«МЕДИАТОР – ОРКЕСТРДІ БАСҚАРАТЫН ДИРИЖЕР ІСПЕТТЕС»
22.09.2017
1657
0

Қашаннан бидің түзу, биліктің әділ болғанын қалайтын қазақ үшін әділдік ұғымының орны ерекше. Заман өзгеріп, заң жиі жаңарып жатқан тұста ел ішінде туындаған ірілі-ұсақты талас-тартыстың бәрін сотқа жеткізбей-ақ бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін медиаторлық қызмет туралы көзіқарақты оқырман жақсы білгенімен, қарапайым халық көп хабардар бола қоймауы мүмкін. Елімізде медиация заңының қабылданғанына 5 жылдан асты. Бұл мәселені Қазақстан халқы Ассамблеясы мықтап қолға алып, түрлі игі істер атқарып та жатыр. Ассамблея көлемінде қоғамдық келісім, медиация істері әр өңірде жаппай жүргізіліп, өзінің оң нәтижесін беруде. Осы орайда, «Қазақстан медиаторлар Ассоциациясы» Заңды тұлғалар бірлестігінің Бас директоры «Халықаралық құқық қорғау орталығы» Қоғамдық бірлестігінің басшысы, ТМД Экономикалық Сотының Халықаралық арашашысы Жанділда ӘЖІҒАЛИҰЛЫМЕН еліміздегі медиация саласы төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік.

– Бүгінде елімізде медиация са­ла­сына қаншалықты көңіл бөліну­де?
– Қазіргі уақытта елімізде ме­диацияға айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Сондықтан шетелдік әріп­тестеріміз отандық медиаторларға қызыға да қызғана, қарайтыны шын­­дық.
Бізде заңға сәйкес кәсіби емес жә­не кәсіби медиаторлар жұмыс іс­тейді. Кәсіби емес медиаторлар дегеніміз – өзінің өмірлік тәжірбиесі ар­қылы ауыл-аймақтардағы дау-да­майдың оңтайлы шешілуіне септігін тигізіп отыратын ақсақалдар. Мен көп жерлерді аралап кәсіби емес ме­диаторларға семинарлар өткі­зе­мін. Сонда үнемі: «Медиатор – заң­гер де, кеңесші де, арбитр де, сот та, тергеуші де емес, ол тек қос тарапта шие­леніскен даудың дұрыс ше­шілуі­не ықпалын тигізетін делдал ғана», – деп түсіндіріп отырамын.
Бүгінде кәсіби емес ме­диа­торлардың көңілін алаңдатып отыр­ған бір мәселе – олардың көрсеткен қызметі үшін мемлекеттен де, дау­ласқандардан да ақы алмай­тын­дығы.
Ал кәсіби медиатор дегеніміз – жоғары білімі бар, арнайы оқу кур­сынан өтіп, сертификат алған, жа­сы жиырма бестен асқан және медиаторлық орталықта тіркелген азамат.
– Сонда сертификат алу үшін қан­ша уақыт оқу керек?
– Оқу 48 академиялық сағатты құ­райды. Соңында комиссия ал­дында сынақ тапсырады. Комиссия құрамында міндетті түрде өзге ме­диаторлық орта­лық­тан өкіл болуы шарт. Осы сыннан сүрінбей өткен­дер ғана кәсіби медиатор серти­фи­катына ие бола алады. Анығында, ме­диатор жұмысы өте толассыз ең­бек пен сабырды, ізденіс пен дайын­­дықты қажет ететін іс. Бір-бі­ріне өшіккен тараптарды бір бі­тім­ге келтіру оңай шаруа емес. Жә­не ол екінің бірінің қолынан ке­ле бермейтіні де шындық.
– Әлемде медиацияның қандай түр­лері қолданылады? Ал біздің елі­міз соның қай түрін таңдап отыр?
– Әлемдік тәжірибеде медиа­ция­ның бірнеше үлгісі бар. Менің ұста­зым, шетелдік профессор Та­тья­на Дронзина өзінің «Ме­диация» атты еңбегінде оның бірнешеуін атап көрсеткен. Мәселен:
– Либеральды үлгі – мемлекет та­ра­пынан медиаторларды дайындау мен оқытуға деген бақылаудың әлсіз болуы. Мұнда медиаторларды сер­ти­фикаттау мен аттестаттау ісіне аса мән берілмейді.
– Реттелетін үлгі – медиатор­лар­ды дайындауға мемлекет тара­пынан бақылау күшті болады. Сер­тификаттау және аттестаттау ша­расы медиаторлар қатарына қо­сылудың негізгі шарты болып та­былады. Ол мемлекеттік органдар мен агенттіктер арқылы жүзеге асы­рылады.
– Өзін-өзі реттейтін үлгі – мем­лекет тарапынан бақылау белгілі бір дә­режеде болады. Медиаторларды дайын­дау кәсіби қауымдастықтар мен медиациялық қызмет көрсететін ұйымдар арқылы жүзеге асырыла­ды.
– Аралас үлгі – жоғарыда атал­ған үлгілердің аралас қолданылуы. Оның аясында тиімді әдістерді қол­дана отырып, басқа үлгілердің теріс ас­пектілерін жоюға әрекет жа­са­лады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда өзін-өзі реттеу үлгісі қолданылады. Ме­ніңше, бұл ең дұрыс таңдау. Мем­лекет­тің медиация ісіне араласуы ме­диациялық мекемені толығымен дамытуға мүмкіндік бермейтін елдер де бар. Егер медиация саласын мем­лекет бақылауға алып, оның қыз­метіне араласып отырса, яғни ме­диаторлар мемлекет тарапынан рет­телетін болса, жеке азаматтар бұл да көп мемлекеттік органның бі­рі ғой деп медиатор қызметінен бас тартуы мүмкін.
– Шиеленістерді шешу ісіне ме­диаторларды араластыру тәжірибесі қаншалықты табысты? Медиаторлар қызметінің қанша пайызы тараптар­дың татуласуымен аяқталатыны тура­лы нақты дерек бар ма?
– Делдалдық келісім жасас­қан­нан кейін барлық қақтығыстар оң шешімін табады дей алмаймын. Бірақ әлемдік статистика медиа­тор­дың қатысуымен шешілетін даудың 80%-ы оң нәтиже беретінін көрсе­тіп отыр.
Бүгінгі таңда біздің медиаторлар шамамен айына 10-15 медиаторлық жұмыс атқарады. Дегенмен, айына 50-ге дейін медиация жүргізетін ма­мандар да жоқ емес. Қазақстандық заң медиаторға жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да қаты­нас­тарына, сондай-ақ қылмыстық іс­тер бойынша медиация рәсімін жүргізуге мүмкіндік береді.
Батыс елдерінде дау-дамайдың 97 пайызы сотқа дейін, медиациялық жолмен шешілетін көрінеді. Бірақ олар бұл көрсеткішке медиатор қыз­метінің жарты ғасырлық тәжі­ри­биесі нәтижесінде қол жеткізген. Ал бізде бұл қызмет түрі алты жыл­дан бері ғана кәдеге асып келеді. Яғни уақыт өте келе біз де жоғары көрсеткішке қол жеткіземіз деген сенімдемін.
Медиацияның бір артықшы­лығы, ол тараптардың көп уа­қытын алмауға бағытталған. Менің тәжірибемдегі ең ұзақ ме­диация бес күнге созыл­ғаны есімде. Ал жалпы бұл қызмет арқылы тараптар 2-3 сағат ішінде бір келі­сімге келіп жатады. Ал сот­тасқан жағдайда олар бірнеше айын сарп еткен болар еді.
– Қарапайым аза­­маттар ме­диатор қыз­метін пай­далану мүмкіндігі бар екенін бі­ле ме? Жұрт кө­біне қандай қай­шы­лық жағ­дайларда делдалдарға жүгі­неді?
– Медиация институтына мем­лекет тарапынан дұрыс көңіл бө­лін­генінің нәти­же­сінде ел азаматтары дел­далдар қызметі туралы ақ­парат­танып келеді. Біз де осы ақпарат­тан­дыру, түсіндіру жұ­мы­­сына көп уақыты­мыз­ды бөлуге ты­­­ры­­самыз. Қазір БАҚ-та ме­диа­ция тақы­ры­бын жиі кө­те­ріп, оның оң нә­тижелерін насихаттауға атсалысуда. Медиа­торларға отбасылық және еңбек қа­тынас­тарын реттеу үшін жүгіне­тіндер біршама көп. Қылмыстық құқық бұзушылықтар мен қыл­мыс­тық істер бойынша да көмек сұрай­тындар жоқ емес.
Жеке тәжірибемнен мысал кел­тіре кетейін. Мен бір ірі ұлттық ком­панияда бітімгерлік іс жүргіздім. Қақтығыс әбден шиеленісіп кеткен екен. Бірақ медиаторлық жұмыс жүргізген алғашқы бес күн ішінде көптеген түйткілді сұрақтарға жауап табылып, біраз мәселені реттеп үлгердік. Компания басшылары медиаторлық қызметке жүгінбе­генде, бұл қақтығыстың соңы «екін­ші Жаңаөзен» оқиғасына ұласар еді дейді болжамшылар. Шынында қан­дай даулы мәселеде болсын ме­диатордың мәселені шешу мүм­кіндігі өте жоғары. Өкінішке қарай, мұны әлі көп ешкім біле бермейді. Елімізде медиаторлық орталықтар көптеп ашылса, медиаторлардың саны арта түссе деген тілегім бар. Мә­селен, Қытайда әрбір оныншы тұр­ғын медиатор екен. Статис­тикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 60-қа жуық медаторлық орталық бар көрінеді.
– Судьялар қақтығысқан тарап­тарға медиатор қызметіне иек артуға мүмкіндіктері бар екенін айтып, жөн сілтеуі мүмкін бе?
– Әрине, судьялар алдына кел­ген азаматтарға өз қақтығыстарын бейбіт жолмен, екі жақты келісім арқылы медиатор көмегімен шешу­ге де болатыны туралы айтулары тиіс. Енді сотқа жүгінгендерге ме­диа­торлық орталықтар мен медиа­торлар қызметі туралы ақпарат жіберілетіні туралы Жоғарғы Сот­тың пилоттық жобасы қолға алын­ғалы отыр.
– Судья-медиатор жұмысының ерек­шелігі неде?
– Қазақстанда «Сот медиа­ция­сы» жобасын алғаш іске асырған біз­дің орталық еді. 2013-2014 жыл­дары біз алғаш рет соттың жанынан медиаторлар кеңесін аштық. Онда азаматтар арызданған сәтте оларға медиация туралы мағлұмат беріледі. Және әрі қарай рәсімдер жүргізі­леді.
Егер тараптар сотқа шағым­дан­ғаннан кейін медиатор көмегін пай­­далануды дұрыс деп шешсе, олар судьяға өтініш білдіреді. Ал су­дья медиацияны әрі қарай өзі жүргізе ме, әлде басқа судьяға тап­сыра ма, оны өзі шешеді. Судья-ме­диатор тек азаматтық істерде кө­мектесе алатынын айта кеткен жөн. Ал қылмыстық істерді бейбіт ше­шуге тек кәсіби медиатор мамандар кіреседі.
– Елімізде медиаторлар инсти­туты құрылғалы сотқа жүгінушілер мөл­шері азайды деп айта аласыз ба?
– Бұлай деп айтуға меніңше әлі ертерек. Бізге сотқа арызданудан бұрын міндетті түрде медиатормен әңгіме өткізу қажеттілігі жөнінде заңнамалық өзгеріс керек. Содан кейін ғана айтарлықтай жетістікке қол жеткіземіз деп ойлаймын.
– Медиаторлардың еңбек ақысы қа­лай реттеледі? Неліктен кейде бұл қызмет тегін көрсетіледі де, кейде белгілі бір мөлшерде қаржы талап ете­ді? Жалпы, медиатор жала­қы­сының мөлшері неге тәуелді?
– Кәсіби емес медиаторлар мен су­дья-медиаторлар тегін қызмет көр­сетеді. Ал кәсіби медиаторлар делдалдық істі ақылы негізде де, тегін де жүргізе береді. Олар өз ең­бе­гінің құнын шие­леністі жағдай­дың қиын­дығына немесе қара­пайым­дығына қарай өздері бел­­­­гі­лейді.
– Жақсы медиатор болу үшін адам­ға ең алдымен қандай қасиет керек?
– Медиатор, ең алдымен, қос тараптың ашу-ызысы мен эмо­ция­сын байсалды түрде басуға күш салуы тиіс. Яғни оған ең алдымен са­быр мен ақыл қажет. Сонымен бір­ге, ол теңгерімді сақтап, тарап­тардың теңдігі қағидасын бұзбауы керек. Егер бір тарап медиатордың на­зары екінші жаққа көбірек ауға­нын сезсе, ол медиациядан бас тартады.
Нақтырақ айтқанда, медиатор де­геніміз – оркестрді басқаратын дирижер. Медиатор іс жүргізгенде өзін бейтарап ұстағаны жөн. Про­цес­тің құпиялылығы да медиация­ның басты алғышарты болып табы­лады. Сондықтан жақсы тренингтен өткен мамандармен байланысқан абзал.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Айнара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір