Желідегі әлем
15.09.2017
1223
0

Дәурен Қуат

«Латын әрпіне неге қазақ тілді орта ғана көшуі керек?» – деп мәселе көтеріп отырған қауымға қарата мынаны айтқым келеді:
Шулап-шұрқырап, көдедей көп сияқты көрініп жүргенімен орыстілді жұрттың қарасы қазір азайып барады. Ендеше оларға қарайлап отырудың қажеті қанша? Бізбен бірге латынға көшсін, қаламаса, сары жұртында сарғайып отыра берсін. Содан кейін, латын графикасы әлемдік брэнд, оған біз ғана емес, бағзыдан төл жазуы болған қытай, жапон сияқты елдер де қол созып отыр. Бұған қосып айтарым: латын – өлі тіл. Оның артында қазақтың ділін, тілін, дінін «шауып алатындай» ештеңе жоқ. Латынға өту арқылы қазақ тілі, қазақ жазуы сәнге айналатын болады. Мен сәуегей, иә болмаса, көріпкел емеспін. Бірақ жаңаға ұмтылу, жаңалықтың басынан табылу ұлтты да жаңашыл етіп көрсетеді. Ал ескіні ескере отырып, жаңашыл болудың несі жаман…


Мұхтар Сеңгірбай

Құдаджгxа шуекір, тае (даблю) бае! (Qudajgha shuekir, taewbe). «Құдайға шүкір, тәубә!» деген жып-жинақы сөзді осылай оқитын шығармыз. Қытайшаға жақындап кетті ме, қалай өзі?!


Арман Әлменбет

Латынды сынап жатқандарға қосылмаймын. «Ае», «ое» дегендер ұнады демеймін, бірақ соншалық сорақы емес. Ахмет Байтұрсынұлының дәйекше қоятын тәсілін қолданса да болар еді негізі. ‘Asem, ‘Ademi деп.
Қысқа й — j болады дейді. Қысқа и деген қазаққа керек пе өзі? Орысқа керек шығар. Ал енді қазақ Ай дегендегі й-ды байқамай ұзақ оқып қоймайды ғой?
Ң солай болғаны дұрыс. Ең бастысы, ертең ағылшынша сөйлейтін ұрпақ келгенде сөздерді басқаша оқи бастамау керек қой. Жаңа латынды жасағанда бұл жағы есепке алынған секілді. Оның үстіне артық әріп ойлап таппаған.
Бірақ бір сорақы нәрсе бар екен. Түнде соны көріп, ұйқым қашып кетті. Күшейту үшін айтып отырғаным жоқ, рас солай болды. И мен і дыбыстарын бірдей қылып i деп таңбаламақшы. Егер солай кетсе, жиырма жылдан кейін і деген дыбыс қалмайды. Оған «сенимиди» болыңыз! Ағылшында бар, орыста бар и дыбысына қазақтар ғана айтатын і қарсы тұра ала ма? «Игилик», «изгилик», «кәсип», «нәсип», «әри-бери» деп жүреді балалар.
Елдің бәрі қазақша әріптерден қашады. Компанияға ат қойса да, балаға ат қойса да. Мен Алла берген балаларыма ә, і әріптері бар ат қойғанмын. Енді олар «Шәмил», «Әдил», «Бегим» болып кеткенін қаламаймын!
Және бір сұрақ: «Иін» деген сөзді қалай жазамыз? І дыбысына бөлек отау құрып беріңдер!


Аршат Ораз

Парламентке және жалпы талқыға ұсынылған латын әліпбиі нұсқасының минустары:
– Көптаңбалылық. Жалпы формасы бойынша латын әріптері кириллицаға қарағанда жұқа. Оны мәтін транслитін жасаған кезде де байқауға болады. Көп орын ықшамдалады. Ал мына нұсқа бойынша керісінше таңба саны көбейеді.
– Дыбыстарды жоғалту қаупі. Нақты таңбасы болмағандықтан Ә, Ө, Ң сияқты дыбыстар ұқсас баламалары арқылы жазылып кейін солай айтылып кетуі де ғажап емес.
– Жаңа ереже. Орфографиядан бастап басқа да жаңа ережелер бәрінің миын ашытатын болады.
– Ұсқынсыздық. h,y,n,g әріптері бір бірінің қасында жиі көрінетін болады. Нәтижесінде мысалы «жағыңның» деп жазу үшін «zhaghyngnyng» деп жазуың керек болады.
– Қосымша таңбалардан қашу. Латынды қолданатын басқа халықтардікін қарайтын болсақ, немістер түк қиналмай-ақ Ä-ä, Ü-ü, Ö-ö таңбаларын қолданып жүр. Еуропаның көп халқы асты-үстімен түрлі таңбалар қолданады. Еш мәселе жоқ бұнда. Бұл нұсқаны жалпы ғалым деп аталатын адамдар құрастырғанына күмәнім бар. Кейінгі мәселелерінің себеп-салдары болжанбаған сияқты. Бәрінен де латынға көшеміз деп қуанғандарды мына нұсқа суытып, кириллицада қала беруді ұстана­тын­дар көбейетін болады. Нәтижесінде тілге және ұлтқа пайдасыз қоймалжың нәрсе шығады.
…Интеллектуал әліппе және бірге бір әліппе болады. Лингвист емеспін, сондық­тан ғылыми атауларын білмеймін. Біріншісіне ағылшын, француздар қолданып жүргенді айтуға болады. Бірнеше әріп бір дыбысты белгілейді және кей жерлерде оқылуы да түрлі болады, яғни нақты 1 дыбыс емес түрлі дыбыс болып кетеді. Бірге бірде 1 әріп нақты 1 дыбысты белгілейді. Біздің халықтың интеллектуал деңгейін ескеретін болсақ, тек қана бірге бірден басқа вариант жоқ. Стандарт 26 әріппен шектелуге болмайды. Әліппені ұсынатындар да, қабылдайтындар да осыны ескеретін шығар деп ойлаймын. Өйткені, кейін туындайтын мәселелерін де алдын ала болжаулары керек. Сондай-ақ, дайын мәтінді бір секундта латынға аударуға болатынын да білулері керек, егер бірге бір әліппе болса ғана әлбетте. Басқаша тек оқу/ оқыту мәселелерінен бөлек тек мәтін көшірудің өзі ғана уақыт және қаржы шығыны көп мәселе болмақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір