Жетісудағы жыр кеші

0
71 қаралды

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін асқаралы алпыстың тұғырына қонды. Осыған орай Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ақынның «Айқабақ» әдеби-сазды кеші өтті.

Аталмыш кештің шымылды­ғын М.Төлебаев атындағы ұлт ас­паптар ор­кестрі Түркештің «Көңіл­ашар» күйі­мен ашты. Одан кейін қа­лам­гердің өмірі мен шығар­ма­шылығы жай­лы дайын­далған фильм көр­се­тіліп, Қазақ­стан
Республикасы Пар­ламенті Сенаты­ның төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Пар­ламенті Сенаты­ның депутаты Аң­сар Мұса­ханов­тың құттықтау ха­ты оқылды.
Рухани кешке Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Бексұлтан Нұр­жеке-ұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреаты Қуанышбай Құр­манғали бастаған, «Қазақ әде­­биеті» га­зе­тінің Бас редакторы, ақын Жанар­бек Әшімжан сынды бір­қатар қаламгерлер қатысып, мерей­той иесіне ақ тілектерін ар­на­ды.
– Қазақ руханиятының қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағының атынан аңқылдаған ақ самалдай болып ақынның тойына келдік. Ақынның тойы – таза, ға­жайып той. Бұл айтулы жасқа ке­шегі Ілияс, Сәкен, Мағжан сынды тұлғалар жете алмады. Сондықтан бұл ақын үшін оңай белес емес… Әмі­ре досым қашан да дарқан дала­ның асау өзендеріндей қай­сар­лы­ғымен, шығармашылығының мөл­­дір­лігімен, білім, таным, қай­рат­­керлік арнасының кең­дігімен елін сүйсіндіріп, қаламдастарын тәнті еткізіп келеді. Мен бұл қуа­ныш­қа толқып, ақ тілегімді арқа­лап жеттім, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төра­ғасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреаты, ақын Ғалым Жай­лыбай. Сонымен қатар, ол шайырға арналған «Қарагер» атты жы­рын оқыды.
Кеш барысында лебізін ақын өлеңін оқып бастаған Алматы об­лы­сы әкімінің орынбасары Жақ­сы­лық Омар Әміре Әрінге шы­ғар­машылық табыс, еңбегіне жеміс ті­лей келе «Ақпарат саласының үздігі» медалін табыс етсе, Қазақ­стан­ның Журналистика акаде­мия­сының президенті Сағымбай Қозыбаев «Қазақстанның Журналистика академиясының ака­де­мигі» төсбелгісін салтанатты түрде өңіріне қадады. Әсем ән әуелеп, құдіретті күй күмбірлеп, ақынның жыры оқылған ғажайып кеш барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мерейтой иесіне «Алматы облысының Құрметті аза­маты» атағын табыс етіп, иығы­на шапан жапты. Ал айбоз ақын­ның жерлестері жол талғамайтын «Тойота» автокөлігін мінгізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.

Пікір қосу