Кино – көрсетеді, ал театрда көресіз…

1
86 қаралды

«Елу жылда – ел жаңа, жүзде – қазан». Дәл осынау өлшем өркөкіректеу де өршіл Өмірдің мөр-таңбасындай әсер ететіні бар. Өйткені, Ол бір орында тұрмайды, дамиды, түрленеді, өзгереді. Өзгерген сайын мазмұн жағынан байи түспек. «Жүз жылға жуық тарихы бар қазақ театрының бүгінгі хал-ахуалы қандай?! Қазіргі қазақ театры Әлемдік дамудың қай жағында тұр?!» – деген сауал көпті мазалайтыны хақ. Брехттың «Эпикалық театры», Метерлинктың «Ажал театры», Антоненның «Анти-театры», Беккеттың «Қатыгездік театры», Сартр мен Камюдың «Экзистенциялық театры», Жененың «Ашық театры» өнердегі өлшемге айналып үлгерді. Немесе жапонның Ракуго, Но, Кабуки сынды ұлттық бағыттағы театрларынан да алар дүние жетерлік деп білеміз. Театр – шығармагердің философиялық ой-өрісінің, эстетикалық талғам-танымының, дүниеге деген көзқарасының жемісі. Бүгінгі қазақ театры коммерциялық мүдде мен «жаңа театр» жасаудың екі арасында тұр. Бәрінің мұраты – «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау». Соған қарап, театрымызға тәуекел жетпей жатқандай әсерде боласыз. Театр – философия, эстетика, мәдениет және қоғам өмірінің типтік бейнесі дәрежесіне көтерілгендерді көрерменге кешенді түрде бере алатын мазмұны ауқымды құрал. Ендеше, оның өнер ретіндегі сыпаты арта түсері анық. Жаһан театрында эстетикалық және коммерциялық бағыттар бір-біріне жақындап, ықпалы арта түскені аңғарылады.

Әр елдің ұлттық сыпатын аң­ғартатын, сапалы туындыларын әлемдік деңгейде таныстыратын, ол өнердің соңғы жетіс­тіктері мен даму бағыт-бағдарын көрсететін, театртаным көк­жиегін кеңейтетін әрі на­си­хаттайтын басты механизм – Халықаралық фестивальдар екені рас. Өзге бір кеңістікке шы­ғып, жұлдызға айналу, додада топ жару, сол арқылы мол пай­даға кенеліп, қазақтың атын дүниежүзіне әйгілеу әр ре­жис­сердің, әр артистің, әр дра­ма­тург­тың арманы. Біздіңше, ірі ел­дерде өткен фестивальдардан бі­рер сыйлық алуды ғана ойлап, шы­ғарма мазмұны мен пішінін жа­санды түрде өзгерткенмен, әл­дебір қисынсыз сюжеттер мен кейіпкерлерді тықпалап, көрер­менді қызықтырамын деген ойдан алыстау болу керек секілді. О дәрежеде жоғары бағаға ие боп, беделдері бел асқан бәйгелерде топ жарған туындыларға зер сал­сақ, бәрі коммерциялық мақсат көздемеген, таза өнер туындылары болып келеді. Сондықтан да бо­лар, театр өнерін қолдайтын үлкен-үлкен қорлармен біріге жұмыс істегені байқалады. Ал маз­мұны жағынан келгенде, әр пьеса өз ұлтымыздың тыныс-тір­шілігін, ерекшелігін, шынайы болмысын көркем де шебер бейнелеп жатса, қанеки. Кейде біз өз ортамызға әбден көз үй­ре­ніп кеткендіктен көп дүниеге на­зар аудармауымыз да мүмкін. Біз­дегі өзіміз мән бермейтін тұр­мыс салтымыз, қоғамдағы көрі­ніс­тер шет жұртты тамсандыруы ық­тимал. Сондай-ақ, пайда табуды көз­демейтін туындыларға тех­ни­калық тұрғыдан аса қатты талап қойыла бермейтіндігін ескеруге тиіс­піз. Театр – белгілі бір дәуір мен қо­ғамдық көріністермен үндесетін тірі организм. Қоғамдағы түрлі шыр­ғалаңдардан өтіп, бірде құл­ды­раса, бірде өрлейтін заңдылық та оған тән болса керек. Тағы, театр – белгілі бір топты емес, бүкіл қо­ғам­ды жаппай қамти алатын, сол арқылы адам баласының көңіл-күйіне, санасына зор ықпал ете ала­тын өнер түрі. Ұлт пен ұлыс тіл­дері, салт-санасында қандай айыр­ма­шалық болса, белгілі бір елдің өнері мен мәдени мұрасы, дәстүрі де өзгеге мүлде ұқсамауы заңды құ­бы­лыс. Өйткені, әр елдің өзіне ғана тән болмыс-бітімі, тарихы, даму жо­лы, әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайы, геосаяси ахуалы бір-біріне ұқсай бермейтіні сияқты көзқа­рас­тары мен дәстүрінің де өзгешеленуі жаратылысынан. Осынау ерекше­лі­гімен-ақ аталмыш өнер түрі бел­гілі бір дәуірдегі халықтың мінез-құл­­қын, ділін, тұрмысын бей­нелей­тін маңызды дерек болып қала бермек. Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қоғамы өзге мәдениетке жұтылып, басқа­ның ортақол дүниесін тамсана та­ма­шалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәдениеті жаулап жатқан тұста ұлттық театрға көңіл бөлудің маңыздылығы одан сайын арта түсуі тиіс.
Шаяхмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры, Жамбыл облыстық қазақ дра­ма театры, Н.Бекежанов атын­дағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, Қара­ған­ды облыстық С.Сейфуллин атын­дағы қазақ драма театры,
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Шығыс Қа­зақстан облыстық «Дариға-ай» жас­тар театрларының ізденіс ізін анық байқауға болады. Бірақ олар­ға мән беріп жүргендер аз. Біз­дегі бір кемшілік бар, назарымыз орталықта ғана болады.
Ба­льзактың: «Ұлылар Провинцияда туып, Парижде өледі», – деген сө­зінде терең мән бар екенін ес­кер­мейміз. Тағы бір кемшілік, бүгін­дері режиссерден бастап, рөлдерде ойнаған актерлердің көпшілігі мақтағанды қалайды. Егер жақсы дүние туып жатса, ел онсыз да ай­тады. Өткен маусымда Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры пре­мьераға театр өнеріне жақын­дығы бар деген бәрінің басын қос­ты. Түрлі ой-пікір айтылды. Осы бір бастама көңілден шықты. Сахна бәріне ашық болса дейсің. Қазіргі қазақ театры өнерінде буын алмасу мәселесі аса маңызды болып тұр. Бұл драматургияға, ре­жиссураға және актерлік өнерге ор­тақ дүние. Театр қашан да өз ке­зеңінің асқақ рухын көрсетуі тиіс. Ал сахнадан өзекті тақы­рып­тарды арқау еткен елеулі дүние қою үшін заманауи драматургия­лық материал қажет.
Бірақ жас режиссерлер пьеса жазып жүрген авторлардан өзімен мүдделес, әрі кәсіби деңгейде жұ­мыс істейтін драматургтерді таппауда. Себебі?.. Себеп көп. Авторлар көрерменді толғандырар күр­­­­делі мәселелерді ашудың орнына қарабайыр да ашық талас-тартысқа негізделген, шындыққа еш жанаспайтын уақиғаларды ойдан шығарып жүр. Олар өздері бейнелеген кейіпкерлер тағды­ры­на, мінез-құлқына көңіл бөлмейді. Соның салдарынан үзік-үзік кө­ріністерді қоса салған сапасыз дүниелер көбейіп кетті. Ондай қойы­лымдарда өнер көрсеткен ар­тистер өз қаһарманының ішкі те­біреніс-толғаныстарын ашып көрсете алмайды. Бұл күнде спектакльдерде «астарлы ой», «екінші план» деген ұғымдар ақырындап ұмытыла бастауда. Жоғары бағаға лайықсыз қойылымдардың көбеюі актерлік және режиссерлік кәсі­би­ліктің ғана емес, жалпы сахна­лық мәдениеттің деңгейін төмен­де­тіп жіберді. Режиссерлер сужаңа туынды таппаған соң, инцени­ров­каға жүгінуге мәжбүр. Қазақ театр өнерінің дамуына ықпал етіп жүр­ген фактордың бірі – шеттен ша­қырылған режиссерлермен жұмыс істеу. Бұл, біріншіден, кәсіби тәжі­ри­бе алмасу болса, екіншіден, бай­ланыстың нығаюына ықпал етеді. Бұндай бірлестіктен тосын ре­жиссерлік шешім, актерлік қол­таңба, жаңа форма туатыны бел­гілі. Вайткус, Виктюк, Птушкина, Абдуразаков, Потапов, Асанбеков секілді режиссерлер театрдың қан­шалықты биік екенін көрсетіп, қазақ көрерменін таң қалдырғаны шындық. Халықаралық театр фес­тивальдерінде жүлдегер атан­ған бұндай мамандармен бірге жұ­мыс жасау актерлер үшін ше­берлік шыңдайтын мектеп іспетті. Қазақ театрында батылдығын байқатып, ұлттық және әлемдік классиканы сахналауда әдеттен тыс режиссерлік шешімдерімен назарға ілігіп, үнемі ізденіс үстінде жүретін, шеберлік деңгейін жылдан жылға арттырып келе жатқан білімге құмар, көркем ойын, кә­сібилігін көрсетіп жүрген режис­серлер жоқ емес, бар. Қазақстанның әр облысындағы театрларымен танысу барысында актерлік қабі­леті мол әрі жаңа спектакль­дерді қоюға мүмкіндігі жетерлік режис­серлерді көрдік. Бірақ оларға бері­летін мүмкіндік аздау. Айта­лық, Кубанычбек Адылов, Наталья Дубс, Әлия Баймаханова, Гүл­сина Мерғалиева, Дәурен Сер­ғазин, Елік Нұрсұлтан, Фархадбек Қана­фин, Айдын Салбандарды ерекше атауға тиіспіз. Заманауи театр эстетикасына сай жұмыс істейтін жаңа буын өз көзқарасын сахна арқылы ғана жеткізеді. Қа­зақтың жас режиссерлері театр сах­насында ұлттық бірегейлікті тануға талпынып, мәдени мұра дәстүрін әлемдік театрдағы өзекті идеялар мен формалармен үндес­тірудің жолын іздеу үстінде. Сах­на­лық дәстүрлер мен иннова­ция­ның осылайша бітеқайнасуы қа­зіргі таңда аса тиімді деп ойлаймыз. Ал театр өнері пайда болған­нан бері театр мен драматург ара­сындағы байланыс аса мықты бол­мағаны белгілі. Шығармалар жа­зылуда, бірақ соған назары түсіп, соны таңдап жатқан не театр, не режиссер жоқ. Жүлдегер атан­ған көп пьеса сахнаға шықпай, шаң басып жатқаны тағы бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлі­гінде әлгіндей туындыларды қою­ға міндеттейтін механизм жұмыс істемеген соң, бәрі бекер. Драма­тург­тарға арналған біраз бәйге­лер­ден жүлде алған пьесалар бар­­шылық. Бірақ театрлар мен режиссерлер: «Пьеса жоқ!» – деуден танар емес. Қазіргі қазақ театрында бірігіп, белгілі бір мақсат маңында жүйелі жұмыс істеу жағы кемдік боп тұр.
Елдегі елуден аса театр әрқан­дай мекемелерге бағынып, әр түрлі жерден қаржыланатын бол­ған соң, репертуар мәселесінің де қиындай түсері белгілі шығар. Бү­гін­гі театрларда ортақ жүйе жоқ. Театр пьесаны өздері жазып, өз­дері қабылдап, өздері сахналап, гонорарын да өздері қояды. Сонда, драматург та өздері, режиссер де өздері, сыншы да өздері. Соның салдарынан болар, театр деңгейі түсіп, Әлемдегі ірі-ірі фестивальдерге іліне алмай жүргеніміз шын­дық. Қазақ драматургиясының өрі­сі кеңейіп, сұранысқа ие болуы үшін жоспар қажет-ақ. Театрдың дамуына театр ұжымы мен театр­танушылардың орны ерекше. Жә­не театрмен қызығатын әрі кә­­­сіби мамандар тұрақты түрде бас қосып, тәжірибе алмасып отырса деген тілек бар. Бүгінгі қазақ драматургиясына оңаша ой айтатын жастар жетіспейді. Пьесаның өмірге келуі күрделі процесс еке­нін жақсы білесіздер. Бір өкі­ніш­тісі, жеке емес, ұжымдық тұр­ғы­дан алғанда қазақ театры бәсе­кеге дайын емес. Себебі, елімізде өтіп жүрген бәйгелердің деңгейін жо­ға­ры дей алмайсыз. Ресейде 250-ге тарта фестивальдер бар. Алай­да, олардың ішіндегі кәсі­­билігімен ерек­шеленіп, негізгі ұстанған ба­ғыт-бағдары айқын, замана үнімен үндесетін, бүгінгі театр үдерісін жіті қадағалап, жаңашыл да үздік спектакльдерді көрсететін «Золотая маска» мен Халықаралық Чехов фестивалін айтуға болар. Неге осы додаларда топ жармасқа?! Мы­­­­салды алыстан іздемей-ақ қоялық, Барзу Абдуразаков сах­на­лаған Сұлтан Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» пьесасы сол Чехов фестивалінде дипломант атанып, Айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Жып-жинақы доданы ұйым­дас­тыру мен көркемдік сапасын төмендетпеудің сыры кәсібилік пен жүйелі таңдауда деп білеміз.
ХХІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та «артист – театр өзегі» ұғымы өз мән-маңызын жойған жоқ. Әлем­дік театр постмодернистік бағытқа ойысып, сахналық-бейнелік тіл инновациялық технологиялардың арқасында жаңа сапалық деңгейге жоғарылады. Дәл осынау өзгеріс­тер қарсаңында қазақ актерлік өнерінің ең басты көңіл аударар тұсы – сахнагерлердің интеллек­туал­дық деңгейінің төмендеуі. Се­бебі, өнерпаздардың көпшілігі өз бетінше ізденбейді. Екіншіден, актерлер шетелдік мамандармен өткізілетін шеберлік сыныптарына қатыспайды және өзінің кәсіби білім-білігін көтеруге құлықсыз. Осының салдарынан көрермен сахнадан құр эмоция, пафосқа не­гізделген ойын үлгісін көруге тиіс. Заман өзгерді, жаңа форма­да­­­­ғы спектакльдер қойылып жатыр. Бірақ жасанды ойын, жаттанды сөз, жалпы иллюстративті ой­нау мәнерінен қазақ артистері арыл­мады. Абсурдистік қойылым­дар­дың өзінде психологиялық театр элементтері басымдау екенін көз көріп жүр. Өкінішке қарай, ин­теллектуалдық ойынның жоқ­тығынан актер актер болудан қа­лып барады. Тағы бір басты мәселе – қазақ сахнасында әйелдер обра­зын өз деңгейінде ойнайтын ак­-
т­ри­салар көрінбеуде. Леди Макбет, Турандот ханшайым, Электра, Джульетта, Медея, Ақтоқты сынды күрделі де қою образдар үлкен дайындықты қажет етеді. Үшінші мә­селе – облыстық театр ұжым­да­рының шығармашылық потен­циалының төмендеуі. Кей­бір шал­ғайдағы театрлардың көп­теген спектакльдері сын көтер­мейді. Он­дағы басты кемшілік – көрер­менін тартпайды. Себебі, режис­сер­дің шы­ғарманы сах­на­лық туындыға ай­налдыра алмауында. Бүгінгі ре­жиссураның бір­қатары актер­лар­мен жұмыс жа­сау­ды бо­саң­сытып алғаны бай­қалады. Облыстық театрлардың көп­ші­лі­гінде бұрыннан қалыптасқан актерлік мектептің қожырай бас­тағаны да жасырын емес. Театр – сым­батты өнердің ішін­дегі ең зо­ры. Ежелгі театрлардың бірі – Грек театры – көпшіліктің театры, халық театры ретінде танымал бол­ған. Бұл өнердің ең үлкен қыз­меті – ашықтығы мен халыққа жа­қындығында. Бір Парижде ғана 300-ге жақын театр бар. Сөйте тұра, олардың көркемдік ұстаным­дары мен эстетикасы бір-біріне еш ұқса­май­ды екен. Немирович-Дан­чен­ко айтқан үш шындық – өмір шындығы, сахна шындығы жә­не әлеуметтік шындық бірікпей, өнер өнер дәрежесіне кө­теріле алмақ емес. Қазіргі қазақ теат­ры­на кәсіби сын керек. Сын бол­маса, өнер ешқашан өспейді. Бізде ха­лық­аралық деңгейдегі театр тарландарымен иық теңес­тіре алатын Ә.Мәмбетов, Р.Сейтметов, М.Бай­серке мен Б.Атабаев секілді режиссерлер бар. Қа­зақ театрында да заманға сай психологиялық-физиология­лық театрлар қызмет ететінін дә­лелдеу үшін үлкен білім мен кәсіби шеберлік қажет. Ол үшін өнерпаздар жаңа формалармен, жаңа ағымдармен, жаңа әдіс-тәсілдермен танысуы керек. Қа­­зақ­та заманауи драматургия жоқ деп ауызды қу шөппен сүр­туге болмас. Бар, бірақ оны ар­хивтен аршып алып, көпші­лікке ұсына­тын батыл режиссерлер аздау. Қ.Мұхамеджановтың «Бөл­тірік бө­рік астында», А.Сү­лей­меновтың «Төрт тақта – жай­на­маз», М.Бай­сер­кенің «Кек қы­­лышы Кенесары», Т.Нұрма­ғам­бетовтың «Бес бой­даққа бір той», Д.Исабековтың «Тор»,
Ә.Та­ра­зидің «Лайнер», Т.Әб­­ді­­ков­тің «Біз үшеу едік», О.Бө­­кейдің «Құлыным менің», Иран-Ғайып­тың «Бөшке», Қадыр Мырза-Әлінің «Сақал саудасы», Р.Мұ­қа­нованың «Мәңгілік бала бей­не» секілді шығармалар форма, сюжеттік құрылым, стилис­тика тұрғысынан болсын Әлем­дік драматургия қатарына қы­сыл­май енері сөзсіз. Бұл пье­саларды өзге ел театрларында сахналау үшін, алдыменен ішкі мазмұны мен түрін бұзып алмай аудару керек.

P.S.: Театрға бет алған әр көрермен бүгінгі шыңғырған шындықты, бүгінгі ақжарқындау ақиқатты көргісі келеді. Соған толықтай лайықты болсақ екен. Александр Адабашьянның: «Театр мен киноның айырмашылығы неде?.. Кино – көрсетеді, ал театрда көресіз…», – деген әйгілі сөзі ойға оралады. Бүгінгі мәдениет саясатына бір сәт көз жүгіртсек, онда көбіне-көп киноиндустрияға көңіл бөлініп жатқанын байқар ек. Кино – аса үлкен саясат, ал театр – ғаламдық идеология!.. Қазақ театры да сол «идеологияның» маңызды бір бөлшегіне айналса деген арман бар!..

Әлібек БАЙБОЛ.

1 пікір

  1. Қазір жаңа туындылар жоқ емес, бар. Әкем театрында қойылмаса да облыстық театрларда жүріп жатады. Соны неге айтпайсыңдар? Қаншама жас драматургтердің спектакльдері өткенде ЭКСПО-ның аясында Астанада сахналанды. Бұрынғы әдет, бағзы заманның әңгімесін құлаш-құлаш етіп жазасыңдар. Сіздің қайталап айтқан спектальдеріңіздің ескіргеніне талай жыл өтті. Бұл тақырыпты пайымдап зерттеу керек. Облыстарда жүріп жатқан қай спектакльге бардыңыз? Не көрдіңіз?

Пікір қосу