АССИМИЛЯЦИЯ АПАНЫ

0
528 қаралды

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын


«…ДАЙРАБАЙДЫҢ КӨК СИЫРЫ»

Біздің туған мекен – шекараның арғы бетінде, Іле аймағындағы Текес өңірі. Азаттықтың таңы қылаң бере бірден өрісін Атажұрттан іздеген көшпен бірге туған Отанға ошарыла көшкенбіз. Құдайға тәубе, ел қатарындамыз! Содан бері де жиырма үш жылдың жүзі болыпты. Араға жылдар салып туған жерге барып тұрам, таяуда тағы жол түсті.

«Естігенімді айтсам өтірік болар, көргенімді айтайын» деген екен, баяғыда бір қария. Сол секілді, мен де көңілге түйіп, көкейге тоқыған жәйді айтып берсем деп қолыма қалам алдым. Шығыстағы көршіміз Қытай еліндегі қазақтардың  соңғы кездегі жағдайы туралы әр түрлі әңгімелер айтылуда. Әсіресе, кейінгі жылғы жағдайлар жанымызды жаралап, жүрегімізді сыздатқанын несіне жасырайын?.. Қазақ елі тәуелсіздік алған 26 жылдың ішінде ың-шыңсыз жалғасып жатқан қазақ-қытай барыс-келісі аяқ астынан нілдей бұзылып ағайынның апшысын қуырып, тынысын тарылтып жібергені шындық. «…Дайрабайдың сиыры» – осы күнге дейін Тибетті басқарып келген өлкелік партия комитетінің хатшысы Шың Шуан-го есімді белсенді басшының Шыңжаңның шылбыр-тізгінін ұстауынан басталды… 1997 жылы Құлжада болған ұйғырлар мен қытайлардың қақтығысынан кейін Үрімжіде, одан оңтүстік Шыңжаңда белең алған ұлттық қақтығыстар бір толастамаған еді. Міне, сол қантөгістердің басталғанына  биыл тұп-тура 20 жыл. Алғашында ұлттық сипаттағы тәуелсіздікті мақсат еткен тынышсыздықтар уақыт өте-келе діни түс алып ауқымын кеңейте түскен. Ұлттық мәселе арқылы толық жұмылдыра алмайтынына көздері жеткен «ұйымдастырушылар» Шыңжаңдағы көтерілістердің көмбесіне діни насихат сеуіп ушықтырған. Дін болғанда қан тілеп тұратын, кекшілдікті ұстанып қаталдықтарға именбей баратын салафизмнің идеясы кеулеп кеткендіктен іс насырға шапқан. Жиырма жыл бойы бәсеңсімеген ұйғыр мәселесі биліктің жүйкесіне әбден тиіп, оны болғызбаудың түрлі жол-дары қарастырылады. Сондағы ресми Бейжіңнің ойлап тапқаны Тибетті тәубесіне түсіріп, тәр-биеге көндірген, яғни қытайластыруды сәтті жүргізген тәжірибелі басшы Шың Шуан-гоны  Шыңжаңға әкеліп қандай тәсіл қолданса да қоғамда тәртіп орнатып, жүгенсіздерді құрықтап, өлкеге тыныштық орнату болған екен. Осылайша батыс өңір деп аталған Шыңжаңның дара билігін емін-еркін қолына алған жаңа басшы – Тибет тәжірибесін ресми Үрімжіге түбегейлі әкеліп қондырады.

Нәтижесінде, соңғы бір жылдары Шыңжаңда әскери түс көрініс беріп, сақшылар мен халық жасағының саны еселеп артқан. Мемлекеттік армия мен қоғам қауіпсіздігін сақтайтын полициядан өзге жаңа тұрпатты жасақтар қосыны құрылған. Мектеп бітіргендер мен жоғары оқу орындарын тауысып келсе де,  ешбір жұмысқа тұра алмай жүрген жастарды жаппай шақырып жоғары жалақымен әскери жұмысқа алады. Оны да місе тұтпай, ауыл-кенттердегі жасы елуге дейінгі сақа жігіттерді де халық жасағына қабылдап жұмысқа шегуде. Сөйтіп, мемлекетке жасақ күші керек болса, ал қарапайым халық күнкөріс үшін қуана-қуана сапқа тұруда. Олардың құрамында қытаймен қоса  ұйғыр, қазақ, моңғол секілді жергілікті ұлт өкілдері де бар. Ендеше, осынша көп әскерилер  не істейді дейсіз ғой, олар арнайы казармаларда жатып жаттығулар жасайды, көліктерге отырып көшелерді айналып бақылайды, жанармай құю бекеттерін күзетеді, сауда орындарын, мемлекеттік мекемелерді қорғайды. Кімнен? Әрине, экстремистер, діни бүлікшілер және лаңкестерден. Кез келген мекеме, дүкен, көпшілік жиналатын қоғамдық орындардың кіреберісінде кедендік бақылаудағыдай қойны-қоншыңызға дейін тінтеді. Рентген нұрынан өткізіп сыртыңыз ғана емес, ішіңізді тексереді. Облыстан облысқа, ауданнан ауданға, ауылдан ауылға өтсеңіз жүргеніңізден тұрғаныңыз көп. Қарақұрым кезек. Сосын «халыққа қызмет көрсету орталығы» деп аталатын, былайғы жұрт «көк үй» атап кеткен бақылау бекеттері жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап тұр. Бес қаруы сай көк үйдің ауласы тікен сымдармен тұйықталып қарулы жасақтар орналасыпты. Ондай үйлер қаланы былай қойған-да, қыстау мен жайлау, тау мен тасқа дейін салынып сақтық шараларын күшейткен. Өздеріне, көздеріне үйреншікті жағдай болып көрінгенімен, сырттан барған адамға соғыстық жағдайдағы елде жүргендей сезінесің. Бұрын аудан орталықтарында түрме болатын. Соңғы кезде бұрынғы түрмелердің сыйымдылығы екі есеге артып, оған қоса жаңа «мектептер» ашылыпты. Аты мектеп болғанмен, түрмеден еш айырмашылығы жоқ. Қылмысы соттауға толмайтын, ел ішіндегі күдіктілер, қыңыр-қисық-тар, қауіпті элементтер әкелініп сол мектептерге тоғытылады. Онда келген соң «миын жуу» сабақтары өтеді. Миының кірі тезірек кеткендерді, яғни түзелу бейнесі жақсы, айтқанға көніп, айдағанға жүретіндерді үш ай, алты ай, ұзаса бір жылда шығарып отырады. Мәселесі ауырлау үміт күтуге болмайтындарды ары қарай түрмеге асырып, жабық түрде соттайды екен. Онда келгендердің басынан сәлдесі алынады, бет-аузындағы сақал-мұрты қырылады. Әйел болса, басындағы жаулығы, бетіндегі бүркеніші сыпырылады. Көнсе жеңілдетіледі, көнбесе жазасы ауырлайды.

Барлық жерде әр аптаның басы дүйсенбі күні, сағат 8.00-де ер-әйел, кәрі-жас демей ту шығаруға қаздай тізіліп тұрады. Мемлекеттік гимн шырқалып, бас киімдерін алып туды сырық басына жеткізеді. Осы кезге дейін басын жалаңаштап көрмеген  ақ самайлы аналарымыздың да жаулығы сыпырылып тасталады. Міне, бұлар көзге бірден ұрып тұратын ашық көріністер.

МЕШІТТЕГІ ҚЫЗЫЛ ТУ

Бұрын мемлекеттің бес жұлдызды қызыл туы мекемелердің, мектептердің маңдайшасында ғана ілініп тұратын болса, биыл мұсылмандар намаз оқитын мешіттердің төбесінде желбіреп тұр. О заманда бұ заман мешіттің төбесінен қызыл туды көргенде, жағамды ұстадым. Мешітті айтып қалдық, бақылаудың көкесі осы мешіттің айналасында сіресіп тұр. «Азаматтардың діни бостандығы бар» делінгенімен, «мемлекеттен ақша алатын» күллі адамдардың мешітке баруы шектелген. Үйде азан шақырып намаз оқуына, кісі қайтыс болған  жерге  барып жаназа намазына тұруға тыйым салыныпты. Мемлекеттік жалақы алатын барлық қызметкерлер, зейнеткерлер, «төрт қарт» (жасы ұлғайған қамдаудағы қарт, кедей-кембағал қарт, мүгедек-кемтар қарт, бұрын ауыл-кенттерде атқа мініп ел басқарған қарт) тобына жататын барлық қоғам мүшелері намаздан шеттетілген. Мектеп жасындағы оқушылар мен студенттердің мешітке аяқтарын аттап баспайтыны екібастан құқықтық негізде бекітілген. Жұма сайын мешіттің қақпасын сақшылар, қауіпсіздік қызметкерлері қас қақпай күзетеді. Енді ойлап көріңізші, сонда мешітке кім барады? Жамағаттың жоқтығынан біраз мешіттер жабылған. Мешіт деген тек көпшіліктің садақасымен отын-суын ажыратып отыратын орын. Сансыз тосқауылдан соң мешітке келушілердің сиреуімен бірге садақа, зекет күрт кеміп, қайырымдылық қаржысының да көзі бітеліп, коммуналдық қажеттіліктерін төлей алмаған мешіттердің жағдайы мүшкіл.

Жиырма жыл бойы ұйғыр мәселесімен айналысып келе жатқан ресми Бейжің «Шыңжаңға жаңа басшы қою арқылы қиындықтан шығамыз ба?» дегенімен мәселе одан сайын ушығып тұр. Сырттай бәрі керемет көрінгенімен, адамдарда іштей ширығу, бойды билеген үрей, мазасаз күй кешу анық білінеді. Осы кезге дейін тыныш өмір сүріп, Қазақстанға емін-еркін келіп-кетіп жүрген қазақтардың тіршілігі де бірақ сәтте тығырыққа тірелген.

Жалпы, Шыңжаңдағы мұсылмандар Имам ағзам Әбу-Ханифа мәзхабымен ғасырлар бойы тыныш өмір сүріп келген болатын. Соңғы кездегі әлемді кеулеп бара жатқан салафизмнің де оларға шалығы тиіпті. Діни қатігездіктердің бой көтеруі қытайларды да кектендіріп, ашу-ызасына тиген. Имам ағзам мәзхабы қайсы, уахабизм қайсы қытайлар үшін бәрі бір Ислам. Сондықтан сойыл жалпы дінімізге сілтеніп, қосаққа қазақта кетіп жатқаны жасырын емес. Қосаққа деп отырғанымның себебі де жоқ емес. Шынына келсек, ондағы қазақтардың үкіметке, билікке қарсы іс-қимыл көрсетпек түгіл ниеті де жоқ. Үзілді-кесілді айтсақ, қарсылыққа шығатындай қажеттілік те жоқ. Мұның сыртында «бір адамды жазықсыз өлтірсең, күллі адамзатты өлтіргенмен бірдей күнәға батасың» деген мәзхабымыздың ұстанымы тышқан мұрнын қанатуға жол бермейді. Ал оны тексеріп, ақ-қарасын ажыратып, дәстүрлі мұсылмандар мен лаңкестерді бөле қарап жатқан жергілікті билік жоқ. Сондықтан үйінде азан шақырып намаз оқыған, құдайы тамақта Құран оқыған, жаназаға барып марқұмға дұға жасаған, баласының атын Мұхаммед қойған қарапайым мұсылманды «мектепке» апарып миын «жуып» жатыр.

ДҮРЛІГУДІҢ СЫРЫ

Ендігі әңгімені қазақтардың барыс-келісіндегі кедергілердің себептерін түсіндіруге бұрайын. Қытай жақ шетел азаматтарына, жалпы Қазақстан азаматтарына, тіпті Қытайдан келіп Қазақстан азаматтығын заңды түрде алғандарға да тиісіп отырған жоқ. Бұл жақтың азаматтығын алса да, ол жақтағы азаматтығын өшірмегендерге қатаң ескерту жасағанымен, мәселе біржақтылы етілген соң  оларға да қысым жоқ. Онда дүрлігістің сыры не? Айталық. Қазақ елі тәуелсіздік алғалы 26 жыл болды. Көші-қон бір тоқтап, бір жүрсе де мүлде тоқыраған жоқ. Қонаққа келіп, жұмыспен келіп, оқумен келіп жатқандарға шектеу жоқ. Ширек ғасырда ұмтылған адамға қоныстанудың орайы көп болды. Егер мүмкін болмаса, қазірге дейін келген қытайлықтарды қайда қоясыз? Соның ішінде біз де бармыз. Біздің өзгелерден не артықшылығымыз бар? Әрине, түк те артықшылығымыз жоқ. Біз келген жерге олар да келер еді. Азаматтықты олар да алар еді. Экономикалық жақтағы тапшылық, жол білмей сенделу, құжат рәсімдеудің азабы десек те, ол басты себеп бола алмайды. Мәселе салғырттық, немқұрайлылық, атажұртқа деген ықыластың жоқтығы. Тәуелсіздікке деген қызығушылық пен рухани азаттыққа деген ұмтылыстың жоқтығы. Міне, сондықтан шекараны қауыншының жолындай етіп сабылған қазақтар барып-келіп, алып-беріп босқа сенделіп жүріп алды. Енді біразының ол жақтан алатын зейнетақысы жіпсіз байлады. Осы жолғы науқанның қамшысы дәл сол қытай тарапынан ақша алатын ағайынға тиді. Кезінде біреуінің жасы толып, біреуінің жасы жетпесе де түрлі жолдармен (ауру, еңбекке жарамсыз, т.б. тәсілдермен) зейнетке шығып алған оларға қытайдың ноқтасы қайта түсті. «Мемлекеттен зейнетақы аласың,  ендеше осы елде тұруға тиіссің, тұрмайсың ба, қолыңнан қағаз бер. Кететін жағыңа кет! Ақшаңды тоқтатамыз!» деген үкім. Ақша деген оңай дейсің бе? Шырылдаған ағайынның құлындаған дауысы шықты. Алғашында қытай жақ бұл жақтан алған «Ықтияр хатты» жиып алған еді, кейін Қазақстан берген құжат болған соң иелеріне қайтарды. Дегенмен, партиялы, басшы кадр болып зейнетке шыққандарға «ықтияр хаттан» бас тартуды міндеттеп  отыр.  Соңғы кезде қытайда тұрақты тұрасың деген шартты «жұмсартып» екі айда бір рет келіп тіркеуден өтесің деген жолмен жеңілдетіпті. Менің білуімше, кейбір ағайын «ықтияр хатты» қайтару науқанын бастап жіберді. Кейбіреулер екі айда бір барып сабылыстан құтылу үшін, ол жақтан қайтадан үй алып көштің бетін кері бұрды. Ақша шіркін не істетпейді? Қу дүниені қимай Көк тудың астынан қызыл тудың астына ауысып жатқандар да жоқ емес. Бұл аз санды ағайынның жыры. Негізі Қытайдағы халықтың бәрі штатты, келгендердің бәрі зейнетке шыққан деп айту ұшқарылық. Халықтың дені диқандар мен малшылар. Олардың келіп-кетуіне кедергілердің көбейгені анық. Әсіресе, биылғы жылы көші-қонның машақаты көбейіп кетті. Бұрыннан бергі құжаттарының қиындығына, енді келіп саяси тыйымдар қосылды. Қайткен күнде 2017 жылғы үлкен дүрлігу зейнеткерлер мен ондаған жылдар бойы ақша үшін азаматтық алмай жүрген аз санды ағайыннан шыққанын ашық айту керек. Олар қазақ болғанымен, Қытайдың азаматы. Өкіметі не істегісі келсе, соны істейді. Егер батылы жетіп қолынан қағазын беріп, «маған зейнетақы емес, Қазақстан керек!» десе, ұстап отырайын деген Қытай жоқ. Басындағы ноқтасын сыпырып алып қоя береді. Сонда деймін-ау, кім кінәлі? «Сун уы-коңның басындағы құрсауды» қыса түскен Қытай ма, әлде басын құрсаудан босатқысы келмей жүрген қандастар ма?.. Осыдан оншақты жыл бұрын қаламгер Оразанбай Егеубай ағамыз Жазушылар одағындағы кітабының тұсаукесерінде сөйлеп тұрып, төс қалтасынан Қазақстан Республикасының паспортын шығарып: «Мен Отанға қазақ елінің азаматы болу үшін келдім. Міне, сол арманыма қолым жетіп, көк паспортты жүрегімнің тұсына салып жүрмін!», – деп жанұшырып айқалағыны әлі көз алдымда. Жұрттың бәрі дәл сол Оразанбай аға секілді болмағандықтан «қос мекенді, қос жүрек» (соңғы кезде осы екі арада сабылып жүрген бауырларымызға арнап «екі жүрек» деген анкета толтырады екен) болып сенделіп жүрген жәйі бар.

АПАН АУЗЫНДА

Біз айтып отырған бұл жағдайлар күллі Қытайда болып отырған үрдіс емес. Ол тек Шыңжаңда ғана жүріп жатқан саяси науқан. 1966-1976 жылдары әлемді дүрліктірген «қызыл қорғаушылардың» жер шарындағы жиіркенішті спектаклі – «мәдениет төңкерісі» тұтас Қытай қоғамын астаң-кестең еткен атышулы науқан еді. Оның салдарын «төрт кісілік төбеге» жауып құтылған болатын. Ал бұл жолғысы мұсылмандардың басына келген нәубет. Ауыр сынақ! Ал ағайындардың қосаққа ілігіп, қолайсыз жағдайда өмір сүріп жүргені арқамды аяздай қариды. Өйткені, әлі іргесі бұзылмаған бір жарым милион қазақ бақадай шулап аузын ашып отыр…

Бір жарым миллион демекші, ағайындардың  қытайлану жылдамдығы соншалықты тез жүргізілуде. Біз ол елден кете сала басталған «қос тілде оқыту» (қытай және ұлттық) саясаты шұғыл өрлеуге көтеріліп, қызды-қыздымен бірыңғай қытайшаға тірелген. Қазіргі таңда мектептер толығымен қытай тіліне көшіріліпті (Ресейде орысша, Өзбекстанда өзбекше болғаны секілді). Он жылдың алдында бірінші сыныптан бастаған қытайша оқыту өзінің «жемісін» бере бастаған.

Алдыңғы буын бірте-бірте ысырылып, арғы дүниеге аттанып жатыр… Бүгінгі орта жастар жүйеге, қос тілге анық ыңғайланған. Жастар жағы толық, бірыңғай қытайшаға көшкен. Осы күнге дейін 26 жылда жылжи қоймаған қазақ, баласы қытайшаға байланғанда, өзі ақшаның арбауына айналғанда Қазақ еліне мойын бұра қояр ма екен?.. Осы сауал өзегімді сабанша өртейді. Қай тілде сөйлесең сол ұлттың өкілісің… Мұнда сол елден келіп алған ұлтшылдар қанша дабыл қағып, арғы беттегі туыстарын оятуға құлшынса да, «орнымыздан тұрайық, атамекенге басымызды бұрайық» деп отырған жан жоқ. Керісінше әлгіндей үгіт-насихатқа толы сөздер мен жазбаларды оқудан, тыңдаудан қашады. Себебі, біреу байқап қалса, басы бәлеге қалып «мектепке», әлде түрмеге тоғытылады. Ол жақта Ж, К, Қ… секілді «бұзық» адамдардан сақтаныңдар деген қатаң ескерту жасалған. Оларға қатысы бар адамдар тергеуде немесе бақылауда. Ұлт туралы, дін жөнінде әңгіме айтқан кісіні мәлімдеп, хабарлаған «құлаққа» арнайы сыйлық беретіні туралы белгі бар. Үрей жайлаған Үрімжі, қысым кұрсауындағы Құлжа, апшысы қуырылған Алтай, шектеу салынған Шәуешек су бетіндегі қалтқыдай қалтырап тұр…

Қарапайым халықтың  жөңкіліп көше алмайтын тағы бір байланған арқаны бар. Ол болса, осыдан ондаған жыл бұрын бастаған балаларды қытайдың ішкі өлкелеріндегі мектептерде қытайша оқыту, одан жоғары оқу орындарында арнайы тәрбиелеп, қызметке қою жобасы үздіксіз жалғасып келеді. Әлеуметке зор көмек болып көрінетін осы шара талай отбасын жіпсіз байлап отыр. Себебі, баласының көлеңкесін күзеткен ата-ана ұзап қайда барады. Екінші, қытайдың байығаны соншалық, диқан-шаруалардың баспанасын тегін салып беріп, берілген жер теліміне «бейқұт үй» (қауіпсіз үй) деп аталатын еңселі, қызыл кірпішті, қаңылтыр шатырлы «қызыл төбел» баспаналар бой көтеріпті. Егер сен сол үйде, сол елде отыра берсең, үкіметтен алған ақшаны қайтармайсың, басы бүтін сенікі. Алда-жалда басқа жаққа көшсең, шетелге қоныс аударсаң, үйің сол күйі қалады. Үкімет өзі ие болып басқаларға беруге құқылы. Ол да көзқұрты, қиып кете алмайды.

Қытай дипломатиясында «бейбіт қатар тұрудың бес ұстанымы» деген шарт бар. «Өзге елдермен тереземіз тең. Ішкі істерімізге ешкім араласпайды, Тайванды Қытайдың құрамындағы өлке деп мойындайды. Аумағымызды мойындайды…» деген секілді шарттарға келіскен ел ғана олармен ресми қарым-қатынас орнатады. Сол себепті, олардың азаматтарына ара түсу, басқа кикілжіңдерге араласу мемлекетіміздің құзырына жатпаса керек. Бұл – олардың ішкі ісі.  Демократиясы кемелденген Еуропа елінен келген қонақ Өмірхан Алтын Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында әңгімені төтесінен  «…Қытайдағы қазақтар қысым көруде» деген жанайқайды Елбасымыз Н.Назарбаевтың алдында мінбеден айтты. Меніңше, тікелей шешім болмаған күннің өзінде осы айтылу – қазақтың үні! Әлемнің назарын аудару деп есептеймін.

Тарихта нетүрлі оқиғалар болған. Қанша тығырық кездессе, сонша шығар жол да болады. Тәжірибелерге жүгінсек, 1955-1962 жылдары Кеңестер Одағы мен Қытай арасында 7-8 жылға созылған көші-қон миллионға жуық қазақтың атажұртына оралуына жол ашты. Ендеше, бүгінгідей бейбіт заманда екі ел келісе, кеңесе отырып ақылдасса, ондағы ассимиляцияланып қытайға сіңіп бара жатқан ат төбеліндей қазақты құтқару жолын табар еді. Кезінде Жалайыр Мұқали ноян билеген, онан Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан билеген дәуірдегі жүз мыңдаған қазақтар қайда? 265 жыл патшалық құрып, Қытайды табанына салған Манжурлар қайда? Көп қытайды жаулап отарлаймын деп жүргенде өздері жұтылып жоғалып кеткен жоқ па?.. Ол замандарда ассимиляция ғасырлар бойы жүзеге асса, бұл кезеңде ай-жылды қойып күн санап қылғытып барады. Егер біздің билік бел шешіп кіріспесе, «қазақ текті қытайға» айналудың ауылы алыс емес.

Біраз мәселені қаздым, жаным ауырған соң жаздым. Қытай сынды бір жарым миллиард халқы бар елде, ол жерде тұратын өзге 55 ұлт тұтас қосылғанда үш-ақ пайыз екен. Олардың дені әлдеқашан қытайланып кеткен. Шала-жансар тибеттің сиқы анау. Ал біздің қандастар апан аузында тұр…

САЯСИ НАУҚАН

Соңғы мәлімет бойынша Шын шуан-го билеген кездегі Тибеттегі қаһарлы «көк үйлер» ол кеткен соң қаңырап мал қораға айналыпты. Халықтың ішінен жиналған жасақтар жамырап далада қалыпты. Оларды асырап ұстап тұрудың өзі қиынға соққан. Қордаланған мәселені шешу үшін онда барған жаңа басшы орталыққа қарап алақан жайып отырған көрінеді. Осының  бәрі мемлекет қазынасына ауыр салмақ түсіріп экономикалық дағдарысқа тап қылған.  Экономика, шаруашылық, сауда, оқу-білім деп ұрандаудың орнына «тыныштық, қоғам амандығы» деп үй ішінен жау іздеп, халықты тығырыққа тіреп отырғаны анық. Тибеттің тірсегін кескен саяси тірлік күні ертең үш аймақты үшбұттамай ма? «Жүз кісіні қате ұстасаң мейлі, бір адамнан айырылып қалма» деген науқанның зардабы күн өткен сайын ұлғайып келеді. Бұл баяғы Кеңес Одағының «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сүргініне ұқсап барады. Заңмен өмір сүретін мемлекеттер азаматтардың санасымен кемелденеді. Ал саясатпен өмір сүретін ел тек науқанға бой ұрады.

Айтар әңгіме әлі көп… соза берсең бітпейді. Дегенмен, бұл елдің мемлекет тұрғысындағы көзге ұрып тұрған артықшылықтары аз емес. Мемлекет ең әуелі батыл реформаны қолға алып, кәсіпкерлерге тиімділіктер жасап базар шаруашылығын қатты көтерді. Кедергілер мен тосқауылдарды жойып қарапайым жұрттың кәсіптік еркіндігін қорғады. Диқандар мен малшылардың күллі салығын алып тастады. Баспанасын шешіп берді. Оқу-ағарту ісі мен ғылым-техниканы дамытып, шағын кәсіпкерлерді, жеңіл өнеркәсіпті жаппай сүйемелдеуде. Одан біртіндеп ауыр өнеркәсіптің тетігін игеріп, инвестицияны арттырып ел ішіне қаржы тартып қарыштап дамуға жол ашты. Осының нәтижесінде тамақ, тұрғын үй, қала құрылысы, қатынас-транспорт жолдары толығымен шешілді деуге болады. Үлкен өзгеріс жұртты уайым-мұңсыз күйге түсірген. Біреуге ұлы отан керек, біреуге жылы отау керек. Біреуге жанның тыныштығы, қарынның тоқтығы керек… Ата бабамыздың жерінде алшаңдай басып жүрміз дейтін шығыстағы ағайын құмға сіңген су секілді жұтылып бара жатқаны ақиқат.

Кезінде кеңестер одағының атағы аспандап тұрғанда Қытай шекара өңірге тым жақын келе қоймайтын. Одақ ыдырағалы ресми Бейжің «батысты ашу» ұранын бастап, шекараға лап қойды. Ашылған базар, салынған құрылыста есеп жоқ. Тас жолдар мен темір жол шекараға жарыса жетіп, тіреліп келіп тоқтады. Аңғардағы аспа көпір, таулардан тескен туннельдер бірінен кейін бірі іске қосылуда. Шекара өңірі ашық туристік алаңға  айналып, даланың шаңын шығарған көліктер Сартаудың басын жыландай иректеп Сүмбеге келіп құдиып төбемізден төніп тұр. Барлық жердің жағдайы дәл осы күйден ары-бері емес. Ішкі өлкеден лек-лек қоныс аударып,  көшіп келіп жатқан қытайлар аз ұлттарды көміп барады. Міне бұл «дамудың» жетістігі. Ассимиляция апанындағы ағайынның хал-жағдайы.

P.S.: …Кешегі күні кіндік қанымыз тамған, ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан, бір кездері қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлкенің бүгінгі ұрпағы арнайы «саяси саптаяқтарға» отырғызылып, тамыры бір-бірлеп жұлынуда. Жапырақтары солуда. Жыбырлаған жұлынқұрт-жүйе жаңа ұрпақтың жанына қылбұрау салып, өзегін шұрқ тесік етіп талқандауда. Сәлден соң құлағына таңба салынған тағдырлы буын қытай құмыраларын отырғыза бастайды…

Пікір қосу