Ономастиканың атасы
22.09.2017
4214
0

Ұлы Абайдың осы ғажап өсиетінің талай адамның өмір жолына бағдар беріп, шамшырақ болғаны көпке аян. Әсіресе, жас шәкірттердің жоғары сыныптарда оқып жүрген кездерінде білім мен ғылымға деген асыл армандарын ұстаздары да қолдап, оларды баулып тәрбиелеп, мәпелеп білім беріп, қанаттарын қатайтып биікке аспанға ұшырған ғой. Сондай шәкірт баланың бірі – бүгінде есімі еңбектерімен ел құрметіне бөленіп, тоқсанның төріне шығып, ғылыми-ұстаздық қызметіне 65 жыл толып, замандастары мен шәкірттерінің ортасында «Телаға» деген құрметті де сыйлы атқа ие болып отырған профессор, филология ғылымының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Телғожа Жанұзақов. Ол қазақ тілі мен әдебиетінің маманы ретінде қазақ тіл білімінің ономастикасы, лексикография, терминология, орфография және халық ауыз әдебиетінің көне жанры халық жұмбақтарын жинау, бастыру, зерттеу және аударма мәселелерімен шұғылданды. Соңғы жарты ғасырдан бері қазақ ономастикасының берік қалыптасып дамуына айтарлықтай еңбек сіңіріп, сүбелі үлес қосты. Ғалымның қарымды еңбегі, ғылыми-ұйымдастырушылық және ономаст ғалымдарды даярлаудағы ұстаздық қызметі, ономастикалық зерттеулердің жүйелі түрде дамуына зор ықпал етті, көптеген ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды.

Республикадағы ономастика­лық мектептің негізін қалаған, бұл күндері шәкірттерінің шәкірттері қазақ ономастикасы бойынша зерттеулер жүргізіп, сапалы еңбек­тер беріп жүрген Телғожа Жан­ұзақұлы – әйгілі Аспантау, Хантәңірі шыңының баурайын­дағы шуағы мол, табиғаты сұлу Нарынқол ауылында, текті әулет Жанұзақ Сатаевтың отбасында 1927 жылы дүниеге келген. На­рынқол мектебінде 1934-1941 жыл­дары Әбдіразақ Смағұлов, Бердібек Момбекбаев, Әкімқожа Садыров сынды ұстаздарынан білім алғанын күні бүгінге дейін айтып отырады. Әсіресе, 6-7 сы­нып­тар­да Ә.Садыров ұстазының әдебиет пәнінен берген дәрістері шәкіртін өзіне баурай түседі. Абай өлеңдерін ылғи жатқа айтып, ұлы ақынды ұдайы «Абай-Гималай» деп әспеттеуі жас шәкіртке қанат бітіреді.
1942-1944 жылдары Кеген ау­даны­ның орталығы Жалаңаш орта мектебінде білім беріп, оқытқан ұстаздары – М.Жүнісов, Ы.Көш­кінов, А.Серікбаев, Ж.Жолаева, Ш.Мұқаев, Ш.Батталова (кейін ҰҒА-ның академигі). Телағаңның азан шақырып қойған есімі – Төлқожа екен. Кейін Жәлила Жолаева есімді сынып жетекшісі «сен тіл мен әдебиетке бейімсің, Абай атаңның өлеңдерін мүдірмей үнемі жатық, жақсы айтасың. Сені бұдан былай «Телқожа» деп атай­мыз. Өйткені, Абай атамыздың бала кезіндегі есімі – Телқара бол­ған» депті. «Сөйтіп Телқожа атала жүріп, 1944 жылы мектеп бітірерде аттестатым да, кейін паспорт алғанымда да Телқожа болып кеттім», – деп еске алады өзі. Үй­дің үлкені, әпкесі Күләйдің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, інісі Тельман Жанұзақовтың республи­камызда белгілі журналист, ал Телағаңның тілші ғалым болып қалыптасуына сол ұстаздары ерекше ықпал еткені анық.
Талапты жас 1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика инс­титу­тының филология факуль­тетіне студент болып қабылданып, 1951 жылы институтты өте жақсы оқып, қоғамдық жұмысқа белсене қатысқан, ғылымға бейімі бар студент ретінде ұстазы профессор С.Аманжоловтың ұсынысы бой­ын­ша институт ғылыми кеңесі шешімімен аспирантураға қал­ды­рылады. 1952 жылдың ақпан айында ұстазы, Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының директоры А.Ысқақов сүйікті шәкіртін біржолата қызметке шақырады. Қызметке орналасқан соң ұстазы оның қолына көлемді ғылыми жұмысты ұсынып тұрып: «Бұл еңбек «Қазақ тілінің орфог­рафиялық ережесі», оны толық оқып шыққан соң «Қазақстан мұғалімі» газетінің бас редакторы Омарғали Құдышевқа бересің, сол кісінің айтқанын орындайсың», – деп тапсырма береді. «Омекең екеу­міз бірлесе отырып, асықпай-аптықпай мұқият оқып шықтық. Байсалды да сабырлы Омекең: «Енді бұл ереже газет бетінде жа­рия­ланады да жалпы жұрт пікір айтады. Ол пікірлерді үздіксіз га­зет бетінде жариялап тұрамыз», – дейді.
«Қазақ тілінің орфографиялық ережесі» «Қазақстан мұғалімі» газетінде толық жарияланады. 1953 жылдың көктемінде газет бетінде жария көрген жұрт пікірін жіктеп, іріктеу, реттеу, жүйеге түсіріп, жалпы қорытынды жасау үшін құрамында А.Ысқақов, Ә.Ермеков, О.Құдышев, Ә.Хасе­нов және мен бар 5 адамнан тұра­тын комиссия жұмыс істеп, «Қазақ тілінің орфографиялық ережесін» жаңа нұсқада жасадық. Одан соң талқылаудан өткен «Қазақ тілінің орфографиялық ережесінің» Қазақстан үкіметінің қаулысымен 1957 жылы жарық көргені көпке мәлім», – деп еске алады ғалым.
1953 жылдың шілде айынан бастап Институт басшылары бір томдық «Академиялық түсіндірме сөздік» жасауды жоспарлай бастайды. Адам баласының өмірін бір арнаға түсіретін жағдайлар болмай тұрмайды ғой. Осы жос­пар­ланған «Академиялық түсін­дірме сөздікті» жасау үшін тә­жіри­бе алмасу мақсатымен Мәскеу, Ленинград қалаларындағы сөздік секторларына арнайы адам жіберу мәселесі қарастырылады. Сәті түскенде, осы жауапты жұмысты орындап келу ісі аға ғалымдар сеніміне бөленген Т.Жанұзақовтың өмір жолына бағдар болады. Жас ғалым жолы болып, 1953 жылдың желтоқсан айының соңында Мәскеу мен Ленинградқа атта­нады. Тапсырманы зор абыроймен орындап қайтады. Сол құтты сапарында есімі әлемге әйгілі түркітанушы, Ғылым академиясы­ның корреспондент-мүшесі, профессор, филология ғылым­ы­ның докторы С.Маловқа жолы­ғады. Қарапайым да кіші­пейіл атақты профессор жас ға­лым­мен ұзақ әңгімелесіп, канди­даттық диссертациясының та­қырыбын білген соң, «сөздердің көп мағы­налығы» туралы түркітану білі­мінде қазірге қалам тартқан жан жоқ, ол өте ауыр, күрделі тақырып екенін айтады.
Ол кезде қазақ тіл білімінде, жалпы түркітануда ономастика мәселесі әлі тың жатқан кеңістік болатын. Ол туралы бірен-саран жазылған, шағын мақалалар, диссертациялар ғана бар дей оты­рып, С.Малов ономастиканың бір саласы ретінде «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» деген тақырыпты ұсынады. «Бұл халық тілінің та­рихы, азаматтық тарих, этногра­фия, философия, әдебиет ғылым­да­рымен тікелей байланыс­ты, халықтың мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-санасын бойында бе­рік сақтаған» дейді атақты ға­лым. Осыдан кейін жазу кеңсе­сін­дегі кітап сөресінен бір-екі кітапты алып, «ертеңге дейін осымен та­ныс, содан соң күнде кешкі сағат ал­тыда келіп тұр, әңгімелесіп, пікірлесеміз» деп, шығарып сала­ды. Сол сапары Ленинград қала­сында бір ай болған жас талап көп мәселені көңіліне түйіп, аға ғалым­дардан жақсы үлгі-өнеге алып, елге қуанышты оралады. Әсіресе, ғалымның өз кітап­хана­сындағы А.Байтұрсынов, Қ.Жұ­банов, М.Жұмабаев, Б.Майлин, Х.Досмағамбетов,С.Сейфул­лин­нің еңбектерін көрсеткенде, Тел­ағаң­ның қуа­ны­шы қойнына сыймай, мәз болғаны әлі есінде. Ол жыл­дары бұл автор­лар мен олар­дың шығар­ма­лары «қамауда» жатқан кез ғой.
Осы «Қазақ тіліндегі кісі есім­дері» атты тақырып бойынша оның жетекшісі академик І.Ке­ңес­­баев болып белгіленеді де, Т.Жан­ұзақов түркі тілдес рес­публикада алғаш рет «Қазақ тілін­дегі кісі есімдері» атты тақырыпта 1961 жылы кандидаттық диссер­тация қорғаса, 1976 жылы «Қазақ тілі ономастикасының негізгі проб­лемалары» атты тақырыпта түркі тілдерінде бірінші рет докторлық диссертация қорғап шығады.
Міне, сол 1952 жылдан күні бүгінге дейін ол А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында табан аудармай 65 жыл бойы жемісті еңбек етіп, табыстарға қол жеткізіп, көптеген жоғары атақ-дәреженің иегері ретінде белгілі болып отыр. Тіптен оның тұтас тағдыры А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтымен тікелей байланысты. «Дарақ бір жерде өсіп, тамырын терең жаяды» деген халықтық қағиданың ақи­қат­тылығын Телағаң өмірі айғақтай түскендей.
Қылшылдаған жас кезінде Тіл білімі институтына келген ол бұл күнде айтулы ғалым, ардақты аға, ұлағатты ұстаз. Барша жұрт құрмет тұтар сыйлы азамат. Осыншама құрметке ол еңбектену, үздіксіз іздену нәтижесінде жетіп отыр. Ғалымның еңбектерінің библио­-
г­рафиялық көрсеткішіндегі бес жүзге тарта еңбегінің ішінде отыз үш кітап, монография, ғылыми зерттеулер, он екі кітапша, жиырма екі еңбегі алыстағы (Германия, Польша, Финляндия, Қытай, Түркия), жақындағы (Ресей, Украина, Өзбек, Қырғыз, Әзербай­жан, Татар, Башқұрт республикала­рында жарияланса, іргелі де сүбелі 35 сөздіктің авторларының бірі, редакторы, редакциялық алқа мүшесі.
Оның ғылыми жетекшілігімен елімізде он бес ғылым кандидаты, кеңесші болуымен алты ғылым докторы ғылыми дәреже алса, ТМД елдерінде бірнеше ғылым кандидаты мен ғылым докторлары­ның диссертациялық жұмыстары бойынша кейбірінің жетекшісі, кеңесшісі, оппоненті, сарапшысы болды.
Ғалым 1953 жылдан бастап біріншіден, жұмыс жоспары бойынша «Қазақ тіл білімі тер­мин­де­рінің орысша-қазақша сөз­дігін» жасауға материал жинау, жүйелеу жұмысымен шұғылданса, екіншіден, Мәскеу, Ленинград кітапханаларында болғанда қазақ мақалдары мен жұмбақтары бойынша көптеген материалдар жинайды. Осымен қатар алғаш рет балалар жазушысы В.Бианкидің «Алғашқы аңшылық» атты кітабын (1954 ж.), одан соң орыс халқының классик жазушысы А.Куприн әңгімелерін аударып жарыққа шығарады (1956 ж.). Ұстазы
С.Аман­жоловпен бірігіп дайын­да­ған «Қазақ жұмбақтары» атты кө­лем­ді кітабы жарық көреді (1959).
Осы кітапқа жазған алғысөзінде академик-жазушы М.Әуезов: «Қазақ жұмбақтарының» жинақ болып, толықтырылып, екінші рет баспа жүзінде шығуы – біздің әдебиетіміз бен ғылымымызға қосылған құнды қазына екені даусыз. Еңбектің осы басылуына лайықты қосылған жаңа жұмбақ­тарды және айтыс жұмбақтар мен басқа да жұмбақтарды институт­тың ғылыми қызметкері Телқожа Жанұзақов орындады», – деп баға берген.
Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті «ағайынды қоңыр қаз» ғой. Сол себептен профессор Т.Жанұзақов­тың осы дәстүрлі байланысқа сай еңбектері бүгінге дейін жалғасын табуда. Бұл, әсіресе, ақын-жазу­шылар тілі мен халық тілінің тығыз да берік байланысын көр­сететін мәңгілік қор, алтын қазына болып саналатын ұлттық түсін­дірме сөздіктер болса, екіншіден, ақын-жазушылардың тілі туралы ғылыми ізденістер.
Түсіндірме сөздіктерде алын­ған атау сөздер ақын-жазушылар, журналистер шығармасынан болса, олардың мағынасын ашып талдау ісі де сол жазушылар сөздерінің қолдану ерекшелігіне, жиілігіне тікелей байланысты. Ал мағыналары ашылып анықталып, түсінігі берілген сөздерді анықтап тұратын дәйекті мысалдар да со­лар­дың шығармаларынан беріледі.
Телағаңның «Мұхтар Әуезовтің «Абай эпопеясындағы жалқы есім­дер» атты көлемді зерттеу мақаласы мен баяндамасы 1978 жылы Польшаның Краков қаласында өткен «ХІІІ Халықаралық ономас­ти­­калық конгрестің материалдары» атты жинақта басылып шығады. «Халықтық географиялық термин­дер­дің көркем әдебиеттерде қол­данылуы мен кумулятивтік қызме­ті» және «Қазақ география­лық тер­миндерінің фольклорлық шы­ғар­малардағы қолдану аясы» атты зерттеулер де жарық көрді. Сондай-ақ, ғалымның ақын-жазу­шы­лар­дың, журналистер мен қоғам қай­раткерлерінің бұрындары қолданған бүркеншік аттары туралы жазған шағын еңбегінің жалпы қауымды қызықтырғаны бар.
Ғалым қазақ ономастикалық кеңістігінің секторларын: антро­понимика (адамдардың аты-жөн­дері), топонимика (жер-су атау­лары), этнонимика (тайпа, ел, жұрт, ұлт, халық аттары), кос­мо­нимика (Аспан атаулары), зоони­мика (үй хайуандарының аталым­дары), фитонимика (өсімдік атау­лары) жайында зерттеулер жасап, жемісті еңбек етіп келеді. Ол халық атауларын барынша насихаттап, жұртқа толығынан танытып, олардың қыр-сырларын ашып айқындаған еңбектерін жария етуде.
Өз кезінде жас ғалым «Қазақ тіліндегі кісі аттары» атты тақырып бойынша іздену, зерттеу бары­сында оның терең мән-мағынаға ие екеніне көз жеткізеді. Әсіресе, ежелгі грек философы Аристотель бастаған ғалымдар кісі аттарына ерекше мән беріп, философиялық тұрғыдан қарастырса, халқы­мыздың абзал ұлдары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаевтар да аталы пікір айтып, ерекше көңіл бөлгенін оқып-біліп масатт­а­нады.
Т.Жанұзақов өз зерттеуінде адам аты-жөндерінің шығу, пайда болу тарихы, оның тарих, этно­ло­гиямен, халықтық дәстүр, фило­со­фиямен, әдебиетпен байланысы, қарым-қатынасы, тілдік табиғаты, этимологиясы қарастырылса, қоғам өміріндегі қолданыс аясы, олардың орыс тілінде жазылу заң­дылықтарына, әдеби нормада ай­тылып жазылуына көп көңіл аударады. Осы ретте 1991 жылы қыр­күйек айында «Егемен Қазақ­с­тан» газетінде «Аты-жөн тари­хына тереңдесек» атты мақаласы жарық көрді. Кейін академик Ә.Қай­дар­мен бірігіп «Қазақстан Респу­бли­ка­сында қазақ азамат­тарының есім­дері мен әке аттарын және фа­милияларын реттеу туралы Тұжырымдаманы» жариялады. Осы Тұжырымдаманың негізінде 1996 жылы 2 сәуірде Президент Н.Назарбаевтың «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселе­лер­ді шешу тәртібі туралы» Жар­лығы шықты. Бұл құжат Әділет министрлігінің Азаматтық хал актілерінде, күллі заң орындарын­да, білім беру, баспасөз орында­рын­да бұлжытпай орындалатын басты құрал болып отыр. Ғалым­ның осы сала бойынша жазған еңбектері де «Қазақ тіліндегі жал­қы есімдер» (1965), «Қандай есімді ұнатасыз?» (1968), «Қазақ тіліндегі кісі аттарының тарихы» (1971), «Есімдер сыры. Тайны имен» (1974, 1989, 2004, 2012), «Кісі ат­тары сөздігі» (К.Есбаевамен бірге, 1988), «Қазақ есімдерінің анық­та­малығы» (авторлардың бірі және жауапты редактор (2009), «Антро­понимдер этимологиясы» (2007) сынды еңбектері көпке таныс.
Ол кісі көптеген жылдар бойы қазақ топонимикасы (жер-су атаулары) туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік жасай жүріп, көптеген еңбектерді жарыққа шығарды. Сонымен қатар, Қазақстан топонимдерінің стратиграфиясы, типологиясы, палеотопонимиясы, этимоло­гия­сы, социолингвис­тикалық, этно­лингвистикалық сипаттары, этномәдени құбылыстары, па­ле­от­опонимдер этимологиясы бойын­ша жұмыстарды орындады.
1980 жылдардан бастап жері­міз­дегі өзгеріске түсіп, еріксіз ха­лық жадынан өшірілген тарихи маңызы бар жер аттарын қайтару, қалпына келтіру, мезгілі өткен атауларды өзгерту, еліміздегі жер-су аттарын орыс тілінде бұрмала­май дұрыс жазылуын реттеу жайлы халық тарапынан хат үстіне хат жоғарғы орындарға қардай борап жетіп жатты. Бірақ ешбір лауазым­ды шенеунік жұмған аузын аш­пады. Бұл жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан оқиғасына душар болды. Бұдан соң мәселе ширығып, тіптен қиындай түсті. Осындай қиын жағдайда нар тәуекелге бел байлаған Телағаң Қазақ ССР Жо-ғар­ғы Кеңесі Президиумы төраға­сының орынбасары В.Сидороваға Жоғарғы Кеңес жанындағы географиялық атаулар комиссиясы жұмысының тұралап қалуын айта отырып, оның орнына Мемлекет­тік ономастика комиссиясын құру туралы дәйекті хат жазады. Осыдан соң В.Сидорованың қолдауымен 1989 жылы 30 қарашада Жоғарғы Кеңестің тұрақты комиссиясының отырысында баяндама жасайды да, қызу талқылаудан соң Минис­трлер Кеңесі жанынан Мемлекеттік ономастикалық комиссия құру туралы шешім қабылданады. Ол 1990-2003 жылдары Үкімет қау­лысы бойынша осы комиссияның ғылыми хатшысы (1990-1998), мүшесі (1999-2003) бола жүріп, қоғамдық негізде жұмыс істеп, қыруар шаруа орындайды. Ол 1990 жылы ономастикалық комиссия­ның Ережесін жазды. Бұдан соң академик Ә.Қайдармен бірлесіп «Республикадағы Мемлекеттік және әкімшілік бірлестіктердің атауларын реттеудің, елдімекен­дер­дің аттарын өзгерту және тарихи, географиялық атауларын қалпына келтірудің Тұжырымда­масын» жазады. Бұл Тұжырымдама Мемлекеттік ономастика комис­сия­сының жұмысын жүргізу барысында бүгінге дейін басшы­лық­қа алынып келеді.
Ол 2002 жылы «Қазақ жер-су атауларын орысша таңбалау және орыс атауларын қазақ тілінде жазу инструкциясын» жазуға да қаты­сып, телавтор болды. Осының негізінде «Жер-су атауларының анықтамалығы» атты кітап автор­ларының бірі болып, оның жалпы редакциясын басқарды (2009 ж.).
Қазақ этнонимдік атаулары (тайпа, тайпалық одақ, ел, жұрт, халық, ұлт атаулары) оның 1974 жылы жазған «Қазақ ономас­ти­касының негізгі проблемалары» атты докторлық диссертациясы­ның 5 тарауы ретінде берілді де, 1982 жылы жарық көрген «Очерк казахской ономастики» атты орыс тілінде шыққан монографиясында толық баяндалды. Сонау V-VІІІ ғасырларға тән көне түркі жазба ескерткіштерінде көрсетілген Үйсін, Арғын, Қыпшақ атаулары­нан бастап, Қаңлы, Жалайыр, Дулат, Албан, Суан, Қоңырат, Найман, Керей, Алшын, Адай, Беріш, Табын, Абдалы т.б. атаулар тарихы, олардың этимологиясы туралы талдаулар жасады.
Қазақ ономастикасының бір тармағы космонимдердің – Аспан атауларының өткен тарихы мен бүгіні, халық өмірімен тығыз бай­ланысы, қоғамдық мән-маңызы әл-Фараби еңбегінен бастап, күні бүгінгі астроном ғалымдар еңбек­теріне сүйене жүргізген ғылыми талдаулары көпті қызықтырады. Ғалым ол туралы «Очерк казахской ономастики» (1982) атты еңбегінде толық мағлұмат, ғылыми пайым­дау­ларын паш етсе, кейінгі кезде шыққан кітапша мен мақалала­рында қазіргі космос заманымен ұштастырған ой-толғамдарын баян­дайды. Бұны «Аспан жұл­дыз­дары» атты еңбегінде кеңірек баяндалан.
Профессор Т.Жанұзақовтың ғылыми-зерттеу жұмысының не­гіз­гі саласының бірі – лексико­графия. Сөздік – тіл байлығының алтын сандығы. Тіл біліміне қатысты жұмыстардың ішіндегі ең қиыны да, ауыры да лексикография – сөздік. Әсіресе, түсіндірме сөздік жасау ісі. Шындығында, сөздік жасау ісіне тіл мамандарының қара нарлары ғана шыдап, ауырлы­ғына көніп, сыр бермейді. Ғалым Т.Жанұзақовты ысылған маман сөздікші ретінде тану үшін оның бұл саладағы қыруар еңбегін төрт топқа бөліп қараудың реті бар. Ол осы топтар бойынша жарыққа шыққан сөздіктердің басты авторларының бірі, редакциялық алқа мүшесі, кейбірінің жауапты редакторы болса, кейбірінің жалпы редакциясын басқарды.
Бірінші топ – «Лингвистикалық терминдердің орысша-қазақша сөздіктері (1956, 1966). Екінші топ – жазушы тілінің сөздігі. Ол – «Абай тілінің сөздігі» (1968, авторлардың бірі). Үшінші топ – тұңғыш рет жарық көрген екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1959, 1961), 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1986), 1 томдық «Қазақ тілі­нің сөздігі» (1999), 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (2011). Төртінші топ – ономасти­ка­лық сөздіктер.
Ғалымның 2007-2017 жылдар­дағы жарық көрген кітаптары мен мақалаларының жалпы саны жүз­ден асатынын, олардың негізгіле­рін атап өтуді жөн көрдік. Олар: «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (2008, 961 б. жалпы ред. басқарған Т.Жанұзақов), «Қазақ ономастика­сы. Топонимика» (Павлодар, 2008, 238 б.), «Тарихи жер-су аттарының түп төркіні» (А., 2010, 354 б.), «Жер-су атаулары. Этимологиялық талдау» (А., 2011, 496 б.), «Ғылым жолындағы ғұмыр» (А., 2011, 264 б.), «Ұлы дала тұлғалары» циклі бойынша жарық көрген еңбектерге қатысы төмендегідей: А.Бай­тұрсынұлы. А., 2013 (Т.Жанұзақов редакциялық алқа мүшесі), Қ.Жұ­банов. А., 2013 (Т.Жанұзақов – авторлардың бірі, редакциялық алқа мүшесі), І.Кеңесбаев. А., 2013 ((Т.Жанұзақов – авторлардың бірі, редакциялық алқа мүшесі), Н.Сау­ранбаев. А., 2014 (Т.Жанұзақов. Негізгі автор, осы кітапты ұйым­дас­тырып шығарушы, жауапты ре­дактор, редакциялық алқа мүшесі), М.Балақаев. А., 2014
(Т.Жанұзақов редакциялық алқа мүшесі).
Профессор Т.Жанұзақовтың ғылым, әдебиет, мәдениет, бұ­қаралық ақпарат, қоғам, мемлекет қайраткерлері туралы публицисти­калық мақалалары да газет-жур­нал, жеке жинақтарда әр жылдары жарық көрді.
Еңбекқор да қайырымды ға­лым­ның қаламдастары мен әріп­тестерінің еңбектеріне пікір жазу, редактор, рецензент болу бары­сында да атқарған істері біршама. Оның халық ономас­ти­касын насихаттау, оны ғылыми кон­фе­ренцияларда, халықаралық конгрестерде баяндау жайлы еңбек­тері де аз емес.
Академик ағамыз дүниежүзінің лингвист ғалымдары бас қосқан алыс-жақын шетелдерде өткен XIII, XIV, XVII Халықаралық ономастикалық конгрестердің бәрінде көрнекті маман ретінде баянадама жасаған.
Ол отандық және шетелдік ғалымдармен пікір алысып, хат арқылы кәсіби-ғылыми байланыс жасап келді. Мәселен, акаде­мик­тер: А.Кононов, С.Малов, профес­сорлар: Н.Баскаков, Э.Тенишев, Г.Суперанская, В.Никонов, Э.Бегматов, С.Қараев, Т.Нафасов, Г.Саттаров, Т.Ахметов, Г.Алиев, К.Дыйханов, Ш.Жапаров, шетел ғалымдары: академик Ю.Немет, Мондоки Иштван Қоныр, Э.Мол­лова, В.Нааsоvа, М.Косничанумен жазысқан хаттары ойымызға дәлел.
Телғожа Жанұзақов ғылымды ұстаздықпен ұштастыра білді. 1979-1984 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінде, 1992-1995жыл­дары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде, 1999-2001 жылдары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедраларында қазақ ономастикасы мен лексикасы бойынша дәріс оқып, профес­сорлық дәрежеде қосымша қызмет атқарды. Студенттердің диплом­дық жұмыстары мен аспиранттарға жетекшілік етті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атын­дағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен «Қайнар» уни­верситеттерінде әр жылдары Мем­лекеттік емтихан комиссия­сының төрағасы ретінде білікті мамандар даярлау ісіне де үлес қосты.
Білікті де тыңғылықты ғалым Қазақстан мен түркі тілдес елдерде білімді лингвист-кадрлар дайындау барысында да айтарлықтай еңбек етті. Атап айтқанда, 1966-2010 жылдары ҒА-ның филология ғы­лымдары бойынша біріккен кеңестің, Тіл білімі институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғайтын диссертациялық кеңестерінің тұрақты мүшесі болса, көбіне А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын­дағы түркі және қазақ тілі маман­дықтары бойынша филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын диссертациялық кеңестің тұрақты мүшесі ретінде абыройлы да игілікті қоғамдық жұмыс атқарды.
Т.Жанұзақовтың еңбектерін қазақ тіл білімінің мамандары мен түркітанушы ғалымдар, шетел мен ТМД елдерінің ғалымдары тиісті дәрежеде бағалады. Оның кітап­тары мен сөздіктері жайлы баспа­сөз беттерінде жүздеген мақалалар мен сараптамалар жарияланды.
Филология ғылымының док­торы, профессор, ҚР Гумани­тар­лық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі) Телғожа Жанұзақовтың ғылыми еңбектері Үкімет тарапынан әділ бағаланып, Ғылым академиясының география және қоғамдық ғылымдар саласы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (1984 ж.), Қазақстанның ғылым және тех­ника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1988 ж.) деген жоғары атақтарға ие болды. ҚР Үкіметінің «Аса көрнекті ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендиясының» жеңімпазы (2000 ж.), ҚР Президентінің «Ерен еңбегі үшін» марапатының (2007 ж.), «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері (2007 ж.) атанды. Еуропа Ғылым және өнеркәсіп палатасының «Еуропа алтын медалімен» марапатталды (2013 ж.).
Хакім Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» деген даналық ғибратын профессор Т.Жанұзақов­тың ғылым жолында бағдаршам етіп, ауыз толтыра айтар еңбектер беруі өмір жолының толық айғағы болса керек.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, академик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір