«Бабалар салған ізден артық жол жоқ»
15.09.2017
2185
0

Өмірде тындырған тірлігі үшін ешқашан ешкімнен ақы да, абырой-атақ та сұрамайтын адамдар болады. Ісі ірі болғанымен, өзін кіші ұстайтын, нардың жүгін арқалап жүрсе де қарапайымдылығынан танбайтын осындай азаматтардың бірі – Құмарбек Омаров, әскери қаламгер, отставкадағы полковник. Орыс тілінде жазылған жеті-сегіз романның авторы.
Биыл жетпіс жасқа толып отырған әскери жазушы Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бір қарағанда әңгімеге шорқақ көрінген қаламгер ой тиегін ағытқанда, сонау өткен күндерінің өшпес елесін бейнелі сөзімен безбендеп көз алдымыздан тізбектей өткізді. Қаршадайынан қиындықпен күресіп, қажыры мен қайратының арқасында бұл күнде абыройлы ел ағасына айналған мерейтой иесімен арадағы сырлы сұхбат төмендегіше өрбіген еді.


Құмарбек Омаров, әскери қаламгер,
отставкадағы полковник

– Бір әңгімеңізде «Мен танымал­ды­лыққа аса ұмтылмаймын. Көбіне жұрт назарынан тыс, оңаша болғанды қа­лаймын» деген екенсіз. Жұрттың бә­рі атақ-дәрежеге, мақтау-мара­патқа қол созған заманда өзіңізбен-өзіңіз саяқ жүруіңіздің себебі неде?
– Мансап, дәреже, билік – қол­дың кірі. Меніңше, алға қойған мақ­сатына қажыр-қайрат, күш-жі­герімен жетуге әркімнің мүмкіндігі бар. Тек мақсаты айқын, сенімі нық болса болғаны. Олай дейтінім, өз басым өмірде қандай жетістікке бол­са да тек білім-білігім мен табан­дылығымның нәтижесінде қол жет­кізген адаммын.
Мен ауылдағы көпбалалы, қа­рапайым отбасында дүниеге келдім. Ол кезде Қатонқарағай ауданын­дағы біздің шалғай ауылда төрт-ақ сы­ныптық мектеп бар еді. Төрт сы­нып­қа бір ғана мұғалім сабақ бере­тін. Шамасы келгендер балаларын одан әрі интернаттарға, орталықтар­ға жібереді. Ал оған мүмкіндігі жоқ­тар сол төрт сыныптық білімді қа­н­а­ғат тұтып, ауылда қалады. Төр­­тін­ші сыныпты бітірген соң менің де оқуды жалғастырғым келді. Сөйтіп, одан ары қарай өзім­мен-өзім болуыма тура келді. Қан­ша жерден туыс болғанымен қы­сыл-таяң заманда біреудің баласын оқыту, өз балаларының несібесімен оны да ризықтандыру кімге ұнай қояды дейсің. Ағайынның үйінде шет­қақпайлықты көре жүріп, ширыға түскендей болдым. Әйтеуір бірде туыстардың үйін, бірде ин­тернатты паналап жүріп оқып шықтым. Өмірдің алғашқы қиын­дық­тарымен сол бала күнімде бет­пе-бет келдім. Анда-санда болмаса ауылдағы ата-анам көп ақша жі­бермейтін еді. Әрине, ауылдағы шиеттей бала-шағадан не артылсын. Қазір ғой жастардың бүтін киімді әдейі жыртып, сәнге айналдырып жүр­гендері. Ол кездері жыртық киім кию ұят, намыс саналатын. Киімім тозып, шалбарымның әр жері тесіле бастағанда, ортаға шы­ғып сабақ айтуға намыстанатын, екі қолыммен жыртылған жерін жауып тұрып, қысылып сабақ айтатын күндерім болғанын жасырмаймын. Ен­ді ойласам, сондай түрлі қиын­дықтарға шыдауымның себебі – ата-анама көмектессем, бауырл­а­ры­ма қамқор болуға жарасам деген ниет­тен туған табандылық екен ғой. 1966 жылы он бірінші сыныпты аяқ­тап, Семейдегі құрылыс техни­ку­мына түстім.
– Сіз қаршадайыңыздан басшы бо­­лып, басқару ісіне ерте араласқан екен­сіз. Сыры неде?
– Әскерден келген соң Үлкен На­­рын ауданындағы Урыл совхо­зын­да комсомол комитетінің хат­шы­сы болып жұмыс істеп жүрген ке­зім еді. Бірде сол ауылға Тұрсынай деген қыз институт бітіріп, мұғалім бо­лып келді. Сол қызбен тіл табы­сып, 1973 жылы отау құрдық. Екеу­міз содан бері өмірдің ащы-тұщы­сын қатар татып, бірге қартайып келеміз. Сол жылдары аудан орта­лы­ғында өткен комсомол конферен­ция­сында баяндама жасадым. Кон­ференциядан шығып келе жатып, дәлізде бір кісімен қарсы келіп ал­дым. Қарасам, аудандық атқару ко­­митеті төрағасының орынбасары Құ­маш Боранбаев екен. «Әй, Омар­дың ұлы сен қайдан жүрсің? Ертең маған келіп жолық», – деді ол кісі. Ертеңіне бардым. Жас комсомол­дар­ды жұмысқа шақырып жатқанда­рын айтып, Печи ауылдық аймағына ауылдық кеңестің хатшысы болуға келісімімді сұрады. Мен: «Хатшысы қалай, одан да неге төраға ғып бір-ақ қоймайсыздар», – деп қалжыңда­дым. Отырғандар ду күлді.
Екі-үш айдан кейін орталықтан қайта шақырту келді. Ақыры бас­шылықтың ұйғарымымен 22 жа­сымда аталмыш аймаққа өзім айт­қандай ауылдық кеңестің төрағасы болып бардым. Дәл сол уақыт ол жерде жол мәселесі ушығып тұрған кез. Балшыққа белшесінен батқан халықтың аудан орталығына жетуі мұңға айналған. Сөйтіп, білек түре іске кірісіп кеттік. Бір жылдың ішін­­де аудан орталығына автобус жү­р­етіндей етіп, жолдың мә­селе­сімен айналыстым. Бақсам, атқары­лар шаруа шаш-етектен, бірақ оған бас ауыртып жатқан ешкім көрін­бейді. Ал ақша деген игерілмей жа­тыр. Сонымен жол төсеп, көпір са­лып, жатпай-тұрмай шаруамен ай­налыстық. «Жап-жас бала келіп, өстіп жатыр екен» деген әңгіме жан-жаққа тарай бастады. Сөйтіп жүр­генде, Үлкен Нарын мен Қатон­қарағай аудандары екіге бөлініп кетті. Жаңадан құрылған аудан үшін Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің жанындағы Жо­ғары партия мектебінде оқуға бір орын бөлініпті. Соны ести сала де­реу басшылыққа білім алғым келет­інін жеткіздім. Сөйтіп, өтініш біл­дірген он бір адамның ішінен жо­лым болып, сол орынға ие болу ма­ған бұйырды. Ол кезде жасым жиыр­ма төртте еді. Әйеліммен екі қы­зымды алып, пәтер жалдап жүріп оқыдым.
Оқуымды бітіріп, жаңа қызметке кірісе бергенім сол, бір күні Орта­лық Комитеттен шақырту келді. Түнімен не бүлдіріп қойдым деп қо­­­балжып, ұйықтай алмай шықтым. Ертесі көңілім алабұртып Орталық Комитетке келсем, мені Мемлекет­тік Қауіпсіздік Комитетіне жұмысқа шақыратындарын айтып тұр. Жө­пел­демеде не дерімді білмей, абды­рап қалдым. Қабырғаммен кеңесуге мұрсат берулерін сұрадым. Үйге келгесін жұбайым: «Біз осы уақытқа дейін аз қиыншылық көрген жоқ­пыз. Сен олардан әуелі пәтер сұра, егер баспана мәселесін шешіп бер­се, онда ұсыныстарын қабыл ал», – деп кеңес берді. Орталықтағылар өтінішіме құлақ асып, Алматының ортасынан екі бөлмелі пәтер берді. Сондағы қуанғанымызды тілмен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Осылайша кадр бөлімінде аға жедел уәкіл (полиция мекемелеріндегі оперативтік қызметкер) болып жұмысқа кірістім. 1994 жылы ҰҚК-ның бөлім басшысы болдым. Бір­тін­деп қызметім жоғарылай бас­та­ды. 1997 жылға дейін органда жұмыс атқарып, жасым елуге келгеннен кейін зейнетке шықтым. Енді мем­ле­кеттік қызметтен босап, Ал­ма­ты­дағы қыздарым мен жиендеріме барып, мауқымды басармын деп ойлап жүргенде, Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Ви­та­лий Метте «Алтын Төбе» металлур­гия зауытына директор болуымды өтін­ді. Сөйтіп, тағы жеті жыл сонда бас­шылық етіп, ақыры өз еркіммен қыз­меттен босатуға өтініш білдір­дім. Сонда Метте: «Мен талай бас­тық­ты көріп едім, бірақ дәл сіз се­кілді өз еркімен қызметтен кеткен бас­тықты бірінші рет көріп тұр­мын», – деп күлгені есімде. Ақыры қыздарымның өтінішімен Алматыға көшіп келдік. Бірақ келгеніме үш ай толысымен мені Президенттің күзет қызметіне жұмысқа шақырды. Онда бас директордың орынбасары болып істедім. Екі жылдан кейін ден­саулығым сыр бере бастады. Әуе­лі дәрігерлер «сырқатыңыз қауіп­ті, жаман ауру» деп қорқытты. Кейін Швейцарияға барып, толық тек­серуден өткеннен кейін, бастап­қы диагноздың қате қойылғаны анық­талып, сол жақтан өт қабыма ота жасатып, оңала бастадым.
– Ұзақ жыл органда жауапты қыз­­­меттер атқарыпсыз, сонда жазу­шы­лыққа қашан, қалай келдіңіз?
– Негізі журналистика факуль­те­тін тәмамдадым деп айттым ғой. Бірақ қаламды серік етемін деген ойым мүлде жоқ еді. Бір күні жұ­мыс­та отырып, «Рудный Алтай» газе­тіне көз жүгіртсем, кезінде өзім бас­қ­арған Печи кеңшары туралы мақала жарық көріпті. Қарасам, кейбір деректері шындыққа сәйкес келмейді. Кезінде өзім басқарып, аяққа тік тұруына мұрындық болған ауыл туралы жалған дерек бергендері жаныма батып, дереу тілшіге ха­барластым. Ол бірден келіп, мән-жайды түсінгеннен кейін, онда сіз қарсы мақала жазыңыз деді. Жа­райды көрейін, қалай болар екен деп жүрексініп, қолыма қалам ал­дым. Кейін жазғанымды редакцияға алып барсам, «мынауыңыздың кө­лемі газетке тым көп, сіз тағы біраз нәрсе жазыңыз, бәрінің басын құ­рап, кітап етіп шығарайық», – деді. Бастапқыда ол менің қолымнан келе қояр ма екен деп жүрексін­генім­мен, қалам ұстасам болды, жүрек түбіндегі сезім сырларым өз-өзінен қағаз бетіне төгіліп қоя беретінін байқадым. Сөйтіп, әйтеуір біртіндеп қаламмен достаса бердім. Ақыры жазбасам тұра алмайтындай жағдайға жеттім. Жұбайымның «Осының қалай болар екен? Сен жазудың емес, істің адамысың ғой», – дегеніне де қарамай, жазатын бол­дым. Ондағы бір ойым, өмірде ғұмырымды жалғайтын ұл қалдыра алмадым. Енді осы кітаптарым менің ғұмырымды жалғайтын, атым­ды өшірмейтін бір белгі бол­сын деген ниет еді. Соның нә­ти­же­сін­де «Последняя охота», «Река начи­нается с ручьев», «Загадочная Бух­тырма», «Обречение», «Катын-Ка­рагай» атты кітаптарым жарық көр­ді. Негізінен, орыс тілінде жаза­мын.
Расында, атақ-дәреже қуып, жазу­шы болып, жұртқа танылсам деген ниетім болған емес. Сәті ке­ліп Жазушылар одағына мүше бол­дым. Мүшелікке өткенім туралы куә­лік қолыма дәл 13 шілде – Қауіп­­сіздік қызметкері күні тигені әлі есім­де. Қуанышым қойныма сый­май, алып-ұшып жеттім. Куә­лікті алып, кәсіби мерекеге арналған сал­танатты шараға бардым. Әріп­тестерім де қатты қуанды, сол күн ме­нің жеке мерекеме айналып кет­ке­ні есімде.
– Сізді Оралхан Бөкейдің жақын араласқан інісі деп жатады.
– Иә, Оралхан Бөкей дүниеге кел­ген қасиетті Қатон-қарағай же­рін­де туып-өстім, көктеп-көгердім. Менің ойымша, Оралхан әлі де ашыл­маған, жұмбақ адам. Бір то­пырақтың тумасы болғандықтан бол­са керек, мен ол кісіні өте жақсы түсінетінмін. Оқыған сайын кейіп­керлерін бұрыннан танитындай әсер­де боламын. Бізге Оралхан шы­ғармашылығын зерттеумен ай­налысатын бір институт керек се­кіл­ді.
– Ұзақ уақыт Ұлттық Қауіпсіздік Ко­митетінде қызмет еттіңіз. Сіздің ойыңызша қазақ ұлтына ең әуелі қауіп неден төніп тұр? Ол қауіптің ал­дын алу үшін не істеу керек?
– Экономикасы дамыған неме­се дамушы, я құлдыраған ел болсын өзінің қауіпсіздігін бірінші орынға қоятыны ақиқат. Елге сырттан ке­летін қауіп-қатерден гөрі іштен шы­ғатын дау-дамайдың зияны кө­бірек тиіп жататынын ескере бер­мейміз. Сондықтан мемлекет ішкі және сыртқы саясатына бірдей көңіл бөлуі тиіс деп ойлаймын. Кей­де бұрынғы қызметіме қайта ша­қырса, дәл қазір барып, тәжі­ри­бем­мен бөлісіп, ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етер едім деген ой­лар келеді. Әсіресе, қазіргідей ашық қоғамда көп нәрсені жіті қа­дағалап отыру қиын әрі қызық бо­лып тұр. Жемқорлық кең етек жай­ған бүгінгі күні кез келген ұсақ-түйекті де назардан тыс қалдыру қауіп тудыруы мүмкін.
– Дәл бүгінгі таңда қазаққа қан­дай идеология керек?
– Менің ойымша қазақ деген сөз­дің өзі – идеология. Біздің ға­сыр­лар бойы жалғасқан салт-дәс­түр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдары­мыз, өмір сүру салтымыз тазалықты, адалдықты, қонақжайлылықты, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қа­рауды, ұятты өлімнен артық көру­ді, ел намысы үшін отқа түсуді на­сихаттайды. Бізге осы бабалар жо­лынан артық қандай жол керек? Қа­зақ қай кезде де қазақтығын сақ­тап қалса деп тілеймін. Ол үшін қа­зақ тіліне деген құрмет пен қа­жеттілік артса деген тілегім бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір