Көшелі тұлға
01.09.2017
1233
0

Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Елші-дипломат, Түркі тілдес мемлекеттері
Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі


Бүгінде елінің елеулісіне және халқының қалаулысына айналып, ақсақалдық кезеңге ат байлаған бұл азамат туралы 1986 жылдарда сырттай білетінмін. Өйткені, Бақыт Сағындықұлы 1986-1990 жылдар аралығында менің туған өлкем – Алматы облысына қарасты Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған еді. Өз қызметім Алматыда болғанымен, туған жер қашан да ыстық қой. Өте жиі болмаса да, ол жаққа ара-тұра барып тұратындықтан, етене-жақын өңірдің тыныс-тіршілігі үнемі көкейімізде жүретін және аудан жаңалықтарынан хабардар болып отыратынбыз. «Ердің атын ел шығарады» демекші, парасаты биік, іскер басшы Бақыт Сағындықұлын аудан халқы бірден қабылдап, ерекше қадір тұт­ты. Әсіресе, білікті азаматтың шешен сөз бен көсем сөзге ептілігі қай ортада да ерекше көз­ге түсіп, жұртшылық тарапынан үнемі оң ба­ғасын алатын-ды. Ел құрметіне бөленген айтулы азамат облыс басшыларының да назарына бірден іліксе керек, оның лауазымы тез биіктеп,
1989 жылы ол Алматы облыстық партия коми­тетінің хатшысы қызметіне ауыстырылды. Ал На­рынқол аудандық Атқару ко­ми­тетінің төр­ағасы, кейін аудандық партия ко­ми­те­тінің бірінші хатшысы болып, Бақыт Оспановтың тікелей ұсынысымен, оның тәлім-тәрбиесінен өткен Бағжан Сабанчиев дейтін білікті азамат та­ғайын­далды. Көрегендік та­ныт­қан ұстазы қателеспеген екен, Бағжан Қо­жанұлы да ел құрметіне тез ие болып, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік қызметті дөң­гелетіп әкетті. Соның нәтижесінде ол кейінірек Нарынқол мен Кеген аудандарын біріктіріп құрылған Райымбек ауданын да абыроймен басқарып, аудан халқының сеніміне ие болды.
Келе-келе, кісілігі мен кішілігі, достығы мен сыйластығы жарасқан әрі жұмыс бабында үзеңгілес болып кеткен қос азаматпен біздер де етене-жақын араластық. Өйткені, мұның өзіндік себебі бар еді. Біріншіден, ара-тұра елге барғанда, орта жолдағы аудан орталығы Кегенге соқпай өтпейтінбіз. Бірінші басшыға соғып, елдің тыныс-тіршілігімен танысып кететінбіз. Екіншіден, қарға тамырлы қазақ емеспіз бе, жөн сұраса келе, Бағжан маған балдыз болып шықты да, арадағы сыйласты­ғымыз беки түсті, әрі бұл қарым-қатынас осы күнге дейін үзілмей жалғасып келеді.
1993-1997 жылдар арасында Бақыт Сағын­дықұлы ел тынысын жете танитын, партия және кеңес қызметінде барынша ысылған әрі мол тәжірибе жинақтаған маман ретінде, алдымен ҚР Жер қатынастары және жерге орналастыру мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, сосын көп ұзамай сол Комитеттің төрағасы болып тағайындалды. Бұл жылдары ол ҚР Үкіметінің де толыққанды мүшесі болды. Ал 1995-2011 жылдар аралығында Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі бұрынғы Кеңес Одағы мемлекета­ра­лық кеңес төрағасының орынбасары қызметін де қоса атқарды.
Негізгі жұмысымен қатар, Бақыт Сағын­дық­ұлы ғылыммен де белсенді айналысып, экономика ғылымының докторы деген атақты да бағындырды. 1992-2007 жылдар аралығында ғалым ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі Агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. Сонымен қатар, ол 2004 жылы ТМД қатысушы мемлекеттерінің Жер геодезиясы, картографиясы, кадастры және қашықтықтан зондтау жөніндегі халықаралық кеңесінің төрағасы қызметін де қоса атқарды.
Дәл осы тұста Бақыт Сағындықұлының сай­лан­балы лауазымдарын да атап өтудің реті бар. Ол 1972, 1976 жылдары Алматы облыстық, аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты, сондай-ақ, 1990 жылы ҚР Жоғары Кеңе­сі­нің ХІІ шақырылымының депутаты қыз­мет­терін де үлкен абыроймен атқарған болатын.
2008-2009 жылдары Бақыт Оспанов
ҚР Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Оның ата-бабасынан дарыған шешенсөз бен көсем­сөзге икемділігі, әсіресе, оның дипломатиялық қызметінде ерекше ашыла түсті, әрі атпал аза­матқа үлкен абырой алып келді. Өйткені, ел­дестірмек елшіден демекші, шешендік өнер күллі әлемде бағзы замандардан бері дипло­мат­тардың бас қаруы болып саналған және солай бола да бермек…
2010-2011 жылдары дипломатиялық қызме­тін ол Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі­нің басшысы және Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып жалғастырды.
Бақыт Сағындықұлының адами қасиет­тері­­нің қырлары да бір төбе. Ол – сыпайылық пен адамгершіліктің, парасаттылық пен тек­тіліктің, сондай-ақ, бекзаттық пен сабыр­лық секілді асыл құндылықтарды тұла бойына жи­ған тұлға және сезімтал түйсігіне найза бойламайтын мәдениетті жан. Демек, ол мемлекеттік қызмет­керге ауадай қажет қадір мен қасиетті молынан дарытқан меритократтың дәл өзі. Сосын әлгі қасиеттерін ол ұл-қыздары мен ке­лін­деріне, немере-шөберелеріне де молынан үлес­тіріп келе жатқан сыйлы әке, абыройлы ата.
Бақыт Сағындықұлының елге сіңірген адал еңбегі еленбей қалған жоқ. Қадірлі азамат «Құрмет» орденімен, Моңғол халық Хуралы­ның жауынгерлік ынтымақтастығы үшін «Еңбектегі белсенділік» медалімен, «Мемлекет­тік шекара қорғағаны үшін» медалі, сондай-ақ, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен қатар, «Құр­метті жерге орналастырушы», Талғар, Райымбек, Жамбыл және Қарасай аудандары­ның «Құрметті азаматы» деген атақтармен марапатталған.
Бақыт Сағындықұлы ғалым ретінде де елімізге жете танымал. Бұл күнде ғалым қатыс­қан ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы саны жүзден асады. Жер қатынастары туралы Парламент қабылдаған негізгі заңдарда да Ба­қыт Сағындықұлының қолтаңбасы мен үлесі бар. Мұны сала мамандары өте жақсы біледі.
Бұл күнде жетпістің жалынан ұстауға таяу қалған Бақыт бауырымыз бен Ғайша келінге тек қана жақсы тілек тілей отырып, «қосақ­тарың­мен қоса ағарып, өсірген ұрпақ­тарының қызығын көре беріңдер. Тамырларың терең­ге кетіп, жапырақтарың биікте жайқал­сын! Қоршаған ортаң, ел-жұртың, ту тіккен туған Отаның аман болғай!» деген дуалы ауыздардан жеткен баталы сөз айтқым келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір