Әлеуметтік медициналық сақтандыру

0
78 қаралды

Кез келген мемлекет үшін ұлт саулығы бірінші кезектегі мәселе. «Тәні саудың – жаны сау» демекші, ел азаматта­рының сапалы, бәсекеге қабілетті, білікті болуы үшін әуелі олардың жаны мен тәнінің саулығына басар назар аударған жөн. Осы орайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу арқылы еліміздегі денсаулық сақтау саласының түйткілді мәселелерін шешу қолға алынып отырғаны көпшілікке мәлім. Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры Жәмилә БАТТАҚОВА ханымнан осы жаңа жүйенің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы сұрап білген едік.


Жәмилә БАТТАҚОВА, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры


– Ата заңымыздың бірінші бабында адам және адамның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары мемлекетіміздің ең қым­бат қазынасы екені айтылған. Тәуелсіздік ал­ғалы ел азаматтарына тегін медициналық кө­мек көрсетіліп келе жатқаны да сон­дық­тан. Ал соңғы кездері қолға алынған мін­дет­ті медициналық сақтандыру жүйесін ен­гізуге қандай себептер түрткі болғаны жө­­нінде айтсаңыз.
– Рас, еліміз егемендік алғалы өз аза­мат­тарының саулығына ерекше көңіл бө­ліп келеді. О бастан-ақ бабаларымыз «бі­рінші байлық – денсаулық» екенін атап көр­сеткен. Қазір заман өзгерді, біз жаһан­дану дәуірінде өзге дамыған мемлекеттер­дің озық тәжірибелеріне ден қоя отырып, өз жолымызды табуымыз керек. Осы тұр­ғы­дан келгенде, денсаулық сақтау саласы­ның жаңа, тиімді жүйесін құру қажеттілігі туын­дайды. Бізді әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесін енгізуге бірнеше се­беп­тер бар. Атап айтсақ, денсаулық сақ­тау­ға азаматтар мен жұмыс берушілердің ор­тақ жауапкершілігінің жоқтығы, жүйе­нің қаржылық тұрақсыздығы мен көр­се­тілетін медициналық көмектің жеткі­лік­сіздігі, денсаулық сақтауды қамтамасыз ету ауыртпашылығының тек мемлекетке түсуі, т.б. Қазір ел азаматтары арасында ден­саулық сақтау саласына тұтынушы ре­тінде қарау сипат алды.
Бүгінгі қолданыстағы денсаулық сақ­тау жүйесінің бірнеше басты мәселелерді шешуге мүмкіндігі жоқ.
Біріншіден, пациенттерді тартуға ме­ди­цина ұйымдарының арасында бәсеке­лес­тік жоқтың қасы.
Бұған дейінгі мемлекеттің қолданыс­тағы жүйесінде медициналық көмектің қол­жетімділігін қамтамасыз ету үшін бар­лық медицина ұйымдарының арасында қаражатты теңдей бөлетін бірегей қызмет ұсынылған еді. Сонымен қатар, тәжірибеде тең­дей бөлу бір бағыттағы және қуатты ме­дициналық ұйымдар ұсынатын ме­дициналық көмектердің сапасына қа­рамастан, бірдей көлемде қаржы бөлініп келді. Бұл өз кезегінде көптеген меди­ци­налық ұйымдардың қызмет көрсету сапасына көңіл бөлмей, қымбат тұратын ауруларды емдеуді кеңейту есебінен көбірек ақ­ша «алып кету» үрдісін туғызған-ды.
Екіншіден, төлем жасаудағы теңгер­ме­шілік және бейресми төлемдердің өсуі.
Өкінішке қарай, дәрігердің тәжірибесі, бі­лімі мен дағдысына қарамастан жұмыс өтілі бірдей болған жағдайда бір бейіндегі бар­лық мамандар бірдей жалақы алып келді. Осыған байланысты көптеген бі­лік­ті дәрігерлер жекеменшік құрылымдарға ауы­сып кетті, я болмаса кәсіби дағды­ла­ры­на сәйкес табыс табатын жеке кабинеттер аша бастады. Бұл өз кезегінде халық қал­тасына артық күш түсіре бастады.
Үшіншіден, әлеуметтік қамқорлықты сақ­тау.
Медициналық көмектің мемлекеттік ке­пілдік берілген көлемі көпшіліктің «ден­саулығымызға мемлекет жауап бере­ді» деген сенімінің орнығуына себепкер болып отыр.
Бұл мәселелердің бәрі қоғамның ден­сау­лық сақтау жүйесіне сыни көзқарасын қа­лыптастырды. Осы аталған жағдайлар мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесін енгізу шеңберінде қар­жы­лан­дыру тәсілдерін және медициналық кө­мекті ұйымдастыруды түбегейлі өзгер-ту қажеттілігі туындағанын аңғартады.
– Олай болса, осы жаңа жүйенің тиім­ді­лігі мен артықшылықтарына тоқтал­саңыз. Халық үшін қандай пайдалы тұс­тары барын түсіндірсеңіз.
– Әуелі медициналық көмекті өзіңіз­дің таңдауыңыз бойынша Әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру қорымен (бұдан әрі – ӘМСҚ) келісімшарт бекіткен кез кел­ген клиникадан ала аласыз. Бұл жағ­дай­да медициналық қызмет көрсеткен кли­ника шығыстарын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесі жиынтығы (пакеті) шең­берінде Қор толық жабады;
Екіншіден, Сіз ТМККБК (тегін ме­ди­ци­­налық көмектің кепілдік берілген кө_лемі) және МӘМС пакеттерінің шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке қосымша төлемнің барлық түрінен босатыласыз;
Үшіншіден, фармацевтикалық қызмет жет­кізушісі ретінде Қормен тіркелген, сізге көрсетілген кез келген елдегі дәрі­ха­на­дан құрамы бойынша кеңейтілген жә­не жақсартылған дәрі-дәрмек тізбегі толық қолжетімді болады;
Төртіншіден, МӘМСҚ-ға Сіздің пай­даңыз үшін аударылған жарналар және ме­дициналық ұйымдардан Сізге көр­се­тіл­ген қызметтер туралы мәліметтерді ай сайын алуға мүмкіндік болады;
Бесіншіден, Қор МӘМС-ға қатысушы ре­тінде сапасыз қызмет көрсетілген неме­се құқық бұзылған жағдайда сақтан­ды­рыл­ған азаматтардың құқығы мен қы­зығу­шылықтарын қорғайды.
– Бұл жүйенің ерекшеліктері туралы ақ­параттық-түсіндірме жұмыстары қалай жүр­гізілуде? Жаңа жүйені іске асыру ме­ханизмдері қандай?
– Бүгінде сақтандыру медицинасын енгізу бойынша медициналық қызмет­кер­лер, жұмыс берушілер арасында, сонымен қатар жұртшылық ішінде ҚР ДСМ құрыл­ған республикалық штабпен кеңінен ақ­параттық-түсіндіру жұмыстары (БАҚ-қа мақала жариялау, ақпараттық-білім беру бүктемелерін тарату, аудио-бейнеро­лик­терді көрсету) жүргізіліп отыр. Бірінші ке­зекте көпшілікке медициналық сақтан­дыру жүйесін іске асыру механизмдері ту­ралы кеңінен түсіндіруді қолға алудамыз.
Қазақстанда міндетті медициналық сақ­тандыру үлгісін таңдау кезінде 50-ден аса елдің тәжірибесі қаралып, ескерілді. Қа­зіргі таңда әлемде денсаулық сақтау са­ласын қаржыландырудың үш үлгісі бар. Олар –бюджеттік, сақтандыру және аралас.Бюджеттік үлгі Ұлыбритания, Испания, Италия, Швеция секілді елдерде қол­данылады.
Әлеуметтік қоғамдық сақтандыру Гер­мания, Франция, Бельгия, Корея, Жапония, Словакия, Шығыс Еуропаның бірқа­тар елдерінде, ал жекеменшік сақтан­дыру АҚШ-та қолданыста.
Дегенмен, көп елдерде «бюджеттік» және «сақтандыру» үлгілерін аралас қол­да­нады. Себебі, бұл екі үлгі өз тиімділігін көр­сеткен. Қазақстанда ең үздік әлемдік тә­жірибелерді есепке ала отырып, меди­ци­налық сақтандырудың осы аралас үлгісі енгізілмек.
Бұл денсаулық сақтау саласындағы қар­жылық тұрақтылықты, жоғары дең­гейдегі сапалы және қолже­тімді медици­на­лық қызметтерді, медициналық көмек­тің кең жиынтығын (пакетін) қамтамасыз етеді.
Қазақстанда медициналық сақтандыру қо­рына алынатын жарна мөлшерлемесі бойын­ша басқа елдермен салыстырғанда, ең қолайлы жағдай жасалады деп күті­лу­де.
Мәселен, Германияда жұмыс беруші­лер­­дің жарнасы 7,3%, жұмыскерлердікі – 8,2%-ды құрайды. Словакияда 10% және 4%, Литвада 3% және 6%.
– Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш қан­дай болмақ?
– Қазақстанда «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне ден­саулық сақтау және әлеуметтік-еңбек са­ла­сы бойынша өзгертулер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заң жобасына (Пар­­­ламентте енгізуде) сәйкес медици­на­лық сақтандыру бөлімінде келесі жарна және аударым мөлшерлемелерінің көлем­дері қоса беріледі;
– жұмыс берушілердің аударымы: 2017 жыл­дың шілдесінен бастап – 1%, 2018 жылдан – 1,5%,2020 жылдан – 2%,2022 жылдан бас­тап -3%;
– жұмыскерлердің жарнасы: 2019 жылдан – 1%, 2020 жылдан бастап – 2%;
– ЖК, жекеменшік нотариустар, шарт бойынша табыс табатын жеке тұлғалар жарнасы табыс көлемінен 2017 жылдың шіл­десінен бастап 2 МЖА-дан кемінде 5%;
– жұмыс күші құрамына кірмейтін тұл­ғалар жарнасының мөлшерлемесі (өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушы) – 2018 жыл­дың қаңтарынан бастап 1 МЖА-дан 5%;
– мемлекет халықтың әлеуметтік-қор­ғалмаған тобына 2018 жылдың қаңтарынан бастап 3,75%, 2019 жылдан 4%, 2022 жылдан 4,5 %, 2025 жылдан 5% аударып отырады деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айнара АШАН.

Пікір қосу