әншейін, Есқұлдың ғана қиялы емес, Несағаның, яғни жазушының ізгі мұраты екенін де шама-шарқымыздың жеткенінше түсінуге тырысамыз.
Ал келесі бір кейіпкері – Бұл­ди. Атының өзі айтып тұрғандай-ақ, қарны бұлтиып, шекесі шо­дырайып, ішкен-жегені мен тапқан-таян­ғанын ғана мәз болып жүрген қып-қызыл дүниеқоңыз, пайда табудан басқаны ойламайтын пақыр. Және де бұл, әлгі, бәріміздің төбемізден бір-бір сұлу қойнау ашқысы келетін Есқұлдың немере інісі. Әйткенмен, бір-біріне мүлде ұқсамайтын, табиғаты қарама-қайшы жандар. Сондықтан да Бұлди өзінің немере ағасының қойнау туралы айтқанын естігенде, еңкілдеп тұрып күледі. «Езуін әзер жиып: «Есағам қойнауға биесімен бірге түнеп жүріп қиялиға айналып барады, болмаса, мына алақандай кеудемізге қойнау түгілі, ішек-қарнымыз зорға сыйып жүр­ген жоқ па?» дейді кекірік атып.
Көрдіңіз бе, әңгіменің төркіні қайда жатқанын?! Әйтпесе, ол екеуі бөтен емес, бөгде емес, бір атаның балалары ғой. Қаны бір, тегі бір туыс емес пе?..
Міне, осындайда, деміңізді ішке терең алып: «Бе-е-у, дүние-ай, бізге расымен де, сынақ үшін берілген екенсің-ау!» дейсіз еріксіз.
Бірақ бұл Несағаң айтқалы отырған ойдың басы ғана. Себебі, әлгі Бұлдидан туған бала нағыз ақкөңіл, пәк жүрек, адал жігіт. Кіш­кентайынан өзі бағып-қағып өсірген тұлпарға деген ықылас-пейілі ерекше.
Міне, мынау дүние осылай құбылып, аударылып-төңкеріліп тұрады.
Несағадай жазушының қаламы­нан туған әңгімелердің қызықты, тартымды әрі шиеленіске толы болатыны да содан – қым-қиғаш мінездер мен көзқарастардың тартысына құрылғандығында ғой.
Жалпы, біз осы, жарық пәниде қалай өмір сүруге тиіспіз? Қайтсек адам болып қаламыз?
Ежелден әдебиет пен өнерді, философия мен мәдениетті мазалап келе жатқан көне сұрақ көлбеңдеп тағы да алдыңыздан шығады.
Дүниеқоңыз әкесі тұлпарды сатып жібергенін естіп, алымшы­лар­дың соңынан тұра қуған Жал­ғас­тың жолда апатқа ұшырап, қаза табуы – міне, осынау мүдделер мен мінездердің қайшылығы әманда қай­ғыға, қантөгіске алып ке­ле­тін­дігін тағы да бір дәлелдейтін сұм­дық жәйт.
Алла Тағала жаратқан дүние­нің тылсымы, таразысы және жа­засы бар екенін адамзат баласына мың-миллион рет ескертіп айт­саң да бәрібір, байлық пен мансаптың құлағы қылт еткен жерде бәрін ұмытып, сайтанның соңынан сал­пақ­тап ере жөнелетіні несі екен?..
Жазушы Несіпбек Дәутайұлы­ның әдебиетсүйер қауымның ыс­тық ықыласына бөленген «Айғыр­кісі» әңгімесіндегі Әулие адамзат баласының осынау «ұмыт­шақ­ты­ғын» ес­ке салу үшін жа­­салған шарт­ты бей­не.
Бұл – бір қарағанға, мистикалық тұлға болғанымен, жанымызға жақын, көңілімізге таныс кейіпкер. Себебі, оның бойында ұлттық рухымыз, ата-баба әруағы бар. Сондықтан да көк аспаннан жаң­быр күтіп, алақан жайып отырған жұртқа Алладан жақсылық тілеп, көз алдарында шыбын жаны бұлтқа айналып кеткен жарықтық ел үшін құрбан болған ердің өзі емес пе.

***
«Әдебиет – адамтану ғылымы» деп кезінде Максим Горький ақ­сақал дөп басып айтқан сияқты.
Бүгінгі күнге дейін әлемде қан­шама әдеби туындылар дүниеге кел­генін еске алсаңыз, адам таби­ғаты зерттеу нысаны ретінде өте күрделі ғылым болып табылатын­ды­ғына көз жеткізу түк те қиын емес.
Бір таңғаларлығы, филолог­тардың пайымдауынша, соншама дүниеге бар болғаны отыз үш-ақ тақырып арқау болады екен. Рас, кейде олардың санын отыз сегізге жеткізетіндер де бар. Бірақ… бұл да көп емес қой.
Дегенмен, осынау отыз үш та­қы­рыпқа жазылған әдеби дүн­ие­лердің қаншама екенін білгіңіз келсе, әй, қайдам, ұзын санына жете алмайсыз-ау.
Себебі, адам табиғатының күр­делі екендігі сондай, шартты түрде алынған әлгі отыз үш тақырыптың бірде-бірін ешқашан жазып та, зерттеп те тауысу мүмкін емес.
Тым-тым әріге бармай-ақ, әңгі­мені ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» атты клас­сикалық новелласынан бас­тайық­шы. Содан соң, мына көрші жатқан қырғыз елінде туған ұлы Шықаңның – Шыңғыс Айтматов­тың «Шыңғыс ханның ақша бұлты» атты тамаша хикаятын алайық.
Сол секілді, Несағаның «Көгіл­дір көйлекті келіншек» атты та­маша әңгімесін тілге тиек етелік.
Бұл үш шығармаға да Адам табиғаты деп аталатын түпсіз, терең, құпия дүниенің бір тылсымы өзек болған.
«Жар төсегінің атар таң, батар күнінің табиғи қызық-шыжығын біліп болмай жатып, күйеуін ажал алды».
Жазушы Несіпбек Дәутайұлы­ның «Көгілдір көйлекті келіншек» әңгімесіндегі трагедия, міне, осы­лай басталады.
Содан соң, жазушы: «Уақыт жылдам ғой. Өлгеннің артынан өлмейсің. Тірінің тірлігі жазбайтын жара жоқ. Тек бірте-бірте түн жалғыздығы мазалай бастады» деп, сыр ақтарғандай болып отырып, оқырманды әңгіменің атмосфера­сына оп-оңай енгізіп жібереді.
Көгілдір көйлекті келіншектің ішкі арпалысы, жағадағы жартасқа келіп соғылған теңіз толқындарын­дай буырқанған сезімі шарықтау шегіне жетіп, әлгі жартастай томы­рық, ішкі дүниесін әлдекім қалыпқа салып, қатырып қойғандай тоң­мойын біреуді еріксіз төсегіне қарай тартқанда: «Неге? – дейсіз өкініп. – Неге бұлай жара­тыл­ғанбыз?».
«Төсек ернеуінде шылым шегіп отырған еркек сағатына қараған.
– Уақыт жылдам өтеді, ә? – деп қойды. – Страшно бежит.
– Асығыс па едіңіз?
– Он бірде үйде болуым керек.
– Себеп?..
– Тәртіп.
– О, Құдай! – келіншек ауыр дем алды.
– При чем, Құдай?
Келіншектің әлдене айтқысы келсе де үндемеді».
Әңгіме ауанына елітіп отырып осы бір диалогқа жеткенде еріксіз жүрегіңіз шымырлап кетеді. Себебі, келіншекті аяйсыз. Бір жағынан, неге екені, кінәлайсыз да…
Әу баста Алла Тағала адам ба­ласын жаратқанда осындай бір сезім берді емес пе. Сондықтан да әйел – ана, еркек – әке.
Әйткенмен, ерін ажал ертерек алып, еріксіз жесір қалған жап-жас келіншек өз табиғатына өзі қалай қарсы шығады?..
Рас, оның көздегені тек төсек ләз­заты ғана емес. Әу бастағы, әйел болып жаратылғандағы аналық сезімі ғой бұлқынып, түн баласына тынышын алып, ерікке көнбей, мазалап жатқан. Себебі, ол сезімнің де өз мақсаты, өз межесі бар. Сон­дықтан жесірлік те, кесірлік те оғ­ан бөгет бола алмайды.
Алайда, кез келген тірліктің түйіні; ыстығы мен суығы, бағы мен соры болады емес пе. Жазушы оны өз кейіпкерінің ішкі толға­нысы арқылы былай кестелейді:
«Әйелдің жатыры – қасірет-кесапаттың да ұясы болса, Ана дейтін ұлы құдіреттің мәні қайсы? Түсініксіз. Бойыңа біткенді адам ғой дейді. Адам – жалпы ұғым. Адам кейпіндегінің бәрі ол емес. Құры нөпір, құры тобыр. Бекер жер таптайды, бекер су ішеді, бекер нан тауысады…».
Міне, сондықтан ұрпағым көкмайса ғұмыр кешсін деп, іші біліне бастаған күннен бері ырым­дап, көгілдір көйлек киіп жүрген келіншек енді әлгіндей жан-дүн­иесі мылқау, сана-сезімі меңіреу жаннан көтерген баласы­нан да түңіліп, Алла алдында ке­ші­ріл­мес күнә жасағандай күйге түседі.
Жазушы бұл оқиғаның жал­ғасы мен шешімін оқырманның өз түйсігіне қалдырғандай: «Сөйтіп тұрып, сұмдық аһ ұрды. Сұрапыл найзағайдың жарқылынан қақ айырылатын қара аспаннан та­мып-тамып түсетін қара жаңбыр­дың ірі тамшысындай ыстық жас қара көзден алма бетке ағып өтіп, аршын төске қарай домалап түсіп жатты…» деп аяқтайды әңгімені.
Демек, өмір жалғаса береді. Мынау жарық дүниеге тағы да бір бала келеді. Ол қандай адам бола­ды? Пешенесіне не жазылады?.. Бәрі жұмбақ.
Ол тек, бір Аллаға ғана аян.

***
«Әрбір жазушы белгілі бір дең­гейде, өз шығармаларында өз еркінен тыс, өзін-өзі суреттейді», – деп­ті неміс ақыны Иоганн Вольф­ганг Гете.
Жазушы Несіпбек Дәутайұлы­ның «Батыр» атты әңгімесіндегі Батырдың батырлығы – мінезінен, ой-толғанысынан, көзқарасынан айқын көрінетіні соншалықты, тұтқиылдан тиген жау жасағынан кек алуы, жекпе-жекке шығуы се­кілді оқиғалар әңгімеге деко­ра­ция­­лық қана сипат беріп тұрғандай әсер қалдырады.
Себебі, Батырдың ерлігі ең әуелі, санасында, болмысында де­ген ойды жазушы алдыңғы шепке шығарады. Сөйтіп, әңгіме пси­холо­гиялық, философиялық сипат алады.
Міне, қараңызшы, жекпе-жек­те жеңіліп, «көзі жаутаңдаған алпамсадай неме: «Батыр-ай, жа­ным­ды қи!» дегенде, оған қайтып көз салмай, «атын қатты тебініп, жасақтарына қарай жөней берді. «Нәлетіні тірі қалдырып кеткенің қалай, Батыр?» дегендерге: «Ол өзі де өлген адам екен, – деді бұл. – Ба­тыр емес, қатын. Қатынды қа­лай өлтірем!..».
Ел есінде қалатын, ертеңгі күні аңызға айналатын батырлық де­ге­ніңіз осы емес пе, қадірлі оқыр­ман!
Ал келесі жолы, кектенген жа­уының керегесін қиратып, ша­ңы­рағын ортасына түсіріп, масат­танып тұрған шағында шеткі үйден шыға келген түрікмен жігітімен жекпе-жекке шығуы да – қара күшке сенген батырлық емес, ата-бабадан келе жатқан батырлық дәстүрді бұлжытпай ұстануы.
Себебі, батырлықтың қағидасы – «батырды жабылып жеңуге болмайды. Ол – өзіңді қорлау. Өзіңді-өзің қорлағың келмесе, оны жекпе-жекте жең».
Бірақ Батыр да, түптеп кел­генде, жұмыр басты, екі аяқты пенде емес пе. Оның да арманы, қайғысы, уайымы бар. Ендеше, бұл да Несағаның әңгімесінде көркем ой, кестелі тілмен тамаша көрініс табады.
Айталық, Батыр қойнындағы әйелін тартып алып, намысын жерге таптап кеткенде: «Өлтірме­сең, жер түбіне кірсең де, сені мен өлтіремін!» деп ышқынып, зар жұтып қалған түрікмен жігіті ке­йін, екі ұлы есейіп, ес кіре баста­ғанда: «…әке, сені өлтіріп кетсе… біздің атамыз да, апамыз да жоқ, біз өліп қалмаймыз ба» дегеннен соң ойланып, әуелгі райынан қайтады.
Себебі, әке ретінде болашақ ұрпағы үшін бәрін де кешеді. Өзі жете алмаған арманға, азаттыққа, «жарық сәулесі қалың қойнауға» енді солар жетсе екен деп көз жұ­мады…
Әлімсақтан бергі тіршілік осылай жалғаса береді. Батырдың арманы – бір ұл. Себебі, ол – мұ­рагер. Әулетті жалғайды. Бірақ бәйбішеден де, тоқалдан да көргені – өңшең қыздар. Сөйтіп жүргенде кенет… «қайсыбірде, апақ-са­пақта… мал келіп жатқанда көңілі құрғыр ауып кеткен» күңнің құр­сағына бала бітіп қалыпты. Ол баланың атын, ұл болса, Сексенбір қоямын деп армандайды қарт батыр.
Еріксіз езу тартасың. Япыр-ай, біресе оң жамбасына, біресе сол жамбасына қарай аунайтын Өмір шіркін, өстіп құбылады-ау дей­сің.
Демек, өмірге тағы да бір ұл келеді. Ол батыр бола ма, ақын бо­ла ма, ірі бола ма, ұсақ бола ма, бір Аллаға ғана аян.
Мына жарық дүниеге келген пенде байғұс Тағдыр жолымен бірде қырға, бірде ойға түсіп біраз уақыт сапар шегеді. Өзіне тиесілі олжасы, мақсаты, мұраты бар еке­нін дәтке қуат етіп, ертеңгі күнге сенеді…
Бірақ кім білсін, бұл жолдағы көрер қызығы мен шыжығы молда аталарымыз айтатындай, алдын-ала Лаухулмахфуз кітабында жа­зылып та қойған болар-ау.
Алайда, пенде шіркіннің оныменен ісі жоқ. Әркім өз тір­ші­лі­гін өзі жасап жатқандай көрінеді. Өмір сонысымен де қызық…

 

***
Несағаңа Алла қалам ұстап, жазушы болуды несіп етіпті. Бүгін­ге дейінгі жетпіс жылдық ғұмы­рының қырық-елу жылын шы­ғармашылыққа арнап, «Құдірет пен қасірет» романын, «Ақ кө­гершін», «Әнім сен едің», «Алма ағашының бұтағы», «Ақкүшік», «Алтын балық» атты повестерін және көптеген көркем әңгімелерін жазыпты. Үздік көркем шығар­маларға арналған жабық әдеби бәйгелердің үш мәрте жүлдегері, үш мәрте бас жеңімпазы, халы­қ­аралық «Дарабоз» әдеби бай­қа­уы­ның Алтын медалінің иегері,
Ха­лықаралық «Алаш» әдеби сый­­лы­ғының лауреаты атанып­ты.
Алла Тағала Несағаның талан­тына сай зерде, ақыл-парасатпен бірге ерекше мінез де беріпті. Оны айтып отырғаным…
Жә, жарайды, егер сіздер жа­лық­пасаңыздар, ол оқиғаға да аз-кем тоқтала кетейін.
Жаңылмасам, 2015 жылы бо­лар, бір топ қазақ қаламгерлері Қазан қаласында болатын бір үлкен алқалы жиынға бардық. Оны ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы мен Еуразия Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырды. Ресми атауы – «Түркі тілдес әдеби журналдардың форумы» деп атал­ды. Міне, осы форумға респу­бли­калық әдеби-көпшілік, танымдық «Жамбыл» журналының бас редакторы Несағаң да қатысып, бүгінгі әдебиетіміздің хал-ахуалы хақында кеңінен ой толғап, келелі әңгіме қозғады. Түркі тілдес туысқан халықтардың ақын-жазушылары бас шұлғып, риза болып, қоштап отырды.
Кеңестен соң қаланың сәулетті жерлерін аралауға шықтық. Қазан дегеніңіз, тұнып тұрған тарих қой. Сонау орта ғасырларда салынған ғимараттар мен қорғандардан, тас төселген көшелер мен көпірлерден өткен уақыттың тынысы мен демі әлі күнге дейін сезіліп тұрғандай болады. Көл жағасындағы ақ түсті Қазан кремлі, Сүйінбике мұнара­сы, Құл Шәріп мешітінің сәулеті еріксіз таңдай қақтырады. Орыс патшасының әмірімен салынған қоңыраулы шіркеулер де көп.
Міне, сол қоңыраулардың бірі­не көз салып тұрғандай болған Несағаң бір кезде иегін сәл жоғары көтеріп, қасын керіп: «Қандай ғажап, ә?!» деді ақырын ғана.
Дәл жанында, иық тірестіріп қаз-қатар тұрған біз: «Иә, айтары жоқ, сұлу ғимарат. Төбесіндегі қоңырауы қалай көз тартады. Сыңғырлап тұрған сияқты. Он алтыншы ғасырда, орыс патшасы­ның осы қалаға келу құрметіне салынған екен» дестік.
Кенет Несағаң қабағын түйіп, басын шайқап: «Әй, ол ғимаратта да, қоңырауда да, патшада да… шаруам жоқ, – деді мырс етіп. – Мен анау шіркеудің алдынан өтіп бара жатқан келіншекті айтам. Аппақ… сұңғақ… кеудесі асқақ… балтыры қайыңдай екен, шіркін. Хас сұлудың нақ өзі ғой. Түрік­мен­нің ақалтекесі сияқты паң… Пай-пай!..».
Біз еріксіз езу тартып, бір-бірі­мізге қарап жымыңдасып қалдық. Міне, мінез, міне, көзқарас! Жазу­шының ең басты нысанасы – адам ғой. Себебі, жер бетіндегі басқа нысандардың бәрін қадірлейтін де, қорғайтын да, құртатын да адам.
Алайда, «Қайтсек адам болып қаламыз?», «Бар боламыз ба, жоқ боламыз ба?» деген мәңгілік сауал­дар­дың алдымыздан шыға берері ақиқат.
Не істеу керек?
Бұл мәңгілік сұрақ.
Оның жауабы, бәлкім, жазушы жү­ре­гінің тереңінде жатқан бо­лар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір