«Қилы заманға» барар жол…
29.09.2017
1683
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


Ұлы суреткердің отызға толар-толмас жасында ойын тербетіп, жүрегін қозғаған қанды оқиға туралы атақты туынды Қарқара көтерілісінің әлі қайғы-қоламтасы көңілдерден басыла қоймаған, көзімен көргендердің біразы ата қонысын тастап, іргедегі Қытай жеріне ауып кеткенімен, дені өксік-наласын көкірегінде түйіп, әнге қосып, жырға айналдырған, көтеріліс басшылары жайлы аңызға бергісіз ақиқат ел ішінде гулеп тұрған 1927 жылы жазылған болатын.

Қарқара көтерілісі туралы ресми идеологияның көзқарасы ауып-төгіліп, қырық түрлі баға беріліп, ақи­­­қаттың тоны әлденеше ай­нал­ды­рылып жатқан тұманы мен күмә­ні қалың кезеңде жас Әуезовтің мұн­­дай ұлт намысы мен халық қа­сі­­ретін мейлінше ащы, барынша шын­шыл етіп көркем баяндауы, сол дәуір тұрғысынан алғанда да, бүгінгі за­манның көркемдік өлшем би­і­гі­нен қарағанда да, нағыз суреткер ер­­лігі еді.
Бұл, сайып келгенде, отарлық ез­гінің адам төзгісіз қиянатын, қия­натқа барар жолдағы пенделік әл­сіз­діктер мен озбырлықтардың бет-пердесін жарқыратып ашар үл­кен әдебиетке тән көркемдік тә­сіл­дерді әлемдік деңгейге көтерген ұлт топырағындағы үлгі еді. Қудалаудың құрығы құтырынып тұрған қиын шақта ұлт санасын тәрбиелеуге ұм­тыл­ған жазушының жасқанбай, тар­тынбай, тағдыры көкпарға түсіп тұр­ған іргелі де күрделі тақырыпқа баруы суреткер ойы мен мұратының кең­дігін байқатса керек. Бұл осыған дейінгі жазушы каламына шырай бе­ріп, сахараның алуан-алуан оқи­ға­ларына шынайы ұлттық рең, ұлт­тық нақыш, ұлттық мінез ұяла­ту­да айырықша рөл ойнап келген құ­нарлы тіл мен шұрайлы сөз қол­дану үлгісін жаңа сапаға – осыған дейін әдебиетімізде ұшыраспаған кеңіс­тікке алып шығудың тал­пы­нысы болатын. Әуезов қаламының кі­біртік білмес кең тынысты баян­дауы даланың төрт мезгіліне тән бояу­ларын беруде, ұшы-қиыры жоқ са­хараның сан түрлі суреттерін өр­нектеуде, қайталанбайтын қазақы ха­рактерлерді сомдауда, сол кездің өзінде-ақ хас шеберлерге тән биікке көтерілгені “Қыр әңгімелері”, “Қаралы сұлу”, “Қорғансыздың күні”, “Көксерек”, “Қыр суреттері”, “Ескілік көлеңкесі”, “Кім кінәлі?”, “Жетім”, “Барымта” тәрізді көркем әңгімелерінен тайға таңба бас­қан­дай анық көрінеді. Эпикалық баян­даудың тек Әуезовке ғана тән та­би­ғаты, салған жерден мен мұндалап үйіріп әкетер қасиеті қазақ көркем әдебиетінің бағына жаралған си­па­ты бөлек ұлы тұлғаның келгенін ға­сырдың елең-алаң басындағы аяқ алысының өзі-ақ айтып тұрғандай еді…
Әдебиет дейтін кінәмшіл, кір­пияз әлемнің босағасын бірден осы­лай әлемдік өлшемдегі өрісті дү­ниелерімен аттаған жас Әуезовтің су­реткерлік қалыбының бекіп, өрі­сінің кеңеюінде ерекше көзге тү­се­тін 1927 жылы жазылған “Қилы за­ман”, “Қараш-Қараш оқиғасы” по­­вестерінің қаламгер шығар­ма­шы­лығында да, жалпы ұлт әде­бие­тін­де де алар орны айырықша. Егіз­дің сыңарындай елестейтін бұл екі туындыда өткен ғасыр басын­дағы Жетісудың ең бір сұлу да кө­рікті төрі – Алатаудың қалың қой­нау­лары сүйсіне суреттеліп, осы өңір­де болған орасан тарихи оқиға­лар­дың трагедиялық реңі мен си­паты барынша терең баяндалады.
“Қилы заман” повесі жазу­шы­ның отызға дейінгі жазған туын­дыларының ішіндегі ең күрделісі. Қа­зақ өмірін әлемдік контексте қа­растыра отырып, белгілі бір тарихи оқи­ғалар мен тарихи тұлғалардың өмі­рін, ащы тағдырын шыншыл су­рет­теуге қаршадайынан қалып­тас­қан суреткер қаламы Қарқара то­пырағында болған қанды оқиғаны әдейі таңдап алған тәрізді.
Көтерілістің себеп-салдарын ашу­да айқай-сүрең, жадағай ұран­нан гөрі, жұмыр бас пендеге тән пәл­сафалық сипаттарға көбірек мән беріледі. Жер мен адамның, көк пен жанның байланысын таны­тар нәзік иірімдердің көбірек тал­қы­ға түсуі, отарлық озбырлықтың та­мырын қопарған ауыр-ауыр оқи­ғаларға автордың жасқанбай баруы соның дәлелі. Астары астаң-кестең айдыны кең баяндаудың қанатын ба­рынша кең жаюына мүмкіндік бе­ретін бұл әдіс Қарқара көте­рі­лісі­нің салдары мен себебін адамдар­дың жан-дүние­сінде болып жатқан бұлқыныстар мен сілкіністер әле­мінен көбірек іздеуге көмек­те­се­ді.
Турасын айту керек, архив қор­жынында жатқан деректерге, оқи­ғаны көзімен көрген адам­дар­дың айтуына ден қойсақ, Жетісу же­рін­дегі бұл көтерілісте қан аз төгіл­ме­ген. Мыңдаған жылдар бойы ба­ба­ларының бабалары ауасын сіміріп, жерін басып, осы арада көгеріп-көктеп, ұрпақ сүйіп, өмірін жалғап келе жатқан ел мен осынау бай, құнарлы, көрікті өлкенің басынан нендей кезеңдер өтпеді?..
Қазақ қазақ болғалы ұлт ре­тін­де жоғалып, жойылып кетпей, осы кең байтақ Ұлы Даласына кіндігін байлап келе жатқан есті өмірінде зобалаңның, әділетсіздіктің, қан-қыр­ғын соғыстардың талайын кө­ріп келеді. Сол Ұлы Даланың бір ұлы пұшпағы – Жетісу жерінің де басынан кешпегені жоқ.
Иә, 1916 жылғы қазақ жерінің қиыр-қиырын кең қамтып, Ресей самодержавиесінің ойын қал­ты­ратқан ұлт-азаттық көтерілісінің ха­лық өміріне қалдырған табы ка­лың. Кейбір дерек көздеріне сүйен­сек, осы тұстағы көтерілістің ел өміріне қалдырған зардабы адам сенгісіз. Ауыл- ауылдары, елді­ме­кендері тығыз орналасқан, жар­тылай отырықшы, жартылай көш­пелі үлгіде жаңа ғасыр босағасын ат­­­таған көрікті, көркем өлкеден сол жылдары Қытайға қарай 300 (үш жүз) мыңдай адам үріккен. Үш жүз мыңның екі жүз елу мыңдайы қазақ, елу мыңнан астамы қырғыздар… Ойлап көріңізші… Үш жүз мың тағ­дыр! Анау-мынау кішігірім бір ұлт­тың саны. Бергі беттегі көтерілістің өрті жайылған тау-тасында көмусіз қалған, өлген-жіткен қандастарымыз қаншама?!
Ашынған көзге қан тығылады. Қан кекті оятса, көз көруден қала­ды.
1916 жылғы Қарқара мен Қа­ра­қол, Пішпек пен Тоқмақ, Қастек пен Жар­кент, Қапал мен Көксу, Әулие Ата мен Созақ, Торғай мен Ырғыз өңір­лерінде болған ұлт-азаттық си­пат­тағы жалпыхалықтық көтері­ліс­тер­дің ең ірі ошағы – Қарқара кө­те­рілісі туралы өз басым бала күнім­нен естідім. Әлемнің алтыншы бө­лігіне теңдесі жоқ им­перия ор­нат­қан “мұртты көсем” ба­қилыққа аттанғанымен, ол ор­нат­қан қатал тәр­тіпке бағынып үй­ренген елдің елуінші жылдардың ішін­дегі өмірін елестетіп көріңіз­ші…
Әрине… Ең әуелі көзге соғыстан соң енді-енді есін жиып, қолы ау­зы­­на жете бастаған қыр өмірінің елес­­тері күмәнсіз. Аспаны шымқай, ашық, адамдары да адал, есеп-қи­сабы жоқ, бірі-біріне қолқабыс жа­­сауға ұмтылып отыратын қоңыр тір­­шілік кешкен қоңыр ауылдар… Қоңыр тау, қоңыр даланың иелері – қоңыр мінезді, қоңыр күртелі әже­лер мен қоңыр шапанды ата­лар… Қоң­торы тіршілік… Қазандағы сүтін са­пырып отырып, қоңыр күртелі әжем – ұлы әжем – Ора­за­лы­ның ше­шесі, әкем Мырқасымның әжесі – Мақтым әңгіме айтушы еді…


Әуезовтің құдіретті талантынан туған тамаша шығармалар даланың ақ арай таңындай жайнап, қазақ халқымен қатар қырғыз халқын да шүлен шұғыласына бөледі.
Мұхаң жайлы ойланғанда, әуелі мен оның ұлттың ой-сезімі, қазақ елінің философиясы менен ұлттық дүниетанымы кеңінен көрінген көркем шығармаларын айтар ем. Әуезов Абайды Әлемге танытса, өз кезегінде дүние оқырманы Абай арқылы Әуезовті, Әуезов арқылы қазақты таныды. Әуезовтің тағдырлы туындысы «Қилы заман» орысшаға аударылған кезде бірінші болып оқыдым да ойға қалдым. Бұл көркем дүние маған қатты әсер етіп, мен үшін жаңалық болды. Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» мен «Көксерегі» экранға шыққан соң, бұл кино өнерін мазмұн жағынан байытты. Бұл кинолар советтік кинематографиясының ең мықты жетістіктерінің қатарына кірді. Қырғыз өнерінің көрнекті өкілдері – Төлөмүш Океев, Болот Шамшиев, Сүймөнкул Чокморовтар Әуезов шығармалары бойынша түсірілген фильмдерге бүкіл күш-жігерін, шеберлігін салып, ұлы жазушыға деген туысқандық сүйіспеншілікті білдірген-ді.
Мұхтар Омарханұлы Әуезовті қырғыз халқының ұлан-ғайыр эпосы – «Манасты» зерттеуге ұмтылдырған да оның достық деп соққан ұлы жүрегі, халықтар ынтымағын жарастыруды көздеген асыл мұраты еді. Ұлылар – көп қырлы. Бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Ол кісінің жанында көп жүрдім және көп нәрсе үйрендім. Суреткердің «Абай жолы» бүкіл түркітілдес халықтардың, оның ішінде көшпелі халықтардың адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесі. Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек. Ол – түркі дүниесі үшін ғана емес, адамзатқа ортақ классик.
Шыңғыс АЙТМАТОВ.


Әжемнің әңгімесі маған бір түр­лі төркініне қайғы-мұң ұялаған қа­­зақы сарындағы көне-көне күн­дер­дің көнермес әніндей болып ес­ті­летін.
Қарқара… Қайқы… Әділбектің Ақ­шоқысы… Ереуілтөбе… Тұздың ба­сы… Мыңжылқы деген жер атау­ла­ры әжемнің аузынан шыққанда әл­декімнен қорқып, жасырынып, жас­қанып, сыбырлап, күбірлеп шы­ғатындай еді… Жерошақтың отын қағыстырып отырып, ки­ме­ше­гінің ұшымен байқатпай көзінің жа­сын сүртетін… Сүртетін де… “Қай­ран елім, Албаным, Қарқараны жай­лаған, жағалай бие байлаған…” деп әлдебір ұзақ дастаннан жатқа үзін­ді айтатын… “Жәмеңкедей ше­шен­ді бұлбұлдай тілі сайраған, Ұзақ­тайын батырды күш-жігері қай­наған, Жаңабайдай болысты бо­талап көзі жайнаған, Әділбектің Құр­манын мыңғыртып жылқы айда­ған…” деп барып, ақ патшаны, орыс­тың ұлығын қарғайтын жыр­дың бір тұсы “Басшыларын Албан­ның Қарақолға айдаған” деп ыш­қы­нып барып бітетін… Сексеннің ішін молынан аралап кеткен кәрі әжем мұңая таусылып төркінін еске ала­тын. “Жылқысының арты Тү­мен­байға суатқа түскенде, Түменбай сазының қара суы тартылып қа­латын, аузымен құс тістеген Әділ­бек­тің ерке қызы Мақтым едім”, – деп көкірегі қарс айырылатын. “Қар­қара қырғынына қатысып, ел бас­тағаны үшін Әділбектің бала­лары Құрман, Дәмен секілді көк­жал­дар атылды, қуылды, ұрпағы тоз-тоз болды. Міне, атағы жер ті­ре­ген тұқымнан бір тұяқты көруге зар болып отырысым мынау”, – деп егі­летін әз ана.
Он-он бір жастағы баланың жа­дында “Қарқара көтерілісі” дейтін ұғым алғаш осылай оянды. Бұл қыр­ғын, бұл соғыс менің бейкүнә, ба­ла мінезді санамда найза-қылы­шын жалаңаштап, ат үстінде құй­ғы­тып бара жататын кіл батыр­лар­дың алашапқыны болып елес­тей­тін… Бәрін елестетсем де, менің жаныма, жүрегіме осыншама көл-көсір қа­зынаны қондырған кәрі әжемді қыз қал­пында елестете алмай, қиналу­шы едім… Ақыры, сол “қыз болып елес­тей алмай” менің жадымда “қоңыр күртелі” әже болып сақ­тал­ған Әділбектің қызы Мақтым төр­кінін аузынан тастамай жүріп, 1958 жылы құдай қосқан қосағы, Сөгеті болысына аты мәлім атақты Бай­сейіт бидің ұлы – тоқсан жеті жа­са­ған Өмірден тоғыз жыл бұрын қа­си­тетті Қарадала – қазіргі Ұйғыр ау­данына қарасты “Бақағаш” ауы­лында дүние салды.


«… Соншама ұлылықпен, соншама сүйіс­пеншілік­пен және Әуезовтей кісі жырлаған халық шынымен бақытты ғой!».

Бержерон, француз сыншысы.


Кейін Мұхтар Әуезовтің атақты по­весінің желісімен пьеса жазу ке­зінде архив құжаттарының ішінен кезд­естірдім. Шынында да, ұлы әжем­нің бір бауыры – Таңатар бо­лысы Әділбекұлы Құрман Қарқол түр­месінде атылған алғашқы он же­тінің бірі болып шықты. “Қилы за­манда” аты аталмаса да, ұлы әжем­нің айтуымен бейнесі санамда қа­лыптасқан, менің Қарқара туралы ойым­ның төрінде сақталған Құрман Әділ­бекұлы дейтін түп нағашымды шәйіттер тізіміне ойша қосып жү­ре­мін.
Менің “Қарқара көтерілісі” дей­тін ұғыммен жүздесуіме себеп­кер болған ендігі бір екі адам – на­ға­шы әжелерім Жәмиләш апа мен Жәжем. Екеуі де елге сыйлы, әңгі­ме­ге жүйрік, мінезді кісілер еді…
Үлкен нағашымыз – Жаңабай Құ­дайбергенұлы туралы әңгіме көп. Көп әңгіменің негізгілерінің бірі – біздің өңірде алғашқы төрт клас­стық орыс-қазақ мектебін (“Тоғыз­бұ­лақ” дейтін елдімекенде еді, кейін Құдайдан безгендер қабыр­ға­сы мен іргетасын түк қалдырмай тал­қандапты) ХХ ғасырдың ба­сын­да, жобамен 1903-1904 жылдары сал­дырған зиялы кісі болғаны. Екін­шісі – орысша хат таныған, оң-солын жақсы білетін, ортасына сый­лы кісі болғаны. “Қоржын-қор­жын кітап ұстаған білімдар адам бол­ған” дейтін келіні Жәмиләш апам марқұм…
Жаңабай Құдайбергенұлы 1916 жыл­ғы қанды оқиғамен Қоңырбөрік бо­лысы болып тоқайласқан. “Жас кет­кенше, сары тісті бас кетсін”, деп Жәмеңке мен Ұзақтың, Қазыбек пен Тұрлықожаның, Диханбай мен Серікбайдың қатарынан табылған. Қа­пыда қолға түсіп, алғашқылардың ішін­де Қарақол түрмесінде атыл­ған.
Осы орайда, Жәжем марқұмның ау­зынан естіген бір әңгіме – аңызға бер­гісіз оқиға есімнен кетпейді.
Қарақол түрмесіндегілер, қазақ-қыр­ғызы бар, қорғанды бұзып шы­ғады да бас сауғалап, үй-үйді, қора-қопсыны сағалап қашады. Құрман Әділбекұлы Жаңабайдың қайын ағасы екен. Құрман екеуі бірге бас сау­ғалаған… Құрманға оқ тиіп, ша­ла­жансар күйі Жаңабай екеуі Жаңа­байдың бір татар тамырының үйіне кел­еді. Сол жерде Құрманның жа­ны үзіледі. Артынша қуғыншылар келеді. Жаңабай етті-жеңді, толық кісі болған екен. Татар тамыры Жаңа­байды тандырға жасырғысы келеді. Жаңабай тандырдың аузына сыймайды… Татар сасқанынан “Әжет­ханаға тығыл” депті. Сонда Жаңа­бай тұрып: “Тамыр-ай! Ажал тура келді білем. Жаңабайдың сүйе­гі әжетханада қалыпты болмасын. Үйіңе бар. Қарсы алайын ажалды” деп, құбылаға қарап тұрып, өз жа­на­засын өзі шығарыпты. Қаны­пе­зер­лер оқ шығармай есіл ерді қы­лыш­пен шапқылап өлтіріпті… Бы­лай шыға бере әлгі екі орыс бі­рін-бірі шауып өлтіріпті…” дейтін те­рең күрсініп отырып жатқан же­рің жайлы болғыр Жәжем…
1984 жылы жолым түсіп Қара­қол­ға бардым…
Қасымда балаларымның анасы – Фаукен, қызым – Эльмира, ұл­да­рым – Бағлан мен Еркебұлан бар.
Қарақол көшелерінен сұрас­ты­рып жүріп, ана ғасырдың басында са­лын­ған ескі түрмені таптық. Мұ­сыл­ман мешітінің (кейін салынған болуы мүмкін) қасына орналасқан орыс патшасының ескі түрмесі бұ­зыла қоймаған екен. Ұлы Мұхаңның “Қилы заманында” жазылғандай ор­нында тұр… Әлі түрме көрінеді… Со­ны естігенде жүрегім селк ете қал­ды.
Мешітке кірдік. Адам аз екен. Көңіл­ге алған үлкен парызды орын­да­дық. Пітір-садақасын беріп, ме­шіт­тің молдасына құран оқыттық. Өзім білетін арғы-бергі аталарым мен әзиз жүректі аналарымның қа­та­рына Қарқара көтерілісінің Жә­мең­ке, Ұзақ, Жаңабай, Құрман, Тұр­лықожа, Нүке, Біләл, Әубәкір, Ди­ханбай, Кәрбоз, Қазыбек, Жан­пейіс, Серікбай секілді есімін біле­тін ел қадірлілерін қостым. Рухта­ры­ның ел жадында жаңғыра беруін ті­ледім.
Сол жылы Мұхаңның мен сах­на­лаған атақты повесі академиялық театр­дың репертуарына екінші рет кі­ріп, тағы да қойылмай қалды.
Пьесаның жазылуьша тікелей се­бепкер болған Асекең – маркұм Ас­қар Сүлейменов пен пьесаны сах­наға шығарғысы келіп шы­рыл­даған Әубәкір Рахимов ренжіп-рен­жіп қойды. Пьесаның алғашқы нұс­қасы 1979 жылы дүниеге келіп еді. Екінші нұсқасы 1981 жылы Пи­цундада жатып, қайта жазылды. Қойылған жоқ. Осы нұсқа (екінші) өзі­ме ұнайтын. 1987 жылы марқұм, та­лантты режиссер Қадыр Жет­піс­баев білек сыбанып кірісті. Өкі­ніш­ке қарай, спектакль репетициясы қызу дайындық кезінде тоқтатылды. “Қазақ ұлтшылдығының” қайнап тұр­ған жылдары. Неге тоқтатыл­ғанын ешкім айтпады… Ұлы су­рет­керлердің 90 жылдығына бағыш­тал­ған Жетпісбаевтың спектаклі жол ортада үзілді.
“Қилы заманның” 1928 жылы ав­торымен қоса жауапқа тартылып, түрмеге қамалуы аттай 44 жылға со­зылса (1972 жылы “Новый мир” жур­налының 6 санында Шыңғыс Айт­матовтың алғысөзімен жарық көр­генге дейін), оның сахнаға ба­рар жолы да 18 жылға созылды. Қа­лың жұрт сарыла күткен “Қилы за­манның” ел көңілінен шыққан сах­налық қойылымын жүзеге асыру пье­саның алғашқы нұсқасынан бас­тап, барын салып жүгірген Әу­бә­кір Рахимовтың мандайына жа­зылыпты.
1997 жылы суреткердің 100 жыл­дық мерекесі кезінде М.Әуезов атын­дағы академиялық драма теат­рының сахнасында спектакльдің пре­мьерасы ойналды.
Жас Әуезовтің албырт сезімі мен намысшыл ойына қозғау салған өмір ақиқаты, тарих шындығының ар­насы қалай кең болса, иірімі де сон­шама терең еді… Көркем шығар­мада өмірде болған қан-қырғын мен қиын оқиғалардың бәрін толық қамту мүмкін емес, әрі қажеті де ша­малы.
Тау жұртының тағылымы мол ер­лік күресіне бар ынты-шынты­сы­мен беріле ғашық болған үлкен па­расат иесінің әр образды сомдауда қат­ты ізденгенін, әрі “жауын-жауын­ның арасынан жол тауып шығу” үшін, ара-тұра уақыт идео­ло­гиясы ұсынар “таптық сипаттағы” эс­кизді линияларды да шебер кіріс­тіріп отырғанын, болашақ “Абай жолына” барар соқпақтардың ал­ғаш­қы сүрлеулерін аңғарғандай бо­ла­мыз. Бұл, әсіресе, Дәулетбақтың бей­несін сомдайтын шағын үзінді мен Ұзақ – Тұңғатар қақтығысынан ай­қын көрінеді. Жазушы өмір сүр­ген кезеңнің көзімен қарайықшы. Уақыт, заман идеологиясының өзін “сүріндіріп” өтіп, көркемдік пен сұлулықтың мәңгілік қағидаларына бой ұрған қолтаңба менмұндалап түрған жоқ па?! Бәкейдің аянышты өлімі, көшпелі өркениеттің соңғы бесігін тербеткен қазақ қоғамының кайталанбас қалыбы, жолынан шықпас мінезі, ел өміріне бірте-бірте дендей еніп келе жатқан аяр­лық пен әккіліктің, тоғышарлық пен топшылдықтың жаңа сипатты кө­ріністері… Сондай-ақ, шығар­ма­ның көркемдік келбетін, абырой-бе­делін анықтайтын Ақжелке, Хлы­новский тәрізді патша ше­неу­ніктері, Жебірбаев, Рахымбай тә­різ­ді аярлық пен айланың иелері – Әуезов қаламының шеберлігін та­нытар кұнарлы беттері екені шү­бә­сіз.
Иә…
Қара орман қазақтың басына та­лай келіп, талай кеткен көзсіз бақ­тың 1916 жылы ел көңілі мен са­насынан қатты үріккені ақиқат. Бақ елден үркіп қана қоймай, елдің өзі өрісі тарылып, өзегі өртеніп, кін­дік қаны тамған қасиетті туған же­рінен, туған топырағынан үдере көш­кен кезеңі жайлы шығарма жазу бүгін жеңіл болып көрінуі әб­ден ықтимал. Ал кезінде оттан көй­лек киген 1916 жылдың өмір ақи­қатын жазу бас бермес “асауды жуа­сытумен” бірдей болғанын не­сіне жасырамыз.
Мұхтар Әуезовтің “Қилы за­ма­ны” осындай қатпары калың, жүгі ауыр оқиға жайлы жазылған батыр шығарма. Жанын шүберекке түйіп, өзін кұрмалдыққа арнаған батырлар мен батылдар жайлы басқаша жазу мүмкін де емес еді.
Арғы-бергі дәуірлер көшінде та­лай шаң қауып барып, ойын тү­зеп, бойын тіктеген ұлтымыздың ұлы тарихында ел абыройын аспан­да­тып, рухын биікке көтерген, Алаш жұртының арқасын аяздай қа­рып, айбынын жаныған ұлы оқи­ғалардың бірі жайлы жазылған бұл туынды қай дәуір, қай кезенде де ұлт­ты тану мен сүюдің, ұлт үшін қай­ғыру мен мұңаюдың, ұлт үміті мен сенімін аялаудың мәңгілік бағ­дар жұлдызы болары даусыз.
“Өлі риза болмай, тірі байымас” дей­ді дана халқымыз. Рухы Қар­қара­ның аспанын кезгенімен, ама­нат-тағылымы мен тәрбиесі ұр­пақ­тар ойын, санасын тербер көңіл тө­ріндегі бағдар-жұлдыздың жары­ғы­на қараған сайын, елім деп еңі­реп, ерлікке бас тіккен, өздерін шәйіт­тікке арнаған ұлы бабалар ру­хы көкірегімізге қонақтарына, ел ертеңіне ұрпағымен, ұлтымен бірге ба­рарына сенеміз.
Бүгін де, ертең де солай бола­ды…
Бізден кейін келетін ұрпақ та сол киелі де қасиетті бағдар-жұл­дыз­дың жарығына көз тігері хақ. Көз тігіп тұрып, елі, жері үшін жа­нын жадыға салған бабалардың ер­лігіне сүйсінері, елдік мұраттарын үл­гі етері шүбәсіз.


Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы – қазақ әдебиетін классикалық деңгейге көтеріп, жаһан әдебиетіне көркемдік қуат алып келген үздік шығарма. Бұл – қазақ халқының әлеуметтік санасын энциклопедиялық деңгейде ашып көрсеткен туынды.
XX ғасырға дейін халық ауыз әдебиетінде драматургияға өзек боларлық мол қазына жиналды. Осы байлықты терең игерген Әуезов өз драмаларында жанрлық пішіндердің барлығын қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. Леонид Соболевпен бірлесіп жазған «Абай» пьесасы кейінгі эпопея тақырыбының барлауы ғана еді. Онда Абай өмірінің соңғы кезеңдері қамтылған. Отызыншы жылдардың аяғында жазушы білімі жөнінен, рухани толысуы жағынан шыңға көтерілді. Ол Абай тақырыбына осындай толысқан шақта келді. Бұл трагедия қоғамдық мән-маңызы бар күрделі жағдайларды көрсетті.
Осы дүниенің негізінде кейіндеу опера либреттосы мен киносценарий де жазылған еді. Әуезов трагедияларында сан алуан образдар галереясы бар. Олар өздеріне ғана тән, айрықша сөздік сипаттамаларымен кейіптелген. Әуезов – қазақ әдеби тілін дамытуға, қазақ тілінің негізгі сөздік қорын жеріне жеткізе пайдалана алған реформатор-суреткер. Ол мақал-мәтәлдерді, айшықты сөздерді, фразаларды бағзы күйінде ала салмай, оларды өз мақсат-мүддесіне орай жаңғыртып, жайнатып, қайтадан құрыштай құйып шығара алды. Оның әдеби мұралары ұлттық әдебиеттің ғана емес, бүкіл жер жүзі әдебиетінің алтындай қымбат, асыл дүниелері.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.


 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір