Романмен қоштасқан әлем
19.08.2015
913
0

Қаншама рет қайталанған бір жағдай бар: кітап жәрмеңкелерінде, кітап дүкендерінде бір мырза қолына менің кітабымды ұстап келеді де, қолтаңба жазып беруімді өтініп, сөзін былай толықтырады: «Әйелім үшін, қызыма, қарындасыма, анама; ол кітапты керемет оқиды, әдебиетті түсінеді». Мен бірден былай деп сұраймын: «Сіз ше? Сізге кітап оқыған ұнамай ма?». Жауаптың ерекше болуы сирек кездеседі, көбіне мынаны естимін: «Жоқ, әрине, ұнайды, бірақ мен бір қолы босамайтын адаммын, өзіңіз де түсінесіз ғой». Иә, мен жақсы түсінемін, өйткені бұндай әңгімені ондаған адамнан естігенмін: мыңдаған мырзалар сияқты бұл мырзаның да сонша­лық маңызды жұмысы бар, мойнында жауапкершілігі көп, сондық­тан сағаттап роман, өлеңдер жинағын немесе эссе оқып, алтын уақытын рәсуа ете алмайды. Осынау жаппай тарап кеткен түсінікке сенсек, оқу – қосымша жасалатын іс, жай ғана көңіл көтерудің амалы, сөйте тұра, күнделікті жасалатын көңілсіз іс те емес және мейірім мен әдепке тәрбиелейтін нәрсе. Ол өмірдің сәнін кіргізетін қызығушылық, бірақ тек қолы бостар үшін ғана. Спортқа, киноға, шахматқа немесе бриджге де арнауға болатын уақытты күнделікті тіршілік пен мойындағы жауапкершіліктерден құтылып, ұжданың тынышталған шақта кітап оқу үшін құрбан ете салуға болады.


Марио Варгас Льоса,
әдебиет саласы бойынша
Нобель сыйлығының иегері,
перуан-испан
жазушысы, саясаткер

Уақыт өткен сайын кітап оқу әйелдер ай­налысатын іс болып барады: кітап дү­кен­дерінде, жазушылар конференциясында, әдеби кештерде және әлбетте, гу­манитарлық ғылымдардың кафедра-
лары мен факультеттерінде шалбарлар юб­калардан ойсырай жеңілуде. Бұның се­бебін көбіне былай түсіндіреді: орта тап­тағы әйелдер көп оқиды, өйткені аз жұ­мыс істейді, сондай-ақ, олар ерлерге қа­рағанда уақытын қиял мен арманға ар­наудан ұяла қоймайды. Осы адамдарды жынысына бөліп, бір топқа артық­шы­лық немесе кемшілікті теліп жіберетін тео­риялар пайым тезімнен өтпейді, сон­дықтан осы түсіндірмеге де келіспеймін. Алайда, оқырмандар (олар әжептәуір көп, бірақ әдетте қайдағы жоқ, түкке татымайтын нәрселерді оқитыны да рас) жыл сайын азайып, араларында әйел көбейіп келе жатқанына күмәнданбаймын. Бүкіл әлемде солай. Испаниядағы авторлар мен баспагерлер қоғамы зерттеу жүргізіп, соңында қорқынышты нәтижеге тап бо­лып­ты: елдің тең жартысы өмірінде бірде-бір кітап оқымапты. Және де әдебиет сүйер аздаған қауымның ішінде әйел­дер­дің мөлшері ерлерге қарағанда 6,2% артық екен және бұл айырмашылық бо­ла­шақта арта түспек. Әйелдер үшін, әри­не, қуаныштымын, бірақ ерлер мен оқу біле тұра кітап оқымайтын миллиондаған адамдардың таңдауы үшін зарлап жы­лау­ға дайынмын.
Біз білім бөлшектеніп көбейетін, яғни фрагменттелу дәуірде өмір сүріп отырмыз. Ғылым мен техниканың шапқан ат­­­тай дамуы салдарынан білім көптеген са­лалар мен мамандықтарға бөлінеді, бөл­шектеледі, мәдениеттер сыпырылыса­ды және болашақта бұл жағдай қарқындай бер­мек. Бөлшектеніп көбеюдің пайдасы көп екені рас. Мысалы, ол зерттеуді те­геу­рінді жүргізуге, тәжірибені батыл жа­сауға көмектеседі, дамудың қозғаушысы да сол емес пе? Алайда, теріс жағы да бар – адамдардың бетпе-бет өмір сүріп, ара­ла­са отырып әлдебір әдепті сезінетін мә­дени түсініктерін жоғалтады. Фрагменттелу әлеуметтік оқшаулануға, адам қоғамын тірідей мүшелеп бөлуге апарады. Адамдар шағын топтарға бөлініп, ма­мандығы бойынша бірін-бірі ғана түсінетін болады.
Әдебиеттің ғылым мен техникадан айыр­масы – оның біріктіргіш қабілетінде. Адам­дар кәсіптері мен ойлары, өмір сү­ретін орны мен жағдайы әр түрлі болса да, тіпті әр заманда, әр түрлі тарихи ке­зең­де өмір сүрсе де, әдебиет арқылы бі­рін-бірі танып, тілдесе алады. Біз Сервантес пен Шекспирдің, Данте мен Толс­­тойдың оқырманымыз және өзара жақсы тү­сі­ні­се­міз, өзімізді бір тектің өкіліміз деп бі­ле­міз. Өйткені, бұл авторлардың шығар­ма­лары бізге адамзатқа ортақ нәрселерді үйреткен.
Әдебиеттен басқа гуманитарлық са­ла­лардың ешқайсы: философия да, психология да, әлеуметтану да, тарих та, өнер де адамдарды біріктіретін, кез келген тіл­де сөйлейтін адам түсіне алатын қор­ғаушы (әлемді танудағы) бола алмайды. Ол салалардың бәрі де фрагменттелудің қы­сы­мына шыдай алмай, қарапайым ер­лер мен әйелдер түсіне алмайтын тілі мен идеясы бар бөлшектерге бөлініп кетті. Әдебиет ондай емес, кейбір сыншылар мен ғалымдар әдебиетті ғылымға айналдыру үшін барын салып жүрсе де, ол ондай болмайды, өйткені, қиялдан туған дүние зерттеу үшін емес, адамдардың өмі­рін көркемдеу үшін пайда болады. Ал ол өмірді жойып жібермейінше мүшелеу, бөлшектеу, формула тізбегіне дейін қыс­қарту мүмкін емес.
Роман адамдар арасындағы бауыр­лас­тықтың пайда болуына көмектеседі, бір-бірімен тілдесуді міндеттейді, әлемдік мәдени мұрамен байланыстырады, қаны бір жаратылысқа айналуға мүмкіндік бе­реді, өйткені уақыттың шекарасы әдебиет үшін соншалықты мөлдір. Әдебиет бізді өткен шақтарға алып кетеді де, қазір біз­дің қолымызға түскен мәтінді ондаған жыл, тіпті ғасырлар бұрын оқып отырып қиял­даған, рахаттанған, армандаған адам­дармен біріктіріп жібереді.
Өлең мен роман алғашында адам са­насының бір қалтарысында әлсіз көлеңке секілді пайда болады. Ол бір бейсаналық­тың, әсердің, эмоцияның бейнесі секілді. Оған ақын немесе әңгімелеуші там-тұм­дап сөз арқылы сұлба, дене, қозғалыс, ыр­ғақ, үйлесім, өмір береді. Осындай сөз бен қиял арқылы қолдан жасалған өмір шын өмірмен ежелден үзеңгілесе өмір сүріп келеді. Ол шындыққа ерлер мен әйелдер, біреуі жиі, біреуі сирек болса да, соғып тұрады, өйткені әдепкі өмір оларға аздық етеді, қарапайым тұрмыс олардың бар қалауын өтеп бере алмайды.
Романның өмірі жазылып біткен кезден басталмайды; ол басқалар қабылдап, мәтін қоғамдық өмірдің бір бөлшегіне айналғанда, оқудың арқасында адамдар өзара бөлісетін өмірлік тәжірибеге айнал­­ғанда ғана өмірі басталады.
Аудиолық және бейнелік бұқара ақ­парат құралдары бұл төңіректе әдебиеттің орнын баса алмайды: олар сөзге жасырынатын мол мүмкіндікті еркін пайда­лануға үйретпейді. Керісінше, теледидар мен кино ойды жеткізудің табиғи түрі – сөз­ді екінші планға шығаруға ұмтылады. Со­лай болуы заңды да.
Кинолентаны немесе бағдарламаны «әдеби» деп атау – оны қызықсыз деп көр­сетіп қоюдың әдепті жолы ғана. Міне, сон­дықтан да радио мен теледидардағы әде­би бағдарламалар көп жағдайда та­ны­мал болмай қалады.
Бірер ай бұрын Microsoft компаниясы­ның қожайыны Билл Гейтс мырза Мадрид­ке келіп, испан тілінің корольдік акаде­мия­ға бас сұқты. Онда ол басқа да мә­се­­лелерді сөз ете келе, академиктерге «ñ» әрпінің тағдырын өзі қадаға­лай­тынын айтты. Ешкім де пернетақтадан бұл әріпті жұлып тастай алмайды екен. Бұл уәде бес құрлықта өмір сүретін төрт жүз миллион испанша сөйлейтін халық­тың уайымын сейілткендей болды. Содан, испан тіліне осындай құрмет көрсеткен соң, корольдік академиядан шықпай жа­тып, Билл Гейтс баспасөз конференциясы барысында өзінің ең үлкен арманы орындалмай тұрып бұл дүниемен қоштаспаудан үміттенетінін айтты. Ол арманы не дейсіз ғой? Қағазбен, тиісінше кітаппен де қош­тасу. Оның ойынша қағаз – уақыттың дамуына қарсы тұратын анахронизмнің тауары. Содан соң Гейтс мырза компьютер экраны барлық жағынан қағаздың орнын баса алады деп сендірді. Виртуалды жаңалықтар мен әдебиет аз орын алатынымен қоймай, оқырмандарға еш қиындық туғызбайтынымен қатар, эко­логиялық артықшылығы да бар екен. Өйт­кені, ормандардың кесілуін тоқтата алады – бұл болса қағаз өнеркәсібінің ғана мойнына жүктелетін нәубет екен. Жер планетасының тұрғындары бұдан кейін де оқуын тоқтатпайды деп ұқтырды ол, бірақ енді компьютерге үңіліп оқитын болады, сол арқылы әлемде хлорофиллдің мөлшері арта береді.
Мен ол конференцияға қатыспап едім, газеттен оқып білдім. Егер қатыс­қа­ным­да мені және менің әріптестерімді жұ­мыссыз қалдырамын дегені үшін Гейтстың сөзін бөлер едім. Microsoft компаниясының құрушысы айтқандай, экран кітаптың орнын баса ала ма? Әй, қайдам! Мен бұны коммуникация сала­сын­дағы революциялық секірістерді мо­йын­­дамағаннан айтып отырған жоқ­пын, сондай жаңалықтардың бірі интернет – менің күнделікті жұмысыма баға жет­пес көмек беріп отыр.Бірақ экран кі­таптың ор­нын басады деген кезде, әсі­ресе әңгі­ме әдебиетке қатысты болса, мен үшін шығып кете алмайтын шектер бар. Мен тек прагматикадан алыс, функционалды пайдасы жоқ, ақпарат іздеуге қатыссыз, шұғыл тілдесуден ада мәтіндер виртуалды әлемнен өз орнын таба алады деген ойды түсіне алмаймын. Кітаптан оқыған­дағыдай экраннан да терең оймен, рухани оңашаланумен оқып, кітаптан оқы­ған­дағыдай экрандағы сөзден де әсер алып, қана­ғаттануға болады дегенге сенбеймін. Бұл, мүмкін, менің жеке басымның кем­ші­лігі, тәжірибемнің азды­ғы және ертеден қа­ғаздан оқып үйреніп қалған әдетім де шы­ғар, бірақ жаңалық іздеп интернет әле­мін рахаттана шарлайтыныма қара­мас­тан, мен Гонгораны өлең­дерін, Онетти мен Кальвиноның роман­дарын немесе Октавио Пастың эссе­лерін оқу үшін же­ліні пайдалану еш­қашан ойыма келмес еді, өйткені, олай оқудың әсері мен үйрен­ген оқудыкіндей болмайтынын жақсы біле­мін. Әдебиет үшін кітапты құрту қасі­рет боларына сенімдімін және оның қан­дай болатынын көзіме елес­тете алмаймын.

Дегенмен, әлемнің тарихын ойша құ­рап, әдебиетсіз өмірді, роман оқымай­тын адамзатты көз алдымызға елестетіп кө­рейік­ші. Сауатсыз, сөздік қоры аянышты, сөз­ден гөрі ақыру мен маймылдың ебе­дейсіз қимылы басым түсетін ондай өр­ке­ниетте «донкихоттық», «кафкаша», «рокамболь», «оруэлдік», «садист», «мазохист» және басқа да ондаған сөздер бол­мас еді. Күмән жоқ, ол әлемде де бәрібір ақымақтар, жын ұрған, әлдекімнің аңды­ғанынан қашып сандырақтаған адамдар, ерек­ше тәбетті халықтар, тәртіпсіздікке құмарлар мен азап пен ауруды жақсы кө­ретін екі аяқты тіршілік иелері өмір сүре берер еді. Алайда, ол кезде адам­дардың бойынан қалыпты деген өлшемге оғаш келетін, Сервантестің, Кафканың, Рабленің, де Садтың, Захер-Махоханың дарыны көрсетіп берген қылықтарды байқай алмас еді. «Дон Кихот» шыққан кез­де алғашқы оқырмандар оның арманшыл қаһарманына сол кітаптағы басқа кейіпкерлер секілді мазақтай күліп қара­ды. Ал қазір біз Рыцарьдың диірменді алып деп шабуы – әлемді жаулап алған бақытсыздыққа көрсеткен қарсылығы, оны өзгертуге деген талпынысы екенін түсінеміз. «Борхестік» десек, рационалды жүйенің шымылдығын түріп тастап, фан­тастикалық, қатал да кербез ойдың құры­лымына жүгіну дегеніміз. Ол ылғи да дер­лік шырғалаң секілді күрделі, әдеби дәйек сөздер мен мысқылдарға толы, бірақ бізді тіптен таңғалдырмайды, өйт­кені, одан болмысымыздағы жасырын белгілер мен нышандарды байқаймыз. Оны тек Хорхе Луис Борхестің шығар­ма­лары арқылы ғана таныған едік. «Оруэлдік» де­ген сын есім «кафкалық» дегенге жа­қын. XX ғасырдағы диктаторлық жүйе ту­ғыз­ған жанды қаритын баянсыздық се­зімі мен сандырақтың шырқау шыңы.

Әлгіндей, мен бейнелегім келіп отыр­ған, өркениетсіз, жабайы, мейі­рімінен ай­рыл­ған, сауатсыз, надан, анайылыққа құ­мар, романы жоқ қорқынышты әлемнің бір ерекшелігі болар еді: екіжүзділікке бой алдыру, жаратылыс алдындағы адам­ның құлдық бейнесі. Басқаша айтқанда, әлем хайуанаттарға толып кетер еді. Тек тір­шілік үшін, табиғи қажеттілік үшін кү­рес болар еді. Жан азығын өтеуге орын да қалмас еді.
Егер біз романмен бірге қиялдың көзі, мейі­рімділіктің тәрбиешісі, бізді шешен­дікке үйретіп, еркін ететін, өмірімізді жар­­қын қылатын осынау әлем шаң бас­қан шатырларда қалып қойғанын қала­ма­сақ, әрекет етуіміз керек. Жақсы кі­тап­­тарды оқуымыз қажет, өзімізден кейін­­гілерді: отбасымызда, аудиториялар­да, бұқара ақпарат құралдарының кө­ме­гімен, басқа да қоғамдық жүйелердің кө­­­мегімен кітап оқуға итермелеп, үйрету ке­рек. Әдебиетті маңызды, қажетті жұ­мысқа айналдыру керек, өйткені, ол айна­­ла­­дағының бәрін қамтиды және көр­кемдейді.

Аударған Арман ӘЛМЕНБЕТ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!