Қағаз қала

1
107 қаралды

Күнделікті қым-қуыт тірлігіміз бен түрлі қоғамдық-әлеуметтік өмірімізде қайшылықты жағдайлар да жоқ емес. Даңқты сатира сардар­ларының, кешегі аға буынның бүгінгі лайықты ізбасарларының бірі – Қанағат Әбілқайыр. Оның тілі көркем, тіні усойқы шығармаларынан бүгінгі кейбір келеңсіздіктер сатира тілімен ащы шенеледі. Оқырмандарымызға дарынды сатириктің саяси памфлетін арнайы ұсынып отырмыз.


Қанағат Әбілқайыр

Өзім жап-жаспын және бола­шақ­тан өте үлкен үмітім бар. Ел қатарлы несиеге болса да баспана қарастыр­дым. Анау-мынау емес, ақыр алған соң осы жөн ғой деп ең қазыналы, ең таңдаулы, ең… ең… ең… қаладан ойып отырып үш бөлмелі үй алмаққа нық бекідім.
Әңгімені аш ішекше созып қай­тем, қысқасын айтқанда, жиырма бір жасымда берген өтінішіме қырық жеті жасымда бір бөлмелі құжыра келді. Қымбат қаланың қақ ортасын­дағы отыз қабатты үйдің жиырма то­ғы­зыншы қабатынан тиген хан сарайыма әке-шешем, үш ұл, үш қызым, туған әйелім, әйелімнің бір сіңлісі мен әпкесi, менің бір-бірден іні-қарындасым бар — барлығымыз әне-міне дегенше, аспаннан түскен­дей топ ете қалдық. Қабырғалары әлі толық сыланбаған немесе сыланған жерлері көтеріліп кеткен, жә, оны қойшы, жаңбырлы күндері төбе мен терезелерден су өтіп, әрқайсысымыз бір-бір шүберекпен соны құрғатып ойнаймыз демесеңіз, алаңдайтын түк те жоқ. Бөлмемізде айқасып жа­тып ұйықтаймыз. Екі-үштен кезек күтіп тұрып… ауысып-ауысып тамақ ішеміз.
Қаланың аптасына жеті рет со­ғат­ын мінезі қызық желі кейде бір шын­дап буырқанғанда, біздің отыз қабатты үйіміздің басы балқурайдай майысып барып, жерге тиер-тимес, қалыпта тербеліп тұрып, қайта орнына келеді. Ә дегенде за­тымыздың астында қалып, ауырлауы кез бола кетсе талып қалып әт­уері­міз кетіп жүрді, кейін уақыт өте келе әдісін тауып алдық та, лып етіп жұмсақтау жерге түсетін бол­дық, ең бастысы, теңселмелі үйге де үйреніп қалдық. Содан қойшы, күндердің бір күні қайдан тапқанын білмеймін, кіші балам қойдың құ­ма­лағындай ғана бір қорғасынды ұстап жүр екен. Ары-бері домалатып, лақтырып ойнап отырғанын байқа­дым да, бұл не қылған пәле екен деп, қолыма алып, тістеп көріп едім, тісім батпады. Салмағы тәп-тәуір-ақ ауыр екен, лақтырып, қағып алып, лақ­ты­рып, қағып алып, ерігіп отыр­ға­нымда, көзім төбеде жарбиып тұрған қара шыбынға түсе қалды. Өз үйімде
отырмын ғой қорқамын ба, қолым­дағы қорғасынмен әлгі шыбынды періп кеп жібердім. Дәл тиді ме, тимеді ме, оны шыбын айтпады, ал, қорғасын әлгі жерді тескен күйі үстіміздегі көршіміздің үйіне өте шықты. «Ойпырмай, мынау ұят болды-ау» деп, әлгі үңірейіп қалған тесіктен сығалағанымша болған жоқ, қорғасыным төбенің тағы бір жерін тесіп өз үйімізге қарай түсті. Екі тесікті бірдеңе қылып бүтіндер­міз, ең бастысы, қорғасыны құрғыр­ды таптым-ау дегенімше болған жоқ, әлгі төбеден сорғалаған күйі келді де өзіміздің еденді де тесіп өтіп төменге кетті. «Қап, бір абыройсыз іс болды-ау» дедім де, емпеңдеп мен де ұмтыл­дым. Бізден төмен тұратын көршіммен ауыз жыбырлатып амандасатыным бар еді, өйтіп-бүйтіп бірдеңені түсіндіріп, үйіне кірдім. Қорғасыны түскір бұл үйге де аялдамапты. Үй иесін ертіп, одан төмен тұратын қоңсыма бардым. Қорғасын бұл үйге де келген, бірақ тоқтамаған. Әр үйдің есігін қағып, үйіне басып кіріп жүре беретін әкім-қара немесе қарақшы емеспіз, қорғасынды подвалдан бір-ақ тосып алмақ болып құлдыраңдап төменге тарттық. Қашанғы біз қателесе бермекпіз, үмітіміз ақталыпты. Құмалақтай ғана қорғасынымыз аман-есен подвалда жатыр екен, еденге құйылған цементті жартылай тесіп барып, бір жамбастай қисайыпты. Көршілер қорғасынмен ойнаған мені жазғыра ма, қатты бір қадам жасасаң өзіңді де осы подвалдан бір-ақ шығаруы мүмкін өз едендеріне кінә арта ма, осыны ұға алмай аңтарылып ұзақ тұрды. Сосын, үйге ауыр заттар кіргізбеуге, айғайлап сөйлемеуге, қатты жүрмеуге, секірмеуге, мүмкін болып жатса, еденді мүлде баспауға серт берісіп, үйді-үйлеріне тарады.
Айтпақшы, мен сіздерге үйге қақаған қыста көшіп кіргенімізді айтпаппын ғой: қыс бойы жылудың болмай қалуы, газдың жиі өшуі, су құбырларының жарылып кетуі сияқты кез келген отбасын айналып өтпейтін проблемалардың бізді де ешкімнен кем тұтпай мазалап жүр­гені көңілге кәдімгідей-ақ мақта­ныш сезімін туғызып, адамға біз де енді ешкімнен кем емеспіз, ел қатар­лы өмір сүріп жатырмыз деген бір тәтті көңіл-күй сыйлайды екен. Сон­дай күндердің бірінде балаларымыз ой­нап отырып бойынан жылуы қашқан жылу жүйесіне тілдерін тигізеді ғой, сөйтсе бұл үйге, бұл жылу жүйесіне әрең жеткенімізді тіл қайдан білсін, құрғырың аяздан тікенектеніп тұр­ған темір құбырға жабыса кетеді. Олай қараймыз, бұ­лай қараймыз, құбырдың түрі жаман, тілді өз еркі­мен жіберетін емес. Амал жоқ, бір амалын осылар білер деп әкімшілікке хабарластық. «Үй жылымаса жылы­май-ақ қойсын. Енді сол жылу жүйе­сінің жанынан жүрмейік. Бізге баламыздың тілін қайтарып беруге көмектесіңіздерші». «Бұл біздің міндет емес. Оны өздеріңнің жер­гі­лікті мекемелеріңе айтыңдар» дейді әкімшілік. Жер-көктен іздеп жүріп, жергілікті мекеменің басшысын әрең дегенде қолға түсірдік. «Бұл үйге жылуды келесі жылдан бастап беретін шығармыз» дейді ол. «Оған дейін баланың тілі емес күллі тұла­бо­йы жабысып қалады ғой». «Онда жазға дейін шыдаңдар, үш-ақ ай қалды ғой». Басшылардың алтын уақытын бөліп, тілдескеніне тәуба айттық та, өзіміз іске кірістік. Үйдегі жағуға жарайтын құрғақ дүниенің бәрін тұтатып, баламыздың тілінің айналасына от қойдық. Қара тас болып қалған құбыр да жылыды, үйге де бір ыстық леп тарады, тіпті, көршілер де «Үкімет өлтірмейді ғой. Жылу бе­ріп­ті» деп қауқылдасып ­қалды. Қыс­қасы, ұл байқұс қана бірнеше күн быды-быды деп былдырлап жүрді. Тәп-тәтті көңіл-күй сонда да сол бір алғашқы әсерден арылған жоқ. Негiзi, қалалықтар бiр үйде бiрнеше адам тұрғанын жақтыра бермейдi ғой. Ал бiз үшiн сонша адамның қуықтай ғана бiр бөлмеде өмiр сүрiп жатқаны, әсiресе, осы қыста өте жақсы болды. Бiрiмiзге-бiрiмiз тығылып, бір қырындап, ел түнде шешiнiп жататын болса, бiз керсiнше үйдегi бар киiмдi киiнiп, көрпе ғана емес, кiлем-паласқа дейiн жамылып алып бір-ақ ұйықтай­мыз…
Мұның бәрін қойшы, қыс бітіп күн жылынғанда, қара жермен бірге біздің үй де ери бастады. Алдымен, қақаған қыста құйылған іргетастар еріді, бірте-бірте үйдің күллі қа­бырғаларынан айғыз-айғыз болып тер ақты. Артық судың бәрінен арылған соң үйіміз кәдімгідей аласар­ды. Бірақ алыстан қарасаңыз, шапанының бір түймесін жоғары түймелегендіктен бір етегі ұзын, бір етегі қысқа болып тұрған шал сияқты біздің үйдің де бір қабырғасы биік, бірі аласа болып қалды. Бұған да шүкір, енді осымен болған шығар деп отырғанымызда әбден кепкен үйлердің қабырғаларына сызат түсіп, әр-әр жерден қақырай бастады. Кәдімгідей, шәй ішіп отырып, терезеге қарағандай керегеге қараса­ңыз, саңылаудан сізге қала қарап тұ­рады. Немесе тура үйіңізбен үйі бір көршіңіз өзінің жарылған қабыр­ғасынан сізге «Бүгін де ыстық болатын сияқты, ә?» деп қояды. Ауа райы жылы болған соң бірте-бірте бұған да көніп алдық. Енді жауынды күн­дері үйіміздің сыртындағы әлем-жәлем ою-өрнек пен түрлі суреттері бар мың сан бояуға малынған әше­кейлер көшіп түсе бастады. Көп ұзаған жоқ, үйіміз кәдімгі қара сылақ­пен ғана қалды. Е, бұ да дұрыс. «Мынандай үйді қаншаға алдыңыз? Үндемей жүріп, үймек-үймек ақша жинап алған екенсіз ғой» деген сөздерді азырақ еститін боламыз деп шешкенбіз. Сол сол-ақ екен, жиырмасыншы қабаттан аяқ астынан өрт шыға қалды. Газ құбыры ашық қал­ған дей ме, найзағай түскен бе, кім білген, өртіңіз енді анау-мынауға бой берер емес. Ең қиыны, бар бала-шағамызбен шырылдап жиырма тоғызыншы қабатта біз тұрмыз. Хабарлай салып, бір сағат болмай өрт сөндіргіштер, бір жарым сағат болмай сақшылар мен жедел жәрдем де келіп үлгерді. Бұл уақытта жиырмасыншы қабатыңыз өртке толық­тай беріліп, өз міндетін түгел орындап бітіп, а-у-п деп шөге кетті де, аяқ ас­тынан біздің астымыздағы үй жиыр­ма жетінші, біз жиырма се­гізінші қабат болдық та шықтық. Үйді айнала шұрқырап көрші-қолаң жүр. Оларды былай бір мыжып өтіп, олай бір мыжып өтіп, өрт сөндір­гіштер мен жедел жәрдем жүр. Өрт пен халық бір-біріне қарсы келіп қалмасын деп әр-әр жерде қара таяқ­тарын салбыратып сақшылар тұр. Алдымен өрттен де қызыл кө­лік­тер тізіліп келіп тұрды, сосын құлаш-құлаш құбырларын өрт шыққан жаққа қаратып қойып, ақ көбікті шашты дейсіз. Қайран ғана ақ көбік қанша ышқынса да тоғызыншы қабатқа жетер-жетпес, жетер-жетпес жерден қайта қайтып, босқа ысырап болды. Өз көбіктеріне өздері малынып жаны қысылған өртсөндіргіштер енді керегенің әр тұсынан сатырлатып отырып сатыларын қойып шықты. Олардың болымсыз тірлігіне анда-санда бір жалаңдаған тілін шығарып, мазақ­тап қойып от шіркін де өз жұмысын атқарып жатыр. Ол тағы бір а-у-п де­ген­де біз өзімізден-өзіміз жиырма жетінші қабаттың тұрғындары бол­дық та қалдық. Өртсөндір­гіштер қарап отырған жоқ, енді сатыларға өрмелей бастады. Саты шүкір деп айтайық, оныншы қабатқа еркін жетті. Қызды-қыздымен арсалаңдап оныншы қабатқа шығып алған өртшілер ары қарады, бері қарады, өздерінің бойынан өрт сөндіре қоятын ештеңе де таба алмады. Ең болмаса қызыл көліктердің біреуін неге ала шықпаған. Ойбай-ау, мен де ақымақпын ә?! Оларды бұл жерге дейін көтеріп шыға алмайды екен ғой, құбырдың өзін ғана алып шық­қаннан еш пайда жоқ, ал бұлар әрең жеткен оныншы қабаттың тұрғын­дарында өмірі бір машина көбік болған емес. Енді не істеу керек? Реті келіп тұрған осы бір тұста айта ке­тейі­кші, бұлардың бастықтары өз пайдасын білетін, бір ақылды адам еді, шетелден пәленбай миллионға, Елбасы араласқан жерде ғана көр­сетем деп, кран тәрізді, он бес-он сегіз қабатқа мойны еркін жететін бір өртсөндіру машинасын сатып алып қойған. Бірақ оны бұл жерде пайдаланайын десе қара бұқарадан басқа ешкім көрмей қалады. Мемлекет басшысы мүлде естімейді. Қай­дағы бір жиырма тоғыз қабаттық үй үшін оны қозғап не керек. Бопты, пай­даланбай қоя тұрайын десе, жақын уақытта үкімет үйі сияқты қымбат ғимараттар өртенетін емес. Техника болса текке тозып барады. Шынымен-ақ енді не істеу керек? «Басекең не десе сол болады ғой» – деп, құйрығын бұлғаңдатып қарап тұратындай өрт жағымпаз үкімет емес, «Құрсын, не болса сол болсын» – деп, көзін тарс жұмып алып отыра беретін депутат та емес, әне-міне дегенше, бізді өрт жиырма алтыншы қабаттың тұрғындары етіп үлгерді. Өртсөндіргіштер енді бір көліктің құбырын бір көліктікіне жалғап, сатыға саты қосып, жаңа ойын түрін бастап кетті. Минут пен секунд санап біз төмен қарай құлдырап келе­міз. Осындайда құр тұрғанша деп мен бір ой ойлаймын ғой: біздің мы­на үйлер қандай мықты есеппен жасалған. Түгел өртеніп кетсе де бір машина күл шықпайды екен-ау. Бұрынғы өкімет жынды ғой, бес қабат үй салса да іргетасын бір жыл құяды, оны бір жыл кептіреді. Сосын әр керегесін зеңбіректің оғы өт­пей­тіндей етіп қалайды, шеге кірмейтіндей етіп сылайды, бір үйді бес жылда әрең салып бітеді. Өңшең ақымақ! Қазіргілер ғой, қаңтардың бірінде іргетасын құяды, екісінде қанша қабат болса да керегесін көтереді, үшінде іші-сыртын сылап бітіп, төртінде қолыңызға кілтін береді. Қаңтардың бесінен бастап үйлі болдым деп күнде тойлап, басыңызды көтере алмай алшиып сiз жатасыз.
Ойым әлдене солқ ете қалғанда үзіліп кетіп еді, аман-есен тағы бір қабатқа төмендеп алыппыз. Өртсөн­дір­гіштер ғой өйтіп-бүйтіп он бесін­ші қабатқа жетіп қалыпты. Бұлардан күдерін мүлде үзді ме, жаңа ғана мен жиырма тоғызыншы қабатта тұр­ғанда жайнап тұрған табиғат жа­рықтық қабағын түйіп, қату­ланып-ақ келе жатыр екен. Ә дегенге кел­тір­мей дауылдатып, жауындатып, арнайы тапсырыспен келген таң­даулы сарбаздардай есік демей, тесік демей шелек-шелек жаңбырды бас-аяғымыздан армансыз-ақ құй­ды. Тіпті, бас сауғалап қажеті жоқ екенін бағана бір айтып едім ғой, ең бастысы, бірдеңенің астында қалып қоймай немесе керегенің жарығына қыс­ты­рылып қалмай бір жерден мықтап ұстап тұрсаң болғаны. Бұл сендерге аз дегендей, үйді алай бір ала қашып, бұлай бір ала қашып, жауынның тиюіне лайықтап үйді майыстырып беріп, жел де өз парызын өтеді. Сақшы біткен шапқылап өз көлігіне қашты, малмандай болған өртсөндір­гіштер түкке керегі жоқ құбырларын жинап әуре, түк бітірмесе де бақырып-шақырып мені көрдіңдер ме деп жедел жәрдем жүр. Ұзын сөздің қысқасы, айналасы он-он бес минуттың ішінде өрт те сөнді, жауын мен дауыл да демін алды. Дүние өз қалпына қайта келіп, абыр-сабыр басылғанына анық көз­дері жеткенде ғана алдымен өртсөн­діргіштер, сосын барып жедел жәр­дем жерге түсті. Ә дегенде «Ауа райына хабар берген кім? Ақпаратты таратқан қайсысың?» деп бірін-бірі қағып-соғып жөн-жосықсыз жосып кеткен сақшылар ауа райының еш­қандай министрлікке қарамайты­нын естігенде «Қой, рас па?» деп қат­ты-ақ таң қалды. Сосын барып, сол маңдағы халықты қуып жүріп жи­нап, құжаттарының бәріне өрт­сөндіргіштер бұл жерге өрт шықпай жатып келіп алған. Ал жедел жәрдем кешелі бері осында. Сақшылар бұрыннан осы үйлерде тұрып жатыр. Кісі өліміңіз не, бұл маңда өрт болған жоқ. Үй бұрыннан жиырма алты қа­батты болатын деп жазғызып, әр қайсысына жеке-жеке қол қойғызып алған соң қиқулатып кетті де қалды. Мені ғой енді бұдан былай жиырма бесінші қабаттан тауып қаларсыз­дар…

1 пікір

  1. Керемет жазылған бүгінгі өмірдің шындығы ащы сатира тілімен берілген екен……………Cіздерде мақала әлеуметтік желіде неге бөлінбейді? осы жағын қарастырсаңыздар

Пікір қосу