Бізге қажеті – сананың ашықтығы
15.09.2017
3488
0

Санамызда әуелден бүгін мен өткенді салыстыратын түсінік болғанымен, одан тек сабақ алудан гөрі «дұрыс» не «бұрыс» деп шорт кесетін әдет бардай көрінеді. Ал осыдан екі мың жыл бұрын Римде «жастар бұзылып кетті» деп қоғам алаңдаушылық білдіріпті. Қандай өзгеріс болсын, ең алдымен үміт пен күдіктің салмағы тең түсетін жер – жастар ортасы. Өйткені, елдің көркеюі мен кері кетуі – жастардың қарымына тәуелді құбылыс. Қоғамның әлеуметтік, мәдени, саяси өміріндегі ірілі-ұсақты оқиғалардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, бел ортасында жүрген жастарды көресіз. Кез келген оқиғадан тез ысынып, тез суынатын да – жастар. Жастық жалынымен кейде толағайлық мінез танытып, сол мінезі арқылы кейіннен ел алғысына бөленіп жататын да – солар. Кім не айтса да, қазақта кеше де, бүгін де, ертең де «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» дайын Сұлтанмахмұттардың болмауы мүмкін емес. Сол жастардың саяси мәселесі төңірегінде саясаттанушы Шалқар НҰРСЕЙІТОВПЕН әңгіме өрбіткен едік…


Шалқар НҰРСЕЙІТОВ,
саясаттанушы

– Елбасы Н.Назарбаев «Елі­міз­дің келешегі жастардың қо­лында» деген болатын. Қазақ­-
с­танның бүгінгі жастарының саяси сауатына қандай баға берген болар едіңіз?
– Әлеуметтік және гуманитар­лық ғылымдардың нақты ғылым­дардан айырмашылықта­рының бірі – ғылыми ұғымдар мен тер­мин­дердің зерттеушінің ыңға­йына қарай икемге оңай келуінде. Мәселен, сіз қозғап отырған «сая­си сауаттылық» ұғымының жүздеген анықтамасы болуы мүм­кін. Дегенмен, «саяси сауат­тылықты» зерттеушілер тобын шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топтағы ғалымдар өз мемлекетінің жалпы саяси құрылымын, атқару­шы биліктегі негізгі саяси қыз­мет­керлердің аты-жөнін, парла­менттегі басты саяси партиялар мен өз аумағынан сайланған депутаттардың (мажоритарлық сайлау жүйесі бар елдерде) атта­рын, өз қала, ауыл әкімдерінің есімін білетін азаматтарды саяси сауаттылардың қатарына жатқы­за­ды. Яғни әлеуметтік сауална­маларда респонденттер­дің «саяси сауаттылығын» фактуальды саяси білім негізінде түрлі шкалалармен бағалап жатады.
Ал зерттеушілердің келесі тобы болса «саяси сауаттылықты» анықтауда ел азаматтарының саяси белсенділігі (сайлауға қа­тысу және сайлануға ұмтылу, өз депутаттары мен мэрлеріне қоңы­рау шалып, хат жазып, петициялар жіберіп, саяси блог жүргізіп, т.б. тәсілдер арқылы ықпал етуге тырысу) мен олардың түрлі саяси күштердің идеологиясының ара­жігін ажырата алу қабілеті арқылы бағалайды. Яғни оларға фактуа­льды білімнен гөрі азаматтардың саяси мәселелер бойынша рацио­налды шешім қабылдай алу қа­білеті маңызды. Өзіме ғалым­дар­дың соңғы тобының зерттеу тәсілдері ойға қонымды көрін­генімен, «саяси сауаттылықты» өлшеуге тырысу немесе оны «жоғары», «орташа» және «төмен» деп баға беру орынсыз көрінеді. Өйткені, адамның саясат туралы дүниетанымын оның туып-өскен ортасы, әлеуметтік статусы, жынысы, білім деңгейі, ұлты, тілі, діні, қандай ақпарат көздерін пайдаланатындығы, елдегі саяси режим, сөз бостандығы жағдайы секілді бір-бірімен астасып жат­қан түрлі факторлар қалыптас­тыра­ды.
Осы орайда дәл қазіргі таңда бізде қалыптасқан қоғамдық-саяси жүйе рационалды саяси шешім қабылдайтын азаматтары­мыздың санының көп болуына мүмкіндік бермейді. Ел азаматта­ры саяси белсенді болуы үшін ең алдымен саяси сахнамызда бәсекелестік қажет. Мысалы, билік­тің «заң шығарушы» тар­мағы саналатын Мәжілістегі 3 саяси партияның атынан сайлан­ған депутаттарымыздың соңғы рет қашан қызылкеңірдек болып пікір таластырғаны есіңізде ме? Саясаттанушы бола тұра, менің де есімде жоқ. Азаматтарымызға тікелей депутаттарымызды сайлауға мүмкіндік беретін ма­жоритарлы сайлау жүйесі бол­мауы себебінен «халық қалаулы­лары» қоғам алдында есеп беруге мүдделі емес. Барлық деңгейдегі әкімдерді алып қарайықшы. Қоғам алдында жауапкершілік­терін жылына бір рет тұрғындар алдында ресми есеп беру кезінде ғана сезінеді десем, артық айтқан­дық болмас. Одан бөлек, бюджеті миллиардта­ған теңгеден тұратын мемлекеттік бағдарлама­ларды тиімсіз басқарғанына қарамастан, саяси карьерасы өрге домалап тұрған кейбір үкімет мүшелеріміз бар. Мұның бәрін неге мысал ретінде айтып отырмын? Кә­ме­лет­ке толған әрі сайлау құқығы бар азаматтарымыз шынайы сая­си таңдау жасау мүмкіндігіне ие бол­май, олардың «саяси сауат­ты­лы­ғына» баға беру ерте деп ой­лаймын. Кей сарапшылар жас­тардың бойынан саяси апа­тия­ны көріп жатады. Меніңше, егер жастар жаппай саясатқа қы­зы­ғушы­лық танытпаса – ол жас­тарымыздың кінә­сі емес.
– Елімізде арнайы жас­­тар мәселесі бойынша «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партия­сының «Жас Отан» жас­тар қанаты жұмыс істеуде. Саясаттанушы ретінде «Жас Отанның» тарихы мен болашағына тоқталып өтсеңіз.
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқып жүрген кезім­де «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиалында жұмыс істеген болатынмын. Сол кезде мүмкіндігінше түрлі әлеуметтік кластағы Алматы жастарының мәселелерін көтеріп, тиісті тарап­тардың араласуы арқылы сол мәселелерді шешуге тырыса­тынбыз. Ол жұмыстар үнемі БАҚ беттерінде жарық көре бермей­тіндіктен, көпшілікке «Жас Отан» тек жастарды жинап алып жиындар өткізумен айна­лысатын ұйымдай көрінетін.
Шыны керек, дәл қазір «Жас Отан» ЖҚ жобаларымен жақсы таныспын деп айта алмаймын. Дегенмен, менің бақылауым бойынша, әлі күнге дейін ұйым жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеу мен әлеуметтік саясат­қа үлес қосуды өзінің миссиясы санайтындай көрінеді. Қазіргі жас азаматтардың құндылықтар жүйесі мен өмірлік ұстанымдары басқа. Патриоттық форумдар мен конференциялар өткізу арқылы олардың патриоттық сезімін 20-25 пайызға арттыра алмайсыз (күліп). Интернет пен ақпараттық технологиялардың және өздерінің тіл білімдері арқасында жастары­мыз қажетті информацияны тез жүктеп алады. Өмірдің кез келген саласын алып қарасақ, қазір жаңашыл әрі тартымды көрінген дүние бір сәтте ескі дүниелердің қатарына қосылып жатады. Өздерін жастардың мүддесін шынайы қорғайтын заманауи санайтын ұйым қоғамдағы жыл­дам жүретін өзгерістерді ескере отырып, соған сай әрекет етуге дайын болуы тиіс. Ал ондай ұйым­дарды қазіргі жастар саяса­тын жүзеге асырушылар қата­рынан, өз басым, көріп жүрген жоқпын.
«Жас Отаннан» бөлек, өздерін жастар саясатын белсенді жүзеге асырушылар санайтын «Қазақ­с­тан Жастар Конгресі», «Қазақ­стан Студенттер Альянсы», т.б. респу­бли­калық деңгейдегі бір­неше ірі жастар ұйымдары бар. Бірақ сол ұйымдардың түрлі мін­берлерден, БАҚ-та немесе әлеу­меттік желіде жас азамат­тарымыздың мүддесін қорғап жүргенін көрмейміз. Сондықтан дәл қазір ірі жастар ұйымдарын бар болғаны жастар саясатындағы «мемлекеттік тапсырыстарды орындаушылар» деп атар едім.


Ел азаматтары саяси белсенді болуы үшін ең алдымен саяси сахнамызда бәсекелестік қажет. Мысалы, биліктің «заң шығарушы» тармағы саналатын Мәжілістегі 3 саяси партияның атынан сайланған депутаттарымыздың соңғы рет қашан қызылкеңірдек болып пікір таластырғаны есіңізде ме? Саясаттанушы бола тұра, менің де есімде жоқ. Азаматтарымызға тікелей депутаттарымызды сайлауға мүмкіндік беретін мажоритарлы сайлау жүйесі болмауы себебінен «халық қалаулылары» қоғам алдында есеп беруге мүдделі емес. Барлық деңгейдегі әкімдерді алып қарайықшы. Қоғам алдында жауапкершіліктерін жылына бір рет тұрғындар алдында ресми есеп беру кезінде ғана сезінеді десем, артық айтқандық болмас. Одан бөлек, бюджеті миллиардтаған теңгеден тұратын мемлекеттік бағдарламаларды тиімсіз басқарғанына қарамастан, саяси карьерасы өрге домалап тұрған кейбір үкімет мүшелеріміз бар. Мұның бәрін неге мысал ретінде айтып отырмын? Кәмелетке толған әрі сайлау құқығы бар азаматтарымыз шынайы саяси таңдау жасау мүмкіндігіне ие болмай, олардың «саяси сауаттылығына» баға беру ерте деп ойлаймын.


«Soft Power» теориясымен әлемге танымал Гарвард университеті ғалымы Джозеф Най және Шалқар Нұрсейітов

– Еліміздегі жастар саясаты­мен айналысып жүргендер оның жұ­мысын жоғары бағалайды. Сіздің­ше, біздегі жастар саясаты бүгінгі жастардың негізгі деген баспана мәселесі, жұмыспен қамту сынды әлеуметтік жағынан қаншалықты көмек қолын созуда?
– 14-29 жас аралығындағы азаматтарымыздың әлеуметтік мәселелерін шешуді жастар саясатына міндеттеуді мемле­кет­тік бюджет үшін де, жас азамат­тары­мыздың қоғамда өз орын­дарын табу үшін де аса тиімді тәсіл деп есептемеймін. Жастары­мыз еліміздің толыққанды аза­мат­тары ретінде қалыптасуы үшін олардың мәселелерін басқа жас категориясындағы азамат­тар­дан мүлдем бөлек алып қарастыруға болмайды. Кейбір сарапшыларымыз жастар саясаты туралы сөз қозғағанда, жастарға тек үй және жұмыстан басқа еш­теңе керек еместей көрінеді. Шын мәнісінде, еліміздегі басқа жас категориясындағы азаматтар секілді жастарымызға да сапалы денсаулық сақтау жүйесі, еңбек нарығында пайдаға жарайтын білім, әлеуметтік сатымен білім мен біліктілік арқылы көтерілу, заң үстемдігінің орнауы, конс­ти­ту­циялық құқықтардың сақталуы секілді мәселелер өте маңызды. Егер мен атап өткен салалардағы саясат пен бағдарламалар тиімді жүзеге асса, баспана мен жұмыс­сыздық «жастар мәселесі» ретінде қаралмас еді.
– Шетелдегі жастар саясаты мен біздің елдегі жастар саясатын са­лыстыра отырып, ондағы ұқсастықтар мен айыр­ма­шы­лық­тар­ды сөз етсеңіз?
– Шетелдердегі және біздегі жастар саясаты мәселелері ара­сын­дағы ұқсастықтарға жұмыс­сыздық пен баспана секілді әлеуметтік проблемаларды жат­қызуға болады. Батыс елдерінде де жастар арасында жұмыссыздық бар. Мәселен, Грекия, Порту­галия, Испания секілді мемле­кет­терде жастар жұмыссыздығы бүгінде жиырма пайыздың аума­ғында. Егер біздегі «өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды» ресми жұмыссыздар қатарына қоссақ, біздегі көрсеткіштер ресми мәліметтердегі бес-алты пайыз­дан біршама жоғары болары анық. Сондай-ақ, жұмысқа орна­ласу бойынша біздің қоғам мен шетелдік қоғамдағы түсінікте айырмашылықтар бар. Мысалы, бізде, әсіресе алдыңғы буынның санасында, адам төрт жыл бойы оқып шыққан мамандығы бойын­ша жұмыс істеуге тиіс деген пікір мықтап орнығып алған. Ал жастарымыз диплом бойынша амалының жоқтығынан жұмысқа орналасқаннан өздері үшін де, қоғам үшін де пайдасы зор болмасы анық. Ең бастысы, жастарымыз жұмыс берушінің талаптарына сай келетін біліммен қаруланып, өзінің сүйікті ісімен айналысуына барынша мүмкіндік жасалып, «Еңбек кодексінің» талаптары сақталуы тиіс.
Ал баспана мәселесіне кел­сек, батыстағы «Millennials» (1980 жылдан 1999 жыл аралығында туғандар) деп аталатын әлеуметтік топтың кейбір өкілдері үй сатып алуды өздерін бір жерге байланып қалуға апаратын жол ретінде қа­растырады. Жиі жұмыс ауыс­ты­ратын, жиі көшіп-қонатын қазіргі батыстық және өздерін «әлем азаматтары» (global citizen) санайтын әлемнің әр түкпіріндегі жастар үшін жеке үйдің болуы аса маңызды дүниелердің қатарын­дағы тізімде төменгі орынға сырғып барады. Олар үшін өзде­рінің кәсіби және рухани даму мүмкіндіктеріне ие болуы маңыз­ды. Олардың біздің қазақстандық замандастарға қарағанда әлеумет­тік-экономикалық жағдайы са­лыстырмалы түрде жоғары. Оған мемлекеттің экономикалық жағ­дайы, нарықтағы еңбек құны, жалпы жұмыс күшінің бағалануы, олардың кәсіби біліктілігі секілді факторлар әсер етеді. Дегенмен, АҚШ-та соңғы үш жылда өмір сүріп, білім алған азамат ретінде айтарым – жеке баспанаға қол жеткізу капиталистік мемлекет­терде қаржылық тұрғыдан оңай мәселе емес.
Саяси белсенділікке келсек, мен өзім «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі жыл білім алған Вашингтондағы Джордж Ва­шинг­тон Университеті АҚШ-тағы ең саяси белсенді кампус саналады. Яғни университеттің Ақ үйге өте жақын орналасқан­дығын ескерсек, онда білім алып жатқан жастардың саяси іс-шаралардан тыс қалып кетуі мүм­кін емес. Әсіресе, Трамп прези­де­нт болғалы бері «Демо­кра­тиялық партияның» жақтастары көп саналатын Вашингтонда саяси акцияларға қатысушы азаматтар­дың қата­рында жастардың қарасы көбей­генін байқадым. Жалпы, амери­калық жастар мектеп қабыр­ға­сынан бастап қызығу­шы­лық­тарына қарай түрлі та­ным­дық, қоғамдық, ғылыми, спорттық және саяси іс-шарал­арға қатысу мүмкіндігіне ие. Ол қызығушылықтарымен универ­ситет қабырғасында да айналыса алады. Мәселен, мен оқыған Джордж Вашингтон Универси­тетінде бес жүзге жуық студенттік ұйым бар. Олардың әрқайсысы өз мүшелерінің мүддесін универ­си­тет басшылығы алдында қорғай алады. Өз талаптарын жеткізу үшін әлеуметтік желілерде сту­денттердің мәселерін көтереді, тиісті мекемелерге хат жазады, протесттер ұйымдастырады, университеттегі тәуелсіз газетте ашық мақалалар жариялайды, жиындарда университет прези­дентіне тікелей сұрақтарын жау­дыру секілді сан түрлі құралдарды қолданады. Яғни жастар іс жү­зінде АҚШ-тың конституция­сындағы «Бірінші толықтыруды» (First Amendment) пайдаланады. Бұл мысалдарды басқа жас кате­гориясындағы әлеуметтік топ­тарға қатысты қолдануға болады. Өйткені, оларда заң шеңберінде саяси мәселелер бойынша өз пікірлерін бірнеше жолмен білдіре алады.
– Қазіргі таңда әлеуметтік желі­лер­де көптеген жастар оты­ра­ды. Ол жерде түрлі әлеуметтік, саяси ақпараттар талқыланатыны белгілі. Бұл жастардың саяси танымына қандай да бір әсерін тигізіп жатыр ма?
– Әлеуметтік желілер, соның ішінде Facebook, еліміздегі тел­е­арналар мен ресми баспасөз­ге қарағанда салыстырмалы түрде саяси мәселелер жиі әрі ашық талқыға түсетін орта. Қазақстанда фейсбуктің арқасында саны бір аудандық немесе қалалық газеттің тиражына тең оқырмандары бар танымал тұлғалар бар. Сол кі­сілердің пікірі жас азаматтары­мыздың саяси танымына белгілі бір деңгейде әсер етіп жатыр деуге болады. Бірақ ол әсердің ықпалы туралы арнайы зерттеусіз сөз қозғау орынсыз деген ойда­мын. Алайда, әлеуметтік желілер­дегі түрлі пікірлердің болуы саяси көзқарастардың әр алуандылығын қалыптастыруда, біздің қоғамда сөз бостандығының мықтап орнауына оң ықпал етіп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Ең бастысы, сол пікірлердің ішінде адамзат мойындаған моральдық өлшемдерге сәйкес келмейтін, тіл, діни наным-сенім, жыныс, нәсіл, жас ерекшелігі негізінде дискриминацияға шақыратын, еліміздің конституциялық құры­лымын, территориялық тұтас­тығын күштеп өзгертуді қолдай­тын пікірлердің үстемдік құруына қоғам болып жол бермеуіміз керек.
– Қоғамдағы кез келген саяси радикалды ағымдарға, ең алдымен жастар көптеп ілесіп жатады. Жастық максималистікті ақыл, санаға салып, ұстамдылықпен әрекет ету үшін не істеу қажет?
– Бұл мемлекеттік органдар мен қоғам тарапынан өте жүйелі жұмысты талап етеді. Сондай-ақ, бізге Президентіміз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ерекше атап кеткен «білімнің салтанат құруы» мен «сананың ашықтығы» қажет. Білім саясатынан бастап құқық қорғау органдары жұмыстарына дейін азаматтарымыздың бүгінгі күннің талаптарына сәйкес қажеттіліктерін есепке алатын шынайы өзгерістер керек. Яғни жастарымыз бұрыс жолға түспеуі үшін әлеуметтік әділеттілікті, заң үстемдігін, азаматтарымыздың фундаменталды құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуді күшейту маңызды болып тұр. Ал оны шаблонсыз ойланып, ба­рын­ша әділетті шешім қабыл­дау­ға қабілетті еркін ойлы Қазақстан азаматтары қам­та­масыз ете алады. Сол мақсат­та бізге үш бағытта жұмыстың тиімділігін арттыру керек секілді.
Біріншіден, мектеп қабыр­ға­сынан азаматтарымыз­дың сыни тұрғыдан ойлау қабілетін да­мытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Ол үшін мұғалімдеріміз өз құн­дылықтарын оқушылар бойына танудан аулақ болып, өзге пікір­лерге ашық әрі оларға құрметпен қарауға дайын болу керек. Сыни тұрғыдан ойлау жүйесін қалып­тастыру арқылы жастарымыз өмірдегі көптеген дүниелер тек ақ пен қарадан ғана тұрмайтынды­ғына көз жеткізеді. Сыни тұр­ғыдан ойлау қабілеті қалып­тасқан азаматта мәселелер­ді бір­жақты қарастыруға қарсы им­мунитет қалыптасады. Мәселен, сыни ойлай білетін азамат қазақша сөйлейтіндерді «мамбет», ал орыс­тілділерді «мәңгүрт» деп шаблон тағудан аулақ болып, ілтипаттылықты әлсіздікпен, өз құқығын қорғауды қыңырлықпен шатыстырмайды. Азат ойлы аза­маттарымыздың саны көп болған кезде ғана бізде заң үстемдік құратын, өз мәселелерін ашық талқылап, соларды шешу жолын іздейтін қоғам қалыпта­сады. Екіншіден, ата-аналарға бала кәмелетке толғанша діни догма­ларды оның бойына сіңір­мей, таңдау еркіндігін беру қажет се­кілді. Өйткені, діни толерант­ты­лық түрлі идеяларға санасы ашық адамдардың бойынан табылады.
Үшіншіден, «заң алдында барлық азамат тең» деген прин­ципті іс жүзінде жүзеге асыруды мықтап қолға алатын уақыт әбден пісіп-жетілді. Өмірден өз орнын табуда әділетсіздікке тап болған азаматтарымыз иек арта алатын құқық қорғау органдары мен қоғамдық институттар қалып­тасқан кезде радикалды саяси және діни ұйымдардың құрсауына түсетін жастарымыздың саны күрт азаяды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір