Фэнтези әдебиеті сұранысқа ие
19.08.2015
2096
0

Әр дәуірдің эстетикасына сай белгілі бір көркемдік парадигмалардың алға шығатыны рас. Әлем әдебиетінде ХХ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап постмодернизм эстетикасы бағыт ретінде белең алғанымен, кей ұлттық әдебиеттердің шеңберінде тек әдеби ағым, қала берді көркемдік әдіс-тәсіл, құралдар ретінде көрініс тауып келеді.

Еркінгүл СОЛТАНАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты

Постмодернизм бағыт ретінде батыс жә­не шығыс еуропа әдебиеттерінен жарқын көрініс тапты. Оның атақты өкілдері ретінде әдебиеттанушылар итальяндық авторлар Умберто Эко, Итало Кальвино, не­міс Патрик Зюскинді, чех Милан Кундераны, серб Милорад Павичті атайды. Сон­дай-ақ, шығыс әдебиеттері ішінен, жапондық «модернисттік емес» деп аталған, батыстық постмодернизммен пара-пар ағым өкілдері Харуки Мураками, Рю Мураками шығар­ма­ла­рын осы бағыт аясынан қарастыруға болады.
Постмодернизм философиясын айт­па­ған­да, постмодернизм поэтикасының эс­те­ти­калық бүтіндігін қалыптастыратын басым эле­менттер ретінде теоретиктер интер­мә­тін­ділікті, «Әлем мәтін ретінде» деген күр­де­лі концепцияны, ойын поэтикасын, диа­ло­гизмді атап көрсетеді.
Қазақ әдебиетінде шығармашылығының дені осы постмодернисттік ағыммен байланысты деп мысалға аларлық ақын-жазу­шы­лар сирек. Дегенмен, әлемдік мәдени үрдіс­ке ілесе отырып, саналы түрде осы ба­ғыт­тағы көркемдік ізденістерге барған, кейде бейсаналы түрде постмодернисттік поэтиканы өзінше қолданып жүрген авторлар бар.
Ғалым Б.Майтанов «Қазіргі қазақ поэзия­сы және постмодернизм» атты еңбегінде «…қазіргі дәуірдегі модернизм мен пост­мо­де­рнизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көтерілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбаған­дық­тан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде», – деп дұрыс айтқан.

Әлем әдебиетінде әуелде жанр ретінде қалыптасып, кейіннен тіпті бағыт ретінде кө­рініс тапқан фэнтези әдебиеті де қазіргі қоғамда кең сұранысқа ие. Ол әдебиетте ғана емес, кино, радио, живопись секілді өзге де өнер түрлерін қамтыды. Бұл көркем бағыттың қалыптасып, дамуы туралы да түрлі даулы пікірлер көп. Дегенмен, фэнтези әдебиеті АҚШ, Англия, Германия, Россия, Украина жерлерінде қарқынды өсіп, әдеби бағыт ретінде танылып келе жатқанын әде­биет­танушы-ғалымдар мойындап отыр.
Фэнтези әдебиетінің қалыптасуына Джон Рональд Руэл Толкиеннің «Сақиналар әміршісі», «Хоббит», Клайв Стейплздің «Нарни шежіресі», Роберт Ирвин Говардтың «Конан» шығармалары негіз болған. Бұл жа­нр дәстүрі Роджер Желязны, Кристофер Паолини, Джоанна Роулинг секілді фантаст жазушылардың шығармашылығынан жал­ға­сын тапты.
Қазақ әдебиетінде бүгінгі фэнтази жан­ры­ның көрінісі ретінде Зира Нау­рыз­баева­ның «Алтын тостағанды іздестіру: Бату және оның достарының басынан кеш­кендері», А.Түлембаеваның «Дамока және оның дос­тары» секілді шығармаларды атауға болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір