Әуезов – Ленинградта!
29.09.2017
1891
0

Гүлзия Пірәлі


Мұхтар Әуезов 1925 жылдың күзі мен 1927 жылдың мамыры аралығында Ленинградтағы Васильев аралындағы орталықтан алған екі бөлмелі пәтерді жалға алған Әлкей Марғұлан мен семейлік Мұхаммед Хабибуллин үшеуі тұрып, үй күтімін де, тамақты да негізінен өздері жасаған. Уақыттың бағасын білетін олар көбінде сабаққа кетерлерінде қазанға ет салып, отын жай ғана басып кетеді, ал келгенде еттері балбырап пісіп тұрады екен. Уақыт та алмайды әрі студенттік өмірге тән ашқұрсақтықтан да аулақ.
М.Әуезовтің шығармашылық табысының арқасында көп қиыншылық көрмеген қазақстандық студенттердің осы тіршілігінен қызықты бір әңгіме Валентина Николаевна өз естелігінде: «…Ол кез ЖЭС (НЭП)-тың кезі болатын. Бұлардың бағына орай бір іскер татардың сол маңда жылқы сататын дүкені болды. Негізгі сатып алушылар – қала әйелдері мен кедей студенттер. Кейіннен
М.Омарханұлы менің тамақ істеуге кететін көп уақытыма әрдайым таңырқап жүрді. Өздері лекцияға кетерінде кастрюльге ет салып, әлсіз отқа қойып кетеді екен, үйге келгенде тамақ дап-дайын. Олардың пәтерінде кастрюль, примус және сағаттары болатын. Біз үйленіп, әркім өз еншісін алып кеткенде бізге примус тиді.

Біздің семьяның ленинградтық дос­тары ішінде, міне қырық жыл бойы­на достығы үзілмей келе жатқан ака­демик Константин Кузьмич Юда­хин, оның жұбайы Ольга Ки­рил­­ловна және ол кездегі ленинг­рад­тық студент, қазіргі академик Әлкей Марғұлан болды. Айтпақшы, мені жас күнімнен біліп, ата-анам­ның үйінде болған жалғыз қазақ осы ғана. Сол тұста Ленинградта оқып жүр­ген қазақтардан біздікіне Ибра­гим Тәжиев, Қазақстанның Халық сурет­шісі Қанапия Телжановтың әкесі Әмірболат Телжанов келіп-ке­тіп жүретін. Мәскеуден Қаныш Иман­тайұлы Сәтбаев келіп, қонақ бо­лып кететін еді. Ол жылдары Мұх­тардың көңілі жақын шын досы бол­ды, ол – Роберт Куллэ еді», — деп ес­ке алады.
Орыс ақсүйектерінің арасында тәр­биелініп, үлкен мәдениетке үй­рен­ген Валентина Николаевнаның дас­тарқаны ауылдағыдай қарапайым әрі жұтаңдау емес керісінше көк­-
ө­ніс­тері мен қоспалары көп, қуы­рыл­­ған, пісірілген түрлі тәтті де дәмді та­ғамдарға толы болыпты. Соның бә­рі ерекше көңіл мен алтын уа­қыт­ты алады. Райхан мен Кәми­ламен үнемі бірге тұрып, үй шаруа­сының мұн­дай мехнатына көңіл аудара қой­маған Мұхаң қаланың аядай бөл­месіндегі шаруашылықтан шет қала алмай көп нәрсеге көзі жеткен. Әрі десе өзге ұлттың қызына қосылып, елден жырақта тұрып жатқан жас жұ­байлар жұртқа дабыра етпей оңа­ша тұруды қалаған. Отбасын құрған Мұхтар Әуезов те еліне баруды си­реткен.
Қазақтың қара шаңырағы қайда да қонақсыз болмаған. Әсіресе, Әуе­зов­тей дара тұлға тұрған үйге студент болса да небір қазақтың марқас­қа­лары, танымал тұлғалары, сол кезде Ленинградта білім алған жастар ат­ба­сын жиі тірейтін.
Естелікте аталған достардың бә­рі жас жұбайлармен бірге күн сайын әдеби кештер өткізіп, қаладағы бар­лық театрларда, неше түрлі сал­та­нат­ты концерттік залдарда бірге бо­­лып, сахна саңлақтарының өнер­ле­рін тамашалайтын. Ленинград қа­ласының әр ғимаратының әрбір та­сы оларға тарихи дәуірлерден сыр шер­­тетіндей.
Оңаша ой кешуді аңсаған сәттер­де студент-суреткер Мұх­тар Әуезов осы сал­та­натты көшелерде серуен құ­­рып, түрлі шығарма­шы­лық жос­пар­лар құрып, ша­бытты шақтарды бас­тан кешіреді. М.Әуезов кө­бін­де А.Чехов, Н.Гоголь, Ф.Дос­тоевс­­кий­лер ке­з­ген, өз шығармаларына кейіп­­кер іздеген, мекен-жайларын бей­­нелеген, олардың тағдырына қа­тыс­­ты оқиғаларды көңіл­деріне құй­ған, ұлылардың ой­ларына қозғау сал­ған, жос­пар құрған көшелерде қы­­дырыстайтын. Олардың бә­рі қа­лам­гердің қиялын қанат­тан­дырып, на­ғыз шығармашылық шабыт сый­лайтын. Орыс ой­шыл­дары мен зия­лы қауымы: «Петербург – самый фан­тастический город на све­те» деп мойындаған қазақ қалам­ге­рін де қиял-ғажайып сезімдерге бө­лейтін. Оқудан өзге шаруа жоқ, бі­лімге ғана бас ұрған студенттік уа­қыт шынында да адамзат өміріндегі ең бір бақытты да кемел кезең екен. М.Әуезовтің сүйік­ті суреткері Ф.Дос­тоевскийдің: «Петербург, не знаю почему, для меня всегда казался какою-то тай­ною», – деп айтқанын­дай, студент Мұ­хаңды да бұл қала өз тұңғиығына тарт­пай қоймаса керек. Әлемдік мә­дениет пен өнердің, әдебиеттің мар­жандарын молынан жинаған рухани өмі­рі бай Петербург кімге де таң­сық.
Ленинград қаласындағы екінші адрес – М.Әуезов оқыған Ленинград Мемлекеттік университетінің оқу кор­пустары қоныстанған Универ­си­тетс­кая набережная көшесі. Тілтану мен материалдық мәдениет факуль­теті қаланың орталық ауданындағы Васильев аралы, Петр сарайы маңын­­да орналасқан. Универ­си­тет­тің бас корпусы «Двенадцатый кол­легий» деп аталатын тарихи орын. 1724 жылы І Петрдің бұйрығымен ашылған университеттің бас кор­пу­сының алдында тұңғыш ректор, атақ­ты орыс ғалымы, ақын М.В.Ло­моносовтың (1758–1765) ескерткіші тұр. Үлкен бір ықшамауданды алып жат­қан корпустардың араларын гүлзарларға толы аллеялар қоршаған. Сабақтан шыққан студенттердің пі­кір алмасатын, ұстаздар мен шә­кірт­тердің кеңесетін жерлері де көбіне осы корпустар айналасындағы ша­ғын алаңдар болатын.
М.Әуезов Ленинградқа оқуға кел­гендіктен бірінші бас сұққан ме­кемесі де осы университеттің бас кор­пусы болды. Бес жылдық саналы өмірі өтетін университет корпустары студенттердің екінші үйі екені мә­лім.
Университеттің жан-жағы тари­хи әдеби әлем болды. Нева өзенінің қарама қарсы жағы – мыс салт атты (Медный всадник), ал диагоналында – Дворцовая набережная, А.Пуш­киннің серуендеуді ұнататын көшесі, бүкіл орыс зиялылары мен тарихи тұл­ғалардың табаны тиген Мойка кө­шесі де осы университет маңын­да.


Мұхтар Әуезовтің өнер жолы оның өз өмір тарихымен тығыз байланысты екенін ескерсек, Әуезовтің жарық дүниеге көзін ашқалы көргені, сезгені, білгені, түйгені революцияға дейінгі көне ауылдың көне тіршілігі, тағдыры, ақиқаты болса, бұның өзі жазушы шығармашылығындағы өзекті тақырыптар болып, 1917 жылы басталған «Еңлік – Кебек» трагедиясынан 1957 жылы аяқталған «Абай жолы» роман-эпопеясына дейін қырық жыл бойы желісін үзбей созылып келуі – Әуезовтің әсемдік әлеміндегі заңдылық, шығармашылық тұлғасындағы тұтастық. Мұхаң психологиялық суреттеулерінде адам көңіл-күйін мейлінше тереңдетіп, жанын, қанын шығара, кей сәттерде тылсым-тұңғиықтарға да алып кететін секілді. Суреткер қазақ әдебиетіндегі ұлттық дәстүрді байытып, дамыту жолындағы өзіндік жаңашылдығын да алып келе алды.
Классикалық әдебиеттің төрінен орын алған ұлы суреткер – Мұхтар Әуезовтің атын Әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясы. Оған басты себеп, жазушының Абай елінде дүниеге келіп, көзі, санасы, жүрегі де Абай өлеңімен оянған, ақын өскен елдің топырағын кешіп, ауасымен тыныстағандығы еді. Өз өлкесінде болған ірілі-ұсақты елең еткізер уақиғаларды көріп, естіп жүрген қаламгер сол дүниелерді түрлендіріп, қазақтың бай тілімен қағазға түсірген. Адам мінез-құлқын, жан сұлулығын суреттеген ұлы жазушы оларды шыққан ортасы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігінен бөліп алмайды. Көркем әдебиеттегі суреттелетін шындық өмір шындығынан алынғанымен, оның қарапайым көшірмесі болып саналмаса керек. Осы тұрғыдан келгенде, Әуезов – әлем әдебиетінің аса ірі өкілі!..

Академик Зейнолла ҚАБДОЛОВ.


***
Мұхтар Омарханұлының сүйікті қызы Ләйладан кейін әкелік мейі­рі­мін төгіп, шапағатын шашқан, үлкен се­німмен үміт күткен ұлы Мұрат Әуе­зов болды. Мұхтар Әуезовтің сон­шалықты сағынышпен күткен ұлы­на өзі ат қойғысы келгені жөнін­де Фатимаға (Мұхтар ол кісіні Бати­ма деп атаған – Г.П.) жазған хатында мынадай мәлімет бар: «…мен сенің жайыңды ойламайды емеспін. Көңіл­де сенің балалы болған халің бір­де-бір уақыт ұмытылған емес. Сен кеткелі өзіңді сағынтып та, дос жү­рекпен соншалық жақын тұтып та көп-көп ойлаймын. Кейде уайым етіп, кейде адамшылық қайратыңа, бас қасиетіңе сеніп, үміттеніп қуа­ныш­та еске аламын. Болашақ кіш­кене­нің тірлігіне, саушылығына үміт артып қуанамын.
Сүйікті, сағынышты, ыстық ба­лам болады, Бәтиматай. Осыныма сен. Қыжылданбай, қатты болмай дос жүрекпен сен.
Балаң ертең бала болса атын қа­ра­пайым қазақша қойма. Өз атта­рым­дай кітапша ат қой. Мен Хайдар деген атты ұсынар едім. Амандық сау­лықпен босанған жайыңды айтып хат жаз. Сағынып, сүйген досың М.10.ХІ.42 ж». Міне, осы хатта ай­қын­далғандай жазушы ұлының есі­мін Хайдар деп ұсынғанымен, анасы Фатима әкесі Мұхтарға ұқсас болсын деген ниетпен Мұрат қойыпты. Мұх­тар Әуезов те қарсы болмаған. Фа­тима Ғабитованың алғашқы ер­лері – Біләл Сүлеев пен Ілияс Жан­сүгіровті Мұхтар Әуезов жақсы та­нып, сыйлаған, аса қатты құр­мет­теген. Сондықтан кейін екеуі де ұсталып, саяси репрессияға ұшырап, Фатима айдауда болған жыл­дары өзгелер қамқор қолын созу­ға үркіп шетте жүргенде ештең­ден жүрексінбей қазақтың екі ұлы қай­раткер, қаламгерлердің ұл-қыз­дарын қолтықтан демеп, өмір сүруі­не, білім алуына бар күш-жігерін жұм­саған бірден-бір тұлға – Мұхтар Әуезов болатын.
1938 жылдың 10 август күні НКВД-ның жендеттері «24 сағат ішінде Алматыны тастап, қайда бол­са да екі жылға кетесіз» дегенде Се­мей­ге, ал 1942 жылдың шілде айында та­ғы да Алматыдан кетуге тура кел­генде Мұхтар Әуезовтің кеңесімен оның туыстарын жағалап Меркеге баруға мәжбүр болған. Осы айдау­лардың бәрінде тек Мұхтар Әуезов қана 4 баласы бар Фатима Ғабитоваға қамқорлық көрсетіп, ұлылардан қалған ұрпақтардың ұнжырғасы түсіп, тапталып кетпеуіне көп көме­гін көрсеткен. Оған М.Әуезовтің өз қолымен жазған бірнеше хаттары куә. Кейін өмірге Мұрат келген соң бұл қамқорлық нығайып, таза әкелік сүйіспеншілікке ұласқаны мәлім. Жы­рақта болса да жүрек жылуын сезі­ніп өссін деген дана жүректің Мұ­ратқа деген махаббаты ерекше бола­тын. Хаттарында: «Кішкентай Мұраттың саушылығы, өсуі қалай? …Мұратайым жақсы өссін… Мұрат туралы осылайша жақсы қып, жиі жа­зып тұр… 5.1,45», – деп үнемі мейі­­ріммен, әкелік қамқор көңілмен қа­дағалап отырған.
Алыста болса да айналайынын ая­маған сүйікті ұлы Мұратқа деген өл­шеусіз махаббат оған сыйлаған ал­ғашқы автографында да мөлдір күйінд­е сақталыпты: «Алтын балам, ақыл­ды, жақсы Мұратайға. Ағасы­нан» 1953 ж. 28/ХІ». Бұл Фатима Ға­битқызы айдауда жүрген кезде өмірге келген кенже ұлы Мұратқа ар­нап жазған алғашқы жүрекжарды сөзі, сағынышы, сүйіспеншілігі, әке­лік махаббаты еді. Бұл – 1953 жы­лы Алматыдағы «Қазақтың мем­ле­кеттік көркем әдебиет» баспасынан түзетіліп, үшінші рет шыққан «Абай» романының бірінші кітабына жазған қолтаңбасы еді. Осы бір сөйлемге ұлы жазушының ұлына деген шексіз, әрі шынайы сүйіспеншілігі сыйып кеткендей.


Мұхтар Әуезовтің әр шығармасы мен үшін құнды, мен үшін қымбат, мен үшін бағалы. Оның туындылары әлемдік әдебиеттің айдынына мөлдір бұлақ боп кұйылып, күллі адамзатқа ортақ рухани қазынаға айналды. Ол Абайдай ұлы ақынның өшпес мұрасын, тарихи тұлғасын өз халқының тыныс-тір­шілігімен, бүкіл өмір жолымен бірлікте алып көрсетті. Сондай-ақ, Әуезов жастайынан-ақ жазу­шы­лық міндеттің не екенін ерте танып, жете ұғына білді. «Абай жолы» романының өзегі – ұлт өмірі, ұлт­тың жүріп өткен жолы. Қаламгер ел есінде сақталып қалған кейбір уақиғаларды, фактілерді, әсі­ресе, Абай турасындағы мұрағаттық материалдарды, түрлі мәліметтерді, ұлы ақынның қалған мұра­ларын кең, өнімді пайдаланған. Әйтсе де, әрбір көркем әдебиетке тән ойдан қосу, сол арқылы өзінің ны­саналанған ойын толығырақ, қонымдырақ етіп жеткізуге деген ұмтылысының да өте орынды екенін атап өткен жөн. Эпопеяның бас қаһарманы Абай болғандықтан, шығарманың өн бойындағы шытыр­ман уақиғалар желісі, сан алуан кейіпкерлер іс-әрекеті, тағдыры Абай төңірегінде шоғырланып, ілгері дами түседі. Бұл тамаша эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тарта отыра, табиғаттың, тұрмыстың не­бір ғажайып картиналары мен адам құштарлықтарын сипаттауымен бізді іңкәр етті. Әуезов қала­мы­мен тарих қайта тірілді, ауыл өмірі, адамдар тағдыры бой көрсетті. «Абай жолы» – шығармашылықтың тыл­сым сырына, өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған туынды, әлем әдебиетіндегі шоқ­тығы биік үздік шығарма.

Момын ҚАНАҒАТ, Тәжік әдебиетінің классигі.


 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір