Қоршаған ортаны өзгерту немесе жаңа қуат көздері
01.09.2017
1582
0

Оңалбай Аяшев,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры,
ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі,
ОҚО мәслихатының депутаты


Шығысын шөлге, төрт құбыласын желге беріп керіле созылып жатқан сары дала Сарыарқадағы мәңгілік қазақ елінің бас қаласы үш айдан бері сән салтанатқа бөленуде. Бұрын-соңды қазақ даласы тұрмақ, кешегі кеңестік елдердің бірінде де болмаған бұл тарихи оқиға – сананы сілкінтер сұлулық символы! Көркемдік идеялықта емес, шындықта екенін, барлық даналық та, сұлулық та ойдан туып, қолдан шығатынын дәлелдеген бұл халықаралық көрме – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған санаға өзгеріс енгізуге ықпал етер ерекше фактор. Экономикалық, ғылыми жаңалықтарымен ғана өзгешеленбейтін бұл айтулы іс-шара рухани жаңғыру бағдарламасымен керемет үйлесім таба білген. Қазақты танып-білгісі, өрісінің өсіп, көкжиегінің кеңейгенін көріп, ел ертеңіне болжам жасағысы келген кез келген жан ЭКСПО-ны тамашаласын.

Көрмені қанша рет көрсеңіз де, көңілдің көзі тоймайтын керемет көріністер көп. Экспо­зиция­­дағы адамның портретін салатын роботтар, ұлттық павильонымыз­дағы сенсорлық қабырғалар, Ресей павильонын­дағы мөлдір мұздар – мұның барлығы жаңа дәуірдегі адамзат баласының қол жеткізген таңға­жайып жетістік­тері. Жаңа технологиялар арқы­лы жасалған кейбір керемет кө­рі­­ніс­терге қа­рап, тіпті, өз кө­зіңіз­ге өзіңіз сен­бейсіз. «Нұр Әл­ем» сферасына кіргенде ше­телдік 3D форма­тындағы киноларда көрсететін жер бетінен жырақта, түсіңізде ғана көрер қиял-ғажайып ға­ламда саяхат жасап жүрмін бе деп сезінесіз өзіңізді… Төңіректегі таңғажайып технологияларды тамсана тамашалап жүріп, тылсым күйге ен­есіз.
ЭКСПО-2017 көрмесінің сәу­леттік символына айналған «Нұр Әлем» павильонын көрудің өзі арман екенін сфераның сыртын­дағы адамдардың ұзаққа созыл­ған кезегінен анық байқауға болады. Көрме кешенінің орталық нысаны ішкі мазмұнымен, біре­гей сәулетімен айналадағы адамдарды өзіне тартып тұрады. Ғи­ма­рат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл ЭКСПО ауданына ашылатын әде­мі көріністі тамашалауға болады. Диаметрі 80 метрді, биіктігі 100 метрді құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимаратта еліміздің тарихымен, мәдениеті­мен, салт-дәстүрімен, көрікті жер­лерімен, сонымен қатар, елі­міз­д­ің жетістіктерімен жақын та­нысасыз. Ғимараттағы Бола­шақ мұражайында ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика тәрізді қуат көздерінің негізгі түрлері көрсетілген.
Ұлттық павильонның өзі екі үлкен бөліктен тұрады. Бірінші­сінде қазақтың салт-дәстүрі, жалпы тұрмыс-тіршілігі, екінші­сінде энергия саласына басымдық берілген. Ол жерде қазақстандық ғалымдардың баламалы энергетика бойынша ашқан жаңалық­тары мен жобалары қойылған.
8 қа­баттан тұратын кешенді арала­ған адам Қазақ елі туралы мол мағлұмат алады. Еліміздің алдағы инфрақұрылымын, қалай дамитынын макет күйінде, алып экрандар арқылы көреді. Қазақ­с­тандық павильон қай жағынан да мықты! Келген қонақтар көр­мені 8-қабаттан бастап аралайды. Осын­да «Астананың болашағы» атты композиция бар – 2050 жылғы Елорданың келбеті. Кей­ін қонақтар саты арқылы төменгі қабаттарға түседі. 7 қабатта ға­рыш энергиясы, 6 қабатта күн,
5 қабатта жел, 4 қабатта биомасса, 3 қабатта кинетикалық,
2 қа­­батта су энергиясына қатысты жобалар қойылған. Бірінші қабат – «Этнос ұлттық павильоны» деп аталады. Бұл қабатта негізінен қазақ халқының тарихы, бай дәстүрі насихатталады. Ұлттық құндылықтарымыз жазылған суреттердегі тақтаға қол тигізсе­ңіз, халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпы, жөн-жоралғылары жайлы мәліметтер көрсетіледі. Мысалы, «Алтын тостақ» композициясы. Аңыз бойынша шөл далада келе жатқан үш ағайынды жігіт шөл­деп өлетін жағдайға жетеді. Сол уақытта кіші ұл Құдайға жалбарынып, су тілейді. Ағалары аман қалуы үшін тіпті өз жанын қиюға әзір екенін айтып, дұға еткен ба­ланың тілегі орындалып, жер астынан алтын тостақ шығады. Бұл тостақтың бір құдіреті, ішін­дегі мөлдір таза тұщы суы қанша ішсең де таусылмайды. Осылайша періште сәбидің тілегі орындалып, үш ағайынды да аман-есен тірі қалады. Ежелгі аңыз татулықты, адалдықты дәріптей­ді. Сонымен бірге, қазақ­тың сайын даласы, әсем табиғаты, жануарлары мен өсімдіктерін көріп, тануға болады. Енді бір сәт халық әндері мен күйлерін тың­дап, көңілің сергиді.
Қазақстан павильоны сфера пiшiнiндегi әлемдегi жалғыз ғимарат. Оның салмағы – 13 мың тонна екен. Әр әйнектiң салмағы 600-800 келiге дейiн жетедi. Аталған павильонда «Болашақ энергиясының музейi» орналас­қан. Музейде Қазақстанмен таныстыратын аумақ пен негiзгi энергия көздерiн тамашалауға болады. «Нұр Әлемнiң» әр қаба­тында сан алуан тақырыптағы экспозициялар орын тепкен. «Нұр­лы әлем» ұлттық павильоны түнде сан құбылып, алуан түске енеді. Халықаралық көрменің бас ғимараты жасыл, қызыл, көк, тіп­ті кемпірқосақ кескінін беріп, EXPO-2017 жазуын бейнелейді.
Қай мемлекеттің павильонына барсаңыз да, жоба жетекшілері мен өзге қызметкерлер, еріктілер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жан-жақты түсіндіріп, қызмет көрсетеді.
Әлемге өздерінің өнертап­қыш­тығымен танымал, сауда автомат машиналар елі болып саналатын, жылына 1500 рет жер тербелісін басынан кешіретін жапондар EXPO көрмесіне де түрлі қызықты дүниелерін ұсы­ныпты. Көрмеге келгендердің назары бірден жапондардың газ орнына таза ауыз су шығаратын автокөлігіне ауды. Жапондық гид бізге қозғалтқышы оттегі шығаратын көлік туралы әңгі­мелеп берді. Улы газдың орнына таза су шығаратын бұл көлік бір бөшке сумен 650 шақырым жерге дейін жол жүретінін естігенде, қайран қалдық. Әлемді тазалық­қа бастайтын көліктерімен мақ­танған жапондардың болашақ­тың энергиясына деген сенімі мол. Сосын жапондардың ұғы­мында «матайнай» және «аригатай» деген терминдер бар екен. Біздің «шүкір» деген сөзімізбен мағы­налас бұл ұғымдарды кез келген жапондық өзінің өмірлік серігіне айналдырған.
Баламалы энергия туралы Қыр­ғызстан мен Украина павильондарында да қызықты ақ­параттар айтылды. Мәселен, түрлі текетірестен, саяси қақты­ғыс­тардан еңсесі езілмеген Украина көмірдің орнына шөп жағады екен. Энергия дағдарысын эко­номикалық қиыншылықты бас­тан кешіп отырған Украина өте жақсы түсінеді. Осы себептен де, қызылтал өсімдігін пайдаланады екен. Айтуларынша, бұл өсімдік топырақты тоздырмайды және оны өртеген кезде түтіні ауаны ластамайды. Сондай-ақ, бұл био-отынның өндірісі газ пайдалан­ғаннан екі есе арзанға түспек. Бір гектар жерден бұл био-отынның 12 тоннасын өн­діріп алуға болады. Қызу сақтауы көмірден кем емес, тіпті асып түседі екен.Ға­жап қой бұл дегенің! Енді серік­тестікпен біздің еліміз де мұны өндіріске енгізсе, нұр үстіне, нұр болары сөзсіз.
Байқағанымыз, ЭКСПО көр­месіндегі Гетенің отанынан келген неміс павильоны аумағы жағынан да, келушілер саны бойынша да алда тұр. Олай болуы заңды да: Германия баламалы қуат өндіруде көшбасшы елдердің бірі. Бір таңқаларлығы, күні үнемі ыстық болып, желі есіп тұрмай­тын немістер басқалардан жаңа технологиясымен озық. 2022 жылға таяу атом энергиясынан то­лық бас тартатындарын жет­кізді. Осы секілді жасыл экономика саласында да жасамақ жоспарлары көп. Осы жылдың 30 сәуірінде күндізгі сағат бірде Гер­манияда баламалы қуат көз­де­рінен алынатын энергияның үлесі 85%-ға жетіпті. Бұл Германия үшін ғана емес, тұтас жаһан үшін жақсы жаңалық!
Германияның екінші павильон залында үлкен айналы бөл­ме бар, ол толықтай жұлдыз­бен көмкерілген, айналасы қап-қа­раңғы. Өзіңізді бейнебір галактикада тұрғандай сезінесіз. Қо­лыңызға берілген чипті орнына қоясыз. Энергия жинап болғанда үлкен үстелдің ортасында шұң­қыр айналып, тұңғиықтан бізге жылтылдаған жұмбақ қолдар созыла бастайды. Сол кезде… Жарылыс! Осылай сіз әлемнің пайда болуына куә боласыз. Шоу таңғалдырмай қоймайды. Қоршаған ортаны өзгерту – адамзаттың қолында. Табиғатты тоздыру да, оздыру да адамдардың күшіне байланысты. Неміс павильонындағы лазерлік шоуды көрген біз осындай ой түйдік. Бұл жерде неміс асханасынан дәм татып көруге де мүмкіндік бар.Сосын Германияның павиль­онына BMW i8 маркалы авто­көлігі қойылған. Сұлулыққа тамсан­басқа амалың жоқ.
Давида мен Соломон шір­кеуінің атақты орны, Еуропа хал­қының мәңгілік астанасы, жасы үш мың жылдан асатын еврейлер үшін отанның өзі болып есептелетін Иерусалимдей қаласы бар Израиль павиль­онында болғанымызда ил­лю­зияның ортасында тұрғандай сезім­де болдық. Мыңдаған шамдары бар бөлме шексіздікті елес­тетті. Кеңістікте жоғалып кетпес үшін, міндетті түрде селфи жасап жатқандар да бар. Жан-жағының бәрі айна қабырғадан тұратын бөлмеде төбеден жанған кіш­кен­тай шырақтар шексіздікке созыл­ғандай әсерге бөлейді. Айналасы мөлдір пластикалық қабырғамен қоршалған төрт бұрышты шағын бөлмеде энергияның пайда болуы 3d форматында тартымды берілген. Ұзын көйлекті қыздың биімен ұштасқан қуаттың пайда болу тарихы шынайы да тартымды көрсетілді.
Ежелгі кельт тайпалары мекендеген, туризм орталығы – Мо­нако бізді күн сәулесімен жүретін велосипедімен, өте әде­мі, механизацияланған шоумен қарсы алды. Билейтін айналар – теңіз түбіндегі толқындар тәрізді, олардың жанынан жүзіп бара жатқан үйірлі балық, теңіз атбалықтары және қарлығаштар нағыз көркемдіктің көрінісіндей. Суасты патшалығы кенет жоға­лып кетіп, айна арқылы Мона­коның лазурлі жағалауына алып барады. Монаконың ұлттық павильонында энергетикалық тұр­ғыда «жасыл экономикаға» өтудің проблемаларына арналған экспозициялар және Княздікте қолданылатын үздік тәжірибелер көрсетілуде.Монако Княздігі ұлттық павильонының тақыры-бы – «Болашақтың бейнесі».
Дамыған индустриялы-аг­рарлы мемлекет – Австрия павильонына кірсеңіз, көздің жауын ал­ар өте әдемі суреттер пайда бо­лып, түрлі-түсті механизмдер керемет фонға айналады. Оларды велосипед басқышын айналдырып, канаттарда ілініп тұру ар­қылы қозғалысқа келтіруге болады және оны өзіңіз жасайсыз.Бұл механизм бізді сөзсіз таңғал­дырды, күміс түйіршіктердің әр қозғалысы миллиметріне дейін өлшенген, олар ақылға сыймайтын дәлдікпен әлем энергиясын көрсетеді. Геометриялық шоу, дауысты арнайы эффектілер туралы, тіпті айтарға сөз жоқ.
Гана – Батыс Африкадағы шағын ғана ел. Халқы өзгелердей пайдасы мол баламалы энергияны қолдайды. Гана республикасы­ның павильонында елдің тарихы мен дәстүрі ғана емес, сонымен қатар, балама энергия көздеріне деген заманауи көзқарастар көрініс тапқан. Ганалық ғалым­дар да жасыл энергияны өндіретін түрлі жолдарды талқылап, оны өздеріне ендіруді көздейді екен. Баламалы энергия саласы дамы­ған мемлекеттермен іскерлік байланыс орнатуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең үлкен аумақты алып жатқан павильондардың қатарында Мұс­тафа Кемал ататүріктің Отаны – Түркияның ұлттық павильоны бар. Ғимараттың жалпы аумағы мың шаршы метр. Бауырлас елдің өкілдері «Жаһандық синергия» тақырыбында әзірлен­ген экспозицияларымен таң қалдырып, келушілердің назарына Түркия жеріндегі барлық минералды, баламалы энергия саласындағы жаңа технологияларды ұсынуда. Мұндағы жаңа­лықтардан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Анадолы табиғатын интерактивті түрде тамашалаған біз саяхатта­ғандай сезімде болдық. Кешенді аралап жүріп, теңіздің үстімен келе жатқандай күй кештік. Түр­кияға деген ып-ыстық сағыныш керемет күй сыйлады. Түріктердің 7 бөліктен тұратын павильонына кіргенде ең алдымен су диірмені қарсы алса, ал кейінгі бөлігінде Түркияның мәдениеті, қаласы және тарихы көрсетіліп тұрады екен. Басқа бөлмелерінде пайдалы қазбалары туралы ақпараттар берілген.
Әйгілі Виктор Гюгоның Отаны – Люксембург ғалымдары ғарыштан қуат алу мәселесін көтеріп, Қазақстанмен бірге осы бағытта бірнеше жобаны жүзеге асыруды ойластыруда. Люксембург халқының жер бетіндегі жетістіктерді түгел саралап, баламалы қуат көздерін пайдалануды біршама жүзге асырғаны байқалады. Павильонда алты қырлы құрылғымен безендірілген дәліз бар. Негізгі аймақта үш ин­те­рак­тивті станция орналасқан. Екінші қабатта VIP-тұлғалар тұрақтайды.
Балтық жағалауынан келген ғалымдар да халықаралық көр­ме­де жаңартылатын энергия көздері бойынша жетістіктерін көбірек көрсетті. Олардың ең басты жобаларының бірі – лазерді ғылымда пайдалану.
Аргентина талай ұлы адамды өмірге әкелген ел. Буэнос-Айрес – бүкіл әлемге танымал ерекше әдемі танго биінің Отаны, ал әлемдік футболдың аты аңызға айналған өкілдері Месси мен Марадона қазақстандықтар арасында аса танымал. Аргентина өз павильонында да адами ресурс­тарға, адамдардың шығарма­шы­лығы мен ойлау креативтілігіне көп көңіл бөлген. Мәселен, павильонда адамның энергиясын сезіп, оны түрлі пішінде көрсе­те­тін экран орнатылған. Инс­талля­циядағы суреттер адамның жылуын сезіп, соған байланысты қозғалады. Бұл – Аргентинаның адам энергиясын, оның ойын бірінші орынға қоятынын біл­діреді. Бұл бізді таң қалдырды. Жасырмаймыз.
Чех шынысын шығарудан Яблонец, чех сырасын жасаудан Пльзень, ал әйгілі «Кох-и-нор» қарындашын шығарудан Ческе-Будеевице қаласы арқылы даңқы өлемге танымал Чехия павиль­онында жаңа технологиялар мен энергия көздерін дамыту сала­сын­дағы бірқатар жұмыстар көрсетілді. Жаңартылатын энергия көзін пайдалану көрсеткіші 13 пайызды құрайтын Чехия мемлекетінің павильонында қалдықтарды өңдеуге арналған жаңа технология үлгісі таныс­тырылған. Сонымен қатар, электровелосипед пен электроавтобусты қызыға тамашаладық.
Словакия павильоны ұсынған заманауи үлгіде жасалған «эко-үй» қатты ұнады. Мұнда адамға қажетті дүниелердің барлығын табасыз. Жаңа үй күннен қуат алып, жаңбыр суын тазартады екен. Керемет қой!
Жыл санау жүйесі әлемнен өзгеше, Гиннесс рекордтар кіта­бында жазылғандай әліпби көлемі жағынан әлемде екінші орынды алатын, «Ақ пілдер жері» аталған Тайланд елі өз павиль­онын «Барлық адамға арналған биоэнергетика» деп атапты. Үш көрме залынан тұратын павильонда интерактивті демонстрация арқылы қант құрағы, эвкалипт, каучук, күріш, жүгері, тапи­о­ки, пальма майынан энергия алу технологияларымен таныстық.
Әзірбайжан – мұнай ресурс­тарына бай мемлекет. Әзір­бай­жан ұлттық павильонының қойылымында өз елдерінің балама энергия көздері арқылы жеткен жетістіктерін бейнелейтін стендтер, карталар және экспонаттар ұйымдастырылған. Бакуде серуендегендей күй кештік.
Үндістан – адамзат дамуында елестетуге болмайтын бүгінгі за­ма­науи ғылымдардың көп­ші­лі­­гі­нің негізін қалаған ежелгі қала­лар мекені. Әлемдегі ең алғашқы университет б.з.д. 700 жылдары Үндістанда салынып, онда 10,5 мыңнан астам студент алпыстан астам пәнді оқыған екен. Ал Наланда аталатын IV ғасырда соғылған тағы бір университет білім беру саласында үлкен жетістіктерге жеткен. Адамзат тарихындағы тұңғыш медицина мектебі – Аюр-веда осыдан 2500 жыл бұрын Үндіс­танда ашыл­ған. Бұл елдің павильонында сақина, сырға, білезік сияқты зергерлік бұйым­дарды алып жатқан көрер­мендер же­терлік.
Финляндия – таза энергия елі. ЕХРО халықаралық көрме­сіне Скандинавия түбегіндегі ел осындай ұранмен қатысып отыр. Финдер «Әлемдегі ең жасыл ел – біздің мемлекет» деп мақ­та­ныш­пен айтады. Оны мойын­дамасқа болмайды. Ел аумағы­ның 70 пайызын орман алқаптары алып жатыр. Сондықтан ауқым­ды павильонның ағаштан салынуы заңдылық. Тағы бір ерекше­лік, қабырғалары арнайы бояу­мен сырланып, мүкпен көм­керіл­ген. Оның да өзіндік себебі бар екен: мүк ауаны тазартып, оттегімен қоректендіреді. Ал енді павильонға келетін болсақ, ол төрт аумаққа бөлінген. Таза энер­гия, таза су, ақылды қала жә­не білікті білім беру деген атауға ие.
Дүниежүзіндегі алпауыт мемлекеттердің бірі — аспанасты Қытай Халық Республикасының павильоны «Болашақтың энергиясы. Жасыл Жібек жолы» деп аталған. Күн мен судан энергия көздерін алудың оңтайлы әдіс­терін, су электр станция­сының үлгісін, жарық пен суды үнем­деудің жолдарын LED-экран, басқа да құрылғылар арқылы көрсеткен қытайлықтар үлкен дайындықпен келген. Күннің қуа­тымен жұмыс істейтін көше шам­дарының басты ерекшелігі еш­қандай шығынды қажет етпей­тін­­дігі. Қытайда шығарыл­ған ере­к­ше тоңазытқыш біздің назары­мызды өзіне аударды. Бұл тұрмыстық техникаға салынған кез келген тағамның табиғи құн­дылығын, жеуге қандай дәрежеде жарамды екенін сол арқылы білу­ге болады екен. Жабдыққа ор­натылған шағын экранда бұ­ның барлығы көрсетіліп тұрады. Бір­неше данамен жарық көрген бұл тоң­азытқыш жан-жақты сынақ жұ­мыстарынан өткен соң, дү­ниежүзіне саудаға шығарыл­мақ.
Сан ғасырлық тарихы бар ежелгі мемлекеттердің бірі Ресей өз павильонына Арктика мұз­дық­тарын әкеліп қойған. Өз көзіңізге өзіңіз сенбейсіз. Соңғы жылдары алып көршіміз алып мұз астындағы энергетика қорын барлауға, өндіруге белсене кіріс­кен. «Росатом» 4 метрлік мұзды бұзатын «Лидер» атомдық мұз­жар­ғышын құрастырып, қолай­сыз ауа райына қарамастан
Арктикада жыл бойы навигациялау мүмкіндігіне ие болмақ.
Беларустар электр көзінен қуаттанатын электробусын көр­менің алдына қойған. Өткен-кеткеннің көзі осында. Бір қуат­танса, 12 шақырымға жүретін көлік расында кісі қызығар­лықтай.
Ежелгі қытай деректерінде «жібек матаға тігілген айдынды өзен-көлдер мен асқар таулар мекені» немесе «этикетті қатаң сақтайтын шығыс ұлты» деп сипатталатын Корея павильоны «Болашақ энергиясы – Ақылды өмір» тақырыбында негізделген. Мәселен, Корея ЭКСПО аясында Mega Silk Way атты Астананың ірі сауда орталығынан жеке дүкенін ұйымдастырған. Сөйтіп, бұл ел өзінің мұхит толқындарын дәріптеуде.
«Әркімнің өз жері — Мысыр шаһары, әркімнің өз жері — ұж­мақ». Жалпы аумағы 174 гектар жерді алып жатқан 35 нысаннан тұратын ЭКСПО қалашығын шын мәнінде болашақтың қала­сы деуге болады. Көгілдір түсті шыныдан тұрғызылған сәулет өнерінің қайталанбас туындыларын көзбен көріп, көңілмен сезін­генде қиял-ғажайып шығар­малар­дың сюжетіне азық болған шытырман оқиғалардың арасында жүргендей күйге түсеріңіз анық. Ағыл-тегіл ағылған адам­дар­дың сыртқы түрлері де, киім киістері де, тілдері де әр түрлі. Ағылшын, араб, қытай, жапон тілдерінде сөйлеген сөздерді ес­тіп, сан түрлі ұлт өкілдерін жина­ған осынау көрменің құдіретіне қайран қаласың.
Forbes журналы елімізде өтіп жатқан халықаралық көрме туралы бірқатар мақала басты.Солардың бірі «EXPO 2017 Қа­зақ­с­танның әлемдік аренаға жасаған тағы бір қадамы» деп аталады. Автор өз сөзінде еліміз ЭКСПО-ны өткізу арқылы баламалы қуат өндіруде жаңа деңгейге көтеріледі деген. Англияда шыға­тын бұл басылым еліміздің «Астана «ЭКСПО 2017» халықара­лық көрмесіне өте жақсы дайын­дал­ғанымызды атап өткен. Ал CNN International елордамызға «болашақтың ғажайыбы» деп баға берді.
ЭКСПО аяқталғаннан кейін, көрме аумағында бірнеше
халы­қ­а­ралық институттар пайда болмақ. Астана қаласы туристер арасында ТМД елдерінде көш бастап тұр. «ТурСтат» агенттігінің мәліметінше, Астана, сондай-ақ, туристер үшін ең қымбат қала болып табылады екен. Бұл – Астананың мәртебесін асқақта­тып тұр. Шетелдік сарапшылар елордамызды «Шексіз жазық даланың жүрегінде орналасқан әйнек пен болаттан жасалған сағым» деп бағалапты.
Бақыт – әрдайым батыл адам жағында. Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді. Қазақта «Әуелі тәңірі жерге бе­реді, жерге берсе елге береді, елге бер­се ерге береді» деген нақыл бар. Біздің еліміз – ғажайыптар ме­кені. Ал бұл көрме – ғаламат­тың нағыз өзі. Кереметке се­нейік. Тылсым сырлы, сән-салтанатты Астана.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір