Кеше және бүгін
22.09.2017
2579
1
François Schuiten

François Schuiten

«Әр көркем шығарма – ұлттың төлқұжаты» деген екен Перу жазушысы Варгас Льоса. Қазақ әдебиеті – Жаһан «сөз өнерінде» өзіндік орны бар, үлкен әдебиеттердің бірі. Осал жеріміз – соны дұрыстап көрсете алмауымызда. Жалпы, жазушы әркез Тәуелсіз, Азат болуға тиіс. Мәселен, жаман ойдан тәуелсіз, тұрмыстан тәуелсіз, түрлі сыпаттағы әсерден тәуелсіз, т.б. Жазушы бәрінен биік болса, онда ол ойшылдық пен суреткерлік деңгейге көтеріле алады. Мазмұнды дүние беру үшін де кісінің ішкі Әлемі бай болуы қажет. Алдымен адамның шынайылығы, шыншылдығы, әділдігі, адалдығы, арлылығы, өзіне деген сыншылдығы, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы қымбат. Бұның бәрі көркемдікке, іштей өсіп, түлеуге алып барар баспалдақтар. Абзалында, қайырымсыз адамнан жақсы дүние тумасы анық. Жазу өнері – ең алдыменен болған жайды баяндап қана қоймай, оны суреттеу арқылы көркемдік категориясына дейін көтеру. Туындымен танысқанда-ақ оның қаламгердің суреткерлігіне тәнті болатыныңыз жасырын емес. Қазіргі қазақ әдебиеті турасында әркімнің ойы әрқилы. «Қазіргі қазақ прозасы бұрынғы дәстүрден алшақтап кетті» немесе «бүгінгі поэзия түсініксіз әрі онда мұң басым» деген секілді көзқарастың бар екені рас. Әдебиет тірі организм болғандықтан, ол бір орында тұрмайды. Қайта дамиды, өзгереді, түрленеді. Осы тұрғыдан келгенде, төл әдебиетіміз жөнінде жастардың ой-пікірін білу мақсатымен оларға сауал жолдаған едік.


Асылбек НҰРӘЛІ, мәдениеттанушы, лингвист:

Көркем сөз – халықтың рухани қазынасы

Жазу – ең әуелі, болған жайды баяндау, ал әріге жеткізер қабілет бол­са, уақиғаны суреттеу. Халықты күйбең тіршіліктен бір сәтке ал­шақ­татып, шындықтың түсін түс­теп, ақиқат иісін сездіретін де жазу­шылар секілді көрінеді, маған. Шығарманы оқығанда, ең әуелі суреттеу шеберлігіне, көркемдік композицияларына қарап құлай кететінің де жасырын болмаса керек. Содан болар, қандай да бір роман немесе әңгімені оқи баста­ған­да, алғашқы парақтаған­нан-ақ оқырманның өз ішіндегі «цензура­ға» тап болатыны бар. Суреткердің тілі неғұрлым шынайы әрі жұмсақ болып, шығармасында кездесетін мекеннің шың-құзын, өзен-көлін, тіпті төбенің атын да жатқа білуі оны өзгеден ерекшелеп тұратын негізгі артықшылық секілді көрінеді. Уақыт пен кеңістікте ор­ын алған қандай өзгерістер бол­сын, халықты одан хабардар етіп, ұлтқа келер қауіп болса,соған даяр­лайтын да жазушылар емес пе? Әйтсе де, қазір өзін осы қатар­дан санайтындардың арасында ұлт деп аталатын ұлы бәйтеректің тамырына тереңде­местен бұрын, көкжиегіне көтерілуге бейім тұра­тын­дары да бар екенін көргенде, олар­дың жазған жазбаларын қия­лың­ның қия шыңында салыстыру­ға кірісіп кетесің. Жазушының таби­ғаты ерте көктемде бүр жара­тын бәйшешектен басқашалау болуы керектей көрінеді. Бәйше­шек қанша сұлу болғанымен, ғұ­мыры сондай қысқа. Гүл атаулы­ның арасында бірінші болып ашылатыны да бәйшешек. Шығар­ма­шылық адамдарының жүрегі гүлдей нәзік болғандықтан көп­шілігі уақыт желіне шыдас бермей, өткелден өтер кезінде арнасы бөлек ағынмен кері кетіп бара жататынына талайғы тарих куәгер. Бәйтеректей биіктік пен бекемдік­ке ұмтылған қазақ ұлтының өтке­нінде сырлы сөзге құлақ түріп, мәңгілікке ұмтылған қаншама қаламгерлер болса да соның санау­лы­ларына ғана ұлттық әдебиетіміз төрін ұсыныпты. Бұндай ұстаным тек қазақ хал­қында ғана бар емес екен. Көрші отырған орыстар да жазушының қаламында ұлт тақы­рыбы қалай көрініс тапқанына қарап, сол қаламгердің халық тари­хына енуіне құқығын айқын­дайтын көрінеді. Егер өзге емес өз ұлтың­ның өткен тарихын, табиғи танымын таразылай алмасаң, ұлттық жазушы қатарына енуге ешқандай мүмкіндігің қалмай­тындай. Ал ұлттық жазушы бола алмасаң қолыңа не үшін қалам алып, кім үшін жаздың деген қағиданы орыстар қатты ұстанатын секілді. Ұлттық танымға берік­тігінен болар, Достоевский: «Біз бәріміз гогольдың шинелінен шықтық», – депті. Н.Гогольдің «Мертвые души» мен «Ревизор» атты шығармасы нағыз орыстың сол кездегі өмірін, әділетсіз адам­дардың бейнесін ащы сарказммен бүкіл әлемге әйгіледі. Суреткердің өмір сүріп отырған кезеңді шы­найы суреттеуі қазақтың әңгіме жанрының шебері Бейімбет Майли­н­нің «Мырқымбай» секілді шығар­маларында көрініс тауып отырды.Кейіннен, зерттеушілер кезінде Совет өкіметін дәріптеді делінген жазушының шығар­маларына тереңдей бойлағанда, оның кеңестік кезеңді мазақ еткен туындылар болып шыққанын айтады. Уақыт өткен сайын әдебиет те, жазушылар да жаңарып отыратындай. Көркем сөз – ха­лық­тың рухани қазынасы. Ой маржандарын кестелеген әр қандай суреткер өз туындысында шұрайлы да бай төл тілді орнымен қолдану жағынан алып қарағанда бір-біріне ұқсамайды, керісінше әрқилы болып келеді. Ол ерек­шелік – жазушының өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау, сөзбен сурет сала білу шеберлігімен үндес келіп, қаламгердің шығарма­шылық қолтаңбасын қалыптас­тырады. XX ғасыр сан түрлі уақиғаға бай болды. Алайда, адамзат жадысы оның ең елеулі, ең маңызды, ең мәндісін ғана жаттап қала алды. ҒТР – Ғылыми техникалық ре­во­люция, мәдени төңкеріс, дүние­жүзілік соғыс, қырғын, геноцид, репрессия, тәуелсіздік пен ірі-ірі қақтығыстар фонында Әдебиет құндылық деңгейіне көтеріліп, аталмыш сөз-сөйлем арасында кезіккенде А-дан кейін тұрса да, Ә деген әріп бас әріппен жазыла­тын­дай дәрежеге жетті. Бұл Сөз өнерінің өз функциясын толықтай атқара келе, жаны жаралыға – ем-бальзам, рухани шөлдалада жүріп, қатты қаталағанға – су, түнектен жол таппағанға – шамшырақ, тірексізге – тірек болды. XX ғасыр – әдебиет ғасырына айналды. Өткенге ой көзімен бір қарағанда қазақ әдебиеті, оның ішінде алпы­сыншы жылғы әдебиет те homo sapiens ой-санасының дамуына өзіндік үлесін қосқанын түсінесіз. Қайбір сыншы: «Есенберлин тарихи кейіпкерлері бүгігі заман адамдарының тілімен сөйлейді», – деп айыптаған еді. Дұрыс та шығар. Бірақ қазір сондай жазу­шыға да зар болып қалдық. Марал Ысқақбай: «Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында әдебиетіміз тап тартысы, әлеуметтік теңсіздік, әйел теңдігі сияқты дәуір қайшы­лы­ғын көбірек суреттесе, 30-шы жылдары колхоз­дастыру, отырық­шылық, кәмпеске жайы басты тақырыпқа айналды; 40 жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс және халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру мәселелері алға шықты; 50-60 жылдары әдебие­ті­міз­ге өндіріс тақырыбы кірді», – деген өзінің бес томдық шығар­ма­лар жинағының бесінші томында (74 бет). Бүгінгі күнмен салыстыр­ғанда 50, 60, 70 жылдары роман өте көп жазылған-ды. Мә­селен, М.Әуезовтің «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Өмір мек­тебі», Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін», «Көз көрген», Зейін Шаш­киннің «Теміртау», Рамазан Тоқ­таровтың «Ғасыр на­ны», Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық», І.Есен­берлиннің «Көш­пенділер», «Алтын орда», Сәкен Жү­нісов «Жапандағы жал­ғыз үй», тағы басқа шығармалар дүниеге келді. Қазақ әде­биетінің лит­фонды біршама дүние­лермен толы­ғып, ұлттың рухани қазынасына ай­нал­ды. «Эпизмды тек қана роман­мен, оның ішінде дилогия, три­логия, тетралогиямен ғана өлшеуге болады» деген біржақты пікір түсінік бар. Біздіңше, эпи­калық тыныс көлемде, ішекше шұбалған парақтар санында емес, ішкі маз­мұнында, нәрінде, сөлін­де, көп нәрсені, көп ойды сығым­дап, қы­сып, аз сөз беруде деген ойда­мыз. Қазіргі қазақ жазушы­лары осын­дай бір кесек, ірі шығар­маларды беруге дайын ба? Бере ала ма? Оған тынысы, ішкі қуаты, білімі, төзімі жете ме екен?.. Мені осы сұ­рақ­тар маза­лайды. Және шыны керек мен бұл сұраққа әлі толық жауап таба алмадым. Маған Асқар Алтай, Думан Рамазан, Айгүл Кемелбаева, Гүлзат Шойбе­кова­лардың жазу­дағы өзіндік өрнегі ұнайды. Бірақ бұның өзі де қазіргі қазақ әде­бие­тінің толықтай ау­қымын, күшін көрсете алмауда. Сондықтан айта­рым өсу керек… Басты шарт – осы!..


Қаламгер қаптаған сайын, толысқан сайын өзін түзетеді, түзейді. Ешкім туа сала бәрін біліп тумайтыны хақ. Бәрін уақыт өзі екшейді екен. Тек жас­тарды өзіне деген сенімділігінен гөрі сезімі, тазалығы алдамаса екен деп тілейміз. Қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының бүгінгі тақырыбы – көбіне өмір, уақыт жайында. Олар жырлаған уақыт пен өмір өткен шақтағыға қара­ғанда күрделілеу көрініс табады.


Серік БАҚЫТЖАНҰЛЫ, Мәскеудегі «Әдеби салон» клубының мүшесі, әдебиеттанушы:

Қазақ өз жанын құтқаруға қаншалықты дәрмені бар?

Толстойдың: «Бәрі Ресейді құтқарғысы келеді, бірақ өз жанын ешкім құтқарғысы жоқ…», – деген болатын. Дәл осы өлшем өз өмір­шеңдігін жоймағаны өз алдына, бұл замана туғызған рухани кодекс, этикалық нормаға айналып үлгер­ді. Қазақ өз жанын құтқаруға қан­шалықты дәрмені бар? Және со­ған қаншалықты ниетті?.. Жал­пы, бойымыздағы асқынып бара жат­қан кесел мен жабысқан кесірді жою­ға дайынбыз ба?.. Бүгінгі қазақ қоғамында түрік­шілдер, араб­шыл­дар, қытайшыл­дар, орысшылдар, тым батыс­шыл­дар мен әсіре шы­ғысшылдарды қиналмай табасыз. Көзге көрін­бейтін шекараның ар­ғы-бергі жағына емін-еркін, еш қиналмастан өте беретін ұлтқа айналдық па?! Жаһандануға қарсы қояр антивирус – тіл, діл, дін, дүниетаным, мәдениет және көркем әдебиет. Бір кездері баспасөз бетінде «Қазаққа Нобель сыйлығы керек емес?..» деген сың­ай­дағы мате­риалдар жарық көре бастады. Қа­зе­кемнің әдебиетке деген көзқарасы мен қарым-қаты­насын осындай бір орынсыз ой-пікірлерден біліп қаласың. Бұнда қазақбайшылық басымдау секілді. Бүгіндері: «Нобель сыйлығы еврей­лер мен саяси мәні бар шығармаларға беріледі» деген пікірдің басым тұрғаны өтірік емес. Дегенмен, Сюлли-Прюдомнан бас­тап Алек­сиевич­ке дейінгі ара­лық­тағы әлем­дік әдеби үрдісті өзі­міз үшін бағам­дап, дәл сол дәре­жеде түсіне алмаған секілдіміз. Адам, адам тағдыры, жаһандағы ірі уа­қиғалар, замана тудырған кейіп­кердің толғанысы, ой ағысы, сезімі туралы Нобель лауреаттарының лекциялары қан­шалықты әсерлі екенін түсінсеңіз ғой. Өзін өмір бойы жазуға арнаған, басынан сонша қиындық өткен туындыгер мінберден сөйлеп, шығармашылық жолын түйіндейді. Бұны адам өміріндегі ең ұлы сәттер­дің бірі деуге болады. Адамзаттық маңызы бар ойлар, лекциялар бізге де қажет шығар?.. Аталмыш сый­лық­тың барлық иегерлері оқыған лекцияның өзі он томға жуықтайды. Ол жеке кітап болып шыққан-ды. Одан кейінгі Букер, Пулицер, Гон­кур сыйлықтары ше?.. Оған да қазақ қаламгерлері таласа алатынын көр­сететін уақыт жеткен секілді. Бүгінгі қазақ әдебиеті мен өнері Мемлекет­тік сыйлықпен ғана өлшенеді деген­ге сену қиындау. Әлемге біздің пі­кіріміз қаншалықты маңызды екен?.. Нобельді қажет етпейтін, одан саналы түрде бас тартқан ұлт – қазақ қана ма? Бізде Нобельге Қазақ елінің атынан ұсынатындай, Академияның іріктеу комиссиясы­нан өтетіндей шығарма бар ма?.. «Қазіргі қазақ қоғамындағы ахуалды суреттеп, ірі-ірі кон­флик­тілерді көр­сететін туындылар неге жазыл­май жатыр?» деген сұрақ жазу­шы­лар­­ға жиі қойылып жүр. Ондай шы­ғарманы жазбас бұрын: «Бүгінгі қазақ қандай? Тәуелсіздік алғаннан бері ол қаншалықты өзгерді?» деген сауалға жауап берген дұрыс. Әдебиет – Ең жоғарғы сыйлықты алумен өлшенбесе керек. Қазіргі қазақ әде­биеті өз алдына биік-биік мақ­­сатттар қоя алуы қажет. Сон­да ғана Жаһандық дәре­жеге же­теміз.


Әсел МАҚСАТ,
АқШ-та тұратын жас жазушы
әрі тәуелсіз журналист:

Бір шығармасы келесісінен мықты болса дейсің

ХХ ғасыр қазақ әдебиеті үшін өте табысты болды. Көркем әде­би­ет­тің басты нысаны – адам. Сол себепті де, «сөз өнері» кезең-кезеңдерінің дамуы адам болмыс-бітімінің, оның психологиялық хал-ахуалының күрделене түсуі­мен тығыз байланысты. Туынды­ның қай түрі болсын кісі әрекеті­нің логи­калық себеп-салдарымен қатар, жан-дүниесін ашып, адам жанын­дағы көп құбылысты сөз атты ғажаппен өрнектеу арқылы образ­дың өз дәуіріне сәйкес по­ртретін жасайды. Әдебиетті өмір­дің сан мыңдаған қырын кеңінен көрсетіп, қым-қиғаш саяси-әлеуметтік, қаржылық, рухани, діни уақиға­ларды бақырбасты тағдырымен қамшыдай өре су­рет­тейтін өнердің ең шыңы деп білеміз. Әдебиеттің кезеңдерін сөз еткенде, ауызға алдымен реа­лизм ілігеді екен. Өйткені, ол – мүмкіндігі өте мол, стиль, мәнер-машық жағынан алғанда бай және де проза жанрының ең шоқтығы биік те күрделі ағымы. Реализм тақыр жерде, бір күнде ғана пайда бола салған жоқ. Ол адамзат ой-санасының дамып, белгілі бір деңгейге көтерілгенде туған тарихи феномен. Демек, кез келген ағым, кез келген ірі шығарма, кез келген манифест оқырманның «бейсаналы» түр­дегі ішкі сұранысына сай туады. Ал ол сұраныс туу үшін уақыт қа­жет екен. Қазіргі қазақ проза­сына табиғи даму тұрғы­сынан емес, тарихи тұрғыдан баға берер болсақ, тоқсаныншы жылдардан кейінгі романтикалы-лирика­лық, тарихи туындыларға әдет­тенген қазақтың ойлы оқырманы «жаңа прозаға» қаншалықты дайын боп шықты және ол дү­ние­лер әркімнің ішкі сұранысын қанағаттандыра алды ма екен?.. Талғамды тәрбиелейтін жазушы болғандықтан, Тәуелсіздіктен соңғы жиырма бес жыл ішінде дәл осындай бір жаңашыл әдеби үлгіні оқитын орта қалыптасты ма?.. Және бүгіндері түрлі жаңа­шылдықтарға баға беріп, үлкен ойшылдықпен қорыта алатын сыншылық топ түзілді ме?.. Сын да тірі ағза секілді болғандықтан ол жан-жағына бажайлап қарап, жаман мен жақсыға қарайды, салыстырады, бой теңестіреді, озсам, алда болсам, шеберлігімді шыңдай түссем деген мақсат-мұрат қояды. Жазушы мұраты – оқырманға эстетикалық ләззат сыйлау. Әсіресе, бүгінгі заманда. Ал сыншы мақсаты – сол жазылған дүниелерге мониторинг жасау. Қазақ әдебиеті тарихына бір сәтке ой көзімен қарасақ, тарихи кезең­дердің талабы мен сұранысына сай, әдебиеттің де миссиясы өз­геріп отырған-ды. Мысалы, орыс отаршылдығына қарсылық ретінде туындаған «Зар заман әдебиеті», ұлт-азаттыққа шақырған «Алаш­-
ұ­ран­ды әдебиет», одан кейінгі «социалистік реализм әдебиеті», Егемендіктен кейінгі жылдарда қалыптасып келе жатқан «Тәуел­сіз­дік­тен кейінгі әдебиет», бәрі-бәрі қазақ «сөз өнерінің» қалып­тасуына, оның сыпат-мазмұнының өзгеруіне септігін тигізіп отырды. Сон­дықтан қазіргі қазақ әдебиеті­нің жанрлық, стильдік, формалық, тақырыптық жағынан түрленуі заңдылық деп білемін. Әдебиетші әрі ғалым Б.А.Ахундов: «XIX ға­сырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы шұғыл әлеуметтік қа­дам­дар шындықтың тек эпикалық кең картинасын ғана емес, өзгер­мелі дәуірдің эмоционалдық атмосферасын бере алатын лири­ка­лық баян­дауларды да қажет­сінеді», – деген болатын. Бұдан шығатын қорытынды – әдебиеттің бағыт-бағдарының өзгеруіне тек сыншылардың сындары ғана емес, әр кезеңде жазылған туындылар­дың да әсері мол.Әлемдік үрдіске айналған адамның екіге жарылуы (психологиялық патология) өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ прозасына келіп үлгерді. Оралхан Бөкейдің беймаза да аса сезімтал кейіпкерлері мен Төлен Әбдіктің «Оң қол», «Парасат май­даны» шығармаларындағы іштей қоғаммен қайшылыққа түсіп, қақ жарылған жандар әдебиетімізге пішіндік өзгерістер алып келді. Осынау кезеңде кісі болмыс-біті­мінің күрделі әрі жұмбақ мәселе­лерін, рухани құндылықтарды зерделеуде бейнелеудің дәстүрлі әдістерімен қоса реалистік емес сарындардың да орын тебе бастағанын аңғару қиын емес. Жетпісінші-сексенінші жылдар­дан бастап қазақ әдебиетінде әлемдік әдеби эстетикасынан да алыс емес екенін байқаған болар ек. Дүниежүзілік әдеби кеңістігінде жойқын да қуатты рухани әлеуеті бар проза жанры дами келе, XXI ғасырда толықтай орнығып, қа­лып­тасып үлгерді. Әдебиет­танушы-ғалым Гинзбург «әдебиет әркез тоқырап, қайта қалпына келетіні» жөніндегі болжамын ескерсек, онда жанрлар да транс­фор­мацияланып отыратыны шын­дық. Қазақ әңгімешілдігіндегі негізгі бағыт өткен ғасырдың бас кезінде ұлт өмірінің маңызды делінген хал-күйлерінен өріс алға­нымен де, көп жазарман Советтік жүйе кесірінен кеңінен көсіле ал­май, шығармашылық күш-қуатын толықтай аша алмай, қатаң да қатал идеология қыспағында бол­ғаны белгілі. Пендезаты асқан жылдамдықпен өмір қағидаттарын күл-талқан етіп, танымастай өзгер­тіп жатқан осынау заманда «сөз өнеріне» қойылар талап-тілек те, оған артылар жүк те бөлекше. Жаһандық классикалық әдебиет, оның ішіндегі ойлы оқырман-жанкүйер үшін алтыннан да баға­лы сын жанры әр кезең, әр дәуірде көркемдік-эстетикалық талғам-таразысымен, әрқандай саяси-идеологиялық мүдде биігі­нен са­раланып отыру дағдысы әлі де жалғасуда. Илеп, билеп-төстеуге көнбейтін нәрсе – Тәуелсіз ой мен рух күші. Қазақ сыншылық ойы­ның қалыптасуына септігін тигіз­ген көптеген туындыгерлер бүгін­дері қызу пікір-талас өзегіне айналды.Жазарманға талантпен қатар білім, еңбекқорлық һәм көркем әдебиетке деген сүйіспен­шілік керек! Ең негізгісі қаламгер­лік қасиетке – өнер деп қарау! Қазіргі қазақ әдебиетінде жазарман шығармасын танудың әдіс-тәсілі ескірген жоқ па деген де ойдың төбе көрсеткені өтірік емес шығар-ау, сірә! Әдіс-тәсіл ескірсе ескіретін де шығар, бірақ әдебиет дами береді. Жалпы, қазіргі қазақ әде­бие­тінің ең бір зәру, ділгір мәселе­лерін дер кезінде оқырман талқы­сына салып отыру, жекелеген қа­быр­ғалы қаламгерлеріміздің күр­делі шығармашылығын да қалт жібермей, қадағалап, қадап жазып, олардың рухани мұрасына бір-бір әдеби-сын еңбек арнау мақсатында өнімді еңбек етіп, қазіргі қазақ көр­кем сынына сүбелі үлес қосып, ең бастысы осы жанрдың ауыр жүгін жарты жолда тастап кетпей, басқа жанрға бұрылып кетпей, проза, поэзия, драматургияға адал болған қаламгерлер шығармасын өскелең ұрпақ қолынан көргіміз келетінін жасырмаймыз. Туабітті болмыс-бітімінде қанағат пен тұрақтылықты тұғыр етіп, параса­ты мен кісілігіне қылау түсірмей келе жатқан таланатты жазушылар­ға тағзым етсек екен.
Сонау өткен ғасырлардағы ақын-жыраулардан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бүгінгі сөз өнері бүтін бір ұлтқа аса қажет екендігін амалсыз мойындайсыз. Алайда, сөз киесін бүгінгі күнге қаймағы бұзылмай жетті деуге аузымыз бармайтыны анық. Қазақ қазақ болғалы сөзге тоқтаған, сөздің мәніне, астарына терең үңілген­дігіне шүбә келтірмейміз. Кейде біз қандай кезеңде өмір сүріп жатырмыз, кімге айналып бара жа­тыр­мыз деп ойға шомасың. Ештеңе қызық емес, ештеңенің мәні, мағынасы жоқ. Күлген боласың, қуанған боласың, бірақ бәрі де бір мезеттік. Қайтадан сол баз қалпыңа түскенің. Құлазу, өкіну, жерінуден құтыла алмай тағы дал болғаның. Құдай-ау, сон­да бұл не? Бұл неғылған бітпейтін айықпайтын дерт, жазылмайтын жара. Әлде, бұл тек шығармашыл адамдарда ғана кездесетін құбылыс па? Проза деп аталатын түпсіз, тұңғиықтың ішінен дара, тосын, өзгеше бір дүниені көксейсің, іздейсің. Әйтеуір бір жарқыраған асылды тапқың келеді. Алайда, нені айтып, нені жазсаң да оны өз атымен атау керектігін ұмыт қал­дыратынымыз бар. Кім не жазам десе де, өз еркінде. Бірақ сапыры­лысқан сары қағаздың бетінде: «Па, шіркін не деген сөз» дейтін бір таңғалыс сыйлар жазуларды көбірек кездестірер ме еді дейсің. Жалпы, бүгінгі жазу өлшемін кімнің қалай түсінетінін кім білсін. Сөйте тұра, бәрінен бұрын пара­саты биік тұратын әдебиет тағына қызығушылардың саны неге артып тұр деген сауалдың туындайтыны бар. Биік пен аласаның айырмасын жер мен көктей деп баламалайтын шешендіктің, көрегенділіктің қол­мен қойғандай немесе баян­далуы тілдік қорымыздың бай екендігін дәлелдейтін іспетті. Бірақ қазіргі сөз қадірі кетіп тұр­ған тұста сөзді қиындатпай, әде­билендірмей қысқа да, нұсқа, қа­лай болса солай қолдана салатын болғалы қашан. Жалпы, сезім­тал­дық, әсершілдікке бейім халық екендігіміз рас. Сондықтан да шы­ғар, ән-күйлеріміздің барлығы да мұңдылау болып келеді. Проза да да солай. Жалпы, өзінің ішкі толғанысын, арпалысын қағазға түсірмейтін жазушы жоқ шығар, әсте. Айтпауға тиіс нәрсенің өзін қағазға қалай ақтарып, қалай жайып салғаныңды білмей жата­сың. Ол да «сөз өнерінің» құдіреті болар. Ойлап отырсақ, соның өзінде жазушылар боркеміктіктен арыла алмаған сияқты болып көрінеді. Басынан кешкенді айт­пай кетпеген қаламгерлер сирек. Тек оны шығармада кім қалай бере алды? Өмірдің ащы-тұщысы мен самаладай жарық, жарқын тұс­тарын кім шынайы поэзияға айналдыра алды? деген ой туын­дайды. Шын мәнінде көркем әдебиеттегі күрделілік қарапайым халықтың жанына жақын емес екендігі ақиқат. Қазақтың бай тілін проза, драма, поэзия тілінде сөйлетіп, қолданыста көп кездесе бермейтін тосын теңеулерді жы­рына арқау еткен Жұмекен Нә­жі­меденовтің, Асқар Сүлей­меновтің есімін жыр сүйер қауым жадынан шығарған емес. Иә, Жұмекеннің тілін тез түсініп, жылдам қабылдай алмайсың. Алайда, тереңнен тебіреніп, жаныңды астаң-кестең күйге бөлейтін оның тұма жырлары жүрегіңе шаттық сыйламай тұр­майды. Ақынның пешенесіне бұйыр­ған бақ деп осыны айтуға болар. Алла-Тағала бәріне бірдей биік парасат, бәріне бірдей өре, ақыл-ой, бәріне бірдей таным, түсінік берген болса, мына дүние жұмаққа айналар еді-ау дейсің. Бірақ өмірдің өзі ақ пен қарадан, биік пен аласадан тұрмай ма?! Көрген түйгенін, түйсінгенін әр­кім өзінше жырлайды, әркім өзінше жырға айналдырады. Әгә­рә­ки, мына жаңалығы көп жаңа заманға әдебиеттің қажеті болмаса, жаныңды күн сайын жабырқатып, күнкөрісі қиындаған тіршілікте жүрегіңді, жан-дүниеңді әлдилей тербететін әннің де керегі шамалы болып қалмас па деген ой түйесің. Кім білсін, қазір ешкімге тосқауыл қоя алмайтынымыз шындық. Себебі, қай өнер саласында бол­сын бұрынырақ­тағыдай белгілі бір көркемдік кеңестің жұмыс жаса­майтын­дығынан әркім өзімбілер­мендігін іске асырып жатқанының ол да бір көрінісіндей әсерге бөлейді. Ол толассыз жарыққа шығып жатқан, ішінде іліп алары жоқ кітаптардан-ақ белгілі емес пе?! Иә, бәрін айт та, бірін айт, бүгінгі қазақ әдебиеті туралы түсініктің төмендеп кетуінде бо­лып тұр ғой, бар әңгіме. Бірақ дәтке қуат – бүгінгі жастардың айтары бар. Кемшілігі, олқылығын көргені мен білгені, сезгені мен сезімі толтыра жатар. Тек шығар­ма­шылықтың кеңістіктің бір ай­тыл­маған айғағы – ол өзі іріктейді, ол өзі үйретеді. Қаламгер қаптаған сайын, толысқан сайын өзін түзетеді, түзейді. Ешкім туа сала бәрін біліп тумайтыны хақ. Бәрін уақыт өзі екшейді екен. Тек жас­тарды өзіне деген сенімділігінен гөрі сезімі, тазалығы алдамаса екен деп тілейміз. Қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының бүгінгі тақырыбы – көбіне өмір, уақыт жайында. Олар жырлаған уақыт пен өмір өткен шақтағыға қара­ғанда күрделілеу көрініс табады. Бүгінгі өлеңнің беталысы – бүгінгі өмірдің айна-қатесіз өзі сияқты. Мадина Омар, Қанат Тілеухан, Мақсат Мәлік, Бейбіт Сарыбай, Алмас Нүсіп секілді прозашылар­дан үлкен үміт күтемін. Бірақ олар­дан өскен үстіне өсіп, дамыған үстіне дами түсу керек деп ой­лай­мын. Артықшылықтарымен қоса кемшіліктері де бар. Бір жазған шығармасы келесісінен мықты болса дейсің. Бұл жағынан жастар Тынымбай Нұрмағамбетов, Тұр­сын­жан Шапайдан үйренулері қажет деп ойлаймын. Себебі, әдебиет ішкі мықтылықпен төзім­ділік­пен және оған деген адал­дық­пен ғана өлшенеді деп білемін.

Әзірлеген
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 26.11.2019 | 10:04

Кыс

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір