Қасиетті есімдерді қорғауымыз керек

0
214 қаралды

Қазақстан Жазушылар одағында секретариат өтіп, онда Сәкен Сейфуллиннің жеке басын қаралаған, «Әдебиет порталында» жарық көрген мақала талқыға салынды. Сәкен Сейфуллин – Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаған тұлға. Одақтың алғашқы төрағасы. Оның жеке басына күйе жағылып жатқан сәтте, Жазушылар одағы үнсіз қала алмайды. Секретариат мүшелері аталған жайтқа қатысты пікірін төмендегідей білдірді.
«Қазақ әдебиеті» басылымы сол пікірлер легімен қоса, бір топ зиялы қауым өкілдері қол қойған Ашық хатты да оқырман назарына ұсынып отыр. Секретариат мүшелері мемлекет есебінен қаржыландырылып отырған порталдың түрлі әлеуметтік желілердегі «жаптым – жала, жақтым – күйе» пікірлерді беруі ешқандай әдеби талқы түріне жатпайтынын айтты. Сондай-ақ, секретариат мүшелерінің шешімімен Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың атына хат даярлап, аталған мәселелерді министр назарына ұсынбақ.

Нұрлан Оразалин,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы:
– Қазір интернет дейтін ақпараттық әлем бар. Әркім әлеуметтік желіде өз атынан жеке пікір айтса, оған ештеңе дей алмайсың. Ал он­дай жа­ла материалды мемлекеттен қаржы алып отырған портал жарияласа, ол пікір мемлекеттің пікірі болып есептеліп кетпей ме? «Әдебиет пор­та­лының» құрылуына кезінде мен мұрындық бо­лып едім. Мемлекет есе­бінен қаржыландырылатын жалғыз портал болады деп, әдебиетті на­­­сихаттаудың үлкен ошағына айналады деп шешкенбіз. Енді келіп, әде­биет тұлғаларына қатысты оңды-солды сөз айту қандай мінез? Бұл бірін­ші жағдай емес. Мұхтар Әуезовке, Әбіш Кекілбаевқа, Бердібек Соқ­пақбаевтарға қатысты, әдеби процеске еш әсер етпейтін дүниелерді қо­парып, ауыр пікірлерді де осы порталдың жазғаны бар.
Серік Қирабаев бастаған мемлекет, қоғам қайраткерлері ашынып, ширығып отыр. Сәкен – осы ұйымды өз қолымен құрған адам. Сәкеннің же­ке басына қатысты жосықсыз сөз айтылып жат­қанда, сол ұйымы үнсіз қал­ғаны ұят болмай ма? Сондықтан секре­та­риат мүшелерінің де не дей­тінін, қандай пікірде екенін көп­шілікке білдіріп отырғанымыз жөн.

Смағұл Елубай, жазушы:
– Егер Сәкен Сейфуллиннің ұл-қыздары болса, әлгі жөнсіз мақала үшін қазір-ақ сотқа берген болар еді. Мың құлақтан естідім деп, мың түр­лі пікір жазуға болмайды ғой. Басқа бір адамның намысына ти­мейтін, ұлы тұлғаны қорламайтын дүние айтса, ешкім ештеңе демес еді. Бұл жерде үлкен айыптау, қаралау бар. Сәкен тірі болса, мына оқиғадан кейін өзі асылып өлген болар еді. Тұлғаны қорлаған жерде заң жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Егер біз осындай дерексіз, дәйексіз сөздердің ай­тыла беруіне қазір тосқауыл қоймасақ, қазақта тірісі де бар, өлісі де бар, аруағы да бар, қалғаны да бар – қасиетті адам қалмайды.
Бұл тенденция 37-нің тұсында байқалған еді. Сол кезде де тұл­ғаларымызға жала жапқан қазақтың өзі болатын. Мынау сол 37-нің бас­қа түрі. Тұлғаларымызды оққа байлап атпаса да, боққа байлап атып жа­тыр.
Тұлғаны қорлау заң жүзінде реттелу керек. Сәкеннің ұрпағы жоқ бол­ғанымен, көзі тірі халқы бар, халқының атынан сөйлейтін Жазушы­лар одағы бар немесе Мәдениет минстрлігі бар, ел үшін қасиетті есім­дерді заң алдында қорғай алатынымызды көрсету керек. Олай болмаған жа­ғдайда әруақ бізді кешірмейді.

Бауыржан Жақып,  ақын:
– «Әдебиет порталы» мемлекет есебінен қаржыландырылып отырған жал­ғыз портал. Өсек-аяң теру олардың міндетіне жатпауы керек. Сәкен Сей­фуллин Жазушылар одағының іргетасын қалаған адам. Сондықтан он­дай тұлғамызға күйе жағылғанына бей-жай қарамай, Ақпарат ми­нистрі Дәурен Әскербекұлы Абаевқа Жазушылар одағының атынан рес­ми хат жіберу керек. Әдебиеттің сөзін сөйлеудің, әдебиетті да­мытудың орнына ұлы тұлғаларымыздың әруағына шабуыл жасала бас­тағанын министрге ескертейік. Оларды қаржыландырып отырған мекеме қаржының нендей бағытқа жұмсалып жатқанынан хабардар бол­сын.

Ұлықбек Есдәулет, ақын, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы:
– Қазір үлкен тұлғаларды қа­ралау тенденцияға айналып бара жатқандай. Сәкенді қойып, кеше ғана әлеуметтік желі бетінде Абайға тиісу ак­циясы басталып кетіпті. Нобель сыйлығының лауреаты Светлана Алексиевич: «Жас ке­зімде албырттықпен жөнсіз пі­кірлер білдіріп ем, қазір со­­ған қатты ұяламын», – де­ге­ні бар. Бүгін жөнсіз соқты­ғып жүр­гендер, ертең сонысы­на өкі­не ме – басқа әңгіме.
Әдебиетке еңбегі сіңген қай­раткер адамның бейнесіне нұқсан келтіруден не ұттық? Оған ешкім жауап бере алмайды. Көзі кеткен адамға қоқ­сық төгу өрескел дүние. Контент министрліктікі ғой. Демек, министрлік бағытын белгілеп берсін. Цензура, әрине болмауы тиіс. Бірақ ауызға келгеннің бәрін жа­рия­лай беретін болсақ, әр нәр­сеге боқтық қосып айта беруге болмайтыны сияқты, шекті білмесек, әдебиеттің құ­нын түсірмейміз бе?

Бақыт Сарбалаұлы, сыншы:
– Аузына келгенді айта са­лып, оны жариялап, сүйін­ші сұраудың астарында кім, әлде не тұр? Мұны біреу әдейі ұйым­дастырып отыр ма? Бәл­­кім, тұлғалардың беделін тү­сіру арқылы қазақ халқын­да ешқандай қасиет тұтар тұл­ға қалмасын деген пиғыл жат­­қан шығар. Абайға, Сәкен­ге тиісуден, жеке басын қорлау­дан кім не ұтпақ? Бұл «Әде­биет порталы» үшін ұят қы­лық екені басы ашық дүние.


Қазақстан Республикасының Ақпарат және
коммуникациялар министрі Абаев Дәурен мырзаға

Құрметті Дәурен Әскербекұлы!
Ұлттық әдебиетіміздің айнасы іспет­тес «Әдебиет порталы», естуімізше, сіздің құзырлы мекемеңізге қарайды екен. Сондықтан бұл хатта көтерілген мә­селені шешуге өзіңіздің де пәрме­ні­ңіз же­тетініне сенеміз. Кеше (29.08.2017) сіздің құзырыңыздағы «Әде­биет порталы» интернет-жоба­сында Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллинді кісі өлтірген жендет деп суреттеген мақала басылды. Әлеуметтік желіні «өртеп» жатқан жазба он жасар қыздың атасынан есті­ген әңгімесі екен. Оқиға отызыншы жылдары болған. «…Ко­мис­сарлық топтың жетекшісі С.Сейфуллин әйеліне аяқкиім тауып бе­ре алмай, оны Түркістанға тастап… біреудің мәпелеп отырған қы­зын бір ай бойы бауырына басады… Одан кейін соған рахаттанып «Тау ішінде» деген әнін шығарады да, ол қызды алмаймын деп ару­дың өз шашына өзі асылып өлуіне… себепкер болады».
Соңғы жылдары қаламгерлер арасында шығармашылық жұ­мысы үнемі сынға ілігіп жүрген «Әдебиет порталы» (жетекшісі Бауыр­жан Қарағызұлы) бұл жолы шектен шығып кетті. Енді «Әде­биет порталының» бетін өсек-аяң, саржағал шығармаларға тол­тыра бастапты. «Халқымыздың тағылымы мол тарихынан…» (Н.Ә.Назарбаев) үлгі алудың орнына, текті тұлғаларымызды қаралауға порталдың қандай хақысы бар?! Ендігі жерде «Атам айт­қан», «Әжем айтқан» деген желеумен тарихи тұлғаларымыздың ру­хымен ойнау ойыны басталғалы тұрған сияқты. Ешқандай дерек, дәйексіз, біреу айтты екен деп, ұлттың ұлыларын қорлауға бола ма?! Сталиндік репрессия жылдары жазықсыз «халық жауы» атан­ған Сәкен Сейфуллинге ел Тәуелсіздік алған 26 жылдан кейін тағы да жала жабылып жатыр?! «Әдебиет – ардың ісі» дейміз. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер қазақ әдебиетінің ар-ожданы емес пе?!
«Әдебиет порталы» мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан порталдың ұстанымдарын қайта қарап, бағыт-бағда­рын айқындап, мемлекеттің ұстанып отырған саясаты мен жүргізіп отырған идеологиясына ыңғайлау керек.
Құрметті Дәурен Әскербекұлы! Қазақ әдебиетінің күрмеуі көп проб­лемаларын айтып, сіздің уақытыңызды алу міндет емес. Құ­зырыңыздағы «Әдебиет порталын» ар-ұяттың – әдебиеттің алаңына айнал­дыратын мезгіл жетті деп ойлаймыз!

1. Серік Қирабаев, Қазақстан ҰҒА академиясының академигі;
2. Оралбай Әбдікәрімов, Мемлекет және қоғам қайраткері;
3.Темірғали Көкетаев, физика-математика ғылымының док­торы, Ғасыр адамы;
4. Диханбай Биткөзов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері;
5. Ғазым Жарылғапов, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы;
6. Қайрат Байбосынов, әнші, Қазақстанның халық артисі;
7. Жүрсін Ерман, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері;
8. Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері;
9. Бақыт Сарбалаұлы, сыншы, ҚЖО басқарма хатшысы;
10. Несіпбек Айтов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, С.Сейфуллин мұражайының директоры;
11. Серік Ақсұңқарұлы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері;
12. Қайрат Кемалов, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері;
13. Аманжол Әлтай, айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­­раткері;
14. Жақсыкелді Кемалов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері;
15. Қойлыбай Асанұлы, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР мәдениет қайраткері;
16. Болат Сыздық, заң ғылымының кандидаты;
17. Бауыржан Жақып, ақын, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі;
18. Кәдірбек Құныпияұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;
19. Асқар Алтай, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Пікір қосу