Әдебиет пәнінің мұғалімі «Қазақ әдебиетін» оқи ма?
22.09.2017
3206
0

Бұрындары «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәнінен сабақ беретін ұстазымыздың үстелінің үстінде қосымша әдебиеттермен қатар «Қазақ әдебиеті» газеті де жататын еді. Ал ондағы жарияланған ақын-жазушылардың шығармаларын оқып отырғанда апайдың жүзінен әлдебір қуаныш, әдебиетке деген сүйіспеншілік сезімі байқалатын. Оның сол ыстық ықыласы бізге де әсер еткендіктен әлгі шығарманы оқуға, ондағы ұнамды кейіпкерге ұқсауға тырысатынбыз. Бүгінгі күні де дәл сондай қажырлы, мықты, аузынан шыққан әр сөзі ізгілікке толы ұстаздарды іздейтініміз рас. Әрине, қазір де өз ісіне мығым, білікті мамандар мектептерде білек сыбана қызмет етуде. Дегенмен, бүгінгі қарбалас өмірде оларды бұрынғыдай «Қазақ әдебиеті» газетінің өмірімен етене араластыру қиын секілді.


– «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пән­дерінің мұғалімі ретінде «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» басы­лым­дарын оқисыз ба?
Күміс ӘБІКЕНҚЫЗЫ, зейнеткер ұстаз:
– Мен «Қазақ әде­­биеті» газетін қа­­зақ әдебиетінің жар­­шысы әрі жоқ­­таушысы деп бі­­лемін. Қалам­гер­­лердің газет бетіне жарияланған дүниелері арқылы қазақ халқының ке­шегі және бүгінгі тыныс-тір­ші­лі­гінен хабар алып отырамыз. Бұл ба­сылымның біздің рухани өмірі­міз­де орны ерекше. Бұрындары Алаш­тың «Бес арысы» мен «Үш бәй­терегі» жайлы мәлімет аз кезде ұс­таздар осы «Қазақ әдебиеті» газе­тінен көптеген деректерді алып, пай­даланатын едік. Ол уақытта ком­пьютер жоқ. Сол себепті, газет-журналдарға шыққан әдеби ма­териалдарды сақтап, көрнекі құрал ретінде қолданатынбыз. Ал осы күнгі мұғалімдер балаларға тап­сыр­ма бергенде «Интернеттен қараң­дар…» дейтін болды. Бүгінде мұға­лім­дердің жұмысы жеңіл деп айта ал­маймын. Дегенмен, тіл-әдебиеті ма­маны болған соң, уақыт тауып әде­би басылымдарды қарап, күн­делікті сабақ барысында оқушы­лар­мен бірлесе талдап отырғандары дұрыс.

Ботагөз ҚАНҒОЖАЕВА, «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінің мұғалімі:
– Әрине, бұл ба­сылымдар біздің бала кезімізден бе­рі үздіксіз шы­ғып келе жатқандықтан оны сүйіп оқимыз. Жыл сайын жазыламыз. Әр санын асыға күтеміз. Бізді бір қуан­татын жайт – соңғы кезде «Қа­зақ әдебиеті» газетінде көптеген жас ақын-жазушылардың шығар­ма­лары жарық көруде. Олардың жазғандары қазіргі заманға сай, тың жаңалықтарға толы. Оқып отырып, жастардың талантына тәнті бо­ла­сың, сүйсінесің. Бір өкініштісі, бұл басылымдарды тек алдыңғы буын өкілдері мен орта буын ғана оқитын сияқты. Қазіргі кезде халық әнші-бишілердің жеке өмірін қызықтауды әдетке айналдырды. Қоғамда қал­тасы қалың болғанымен рухани аш-жалаңаш, жан-дүниесі кедей адам­дар көбейді. Осы себептен де біз көркем дүниелердің адам өміріне қаншалықты оң әсер беретінін се­зінуден қалып бара жатырмыз.
Меніңше, еліміздегі әдеби ба­сы­лымдардың әр санында мектеп бағдарламасына сәйкес, ақын-жазу­шылардың еңбектерінің толық нұсқасы бөліп-бөліп болса да жа­рия­ланса, сондай-ақ ежелгі дәуір әде­биетіндегі ойшыл-даныш­пан­дар­дың трактаттарынан да үзінді бе­рілсе, жастардың көркем әде­биет­ке деген құштарлығы арта тү­сер еді. Әрі мектеп мұғалімдеріне де бұл дүниелер өте қажет деп ойлай­мын.
– Бір сыныпта шамамен 25-30 оқушы отырса, соның кем дегенде он­шақтысының әдебиетке деген қы­зығушылығы болатыны анық. Бүгінгі мектеп бағдарламасы сол балалардың әдебиетке деген құштарлығын оята ала ма? Олар қандай шығармаларды оқығысы келеді?
Күміс ӘБІКЕНҚЫЗЫ:
– Оқушыға мұғалім: «Сен мына жазу­шының шығармасын оқып, сол туралы өз пікіріңді жазып кел» не­месе «төрт шумақ өлең жаз», – деп тапсырма берсе, бала ізденеді. Егер мұғалім тақырыптың мәнін ашып, жақсылап түсіндірмесе бала қызықпайды. Ал қазіргі мұғалім­дердің жұмысының ауырлығы сон­шалық, бала тұрмақ өздері ізденуге уақыт таба алмай жатады. Шын­ды­ғында, қазіргі балаларға кітап оқыту қиын. Сол себепті де, осындай тап­сырмалар беру арқылы ізде­нім­паз­дыққа, оқығанын әңгімелеп айтуға дағдыландыруға болады. Жалпы, әдебиетке қызы­ғушылық «Әліп­пе­ден» басталады дер едім. Сондықтан олардың қызығушылығын арттыру үшін алдымен ертегі, аңыз-әңгіме­лерден бастап, кейін қисса-дас­тан­дарды, содан соң қазақ әдебиетіндегі ірі-ірі шығармаларды оқуға бау­лыған жөн. Менің байқауымша, қа­зіргі балалар фантастикалық жанрда жазылған кітаптарды оқуға, сондай фильмдерді көруге құмар сияқты. Балалардың еліктейтіні шет­елдік мультфилмьдердегі «Өр­мекші адам», «Бэтман» және т.б. кейіпкерлер. Олар неге Бауыржан Мо­мышұлына немесе Қасым Қай­сеновке және басқа ұлт ардақ­ты­лары­на ұқсауға тырыс­пайды?.. Өйткені, санамызды өзгелердің «қаң­сық» дүниелері жаулап алды. Со­лардың орнына ұлтымыздан шық­қан батырла­рымыздың адам сен­гісіз керемет ерліктерін кейінгі ұрпаққа дәріптеуге болар еді.
Ботагөз ҚАНҒОЖАЕВА:
– Жастар әдеби шығармаларды оқиды. Бірақ олардың қазақ әде­биетіндегі ірі-ірі көркем туын­ды­ларды сатып алатын қаражаты жоқ болғандықтан интернеттен қарай­ды. Алайда, интернеттен керек нәр­сесін жылдам тауып, ол туралы қысқа ақпарат­тарды алып үйренген балалардың әлгі шығарманы бас­тан-аяқ оқып шығуға шыдамдары жетпейді. Міне, кітап оқымайтын ұрпақтың көбеюіне себеп болып отырған жағдай осы. Заман талабы солай болғандықтан шығар, бүгінде ата-аналар балаларына математика, ағылшын пәндерін тереңірек оқы­ту­ға тырысады. Әрине, бұл жақсы. Бірақ көркем әдебиет адамның жа­нын ізгілендіретінін, оны адамгер­ші­лікке тәрбиелейтінін ұмытпауы­мыз керек.
Ал баланың қызығушылығын ояту – мұғалімнің тәжірибесіне, оның шеберлігіне байланысты. Егер мұғалім сабаққа берілген уа­қытты әйтеуір амалдап өткізіп, айт­қан сөзінен еш нәтиже шығар­ғы­сы келмесе, кім қызығады?.. Ме­нің­ше, кез келген балада әде­биет­ке, өнерге, музыкаға деген құш­тарлық бар. Тек сол қабілеттерін аша білу әркімнің қолынан келе бер­мейді. Ол өз мамандығын сүйе­тін, жанкешті ұстаз бен ата-ананың сүйіспеншілігі арқылы дамиды.


Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы:
– Жалпы, біздің мектептері­міздегі қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламаларында көркемдік дәрежесі ортақ болғанымен, мазмұны белгілі, әлдеқашан күні өтіп кеткен идеологиялардың ықпал аймағында қалып қойған шығармалар әлі де жетерлік. Мұның басты себебі, кешегі Совет одағы кезіндегі көркем әдебиет партиялық әдебиет болды. Сондықтан ол белгілі бір дәрежеде сол тұстағы қоғамның бірден-бір үстем билеушінің саяси күші – коммунистік партияның идеологиясына қызмет етуге тиісті-тін. Ал шын мәнінде, әрине көркем әдебиет белгілі бір идеологияға емес, тек ақиқатқа, шындыққа қызмет етуі керек. Өйткені, кез келген идеология уақытша, өтпелі. Ал ақиқат – мәңгілік. Сондықтан шындық бәрінен жоғары. Сол себепті, біз ақиқаттың дәмі қанша ащы болса да тек соған ғана жүгініп, соның дегеніне ғана көнбегіміз ләзім. Сонымен бірге, астын сызып, ерекше мән беріп, айта кететін бір нәрсе, біз әдебиеттің көркем өнер екенін ешқашан естен шығар­мауымыз керек. Ал классикалық өнердің басты міндеті – оқыр­ман­дарына бесенеден белгілі таптаурын болған бір арзан моральдарын тықпалап, олардың бастарын әрқилы үгіт-насихаттармен қатыру емес, адамзаттың сан алуан жағдаяттары мен бояуларға толы қайталанбас ғажайып әлемін көркем образдар арқылы шынайы бейнелеу. Осы тұр­ғы­дан келгенде тек орта мектептердегі ғана емес, жоғары оқу орында­рын­дағы да қазақ әдебиеті оқулықтары мен хрестоматияларына енген көркем шығармаларды Эстония, Литва, Латвия, Грузия, Әзір­байжан елдеріндегідей отарсыздандыру (деколонизациялау) елегінен өткізу арқылы олардың мазмұнын да, эстетикасын да жалпыадамзаттық құн­дылықтармен сәйкестендіру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мемле­кеттік мәселесі. Меніңше, қазіргі уақытта елдік деңгейде қолға алынып жатқан ұлттың санасын жаңғырту процесін ең алдымен осыдан, жас ұрпағымыздың санасы мен сезімін жаңғыртудан бастағанымыз дұрыс.


– Орта мектептердегі «Қ­азақ тілі» және «Қ­азақ әдебиеті» пән­дерінің оқу бағ­дарламасы туралы не айтасыз?
Күміс ӘБІКЕНҚЫЗЫ:
– Қазіргі мектеп бағдарламасын тым күрделендіріп жіберген. Ол тап­сырмаларды балалар түсіне ал­май милары ашып жүр. Тіпті, кейбір балалар кітап бетін ашуға жиірке­не­тіндей көрінеді. Тағы бір айта ке­тетін жайт, «Қазақ әдебиеті» оқулығының ішін­де насихат өлең­дер өте көп. Ал шын мәнісінде, әдебиет адам се­зіміне білдірмей, терең әсер етуі ке­рек емес пе?.. Бүгін­гі бастауыш сы­ныптың «Ана тілі» кітабындағы кей­бір ақындар­дың өлеңдерінде сөз байланысы жоқ. Ұйқастары ша­шыраңқы. Бұл өлеңдерді бала жатта­мақ түгілі, қашып кетеді. Оны жаттатып отыр­ған өзің де: «Ой­пы­рым-ай! Мына өлеңнің ұйқасы қайда кеткен?», – деп ойлайсың. Ал бұл баланың есте сақтау қабілетіне зиянын тигізіп, оның кітап оқуға деген ықыласын жойып жіберуі мүмкін. Жалпы, оқулықтағы тапсырма баланың жас ерекшелігіне қарай ықшамдалып жасалуы тиіс. Мек­теп оқулықтарына енген шығармаларды қайта сұрып­таудан өткізген жөн секілді. Өйт­кені, балалар әлі күнге дейін Совет үкіметіне қызмет еткен шығарма­ларды оқып жүр. Ал солардың орнына қазақ әдебие­тіндегі ірі-ірі қаламгерлердің шынайы шығар­маларын берсе, қандай жақсы. Мектеп оқулық­та­рын­да поэзия, проза бар. Ал дра­ма­тургия жоқ деуге болады. Мәсе­лен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» және т.б. дүниелерді неге ен­гізбеске?.. Баланың санасына ана­дан-мынадан үзіп-жұлып алынған шала нәрселерді күштеп сіңіруге тырысқанша, өзіміздегі бар­дан бастауымыз керек. Ең алы­мен ұлттық педагогиканы бірінші орынға қойсақ, қалғаны өз ретімен біртіндеп келе береді. Білімнің негізі кітапта десек, оқулық жасауға қа­тысып, соның басы-қасында отыр­ған азаматтар осы жағдайдың бәріне мұқият қарауға тиісті. Кейде біз оқулықтардағы қателіктерді көргенде, шала сауатты адамдардың ісі шығар деп ойлаймыз. Ал оның ас­тарында үлкен саясат жатуы да мүм­кін…
Баланың санасы жазылмаған ақ парақ секілді. Оны қалай, немен тол­тыру өзімізге байланысты.
Ботагөз ҚАНҒОЖАЕВА:
– Кей жағдайда ата-аналар ба­ла­ның сабақты түсінбегеніне мұға­лімді кінәлап, оның біліктілі­гіне күмән келтіріп жатады. Ал мұғалім бекітілген бағдарламаны өзі де он­ша түсінбей отырса, не істейді?.. Демек, сол бағдарламаны жасаған ға­лымдар оны түсіндірудің де жос­парын жасап беруге тиісті. Көптеген ұстаздар жаңа бағдарламаны қа­былдай алмай, дәстүрлі оқытуға көшуде. Қазақ «Жеті рет ойланып, бір рет кес» дегенді бекер айтпаса ке­рек. Мектеп бағдарламасын жа­самас бұрын осы бір қағиданы ұстанғанымыз дұрыс секілді. Еш бақылаусыз, тексерусіз баланың дамуына пайдасы бар ма, жоқ па де­генді ойламай, аз уақыттың ішін­де жасай салған дүние бәрібір шикі болары анық. Еліміздегі Білім-ғы­лым министрлігінің мектеп бағдар­ламасынан музыка және бейнелеу өнері пәнін алып тастауы – балалар­дың жан-жақты ашылуына, дамуы­на кері әсер беруде деп ойлаймын. Өйткені, кез келген адам шабыт­та­нып, ән айтпаса, ән тыңдамаса, ар­ман-қиялын шарықтатып сурет салмаса нағыз мылқауға айналады. Бұл баланың шығармашылық қабі­летінің дамуына зиянын тигізері анық. Қазір біз балаларды Кемб­ридж тәсілімен оқытамыз. Ал бұл әдіс­тің кейбір тұстары тиімді болға­нымен, ұлттық педаго­гикамызға қарама-қайшы келетін жерлері бар. Мәселен, қазақы тәрбиенің бәрін былай ысырып қоямыз да, балаға ма­хаббат сезімдерін оятатын сөз­дерді айтқызамыз. Ал осы­ндай тәрбиемен өскен баланы әдеби шы­ғармалар қызықтыра ма?..

Әзірлеген
Гүлім Нұрланқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір