Ақжайықтағы ақын тойы
22.09.2017
1221
0

Батыс Қазақстан облысында бел­гілі ақын, сыншы, филология ғы­лымының кандидаты, «Қызыл Жұл­дыз», «ІІ дәрежелі Отан соғы­сы» ордендерінің иегері Сағынғали Сейітовтің туғанына 100 жыл тол­уына арналған салтанатты шара өтті. Атал­мыш шара ең әуелі ақын­ның до­сы, КСРО Мемлекеттік сыйлы­­ғының лауреаты, Қазақстан­ның Ха­лық жазушысы, ірі эпик ақын Жұ­бан Молдағалиевтің ес­керт­кі­шіне гүл шоқтарын қою рәсімімен бас­талды. Одан әрі Ча­паев ауылын­дағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайында С.Сейітовке арнап жаб­дықталған бұрыштың таныс­ты­рылуымен жалғасты. Талап орта мек­тебінде Сағынғали Сейітов­тің сы­ныбы ашылды. Кейін аудан­дық ­кітап­хана алдында мерейтой иесі­не орна­тыл­ған ескерткіш белде­менің (бюст) ашылу салтанаты бол­ды. Оны Ха­лықаралық «Алаш» әде­би сыйлы­ғының иегері, Қазақ­стан Жазушы­лар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиа­лы­ның ди­рек­торы, ақын Ақұштап Бақ­тыгереева мен ақынның қызы Ди­дар Сағын­ғалиқызы ашты.Та­ғылымды жиын Мәдени демалыс ор­талығындағы «Сағынғалидың сыр­лы әлемі» атты салтанатты ша­раға ұласты. Кеш барысында ақын, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ға­лым Жайлы­бай мен Қазақстан мен Қырғыз­станның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов ақын шығармашылығы жайлы те­реңнен сыр шертті. «Сұлу сөздің сар­дары» атты аймақтық байқау жеңім­паздары марапатталды.
Өз кезегінде ақынның қос құ­лыны Дидар мен Ділбар Сейітовалар игі істің басы-қасында жүрген Ба­тыс Қазақстан облысының әкімі Ал­тай Көлгіновке және өзге де бір­қатар жауапты тұлғаларға ақынның ұрпақтары мен қалың жұртшылық­тың атынан алғыстарын айтты. Ра­­сында, ақынын ардақтаған әр­уақ­­ты өңірдің атқамінер азаматтары ая­ғынан тік тұрып, аталмыш шара­ны абыроймен атқаруға атсалысқан еді. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан об­лыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас­шысы Қадырболат Мұсағалиев, Ақ­жайық ауданының әкімі Әділ Жо­ламанов, Ақжайық ауданы әкі­мінің орынбасары Тілек Ғабдушев, т.б. нағыз қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсеткен болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір