Мен кейде Айда отырған секілденем…

0
263 қаралды

Ерлан ЖҮНІС


Зор жалғыздық
Мен кейде Айда отырған секілденем,
тым жалғыз,
алыстан Жер көрінер…
….сүймеген, сағынбаған, өкінбеген,
ешқашан мұңайтпаған жердегілер.

Ешқашан жолға ұзақ қарамаған,
ешкімді күтпеген де, қоштаспаған.
Ешкім жоқ жүрегімді жаралаған,
себебі, ешкіммен де достаспағам.

Кешкісін теңізге де тас атпағам,
таңертең тауға шығып ойланбағам.
Ешкімді өмірімнен босатпағам,
себебі, ешкімге де байланбағам.

Ешқашан сүрмегендей кең өмірді,
уақыттан қалмағанмын, озбағанмын.
Ешкім жоқ тыңдайтұғын өлеңімді,
себебі, ешқашан да жазбағанмын.

Кітабын ештеңенің жиі ақтарам,
тыңдаймын ешқашанның таспасын да…
…Мен кейде Айда отырған сияқтанам,
тым жалғыз…
көлеңкем де жоқ қасымда!..

Алматыға барсам мені…
Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс қарсы алады,
Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны.

Бала сынды қалбалақтап, алып-ұшып мәз болады,
Қуанғаны – тіпті мені жылата да жаздағаны.

Мені күтіп тұрған сынды жылдар бойы
сол бір маңда,
Көшіп келген кезі ме екен Астана ма,
Жамбылдан ба?!

Алатаудан ауған бұлтпен қала ішінде бірге көшіп,
Шаштарына құс ұя сап, иығына гүлдер өсіп

Үлгеріпті!
Үлгеріпті шаттанып та, шерленіп те,
«Балқыбекке бармадық па,
Зейіпханды көрмедік пе?», –

(дейді маған, білмей ме екен олар
кетіп қалғандығын,
Білмей ме екен ақындарға жалған –
екі жалғандығын?!).

Мәйханаға ертіп барып, масайраған күйге енеді,
«Алматыда қалам дейд, маған – дейді –
үй береді».

Білмей ме екен талай жылды –
талай жырды кешкендігін,
Кешкендігін, өзінің де Жетісуға көшкендігін?!

Гегель мен Бэконды айтып,
«ой мәнісін тапшы» дейді,
Оқығаның – жаман емес,
жыр жазғаның – жақсы деймін.

Сұлуларды санап шығып, «ең сұлуын тапшы» дейді,
Сұлулар да – жаман емес,
сүйген жарың – жақсы деймін.

Ақындарды тізіп беріп, «ең ұлысын тапшы» дейді,
Ұлы ақындар – жаман емес,
жас ақындар – жақсы деймін.

Көздеріме тіктеп қарап, кейін күліп жібереді,
Сол күлкіден еске түсер Лермонтовтың бір өлеңі…

«Ей, данышпан Ерлан Жүніс, пәлі, ғашық
Ерлан Жүніс,
Қалған жұмыс – жаман емес, жақсы –
деймін – барған жұмыс».

Мен кетемін, ол қалады, беймәлім не аңсағаны,
әлденеге тамсанады, әлденеден томсарады…

Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны,
Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс
қарсы алады…

Боз
…Бір жарық мекен байқала ма алдан?
Болмаса, тоқта, мен түсем!
Духаналар мен мәйханалардан
Мұңымды ішем,
Дерт ішем!
Алдымнан менің жарқылдап, күліп,
Ақжайнақ қалқа қарсы алар!
Маэстро-дос
Саңқылдап тұрып:
«Шайыр келді!» деп жар салар!
Шайыр келді деп, шарабын құяр,
Қыздың ерніндей шарабын.
Даяшы қыздың жанарында ұяң,
Жалт ете қалар жанарым…
Жалт етер сәуле «өкінбе!» деген,
Үнсіздік – әулие,
сөз батар…
Маэстро-дос
«Жетімдер»
менен
«Өкіл әкені» боздатар!..
Қоздатар бәрін, боздайды дүние,
Бозүміт, бозой, бозарман,
Дәл мендей өлең жазбайды дүние,
Мен дүниедей жаза алман!
Жаза алғам,
жазғам,
жазықты болғам,
Жасына көздің жиі аққан…
Әлемнің мынау нәзіктігі – ардан,
Мықтылығы да – ұяттан!
…Ей, сұлу қыздар, оқыңдар өлең,
Іштегі аңсар текке өлер…
Қорықса егер ақындар неден,
Арулар соған тап келер!..
Жетті енді, өшір!
Жарықты да өшір!
Жүдедім,
Жаздым,
Қамықтым,
Сағынғам,
Сүйгем,
Жалықтым, кешір,
Бәрінен, досым, жалықтым!
Жүректің қанын қотарып іштім,
Көтеріп іштім көз жасын,
«Ең ұлы ақын» атанып іштім,
Сенбегенменен өз басым!
Ішпеймін енді!
Мәйханалардан,
Алып кет алыс жолдарға!
…Бір жарық мекен байқала ма алдан,
Бір жарық жүрек бар ма алда?!

Көз жасы
Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің
Бұлты ауып барады басымнан:
Мен биік тұруды үйрендім,
Өзімнің
Бір тамшы жасымнан.
Бала-аңсар сағымы ойнаған даланың төсінде,
Кезінде көктемгі жаңбырдың,
Алғашқы көз жасым тамғаны есімде –
Бір тамшы уыты тағдырдың.
О, сонда сезсемші,
өтемін
қаншалық азапты боларын төлеудің:
Әлемнің өзгеріп кетерін,
Өзгеріп кетерін өлеңнің!
Бұл дүние тым басқа болатын,
Жас ыршып түскенше жанардан,
Сол бір жас – қара түн,
ақ нұрдан жаралған,
Тырс етті…
Қара жер дір етті!..
Топырақ болмысы өзгерді:
Өзгертті ол гүлдерді, құстарды,
жүректі…
сөз де енді
білсемші келмесін қалпына бұрынғы,
Ауытқып кетерін ғасырдан!..
…Үйрендім мен солай биікте тұруды
Көзімнің бір тамшы жасынан.
Содан соң…
Таулар да жылаған,
Дала да жылаған,
Ешкім де болмады себебін сұраған,
Себебін білмеді бір адам.
Олар да өзгерген,
Өзгерген өлеңмен…
…Бір тамшы жас тамып кетпеуін көздерден,
күзетіп келем мен,
о, сол бір тұманды жылдардан!
Кешсем де басқа мұң,
Мен енді жоқтаман жылдарды ұрланған,
Мені енді жылата көрмеші, Аспаным!..

***
Наурыздың бірі ме, ертең?..
Тұрғаны-ай бір сезімнің алып қашып.
Көшеге шығайықшы күліп, еркем,
Көктемкөз ғашықтардай қол ұстасып!

Бала гүл көңіліндей,
Ақ жүзіңде алқызыл от алмасып,
Көктемнің ең алғашқы шеруінде,
Қайыңдармен жүрейік қатар басып!

Мойныңда күлгін шәлі,
Жасыл көйлек – жаңа ұран көрікке шын.
Күлкіңді сандуғаш пен бұлбұл салып,
Гүлдер нәзіктігіңе еліктесін.

Иыққа құстар қонып,
Бұйыққан дүние бізге елеңдесіп,
Сені көрген адамдар құштар болып:
«Ақынның жары, шіркін, өлең!» десін.

Сен сонда әнтек күліп,
Көзіңнің жорта қара шалғайынан,
Мен, болсам, жүректерді өртеп тұрып,
Сүйермін сол өлеңнің маңдайынан.
Көктемнің бірі ме, ертең,
Секілді қыстың соңғы кеші кірген?!
…Көресің, бір көктемді түбінде, еркем,
Мен сенің атап кетем есіміңмен!

***
Есіңе алдың ба есімімді ауық,
Сол бір жас жүрек атынан?!
…Өмірімнің кейде есігін жауып,
Терезесінен қарап отырам.

Терезе алдында телміреді ойлар,
Шешілмей қалған күрмеуі.
Кешегі күнді көрмеге қойғам,
Көңілдің түкпіріндегі.

Өкпені, назды, сағыныш, мұңды,
Қатырып қойдым мүсін қып.
Кешегі парлақ алып-ұшуды,
Алысқа қарай ұшырдық.

Кітап ішінде күндер өтуде,
Сенесің бе, олар – тірі шын!
Ал сенің өмірің кіммен өтуде,
Кімдер өтуде күні үшін?!

Көп мүсіндердің бірінің, бірақ
Бере алмай қойдым пішінін.
Ол сенің іңкәр жүрегің жылап,
Мұңданып тұрған мүсінің!

Мен үшін асқақ дастанда есімің,
Дастаннан, бәлкім, ұлылау.
Өмірімнің бір күн ашқанда есігін,
Сен күліп тұршы, күнім-ау!..

***
Бір ғажап жүз жыл да бір жаннан жалықпау,
Жалықпау – жұтудан демін;
Тамыздың түні де бойжетіп қалыпты-ау,
Ұялшаң ойыңдай сенің…

Ұялшақ ойлардың құпиясын ашар кім,
Кім көрер құпия меңін?..
Ойланып тұр, әне, он сегіз жасар түн,
Ойланған сәтіңдей сенің.

Он сегіз жасар түн, о, неткен балғын түн,
О, неткен ерке еді құрбың?!
Астында жаздағы ең соңғы жаңбырдың,
Қасында ең соңғы гүлдің,

Жүрдіңдер құстай боп айнала қалықтап,
Мен де үнсіз тамсанып тұрдым.
…Тамыздың түні де бойжетіп қалыпты-ау,
Он сегіз жасындай жырдың.

Түнгі бірде перзентханада адасу
Қай жерде жаны сақталатын халықтың,
Білдім мен,
Перзентханада адасып жүріп соны ұқтым.
Бұл түні сезіндім –
Адасу деген – жанымды іздеу өзімнің,
Өзгенің,
Халықтың,
Әлемнің,
Ол, бәлкім, жанын іздеу ме көркем өлеңнің?!
Адасып жүріп бұл түні перзентханада,
Бір жойқын дүмпу болғандай жүрек, санада,
Түсіндім, бүкіл өмірімнің ғажап шындығын,
Ешқашан енді адасқым келмейтіндігін.
Іздеумен Сүлеймен тағын да,
Бабылдың аспалы бағында,
Адасқым келмесін Олимптің төрінде,
Биліктің қараңғы дәліздерінде,
Эльдорадоның алтынмен апталған жолында,
Кимериядан құлаған керуеннің соңында,
Александрияның кітапханасында да жоғалған,
Қосөзен бойында уақытқа тоналған,
Адасқым келмейді!
Адасқым келеді
Перзентханада,
Бір жойқын дүмпу бар жүрек пен санада,
Әр есікті ашқанда –
Ашылған жолықтым шексіз бір аспанға,
Жолықтым болашақ рухымен,
Келген бір жандай боп ілкіден!
Адасқан жандай боп бір байтақ далада –
Адасып жүрдім мен перзентханада,
Бір кезде таптым да есігін баламның –
Қайтадан жаралдым!
Жаралдым
Жұлдыздай жап-жарық,
Құдайға ғашық боп,
Әлемге таң қалып!

Пікір қосу