Қала қозғалысын реттеу – ғылыми зерттеуді қажет етеді

0
382 қаралды

«Білім – бақтың жібермейтін қазығы», – депті Мұхтар Әуезов. Дүниедегі ескірмейтін асыл зат – ол білім мен ғылым. Инемен құдық қазу қандай қиын болса, білім алу мен оны әрі қарай жалғастырып, ғылымның шамын жағу да сондай машақатты талап ететінін ұстаздар жиі айтып отырады. Әйтсе де, оның бейнеті қаншалық көптігіне қарамай ақыр аяғында зейнеті де молынан болатынын ғұламалардың өмір тәжірибесі көрсетті. Соңғы жылдары елімізде білім мен ғылым салаларында түрлі өзгерістер болып, реформалар жүргізілгені белгілі. Сондай жаңалықтардың ең басында тұрғаны – Елбасының тапсырмасымен Назарбаев университетінің ашылуы. Бүгінде сол оқу орнында Қазақстанның алдыңғы қатарлы озат жастары білім алып, ғылыми жұмыстарын жалғастыруда. Елімізге енді ғана келе бастаған ғылымның заманауи түрлері де осы оқу ордасында дамудың жаңа сатысына көтеріліп жатыр. Біздерге беймәлімдеу болып көрінетін, бірақ дамыған елдерде жолға қойылған ғылымның осындай түрімен айналысып жүрген жас ғалым, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Әсемгүл Қожабекпен бәсекеге қабілетті оқу ордасындағы ғылыми жұмыстары төңірегінде әңгімелескен едік.


Әсемгүл ҚОЖАБЕК,
Назарбаев университеті Жоғарғы бизнес
мектебінің академиялық әріптесі


– Назарбаев универ­си­те­тінде оқытушылық­пен қатар, ғы­лыммен айналысып жүрсіз. Осы оқу орны сіздің ғылымдағы өміріңізге қандай өзгерістер алып келді?
– Менің зерттеуге қызығу­шы­лығым нағыз пәнаралық та­қырып. операциондық менед­-
ж­мент, логистикадан бастап мар­­­кетингті қамтып жатыр. Дә­лірек айтсам, «Мега-оқиғалар үшін стратегиялық транспорт сыйым­дылығын жоспарлау», жергілікті халықтың күнделікті қозғалыс ба­ғыттарын ескере оты­рып, қо­сым­ша үлкен спорт­тық, мәдени және тағы да басқа іс-шаралар ба­рысында туындайтын көлік ағымдарын есептеп, ха­лық­тың қала ішіндегі қозғалы­сын стра­тегиялық жоспарлау. Іс-шара қа­тысушыла­рын транспорттық қажет­тілік­теріне орай сегменттерге бөлу, оқиғаның ерекшелік­терін ескеру. Осындай бірнеше пәндердің басын қосатын зерттеулер Назарбаев университе­тін­де ынталандырылып отырады.
Зерттеу жұмысымды Ұлы­бри­таниядағы магистрлік оқуым­­­ның барысында, Варвик уни­вер­ситетінің профессоры Ад­риан Ватт пен қамтамасыз ету жүйе­лерінің маманы Джулиан Мор­лидің жетекшілігімен бас­тап, бітіріп келгеннен кейін Назар­баев университетінің Жоғарғы бизнес мектебінде зерт­теуімді жалғастыру мүм­­кіндігін алдым. Ұлыбри­та­ния­дағы оқуым­ды бастар ал­дында «шетел­де білімімді шың­дап, Қазақстанға оралған соң оны ел игілігіне қолдана­мын» деп өзіме серт берген едім. Қайта оралған соң сол сертімді жүзеге асыруыма мүмкіндік туғызып отырған елімізде осындай оқу орнының болғанына қуаныштымын. Бұл жердегі профессорлармен пікір алмасып, олардың бағыт­тауы ­бойынша зерттеуімді док­торлық деңгейде жалғастыру – қазіргі басты мақсатым.
– Назарбаев университетінде пәнаралық зерттеулер ынталандыратынын атап өттіңіз. Оның артықшылығы неде? Және өзіңіз оған қалай келдіңіз?
– Әр түрлі саланың білікті ма­мандары бірігіп жүргізген зерт­теудегі мәселенің шешімін табу тиімдірек. Кей зерттеулерде бір ғылымдағы мәселені ке­лесі ғы­лым­ның көмегінсіз шешу мүм­кін емес. Мысалы, менің зерт­­теуімді алатын болсақ, ло­­­­гис­­ти­­каға негізделіп ұсыныл­ған транспорттық шешімді жүз­­еге асыру үшін стратегия, менеджмент теорияларын қол­да­­нуы­­мыз керек. Сонымен қатар, іс-шара қатысу­шы­ла­ры­ның әр­ түр­лі транспорттық қажет­тілік­терін анықтауда маркетинг ғылымының ұғымдарын қол­данамыз. Қысқасы, пәнара­лық жобамен айналысу, белгілі бір шектеуден тысқары ойлап, ин­но­вациялық шешімдер табуға септігін тигізеді.
Бұл зерттеудің түріне келуіме себеп болған – алған білімім жә­не зерттеуші ретіндегі тәжіри­бем. Себебі, бакалавр дәрежесін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ме­ха­ни­ка-математика факульте­тінің «математикалық және компью­терлік модельдеу» мамандығы бойынша алып шықтым. Магистр ғылыми дәрежесін «Бо­ла­шақ» бағдарламасымен Ұлыбри­таниядағы алдыңғы қатарлы Варвик университетінде «ин­же­нер­лік бизнес менеджмент» мамандығы бойынша тәмам­да­дым. Қазіргі таңда, зерттеулерді жүргізу барысында бакалавр мен магистратурада оқып білген теорияларды жобаның шешімін табу үшін қолдануға болатынына көзім жетті.
– Елбасы шетелдің деңгейі жоғары оқу орындарымен иық тірестіре алатын оқу орны ретінде Назарбаев университетін ашты. Сіз осы оқу орнының ішкі өмірі­мен жақсы таныссыз. Бұл университет шетелдік талаптарға қанша­лықты жауап береді?
– Әлемдік университеттер рейтингтеріне ғасырлық тарихы бар оқу орындары ілініп жатады. Назарбаев университеті әлі жас қой. Биыл университе­тіміз­дің құрылғанына жеті жыл. Яғ­ни бұл үшінші оқу бітіру рәсімі ғана. Жақын болашақта уни­вер­ситетіміз жақсы нәтиже көр­сете­тініне сенемін. Себебі, бәрі­міз сол үшін тынбай еңбек ету­де­міз. 382 профессор мен оқы­ту­шыларымыз бар. Олар­дың 77 пайызы елуден астам ел­ден келген шетелдіктер.
Университетіміз жас болса да, айтарлықтай жетістіктері бар. Биылғы ғылым саласын­дағы жақсы жаңалықтардың бірі – Томсон Рейтер компаниясы Назарбаев университетін 2016 жылғы нәтиже бойынша ең көп сілтеме жасалған қазақстандық ғылыми ұйым ретінде таныды. 2011-2017 жылдар аралығында 1089 халықаралық басылымдарда жарияланған. 62 ғылыми және оқу зертханалары бар. Бір сөзбен айтқанда, университе­тіміз әлемдік талаптарға сай деп айта аламын және келешекте алдыңғы қатарлы университеттермен иық тірестіретініне се­німім мол.
– Назарбаев университетінде ғылыммен айналысуды мақсат еткен адам қандай критерийлерге жауап беру керек?
– Назарбаев университетіне келетін маман ең бірінші «не себептен ғылыммен айналыс­қым келеді?» деген сұраққа жа­уап беруі тиіс. Өйткені, ғылым­мен айналысу қандай да бір дайын­дықты талап етеді. Бұл жерде тек қана білімді болуыңыз жеткілік­сіз. Сонымен қоса, шыдам­ды­лық, адаммен қарым-қатынас жасай білу және ең бас­тысы, өз са­лаңыз­дың нағыз маманы бо­луы­ңыз шарт. Егер сіз осы критерийлерге сай келіп, өзіңізді ғылым­мен айналысуға дайынмын деп са­на­саңыз, онда
Назарбаев уни­­вер­ситетінде сіз үшін көпте­ген мүмкіндіктер ашылады.
Алайда, бұл жерде кон­кур­с­тық талаптар жақсы қойылады. Мысалы, біздегі ғылыммен айналысатын жастардың басым көп­шілігі беделді университет­тердің түлектері, басымдылық ағылшын тілін еркін меңгерген мамандарға беріледі. Себебі, сіз өзіңіздің са­лаңыз бойынша ал­дыңғы қатар­лы маман боламын десеңіз, мін­детті түрде ағыл­шын тілін білуіңіз шарт. Өйт­кені, қай сала болсын, жаратылыстану, гуманитарлық сала­­дағы бүкіл әлемдегі жаңа­лық­тың көбі ағылшын тілінде жарияланып отырады. Шетелдік әріптестеріңізбен пікір алмасу үшін де ағылшын тілі қажет. Әлем­­дік деңгейде бәсекелестікке сай болу үшін еңбектеріңізді ағылшын тілінде жариялаған тиімді.
– Болашақта өз салаңызда қан­­дай жаңалықтар ашуды ар­ман­дайсыз? Және сол арманда­рыңыздың орындалуында Назарбаев университетінің орны қандай болмақ?
– Әлемде халық санымен пропорционалды көлік саны да өсіп келе жатыр. Қазіргі күннің өзінде көптеген қалалардың іш­ін­де кептеліссіз қалаған же­ріңіз­ге жету қиын. Оған ЭКСПО-2017 секілді шараларға көптеген шетелдіктердің, сондай-ақ бас­қа қазақстандық қалалардан келетін қонақтардың қозғалы­сын қосатын болсаңыз, қала ішінде көлікпен қозғалу одан сайын қиындайды. Сондықтан бұл мәселенің шешімін алдын ала жоспарлап, мүмкін болатын шешімдерді іздеу үшін білімді және тәжірибелі мамандар қа­жет. Сол себепті, болашақта өз саламның білікті маманы болуды мақсат еттім. Қазіргі таңда олимпиада, экспо, спорттық ту­рнирлер секілді мега-оқиға­лар­дың транспорттық қоз­ғалыстарын қадағалап, жоспарлап, зерттеп келе жатқан атақты ғалымдар жетерлік. Бірақ олар­дың басым көпшілігі АҚШ пен Еуропа елдерін зерттеп келеді. Ал мен жоғарыда айтып өткен іс-шаралардың Еуразия материгі елдеріндегі транспорт­тық қоз­ға­лыстарын зерттеуді мақсат етіп отырмын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нұрлайым БАТЫР.

Пікір қосу