ТҰҒЫРЫ БИІК БОЛҒАЙ ТУҒАН ЖЕРДІҢ!
08.09.2017
2079
0

«Зайсаным жатыр шалғайда, Бармасам биыл болмай ма?» – дейтін қиюы аз, қисыны жоқ жетім жолдардың жыл сайын кимелейтіні рас. Бірақ жеме-жемге келгенде, «Шалғайда жатса, қайтейін, Биыл да барып қайтайын» деп, жаз ортасын аудара жолға жиналатыным бар. Туған жерлеріне дейін ұшағы зулап, пойызы зырлап тұрған жұртта не арман бар, шіркін?! Өзіміз жиі  жамандайтын кеңестік кезеңнің де іш жылытарлық тәп-тәуір істері бар болатын. Олай дейтінім, Алматыдан менің атамекенім Зайсанға дейін аптасына 3–4 рет жеңіл ұшақ сапарлап, жолаушыларға жол азабын тарттырмай бір жарым сағатта жеткізіп тастар еді. Жұма күндері шығып кетсең, ағайынның қуанышына қатысып, жексенбі күні кешкі шайыңды өз үйіңнен ішетінсің. Қазір ұшақ Зайсанға Өскеменнен аптасына 2–3 рет қатынайтын болыпты. Оған да тәуба! Екі қаланың арасындағы 500 шақырымға жуық кедірлі-бұдырлы  жолды ауырсынатындардың көп болуына байланысты ол ұшақтарға билеттер жарты ай бұрын сатылып кетеді екен. Қазан аузы жоғары, биліктегілер қисынын тапса, Алматы–Зайсан, Астана–Зайсан әуе рейстері де ашылар…


Кәдірбек Сегізбайұлы, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Ал пойыз дейтін көлігіңіз біздің елге жоламайды. Тек Өскемен шаһарына ғана жеткізеді. Сондықтан қуатымыз ортаймай тұрған шақта тәуекелмен өзіміздің төрт доңғалақты көлігімізге жол әрі ұзақ, әрі сапасыз болса да сенім артар едік. Қазіргі көлігімізден гөрі өзімізге сенім арта алмай қалған тұста туған жерге пойыздатып, одан соң таксилетіп жететін болғанбыз. «Биыл бармасам болмай ма?» күдікті ойға жол беріп қоятынымыз содан. Әке-шешені айтпағанда, аға-әпке, біраз ағайын дегендердің көбі-ақ туған жердің топырағын бүркеніп алған. Бірге оқығандар да мейлінше сиреп,  жер басып жүргендерінің көбі ұл-қыздарының «шаңырақтарына мініп», шаһарларға шығандап кеткен. Түсеннің Мұраты, Мұқатайдың Әскербегі, Шайқының Кеңесі сияқты жан достар да «ол жақтан» тек түске кіретін болған. Рұқсатсыз үйіне барып, ат байлаймын дейтін достардың сарқытындай Әшімханның Қуанышбегі мен Нұрғалидың Кенжебайы да ыңқыл-сыңқылдарын көбейтіп, еркелейтінді шығаратын болыпты. Ағамыз Қыдырбектің ұл-қызы Әмірбек пен Айгүлдің жұптары Гүлнәр мен Санаттар, балдыз Мұратбек пен Алтынай он жерден ағалап, шаужайыңа оралып тұрса да баяғы қара ормандай ағайын-туыс, достардай бола алмас. Содан жан жабырқап, елі көшіп кеткен иен жұртқа келгендей сезінетінің бар. Содан ғой, «биыл бармасам болмай ма?» дейтін келеңсіз күдікті ойдың кимелейтіні…

Өскемен шаһарына дейін пойыздатып, одан әрі мың болғыр,  апарғаны үшін жолақысын ұшақ құнының шамасында сұрайтын, бірақ телефон шалсаң болды, айтқан жеріңнен келіп алып кетіп, айтқан жеріңе дейін шығарып салатын жігіттердің көліктерімен таксилетіп жүріп, туған жерге де тұяқ іліктірдік.

 

* * *

Алматы шаһарының жанға жайлы, айтулы мекен екенін мен айтпай-ақ қояйын, бәрі айтқан ол туралы. Алла берген ғұмырдың төрттен үш бөлігі осы қалада өтсе де небәрі бозбалалықтың бұрқасынды кезеңіне дейін ғана ғұмыр кешкен сонау шығыстың шалғайындағы шекараға маңдай тіреп жатқан Зайсанымды неліктен Алматы ғана емес,  әлемнің небір ертегідей сұлу қалаларына теңей алмаймын? Неліктен, жылына ең кемі бір рет барып-қайтпасам ұзақ уақыт жолмен жарысып,  шалқып жатар – көгілдір бір әлем Жайсаң көлім, жел жағыңа ық болып, ұзыннан ұзақ сұлап жатар Тарбағатай, Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ, Кішкенетау жоталары көлденеңдеп,  кес-кестейтін көп салалы Базар, Еспе, Тайжүзген, Үйдене өзендері, Ертістің екі жағасынан Алтай мен Ертістің екі жағасынан иық теңестірер Сауыр тауының әкелеріміз жастық шағынан қарттық жасқа жеткенше жаз – жайлау, қыс – қыстау еткен қолат-қойнауы оянсам ойдан, ұйықтасам түсімнен шықпайды? Әсіресе, құр сияқты жалғыз ойнап, қозы жайып, ес жия қой қайырып өскен Айғыркөмгеннің, Сынтастың қалы кілемдей құлпырып жатар жасыл жайлаулары мені іздеп, сағынып жатқандай көрінетіні несі? Бәлкім, өзім іздеп, сағынғаннан болар, оның жауабын Қасым ақын айтып қойыпты.

Уа, дариға, алтын бесік – туған жер,

Қадіріңді  келсем білмей кеше гөр!

Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

Ақын болмай тасың болсам мен егер.

Туған жерге деген мәңгі ортаймас ықылас-пейілді бұдан артық жеткізіп айта алмас ешкім  де…

 

* * *

Таксиші жігіт немере інім Әмірбектің  есігінің алдына әкеліп, чемоданымды көтерісіп үйге кіргізіп беріп, бір-ақ қоштасты. «Жасасын нарық» деймін ішімнен. «Ақысын берсең боқысын шығарады» деген осы да. Теңге деген тәңірдің күші ғой. Оқыған, өскен Жарсуым жол шетінен бір қырын қалса да елге сапарды аудан орталығы Зайсан қаласынан бастайтын әдет біраздан бері қалыптасқан. Жарсуда жездем Жұмабай мен әпкем Мәлиға мен ата-енеміз Уәлбек пен Бәдишалар да уәделесіп алғандай он шақты жылдың беделінде ауыл сыртындағы мәңгі мекендеріне бірінің соңынан бірі аттанған. Әкем Сегізбай, шешем Бәти бастаған басқа да ағайындар бар, бір қауым жұрттың мені тосып жататындары сөзсіз болса да ауданға бірер жылдың мәулетінде басшы болып келген жаңа әкіммен таныса кетуді жөн санадым. «Танымасын сыйламас» дейтін емес, ол да бір Жарсудың төлі екенін еститінмін. Өзін түстеп танымасам да, әке-шешесін білемін, ағаларымыз аралас-құралас болған жандар болатын. Тек бұл жігіт ғана емес, ежелдің ен күнінде ауданның екі тізгін, бір шылбырын ұстайтын жаңа хатшы, жаңа әкімдерге кіріп, «іске сәт» айтып шығу  қалыптасқан әдетім. Бәлкім, бұл көп жылдар баспасөзде істеген журналистік қызметтің де әсері болар.

Ертеңгілік телефон шалып, кіріп-шығатынымды білдірдім.

– Жоқ, сіз кірмей-ақ қойыңыз, өзіңізге барып, сәлемдесу – менің міндетім. «Алыстан алты жасар бала келсе…» деген киелі сөз бар ғой. Маған қайда тоқтағаныңызды айтыңыз, – дейді ауданға әкім болып келгеніне бір жылдан енді асқан жаңа басшы Темірбек Қасымжанов мырза. Ішім жылып қалды. Себебі, бұдан 2–3 жыл бұрын келген басқа әкімнің кеңсесіне барып, есік күзеткен милиция қызметкеріне әкімге кіріп, сәлемдесіп шыққым келетінін білдіргенім бар. Осы елдің азаматы екенімді де айтып жатырмын. Телефон  шалып, әкіммен тілдескен милиционер:

– Ауылдарды аралауға бара жатыр
екен. «Қабылдай алмаймын» деді. Кешіріңіз, ағай, – деп бастығы үшін өзі қысылыс білдірген. Сөйткенше шаруабасты адамның кейпін танытып әкімнің өзі де алқын-жұлқын кабинетінен шыққан.

– Шоферді шақырдың ба? – деп кезекшіге дүңк ете қалды. – Қалбырақтап, сәлем береді деп ойлады ма, бетіме аларып бір қарап өте берген. Бұдан кейін оның маған қажеті жоқ еді. Өтініш-бұйымтайым болмаса да: «Ісің оң болсын» деп сыпайыгершілік білдірмек болған бұл келісім үшін өзімді кінәладым. Бастықтарынан басқаға кісілік көрсете алмайтын мұн-
дайларға менің де қажетім жоқ екені түсінікті еді.  Егер сол кездегі облыс әкімін жақсы танитынымды  білсе, мен үшін бес минутын емес, бес сағатын құрбан шаларына сенімді едім. Ол әкім мен бұл әкімнің осы бір кішкентай ғана қарым-қатынастарының айырмашылықтары аспан мен жердей тым алшақ жатқаны бірден көрінді.

– Зайсанның көшелерінің біразы қазылып қалыпты. Қазіргі кездегі дәл біздің Алматының көшелері сияқты, –  деймін әкімге  есендік-саулық сұрасып, «Жол болсын», «Ел сенімінен шығуға тілектеспін» деген сияқты ресмилеу тілек, ниетті айтып болған соң. Бәлкім, туған өлкемнің қазіргі жай-күйін біле отырсам дейтін қызығушылық, бәлкім, ежелден қалған журналистік әдет, әйтеуір сөзге қиялап тартып отырмын.

– Бұрын-соңды бұл қалада әр үйге кәріз құбырын тарту деген болмаған. Қазір елу шақырым кәріз, жүз бес шақырым ауыз су құбырларын тарту жұмысы қызу жүріп жатыр. Жылына 22000 бас ірі қараны сойып, 3300 тоннадай өнім шығаратын ет комбинатының құрылысы аяқталуға жақын. – Әкім  күлді. – Жазушы ағамыз еліндегі жаңалықты білгісі келіп отырған болар. Шет жағасын қысқаша айтайын, – деді ол үйде отырғандарға қарап. – Құрылыс жұмыстары да қарқын алып отыр. Аудан  бюджетін барынша тиімді пайдаланып жатырмыз. Облыс та көмегін аяп жатқан жоқ. Бұрын бір тонна жүкті  әкелу үшін үлкен көліктерді қуалайтындарды көріп немесе шағын учаскелердің жерін жыртып, шөбін шабу үшін қуатты тракторларды пайдаланатындарды байқағанда оның жолын табуды көп ойланатын едік. Қазір ол мәселе де шешілді. Көрші қытай елімен  келісім жасап, отбасылық шағын тракторларды барлық қажетті қосымша керек-жарағымен құрастыратын ауылшаруашылық машиналарын жасайтын зауыт ашып алдық. Қазірдің өзінде 60 трактор конвейерден шықты. Сұраныс көп. Өз облысымыздан басқа  жерлер де тапсырыс беріп жатыр. Болашақта трактордың біраз детальдарын өзіміз даярлап, зауыт қуаттылығын арттыра түсу ойда бар. Қала үйлеріне газ тарту үстіміздегі жылы аяқталады. Өзіміздің Қарабұлақ ауылының желкесіндегі Сәтбайдан өндіріліп жатқан көгілдір отын біраз ауылдарға да бара бастады. Алты-жеті ауылға  ауыз су құбырлары тартылды. Суарылмалы егістік көлемін 16 пайызға арттырып, жалпы көлемін 20811 гектарға арттырдық. Бұл ондаған, жүздеген жұмыс орны  ашылады  деген сөз.  Бұрындары осы ауданда әкім болып, соңына жақсы пікір қалдырған Серік Зайнолдиннің қала ғана емес, әрбір елдімекенді мейлінше гүлдендіріп, көріктендіру сияқты жақсы бастамасын да жалғастырып жатырмыз.

– Ол кісі кезінде ХVІІІ ғасырдың ортасында осы елге шабуыл жасаған қытай «қызылаяқтарын»1  қарсы ел ішінен сарбаздар отрядын ұйымдастырып, жауды тойдырып, өзі де мерт болған халық батыры, бірақ бірте-бірте ұмытыла бастаған Жәнделі қызға Зайсанның орталық алаңынан ескерткіш-мүсін орнату мәселесін жиі айтатын еді.

– Иә, Серік Зинабекұлының ондай жақсы ниеті болғанын мен де білемін. Ниет ету бар да оны жүзеге асыру бар.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыруында» айтылатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алу бәріміздің борышымыз. Батыр қыздың ғажайып ерлігін ауызша тарих арқылы бізге жеткізген де Кішкенетаудағы Жәнделі сайы. Ересен  ерлік жасалған мекен сол. Жерлесіміз, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтаубаев батыр қыз туралы жазды да. Өз қаржысына сайдың аузына шағын ғана белгі қойыпты. Тарихымызды түгендейтін Берел, Шілікті қорғандары сияқты, бұл мекен де киелі жер. «Жақсы ниеттің орындалуы бар» дейтінім аудан орталығына ескерткіш-мүсін, Жәнделі сайына көрнекті белгі қою – жан-жақты ойластырып, тиянақты ғып қолға алатын іс, – дейді Темірбек Жұмағұлұлы. – Бюджеттен дәмете бермей, демеуші-алғаушылар болып жатса, мүсіннің жан-жақты ғылыми негізі жасалып барып, қолға алынса, өте бір игілікті іс болар еді.

Игілікті істеріне тілекші әрі әкімнің қазақы кішіпейіл,  кісілігіне риза болып қоштастық.

 

* * *

Өрлі-еңісті, өзенді-өзектерді көп елей бермейтін, тау  жолдарынан тайсалуды білмейтін әмбебап көлікпен жұмақтай төрім – жайлауымды, түсімде жиі көретін жайлауымды ертеңіне-ақ бетке алғанбыз. Көлік айдаушым, өзіме етжақын інішек болып келетін,  қазіргі кезде аудан  әкімшілігінде құрылыс жұмыстарына жауап беретін білдей бастық Бықайдың Файзрахманының ұлы Талғат. «Ағаңды  сағынған жайлауына өзің апарып қайт», деп оған әкім тапсырма беріпті…

Жайлау сапарына дейін туып-өскен Жарсуыма соғып, алдымен өзімді бірінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін туған қайнысы Мұраттан кем көрмей асырап-сақтаған, оқытқан Түсен келіні Мәрия жеңгейге кіріп, сәлем беріп шықтым. Тоқсаннан асып, төсек тартып қалған кейуана даусымнан таныды. Қадырды қашырар қарттыққа налиды, өсіп-өнген ұрпағына тәубе дейді. Қысы-жазы таудан түспей, «ұлымды бағып бер, оқытып бер» дегендей оқу жылының басында әкеліп тастап, мамырдың соңына алып қайтатын әкемнің: «Ұлыңның азық-түлігі, жамбасақысы  қайда?» демейтін марқұм Қинят ағамыздың, не Мәрия жеңгеміздің тым-тым қазақы  туысқандық  қарым-қатынастарына әлі күнге дейін таңданамын.  Артығырақ  аттап кетсе ақша дәмететін қазіргі нарық ережесін жеріне жеткізе «қарық» қып жүрген бүгінгі мен бұрынғылардың тым кеңпейілділігі мүлде, бір-біріне кереғар екен-ау деп ойладым.

Студент кезімізде, одан кейінгі жылдарда елге келгенде Жарсуымдағы үлкендерге сәлем беріп шығу үшін кемі жарты  күнің кететін. Бәрі де «көшіп» кеткен – екінші «Жарсуына». Тіпті, көшеден танитындарды кездестіру қиын. Бірлі-жарым замандастардың өздері қарттықты ерте мойындап,  үй бағып қалыпты.

Өткен ғасырдың 90-шы жылындағы алапат зілзаладан кейін қирап қалған ескі Жарсуды тастап, бүкіл ел болып жұмылып, салтанаты жарасқан жаңа ауылдар салып берген. Көбі екі қабатты сол жаңа үйлердің іргетастары ғана жатыр. Жұлынған тістер сияқты.  Өскемен, Семей, Алматы деп аңсары ауған «көшпелілер»  құлатқан үйлерінің материалдарын Камаздарға тиеп әкетеді екен.  Оларға тыйым болмаса жаңа Жарсу ескі Жарсудың кейпін киетіні анық. Қайран  урбанизация…

Жуырда Алматыдағы  бір көршім – «жаңа қазақ» сарайдай ғып салған жаңа коттеджін біреуге тастап, көше бастады.

– Көш көлікті болсын! Беталыс қай жақ? – деймін оған.

– Америка. Балалардың болашағы үшін көшуге тура келіп тұр.

– Балаларыңыздың болашағына қиын болмаса, – дедім. Бұл сөзімді, әрине, ол түсінген жоқ.

Ауылдағыларды Алматыға, Алматыдағыларды Америкаға құмар ғып  қойған заман  ағымы шығар.

Балалардың болашағы туған жерде екенін көп ағайындардың ескермейтіні өкінішті. Бабалардан бермен жалғасқан тек-тамыр туған топырақта жатпаушы ма еді…

Сәлем беретін тірілер азайғанымен мәңгі мекендеріне жайғасқандар көп еді. Асықпай жүріп, топтап-топтап, құран бағыштағанша ет асымдай уақыт кетті. Сонда өлілердің Жарсуы,  тірілердің Жарсуын аумағы жағынан қуып жетер-ау деп ойладым. Әйтеуір жер жетеді деп, ретсіз тұрғыза берген зираттар тым алабажақ. Әрқайсысына қарап, артындағы ұрпақтарының қарым-қабілетін,  дәулет-байлығын бағамдайсың…

Жолай Өскеменге соққанда онда да о дүниелік болған ағайынға құран бағыштау үшін қаладан 10–15 шақырым жердегі тау бөктерінен бір-екі жыл бұрын ашылған мұсылмандар  зиратына соққанбыз. Ұлан ауданының Желизек деген мекені екен. Кіреберіс  сәнді қақпасы мен үлкен қоршаудың бір бұрышына орналасқан өлілер қалашығы көздің жауын алады. Бір ұядан шыққан балапандардай біркелкі. Көше-көше, ақ кірпіштен өрілген зираттар тәртіппен қонақтаған ақ шағалалар дерсің. Әрқайсысының маңдайшасына аты-жөні жазылған біркелкі мәрмәр тақталар қойылыпты.

– Апыр-ай, мынау барша қазаққа үлгі етердей үрдіс екен, – деймін жолбастаушы күйеубалам, отставкадағы полковник Бақыт Жаманбаевқа.

Өскемен қалалық ақсақалдар алқасының мүшесі, Ішкі істердің бұрынғы басшыларының бірі Қуанғали  Нұғыманов дейтін ағамыз жанына Бауыржан есімді іскер азаматты ертіп алып, жер мәслихатқа қайта-қайта барып жүріп, арнайы жер бөлгізіп алды. Қазір қайтыс болған кісінің жаназасын шығарудан бастап, барлық рәсім, жоралғыларды өздері өткізіп, мәңгі мекенін даярлап, жерлейтін, ең соңынан зиратын да тұрғызып беретін үлкен мекемеге айналды.

Бәлкім, өлілерді  «жарыстырмау» үшін, жер жетеді деп,  басын күмбездетіп немесе алып гранит жартастарды орнатпау үшін заң жүзінде осындай үлгі ұсынып, берекесіздікке тыйым салатын заң керек шығар. Заңнан көп аттай бермейтін, заңды мейлінше сыйлайтын, әрі одан қорқатын  жұртпыз ғой.

* * *

Жер өзгерді ме, әлде мен өзгердім бе, балаң кезде, бозбала шақта талай жүрген жолдардан адаса жаздап, жайлауға барар жолдың қақпасы сияқты  Қиынсудың шатқалына жеткенше әбден сасқаным бар. Бұрынғы ілгері-төмен көшкен жұрттың малы таптап, сүрлеу ғып тастайтын көш жолының нобайы ғана қалған. Әр сайдан жол салған машина іздері. Бала кездегі биік шоқылар аласарып, терең сайлар жадағайлана түскендей, бәлкім менің санам көріністі басқаша қабылдайтын болған сияқты.

Сібірлеп жаңбыр жауа бастап еді, қара топырақты қара жол батпақты жолға айналды.  Қиынсудың  шатқалынан түйелі көш жаңбырсыз, құрғақ күндері ғана өтетін. Соның өзінде түйенің  бұйдасынан ұстап, «табанының астында жылан жатыр, шөк-шөк»  деп әупірімдеп өтер едік. Түйе таяр жарлауыт жолдан  машина неғып  таймасын, Аллалап отырып, шатқалдың арғы кезеңіне шыққанда  Көктамыр жақтан жерді тұншықтыратындай аунап келе жатқан қалың тұман көрінді. Ашық күндердің өзінде басынан бұлт кетпейтін Сәменнің шыңы тұмшаланып алған, мүлде жоқ.

Ауылға барсам бала кездегі  іздерімді іздеуші едім. Бүгін ол іздер маған таптырмас. Қойшылық өмірінің соңғы он шақты жылында мекен етіп алған әкемнің қонысы Сынтасқа жеткенде соқыр тұман басып қалған. Жолдың жиегінде заманында әлдекімдер орнатқан кісі бойындай сынтас тұрушы еді, көзіме түспеді. Түспегенін тұманнан көрдім. Ағайымның балдызы Қазыбек марқұм әкем зейнетке шыққанда «Малға жайлы жұрт» деп осы қонысты иеленген. Біздің, одан соң атасының жұртында ағайынның малын бағып Рамазан отыр екен. «Сынтасты көре алмадым» десем, ол: «Бұрын құлап жатушы еді, қазір жоқ, он жігіт көтере алмайтын тасты қалай, қайда әкеткенін білмеймін» дейді.

Бала кезде су шығады-ау дейтін ойпаң жерден құдық қазып, жалпақ тастың үстіне пеш салып, ермек ететінім болушы еді. Орындарын көргім келген, көре алмадым. Тек әке-шешемнің жұрт ауыстырғанда жылып қонатын жерлердегі үйге жаңбыр суы кірмес үшін көбін өзім қазған дөңгелек марлардың ізін көріп, соны қанағат қылдым. Жаңбыр суымен езіліп жатқан мал тезегінің үстіне аунай алмадым. Мүмкін, соңғы біраз жылдан бері соға алмай  кеткенім үшін ата-мекенімнің өкпесі болар, жаңбырлатып, тұмандатып кетуі…

Сынтастан Айғыркөмгенге бет алғанымызбен ол кезде көзді жұмып  табатын жолдан жаңылып,  бауыр жолмен Тақаштан бір-ақ шықтық. Қозыларымды қоралау тастың көлеңкесіне жусатып тастап, мотоцикл ғып дүрілдеп ойнайтын тасымды, бұлақтың  суын арық қазып, белегірге шығаратын, шешеме әр түрлі гүлдерден бір құшақ жиып әкеліп бергенде «Көк шөпті неге жұласың?» деп  ұрсатын көне жұртымды көрсем деп едім, сәті келмеді. Бала кездегі іздерімді іздемек едім, бәрін ойша «тауып», қанағаттанған болдым. Қалың тұман арасынан үдірейген семіз сиырлар кездеседі. Жаздың соңы көрінсе де шөп әлі шүйгін. Демек, жайылатын мал аз деген сөз. Бұрын әр қайнауға сыймай жататын төрт түлік сиреген. Рамазан да жайлауға шыққандардың өте  аз  екенін, аудан  жеріндегі біраз аша тұяқтылардың сарып (бруцеллез) деген дерттің кеселінен жинап алынғанын айтып еді. Ойдағы отырған елдің біразы осы бір тосыннан тиген кеселдің біраз адамның қорасын қаңыратып  кеткенін айтып еді. Әкімшіліктің мал дәрігерлік қызметті қайта қарап, күшейте түсулері қажет-ау деген ой  келген…

Туған жерге барардың алдында оңтүстік қазақстандық бұрынғы заң қызметкері, ғылым докторы, қазір елімізге аты мәлім  алғаушы (демеуші) меценат, еліміздің біраз жерлеріне белгілі тұлғаларға – Ақтөбе қаласында Тілеу батырға, Шымкентте оның баласы Жолдыаяқ пен Тілеудің өзіне, Солтүстік Қазақстандағы Жамбыл ауданында қолбасшы, жырау Қожаберген сынды айтулы азаматтарға ескерткіш орнатып, басқа да мәдени мекемелерге материалдық көмек көрсетіп жүрген Бекет Тұрғараев досымыз жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының өтінішімен Жаркент жерінің Белжайлауындағы ХVІІ ғасырдың ортасында болған Орбұлақ шайқасында мерт болған Жәңгір ханның және басқа жүздеген сарбаздар жерленген дөңді көріп қайту үшін бірге барғанбыз. «Біздің Жәнделі қызға да сәулетті ескерткіш-мүсін орнатып берер дәл осы Бекет сияқты алғаушылар көп болса ғой» дейтін арманның жетегінде отырдым… Айтайын дегенім, сонда Белжайлаудың қолат қойнауының ірілі-уақты малға толы екенін көріп қуанғаным бар. Балабек Қалиев дейтін тоқсаннан асқан қарияның малға басие болып отырған Қайрат деген ұлымен танысып, жай-күй  сұрағанымыз бар. Алты қанат ақ ордасын ас үй, басқа да үйлерін мал аяғы тимейтін таза жерге қондырыпты. Жеңіл, жүк машиналары тізіліп тұр.

– Асыл тұқымды  мың жарым  сиыр,  басқа да жылқы,  қой дегендерді көп ұстамаймыз, – дейді. Біраз ұл-қыз тәрбиелеген қария балаларына еңбек үлесін бөліп тастаған көрінеді.

Біздің жердің де кемістігі жоқ. Әттең: «…Мал-жан аман ба?» деп жаннан бұрын малды сұрайтын ұлтымыздың негізгі байлығы осы мал емес пе еді. «Сауырдың сай-саласын малға толтырар уақыт келер ме екен?» деп ойладым. Балабек қария сынды осы заманның байлары біздің елде қашан көбейер екен дейтін қиял жайлаудан түскенше мазалай берді.

Зайсан сапарынан кейін Бекет мырзаның Жәңгір ханға қойған ескеркішін ашуға барғанда жайлаудың ат тізесіне оралатын көк шалғыны түбінен орылғандай жым-жылас. Қалың жылқы-сиыр, қой-ешкі іскектеп қана жайылып жүр. Демек, мал мейлінше көбейген деген сөз.

Иә, ауылдан оралдық. Көңілден алаң азайып, елімнің ертеңіне деген сенім көбейе түскендей.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір