Алақандай әңгімелер

0
273 қаралды

Ерғали САҒАТ


Қадірі қашқан қарттар

Аудан әкімі ауылға келген. Ауыл әкімі жылдық есебін жасай­ды, со­ған қатыспақ.
Әкімдіктің кеңсесі алдына жи­налған көпшіліктің қарасы көп. Ырың-жырың әңгіме.
– Қарасы батқыр, кеткен әкім су тартқыза алмай сусылдап кетіп еді. Подрядчиктерден қанша ақша жеді, соны қайтарсын. Айтайық.
– Көшеге қойылуға тиісті жа­рық­тың ақшасын да қайтарсын. Қыс­та балалар мектептен қараң­ғы­да қайтып, шошынды болды. Қай­тарсын.
– “Жасыл ел” бағдарламасы деп қалада көктем сайын ағаш отыр­ғызып жатады, ал бізде бағ­дар­лама жария болғалы бір тал да отырғы­зыл­мады. Есеп бергенде отыр­ғы­зыл­ған көшетті ешкі жеп қой­ды дей­ді. Ешкі емес, өзі жеген ақ­шаны қай­тарсын. Айтайық.
– Енді одан не пайда ол құры­ды. Мына жаңа сайланған баладан қайыр болсын.
– Иә, осы балаға айтайық был­ған­ба, қолыңды былғама деп. Ай­тайық.
Айтайық… Айтайық…
Ауыл ақсақалдары айтайықпен тұрғанда аудан әкімі Құлекенің ба­ласы қызметтік көлікпен ыз­ғы­тып жеткен.
Жаңа ғана батырсынып жыр­ғап тұрған қариялар орнынан атып-атып тұрып, әкімге қарай қол соза тұра жүгірді. Таласа-тар­маса қос қолын ұсынып, амандасып әлек. Әкім болса кекірейгенін біл­діргісі келмесе де, кербезденіп тұр­ғаны байқалады. Халыққа қыз­мет етеді деген аудандағы бірінші адамның сұры, сыйқы осы.
Мен теріс айналып кеттім…
…Онда біз шапқылап жүрген ойын баласы едік. Бәрі көз ал­дым­да. Біздің кішкентай “Көктөбеге” райком келді деп жатты. Ауылдың артына тары, картоп егілген. Ақсақалдардың айтуына қарағанда соны көруге келіпті. Қарияларға сәлем бере амандасып қайтуды да ұмыт­папты. Жиналған жерге же­дел жеткен райком хатшысы қос қолын созып, жағдайын сұрап, әр қа­рияға күлімсірей амандасып жат­ты. Жеке-жеке жағдайын сұра­ды. Ол кездің басшылары сондай еді. Көппен қоян-қолтық араласып жүретін. Қарттары да кеменгер еді.
…Төралқаға жайғасқан әкім аздап басын изегені болмаса, ха­лық­пен амандасқан жоқ. Ауыл­дың әкі­міне сөз берді. Ол кеше ғана өз­ге қызметке ауысып кеткен әкім­нің істеген жұмыстарын аз­дап айт­ты. Өзі де аз еді. Істел­ме­ген жұ­мыс­­тарды, әлгі қариялардың ойындағы бұған да мәлім екен, со­дан хабар беріп кетті. Аудан әкім ыза­ланып қалды. Жемдесі ғой.
– Жақсысын көбірек айтпай­сың ба, жаманын тізбелей бер­мей.
Мен қариялар енді көмекке ке­лер деп едім, бірақ бәрі аудан әкі­міне қарап басын шұлғып әлек.
Мен теріс айналып кеттім.
Арын сатқандар, Алласын сату­дан тайынбас деп осындайда үрей­ленген…

Жол астындағы тіршілік

Күнделікті жұмысқа баратын жолым.
Тротуар жиегінде көне терек өсіп тұрады.
Жанында кәрі жуан қара ағаш бар.
Сірә, олар тым ертеден келе жат­қан болар. Екеуі де.
Бәлкім, астана Ақмешіттен осын­да қоныс аударғанда отырғы­зылған, сол жылғы көшеттер шығар. Әйтеуір көпті көрген ағаштар.
Талай бекзат кісілер, сал серілер, танымал тұлғалар саясында сая­ла­ған болар-ау. Солай ойладым. Өйт­кені, бұл жерден жазушылардың үйі, суретшілердің үйі, сазгерлердің үйі, бұрынғы үкімет үйі… тіпті тұң­ғыш университет ғимараты да алыс емес. Сол есіме түсіп.
Бірақ әңгіме онда емес.
Сұмдығы, жылда көктем шыға са­лысымен әлгі қара ағаштың та­мыры Жаратқанның күшімен бойын­да тіршілік нәрі жүгірген бойы тротуардың жұқа асфальтін мыс­қалдап болса да қозғап, көтеріп жатады. Ал тамыр бойынан өткен тіршілікке қажетті заттар, қажетті құнарлар бұтақтарға барар, одан жапырақтарға жетер… Рахатын сен көресің, мен де.
Дөңестеніп жатқан тамырлы жер­ді баспай, айналып өтетінім со­дан. Басқалар да баспаса екен дейді ішкі үнім. Бірақ шаһардың екі миллион халқына үнің жете ме…
Дөңестеніп жатқан жер астында, бай­қашы, тіршілік демі бар, бүл­кіл­дейді.
Байқашы, баспа, баспа…

Әкем тірі болғанда…

Аурухананың екі кісілік па­латасы.
Екінші төсекке соғыс ардагері к­еліп жайғасқан.
Байқаймын, жанын күтетін кісі. Бой-пішініне қарағанда, кезінде тәуір қызметте болған. Қызметтік жеңілдіктерді қалт жібермей, тиімді пайдаланған да шығар.
Уақтылы дем алып.
Уақтылы дәрігерге қаралып де­ген­дей.
Уақтылы шипажайларда бойына қуат алғаны да анық. Қазірде жәй, тексерілуге, дәрігер қажет деп тапса жатып, жанын баптап шығуға ке­ліпті. Оны Пайғамбар жасынан ас­қан қызы айтты. Аты – Әлия. Ерте­рек­те Жандосов бойындағы екі қа­батты қамыс үйде аздап көрші тұр­ғанбыз. Онда қариямен жүздесу­ге жолымыз түспеген екен. Ол кезде кі­сілер Алматыға қазіргідей емес, си­рек қатынайтын еді ғой.
Енді қарияның жасын болжай беріңіз. Тоқсаннан асқан.
Қазақтың бәрі осылай күтінсе, ұлттың да орташа өмір жасы ұзақ бо­лар еді. Болар еді деген ой кел­ді.
Әке-шешемнің осындай тәртіп­ті әдет қылмағанына өкіндім. Әлі де жанымызда жадырап жүрер ме еді…
Әңгіме онда емес. Десе де…
Бір әдеттері қатты ұқсас екен.
Жатарда төсегін тап-тұйнақтай етіп салады. Жатарға өзін дайын­дай­ды. Біздер секілді көрпені ысы­рып жіберіп, төсекке құлай кетпей­ді.
Жарықтық соғыс өртін кешкен менің әкем де сөйтетін еді.
Соны көргендей болып отыр­мын.
Көрпесінің төгілген жиегін мат­растың астына тығып, жан-жағын ұқыппен қайта қымтады. Ашық қалса жел гулейтіндей болу керек. Со­дан сақтанғаны. Кеудешесін жас­тығының астына қойып биік­тетті. Сосын шешініп көрпенің іші­не баяулап енді. Мойнынан тө­мен, екі иығынан да ашық жер қал­дырмай қымтанды. Оның ал­дын­да “Катахром” көз тамшысынан екі көзіне кезек-кезек тамшы та­мыз­ған. Сосын екі қолын ішіне алып ұйықтамаққа көзін жұмды.
Жарықтық соғыс кешкен менің әкем де сөйтетін еді.
Бірақ “Катахром” дегенді біл­мей кетті.
Бұл кісі секілді жатар алдында мандариннің бір жұмырын аршып же­ген де жоқ. Оны ол тұрмақ, бала­сы біздің өзіміз, оның атын мұнда, Алматыға келгенде қанықтық. Онда да Жаңа жыл күніне екі-үш күн қал­ғанда саудаға түсетін. Кейде кезекте сағаттап тұрғанда уақытың зая ке­тіп, жетпей де қалатын кездері бол­ған.
Ұқсастықты қойсаңшы.
Көзін жұмғанынан да әкемді көр­гендей болып отырмын.
Ол да дәл осы кісі секілді ұйқыға ке­тетін.
Дәл осылай баптанатын.
Дәл осылай өзін дайындайтын. Бі­рақ бір ғана айырмашылығы бар екен. Менің әкем кей күндері екі та­банын көрпеден жалтыратып шы­ғарып жататын. Қалай жатты, таңертеңгілік солай қаз-қалпынан аумай, тырп етпей оянатын.
Көршім де солай оянды.
Менде таңданыс бар.
– Қалай жаттыңыз, солай оян­дыңыз, – дедім таңданысымды жа­сырмай.
– Әдет қой, – деді қария.
– Бала күннен қалған әдет пе?
– Жоқ, соғыстан қалған әдет.
Мен оның мәнін кезінде әкем­нен тәптіштеп сұрамағаныма өкін­дім.
Ақсақал ұрыс-ұрыстың ара-ара­сында жауынгерлер осылай қым­танып жатып, көз ілдіріп алатын еді дейді.
Тоңып қалмаңдар деп солай қым­татып үйрететін дейді. “Онда ба­ла едік, бала кезден әдетке айнал­ған нәрсе, қартайғанда да қалмайды екен”, – деп күлді сосын майдангер қа­рия.
Әкем тірі болғанда, сөйтер ме еді…
Жаратқан, жадымызда жүрген жақ­сы естеліктерге, шүкір. Онда са­ғыныш бар, шынайы өмір бар. Соны жүрекпен сезіну, қандай ба­қыт!

Өкініш

Зейнетақы төлеу орталығына келді. Зейнетке шықпақ. Мерзімі же­тіпті. Қандай қағаздар дайындау қа­жеттігін, ол дайын болған жағ­дайда оны қашан өткізу қеректігін білмек.
Өткенде келген.
Бәрін ұғып алған секілді еді сон­да. Оның үстіне жас бала бір құ­жат көшірмесі жөнінде айтпаған екен. Әлде ұмытқан шығар.
Соның жайын сұрамақ. Ұқса, тағы соның жолына түседі. Оның қа­шан әзір боларын және болжап біл­мейді.
Туғанда құжат аласың. Оны ата-анаң алады жүгіріп жүріп. Деп ой­­лады қария.
Мектепке барғанда құжат жи­найсың. Оны да жүгіріп жүріп ата-анаң бітіреді. Деп ойлады қария.
Жоғары оқу орнына түскенде, жұ­мысқа тұрғанда, үйленгенде, пә­тер алғанда… құжатты өзің жи­най­сың. Қуанып жүріп. Қария болмашы ғана жымиды.
Балалы болғанда оның құжат­та­рын жүгіріп жүріп өзің теріп ала­сың. Қуанып жүріп. Қария басын изе­гендей болып, тағы жұмсақ жы­ми­ды.
Енді зейнетке шығу үшін құжат­тарын өзі жинап жүр.
Қуанады, әрине.
Шүкір! Бірақ бұған жетпегендер қан­шама. Бала күннен бірге өскен: Әбиір, Мейірхан, Лес, Қазтай, Әшім­хан, Көбентай, Әмірбай, Қуан­дар… жетпей кетті ғой.
Дәм-тұздары ерте таусылды. Жат­қан жерлерің жәннатта болсын.
Көзі қызарып, жасаурады.
Әупірімдеп жүріп тиісті құ­жат­ты түгел өткізген.
Кеше соған қуанғанын айтсаң­шы…
“Бұдан соңғысын енді бала жи­найды. Жылап жүріп…”.
Жаратқанның заңдылығы со­лай.
“Тек!” Өзінің сөзінен өзі селк ет­ті.
«Бірақ бірақ оның аулы алыс болғай».

Ақын мен әкім

Бір әкім жұмысынан кетіп еді.
Бірте-бірте атына айтылып кел­ген үйреншікті “мырза” сөзі азайып кетті.
Кейбіреулер ескі әдетпен біраз “Ба­теке” деп жүрді. Кейін тіпті атын турасынан атап атайтынды шы­­ғарды.
Ол жүрегіне тікенектей қада­ла­тын. Алғашқыда. Қарсы дау айт­пады, айта алмады, не десін, үндеген жоқ. “Әділетсіздігім өтіп кеткен бо­л­ар”, – деп ойлаған. Кейін оған да үй­ренді. Пендешіліктерін мойын­да­ғаны шығар.
Бірақ үш күннен соң емес, үш жыл­дан соң.
Уақыт емдеген.
Уақыт сабасына түсірген.
Бірақ қарғыс жаман.
Бір-ақ күнде отбасы қайғы кеш­ті. Бірақ марқұм ананың жазығы жоқ еді…

***

Бір ақын қызметінен кетіп еді.
Бәрібір ақын болып қалды. Мә­дениет саласын басқарып жүр­ген­де білетіндер оны “Наршеке” дейтін.
Қызметтен кеткен соң да “Нар­ша­кесі” сол күйінде қалды.
Қандайғы жиында да, ағайын-туыстың отырыстарында да сол бая­ғы құрметті есімін атады “Нар­шеке” деп.
Қайта халқы құрмет тұтып, бір­те-бірте бұрынғы әкімнен оздырып төр­ге отырғызатын болды. “Қойыңыз­дар, аз да болса ел ағасы болды ғой” деп тартыншақтап, ол бар жерде одан озбады. Ақын ақыл­ды кісі еді. Әдептен озбады.
Ақын елдің арманын айтып шы­рылдайтын.
Ақын елдің ардағын айтып жыр­лайтын.
Ақынның артынан ғайбат сөз ай­тылмады.
Сөйтіп, әкімге қызметтен түскен күні құрмет азайды.
Бірақ бәріне бірдей емес шы­ғар…
Ақынға құрмет күшейді…
Ілуде біреуіне болмаса, бәріне бір­дей. Жаратқан жақсылық жаса­ған­ды жатырқамайды деген сол.

Аят

Қытайдың Қашқар, әлде Үрімші қаласы баспаларының бірінен басылып шыққан болар. “Құран” деп аталатын екі аяттан тұратын екі беттік қалталық кішкене кітапша. 1991 жылы басылыпты. Марқұм әке­сінің қойын кітапшасының ара­сынан шыққан.
Қазақ жұрты тәуелсіздік алып, мем­лекет аты әлемдік ақпарат жүйе­сінде сан айтылып жатқан кез. Сол жылы немесе кейінгі бір-екі жыл­да қолына түскен болар.
Қытайдағы қазақтар біртіндеп атажұртқа қатынай бастаған уақ еді ол.
Кешегі қызыл империя тұсында шоқынбаса да орыстанған атажұрт­тағы қазақтарға қажет шығар деп, әлде сатып тиын-тебен тапқысы ке­ліп пысықайлар жеткізген бе, ол жа­ғы белгісіз. Бірақ сапасы сын кө­термейді. Бояуы ала-құла. Қаға­зының да қатып тұрғаны шамалы, түктеніп кеткен…
Әкесі ауыр науқастан қайтқа­нына жыл толған.
Асына келгенде әкесінің қоб­ди­шасын реттеген. Сонда оған көзі түс­кен-ді.
Онда соғыс жылдары, бертінде алған наградалары жататын. Соның ішінен қойын кітапшасы шыққан. Бір бетіне ақын Сырбай Мәуленов­тің:
Кетерімде жыламадым,
Қатарым көп болғасын.
Келгенімде шыдамадым,
Қатарым жоқ болғасын, –
деген төрт жол өлеңі түсіпті.
Соғыстан қайтпаған қатарлары қанша екенін білмеймін, ал Қал­дар­бек атамыздан тараған өз бауыр­л­ары Уәш, Әбдуәлі, ағасы Еркебек сол соғыстан оралмады.
“Құран” сол қойын дәптерінің арасынан табылды. Соларға арнап дұға бағыштап жүріпті.
Ұл қолына алып қысып ұстады. Әкенің мүлкі. Қолының табы бар.
Енді оны өзінің төс қалтасын­дағы қойын кітапшасының арасына салды. Сөйтіп, екі аяттан тұратын құ­ран кітапша әкеден баланың қой­нына түсті. Енді әкеге, анаға дұғаны бұл бағыштайды.
Жаратқанның жаратқаннан бер­гі үзілдірмей келе жатқан көп са­­­бақтастығының бір жалғасы – осы.

Кешірілмейтін қателік

Олардың дүниеден өткеніне біріне он бес, екіншісіне он алты жыл болды.
Бірінші әкесі, артынша араға жыл салып шешесі дүниеден озды.
“Жазымыштан озымыш жоқ” десе де… Ажалға сеп болған құй­та­қандай, арпаның дәніндей ғана та­ма­ғындағы түйін еді.
Қара суығы қысқан қарашаның бір күнінде әкесі үлкен шаһарға кел­ген. Баласына.
Алқымының сол бұрышындағы ар­паның дәніндей ғана болмашы түйін­ді қолымен басып тұрып, қат­ты шаншып ауыратынын айтқан.
Ұлда не тұрыс. Өзі білетін бас дәрі­гердің ауруханасына жеделдетіп алып келді. Қарап шыққан дәрігер: «елге қайта берсін, бал қосып шай іш­сін, қайтып кетеді» деген.
Әке де бұл сөзге қуанып, елде мал-жан бар дегендей, артынша ауылға асығыс қайтып кеткен.
Арада біршама күндер өткенде таныс хирург жолыққан. Орайы ке­ліп тұрған соң әкейдің жайын айт­қан. Ол бесінші ауруханада Со­фия атты профессор барын айтып, сол кісімен кеңес, осы саланың мық­ты маманы деп өтініш етті.
Әкеге шұғыл хабар берді.
«Өзім де жүргелі отыр едім, бал мен шайдан қайтпады, түйнек үл­кейіп барады». Қарлығыңқы дау­сымен ақырын сөйлеп еді.
Ұлға әкенің даусы ұнаған жоқ.
Біртүрлі үрей келді.
Бір дәрігердің кеңесіне сүйеніп, ары қаратпай қайтарып жібергені үшін өкінді, өкініш өзегін өртеді, үрей әкелді.
София апай жылы қарсы алды.
– Бұрын мұндай түйнек болды ма?
– Болды. Білектің сағат байлар тұсында болған. Оны алдырып тастағанбыз, – деп әкей үшін ұлы жауап берді.
– Әттегене-ай, – деді София апай өкінішін жасыра алмай. – Одан бері қанша жыл өтті?
– Оншақты…
– Өткенде келгенінде алдырған­да­рыңда, әкең тағы оншақты жыл түй­нек түйді деп алаң болмайтын еді.
– Енді не істеуге болады?
– Ісік аурулары институтына ба­рыңыздар. Даусы солғын шық­ты.
…Алқым безді өңешпен қосып сылып тастаған.
– Алты айдан соң бір келіңіз­дер.
Келді.
Бірақ әкенің ғұмыры келесі ал­ты айға жетпеді.
Арулап аттандырды. Үрейленген ананың қанты шығып, басқа да дерт­тері қозды да, араға жыл толмай ша­лының жанына барып жайғас­ты.
Дәрігер сонда құйтақандай түй­нектен күдіктенбепті. Қателікке ұрын­ды. Сенген бұлар да. София апайына ертерек барғанда ғой. Екеуі де тірі жүрер ме еді…
Бүгінде әке-шешені ойлағанда, осы қателік есіне түседі.
Солардың алдындағы сұмдық қа­телік.
Жуырда дәл сондай түйнекті АҚШ-тың экс-президентінен үшін­ші рет сылып тастағанын оқыды.
Тағы да ыршып көзінен жас шық­қан.
Адамды өмір бойы көзіне жас ал­дыратын осындай кешірілмейтін сұмдық қателіктер болады…

«Қойыңдаршы, кино ғой»

Теледидардан осы аттас түрік киносының жүріп жатқанына біраз болған. Әжесі мен мамасы кино қа­лай басталады, солай, жүгіріп ке­ліп теледидардың алдына жайға­сып отырады. Әбден әдетіне ай­нал­ды­рып алды. Қызығушылық­та­ры­ның күннен-күнге артқаны сон­­­­­­шалық, үй тірлігінің жайына бұл уақытта еш көңіл бөлмейді, назар да аудармайды.
Оларға қабаттасып төртке жаңа таяған кішкентай Әсия да кейде жан­­дарына жақын жатып, оқта-тек­­те көз қиығын салып қарап қояды. Көбіне өзінің ойыншық­та­ры­ның көңілін аулап әлек, со­ларға тіл қатып, қойған сұрағына өзі жауап жауап беріп жүргені.
Атасы алып берген сүйкімді Пан­­дасы бар, сонымен көбірек ой­найды. Бірдемелерді айтып тіл­де­седі. Және бір шағын ойын арбасы, Вини деген тағы бір балапаны бар. Соны арбасына салып тербетеді. Әлдилейді. Ұйықтатады. Кішкене бөпесіне мамасының істегенін бұл да айнытпай қайталайды. Өзінің ойынша Вини балапаны ұйықтады дегенде қаттырақ сөйлесең жақпай қаласың.
– Қандай адамсыңдар өзі, Вини оя­н­ып кетеді ғой, – деп кәдімгідей ша­­тынап әлек салады. «Қандай адам­­сыңдар өзі» дегені өзіне ғана тән сөз. Қапаланса осы сөзді жиі қол­­данады. Анасының сөзі. Кейде ті­лін алмай қайқаңдаса, қандай адамсың өзі дейтін-ді.
Кино қызу, тартысты жүріп жат­ты. Әжесі айтты:
– Бізде осындай шығармалар жоқ емес, бар ғой, бірақ неге кино түсіре алмайды, – деп назданды.
– Соған қарамай кейбіреулер қан­дастарды менсінбей сөйлейді, – деді Әсияның мамасы.
– Қойыңдаршы енді, кино кө­рейік те, – деді өзімен-өзі ойнап отыр деген Әсия.
Біраздан кейін Фериха мен Әмір­­дің арасы тіптен шиыршық атып ушығып кеткен. Әмір оның жә­­не бір өтірігін бетіне басқан-ды. Ға­шықтардың жолы қашан да ауыр. Фе­риха оның себебін айтып, ақта­лып әлек. Өтірігінің мәні бұлар се­­­кілді өзін де дәулетті, интеллекті ор­­тадан шыққандай етіп көрсету, со­ған сендіру. Бірақ өтіріктің құй­рығы бір тұтам деген емес пе, әрбір қисынсыз әрекетінің арты ашылып қала береді. Содан соң екеуінің ара­сында түсінбестік туындап, бет қа­­рай алмайтын дәрежеге жетеді.
Сол қылықтары Әсияның әжесі мен мамасына ұнап отырған жоқ. Со­дан да қызбаланып екеуі Фери­ха­ны жарыса даттайды, сөгеді ке­ліп.
– Өзінде ұят жоқ.
– Әбден өтірікші болып бітті.
– Айтса қайтеді енді.
– Топас. Топастың не ойлағаны бар.
Ойынға бар ынтасымен берілді деген Әсия әжесі мен мамасының қа­палы сөздерін естіп отырған бо­лып шықты. Диванда отырған екеуі­не кенет шалт бұрылды да:
– Қойыңдаршы енді, ол кино ғой, – дегені.
Екеуі не айтарын білмей, бір- бі­рі­не жалтақтап қарап қалған.

Жұмабай бригадир

Бұл ертеректе, соғыстан кейінгі жылдары болған.
Мұндай бригадирлер қазақ ауыл­дарының қай-қайсында да бол­ды.
Ол кезде техникумды бітіріп ауыл­­ға келген жас маман екен. Трак­­тор-егіс бригадасында меха­ник.
Ұйқысын қандырып, жұмысқа ертелеп келеді. Бұл кезде бригадир Жұмабай жұмыста болады.
Ертесіне жас маман ерте тұрады. Жуынып шайынады. Асықпай апа­сы қайнатқан шайды қанып ішеді. Ерте келген шығармын деп ойлаған. Жоқ. Бригадир Жұмабай жүр, әдет­тегідей ерте келіпті. Жас маман ұя­лыңқырап қалған. Оған Жұмабай бри­гадирдің мән беріп тұрмағаны анық.
Келесі күні…
Келесі күні… Жұмабай бригадир әдет­тегідей тағы алдынан шығады. Жұ­мабай бригадир жұмыста.
– Аға, – деген сонда. – Сіз, сірә, ұйық­­тамайсыз ба? – деп таңда­ны­сын жасыра алмайды.
Сонда шым қораның аласа же­рін­де отырған Жұмабай қонышынан қамшысын суырып алып, керзі еті­гінің өкшесін тықылдатып:
– Ұйқымды соғыс ұрлаған, – деп бір нүктеге тесіліп отырып қа­лып­­ты.
Ақыл мен төзім Алланың сыйы.

Пікір қосу